138. Автобұғаттаумен жабдықталған учаскелерде өту бағдаршамдарының қалыпты көрсетуі ретінде - рұқсаттық көрсетуі, ал кіру, маршруттық және шығу бағдаршамдарының - тыйым салатын көрсетуі болып табылады.
Станция арқылы поездардың тоқтамай өтуі үшін кіру, маршруттық және шығу бағдаршамдары автоматты қимылға ауыса алатын магистральдық темір жол желісінің учаскелерінде рұқсаттық көрсетулері, оларды автоматты жұмысқа ауыстырған кезде қалыпты болып табылады.
Автобұғаттаумен жабдықталмаған учаскелерде кіру, шығу, өту және маршруттық бағдаршамдарының қалыпты көрсетуі ретінде тыйым салу көрсетуі болып табылады.
139. Кіру бағдаршамдары қарсы бағытты үшкірден немесе оң бағыттамалық бұрманың шектік бағаншасынан бастап есептегенде, бірінші кіру бағыттамалық бұрмасынан 50 м-ден кем емес қашықтықта орнатылуы тиіс.
Бұрын бағыттамалық бұрмадан 50 м-ден кем, бірақ 15 м-ден жақын емес қашықтықта орнатылған кіру бағдаршамдары тұрған орындарынан ауыстырылмайды.
Электрлендірілген учаскелерде кіру бағдаршамдары, сондай-ақ «Станция шегі» деген сигналдық белгілер аралықтардың түйіспелі торабын станциялардың түйіспелі торабынан бөліп тұрған ауалық аралықтардың алдына (аралық жағынан) орнатылуы тиіс.
140. Шығу бағдаршамдары әр жөнелту жолдары үшін кеткелі жатқан поезд локомотивінің тұрақтауына арналған орынның алдына орнатылуы тиіс.
Станцияларда поездарды ұзындығы жеткіліксіз жолдардан жөнелткен кезде, поездың басы шығу бағдаршамының сыртына шығып кеткен жағдайда оның сырт жағынан бағдаршамның қайталағыш қалпақшасын орнатуға рұқсат етіледі.
Поездардың тоқтаусыз өтуі өткізілетін жолдардан басқа жолдар тобы үшін топтық шығу және маршруттық бағдаршамдарды орнатуға рұқсат етіледі. Топтық кіру және маршруттық бағдаршамдары поезды жөнелту рұқсат етілетін жолдың нөмірі көрсетілетін маршруттық нұсқағыштармен толықтырылуы тиіс.
141. Автоматтық бұғаттаудың өтпелі бағдаршамдары блок-учаскелер арасындағы шектерде, ал жартылай автоматтық бұғаттаудың өту бағдаршамдары қосынаралық аралығындағы шектерде орнатылады.
Автоматты локомотивтік сигнализациясы сигнализация мен байланыстың жеке құралы ретінде қолданылатын учаскелерде блок-учаскелердің шекарасында «Блок-учаскесінің шегі» деген сигналдық белгілер орнатылады.
Қосжолды аралықтарда локомотивтік бағдаршамның сигналдары бойынша теріс жолмен қозғалған кезде, дұрыс жолмен қозғалу үшін орнатылған автобұғаттау бағдаршамы блок-учаскенің шегі болып табылады.
142. Станцияларда поездарды қабылдау және жөнелту маршруттарына кіретін бағыттамалардың кіру, шығу және маршруттық бағдаршамдарымен өзара тәуелділігі болуы тиіс.
143. Аралықтарда басты жолдан тарайтын тармақтардың жол бұғаттауының немесе электрлік жезлді жүйенің құрылғылары бар болған жағдайда осы құрылғылармен ең жақын тұрған өтпелі немесе шығу бағдаршамын ашуды немесе жезлді алуды басты жол бойынша бағыттамалардың қалыпты жағдайында ғана мүмкін ететіндей байланыста болады.
