Бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау, іріктеу, іске асыруды мониторингілеу және бағалау ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 17 сәуірдегі № 545 Қаулысы
(2013.27.02. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2013 жылғы 29 тамызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 153-бабының 8-тармағына, 154-бабының 12-тармағына, 157-бабының 10-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау, іріктеу, іске асыруды мониторингілеу және бағалау ережесі бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) қарау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 18 наурыздағы № 245 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 12, 135-құжат);
2) «Басым бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тізбелерін қалыптастыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 18 наурыздағы № 247 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 12, 137-құжат).
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
ҚР Үкіметінің 2009.27.08. № 1252 Қаулысымен ереже өзгертілді (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2010.15.09. № 953 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2012.27.06. № 861 Қаулысымен (бұр.ред.қара) ереже жаңа редакцияда
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 17 сәуірдегі
№ 545 қаулысымен
бекітілген
Бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау, іріктеу, іске асыруды мониторингілеу және бағалау
ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау, іріктеу, іске асыруды мониторингілеу және бағалау ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 153-бабының 8-тармағына, 154-бабының 13-тармағына, 157-бабының 10-тармағына сәйкес әзірленді және мыналарды:
1) бюджеттік инвестициялық, оның ішінде техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуді талап етпейтін жобалар бойынша инвестициялық ұсыныстарды әзірлеу, қарау және іріктеу;
2) бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау, іріктеу;
3) техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуді талап етпейтін бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау, іріктеу;
4) сметалық құнын ұлғайту болжанатын бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау, іріктеу;
5) бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруды мониторингілеу және бағалауды жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі - бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, негіздеуге, іске асыруға және нәтижелеріне қол жеткізуге жауапты мемлекеттік орган;
2) инвестициялық ұсыныс - тиісті іс-шаралардың жиынтығын қоса алғанда, оның мақсатын, оған қол жеткізу жолдарын көрсететін, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері әзірлейтін бюджеттік инвестициялық жобаның тұжырымдамасы;
3) бюджеттік инвестициялық жоба - белгілі бір уақыт кезеңі ішінде бюджет қаражаты есебінен іске асырылатын және аяқталған сипаттағы жаңа объектілерді тұрғызуға (салуға) не қолда барларын қайта құруға, сондай-ақ ақпараттық жүйелерді құруға, енгізуге және дамытуға бағытталған іс-шаралар жиынтығы;
4) инвестициялық ұсыныстың ақпараттық парағы - бюджеттік инвестициялық жоба бойынша негізгі ақпаратты қамтитын, оны іске асыру орындылығын ашып көрсететін құжат;
5) салалық сараптама - инвестициялық ұсынысты және/немесе бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін саланы дамыту басымдықтарына сәйкестігі, сондай-ақ бюджеттік инвестициялық жобаны іске асырудың оңтайлы нұсқасын таңдау мәніне бағалау;
6) бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі - негізгі техникалық, технологиялық және өзге шешімдер, сондай-ақ негізгі техникалық-экономикалық параметрлерді айқындай отырып, пайда мен шығындарды экономикалық талдау негізінде жүргізілетін бюджеттік инвестициялық жобаның жүзеге асырыла алатындығын және тиімділігін зерттеу нәтижелері туралы мәліметтерді қамтитын құжаттама;
7) техникалық-экономикалық негіздемені түзету - техникалық жобалық құжаттаманы (жобалау-сметалық) бекіткенге дейін немесе бекітілген техникалық-экономикалық негіздемеде көзделмеген қосымша құрауыштарды енгізу қажет болған жағдайда жобалау-сметалық құжаттама белгіленгеннен кейінгі экономикалық қорытындысы бар техникалық-экономикалық негіздемедегі белгіленген техникалық-экономикалық параметрлерінің өзгеруі;
8) бюджеттік инвестициялық жобаны әзірлеуге және түзетуге арналған техникалық тапсырма - бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне қойылатын талаптарды, оның ықтимал әзірлеушісіне қойылатын біліктілік талаптарын айқындайтын, сондай-ақ бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу немесе түзету жөніндегі жұмыстардың мерзімдері мен көлемін регламенттейтін құжат;
