2) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелері бойынша емтихан тапсырмаған;
3) жұмыс беруші берген жеке және (немесе) ұжымдық қорғану құралдарын пайдаланбаған;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті болып табылатын болса, медициналық тексеруден не ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өтпеген;
5) егер оның іс-әрекеттері немесе әрекетсіздігі авариялық ахуал туғызуға, еңбекті қорғау, өрт қауіпсіздігі ережелерінің не көліктегі қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылуына әкеп соғуы мүмкін болса, қызметкерді жұмыстан шеттетуге міндетті.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Толық материалдық жауаптылықты өзіне алғаны туралы жазбаша шарттың негізінде қызметкерге берілген мүліктің және басқа да құндылықтардың сақталуын қамтамасыз етпеген қызметкерді жұмыс берушінің жұмыстан шеттетуіне құқығы бар.
ҚР 2007.19.12. № 9-ІV Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2008 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
3. Жұмыстан шеттету кезеңінде қызметкердің жалақысы сақталмайды және еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша жұмыс берушінің қаражаты есебінен жәрдемақы төленбейді.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Қызметкерді жұмыстан шеттету оны шеттету үшін негіз болған себептер анықталғанға және (немесе) жойылғанға дейінгі мерзімге жұмыс берушінің актісімен жүзеге асырылады.
5. Жұмыс беруші қызметкерді жұмыстан заңсыз шеттеткен жағдайда оның жалақысы сақталады.
51-бап. Еңбек шартын тоқтату негіздері
Мыналар:
1) тараптардың келісімі бойынша еңбек шартын бұзу;
2) еңбек шарты мерзімінің аяқталуы;
3) жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу;
4) қызметкердің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу;
5) тараптардың еркінен тыс мән-жайлар;
6) қызметкердің еңбек қатынастарын жалғастырудан бас тартуы;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкердің сайланбалы жұмысқа (лауазымға) ауысуы немесе еңбек қатынастарын жалғастыру мүмкіндігін болғызбайтын лауазымға тағайындалуы;
8) еңбек шартын жасасу талаптарының бұзылуы;
9) жұмыс берушінің атқарушы органы басшысымен жасалған еңбек шартында көзделген негіздер еңбек шартын тоқтату негіздері болып табылады.
52-бап. Тараптардың келісімі бойынша еңбек шартын бұзу
1. Еңбек шарты тараптардың келісімі бойынша бұзылуы мүмкін.
2. Еңбек шартын тараптардың келісімі бойынша бұзуға тілек білдіруші еңбек шартының бір тарапы екінші тарапына хабарлама жібереді. Хабарлама алған тарап үш жұмыс күні ішінде екінші тарапқа қабылданған шешім туралы жазбаша нысанда хабарлауға міндетті.
3. Тараптардың келісімі бойынша еңбек шартының бұзылу күні қызметкер мен жұмыс берушінің арасындағы келісу бойынша айқындалады.
4. Еңбек шартында қызметкермен келісім бойынша, жұмыс берушінің қызметкерге бір жылғы орташа жалақысынан кем емес мөлшерде өтемақы төлей отырып, осы баптың 2-тармағында белгіленген талаптарды сақтамай-ақ еңбек шартын бұзу құқығы көзделеді.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 53-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.27.06. № 212-V ҚР Заңымен 53-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
53-бап. Мерзiмiнiң өтуіне байланысты еңбек шартын тоқтату
1. Белгiлi бiр мерзiмге жасалған еңбек шарты мерзiмiнiң өтуіне байланысты тоқтатылады.
2. Еңбек шартында келiсiлген мерзiмге сәйкес қызметкердiң соңғы жұмыс күнi белгiлi бiр мерзiмге жасалған еңбек шартының мерзiмi өткен күн болып табылады.
Егер еңбек шартының мерзiмi өткен соң еңбек қатынастары iс жүзiнде жалғаса берсе және тараптардың ешқайсысы бұлардың тоқтатылуын талап етпесе, онда шарттың қолданылуы белгiленбеген мерзiмге ұзартылды деп есептеледi.
3. Жұмыстың аяқталған күні белгiлi бiр жұмыстың орындалу уақытына жасалған еңбек шартының мерзiмi өткен күн болып табылады.
