Егер сатып алу туралы шартты орындау үдерісінде осыған ұқсас сатып алынатын дәрілік заттардың, профилактикалық (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың бағалары азаю жағына өзгерген жағдайда тендерді ұйымдастырушы мен өнім берушінің өзара келісімі бойынша сатып алу туралы шартқа осы тармақтың ережелері ескеріле отырып, тиісті өзгерістер енгізілуі мүмкін.
8. Сатып алу туралы шартты орындауды қамтамасыз етуді енгізу тәртібі
70. Сатып алу туралы шартты орындауды қамтамасыз ету мынадай түрде ұсынылуы мүмкін:
1) банкте орналастырылатын ақшалай кепілдік;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес берілген банк кепілдігі.
Ақшалай кепілдік түрінде шарттың орындалуын қамтамасыз етуді әлеуетті өнім беруші тендерді ұйымдастырушының тиісті шотына салады.
Сатып алу туралы шартты орындауды қамтамасыз ету мөлшері шарттың жалпы сомасының үш пайызын құрайды.
Егер шарттың сомасы тиісті қаржы жылына екі мың есе айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аспаған жағдайда, шартты орындауды қамтамасыз ету енгізілмейді.
71. Егер тендерлік құжаттамада тендерді ұйымдастырушы мемлекеттік мекеменің атынан шарттың орындалуын қамтамасыз етуді ақшалай кепілдік түрінде енгізуді көздесе, онда олар тендерлік құжаттамада көрсетілген тендерді ұйымдастырушының тиісті табыс кодына салынады.
72. Шартты орындауды қамтамасыз етудің мазмұнын, нысаны мен енгізу шартын осы Ережеге сәйкес тендерді ұйымдастырушы айқындайды, тендерлік құжаттамада көрсетіледі және сатып алу туралы шартта ескеріледі.
73. Өнім беруші сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді егер осы шартта өзгеше көзделмесе, өнім беруші шарт күшіне енгеннен кейін он жұмыс күнінің ішінде енгізеді.
9. Фармацевтикалық қызметтердің өнім берушілеріне шығындарды
өтеу тәртібі
74. Денсаулық сақтауды басқарудың жергілікті органдары бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің міндеттемелері мен төлемдері бойынша бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарларында көзделген қаражаттың шегінде берілген рецептілер тізілімін салыстыру негізінде орындалған жұмыстардың актілеріне сәйкес нақты көрсетілген қызметтер үшін фармацевтикалық қызметтердің өнім берушілеріне ай сайын шығындарын өтейді.
75. Фармацевтикалық қызметтердің өнім берушілеріне өтеу сомасын денсаулық сақтауды басқарудың жергілікті органдары Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде амбулаториялық деңгейде белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар халықты тегін немесе жеңілдікпен-берілетін дәрілік заттармен және арнайы емдік өнімдермен қамтамасыз ету үшін уәкілетті орган бекіткен дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың тізбесіне сәйкес төлейді. Шарт сомасы нақты көрсетілген қызметтердің көлемі ескеріле отырып түзетілуі мүмкін.
6-тарау. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуды жүзеге
асыру тәртібі
76. Егер бірыңғай дәрілік заттарды, профилактикалық (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы сатып алудың жылдық көлемі құндық тұрғыдан тиісті қаржы жылына заңнамамен белгіленген екі мың есе айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аспаса, баға ұсыныстарын сұратумен сатып алу пайдаланылуы мүмкін.
ҚР Үкіметінің 2010.04.02. № 66 Қаулысымен 77-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара) (2010 ж. 10 наурыздан бастап қолданылды)
77. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуды қолдану мақсатында бірыңғай дәрілік заттарды, профилактикалық (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы сатып алудың жылдық көлемін қаржы жылының ішінде бөліктерге ұсақтауға жол берілмейді.
ҚР Үкіметінің 2010.04.02. № 66 Қаулысымен 77-1-тармақпен толықтырылды
77-1. ҚР Үкіметінің 2010.04.02. № 66 Қаулысымен күші жойылды (2010 ж. 10 наурыздан бастап қолданылды)
ҚР Үкіметінің 2010.26.05. № 474 Қаулысымен 77-2-тармақпен толықтырылды; ҚР Үкіметінің 2011.31.08. № 983 Қаулысымен 77-2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
77-2. Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды уәкілетті орган белгілеген мөлшерден аспайтын баға бойынша отыз күнге дейінгі қажеттілік кезеңіне сатып алуға дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың атаулары бойынша жеткізу мерзімдерін Бірыңғай дистрибьютордың бұзуына байланысты тегін медициналық көмектің (жедел, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек) кепілдік берілген көлемін уақтылы көрсету үшін тапсырыс берушілерде дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың қалдықтары болмаған жағдайда жол беріледі.