9) инвестициялық ұсынысқа арналған экономикалық қорытынды - бюджеттік инвестициялық жоба ретінде, инвестициялық ұсыныс құрамындағы инвестициялық жобаны іске асырудың экономикалық орындылығы, жоба мақсаттарының стратегиялық және (немесе) бағдарламалық құжаттарда белгіленген экономика саласының (аясының) даму басымдықтарына сәйкестігі мәніне мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органның қорытындысы;
10) бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін экономикалық сараптау - техникалық-экономикалық негіздемеде ұсынылған ақпаратты салалық сараптама қорытындысы мен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес талап етілетін басқа да сараптамалардың қорытындылары негіздемесінде жүргізілетін жобаның іске асырылуын және тиімділігін айқындау мәніне кешенді бағалау;
11) бюджеттік инвестициялық жоба бойынша экономикалық қорытынды - бюджеттік инвестициялық жобаны іске асырудың экономикалық орындылығы, оның ел экономикасына әсері мен стратегиялық және (немесе) бағдарламалық құжаттамаларға сәйкестігі мәніне бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесінің экономикалық сараптамасы негіздемесінде дайындалған мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органның қорытындысы;
12) сметалық құн - құрылысқа арналған жобалық құжаттаманы әзірлеу кезінде сметалық нормативтерге сәйкес айқындалатын объектіні (кешенді) салу құны;
13) бюджеттік инвестициялық жобалардың мониторингі - бюджет қаражатын бөлу сәтінен бастап пайдалануға беру сәтіне дейінгі жаңа объектілерді құру (салу), қолданыстағыларын қайта құру барысы туралы ақпаратты жинау және талдау жөніндегі іс-шаралар жиынтығы;
14) бюджеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуын бағалау - пайдалануға беру сәтінен бастап жобаның мақсатына қол жеткізу дәрежесін және нақты алынған нәтижелердің жоспарланғандарға сәйкестігін айқындау жөніндегі іс-шаралар жиынтығы;
15) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның электрондық порталының бюджеттік инвестициялық жобалар мониторингісінің модулі - жоспарланған және іске асырылып жатқан бюджеттік инвестициялық жобаларды есепке алу мен мониторингті автоматтандыруға арналған ақпараттық жүйе (бұдан әрі - БИЖ электрондық порталы);
16) бюджеттік инвестициялық жобаның паспорты - бюджеттік инвестициялық жоба туралы жалпы ақпарат;
17) Гант диаграммасы - жобаның жоспары мен уақыт бойынша жұмыс дәйектілігі мен кестесінің ұзақтылығын графикалық көрсетуді безендіру үшін БИЖ электрондық порталында қолданылатын диаграмма;
18) бюджеттік инвестициялық жобаның ресурстық және инфрақұрылымдық қамтамасыз етілуі - жобаның ресурстық және инфрақұрылымдық қамтамасыз етілу қажеттілігінің жоспарланған және қол жеткізілген деңгейін сипаттайтын көрсеткіштер;
19) бюджеттік инвестициялар бойынша қаржыландыру көздері - бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған республикалық және/немесе жергілікті бюджеттердің қаражаты, оның ішінде сыртқы нарықтарда қарыз алу, концессиялық жобаларды бірлесіп қаржыландыру және мемлекеттің заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысуы.
2. Бюджеттік инвестициялық, оның ішінде техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуді талап етпейтін жобалар бойынша
инвестициялық ұсыныстарды әзірлеу, қарау және іріктеу тәртібі
1. Техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуді талап ететін бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша инвестициялық ұсыныстарды әзірлеу, қарау және іріктеу тәртібі
3. Инвестициялық ұсыныстарды әзірлеу, қарау және іріктеу үдерісі мынадай негізгі кезеңдерді қамтитын іс-шаралар кешенін білдіреді:
1) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің инвестициялық ұсыныстарды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органға беруі;
2) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органның тиісті бөлінетін бюджеттік бағдарламасының қаражаты есебінен жүзеге асырылатын бюджеттік инвестициялық жобалардың тізбесін қалыптастыру және бекіту, техникалық-экономикалық негіздемелерін (бұдан әрі - ТЭН) әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізу.
4. Инвестициялық ұсыныстарды әзірлеуді мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының жобаларын әзірлеу кезеңінде бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жүзеге асырады.