4. Жұмыс орны (лауазымы) сақталған қызметкердiң жұмысқа шығатын күннiң алдындағы жұмыс күнi уақытша болмаған қызметкердiң орнын ауыстыру уақытына жасалған еңбек шарты мерзiмiнiң өткен күнi болып табылады.
54-бап. Жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзудың негіздері
1. Қызметкермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша:
1) жұмыс беруші - заңды тұлға таратылған не жұмыс беруші - жеке тұлғаның қызметі тоқтатылған;
2) қызметкерлер саны немесе штаты қысқартылған;
3) біліктілігінің жетіспеуі салдарынан қызметкер атқарып жүрген лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмеген;
4) өзінің жұмысын жалғастыруына денсаулық жағдайының кедергі келтіруі салдарынан қызметкер атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмеген;
5) сынақ мерзімі кезеңінде жұмыс нәтижесі дұрыс болмаған;
6) қызметкер бір жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішінде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмаған;
7) қызметкер жұмыста алкогольдік, нашақорлық, психотроптық, уытқұмарлық масаңдық (соларға ұқсас) жағдайында болған, оның ішінде жұмыс күні ішінде алкогольдік, нашақорлық, уытқұмарлық масаңдық (соларға ұқсас) жағдай туғызатын заттарды пайдаланған;
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 7-1) тармақшамен толықтырылды
7-1) тиісті актімен расталған, алкогольдік, нашақорлық, уытқұмарлық масаңдық күйге түсіретін заттарды пайдалану фактісін анықтау үшін медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан;
8) қызметкер, жарақаттар мен аварияларды қоса алғанда, ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе соғуы мүмкін, еңбекті қорғау немесе өрт қауіпсіздігі не көліктегі жүру қауіпсіздігі ережелерін бұзған;
9) қызметкердің жұмыс орнында басқаның мүлкін ұрлау (оның ішінде ұсақ ұрлық), оны қасақана жою немесе бүлдіру әрекеті заңды күшіне енген сот үкімімен немесе қаулысымен анықталған;
10) ақшалай немесе тауарлық құндылықтарға қызмет көрсететін қызметкердің кінәлі әрекеттер жасауы немесе әрекетсіздігі, егер бұл әрекеттер немесе әрекетсіздік жұмыс берушінің тарапынан оған деген сенімнің жоғалуына негіз болса;
11) тәрбиелік функциялар атқаратын қызметкер осы жұмысын жалғастырумен сыйыспайтын, адамгершілікке жат қылықтар жасаған;
12) қызметкер еңбек міндеттерін атқаруға байланысты өзіне мәлім болған мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария еткен;
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 13) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
13) егер тәртіптік жазасы бар қызметкер еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз қайталап орындамаған немесе қайталап тиісінше орындамаған;
14) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда қызметкердің мемлекеттік құпияларға жіберілу рұқсаты тоқтатылған;
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 15) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
15) еңбек шартын жасасу не басқа жұмысқа ауыстыру кезінде түпнұсқа құжаттар немесе мәліметтер еңбек шартын жасасудан немесе басқа жұмысқа ауысудан бас тартуға негіз болатын жағдайда, қызметкер жұмыс берушіге көрінеу жалған құжаттар немесе мәліметтер ұсынған;
16) жұмыс берушінің атқарушы органы басшысының, оның орынбасарының не жұмыс беруші бөлімшесі басшысының еңбек міндеттерін бұзуы жұмыс берушіге материалдық залал келтіруге әкеп соққан;
17) қызметкер жүктілігі және босануы бойынша демалыста болған, сондай-ақ егер ауру Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін еңбекке қабілетсіздіктің анағұрлым ұзақ мерзімі белгіленген аурулар тізбесіне енгізілген жағдайларды қоспағанда, қызметкер еңбекке уақытша қабілетсіздігі салдарынан қатарынан екі айдан астам уақыт жұмысқа шықпаған жағдайларда бұзылуы мүмкін.