144. Бір деңгейдегі қиылысулар және желілердің қосылыстары, сондай-ақ ажыратылмалы көпірлер тиісінше шектік бағаншалардан немесе көпірдің басынан 50 м-ден жақын болмайтын қашықтықта екі жағынан орнатылған паналағыш бағдаршаммен қоршалады.
Бір деңгейдегі қиылысулар және желілердің қосылыстары кезінде қоршау бағдаршамдарының олардың біреуін ашылуы қайшы маршруттар тыйым салушы көрсетулері кезінде ғана мүмкін болатындай өзара тәуелділілігі болады.
145. Автоматты немесе жартылай автоматты бұғаттауы бар учаскелерде орналасқан, басты және қабылдау-жөнелту жолдары бойынша поездарды тоқтатусыз өткізу көзделетін станцияларда кіру және маршруттық бағдаршамдарда бос жолдар бойынша поездарды тоқтаусыз өткізудің сигнализациясы қолданылуы тиіс.
146. Аралықтар жол бұғаттауымен, ал жекелеген учаскелерде аралықтағы екі бағыт бойынша локомотивтік бағдаршамдардың сигналдары бойынша жүргізілетін дербес сигнализация және байланыс құралы ретінде қолданылатын автоматты локомотивтік сигнализациямен жабдықталады.
147. Автоматты және жартылай автоматты бұғаттау және радиобұғаттаудың құрылғылары олар қоршап тұрған блок-учаскені (станцияаралық немесе қосынаралық аралықты) жылжымалы құрам босатқанға дейін шығу немесе өтпелі бағдаршамның ашылуына, сондай-ақ негізгі электрмен жабдықтаудан резервтегі немесе керісінше ауысу нәтижесінде бағдаршамның өздігінен жабылуына жол бермеуі тиіс.
148. Автоматтық немесе жартылай автоматты бұғаттаумен және радиобұғаттаумен жабдықталған біржолды аралықтарда станцияда шығу бағдаршамын ашқаннан соң дәл осы аралыққа қарсы бағытпен поездарды жөнелту үшін шығу және өтпелі бағдаршамдарын ашу мүмкіндігіне жол берілмейді.
Сигналдардың осындай өзара тәуелділігі әр жол бойынша екіжақты қозғалысты жүзеге асыру үшін автоматтық және жартылай автоматтық бұғаттаумен жарақтандырылған қосжолды және көпжолды аралықтарда болуы тиіс.
Автобұғаттаумен жарақтандырылған қосжолды ендірмелері бар біржолды учаскелерде, сондай-ақ қозғалысы автобұғаттау бағдаршамдарының көрсетулері бойынша бір бағытта жүзеге асырылатын жүктасымалдылығы қарқынды желілердің қосжолды және көпжолды аралықтарында локомотивтік бағдаршамдарының сигналдары бойынша қарсы бағытта (теріс жол бойынша) қозғалысты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін құрылғылар көзделеді. Қолданылатын техникалық шешімдеріне байланысты бұл құрылғылар тұрақты жұмыс істейді немесе жөндеу, құрылыстық және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде іске қосылады.
Автоматты бұғаттау кезінде барлық бағдаршамдар олар қоршап тұрған блок-учаскелерге поезд кірген кезде, сондай-ақ осы учаскелердің рельс тізбектерінің бүтіндігі бұзылған жағдайда автоматты түрде тыйым салу көрсетуін қабылдайды.
149. Жол бұғаттауымен жарақтандырылған учаскелерде орналасқан станцияларда бұл құрылғылардың шаруашылықтық поездарға арналған жезл - кілттері, ал поездарды итермейтін локомотивті қайтарып алып, итермелеу қолданылатын жартылай автоматтық бұғаттауы бар учаскелердің станцияларда - итергіш локомотивтерге де арналатын жезл - кілттері болуы тиіс.