5. Инвестициялық ұсыныстар мынадай құжаттарды қамтуы тиіс:
1) инвестициялық ұсыныстың ақпараттық парағы;
2) бюджеттік инвестициялық жобаның ТЭН-ін әзірлеудің немесе түзетудің, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізудің құнын негіздейтін ақпарат;
3) бекітілген бюджеттік инвестициялық жобаның ТЭН-і бойынша өзгеруі болжамданған техникалық шешімдер көрсетілген салыстырма кестесі, сондай-ақ бюджеттік инвестициялық жобаның бекітілген ТЭН-і (бюджеттік инвестициялық жобаның ТЭН-і түзетілген жағдайда);
4) бюджеттік инвестициялық жобаның ТЭН-ін әзірлеуге немесе түзетуге, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізуге техникалық тапсырма;
5) инвестициялық ұсыныстың салалық сараптамасы.
6. Инвестициялық ұсыныстың ақпараттық парағы бюджеттік инвестициялық жоба (бұдан әрі - БИЖ) мақсаттарының стратегиялық және (немесе) бағдарламалық құжаттарда белгіленген экономика саласын (аясын) дамыту басымдықтарына сәйкестігі туралы ақпаратты, оның негізгі көрсеткіштерін қоса алғанда, БИЖ бойынша жалпы ақпаратты қамтиды.
7. Инвестициялық ұсынысқа ақпараттық парақ осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұсынылады.
8. БИЖ ТЭН-ін әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ қажетті сараптамалар жүргізу құнын негіздеу үшін мыналар ұсынылады:
1) құрамдауыштар және оларды әзірлеу мерзімдері бөлінісінде БИЖ ТЭН-ін әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ қажетті сараптамалар жүргізу құнының есептеме-негіздемесі;
2) экономикалық сараптамаларды қоспағанда, құнын және тиісті сараптаманы жүргізетін ұйымды көрсете отырып, қажетті сараптамалардың тізбесі.
9. Байланыс және ақпараттандыру саласындағы БИЖ-дің ТЭН-ін жасау немесе түзету құнының есептеме-негіздемесі, сондай-ақ ТЭН-нің тиісті сараптамасын өткізу ақпараттандыру және байланыс саласындағы орталық уәкілетті орган бекітетін ақпараттық жүйелер құнын бағалау әдістемесіне сәйкес келуі керек.
10. Түзету болжамданған БИЖ ТЭН-ін қарау үшін бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мемлекеттік органның бірінші басшысының, не оны алмастыратын тұлғаның, не жауапты хатшының қолы қойылған БИЖ ТЭН-і бойынша өзгертуге болжамданған техникалық шешімдер және/немесе қосымша шығыстар және олар бойынша тиісті негіздемелер көрсетілген салыстырма кестені, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіпте бұдан бұрын бекітілген БИЖ ТЭН-ін ұсынады.
11. БИЖ ТЭН-ін әзірлеуге немесе түзетуге техникалық тапсырма мемлекеттік жоспарлау жөніндегі, байланыс және ақпараттандыру саласында және сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органдар белгілейтін БИЖ ТЭН-ін әзірлеуге немесе түзетуге, сондай-ақ қажетті сараптамалар жүргізуге қойылатын талаптар негізінде жасалады.
Сондай-ақ техникалық тапсырма жобасында мыналар көрсетіледі:
1) мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес БИЖ ТЭН-ін ықтимал әзірлеушіге қойылатын біліктілік талаптары;
2) мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес қолдану саласы және әзірлеушінің міндеттерін шектеу;
3) БИЖ ТЭН-ін әзірлеудің немесе түзетудің, сондай-ақ оған қажетті сараптамалар жүргізудің болжамды мерзімдері.