Өндірістік жарақат алуына немесе кәсіптік ауруға шалдығуына байланысты еңбекке қабілеттілігінен айрылған қызметкердің жұмыс орны (лауазымы) еңбекке қабілеттілігі қалпына келгенге дейін немесе мүгедектік белгіленгенге дейін сақталады;
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 18) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
18) қызметкер сот актісіне сәйкес одан әрі жұмыс істеу мүмкіндігін жоятын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған;
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 19) тармақшамен толықтырылды
19) соттың ереуілді заңсыз деп тану туралы не ереуілді тоқтата тұру туралы шешімін қызметкердің назарына жеткізгеннен кейін ол ереуілге қатысуды жалғастырған жағдайларда бұзылуы мүмкін.
2. Осы Кодексте қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарттарын бұзудың қосымша негіздері көзделген.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 55-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
55-бап. Жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу мүмкіндіктерін шектеу
Осы Кодекстің 54-бабы 1-тармағының 1) және 17) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкердің уақытша еңбекке қабілетсіздік кезеңінде және жыл сайынғы ақылы еңбек демалысында жүрген кезеңінде еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзуға жол берілмейді.
56-бап. Жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу тәртібі
1. Егер еңбек шартында, ұжымдық шартта ескертудің анағұрлым ұзақ мерзімі белгіленбесе, жұмыс беруші осы Кодекстің 54-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша еңбек шартын бұзатыны туралы қызметкерге бір ай бұрын жазбаша ескертуге міндетті. Қызметкердің жазбаша келісімімен еңбек шартын бұзу ескерту мерзімі аяқталғанға дейін жүргізілуі мүмкін.
2. Кәсіптік одақтың мүшесі болып табылатын қызметкерлермен осы Кодекстің 54-бабы 1-тармағының 2), 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша еңбек шартын бұзу, сондай-ақ осы Кодекстің 59-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес еңбек шартын тоқтату ұжымдық шартта көзделген тәртіппен, осы ұйымның кәсіптік одағы органының дәлелді пікірін ескере отырып жүргізіледі.
2013.21.06. № 106-V ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Жұмыс беруші мен қызметкерлер өкілдерінің тең санынан құрылған комиссияның оң шешімі болмаса, осы Кодекстің 54-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша 55 жастан бастап және зейнеткерлік жасқа толғанға дейінгі жастағы қызметкерлермен еңбек шартын бұзуға жол берілмейді.
Комиссияны құру тәртібі ұжымдық шартта, ал ол болмаған жағдайда, жұмыс берушінің қызметкерлер өкілдерінің келісуі бойынша шығарылған актісінде айқындалады.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Осы Кодекстің 54-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес еңбек шартын бұзу үшін қызметкердің осы жұмысты жалғастыруына кедергі келтіретін денсаулық жағдайы салдарынан атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмеуі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен медициналық қорытындымен расталған болуға тиіс.
4. Еңбек шартын осы Кодекстің 54-бабы 1-тармағының 6) - 13) және 16) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша бұзу осы Кодекстің 73-бабында көзделген тәртіптік жазалар қолдану тәртібі және 74-бабының талаптары сақтала отырып жүргізіледі.
5. Еңбек шарты осы Кодекстің 54-бабы 1-тармағының 2) - 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша бұзылған кезде, қызметкер келіскен жағдайда жұмыс беруші оны басқа жұмысқа ауыстыру шараларын қабылдауға тиіс.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, қызметкер біліктілігінің жеткіліксіздігі салдарынан атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмегендіктен, жұмыс берушінің бастамасы бойынша осы Кодекстің 54-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес еңбек шартын бұзу аттестациялық комиссияның шешіміне негізделуге тиіс, оның құрамына қызметкерлер өкілі қатысуға тиіс.
Қызметкерлерді аттестаттау тәртібі, талаптары мен кезеңділігі ұжымдық шартта, ал ол жоқ болған жағдайда қызметкерлердің өкілдерімен келісім бойынша шығарылған жұмыс берушінің актісінде айқындалады.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды
7. Қызметкердің жұмыста осы Кодекстің 54-бабы 1-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген жай-күйде болуы медициналық қорытындымен расталуға тиіс.
Қызметкерді медициналық куәландыруға жіберу туралы шешімді жұмыс беруші уәкілеттік берген лауазымды тұлға қабылдайды.
