241. Қалпына келтіру және өрт сөндіру поездары, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге арналған арнайы автомотрисалар мен дрезиналар тұрақты тұратын жолдарға жылжымалы құрамды қоюға рұқсат етілмейді.
10. Темір жол көлігі техникалық құралдарын, құрылыс және станциялық шаруашылығының құрылғыларын пайдалану тәртібі
242. Станциялардың жол тарамдары және техникалық жарақтандырылуы поездар қозғалысының белгіленген мөлшерлерін, поездарды қабылдау және жөнелту, жүкті, багажды, жүк-багажды тиеу, түсіру, құрамдар мен вагондарды өңдеу операцияларына арналған уақыт нормаларының орындалуын, техникалық құралдардың тиімді қолданылуын, поездардың қозғалыс қауіпсіздігін және қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуі тиіс.
243. Жолаушыларға қызмет көрсетуге арналған ғимараттардың, платформалардың сырты сәулетті, көркем болуын, жолаушылар тасымалдаумен байланысты операциялардың қауіпсіз орындалуын қамтамасыз етеді. Жолаушылар платформаларына өту үшін жаяу жүргіншілер тоннельдері немесе көпірлері орнатылуы тиіс.
Станцияларда темір жол жолдарымен бір деңгейдегі өтулер сақталған кезде бұл өтулер жаяу жүргіншілер төсемдерімен, нұсқағыштармен және ескерту жазбалармен, ал қажет болған кезде автоматты сигнализациямен жабдықталады.
244. Жолаушылар станциялары орындарды резервтеудің және билет сатудың автоматты жүйесімен, билет басу машиналары мен автоматтары жүйесімен, өзіне-өзі қызмет көрсететін сақтау камераларымен, поездар жөнелтілуінің автоматты нұсқағыштарымен, анықтамалық қондырғылармен жабдықталады.
Аралықтардағы жолаушылардың аялдау пункттерінің аспалы шатырлары немесе павильондары бар жолаушылар платформалары, қызмет көрсетілетін жолаушылар санына қарай - билет кассалары болады.
Жүк және тоңазытқыш құрылғылары жүктердің сақталуын және жүк операцияларының қолайлы орындалуын қамтамасыз етуі тиіс.
245. Поездар қозғалысымен байланысты қызметкерлерге (станциялар бойынша кезекшілерге, маневрлік диспетчерлерге, сигнализация және байланыс дистанциялары қызметкерлеріне және т.б.) тағайындалған қызметтік ғимараттар мен үй-жайларда жұмыс істеу үшін қажетті жағдайлар қамтамасыз етілуі тиіс.
Станциялар бойынша кезекшілердің қызметтік үй-жайларында басқару және бақылау аспаптары, соның ішінде автоматтандырылған жұмыс орнының станция бойынша кезекшінің жұмысына тікелей қатысы бар аппаратурасы, сондай-ақ жарық беруді орталықтандырып басқару және секциялық ажыратқыштарды қашықтан басқару пульттері, поезд жүріп келе жатқанда жылжымалы құрамның техникалық күйін автоматты бақылау құралдарының тіркеуші аппаратурасы орнатылады.
Жолаушыларға, жүк жөнелтушілерге және жүк алушыларға қызмет көрсететін қызметкерлерге арналған үй-жайлар, операцияларды тез орындау үшін қолайлы қолжетімді болуы тиіс. Жолаушыларға қызмет көрсетуге тағайындалған үй-жайларды басқа мақсаттар үшін қолдануға рұқсат етілмейді.
246. Жолаушылар және жүк поездарының қозғалысы аралас желілерде орналасқан жолаушылар және жүк платформалары түзу учаскелерде биіктігі және жол осінен қашықтығы бойынша мына нормаларға сәйкес болуы тиіс:
1) 1100 мм - рельстер қалпақшаларының үстіңгі деңгейінен биік платформаларлар үшін;
2) 200 мм - рельстер қалпақшаларының үстіңгі деңгейінен төмен платформаларлар үшін;
3) 1920 мм - жол осінен биік платформаларлар үшін;
4) 1745 мм - жол осінен төмен платформаларлар үшін.
Пайдалану барысында осы тармақта көрсетілген нормалардың мынадай шекте өзгеруіне рұқсат етіледі: биіктігі бойынша ұлғаю жағына қарай 20 мм-ге дейін және азаю жағына қарай 50 мм-ге дейін; жол осінен қашықтық бойынша ұлғаюы жағына қарай 30 мм-ге дейін және азаю жағына қарай 25 мм-ге дейін.
247. Белгіленген нормадан артық жолаушылар және жүк платформаларының биіктігі және жол осінен белгіленген нормадан төмен қашықтық олар орналасқан жолдардың мақсатына, айналымдағы жылжымалы құрам үлгісіне және қозғалыс жылдамдығына қарай Құрылыстардың жақындау габариттерін қолдану жөніндегі нұсқаулықта белгіленеді.