12. Инвестициялық ұсыныстың салалық сараптамасының қорытындысы мыналарды қамтуы тиіс:
1) оның одан әрі дамуына әсер ететін саланың ағымдағы жай-күйінің проблемаларын бағалау;
2) БИЖ іске асыру болжанатын қазіргі саяси, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және басқа да жағдайларды бағалау;
3) өнімге/қызметке қазіргі және болжамды (БИЖ-дің тіршілік циклі кезеңіне) сұраныстың немесе осы өңірдегі бәсекелестікті ескере отырып, әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктің көрсеткіштерін бағалау;
4) инженерлік-көліктік инфрақұрылымның (теміржол магистральдары, автомобиль жолдары, құбыр жолдар, электр, жылу желілері, су құбырлары, газ құбырлары және басқа инфрақұрылым) болуын бағалау;
5) негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен БИЖ орналасқан жерін және әсер ету саласын сипаттайтын көрсеткіштерді бағалауды, оның ішінде БИЖ іске асыру үшін қажетті ресурстардың (шикізаттың) болуын және олардың құнын бағалау және бөлуге жоспарланған жер учаскелерін БИЖ талаптарына сәйкестігін бағалау;
6) БИЖ таңдаудың негіздемесімен бірге проблеманы шешу нұсқасын таңдау кезінде оны шешудің оңтайлы жолы ретінде қаралған балама нұсқаларды бағалау;
7) БИЖ іске асырылған және іске асырылмаған жағдайдағы экономика саласындағы (аясындағы) ахуалдың ықтимал нұсқаларын бағалау;
8) БИЖ басқарудың институционалдық схемасын бағалау (негізгі қатысушылар, олардың өзара іс-қимылының схемасы, пайда мен шығындарды бөлу, теңгерім ұстаушылар, инвестициялық және инвестициялаудан кейінгі кезеңдерде БИЖ басқару схемасы);
9) БИЖ бойынша болжамды қатерлерді және оларды азайту жөніндегі іс-шараларды бағалау;
10) БИЖ бойынша есептемелердің негізділігін бағалау.
13. Егер БИЖ-ді республикалық бюджеттің қаражаты есебінен іске асыру ұсынылған жағдайда, инвестициялық ұсыныстың салалық сараптамасын салалық орталық мемлекеттік орган жүргізеді.
14. Егер БИЖ жергілікті бюджет немесе жоғары тұрған бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттері мен кредиттер есебінен іске асыру ұсынылған жағдайда, инвестициялық ұсыныстың салалық сараптамасын жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын салалық жергілікті атқарушы орган жүргізеді.
15. Ақпараттандыру саласындағы БИЖ бойынша ақпараттандыру және байланыс саласындағы уәкілетті органның инвестициялық ұсынысының салалық сараптамасының қорытындысы талап етіледі.
16. Инвестициялық ұсыныстың салалық сараптамасына тиісті саланың мемлекеттік органының бірінші басшысы не оны алмастыратын тұлға, не жауапты хатшы қол қояды және Қазақстан Республикасының ресми құжаттарға арналған заңнамасымен белгіленген тәртіпте рәсімделеді.
17. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері осы Ереженің 5-тармағында көрсетілген құжаттар қоса берілген БИЖ-дің ТЭН-ін әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізуге арналған жоспарланатын инвестициялық ұсыныстарды қалыптастырады және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органға ұсынады.
Осы Ереженің 5-тармағында көрсетілген құжаттардың әрбір парағы, инвестициялық ұсынысты жасауға жауапты бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің құрылымдық бөлімшесінің басшысымен қол қойылады. Электронды құжат айналымының бірыңғай жүйесі үшін файлдар оны редакциялауға мүмкіндік бермейтін электронды қорғалған форматта беріледі.
18. Болуы инвестициялық ұсынысқа экономикалық қорытынды жүргізу үшін қажетті құжаттар болмаған жағдайда, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті орган құжаттар пакеті түскен сәттен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде оларды бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне қайтарады.
19. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті орган бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің инвестициялық ұсыныстарын БИЖ-дің ТЭН-ін жасаудың (түзетудің) экономикалық орындылығына, жоба мақсаттарының саланың (аяның) даму басымдықтарына, белгіленген стратегиялық және (немесе) бағдарламалық құжаттарға сәйкестігіне 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде қарайды және олар бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне экономикалық қорытындыны жібереді.
20. БИЖ бойынша инвестициялық ұсынысқа экономикалық қорытындыны мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті орган осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұсынады және мынадай негізгі мәліметтерді қамтиды:
1) жоба бойынша жалпы ақпарат;
2) стратегиялық жоспарда айқындалған міндеттерді орындаудан күтілетін нәтиже;
3) қаржыландыру көздері мен көлемі;
4) жобаны басқарудың институционалдық схемасының пысықталуы (іске асыру барысында да, инвестициялаудан кейінгі кезеңде де барлық жобаға қатысушылар туралы ақпарат, олардың өзара іс-қимылы);
5) тікелей нәтиженің өлшенетін (сандық) көрсеткіштерінің болуы;
6) БИЖ-дің ТЭН-ін әзірлеудің немесе түзетудің, сондай-ақ қажетті сараптамалар жүргізу құны есептемелерінің-негіздемесі;
7) қорытындылар.
21. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органға БИЖ-дың ТЭН-ін әзірлеуге және түзетуге, сондай-ақ қажет сараптаманы жүргізуге оң экономикалық қорытындысы негізінде оң экономикалық қорытынды алынған ағымдағы жылы, немесе келесі жоспарланған қаржылық жылы БИЖ-дың ТЭН-ін әзірлеуге және түзетуге, сондай-ақ қажет сараптаманы жүргізуге бөлініп жатқан бюджеттік бағдарлама бойынша қаражат бөлудің қажеттілігі туралы хатты ұсынады.
22. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджеттік инвестициялық жобаларды БИЖ-дың ТЭН-ін әзірлеуге немесе түзетуге, сондай-ақ олардың техникалық-экономикалық негіздемелеріне қажетті сараптамалар жүргізуге арналған оң экономикалық қорытындының негізінде инвестициялық ұсыныстар бойынша қорытындыларды және бюджеттік бағдарлама әкімшісін қаржыландыру хаттарын қалыптастырады және Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
23. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган инвестициялық ұсыныстарды қарау нәтижелері бойынша қорытындыларды БИЖ-дің ТЭН-ін әзірлеуге немесе түзетуге, сондай-ақ қажетті сараптама жургізуді және бюджеттік бағдарлама әкімшісін қаржыландыру хаттарын қалыптастырады, және оларды бюджет комиссиясының қарауына жібереді.
24. Тиісті бюджет комиссиясының қарауына шығарылатын инвестициялық ұсыныстар бойынша қорытынды мынадай негізгі мәліметтерді қамтуы тиіс:
1) БИЖ (-дердің) атауы;
2) бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің қаржыландыруына ұсынылатын БИЖ-дің (-дердің) ТЭН-ін әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізу құны;
3) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның қаржыландыруына ұсынылатын БИЖ-дің (-дердің) ТЭН-ін әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізу құны;
4) БИЖ-дің (-дердің) Қазақстан Республикасының стратегиялық және (немесе) бағдарламалық құжаттарына сәйкестігі;
5) мақсаттарды орындаудан күтілетін нәтиже.
25. Инвестициялық ұсыныстарда қамтылған бюджет комиссиялары мақұлдаған БИЖ бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті орган БИЖ-ді әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізу мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органның тиісті бөлінетін бюджеттік бағдарламасының қаражаты есебінен жүзеге асырылатын ТЭН тізбесін қалыптастырады.
26. БИЖ тізбесі, әрбір жоба бойынша атауы мен қаржыландыру сомасы қамтылған, БИЖ-дің ТЭН-ін әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізуді дайындалуын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті орган жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен және жергілікті атқарушы органның нормативтік құқықтық актісімен бекітіледі.
27. Осы Ережеде белгіленген тәртіпте тиісті бюджеттік комиссияның ұсынысымен БИЖ-дің техникалық-экономикалық параметрлері өзгерген жағдайда, БИЖ ТЭН-і бекітілгенге дейін инвестициялық жобалар мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті орган бұрын мақұлдаған инвестициялық ұсыныстарға қосымша ұсыныстар енгізуге және қорғауға рұқсат етіледі.
Егер БИЖ-ді ТЭН бекіткенге дейін БИЖ-дің экономикалық параметрлері өзгерген жағдайда, БИЖ-дің ТЭН-ін әзірлеу, сондай-ақ қажетті сараптама жүргізу БИЖ тізбесінде бұрын қарастырылған қаражат шегінде, ТЭН әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ сараптамасын қажет ететін тиісті мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органның тиісті бөлу бюджеттік бағдарламасы қаражаты есебінен жүзеге асырылды.
2. Техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуді талап етпейтін бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша инвестициялық ұсыныстарды әзірлеу, ұсыну және іріктеу тәртібі
28. ТЭН әзірлеуді талап етпейтін жобалар бойынша инвестициялық ұсыныстарды әзірлеуді мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының жобасын әзірлеу кезеңінде бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жүзеге асырады.