Қызметкер медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан жағдайда тиісті акт жасалады.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды
8. Осы Кодекстің 54-бабы 1-тармағының 17) тармақшасына сәйкес еңбек шартын бұзуға, қызметкер еңбекке жарамсыздығы парағын ұсынғаннан кейін жол беріледі.
57-бап. Қызметкердің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу
1. Осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкер жұмыс берушіге кемінде бір ай бұрын жазбаша ескерте отырып, еңбек шартын өзінің бастамасы бойынша бұзуға құқылы.
2. Еңбек шарты қызметкер мен жұмыс берушінің арасындағы келісім бойынша осы баптың 1-тармағында көзделген ескерту мерзімі аяқталғанға дейін бұзылуы мүмкін.
3. Еңбек шартын бұзу жұмысты жалғастыру мүмкіндігінің болмауына байланысты жағдайларда, қызметкер еңбек шартын өтініште көрсетілген мерзімде бұзу туралы жұмыс берушіге жазбаша ескертеді.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Қызметкер жұмыс берушінің еңбек шарты талаптарын орындамағаны туралы оған жазбаша хабарлауға құқылы. Егер жазбаша хабарланған күннен бастап жеті күн мерзім өткен соң жұмыс берушінің еңбек шарты талаптарын орындамауы жалғасқан жағдайда, қызметкер үш жұмыс күнінен кешіктірмей жұмыс берушіге жазбаша ескерте отырып, еңбек шартын бұзуға құқылы.
5. Қызметкер осы бапта көзделген ескерту мерзімі ішінде еңбек шартын бұзу туралы өтінішін жазбаша нысанда қайтарып алуға құқылы.
6. Осы бапта көрсетілген ескерту мерзімі өткен соң қызметкер жұмысты тоқтатуға құқылы, ал жұмыс беруші қызметкерге еңбек қызметіне байланысты құжаттар мен оған тиесілі ақшалай төлемдерді беруге міндетті.
7. Осы Кодексте қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін еңбек шартын қызметкердің бастамасы бойынша бұзудың ерекше тәртібі көзделеді.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 58-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
58-бап. Тараптардың еркінен тыс мән-жайлар бойынша еңбек шартын тоқтату негіздері
1. Еңбек шарты тараптардың еркінен тыс мына мән-жайлар бойынша:
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) 2014.27.06. № 212-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2) қызметкер не жұмыс беруші-жеке тұлға еңбек қатынастарын жалғастыру мүмкіндігін болғызбайтын жазамен сотталған сот үкімі заңды күшіне енген кезде;
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды
2-1) жергілікті атқарушы органдар шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатты қайтарып алған кезде;
3) қызметкер не жұмыс беруші-жеке тұлға қайтыс болған жағдайда, сондай-ақ сот қызметкерді не жұмыс беруші - жеке тұлғаны қайтыс болды деп жариялаған немесе хабарсыз кетті деп таныған жағдайда;
4) сот қызметкерді әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі деп таныған, соның салдарынан қызметкердің бұрынғы жұмысын жалғастыруға мүмкіндігі болмайтын жағдайда;
5) бұрын осы жұмысты атқарған қызметкер жұмысына қайта алынған жағдайда тоқтатылуға тиіс.
2. Сот үкімінің, шешімінің заңды күшіне енген күні немесе қызметкердің қайтыс болған күні осы баптың 1-тармағының 2) - 4) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша еңбек шартының тоқтатылған күні болып табылады.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 59-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
59-бап. Қызметкер еңбек қатынастарын жалғастырудан бас тартқан кезде еңбек шартын тоқтату негіздері
1. Қызметкер еңбек қатынастарын жалғастырудан бас тартқан кезде қызметкермен еңбек шарты:
1) қызметкер жұмыс берушімен бірге басқа жерге жұмысқа ауысудан бас тартқан;
2) еңбек жағдайларының өзгеруіне байланысты қызметкер жұмысты жалғастырудан бас тартқан;
3) жұмыс беруші - заңды тұлға қайта құрылған кезде қызметкер жұмысты жалғастырудан бас тартқан;
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) еңбек міндеттерін атқаруға байланысты өндірістік жарақат алған, кәсіптік ауруға шалдыққан немесе денсаулығына өндіріске байланысты емес өзге де зақым келген кезде қызметкер уақытша басқа жұмысқа ауысудан бас тартқан жағдайларда тоқтатылуға жатады.
