Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Мәдениет комитетінің «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын құру туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 20 тамыздағы № 836 қаулысы
(2003.24.11. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2013 жылғы 5 тамызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Мемлекеттің музыка өнері саласындағы мәдени-рухани аясын одан әрі дамыту және мәдениет саясатын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Мәдениет комитетінің «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын (бұдан әрі Кәсіпорын) құрылсын.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігімен бірлесіп заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) жарғысын бекіткен кезде Кәсіпорын қызметінің негізгі мәні Қазақстан халықтарының рухани, эстетикалық талаптарын қанағаттандыруға бағытталған халықтық музыка өнері саласындағы концерттік-көрермендік іс-шараларды ұйымдастыру етіп белгілесін;
2) Кәсіпорынның әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
3) осы қаулыны іске асыру жөнінде өзге де шаралар қабылдасын.
ҚР Үкіметінің 24.11.03 ж. № 1172 қаулысымен 3-тармақ өзгертілді
3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай толықтырулар енгізілсін:
1) «Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 25 маусымдағы № 790 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1996 ж., № 29, 256-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесінде:
«Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Мәдениет комитеті» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 416-жолмен толықтырылсын:
«416 «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын»;
2) «Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Мәдениет комитетінің мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 29 сәуірдегі № 500 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., № 16, 164-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Мәдениет комитетіне ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың тізбесінде:
«Концерттік ұйымдар» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 16-1-жолмен толықтырылсын:
«16-1. «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрі».
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д.К. Ахметов |