29. ТЭН әзірлеуді талап етпейтін әрбір БИЖ бойынша инвестициялық ұсыныс мынадай құжаттардан тұрады:
1) БИЖ-дің ақпараттық парағы;
2) Жобаның ТЭН-ін әзірлеуді талап етпейтін жобалар бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы (бұдан әрі - ЖСҚ) әзірлеу (байланыстыру) және оған сараптама жүргізу бойынша есептемелер мен негіздемелер (ЖСҚ жоқ жағдайда);
3) жобалауға тапсырма (ЖСҚ жоқ жағдайда);
4) ЖСҚ-ға мемлекеттік сараптама және ЖСҚ-ны бекіту туралы бұйрық (ЖСҚ болған жағдайда);
5) инвестициялық ұсыныстың салалық сараптамасы.
30. Ақпараттық парақ жоба мақсаттарының стратегиялық және (немесе) бағдарламалық құжаттарында белгіленген экономика саласын (аясын) дамыту басымдықтарына сәйкестігі туралы ақпаратты, оның негізгі қаржылық өлшемдерін қоса алғанда, БИЖ бойынша жалпы ақпаратты қамтиды.
31. Инвестициялық ұсынысқа ақпараттық парақ осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұсынылады.
32. БИЖ-дің ТЭН-ін әзірлеуді талап етпейтін жобалар бойынша ЖСҚ әзірлеу (байланыстыру) бойынша негіздеуші есептемелер тиісті негіздеуші құжаттама қоса берілген есептемелерді қамтуы тиіс.
33. ТЭН әзірлеуді талап етпейтін жобалар бойынша инвестициялық ұсыныстың салалық сараптамасының қорытындысы мыналарды қамтуы тиіс:
1) оның одан әрі дамуына әсер ететін саланың ағымдағы жай-күйінің проблемаларын бағалау;
2) БИЖ-ді іске асыру көзделетін қазіргі саяси, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және басқа да жағдайларды бағалау;
3) өнімге/қызметтерге қазіргі және болжамды (БИЖ-н-дің тіршілік циклі кезеңіне) сұраныстың немесе осы өңірдегі бәсекелестікті ескере отырып, әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктің көрсеткіштерін бағалау;
4) инженерлік-көліктік инфрақұрылымның (теміржол магистральдары, автомобиль жолдары, құбыржолдар, электр, жылу желілері, су құбырлары, газ құбырлары және басқа инфрақұрылым) болуын бағалау;
5) негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді және БИЖ-нің орналасқан жерін және әсер ету саласын сипаттайтын көрсеткіштерді бағалауды, оның ішінде БИЖ-ді іске асыру үшін қажетті ресурстардың (шикізаттың) болуын және олардың құнын бағалау және бөлуге жоспарланған жер учаскелерінің БИЖ-дің талаптарына сәйкестігін бағалау;
6) БИЖ-ді іске асырудың экономиканың сабақтас салаларына (аясына) болжамды әсерін бағалау;
7) БИЖ-ді таңдаудың негіздемесімен бірге проблеманы шешу нұсқасын таңдау кезінде оны шешудің оңтайлы жолы ретінде қаралған балама нұсқаларды бағалау;
8) БИЖ іске асырылған және іске асырылмаған жағдайдағы экономика саласындағы (аясындағы) ахуалдың ықтимал нұсқаларын бағалау;
9) БИЖ басқарудың институционалдық схемасын бағалау (негізгі қатысушылар, олардың өзара іс-қимылының схемасы, пайда мен шығындарды бөлу теңгерім ұстаушылар, инвестициялық және инвестициялаудан кейінгі кезеңдерде БИЖ-ні басқару схемасы);
10) БИЖ бойынша болжамды қатерлерді және оларды азайту жөніндегі іс-шараларды бағалау;
11) БИЖ бойынша есептемелердің негізділігін бағалау.
34. Егер БИЖ-ді республикалық бюджет қаражаты есебінен іске асыру ұсынылған жағдайда, инвестициялық ұсыныстың салалық сараптамасын салалық орталық мемлекеттік орган жүргізеді.
35. Егер БИЖ-ді жергілікті бюджет қаражаты есебінен немесе жоғары тұрған бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттері мен кредиттер есебінен іске асыру ұсынылған жағдайда, инвестициялық ұсыныстың салалық сараптамасын жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын салалық жергілікті атқарушы орган жүргізеді.
36. Инвестициялық ұсыныстың салалық сараптамасына тиісті саланың мемлекеттік органының бірінші басшысы не оны алмастыратын тұлға, не жауапты хатшы қол қояды және Қазақстан Республикасының ресми құжаттарға арналған заңнамасымен белгіленген тәртіпте рәсімделеді.