2. Қосымша сараптама жүргізу нақ сол не өзге сарапшыға тапсырылуы мүмкін.
3. Сарапшының алдыңғы қорытындысы жеткiлiктi түрде негiздi болмағанда не оның түйіндері күмән туғызған не сараптаманы тағайындау мен жүргізу туралы процестік нормалар елеулi түрде бұзылған жағдайларда, дәл сол объектiлердi зерттеу және дәл сол мәселелердi шешу үшiн қайталама сараптама тағайындалады.
4. Қайталама сараптама тағайындау туралы қаулыда алдыңғы сараптаманың нәтижелерімен келіспеу себептері келтірілуге тиіс.
5. Қайталама сараптама жүргiзу сарапшылар комиссиясына тапсырылады. Алдыңғы сараптаманы жүргiзген сарапшылар қайталама сараптама жүргiзген кезде қатысып, комиссияға түсiнiктемелер бере алады, бiрақ олар сараптамалық зерттеуге және қорытынды жасауға қатыспайды.
6. Қосымша және қайталама сараптамалар жүргізу тапсырылған кезде сарапшыға (сарапшыларға) алдыңғы сараптамалардың қорытындылары берілуге тиіс.
7. Қосымша және қайталама сараптамалар осы Кодекстiң 270, 272 - 284-баптарының талаптары сақтала отырып тағайындалады және жүргiзiледi.
8. Екінші немесе реті бойынша келесі сараптама олардың біреуі - қосымша сараптамаға, ал өзгелері қайталама сараптамаға жататын бірнеше негіздер бойынша тағайындалса, осындай сараптама қайталама сараптама жүргізу қағидалары бойынша жүргізіледі.
36-тарау. СОТҚА ДЕЙІНГІ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУДІ ТОҚТАТУ ЖӘНЕ ҚАЙТА БАСТАУ, КҮДІКТІГЕ, АЙЫПТАЛУШЫҒА ІЗДЕСТІРУ ЖАРИЯЛАУ, ЖОҒАЛҒАН ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕРДІ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ
288-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулы
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы уәжді қаулы шығарылады.
2. Қаулының кіріспе бөлігінде оны жасау уақыты мен орны, тоқтату туралы шешім қабылдаған адамның тегі және лауазымы көрсетіледі.
3. Қаулының сипаттау-уәждеу бөлігінде қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген адам туралы, күдіктің мәні, қылмыстық заңға сәйкес саралануы және қолданылған бұлтартпау шарасы көрсетіле отырып, қылмыстық істі тоқтатуға негіз болған мән-жайлар жазылады.
2023.03.01. № 188-VІІ ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Қаулының қарар бөлігінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтатуға негіз болған осы Кодекстің бабына (бөлігіне, тармағына) сілтеме жасала отырып, істі тоқтату туралы шешім, сондай-ақ бұлтартпау, мүлікке тыйым салу, лауазымынан уақытша шеттету, сөйлесулерді тыңдау мен жазу шарасының, процеске қатысушылардың құқықтарын шектейтін басқа да процестік мәжбүрлеу шараларының, тергеу және процестік әрекеттердің күшін жою, заттай дәлелдемелердің тағдыры туралы нұсқау, сондай-ақ егер қорғалатын адамға қатысты жеке қауіпсіздік шаралары қолданылған болса, олардың күшін жою немесе жүзеге асырылуын жалғастыру туралы шешім баяндалады.
5. Іс бойынша бірнеше күдікті, айыпталушы тартылып отырса, ал тоқтатудың негізі барлық күдіктілерге, айыпталушыларға қатысты болмаса, қылмыстық қудалау тек жеке күдіктілерге, айыпталушыларға қатысты тоқтатылады.
Жекелеген күдіктілерге, айыпталушыларға қатысты қылмыстық қудалауды тоқтату тиісті қылмыстық құқық бұзушылық бойынша анықталмаған өзге де адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыру үшін кедергі болып табылмайды.
6. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақтарында және үшінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша тоқтатылған кезде өзіне қатысты осы шешім қабылданған адамның кінәлі еместігіне күмән келтіретін тұжырымдауларды қаулыға қосуға жол берілмейді.
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 289-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
289-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылғаннан кейінгі әрекеттері
1. Қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылданған жағдайда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам бір тәулік ішінде қаулы мен қылмыстық істі прокурорға бекіту үшін жібереді.