Автоматты бұғаттаумен жарақтандырылған біржолды желілерде, сондай-ақ әр жол бойынша екі жақты автобұғаттаумен жарақтандырылған қос жолды аралықтарда, маневрлік жұмыс маневр жасаушы құрамның станция шегінен шығуы арқылы жүргізілетін станцияларда автоматтық бұғаттаудың құрылғылары қажет болғанда оларға қатысы бар маневрлік бағдаршамдармен толықтырылады.
150. Автоматты және жартылай автоматты бұғаттаумен және радиобұғаттаумен жарақтандырылған желілерде орналасқан станцияларда:
1) бос емес жолға қойылған маршрут кезінде кіру бағдаршамының ашылуына жол бермейтін;
2) басқару аппараттарында жолдар мен бағыттамалардың бос еместігін бақылауын қамтамасыз ететін құрылғылар болуы тиіс.
151. Жартылай автоматтық бұғаттау кезінде станцияларда:
1) жөнелту маршрутында оқшауланған бағыттамалық учаскелердің бостығын бақылауды олардың ақаулылығына байланысты ажырататын;
2) жабылып қалған шығу бағдаршамын, егер поезд одан нақты түрде өтпеген болса қайтадан ашатын;
3) поездың толық құрамымен келіп жеткенінің автоматты бақылауын қамтамасыз ететін құрылғылар болуы тиіс.
152. Автоматты бұғаттау автоматты локомотивтік сигнализациямен және диспетчерлік бақылау құрылғыларымен, ал жартылай автоматты бұғаттау - жолдың белгіленген учаскелерінде автоматты локомотивтік сигнализациямен толықтырылуы тиіс.
153. Автобұғаттаумен жарақтандырылған учаскелерде поездар қозғалысына диспетчерлік бақылау жүргізу құрылғылары белгіленген қозғалыс бағытының (біржолды аралықтарда) бақылануын, блок-учаскелердің, аралық станциялардағы басты және қабылдау-жөнелту жолдарының бос еместігін, кіру және шығу бағдаршамдарының көрсетулерінің бақылауын қамтамасыз етуі тиіс.
Жаңадан енгізілетін диспетчерлік бақылау жүйелері, осы тармақта аталған талаптарға қоса, автоматика және телемеханика құрылғыларының техникалық жай- күйінің бақылауын қамтамасыз етуі тиіс.
154. Электрлік орталықтандыру құрылғылары:
1) бағыттамалар мен бағдаршамдардың өзара тұйықталуын;
2) берілген маршрутты қоршайтын бағдаршамды бір мезгілде жаба отырып, бағыттаманың кесіп өтілуін бақылау;
3) бағыттамалардың қалпын және жолдар мен бағыттамалы секциялардың бос еместігін басқару аппаратында бақылауды;
4) бағыттамалар мен бағдаршамдарды маршруттық немесе бөлек басқару мүмкіндігін;
5) маневрлік бағдаршамдардың көрсетулері бойынша маневрлік қозғалыстарды жүргізуді және бағыттамалардың жергілікті басқаруға берілуін қамтамасыз етеді.
Жаңадан енгізілетін бағыттамалар мен бағдаршамдардың электрлік орталықтандырылу жүйелері, осы тармақта аталған талаптарға қоса, автоматика және телемеханика құрылғыларының техникалық күйін бақылауды, диагностикалауды және мониторингілеуді қамтамасыз етеді.
155. Электрлік орталықтандыру құрылғылары:
1) бос емес жолға маршрут қойылған кезінде кіру бағдаршамының ашылуына;
2) жылжымалы құрамның астындағы бағыттаманың ауыстырылуына;
3) егер бағыттамалар тиісті қалыпқа қойылмаса, осы маршрут бойынша тиісті бағдаршамдардың ашылуына;
4) маршрутқа кіретін бағыттаманың ауыстырылуына немесе қойылған маршрутты шектейтін ашық бағдаршам кезінде қарсы маршрут бағдаршамының ашылуына жол бермейді.
