12-бап. Терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесі
1. Уәкілетті орган терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесін жасайды және оны қаржы мониторингі субъектілеріне жеткізетін тиісті мемлекеттік органдарға жібереді.
2. Өз құзыреті шегінде құқықтық статистика мен арнайы есепке алу саласында статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік орган, сондай-ақ басқа да құзыретті мемлекеттік органдар уәкілетті органға осы баптың 4-тармағында көрсетілген ұйымдардың және (немесе) жеке тұлғалардың тізбесін жібереді.
3. Терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесі, өз құзыреті шегінде құқықтық статистика мен арнайы есепке алу саласында статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік орган, сондай-ақ басқа да құзыретті мемлекеттік органдар ұсынатын ақпаратқа сәйкес, жаңартылып отырады.
4. Терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне ұйымды немесе жеке тұлғаны енгізу үшін:
1) оның террористік қызметті және (немесе) экстремизмді жүзеге асыруымен байланысты ұйымды тарату туралы Қазақстан Республикасы сотының заңды күшіне енген шешімі;
2010.08.04. № 266-IV ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттің аумағында террористік қызметті немесе экстремизмді жүзеге асырушы шетелдік немесе халықаралық ұйымды террористік немесе экстремистік деп тану туралы, соның ішінде оның өз атауын өзгерткенін анықтау туралы Қазақстан Республикасы сотының заңды күшіне енген шешімі;
3) жеке тұлғаны экстремизм белгілері бар қылмысты не Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 233 - 233-3-баптарында көзделген қылмысты жасауға айыпты деп тану туралы Қазақстан Республикасы сотының заңды күшіне енген үкімі;
4) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасында танылатын, террористік қызметті жүзеге асырушы ұйымдарға немесе жеке тұлғаларға қатысты шет мемлекеттер соттарының үкімдері (шешімдері) және өзге де құзыретті органдарының шешімдері;
2010.08.04. № 266-IV ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара); 2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) террористік ұйымдармен немесе террористермен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын халықаралық ұйымдар немесе Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес олар уәкілеттік берген органдар жасайтын тізбесінде ұйымның немесе жеке тұлғаның болуы;
2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды
6) террористік және экстремистік қызметке қатысы бар ұйымдар мен жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының деректері негізінде Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жасайтын тізімдері негіз болып табылады.
2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Терроризмді және экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінен ұйымды немесе жеке тұлғаны алып тастау оларды көрсетілген тізбеге енгізу үшін негіз болған мән-жайлардың әрекеті тоқтатылғаны туралы ақпараттың негізінде жүзеге асырылады.
2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Терроризмді және экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесі өз құзыреті шегінде құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік орган, сондай-ақ басқа да құзыретті мемлекеттік органдар уәкілетті органға ұсынатын ақпаратқа сәйкес жаңартылып отырады.
13-бап. Ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияларды жүргізуден бас тарту және күдікті операцияларды тоқтата тұру
1. Қаржы мониторингінің субъектілері осы Заңның 5-бабы 3-тармағының 1) - 4) тармақшаларында көзделген шараларды қабылдау мүмкін болмаған жағдайда қаржы мониторингіне жататын ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияларды жүргізуден бас тартуға міндетті.
2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру фактілерінің алдын алу және жолын кесу мақсатында қаржы мониторингінің субъектілері күдікті операция туралы ол жасалғанға дейін уәкілетті органға дереу хабарлауға міндетті.
Тоқтата тұру мүмкін емес күдікті операциялар туралы хабарларды қаржы мониторингінің субъектілері олар жасалғаннан кейін үш сағаттан кешіктірмей не мұндай операциялар анықталған сәттен бастап жиырма төрт сағаттың ішінде уәкілетті органға береді.
2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Уәкiлеттi орган осы баптың 2-тармағының бірінші бөлігінде көзделген хабарламаны алысымен, оны алған кезден бастап жиырма төрт сағат iшiнде, егер қаржы мониторингі субъектісі ұсынған күдікті операция туралы хабарлама уәкілетті орган жүргізген талдау нәтижелері бойынша негізді деп танылған болса, күдікті операцияның жүргізілуін күнтізбелік үш күнге дейінгі мерзімге тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды.