Қылмыстық іс бір бөлігінде не жекелеген күдіктілерді қылмыстық қудалау толық көлемде немесе бір бөлігінде тоқтатылған кезде прокурорға бекіту үшін қаулы жіберіледі.
2. Прокурор бекіткен қаулы келіп түскеннен кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізген адам күдіктіні, оның қорғаушысын, заңды өкілін, жәбірленушіні және оның өкілін, азаматтық талапкерді, азаматтық жауапкерді және олардың өкілдерін сотқа дейінгі тергеп-тексерудің тоқтатылғаны және оны тоқтату негіздері туралы хабардар етеді.
Аталған адамдарға істің материалдарымен танысу құқығы және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулыға шағым жасау тәртібі түсіндіріледі. Осы адамдардың өтінішхаты бойынша оларға прокурор бекіткен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді немесе қылмыстық қудалауды тоқтату туралы қаулының көшірмесі табыс етіледі.
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 290-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
290-бап. Прокурордың қылмыстық іс тоқтатылған кездегі әрекеттері
1. Келіп түскен қылмыстық істі оны тоқтату туралы қаулымен бірге немесе қылмыстық істі бір бөлігінде не жекелеген күдіктілерді қылмыстық қудалауды тоқтату туралы қаулыны зерделеу нәтижелері бойынша прокурор олар келіп түскен кезден бастап он тәулік ішінде мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) қылмыстық істі не қылмыстық қудалауды толық көлемде немесе бір бөлігінде тоқтату туралы қаулыны бекітеді;
2) уәжді қаулымен қаулыны бекітуден бас тартады және қажетті тергеу және процестік әрекеттерді жүргізу туралы көрсете отырып, оны сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға қайтарады;
3) осы Кодекстің 35 және 36-баптарында көзделген өзге де негіздер бойынша қылмыстық істі не қылмыстық қудалауды толық көлемде немесе бір бөлігінде тоқтатады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінің 1) және 3) тармақтарында көзделген шешімдер қабылданған жағдайда қаулы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізген адамға мүдделі адамдарды хабардар ету, сондай-ақ заттай дәлелдемелердің тағдыры, бұлтартпау шараларының, мүлікке тыйым салудың, лауазымнан уақытша шеттетудің, басқа да процестік мәжбүрлеу шараларының күшін жою, қауіпсіздік шараларының күшін жою немесе оларды одан әрі жүзеге асыру туралы шешімдерді орындау үшін жіберіледі.
Күдіктіге қатысты таңдап алынған күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының күші жойылған жағдайда прокурор қаулының көшірмесін дереу күзетпен ұстау орнының әкімшілігіне орындау үшін жібереді.
3. Осы Кодекстің 289-бабының екінші бөлігінде көрсетілген адамдардың өтінішхаты бойынша прокурор оларға тоқтатылған қылмыстық істің материалдарымен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
291-бап. Тоқтатылған сотқа дейінгі тергеп-тексеруді немесе қылмыстық қудалауды қайта бастау
2023.12.07. № 23-VІІІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (2023 ж. 24 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді немесе қылмыстық қудалауды ол тоқтатылғаннан кейін қайта бастау прокурор не сот оны тоқтату туралы қаулының күшін жойғаннан кейін жүзеге асырылады.
Кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісімнің шарттары орындалмаған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді немесе қылмыстық қудалауды тоқтату туралы қаулы шығарған сот прокурордың өтінішхаты бойынша осындай қаулының күшін жояды.
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Іс бойынша іс жүргізудің қайта басталғаны туралы күдікті, айыпталушы, олардың қорғаушылары, жәбірленуші және оның өкілі, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер немесе олардың өкілдері, сондай-ақ өздерінің арызы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған адам немесе ұйым жазбаша хабардар етіледі.
3. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді қайта бастау, егер адамды қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі аяқталмаса ғана орын алуы мүмкін.
4. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру осы баптың ережелеріне сәйкес қайта басталған жағдайда, прокурор күзетпен ұстауды немесе үйқамақты қоспағанда, уәжді қаулысымен бұлтартпау шарасын таңдауға құқылы.