156. Орталықтандырылған бағыттамалардың жетектері мен тұйықтағыштары:
1) бағыттамалардың шеткі жағдайларында қысылған үшкірдің рамалық рельске және айқастырманың жылжымалы өзекшесінің жақтауға тығыз жанасуын қамтамасыз етуі;
2) қысылған үшкір мен рамалық рельс немесе жылжымалы өзекшемен жақтаудың арасындағы саңылау 4 мм және одан астам болған кезде бағыттама үшкірлерінің немесе айқастырманың жылжымалы өзекшесінің тұйықталуына жол бермеуі;
3) басқа үшкірді рамалық рельстен кем дегенде 125 мм-ге бұруы тиіс.
157. Кілттік тәуелділік құрылғылары бақылау құлыптарының көмегімен бағыттамалар мен сигналдардың өзара тұйықталуын қамтамасыз етуі тиіс.
158. Бағыттамалардың бақылау құлыптары:
1) кілттің тек бағыттаманың жабық күйінде ғана алынуына жол береді;
2) бағыттамаларды тек құлыптан суырып алынған кілтте көрсетілген қалпында, үшкірдің рамалық рельске тығыз жанасқан жағдайында ғана жабады;
3) қыстырылған үшкір мен рамалық рельс арасындағы саңылау 4 мм және одан астам болғанда бағыттаманың жабылуына жол бермейді.
159. Сериясы бірдей бағыттамалық бақылау құлыптарды бір станцияның шегінде, ал ірі станцияларда - бір бағыттамалық ауданның және басқа аудандардың онымен іргелес орналасқан бағыттамалық қосындардың шегінде қолдануға тыйым салынады.
160. Диспетчерлік орталықтандыру құрылғылары:
1) бір орыннан бағыттамалар мен бағдаршамдар арқылы бірқатар станциялар мен аралықтарды басқаруды;
2) басқару аппараттарынан бағыттамалардың жағдайы мен бос еместігін, аралықтың, станцилардағы жолдардың бос еместігін бақылау, сондай-ақ кіру, маршруттық және шығу бағдаршамдары көрсетулерін қайталау және өтпелік сигнализация жұмысын бақылау;
3) поездарды қабылдау, жөнелту және маневрлерді орындау бойынша резервтік басқаруға берудің немесе маневрлерді орындау үшін бағыттамаларды жергілікті басқаруға беру;
4) поездардың орындалған қозғалысы кестесінің автоматтық жазбасын;
5) сигнализация мен байланыстың жеке құралы ретінде қолданылатын электрлік орталықтандыруға, автоматтық бұғаттауға және автоматты локомотивтік сигнализациясына және поездың толық құрамымен келіп жеткенін жартылай автоматтық бұғаттауына қойылатын талаптардың орындалуын қамтамасыз етуі тиіс.
161. Диспетчерлік орталықтандырудың жаңа жүйелері блок-учаскелердің жалған бос еместігі кезінде поезд диспетчерінің қозғалыс бағытын өзгерту мүмкіндігін, сондай-ақ автоматика және телемеханика құрылғыларының техникалық күйін бақылауды, диагностикалауды және мониторингілеуді қамтамасыз етеді.
162. Станциялық бұғаттау:
1) қосындардың поездарды және станция ішіндегі маршруттардың қабылдау және жөнелту маршруттарын әзірлеуінің дұрыстығына станция бойынша кезекші жағынан бақылау;
2) әр түрлі қосындардан басқарылатын бағыттамалар мен сигналдардың өзара тұйықталуын;
3) жаңадан енгізілетін жүйелерде автоматика және телемеханика құрылғылары жай-күйінің диагностикасын және мониторингін қамтамасыз етеді.
163. Автоматты өтпелік сигнализациясы тоқтау сигналын беруін автомобиль жолының жағына қарай бастауы тиіс, ал автоматты тоспалар және қоршау құрылғылары поездың темір жол өтпесіне келіп жетуіне дейін көлік құралдарының өтпесін алдын ала босатуы үшін қажетті уақыт ішінде өздерінің жабық қалыпқа келуі тиіс.
