Қарап тексеру кезінде жолаушының жеке басын куәландыратын құжаттарды тасымалдау құжаттарымен салыстырып тексеру жүргізіледі.
Қол жүгін, багажын және өздерін жеке қарап тексеруден жалтарған жолаушылар тасымалдауға жіберілмейді.
Қарап тексеруді ұйымдастыру үшін әуежайлардың басшылары мен авиациялық қауіпсіздік қызметінің басшылары жауаптылықта болады.
5. Әуе кемесіне жүк тиелгеннен кейін оның барлық сыртқы есіктері жабылған кезден бастап жүкті түсіру үшін осы есіктердің кез келгені ашылған кезге дейін жолаушының келісіміне қарамастан, қарап тексеру жүргізілуі мүмкін.
6. Қарап тексеру кезінде техникалық құралдар қолданылады, оларға қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қосымша шаралар ретінде жолаушыларды ішінара жеке қарап тексеру және олардың қол жүгі мен багажын қолмен қарап тексеру жүргізілуі мүмкін.
Жолаушыларды жеке қарап тексеру және олардың қол жүгі мен багажын қолмен қарап тексеру Авиациялық қауіпсіздік қағидаларына сәйкес әуе кемесімен тасымалдауға тыйым салынған заттар мен нәрселерді табу үшін қажет болатын шектерде жүзеге асырылады.
Әкімшілік құқық бұзушылық жасау құралдарын не нәрселерін табу мақсатында жеке қарап тексеруді Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінде санамалап көрсетілген лауазымды адамдар жүргізеді.
Жолаушылардың және экипаж мүшелерінің өздерінде болатын, азаматтық әуе кемелерімен тасымалдауға тыйым салынған барлық заттар мен нәрселерді табу мақсатында жеке қарап тексеруді әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметінің мамандары жүргізеді.
Жеке қарап тексеруді тексерілетін жолаушымен бір жыныстағы адам ғана әуежайларда санитарлық-эпидемиологиялық қағидалар мен нормалардың талаптарына сай келетін арнайы бөлінген үй-жайларда жүргізеді.
Бір үй-жайда бір уақытта бірнеше жолаушыны жеке қарап тексеруге тыйым салынады.
Жеке қарап тексерудің нәтижелері қарап тексеру жүргізу туралы шешім қабылдаған адам, қарап тексеру жүргізген адам және жолаушы қол қоятын актімен ресімделеді.
7. Егер жолаушының қол жүгін, багажын және өзін жеке қарап тексерген кезде азаматтық әуе кемелерімен алып жүруге тыйым салынған заттар мен нәрселер табылмаса, әуежайдың және авиакомпанияның лауазымды адамдары, сондай-ақ қарап тексеруді жүргізген басқа да адамдар жолаушыны билет алынған рейспен немесе кезекті рейспен жөнелтуді қамтамасыз ететін қажетті шараларды қабылдауға міндетті.
Жолаушы қарап тексеруге байланысты жөнелтудің кешіктірілуі себебінен ұшудан немесе ұшуды жалғастырудан бас тартқан жағдайда, авиакомпания оның талап етуі бойынша билеттің құнын немесе оның пайдаланылмаған бөлігін Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларында көзделген тәртіппен өтеуге тиіс.
8. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен арнайы тiзбедегі лауазымды адамдарды, сондай-ақ дипломатиялық иммунитеттi пайдаланатын адамдарды қоспағанда, әуе кемесiмен тасымалданатын әрбір адамға және оның багажына қатысты қарап тексеру жүргізіледі.
9. Әуежайдың бақыланатын аймағында қарап тексеру жүргізудің тәртібі мен шарттары Авиациялық қауіпсіздік қағидаларында айқындалады.
108-бап. Экипаж мүшесінің куәлігі
Авиация персоналы адамдарының өз қызметтік міндеттерін орындауы кезінде экипаж мүшесінің куәлігін көрсетуі оларға әуежайларда бірінші кезекте қарап тексеруден өту құқығын береді. Экипаж мүшесінің куәлігі әуежайдың бақыланатын аймағына рұқсаттама болып табылады.
Авиация персоналының қолданыстағы куәлігі бар ұшу құрамының, кабина экипажының адамдарына, ұшуды техникалық қамтамасыз ететін инженерлік-техникалық құрамға және ұшу кезінде әуе кемесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін персоналға экипаж мүшесінің куәлігін беру ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісілгеннен кейін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Авиация персоналының қолданыстағы куәлігі бар ұшу құрамының, кабина экипажының адамдарына, ұшуды техникалық қамтамасыз ететін инженерлік-техникалық құрамға және ұшу кезінде әуе кемесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін персоналға экипаж мүшесінің куәлігін беру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
15-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
109-бап. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
110-бап. Өтпелi ережелер
1. Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн құрылған авиакомпаниялар осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бір жыл iшiнде өздерiнiң құрылтай құжаттарына тиiстi өзгерістер енгізуге мiндеттi.
2. Авиакомпаниялар осы баптың 1-тармағының талаптарын орындамаған жағдайда азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган осы баптың 1-тармағында белгiленген мерзiм аяқталған күннен бастап үш айдан кешiктiрмей азаматтық әуе кемелерін пайдаланушының сертификатын қайтарып алады.
111-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткен соң қолданысқа енгізілетін 16-бабының 3-тармағының екінші-алтыншы абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Заң қолданысқа енгізілген күнінен бастап мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» 1995 жылғы 20 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 23, 148-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 23, 321-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 15, 147-құжат; 2003 ж., № 10, 54-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 7-8, 23-құжат; 2006 ж., № 24, 148-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 8, 52-құжат; № 9, 67-құжат; № 18, 143-құжат; № 20, 152-құжат; 2009 ж., № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат);
2) «Азаматтық авиацияны мемлекеттік реттеу туралы» 2001 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 23, 320-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 7-8, 23-құжат; 2006 ж., № 24, 148-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 9, 67-құжат; № 18, 143-құжат; 2009 ж., № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат).
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2010 жылғы шілденің 15-і.
№ 339-IV