5. Егер прокурор күзетпен ұстау немесе үйқамақ түрінде бұлтартпау шарасын таңдау қажет деп тапса, ол тиісінше осы Кодекстің 146 және 147-баптарын басшылыққа алады.
292-бап. Күдіктіге, айыпталушыға іздестіру жариялау
1. Күдіктіні, айыпталушыны іздестіру оның тұрған жерін анықтау, ұстап алу және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органның қарауына беру шараларын қолдануды көздейді.
Күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылғаннан кейін оған қатысты, сондай-ақ айыпталушыға қатысты іздестіру жариялануы мүмкін.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктіге, айыпталушыға іздестіру жариялау туралы қаулы шығарады, онда олардың жеке басы туралы белгілі болған барлық мәліметтер, іздестіруді жүргізу негіздері көрсетіледі және іздестіру жүргізуді анықтау органдарына тапсырады.
2. Осы Кодекстің 136-бабында көрсетілген негіздер болған кезде іздестіру жарияланған күдіктіге, айыпталушыға қатысты ол табылған жағдайда бұлтартпау шарасы таңдалуы мүмкін. Осы Кодекстің 147-бабында көзделген жағдайларда тергеу судьясының санкциясы бойынша күзетпен ұстау түрінде бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкін.
Іздестіріліп жатқан адамға қатысты бұлтарпау шарасын таңдау туралы қаулы, сондай-ақ тиісті жағдайларда оны санкциялау туралы соттың қаулысы іздестіруді жүзеге асыратын органға жіберіледі.
3. Күдікті, айыпталушы анықталған жағдайда, ол осы Кодекстің 131-бабында белгіленген тәртіппен ұстап алынуы мүмкін.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Халықаралық iздестіру жариялау үшін негiздер болған кезде қылмыстық қудалау органы күдіктіге, айыпталушыға халықаралық iздестіру жариялау туралы жеке қаулы шығарады.
Халықаралық iздестiру жариялау туралы қаулыны санкциялау осы Кодекстiң 56-бабының екінші бөлігінде көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
293-бап. Жоғалған қылмыстық iстi не оның материалдарын қалпына келтiру
1. Жоғалған қылмыстық iстi не оның материалдарын қалпына келтiру - прокурордың, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қаулысы бойынша, ал қылмыстық iс немесе материалдар сот iсiн жүргiзу барысында жоғалған жағдайда прокурорға орындау үшiн жiберiлетiн сот шешiмi бойынша жүргiзiледi.
2. Қылмыстық iстi қалпына келтiру осы Кодексте белгiленген тәртiппен дәлелдемелер деп танылуы мүмкiн қылмыстық iс материалдарының сақталған көшiрмелерi, оның ішінде электрондық немесе қағаз жеткізгіштердегі мәліметтер бойынша не қылмыстық процестi жүргiзетiн органның процестік әрекеттер жүргiзу арқылы, сондай-ақ ақпараттық-есепке алу құжаттарының, өзге қажетті материалдардың негізінде жүргiзiледi.
3. Қылмыстық iстi қалпына келтiру кезiнде анықтау, алдын ала тергеу және күзетпен ұстау мерзiмдерi осы Кодекстiң 151, 192-баптарында белгiленген тәртiппен есептеледi.
4. Егер жоғалған қылмыстық iс бойынша күзетпен ұстаудың шектi мерзiмi өтіп кетсе, күдікті дереу босатылуға жатады.
37-тарау. ТЕРГЕУ ӘРЕКЕТТЕРІН ЖҮРГІЗУДІҢ АЯҚТАЛҒАНЫ ТУРАЛЫ ХАБАРЛАУ ЖӘНЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСКЕ ҚАТЫСУШЫЛАРДЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТІҢ МАТЕРИАЛДАРЫМЕН ТАНЫСТЫРУ
294-бап. Тергеу әрекеттерін жүргізудің аяқталғаны және қылмыстық істің материалдарымен танысу құқығын түсіндіру туралы хабарлау
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қылмыстық іс бойынша осы Кодекстің 113-бабының талаптарына сәйкес дәлелденуге жататын барлық мән-жайлардың анықталғанын мойындап, күдіктіні, егер оның қорғаушысы, заңды өкілі іске қатысып отырған болса, оларды, сондай-ақ жәбірленушіні, оның өкілін, азаматтық талапкерді, азаматтық жауапкерді, олардың өкілдерін іс бойынша тергеу әрекеттерін жүргізудің аяқталғаны туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
Осы баптың бірінші бөлігінің бірінші абзацында көрсетілген адамдарды хабардар етумен бір мезгілде оларға қылмыстық іс материалдарымен танысу, қосымша тергеу әрекеттерін жүргізу не басқа процестік шешімдер қабылдау туралы өтінішхаттарды мәлімдеу құқығы түсіндіріледі. Хабарламада, сондай-ақ, танысу орны және олар қылмыстық іс материалдарымен таныса алатын мерзім қамтылады.