Поезд темір жол өтпесінен толық өтіп болғанға дейін автоматты өтпе сигнализациясы жұмыс істеуді жалғастыруы, ал автоматты шлагбаумдар жабық қалпына келіп үлгеруі тиіс.
164. Автобұғаттауы бар аралықтар және бағыттамалардың электрлік орталықтандыруы бар станциялар жол бойында жұмыс істеп жүрген қызметкерлерді поездың жақындауы туралы хабарландырудың автоматты жүйесімен жоспарларға сәйкес жабдықталады.
165. Автоматты локомотив сигнализациясы кезінде локомотивтік бағдаршамдар поезд жақындап келе жатқан жол бағдаршамдарының көрсетулеріне сәйкес көрсетулерді береді.
Тек қана локомотивтік бағдаршамдардың көрсетулері бойынша қозғалыс кезінде бұл бағдаршамдар алдағы жатқан блок-учаскелердің бос еместігіне немесе бос болуына қарай көрсетулерді береді.
Локомотивтік бағдаршамдар локомотивті, моторвагондық поезды, арнайы өздігінен жүретін жылжымалы құрамды басқару кабинасында орнатылады және сигналдық көрсетулерді тікелей машинистің өзіне және оның көмекшісіне немесе дрезина жүргізушісіне және оның көмекшісіне береді.
166. Локомотивтердегі, моторвагондық поездардағы, АЖҚ-та автоматты локомотив сигнализациясы белгіленген қозғалыс жылдамдықтарын, поездың өзінен-өзі жылжып кетуін және машинист қырағылығын мерзімді түрде тексерілуін бақылауды қамтамасыз ететін қауіпсіздік құрылғыларымен толықтырылуы тиіс. Машинист локомотивті, моторвагонды поезды, АЖҚ-ты, ал дрезина жүргізушісі дрезинаны басқару қабілетінен айырылған жағдайларда, аталған құрылғылар тыйым салушы көрсетуі бар жол бағдаршамының алдында поездың автоматты түрде тоқтауын қамтамасыз етуі тиіс.
167. Автобұғаттаумен немесе сигнализация мен байланыстың жеке құралы ретінде қолданылатын автоматты локомотив сигнализациямен жабдықталған учаскелерде орналасқан станцияларда басты жолдар, жолаушылар поездарын қабылдау және жөнелту жолдары, сондай-ақ поездарды тоқтатусыз өткізуге арналған қабылдау-жөнелту жолдары автоматты локомотив сигнализациясының жол құрылғыларымен жабдықталуы тиіс.
Жартылай автоматты бұғаттау кезінде жақындау учаскелері және станциялардың басты жолдары автоматты локомотив сигнализациясының жол құрылғыларымен жабдықталады.
168. Сұрыптау дөңестерінің механикаландыру және автоматтандыру құрылғылары құрамдардың есептік (жобалық) тарқатылу жылдамдығымен үздіксіз, үзіліссіз және қауіпсіз тарқатылуын қамтамасыз етуі тиіс, бұл ретте әр тежеулік ұстанымдағы тежеу құралдарының қуаты осы жылдамдықта іске асыруға мүмкіндік беруі және вагондарды сұрыптаудың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс.
169. Механикаландырылған сұрыптау дөңестеріндегі сұрыптау жолдары бойынша ағытпаларды таратудағы құрамдарды тарқатуға қатысатын бағыттамалық бұрмалар дөңестік электрлік немесе дөңестік автоматтандырылған орталықтандыруға қосылуы тиіс.
170. Дөңестік орталықтандыру:
1) бағыттамаларды жеке басқаруға;
2) құрамның тарқатылуы жүргізілетін барлық бағыттас бағыттамалардың, сондай-ақ жылжымалы құрамның тарқату аймағына шығып кетуіне жол бермейтін күзеттік бағыттамалардың электрлік тұйықталуын;
3) басқару пультінде бағыттамалардың қалпының және бағыттамалық секциялардың бос еместігінің бақылауын қамтамасыз етеді.