ҚР Үкіметінің 2010.27.08. № 844 қаулысымен (бұр.ред.қара); 2011.22.02. № 163 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2011.07.04. № 392 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2012.16.05. № 629 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2012.08.11. № 1415 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2012.21.12. № 1649 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2013.06.06. № 582 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 78-тармақ өзгертілді
78. Тапсырыс беруші осы Ережеге 5-қосымшада көрсетілген нысан бойынша өзара аффилиирленбеген кемінде екі әлеуетті өнім берушіден баға ұсыныстарын сұратады және түскен барлық ұсыныстарды қарайды.
Әрбір әлеуетті өнім беруші жазбаша түрде ресімделген тек бір ғана баға ұсынысты береді.
Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуды өткізу кезінде қойылатын біліктілік талаптарына ең төмен баға ұсынған әлеуетті өнім берушінің сәйкестігін растайтын құжаттар мыналар болып табылады:
1) әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар:
дәрілік заттарды, профилактикалық (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды көтерме, бөлшек саудада өткізуге әлеуетті өнім берушінің құқығын растайтын лицензиялардың көшірмелері және (немесе) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның хабарламаны қабылдау туралы талоны, халыққа қызмет көрсету орталығының қабылдау туралы белгісі бар хабарламасының көшірмесі немесе медициналық техниканы және медициналық мақсаттағы бұйымдарды көтерме, бөлшек саудада өткізуге электрондық құжат нысанындағы талоны;
тиісті мемлекеттік орган (кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға үшін) берген, заңды тұлғаны құрусыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға құқық беретін құжаттың нотариаттық куәландырылған көшірмесі;
бірінші басшының немесе оның міндетін атқарушының қолы қойылған соңғы қаржы жылдың бухгалтерлік баланстың нотариаттық куәландырылған көшірмесі;
заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің нотариат куәландырған көшірмесі не заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама, жеке куәліктің немесе төлқұжаттың көшірмесі (кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға үшін);
заңды тұлға үшін Жарғының нотариаттық куәландырылған көшірмесі (егер Жарғыда құрылтайшылардың, қатысушылардың немесе акционерлердің құрамы көрсетілмеген жағдайда, акцияларды ұстаушылардың тізілімінен үзінді көшірме немесе құрылтайшылардың, қатысушылардың құрамы туралы үзінді көшірме немесе құрылтай шартының нотариаттық куәландырылған көшірмесі);
Қазақстан Республикасы бойынша салық төлеушінің салық қарызының, міндетті зейнетақы және әлеуметтік бөліп шығару қарызының жоқтығы (бары) туралы анықтаманың түпнұсқасы;
әлеуетті өнім беруге қызмет көрсетілетін банктің немесе банк филиалының қолы және мөрі бар әлеуетті өнім берушінің осы Ережеге 4-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі басқармасының қаулысымен бекітілген Екінші деңгейдегі банктердегі және ипотекалық ұйымдардағы және «Қазақстанның даму банкі» акционерлік қоғамындағы бухгалтерлік есеп шоттарының үлгі жоспарына сәйкес банктің немесе банк филиалының алдындағы міндеттемелерінің барлық түрлері бойынша анықтама берілген күннің алдындағы үш айдан астам созылған мерзімі өткен берешектің жоқтығы туралы анықтаманың түпнұсқасы (егер әлеуетті өнім беруші бірнеше банктің немесе банк филиалдардың, сондай-ақ шетелдік банктің клиенті болып табылған жағдайда, бұл анықтама осындай банктердің немесе банк филиалдарының әрқайсысынан ұсынылады). Анықтама тендірлік өтінімдер салынған конверттерді ашу күнінің алдындағы бір айдан кешіктірмей берлуі тиіс. Анықтамаға қол қойған лауазымды тұлғаның өкілеттігін растайтын құжаттың болмауы осындай әлеуетті өнім берушіні біліктілік талаптарына сәйкес емес деп тану үшін негіздеме болып табылмайды.