2. Егер қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттерін жүргізуді аяқтау кезінде не күдіктінің және оның қорғаушысының іс материалдарымен танысу кезеңінде күзетпен ұстау мерзімдері бітсе, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде күдіктіні күзетпен ұстау мерзімін санкциялау туралы өтінішхатты соттың алдында қозғау туралы қаулы шығарады.
Күдіктіні күзетпен ұстауда болу мерзімін санкциялау осы Кодекстің 152-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы Кодекстің 307-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша кәмелетке толмаған күдіктінің немесе кәмелетке толмаған жәбірленушінің мүдделерін білдіретін тарапқа кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың соттылығына жататын істі аудандық және оған теңестірілген сотта қарату құқығын түсіндіруге міндетті.
4. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам процеске қатысушының қылмыстық іс материалдарымен танысқаны туралы хаттама жасайды. Күдіктінің немесе оның қорғаушысының өтінуі бойынша қылмыстық іс материалдармен танысу бір уақытта жүргізілуі мүмкін, ол туралы біртұтас хаттама жасалады.
Күдікті қылмыстық іс материалдарымен танысудан бас тартқан жағдайда, ол туралы хаттамада белгі жасалады.
Егер күдіктінің қорғаушысы, заңды өкілі, жәбірленуші, жәбірленушінің, азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердің өкілдері белгіленген уақытта танысуға дәлелді себептер бойынша келе алмаса, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам танысуды бес тәуліктен аспайтын мерзімге кейінге қалдырады.
Осы мерзім ішінде күдіктінің қорғаушысы немесе жәбірленушінің өкілі келмеген жағдайда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам басқа қорғаушының немесе өкілдің келуі үшін шара қолданады.
295-бап. Жәбірленушіні, азаматтық талапкерді, азаматтық жауапкерді және олардың өкілдерін іс материалдарымен таныстыру
1. Жәбірленушінің немесе оның өкілінің ауызша немесе жазбаша өтінішхаты болған жағдайда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы адамдарды іс материалдарымен немесе олардың танысқысы келген бір бөлігімен таныстырады. Азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер немесе олардың өкілдері, егер олар өтінішхатты мәлімдеген болса, іс материалдарының азаматтық талап қоюға қатысты бөлігімен танысады.
2. Таныстыру осы Кодекстің 296-бабында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
296-бап. Күдікті мен оның қорғаушысын істің барлық материалдарымен таныстыру
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы Кодекстің 295-бабының талаптарын орындай отырып, күдіктіге және оның қорғаушысына айыптаулар тізімін қоспағанда, тігіліп, нөмірленіп, іс парақтарының тізімдемесіне енгізіліп, байланып және тергеу органының мөрімен куәландырылып қойылуға тиіс қылмыстық істің барлық материалдарын ұсынады. Күдіктінің немесе оның қорғаушысының өтінуі бойынша танысу үшін заттай дәлелдемелер де ұсынылады және егер тергеу әрекеттерінің хаттамаларына қоса берілген болса, фонограммалар, бейнежазбалар, кинофильмдер, слайдтар, өзге де ақпарат жеткізгіштер тыңдатып-көрсетіледі. Күдіктінің немесе оның қорғаушысының өтінуі бойынша олар істің материалдарымен бірге немесе бөлек таныса алады.
2. Күдікті және қорғаушы іс материалдарымен танысу процесінде, егер ол бірнеше томнан тұратын болса, олардың кез келгеніне қайта оралуға, сондай-ақ кез келген мәліметті және кез келген көлемде көшіріп алуға, мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын мәліметтерді қоспағанда, құжаттардың көшірмелерін түсіріп алуға, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен түсіріп алуға құқылы. Істің мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтері бар құжаттарынан үзінділер мен көшірмелер іспен бірге сақталады және күдіктіге не оның қорғаушысына сот отырысы уақытында беріледі.