171.Дөңестік орталықтандыру жылжымалы құрамның астындағы бағыттаманың бұрылмауына жол бермеуі тиіс.
172. Сонымен қоса, бағыттамаларды дөңестік автоматты орталықтандыру:
1) бағдарламалық немесе маршруттық жұмыс режимдері кезінде ағытпалардың тарқауы дөңесінің тарату аймағының бағыттамаларын автоматты басқаруын;
2) бұру сәтінде үшкір және рамалық рельс арасында кедергі туындаған жағдайда ағытпаның бағыттамалық секцияға енуіне дейін бағыттаманың бақыланатын қалыпқа автоматты қайтарылуын;
3) тарату процесінде бағыттамаларды жеке басқаруға ауысу көшіру мүмкіндігін қамтамасыз етуі тиіс.
173. Автоматтандырылған дөңестік орталықтандыруы бар механикаландырылған дөңестерге қойылатын талаптарды орындауымен қатар автоматтандырылған сұрыптау дөңесінің құрылғылары:
1) құрамды жақындатудың және тарқатудың басқаруын және бақылауын;
2) ағытпалардың тарқау жылдамдығын автоматтық реттеуді;
3) құрамдарды тарқату нәтижелерін бақылап отыруды;
4) сұрыптау станциясының ақпараттық-жоспарлау жүйесімен ақпаратпен алмасуды қамтамасыз етеді.
Жаңа жүйелер, осы тармақта аталған талаптармен қоса, автоматика және телемеханика құрылғыларының техникалық жай-күйін бақылауды, диагностикалауды және мониторингілеуді қамтамасыз етеді.
174. Поездың жүрісі кезінде жылжымалы құрамның техникалық жай-күйін автоматты бақылау құралдары:
1) алдағы орналасқан станцияның кезекшісіне, ал диспетчерлік орталықтандырумен жабдықталған учаскелерде - поезд диспетчеріне поезда ақаулы жылжымалы құрамның бар-жоғы және орналасуы және ақаулылықтың түрі жөнінде ақпарат жіберілуін;
2) локомотив машинисіне поездарда ақаулы вагондардың бар-жоғы жөніндегі немесе дауыстық хабарлағыштың поезда ақаулы жылжымалы құрамның бар-жоғы жөніндегі ақпараттың жіберілуін;
3) алдағы орналасқан станцияның кезекшісіне, ал диспетчерлік орталықтандырумен жабдықталған учаскелерде - поезд диспетчеріне ақаулы жылжымалы құрамның болуы және орналасуы және ақаулықтың түрі жөніндегі ақпараттың тіркелуін қамтамасыз етуі тиіс.
175. Поездар мен вагондарда коммерциялық ақауларды автоматтық анықтау құрылғылары (поездар мен вагондарды коммерциялық тексерудің автоматтандырылған жүйесі немесе оның жекелеген элементтері - электрондық габариттік қақпалары, электронды вагон таразылары, телевизиялық бейнебақылау жүйесі):
1) ақпараттың еденүсті құрылғылардан коммерциялық тексеру пункті операторының терминалына поезда ақаулығы бар вагондардың (тиеу габариті, ашық жылжымалы құрамда жүктерді орналастыру мен бекітудің техникалық шарттары бұзылған, асыра жүктелген және т.б.) болуы және орналасуы жөнінде ақпарат жіберуді;
2) жіберілген ақпаратты қағаздағы және басқа тасығыштарға (дискеталарда, бейнетаспаларда) пайдалану және сақтау үшін бере отырып, оператордың терминалдық жабдығында тіркелуін;
3) тиісті құжаттаманың ресімделуін қамтамасыз етуі тиіс.