Станциялар мен аралықтарда жаңадан салынып жатқан және қайта орнатылып жатқан биік платформаларда жолды машиналандырылған жөндеу және механикаландырылған жөндеу, ал станцияларда, бұдан басқа, вагондар мен локомотивтердің жүріс бөліктерін екі жағынан қарап тексеруді және жөндеуді жүргізу мүмкіндігін беретін құрылғысы болады.
Жолдарды және платформаларды жөндеу кезінде рельс бастиегінің үсті деңгейінен жолаушылар және жүк платформаларының үстіне дейінгі, сондай-ақ жол осінен платформалардың шетіне дейінгі қашықтықтың белгіленген нормаларын өзгертуге рұқсат етілмейді.
248. Бағыттамалар мен сигналдарды басқару тікелей жүзеге асырылатын станциялық қосындар тиісті бағыттамалар мен жолдар анық көрінетін жерде орнатылады. Станциялардың жергілікті жағдайларына қарай электрлік орталықтандыру қосындары үшін (дөңестік қосындардан басқа) ерекшелік ретінде рұқсат етіледі.
249. Орталықтандырудың станциялық қосындарының және бағыттамалық қосындарының үй-жайларында қажетті сигнал аспаптары, мүкәммал, құрал-саймандар мен материалдар болады. Бағыттамалық қосындар, бұдан басқа, телефон байланысының сыртқы шақырту құрылғыларымен жабдықталады.
250. Сұрыптау дөңестері бағдаршамдық сигнализациямен, радиобайланыспен, сөйлесу және дөңестік локомотивтер машинистеріне, құрастыру бригадалары мен басқа қызметкерлерге қажетті нұсқаулар беру үшін екі жақты парктік байланыс құрылғыларымен жабдықталған.
Сұрыптау дөңестері жұмыс көлеміне қарай вагондарды таратуды механикаландыру және автоматтандыру құрылғыларымен, бағыттамалардың дөңестік орталықтандыруымен, дөңестік автоматты локомотив сигнализациямен және қажетті құжаттарды беруге және таратуға арналған құрылғылармен жабдықталады. Дөңестік орталықтандыруға енгізілетін барлық бағыттамалар механикаландырылған тазарту немесе қарды еріту құрылғылармен жабдықталған.
Автоматтық және механикаландырылған дөңестері бар станцияларда дөңестік жабдықтарға техникалық қызмет көрсетуге және оларды жөндеуге арналған шеберханалар мен механикаландырылған алаңдар болады.
251. Барлық сұрыптау станциялары, сондай-ақ жолаушылар, учаскелік және жүк станциялары, жұмыс көлеміне байланысты, станцияішілік диспетчерлік байланыспен, маневрлік және станциялық радиобайланыстың басқа түрлерімен және маневрлік қозғалыстар туралы нұсқауларды беру үшін, сондай-ақ маневрлік диспетчерлердің, станциялар бойынша кезекшілердің, поезд құрастырушылардың, маневрлік локомотивтер машинистерінің, станциялық технологиялық орталықтар, техникалық қызмет көрсету пункттері, коммерциялық қарап тексеру пункттерінің, жүк аудандары мен контейнерлік алаңдар және арнайы өздігінен жүретін жылжымалы құрам қызметкерлерінің маневрлік жұмысты ұйымдастыру, техникалық қызмет көрсету, коммерциялық қарап тексеру және поездардағы вагондарды жөндеу мәселелері бойынша сөйлесуі үшін екіжақты парктік байланыс құрылғыларымен жабдықталған.
Сұрыптау, учаскелік және жүк станциялары жұмыс көлеміне қарай, бұдан басқа, автоматты басқару жүйелерімен, ақпараттық-есептеу желісі бар байланыс құралдарымен, тасымалдау құжаттарын қабылдау және тасымалдауға арналған және тексеріліп және жөнделіп жатқан құрамдарды қоршауға арналған құрылғылармен, ал станциялардың вокзалдары жолаушыларға ақпарат беруге арналған байланыс құрылғыларымен жабдықталады.