Күдікті операцияны тоқтата тұру туралы не күдікті операцияны тоқтата тұрудың қажеттігі жоқ екендігі туралы шешім уәкілетті органның бұйрығымен ресімделеді және электрондық тәсілмен немесе қағаз жеткізгіште күдікті операция туралы хабарламаны ұсынған қаржы мониторингі субъектісінің назарына жеткізіледі.
4. Қаржы мониторингінің субъектісі ақпарат хабарланған сәттен бастап жиырма төрт сағат ішінде уәкілетті органның күдікті операцияны тоқтата тұру туралы не осындай операцияны тоқтата тұрудың қажеті жоқтығы туралы шешімін алмаған жағдайда, аталған операцияны жүргізуге кедергі келтіретін, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге негіздер болмаса, операция жүргізілуге тиіс.
2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Уәкілетті орган күдікті операцияның жүргізілуін тоқтата тұру туралы шешім қабылдағаннан кейін ақпаратты дереу Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына береді, ол уәкілетті органнан күдікті операцияны тоқтата тұру туралы хабарламаны алған кезден бастап сегіз сағат iшiнде ақпаратты арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарына олардың құзыретіне сәйкес шешім қабылдау үшін жібереді.
Тиісті арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары ақпарат алған кезден бастап қырық сегіз сағат ішінде тиісті шешім қабылдауға және ол туралы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен уәкілетті органға хабарлауға міндетті.
Уәкілетті орган арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының тиісті шешімін алған кезден бастап оны үш сағат ішінде қаржы мониторингі субъектісінің назарына жеткізеді.
6. Қаржы мониторингі субъектілерінің ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияны жүргізуден бас тартуы, сондай-ақ күдікті операцияны осы Заңға сәйкес тоқтата тұруы олардың тиісті шарттардың (міндеттемелердің) талаптарын бұзғаны үшін азаматтық-құқықтық жауаптылығына негіз болып табылмайды.
14-бап. Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың сақталуын бақылау
Қаржы мониторингі субъектілерінің қаржы мониторингіне жататын ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операциялар туралы ақпаратты тіркеу, сақтау және ұсыну бөлігінде заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын орындауын, сондай-ақ ішкі бақылауды ұйымдастыруын бақылауды тиісті мемлекеттік органдар өздерінің құзыретіне сәйкес және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
3-тарау. Уәкілетті органның құзыреті
15-бап. Уәкілетті органның міндеттері
Уәкілетті органның міндеттері:
1) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы біртұтас мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау, мемлекеттік органдардың осы қызмет бағытындағы жұмысын үйлестіру;
3) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында бірыңғай ақпараттық жүйені құру және республикалық деректер базасын жүргізу;
4) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен өзара іс-қимылды және ақпарат алмасуды жүзеге асыру;
5) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының мүдделерін білдіру болып табылады.
16-бап. Уәкілетті органның функциялары
Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатында уәкілетті орган:
1) осы Заңға сәйкес қаржы мониторингіне жататын ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операциялар туралы ақпаратты жинауды және өңдеуді жүзеге асырады;
2) алынған ақпаратты талдауды белгіленген тәртіппен жүзеге асырады;
3) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіреді;
4) соттың қылмыстық іске қатысты сұратуы бойынша іс жүргізуіндегі материалдарды шешу үшін қаржы мониторингіне жататын ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операциялар бойынша қажетті ақпаратты жібереді;
2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды
4-1) арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының сұрау салуы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаржы мониторингіне жататын операция туралы мәліметтер мен ақпаратты ұсынады;
2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операция заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға байланысты деп жорамалдауға негіздер болған кезде, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарына жіберу үшін өз құзыретіне сәйкес іс жүргізу шешімін қабылдауға Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына ақпарат береді;
6) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастық бағдарламаларын әзірлеуге және жүзеге асыруға қатысады;
7) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында республикалық дерекқор қалыптастыруды және жүргізуді ұйымдастырады, сондай-ақ ақпараттық жүйелердің әдіснамалық бірыңғайлығын және келісімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;
8) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзудың алдын алу жөніндегі іс-шараларды әзірлейді және жүргізеді;
9) мемлекеттік органдардан және өзге де ұйымдардан алынатын ақпараттың негізінде заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын қолдану практикасын қорытады, сондай-ақ оны жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді және енгізеді;
10) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың халықаралық тәжірибесі мен практикасын зерделейді;
11) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы кадрларды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөнінде іс-шаралар жүргізеді;
12) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ұйымдардың қызметіне белгіленген тәртіппен қатысады;
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 13) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
13) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша осы Заңның мақсаттары үшін оффшорлық аймақтар тізбесін айқындайды және оны қаржы мониторингі субъектілеріне жеткізетін тиісті мемлекеттік органдарға жібереді;
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 14) тармақшамен толықтырылды (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
14) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
17-бап. Уәкілетті органның құқықтары мен міндеттері
1. Уәкілетті орган:
1) қаржы мониторингінің субъектілерінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарынан қаржы мониторингіне жататын операциялар бойынша қажетті ақпаратты сұратып алуға;
2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) осы Заңның 4-бабының 4-тармағында белгіленген бір немесе бірнеше критерийлерге сай келетін күдікті операцияның белгілері анықталған жағдайда ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияларды күнтізбелік үш күнге дейінгі мерзімге тоқтата тұру туралы шешім шығаруға;
3) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің және халықаралық шарттарының жобаларын әзірлеуге қатысуға;
4) сұрату бойынша немесе дербес түрде заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы шетел мемлекетінің органымен ақпарат алмасуға;
5) мемлекеттік, қызметтік, коммерциялық, банктік және өзге де заңмен қорғалатын құпияны қорғау бойынша талаптарды сақтай отырып, қаржы мониторингі саласында сараптама жүргізу, оқыту бағдарламаларын, әдістемелік материалдарды әзірлеу, бағдарламалық және ақпараттық қамтамасыз ету, ақпараттық жүйелерді құру үшін ғылыми-зерттеу және басқа да ұйымдарды, сондай-ақ жекелеген мамандарды жұмысқа тартуға, оның ішінде шарттық негізде тартуға;
6) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылғаны туралы хабарламаны тиісті мемлекеттік органдарға жіберуге құқылы.
2. Уәкілетті орган:
1) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі шараларды қабылдауға;
2) өз қызметін жүргізу процесінде алынған қызметтік, коммерциялық, банктік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын ақпаратты сақтаудың, қорғаудың тиісті режимін және оның сақталуын қамтамасыз етуге;
3) қаржы мониторингін жүзеге асыру процесінде адам мен азаматтың, заңды тұлғалардың және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
18-бап. Уәкілетті органның Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимылы
1. Қаржы мониторингі субъектілерінің заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасы заңнамасын сақтауын бақылауды өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары:
2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) қаржы мониторингін және заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды жүзеге асыру үшін уәкілетті органға қажетті ақпаратты ұсынуға;
2) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылғаны туралы уәкілетті органның хабарламасын қарауға және қабылданған шаралар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде уәкілетті органға хабарлауға;
3) қызметтік, коммерциялық, банктік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын, өз қызметі процесінде алынған ақпаратты тиісінше сақтау, қорғау режимін және оның сақталуын қамтамасыз етуге;
4) бақылау функцияларын жүзеге асыру процесінде адам мен азаматтың, заңды тұлғалардың және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары:
1) дербес анықтаған кезде күдікті операциялар туралы, оның ішінде нарық бағаларынан көпе-көрінеу алшақ бағаларымен тауарлар (жұмыстар, көрсетілген қызметтер) экспорты (импорты) бойынша мәмілелер туралы уәкілетті органға хабарлауға;
2) дербес анықтаған кезде қаржы мониторингі субъектілерінің осы Заңның нормаларын бұзуы туралы уәкілетті органға хабарлауға;
2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) уәкілетті органның сұратуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен өздерінің ақпараттық жүйелерінен және ресурстарынан мәліметтер беруге;
2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) өз қызметі процесінде алынған қызметтік, коммерциялық, банктік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты сақтаудың, қорғаудың және сақталуының тиісті режимін қамтамасыз етуге міндетті.
2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының уәкілетті органға қаржы мониторингіне жататын операция туралы мәліметтер мен ақпаратты ұсыну туралы сұрау салуды жіберуі Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының және оның орынбасарларының санкциясымен жүзеге асырылады.
Арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимылға байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген істер мен материалдар бойынша сұрау салуды жібереді.
2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Күдікті операция туралы мәліметтер мен ақпаратты осы Заңда көзделген тәртіппен уәкілетті органға ұсыну қызметтік, коммерциялық, банктік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны жария ету болып табылмайды.
2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Уәкілетті органның қаржы мониторингіне жататын операция туралы, оның ішінде күдікті операция туралы мәліметтер мен ақпаратты осы Заңда көзделген тәртіппен Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарына беруі қызметтік, коммерциялық, банктік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны жария ету болып табылмайды.
2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
6. Кеден одағы кедендік аумағының құрамдас бөлігі болып табылатын аумақтан жүзеге асырылатын Кеден одағы кедендік аумағының құрамдас бөлігі болып табылатын аумаққа әкелуді немесе әкетуді қоспағанда, мәдени құндылықтарды, қолма-қол валютаны, қаржы мониторингіне жататын, ұсынушыға арналған құжаттандырылған бағалы қағаздарды, вексельдерді, чектерді Қазақстан Республикасына әкелу немесе Қазақстан Республикасынан әкету жөнінде ақпарат жинауды Қазақстан Республикасының кеден органдары жүзеге асырып, кейіннен оны Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген белгіленген мерзімде міндетті түрде уәкілетті органға ұсынады.
19-бап. Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастық
1. Қазақстан Республикасы уәкілетті органының және өзге де мемлекеттік органдарының заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға байланысты әрекеттердің алдын алу, анықтау, жолын кесу және тексеру, сондай-ақ аталған кірістерді тәркілеу саласындағы шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Уәкілетті орган мен шет мемлекеттің құзыретті органы арасындағы заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастық сауал салу және ақпарат алмасу жолымен жүзеге асырылуы мүмкін.
Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру туралы ақпаратты беру шет мемлекеттің құзыретті органының сұрау салуы бойынша, ол сұрау салуда көрсетілмеген мақсаттарда қолданылмайтын не уәкілетті органның алдын ала келісімінсіз үшінші тұлғаларға берілмейтін шартпен жүзеге асырылады.
Шет мемлекеттің құзыретті органдарына заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру туралы ақпаратты беру, егер ол адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қозғамаса және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі мүдделеріне нұқсан келтірмесе, жүзеге асырылады.
3. Уәкілетті орган заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатында заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасауға жауапты шет мемлекеттің құзыретті органдарынан ақпарат пен құжаттарды сұратуға құқылы.
Уәкілетті орган сұрату бойынша алынған ақпарат пен құжаттарды заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатында ғана пайдалануға құқылы.
Уәкілетті органның заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасауға жауапты шет мемлекеттің құзыретті органдарының алдын ала келісімінсіз олардан сұратып алынған ақпаратты және құжаттарды шет мемлекеттің құзыретті органдары белгілеген шарттар мен шектеулерді бұза отырып үшінші тарапқа беруге немесе пайдалануға құқығы жоқ.
4. Уәкілетті орган мынадай жағдайларда:
1) егер уәкілетті орган ақпарат беру қажеттілігін сұратуда келтірілген фактілер мен мән-жайлар заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға күдік тудыруға жеткіліксіз деп есептесе;
2) егер ақпарат беру Қазақстан Республикасында қылмыстық сот ісін жүргізу барысына ықпал ететін болса, шет мемлекеттің құзыретті органдарының сауалын қанағаттандырудан бас тартуға құқылы.
Уәкілетті орган бас тартуы туралы негіздерін көрсете отырып, шет мемлекеттің сауал салушы құзыретті органын бас тартуы туралы хабардар етеді.
Уәкілетті орган заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасауға жауапты шет мемлекеттің құзыретті органдарына берілетін ақпаратты пайдаланудың қосымша шарттары мен шектеулерін белгілеуге құқылы.
5. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, осы баптың ережелері халықаралық ынтымақтастыққа қатысты қолданылады.
4-тарау. Қорытынды ережелер
20-бап. Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
1. Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
2. Уәкілетті органның және өзге де мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сондай-ақ өздерінің қызметтік міндеттерін жүзеге асыру кезінде қызметтік, коммерциялық, банктік немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияға қол жеткізе алатын адамдар, оларды жария еткені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.