176. Поездар жүретін маршруттарға жылжымалы құрамның өз бетімен шығып кетуінің алдын алуға арналған құрылғылар: сақтандырушы тұйықтар, қорғағыш бағыттамалары, лақтыру табандықтары, лақтыру үшкірлері немесе лақтыру бағыттамалары оларды орталықтандыруға қосу жөніндегі осы Қағидалардың талаптарына (сақтандырғыш тұйықтар үшін - тұйыққа апаратын бағыттама) сәйкес болуы тиіс, қоршау жағдайын бақылауының болуы және жылжымалы құрам мен поездардың басқа жолдар мен қабылдау, жүру және жөнелту маршруттарына өздігімен шығып кетуін болдырмауы тиіс.
177. Магистральдық темір жол желісінің барлық учаскелерінде поездық диспетчерлік, поездық станцияаралық, станциялық, желілік-жол, бағыттамалы байланыс бар.
Автобұғаттаумен, диспетчерлік орталықтандырумен жабдықталған учаскелерде және барлық электрлендірілген учаскелерде энергодиспетчерлік және аралықтық байланыс бар.
178. Кәбілдік байланыс желілері бар учаскелерде автоматика, телемеханика және байланыс электр механиктерінің қызметтік байланысы болады.
Магистральдық темір жол желісінде байланыс үшін поездар қозғалысын, билет сатуды және желілік бөлімшелердің жұмысын басқару үшін магистральдық, жол, жолдық басқару, билеттік-диспетчерлік, вагондық-диспетчерлік, маневрлік диспетчерлік, ақпараттық-есептеу, жергілікті байланыс орнатылады.
179. Магистральдық темір жол желісінің барлық учаскелері поездық радиобайланыспен жабдықталады. Поездық радиобайланыс поезд локомотивтері, моторвагонды поездар, АЖҚ машинистерінің:
1) бүкіл диспетчерлік учаске шектерінде поезд диспетчерімен;
2) аралықты шектейтін станциялар бойынша кезекшілерімен;
3) бір аралықта жүрген қарсы бағытта және ізімен келе жатқан локомотивтердің, моторвагонды поездардың, арнайы өздігінен жүретін жылжымалы құрам машинистерімен;
4) өтпелер және деполар бойынша кезекшілермен;
5) жөндеу жұмыстарының басшылары және сигналшылармен;
6) поездар мен объектілердегі әскерилендірілген күзет атқыштарымен;
7) кабинадан шыққан кезде машинистің көмекшісімен;
8) жолаушы поезының бастығымен (механик-бригадирімен);
9) вагондарды қарап тексеруші-жөндеушілермен екі жақты сенімді байланысын қамтамасыз етуі тиіс.
180. Станциялардың жабылуы салдарынан немесе станциялар бойынша кезекшілерінің кезекшілікті тоқтатуы себебінен аралықтар ұзындығының 15 км-ден астам ұзаруы кезінде радиобайланыстың жаңа жүйелері енгізілгенге дейін поездық локомотивтердің, мотровагонды поездардың және өздігінен жүретін АЖҚ машинистерінің аралықпен жүруі кезінде поезд диспетчерімен тұрақты радиобайланысын қамтамасыз етуге рұқсат етіледі.
Магистральдық темір жол желісінің поездар қозғалысы қарқынды және диспетчерлік орталықтандыруы бар учаскелерінде енгізілетін поездық радиобайланыстың жаңа жүйелері аралықтың ұзақтығына қарамастан, осы тармақта аталған қызметкерлердің сенімді екі жақтылық байланысын қамтамасыз етеді.
181. Станцияларда технологиялық қажеттілігіне байланысты станциялық радиобайланыс, екіжақты парктік байланыс құрылғылары және жолаушыларға ақпарат беруге арналған байланыс қолданылады.