біліктілігі, мамандығы бойынша жұмыс өтілі көрсетіле отырып, мамандардың болуы және саны туралы мәлімет;
егер әлеуетті өнім беруші Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмаса және Қазақстан Республикасының салық төлеушісі ретінде тіркелмеген жағдайда, Қазақстан Республикасының салық органынан осы әлеуетті өнім берушінің Қазақстан Республикасының резиденті еместігі және салық есебіне тұрмайтыны туралы анықтаманың түпнұсқасы немесе нотариаттық куәландырылған көшірмесі беріледі;
2) ілеспелі қызметтер құнын қосқанда жеткізілетін дәрілік заттардың, профилактикалық (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың соңғы бағасын құраушы әлеуетті өнім берушінің барлық нақты шығындары құрамына енгізілген әлеуетті өнім беруші ұсынып отырған бағалар кестесі;
3) техникалық ерекшелік;
4) ұсынылатын ілеспелі қызметтер;
5) ұсынылып отырған дәрілік заттардың, профилактикалық (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың, фармацевтикалық қызметтердің осы Ережеде көзделген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар.
Сатып алу туралы шартты осы Ереженің 4-тарауында белгіленген талаптарға сәйкес келетін ең төменгі баға бойынша дәрілік заттарды, профилактикалық (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы ұсынған әлеуетті өнім берушімен тапсырыс беруші жасайды.
7-тарау. Бір көзден сатып алу және оны қолдану шарттары
ҚР Үкіметінің 2011.31.08. № 983 Қаулысымен 79-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
79. Бір көзден сатып алу - бұл мынадай жағдайларда:
1) тендер жарамсыз деп танылған жағдайларды қоспағанда тендер өтпей қалды деп танылғанда;
2) балама болмаған кезде дәрілік заттар, профилактикалық (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар немесе медициналық техника тек бір өнім берушіде ғана бар болғанда;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте төтенше жағдайларды хабарлау салдарынан осы дәрілік заттарға және медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техникаға жедел қажеттілік туындайды, бұл тендерлер өткізу мүмкіндігін болдырмағанда;
4) қалдық жоқ болған кезде, тендердің қорытындысы шыққанға дейінгі кезеңге ағымдағы қажеттіліктегі дәрілік заттарды, профилактикалық (иммуно биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен фармацевтикалық қызметті сатып алуды жүзеге асырудағы қажеттілік болғанда жүргізілетін сатып алу тәсілі.
80. Бір көзден сатып алуды жүзеге асыру кезінде сатып алуды ұйымдастырушы әлеуетті өнім берушіден:
1) баға ұсыныстарына;
2) әлеуетті өнім берушінің осы Ереженің 8-тармағында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарға;
3) ұсынылатын дәрілік заттардың, профилактикалық (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың осы Ережеде көзделген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттарға сұрау салады.
81. Бір көзден сатып алуды жүзеге асыру кезінде сатып алуды ұйымдастырушы мынадай ақпараттан тұратын хаттаманы жасауы тиіс:
1) бір көзден сатып алу тәсілін қолдану негіздемесі;
2) сатып алынатын дәрілік заттардың, профилактикалық (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың, фармацевтикалық қызметінің қысқаша сипаттамасы;
3) сатып алу туралы шарт жасалатын өнім берушінің атауы мен орналасқан жері және осындай шарттың бағасы.
Осы Ереженің 5-тарауы 7-бөлігінің талаптарын ескере отырып, тапсырыс беруші сатып алу туралы шарт жасасады.
8-тарау. Бірыңғай дистрибьютордың тізімі бойынша сатып алу
ҚР Үкіметінің 2010.14.07. № 716 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2010.27.08. № 844 қаулысымен (бұр.ред.қара) 82-тармақ өзгертілді; ҚР Үкіметінің 2011.31.08. № 983 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2012.08.11. № 1415 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2013.16.09. № 964 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 82-тармақ жаңа редакцияда
82. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсетуге арналған дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды қамтуы тиіс бірыңғай дистрибьютордың тізімін қаржы жылында кемінде бір рет өзгерістер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігімен үш жылға бекітеді.