252. Станцияларда жолаушыларға қызмет көрсетуге арналған құрылыстарға, поездарды қабылдау және жөнелту, тиеу-түсіру және маневрлік жұмысты жүргізу, жылжымалы құрамды жарақтандыру, техникалық қызмет көрсету және жөндеу жолдары мен парктеріне, жүк аудандарына, контейнерлік алаңдарға, сұрыптау платформаларына, вагондық таразыларға, қарап тексеру мұнараларына, габариттік қақпаларға, поездар мен вагондардағы коммерциялық ақаулықтарды автоматты анықтау құрылғыларына, сондай-ақ қызметкерлер поездарды қарсы алатын жерлерге, бағыттамалы алқымдарға, қоймаларға, өтпелерге, жолдар мен пункттерге жарық берілуі тиіс. Жарық беру белгілеген нормаларға сәйкес болады және поездар қозғалысының және маневрлік қозғалу қауіпсіздігін, вагонға отырғызған және вагоннан түскен кезде жолаушылардың қауіпсіздігін және қызмет көрсетуші персоналдың толассыз және қауіпсіз жұмысын және жүктің, багаждың және жүк-багаждың күзетілуін қамтамасыз етеді.
253. Жүк жұмысының көлемі аз аралық станцияларда тиеу-түсіру және өзге станциялық жолдардың сыртқы жарығын бұл жолдарда жүк және маневрлік жұмыстары жүргізілмей жатқан кезде секциялап ажырату құрылғылары болуы тиіс.
Жолаушылардың аялдама пункттерінде жолаушылар отыратын және түсетін жерлерде жарық болуы тиісті.
Сыртқы жарық сигналдық оттардың анық көрінуіне кедергі келтірмеуі тиіс.
11. Темір жол көлігі инфракұрылымын қарап тексеру және жөндеу тәртібі
254. Құрылыстарды, құрылғыларды және қызметтік-техникалық ғимараттарды қарап тексеруді оларға тікелей қызмет көрсететін қызметкерлер, сондай-ақ осы құрылыстар мен құрылғылар қарауында болатын кәсіпорын басшылары жүргізеді.
Қарап тексеру нәтижелері және анықталған кемшіліктерді жою үшін қажетті іс-шаралар ақаулықтарды жою және межеленген іс-шараларды орындау мерзімдері белгіленетін арнайы журналға енгізіледі.
255. Жолды, түйіспе желісін және автоматика мен телемеханика және байланыс құрылғыларын және басқа құрылыстар мен құрылғыларды жөндеу жөніндегі, поездардың қозғалыс кестесінде көзделмеген уақыт кезінде орындалатын жұмыстар аралықты жабусыз жүргізіледі.
256. Жұмыстардың басшысы қозғалысты тоқтатуға әкелетін жұмыстарды, сондай-ақ оларды жүргізу үшін қозғалыс кестесінде толаскездер көзделген жұмыстарды жүргізу уақытына поезд диспетчерімен тұрақты байланыс (телефондық немесе радио арқылы) орнатады.
Поездардың қозғалыс кестесіндегі толаскездер тәуліктің қараңғы кезінде көзделетін учаскелерде жұмыс басшысы жұмыстар жүргізілетін жерге жарық берілуін қамтамасыз етеді.
257. Механикаландырылған және автоматты сұрыптау дөңестерінің құрылғыларына, жолдарға және дөңестердегі басқа құрылыстар мен құрылғыларға техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу үшін ұзақтығы 0,7-1,5 сағат технологиялық толаскездер беріледі.
258. Аралықта және станцияда қозғалыс үшін кез келген кедергі (тоқтауды талап ететін жер), сондай-ақ қозғалыс үшін қауіпті, тоқтауды немесе жылдамдықты азайтуды талап ететін, жұмыстар жүргізілетін жер поездың (маневрлік құрамның) келуіне қарамастан екі жақтан да сигналдармен қоршалуы тиіс.
259. Мыналарға:
1) қозғалыс үшін қауіпті, жұмыстар жүргізілетін жер сигналдармен қоршалғанға дейін жұмыстарға кірісуге;
2) кедергі жойылғанға, жұмыстар толық аяқталғанға, жолдың, түйіспе желісінің күйі, габариттің сақталуы тексерілгенге дейін, кедергіні немесе жұмыстар жүргізілетін жерді қоршап тұрған сигналдарды алуға рұқсат етілмейді.
260. Жолдағы жұмыстар жүргізілетін жерді қоршап тұрған алып жүрілетін сигналдарды орнату және күзету үшін жұмыстар басшысы тиісті сынақтарды тапсырған қызметкерлер ішінен сигналшыларды бөледі. Сигналшыларда темір жол көлігінің басқа қызметкерлері үшін жалпыға бірдей қабылданғандардан ерекшеленетін бас киімдері болады және олар сигналдық кеудешелер киеді.
Жолдағы жұмысты кеңейтілген шеппен жүргізген кезде, сондай-ақ радиусы аз қисық учаскелерде, ойықтарда және сигналдар нашар көрінетін басқа жерлерде және поездар қозғалысы қарқынды учаскелерде жұмыс басшысы жұмыс орнын қоршайтын сигналдар жанындағы қызметкерлермен байланыс (телефон немесе радио арқылы) орнатады. Сигналшыларда және жұмыс басшыларында алып жүретін радиостанциялар болады.