2. Қызметкер еңбек қатынастарын жалғастырудан жазбаша түрде бас тартқан кезде ғана еңбек шартын тоқтатуға жол беріледі.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қызметкердің уақытша еңбекке қабілетсіз болуы (оның ішінде жүктілігі және босануы бойынша) және демалысы кезеңінде осы баптың 1-тармағында көрсетілген мән-жайлар бойынша еңбек шартын тоқтатуға жол берілмейді.
60-бап. Қызметкердің сайланбалы жұмысқа (лауазымға) ауысуына немесе оның лауазымға тағайындалуына байланысты еңбек шартын бұзу
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында осындай лауазымдарды атқаратын адамдарға ақы төленетін өзге лауазымдарда істеуге тыйым салу белгіленген болса, қызметкердің сайланбалы жұмысқа (лауазымға) ауысуына немесе лауазымға тағайындалуына байланысты онымен еңбек шарты бұзылады.
Қызметкердің жұмыс берушіні хабардар етуі және қызметкердің жұмысқа (лауазымға) сайлану немесе тағайындалу актісі негіз болып табылады.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 61-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
61-бап. Еңбек шартын жасасу талаптарының бұзылуы салдарынан еңбек шартын тоқтату негіздері
1. Егер еңбек шартын жасасу талаптарын бұзу еңбек қатынастарын жалғастыру мүмкіндігін болғызбаса:
1) медициналық қорытынды негізінде қызметкердің денсаулық жағдайына қайшы келетін жұмысты атқаруға еңбек шарты жасалған;
2) адамды белгілі бір лауазымдарды немесе белгілі бір қызметті атқару құқығынан айырған заңды күшіне енген сот үкімін немесе шешімін бұза отырып жұмысты орындауға еңбек шарты жасалған;
3) белгіленген тәртіппен шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат алмай немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді немесе алып тастауларды сақтамай, шетелдік азаматтармен және азаматтығы жоқ адамдармен еңбек шарты жасалған;
2010.29.12. № 371-IV ҚР Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды
3-1) осы Кодекстiң 26-бабының 2-тармағында аталған адаммен еңбек шарты жасалған;
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 3-2) тармақшамен толықтырылды
3-2) осы Кодекстің 26-бабының 3-тармағында аталған адаммен еңбек шарты жасалған;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да жағдайларда еңбек шартын жасасу талаптарының бұзылуы салдарынан еңбек шарты тоқтатылуға тиіс.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Егер қызметкерді оның келісімімен жұмыс берушіде бар басқа, орындау үшін қызметкерге шектеу қойылмайтын жұмысқа ауыстыру мүмкіндігі болмаса, осы баптың 1-тармағының 1) - 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша еңбек шартын тоқтатуға жол беріледі. Қызметкер басқа жұмысқа ауысуға келісім берген кезде, еңбек шартына тиісті өзгерістер енгізіледі.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Еңбек шарты осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда тоқтатылған кезде, жұмыс беруші қызметкерге үш айдағы орташа жалақысы мөлшерінде өтемақы төлемін жүргізеді.
62-бап. Еңбек шартының тоқтатылуын ресімдеу
1. Жұмыс беруші - жеке тұлға қайтыс болған (сот қайтыс болды деп хабарлаған немесе хабарсыз кетті деп таныған) жағдайда еңбек шартының тоқтатылуын және үй қызметкерлерімен еңбек шартының тоқтатылуын қоспағанда, еңбек шартының тоқтатылуы жұмыс берушінің актісімен ресімделеді.
2. Жұмыс берушінің актісінде осы Кодекске сәйкес еңбек шартын тоқтатудың негізі көрсетілуге тиіс.
3. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыстың соңғы күні еңбек шартының тоқтатылған күні болып табылады.
4. Жұмыс берушінің еңбек шартын тоқтату туралы актісінің көшірмесі үш күн мерзімде қызметкерге тапсырылады не оған хабарламалы хатпен жіберіледі.
63-бап. Еңбек кітапшасын және еңбек қызметіне байланысты құжаттарды беру
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Жұмыс беруші еңбек шарты тоқтатылған күні қызметкерге еңбек кітапшасын немесе қызметкердің еңбек қызметін растайтын өзге де құжатты беруге міндетті.