Бірыңғай дистрибьютордың тізімін уәкілетті орган дәрілік заттардың халықаралық патенттелмеген атауын немесе құрамын, медициналық мақсаттағы бұйымдардың атауын, сондай-ақ техникалық сипаттамасын, жасалған ұзақ мерзімді жеткізу шарттарының бар екені туралы ақпаратты, бірыңғай дистрибьютордың қоймасындағы төмендемейтін қоры бар дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың тізбесі мен көлемін көрсете отырып, бірыңғай дистрибьюторға жолдайды.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсетуге арналған дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу үшін бөлінетін бюджет қаражатын оңтайлы және тиімді жұмсау мақсатында дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар осы Ереженің 11-1-тарауында көзделген жағдайларды қоспағанда, уәкілетті орган белгілеген бағадан аспайтын бағалар бойынша сатып алынады.
83. ҚР Үкіметінің 2010.26.05. № 474 Қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
ҚР Үкіметінің 2013.16.09. № 964 Қаулысымен 83-1-тармақпен толықтырылды
83-1. Тапсырыс берушілердің сол қаржы жылында дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың көлемін ұлғайту бойынша қосымша өтінімі бірінші жартыжылдықта жылына 2 реттен артық ұсынылмайды.
Тапсырыс берушілерде сол қаржы жылында екінші жартыжылдықта (жылына 2 реттен артық) дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарға шұғыл қосымша қажеттілік жылына екі реттен артық туындаған кезде (шұғыл жағдайда) тапсырыс берушілер бюджет қаражатын қаржыландыру көзіне байланысты осы қосымша қажеттілікті денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен немесе денсаулық сақтауды басқарудың жергілікті органдарымен келісуі тиіс. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган немесе денсаулық сақтауды басқарудың жергілікті органы тиісті бюджеттен бөлінген қаражат болған жағдайда он жұмыс күні ішінде келіседі немесе тиісті бюджеттен бөлінген қаражат болмаған жағдайда бас тартады. Келісу кезінде денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган немесе денсаулық сақтауды басқарудың жергілікті органы дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың қосымша көлемін сатып алу туралы (шұғыл жағдайда) шешім қабылдайды, оны бірыңғай дистрибьюторға ұсынады.
ҚР Үкіметінің 2011.31.08. № 983 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2013.16.09. № 964 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 84-тармақ өзгертілді
84. Тапсырыс берушілер жыл сайын бірыңғай дистрибьютор өтінім жіберген сәттен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей бірыңғай дистрибьюторға келесі күнтізбелік жылға алдын ала өтінімді ұсынады, онда мыналар қамтылуы тиіс:
1) дәрілік заттар (халықаралық патенттелмеген атауларымен) мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың атауы;
2) алдыңғы аяқталған күнтізбелік жылы пайдаланылған дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың нақты саны;
3) тапсырыс берушілердің толық атауы, олардың деректемелері, мекен-жайы (почта және заңды), байланыс телефондары, факстары, электрондық почтасының мекен-жайы, бірінші басшының немесе оны ауыстыратын адамның лауазымы және Т.А.Ә., сатып алуды жүзеге асыруға жауапты адамның Т.А.Ә., бағдарламаның, кіші бағдарламаның, ерекшеліктің атауы шеңберінде сатып алу жоспарланады;
4) алдыңғы жылғы нақты тұтынуды және келесі күнтізбелік жылдың 1 қаңтарына болжамды қалдықты ескере отырып, дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың әрқайсысының атауы бойынша келесі жылға ай сайынғы қажеттілігі көрсетілген қажеттілік есебі.
85. Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуды жүргізу рәсімдерін бірыңғай дистрибьютор осы Ереженің 3-бөлімінде айқындалған тәртіппен жүзеге асырады.
ҚР Үкіметінің 2011.31.08. № 983 Қаулысымен 86-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
86. Бірыңғай дистрибьютор сатып алуды өткізгеннен кейін және келесі күнтізбелік жылға өнім берушілерді айқындағаннан кейін тапсырыс берушілерге тиісті күнтізбелік жылға бюджетті қалыптастыру (түзету) үшін дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың әрқайсысының атауы бойынша бағасы мен ең аз қаптамадағы санын ұсынады.
Бірыңғай дистрибьютор тапсырыс берушілерге Бірыңғай дистрибьютор белгілеген өзінің үстеме бағасын ескере отырып, белгіленген бағаға 10%-дан аспайтын мөлшердегі бағаларды ұсынады. Сонымен бірге үстеме баға сомасы орфандық препараттарға арналған қаптамаға төрт айлық есептік көрсеткіш сомасынан аспауы тиіс.