Станциялық радиобайланыс маневрлік және дөңестік радиобайланыс, станциялық технологиялық орталықтардың, вагондар мен локомотивтерге техникалық қызмет көрсету пункттері радиобайланысының, жүк аудандарының вагондарын коммерциялық қарап тексеру пункттері, контейнерлік алаңшалар, техникалық құралдарға (автоматика мен телемеханика, ақпараттандыру, байланыс, жол, түйіспе желісі) қызмет көрсету және жөндеу бойынша бригадалардың, әскерилендірілген ведомстволық күзет бөлімшелерінің радиобайланысы желілерінде екі жақты байланысты қамтамасыз етеді.
Бір станция шегінде әр түрлі маневрлік аудандар үшін бірдей радиожиіліктерді қолдануға рұқсат етілмейді.
182. Станцияның әр маневрлік ауданы және оған қызмет көрсететін локомотивтер үшін жеке радиожиілік бөлінеді.
Екі жақты парктік байланыс құрылғылары парк шегінде жақсы естілуді қамтамасыз етуі тиіс. Бұл құрылғылар магистральдық темір жол желісі аумағының сыртындағы шуылды азайту үшін бағытты түрде істеуі тиіс.
Поездық және маневрлік жұмыс жөнінде нұсқауларды беруге, сондай-ақ жолаушыларға ақпарат беру үшін арналған екіжақты парктік байланыс құрылғылары үнемі іске қосулы күйінде болуы, байланыс арналарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуі, іске қосылған күйінің бақылауы болуы тиіс.
183. Жүктасымалдылығы қарқынды желілердің учаскелері мен станцияларындағы жөндеу жұмыстарын басқару үшін жөндеуші бөлімшелерінің ішінде жұмыстарды басқарушымен, жұмыстарды басқарушының локомотивтер машинистерімен, арнайы өздігінен жүретін жылжымалы құрамның машинистерімен және тиісті қызметтің кезекші аппаратымен сенімді екіжақты байланысты қамтамасыз етуге арналған жөндеу-жедел радиобайланысы қолданылуы тиіс.
184. Поездық диспетчерлік және бағыттамалы байланысты поездар қозғалысымен байланысты емес мәселелер бойынша сөйлесуге рұқсат етілмейді.
Бағыттамалы байланыс желісіне, орындаушы орталықтандыру қосындарын, бағыттамалы қосындарды және станция бойынша кезекшіні қоспағанда, басқа телефондарды қосуға рұқсат етілмейді.
185. Поездық диспетчерлік байланысқа тек станциялар бойынша кезекшілердің, маневрлік диспетчерлердің, операторлардың, локомотив деполары, ауыстыру пункттері бойынша кезекшілердің, энергодиспетчерлердің және локомотив диспетчерлерінің, сигнализация және байланыс дистанциялары кезекші инженерлерінің ғана телефондарын қосуға рұқсат етіледі. Диспетчерлік орталықтандыруы бар учаскелерде поездық диспетчерлік байланысқа өтпелер бойынша кезекшілердің телефондарын қосуға рұқсат етіледі.
Штатында тасымалдар қызметінің кезекші қызметкерлері жоқ немесе штатында болғанымен олардың тәулік бойына кезекшілігі көзделмеген станцияларда поездық диспетчерлік байланысқа станциялар бастықтарының, автоматика мен телемеханика электр механиктері мен электр монтерлерінің пәтерлерінде орнатылған телефондарды қосуға рұқсат беріледі.
Пәтерлерде орнатылған телефондарды қосуды поезд диспетчері арнайы аспаппен және сөйлесу кезіне ғана жүргізеді.
186. Аралықтарда поездық диспетчерлік байланыс сымдарына дрезиналар жүргізушілерінің (амалсыз тоқтаған кезде), қалпына келтіру және өрт сөндіргіш поездары бастықтарының, автоматика мен телемеханика электр механиктерінің және қалпына келтіру, жол жұмыстарының және электрмен жабдықтау құрылғылары жөніндегі жұмыстар басшыларының алып жүретін телефондарын уақытша қосуға рұқсат етіледі.