Еңбек шарты тоқтатылған күні еңбек кітапшасын қызметкердің болмауына не оны алудан бас тартуына байланысты беру мүмкін болмаған жағдайда, жұмыс беруші он жұмыс күні ішінде қызметкерге еңбек кітапшасын алуға келуінің қажеттілігі туралы немесе оны поштамен жіберуге оның келісім беруі туралы хабарлама жіберуге міндетті.
2. Жұмыс беруші қызметкердің (оның ішінде бұрынғы қызметкердің) талап етуі бойынша өтініш берілген кезден бастап бес жұмыс күні ішінде оның мамандығын (біліктілігін, лауазымын), жұмыс істеген уақытын және жалақы мөлшерін көрсете отырып, анықтаманы, қызметкердің біліктілігі және оның жұмысқа көзқарасы туралы мәліметтерді қамтитын мінездеме-ұсынымды, сондай-ақ осы Кодексте көзделген басқа да құжаттарды беруге міндетті.
3. Жұмыс беруші - заңды тұлға таратылған, банкроттыққа ұшыраған, жұмыс беруші - жеке тұлға қызметін тоқтатқан кезде жұмыс беруші, қызметкердің алдында берешегі болса, жалақы және өзге де төлемдер бойынша жинақталған берешектің мөлшері туралы тиісті түрде ресімделген анықтама беруге міндетті.
2013.21.05. № 95-V ҚР Заңымен 5-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (ресми жарияланғанынан кейiн алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
5-тарау. Қызметкердің дербес деректерін жинау, өңдеу және қорғау
64-бап. 2013.21.05. № 95-V ҚР Заңымен алып тасталды (ресми жарияланғанынан кейiн алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 65-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2013.21.05. № 95-V ҚР Заңымен 65-бап жаңа редакцияда (ресми жарияланғанынан кейiн алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
65-бап. Жұмыс берушінің қызметкердің дербес деректерін жинау, өңдеу және қорғау жөніндегі міндеттері
Жұмыс беруші:
1) Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына сәйкес қызметкердің дербес деректерін жинауды, өңдеуді және қорғауды қамтамасыз етуге;
2) Қазақстан Республикасының заңдарын және өзге де нормативтік құқықтық актілерін сақтауды қамтамасыз ету, қызметкердің жұмысқа орналасуына, оқуына және қызметте жоғарылауына жәрдемдесу, қызметкердің жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қызметкердің дербес деректерін жинауды, өңдеуді және қорғауды жүзеге асыруға;
3) қызметкердің өңделетін дербес деректерінің көлемі мен мазмұнын айқындау кезінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, осы Кодексті және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарын басшылыққа алуға;
4) қызметкердің өзі не қызметкерге алдын ала хабарлаған және оның келiсiмiн алған уәкiлеттi мемлекеттiк органдар ұсынған дербес деректерді өңдеуге;
5) Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына сәйкес қызметкердің талап етуі бойынша қызметкердің дербес деректеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге;
6) Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтай отырып, қызметкердің дербес деректерін сақтау тәртібін қамтамасыз етуге;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметкердің дербес деректерін жинау, өңдеу және қорғау тәртібін белгілейтін жұмыс берушінің актісімен таныстыруды қамтамасыз етуге;
8) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкердің дербес деректерін қызметкердің жазбаша келісімінсіз үшінші тұлғаға хабарламауға;
9) қызметкердің дербес деректеріне қол жеткізуге арнайы уәкілеттік берілген адамдарға ғана рұқсат етуге міндетті. Бұл ретте аталған адамдардың қызметкердің нақты функцияларды орындау үшін қажет дербес деректерін ғана алу құқығы болуға және олар құпиялылық режімін сақтауға тиіс;
10) Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес қызметкердің дербес деректерін ұйымның шегінде таратуды жүзеге асыруға;
11) қызметкердің дербес деректеріне қол жеткізуге рұқсат берілген адамдарды осы деректерді тек бұрын мәлімделген мақсаттарда ғана пайдалануға міндетті екендігі және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, оларды үшінші тұлғаларға беруге құқылы емес екендігі туралы ескертуге міндетті.