Үстеме баға саясатын денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша Бірыңғай дистрибьютор анықтайды.
ҚР Үкіметінің 2011.31.08. № 983 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2012.08.11. № 1415 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2013.16.09. № 964 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 87-тармақ өзгертілді
87. Тапсырыс берушілер жыл сайын тиісті қаржы жылына арналған бюджет бекітілген күнінен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей бірыңғай дистрибьюторға бірыңғай дистрибьютордың тізімінде көзделген келесі күнтізбелік жылға арналған дәрілік заттарға, медициналық мақсаттағы бұйымдарға түпкілікті өтінімді береді, онда мыналар қамтылуы тиіс:
1) дәрілік заттардың атауы мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың тізбесі;
2) бекітілген бюджетке және ай сайынғы қажеттілікке сәйкес дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың саны.
Бұл ретте, дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың саны ай сайын ең аз қаптамаға дейін дөңгелектенеді;
3) мемлекеттік тіркеу туралы анықтама немесе куәлік, жарғы/ереже көшірмелері, олардың деректемелері, мекенжайы (пошта және заңды), байланыс телефондары, факстары, электрондық поштасының мекен жайы, бірінші басшының немесе оны алмастыратын адамның лауазымы (атқаратын лауазымын растайтын құжаттың көшірмесі), және Т.А.Ә., сатып алуды жүзеге асыруға жауапты адамның Т.А.Ә., сатып алу жоспарланатын бағдарламаның, кіші бағдарламаның, ерекшеліктің атауы көрсетілген тапсырыс берушілердің толық атауы;
Соңғы өтінімдерді қалыптастыру кезінде дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың саны алдын ала өтінімде көрсетілген санынан кемінде 25 %-ға (жиырма бес пайызға) арттырылуы немесе азаю жағына қарай өзгертілуі мүмкін.
Соңғы өтінімді қалыптастыру кезінде тапсырыс беруші сатып алынатын дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың санын олардың сапасын сақтау мақсатында осы Ереженің 86-тармағына сәйкес ең аз қаптамаға дейін жинақтайды.
ҚР Үкіметінің 2011.31.08. № 983 Қаулысымен 87-1-тармақпен толықтырылды
87-1. Бірыңғай дистрибьютор сатып алуды қорытындылаған күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күнінің ішінде сатып алынатын дәрілік заттардың атауларының нақты бағасын көрсете отырып, белгіленген нысан бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға нәтижелері туралы есеп береді.
ҚР Үкіметінің 2011.31.08. № 983 Қаулысымен 87-2-тармақпен толықтырылды; ҚР Үкіметінің 2012.16.05. № 629 Қаулысымен 87-2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
87-2. Бірыңғай дистрибьютор ай сайын, есептi айдан кейiнгi айдың 5-күнiне дейiнгі мерзімде дәрiлiк заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медициналық техниканы сатып алу және жеткiзу мониторингiн жүргiзедi және денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органға денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша есеп бередi.
88. Тапсырыс берушілер осы Ережеге 8-қосымшаға сәйкес бірыңғай дистрибьютор мен тапсырыс берушінің арасындағы дәрілік заттарды сатып алу үлгі шартына сәйкес әзірленген және жасалған дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың соңғы өтінімдері мен сатып алу шарттарының (бұдан әрі - сатып алу шарты) негізінде бірыңғай дистрибьютордан дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуды жүзеге асырады.
Бірыңғай дистрибьютор тапсырыс берушілерден соңғы өтінімді алған күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күнінің ішінде сатып алу шартын қабылдау-беру актісі бойынша тапсырыс берушілерге қол қоюға береді.
Тапсырыс берушілер бірыңғай дистрибьютордан сатып алу шартын алған күнінен бастап 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей толық көлемде оларға қол қоюға міндетті.