261. Станциялық жолдарда станция бойынша кезекшінің келісімінсіз және жұмыс басшысы Жолдарды, бағыттамалы бұрмаларды, автоматика мен телемеханика, байланыс және түйіспе желісі құрылғыларын қарап тексеру журналына алдын ала жазбастан тоқтау немесе жылдамдықты кеміту сигналдарымен қоршауды талап ететін жұмыстарды жүргізуге рұқсат етілмейді. Диспетчерлік орталықтандырумен жабдықталған учаскелерде мұндай жұмыстар көрсетілген тәртіппен, бірақ поезд диспетчерінің келісімі бойынша ғана орындалады. Мұндай жұмыстарды түйіспе желісінде кернеуді ажыратып, бірақ жол мен жасанды құрылыстардың тұтастығын бұзбастан жүргізгенде, сондай-ақ кенеттен пайда болған ақаулықтарды жою жөніндегі жұмыстарды орындаған кезде жұмыстардың басталуы және аяқталуы туралы жазба жұмыстар басшысы станция бойынша кезекшіге (диспетчерлік орталықтандыруы бар учаскелерде - поезд диспетчеріне) беретін, сол журналда тіркелетін телефонхатпен ауыстырылады.
Жұмыстар аяқталғаннан кейін құрылғыларды іске қосуды жұмыс басшысының Жолдарды, бағыттамалы бұрмаларды, автоматика мен телемеханика, байланыс және түйіспе желісі құрылғыларын қарап тексеру журналындағы жазбасы немесе станция бойынша кезекшіге берілген, кейіннен жұмыс басшысы жеке қолын қоятын, сол журналда тіркелетін телефонхаттың негізінде станция бойынша кезекші жүргізеді.
262. Жеке жолды учаскеде аралықты, ал қос жолды немесе көп жолды учаскеде бір немесе бірнеше жолды жабу, егер ол көршілес темір жол ұйымдарымен белгіленген қозғалыс мөлшерлерінің өзгеруіне алып келмесе, тиісінше Магистралдық темір жол желісінің (инфрақұрылым) операторының немесе концессия бойынша темір жол иесінің рұқсаты бойынша жүргізіледі. Егер мұндай жабу ТМД елдерінің көршілес темір жолдарына белгіленген поездар қозғалыс мөлшерлерінің өзгеруіне алып келсе, оған басқа темір жол әкімшіліктерімен келісу бойынша рұқсат беріледі.
263. Жеке жолды учаскеде аралықты, ал қос жолды немесе көп жолды учаскеде бір немесе бірнеше жолды жабу туралы кем дегенде бір тәулік бұрын жұмыстардың тиісті басшылары хабардар етіледі. Аралықты немесе жолдарды жабу және ашу жұмыстарды бастау алдында және жұмыстар аяқталғаннан кейін поезд диспетчерінің бұйрығымен жүргізіледі.
Жұмыстар басшысы аралықтың немесе жолдардың жабылғаны туралы тиісінше Магистральдық темір жол желісінің (инфрақұрылым) операторының немесе концессия бойынша темір жол иесінің жауапты қызметкері (поезд диспетчерінің) бұйрығын (жазбаша хабарлама, телефонхат немесе жеделхат нысанында) алғанға дейін және жұмыстар орны сигналдармен қоршалғанға дейін жұмыстарға кірісуге рұқсат етілмейді.
264. Аралықты немесе жолдарды ашу жол жұмыстарының немесе жасанды құрылыстардағы жұмыстардың аяқталғандығы және поездардың толассыз және қауіпсіз қозғалуы үшін кедергілердің жоқ екендігі туралы телефонхатты немесе жеделхатты бұл жұмыстарды қандай ұйымның орындағанына қарамастан жол шаруашылығы кәсіпорыны басшысының немесе ол уәкілеттік берген лауазымы жол шеберінен төмен емес қызметкердің жазбаша хабарламасынан, телефонхат немесе жеделхатынан кейін ғана жүргізіледі.
Қолданыстағы автоматика, телемеханика және телекоммуникация немесе электрмен жабдықтау құрылғыларының жұмысын қалпына келтіру тиісінше жауапты қызметкерден (автоматика, телемеханика және телекоммуникация аға электр механигінен немесе энергодиспетчерден) Магистралдық темір жол желісінің (инфрақұрылым) операторынан немесе тиісінше концессия шарттары бойынша темір жол иесінен хабарлама алғаннан кейін жүргізіледі.
265. Поездар қозғалысын, қабылдау және жөнелту, маневрлік жұмысты ұйымдастыру тәртібі уәкілетті орган бекітетін Поездар қозғалысы және маневрлік жұмыстар нұсқаулығында белгіленеді.