3. Күдікті мен қорғаушыға істің барлық материалдарымен танысу үшін қажетті уақыт шектелмейді. Егер күдікті мен қорғаушы істің материалдарымен танысу уақытын көрінеу созбаласа, онда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам белгілі бір мерзімді белгілей отырып, прокурор бекіткен іс материалдарымен танысу графигін жасауға құқылы.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Күдікті мен қорғаушы іс материалдарымен танысып болғаннан кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам олардың өтінішхат мәлімдейтінін және нақты не туралы екенін, қандай өзге де мәлімдемелер жасағысы келетінін анықтауға міндетті.
Бұл ретте күдікті мен оның қорғаушысы қылмыстық іске міндетті түрде қоса тігілетін қосымша дәлелдемелер мен өзге ақпарат береді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы Кодекстің 297-бабының үшінші және төртінші бөліктерінде көзделген тәртіппен қосымша тергеу әрекеттерін жүргізуге құқылы.
Тараптардың сол кезде қолда бар дәлелдемелер мен өзге материалдарды толық көлемде ұсынбауы оларды дәлелдемелер ретінде жіберуге болмайды деп тануға алып келеді.
Бұл ретте қорғау тарапы, өзінің пікірі бойынша, күдіктіні қорғау мүдделерін қамтамасыз ету үшін ерекше маңызы бар дәлелдемені, уәждемесіне қарамастан, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына бермеуге құқылы.
Күдікті мен оның қорғаушысынан олардың жауап алынған куәлардың, сондай-ақ іске қатысатын сарапшылардың, мамандардың және куәгерлердің арасынан нақты қайсысын сот отырысына жауап алу және қорғану ұстанымын растау үшін шақыртқысы келетіні анықталуға тиіс.
297-бап. Қылмыстық істің материалдарымен танысу аяқталған соң мәлімделген өтінішхаттарды қарау және шешу тәртібі
1. Осы Кодекстің 294-бабында көрсетілген адамдардың қылмыстық іс материалдарымен танысуы аяқталғаннан кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қандай да бір өтінішхаттардың немесе өзге де мәлімдемелердің бар-жоғын анықтайды.
2. Күдіктінің, оның қорғаушысының, заңды өкілінің, жәбірленушінің, азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердің және олардың өкілдерінің іс материалдармен танысқаннан кейін ауызша мәлімдеген өтінішхаттары танысу туралы хаттамаға енгізіледі.
Процеске қатысушы өтінішхатты жазбаша түрде баяндау ниеті туралы мәлімдеген жағдайларда, оны дайындауға қажетті, үш тәуліктен аспайтын уақыт ұсынылады, таныстыру туралы хаттамада бұл туралы белгі жасалады. Жазбаша өтінішхат іске қоса беріледі.
3. Өтінішхат осы Кодекстің 99-бабында белгіленген тәртіппен қарастырылады және шешіледі, оның негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам іс бойынша маңызы бар мән-жайларды анықтау туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартуға құқылы емес. Мұндай жағдайларда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қосымша тергеу әрекеттерін жүргізу қажеттігін мойындай отырып, тергеу әрекеттерін жүргізуді қайта бастау және өтінішхатты қанағаттандыру туралы қаулы шығарады, бұл ретте процеске басқа қатысушылардың қылмыстық iс материалдарымен танысуының жалғасуы өтінішхатты шешуге және ол қанағаттандырылған жағдайда, бұл тергеу әрекеттерiн жүргiзуге кедергі болмайды.
4. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қосымша тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін тергеу әрекеттерінің аяқталғаны туралы қайтадан жариялайды және қылмыстық іс материалдарымен бұрын танысқан процеске қатысушыларға қосымша тергеу әрекеттерінің материалдарымен не олардың өтінуі бойынша қылмыстық істің материалдарымен осы тарауда белгіленген тиісті қатысушылар құқықтарының шегінде танысу құқығы мүмкіндігін түсіндіреді.
5. Мәлімделген өтінішхаттарды қанағаттандырудан толық немесе ішінара бас тартылған жағдайда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тиісті қаулы шығарады, оның көшірмесін өтінішхатты мәлімдеген адамның жеке өзіне бір тәулік ішінде табыс етеді немесе оған байланыстың қолжетімді құралдары арқылы жібереді.
6. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қылмыстық іс бойынша өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартуына өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулының көшірмесі алынған кезден бастап үш тәулік ішінде прокурорға шағым жасауға болады.
7. Прокурор шағымды шешкенге дейiн қылмыстық iс сотқа жiберiлмеуге тиiс. Прокурордың өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартуға берілген шағымды қабылдамауы осы өтінішхатты сотта мәлімдеуге кедергі болмайды.
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 38-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (күшіне енетін мерзімін қараңыз) (бұр.ред.қара)
38-тарау. СОТҚА ДЕЙІНГІ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУДІҢ АЯҚТАЛҒАНЫ ТУРАЛЫ ЕСЕПТІ ЖАСАУ ЖӘНЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТІ ПРОКУРОРҒА ЖІБЕРУ
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 298-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (күшіне енетін мерзімін қараңыз) (бұр.ред.қара)
298-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есепті жасау
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (күшіне енетін мерзімін қараңыз) (бұр.ред.қара)
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам процеске қатысушыларды қылмыстық іс материалдарымен таныстырғаннан және олардың өтінішхаттарын шешкеннен кейін сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есепті жасайды.
2. Егер адамға бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген болса, олардың әрқайсысын сипаттау уақыт бойынша басқалардан ерте жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтан бастап, хронологиялық тәртіппен жүзеге асырылады.
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 299-бап жаңа редакцияда (күшіне енетін мерзімін қараңыз) (бұр.ред.қара)
299-бап. Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есептің мазмұны
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есепте мыналар көрсетіледі:
1) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есептің жасалған уақыты және орны;
2) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есепті жасаған адамның лауазымы, тегі және аты-жөні;
3) күдіктінің тегі, аты және әкесінің аты (ол болған кезде), оның туған күні, айы, жылы және туған жері, оған жасады деп айып тағылып отырған іс-әрекет сараланатын қылмыстық заңның нақты бабы, бабының бөлігі және тармағы;
4) қылмыстық құқық бұзушылықтың оқиғасы, жасалған орны мен уақыты, оның тәсілі, салдары және өзге де мән-жайлар;
5) адамды айыптауға негіз болатын мән-жайларды растайтын дәлелдемелердің тізбесі;
6) айыптау актісін шығару туралы мәселені шешу үшін қылмыстық істі прокурорға жіберу және қылмыстық істі мәні бойынша қарау үшін сотқа жіберу туралы шешім.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есепке оны жасаған адам қол қояды.
3. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есепке сот отырысына шақырылуға жататын адамдардың тізімі қоса беріледі. Тізімде адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), оның процестік жағдайы, тұрғылықты жері, оның айғақтары берілген қылмыстық іс парағының және томының нөміріне сілтеме көрсетіледі.
Тізім екі бөліктен: күдікті және қорғаушы атаған адамдардың тізімінен (қорғау тізімінен) және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асырған адам жасаған тізімнен (айыптау тізімінен) тұруға тиіс.
Тізім мөрленген конвертке салынады және қылмыстық іске қоса тігіледі.
Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есепке сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі, бұлтартпау шарасы, адамды күзетпен ұстау мерзімі, қолда бар заттай дәлелдемелер және оларды сақтау орны, азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету және сот үкімін орындау үшін қабылданған шаралар, күдіктіден өндіріп алынуға жататын процестік шығындар мен сомалар, мәлімделген талап қою көрсетілетін анықтама да қоса беріледі.
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 300-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (күшіне енетін мерзімін қараңыз) (бұр.ред.қара)
300-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есепті және қылмыстық істі прокурорға жіберу
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (күшіне енетін мерзімін қараңыз) (бұр.ред.қара)
1. Қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есеппен бірге прокурорға жіберіледі.
2. Күдікті күзетілуде болған жағдайда, қылмыстық істің материалдарына оның жеке басын куәландыратын құжат қоса беріледі. Қалған жағдайларда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам куәландырған көшірме қоса тігіледі.
3. Шетелдік не азаматтығы жоқ адам болып табылатын күдіктіде оның жеке басын куәландыратын құжат болмаған жағдайда, материалдарға айрықша жағдайларда өзге құжат қоса берілуі мүмкін.