ҚР Үкіметінің 2011.22.02. № 163 Қаулысымен 8-1-тараумен толықтырылды; ҚР Үкіметінің 2012.08.11. № 1415 Қаулысымен 8-1-тарау жаңа редацияда (бұр.ред.қара)
8-1-тарау. Медициналық техниканы сатып алуды жоспарлау және ұйымдастыру
88-1. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде құны 5 000 000 (бес миллион) теңгеге дейінгі медициналық техниканы сатып алу:
1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға бағынысты денсаулық сақтау ұйымдарымен, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен;
2) жергілікті атқарушы органдарға бағынысты денсаулық сақтау ұйымдарымен, денсаулық сақтауды басқарудың жергілікті органдарымен;
3) «Ұлттық медициналық холдинг» акционерлік қоғамымен «Ұлттық медициналық холдинг» акционерлік қоғамының еншілес ұйымдарымен келісілген клиникалық-техникалық негіздеменің және техникалық ерекшеліктің негізінде осы Ереженің 7-тармағының 1) тармақшасында көзделген әдіспен жүзеге асырылады.
88-2. Құны 5 000 000 (бес миллион) теңгеден бастап 50 000 000 (елу миллион) теңгеге дейінгі медициналық техника қаржылық лизинг шарттарында және осы Ережеге сәйкес сатып алынады.
88-3. Құны 50 000 000 (елу милион) теңгеден жоғары, сондай-ақ біріздендіруді талап ететін медициналық техниканы, медициналық техниканы сатып алуды ұйымдастырушы, осы Ереженің 8-2-тарауына сәйкес облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жергілікті деңгейдегі медицина ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға бөлінетін ағымдағы нысаналы трансферттерді қоса алғанда, республикалық бюджет қаражатының есебінен сатып алады. Сұрау салынған медициналық техниканың клиникалық-техникалық негіздемесіне, техникалық сипаттамасына және құнына сараптаманы лизинг беруші жүргізеді.
ҚР Үкіметінің 2012.08.11. № 1415 Қаулысымен 8-2-тараумен толықтырылды
8-2-тарау. Үкімет айқындаған тұлғаның медициналық техниканы сатып алуды ұйымдастыруы
88-4. Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жергілікті деңгейдегі медицина ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға бөлінетін ағымдағы нысаналы трансферттерді қоса алғанда, республикалық бюджет қаражатының есебінен сатып алатын медициналық техниканы сатып алуды ұйымдастырушы «СҚ-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болады (бұдан әрі - 8-2-тарауда СҚ-Фармация).
Денсаулық сақтау ұйымдарына қаржылық лизинг шартында кейіннен беру үшін лизинг беруші қаражаты есебінен сатып алынатын медициналық техника үшін сатып алуды ұйымдастырушы лизинг беруші болады, ал СҚ-Фармация осы Ереженің 3-бөлімінің 10 және 11-тарауларына сәйкес өнім берушілерді іріктеу бойынша тендер өткізеді.
Ай сайын, есептi айдан кейiнгi айдың 5-күніне дейiн СҚ-Фармация мен лизинг беруші облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жергілікті деңгейдегі медицина ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға бөлінетін ағымдағы нысаналы трансферттерді қоса алғанда, республикалық бюджет қаражатының есебінен сатып алатын және лизинг берушінің қаражаты есебінен сатып алатын медициналық техниканы сатып алу және жеткiзу мониторингiн жүргiзедi және денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органға денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша есеп бередi.
ҚР Үкіметінің 2013.16.09. № 964 Қаулысымен 88-5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
88-5. Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жергілікті деңгейдегі медицина ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға бөлінетін ағымдағы нысаналы трансферттерді қоса алғанда, республикалық бюджет қаражатының есебінен сатып алынатын медициналық техниканы сатып алуды дайындау және ұйымдастыру мақсатында денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган тапсырыс берушілерден алған медициналық техниканың тізбесін, клиникалық-техникалық негіздемесін, техникалық өзіндік ерекшелігін, санын, мерзімін, жеткізу шарты мен орнын, медициналық техниканың әрбір атауы бойынша сатып алу үшін бөлінген сомасын, тапсырыс берушінің толық атауын, банк деректемелерін, мекенжайын (пошталық және заңды), байланыс телефоны/факс нөмірін, электрондық пошта мекенжайын, тапсырыс берушінің басшысының лауазымы мен Т.А.Ә. қамтуы тиіс ақпаратты, сатып алынатын медициналық техникаға көрсетуі жоспарланған медициналық қызметтердің тізбесі мен саны, пайдаланудың техникалық шарттары, сатып алынатын медициналық техниканы пайдалану үшін мамандар туралы мәлімет бар ақпаратты лизинг берушіге ұсынады.