Бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау, іріктеу, іске асыруды мониторингілеу және бағалау ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 17 сәуірдегі № 545 Қаулысы
(2010.15.09. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2012 жылғы 27 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 153-бабының 8-тармағына, 154-бабының 12-тармағына, 157-бабының 10-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау, іріктеу, іске асыруды мониторингілеу және бағалау ережесі бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) қарау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 18 наурыздағы № 245 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 12, 135-құжат);
2) «Басым бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тізбелерін қалыптастыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 18 наурыздағы № 247 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 12, 137-құжат).
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
ҚР Үкіметінің 2009.27.08. № 1252 Қаулысымен ереже өзгертілді (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2010.15.09. № 953 Қаулысымен ереже жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 17 сәуірдегі
№ 545 қаулысымен
бекітілген
Бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау, іріктеу, іске асыруды
мониторингілеу және бағалау
ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау, іріктеу, іске асыруды мониторингілеу және бағалау ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 153-бабының 8-тармағына, 154-бабының 13-тармағына, 157-бабының 10-тармағына сәйкес әзірленді және мыналарды:
бюджеттік инвестициялық, оның ішінде техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуді талап етпейтін жобалар бойынша инвестициялық ұсыныстарды әзірлеу, қарау және іріктеу тәртібін;
бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау, іріктеу тәртібін;
техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуді талап етпейтін бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау, іріктеу тәртібін;
сметалық құнын ұлғайту болжанатын бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау, іріктеу тәртібін;
бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруды мониторингілеу және бағалауды жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар қолданылады:
1) бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі - бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, негіздеуге, іске асыруға және нәтижелеріне қол жеткізуге жауапты мемлекеттік орган;
2) инвестициялық ұсыныс — тиісті іс-шаралардың жиынтығын қоса алғанда, оның мақсатын, оған қол жеткізу жолдарын көрсететін, бюджеттік инвестициялық жобаны одан әрі дайындау мақсатында бюджеттік бағдарламалар әкімшілері әзірлейтін бюджеттік инвестициялық жобаның тұжырымдамасы;
3) бюджеттік инвестициялық жоба - белгілі бір уақыт кезеңі ішінде бюджет қаражаты есебінен іске асырылатын және аяқталған сипаттағы жаңа объектілерді тұрғызуға (салуға) не қолда барларын реконструкциялауға, сондай-ақ ақпараттық жүйелерді құруға, енгізуге және дамытуға бағытталған іс-шаралар жиынтығы;
4) инвестициялық ұсыныстың ақпараттық парағы - бюджеттік инвестициялық жоба бойынша негізгі ақпаратты қамтитын, оны іске асыру орындылығын ашып көрсететін құжат;
5) салалық сараптама - инвестициялық ұсынысты және/немесе бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін саланы дамыту басымдықтарына сәйкестігі, сондай-ақ бюджеттік инвестициялық жобаны іске асырудың оңтайлы нұсқасын таңдау мәніне бағалау;
6) бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі - негізгі техникалық, технологиялық және өзге шешімдер, сондай-ақ негізгі техникалық-экономикалық параметрлерді айқындай отырып, пайда мен шығындарды экономикалық талдау негізінде жүргізілетін бюджеттік инвестициялық жобаның жүзеге асырыла алатындығын және тиімділігін зерттеу нәтижелері туралы мәліметтерді қамтитын құжаттама;
7) техникалық-экономикалық негіздемені түзету - техникалық шешімдердің өзгеруіне және қосымша шығыстарға алып келетін жобалық құжаттаманы (жобалау-сметалық) бекіткенге дейін немесе бекітілген техникалық-экономикалық негіздемеде көзделмеген қосымша компоненттерді енгізу қажет болған жағдайда жобалау-сметалық құжаттама бекітілгеннен кейінгі бекітілген техникалық-экономикалық негіздемедегі жобаның белгіленген техникалық-экономикалық параметрлерінің өзгеруі;
8) бюджеттік инвестициялық жобаны әзірлеуге және түзетуге арналған техникалық тапсырма - бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне қойылатын талаптарды, оның ықтимал әзірлеушісіне қойылатын біліктілік талаптарын айқындайтын, сондай-ақ бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу немесе түзету жөніндегі жұмыстардың мерзімдері мен көлемін регламенттейтін құжат;
9) техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуді талап ететін жобалар бойынша инвестициялық ұсынысқа арналған экономикалық қорытынды - бюджеттік инвестициялық жобаны іске асырудың экономикалық орындылығы, жоба мақсаттарының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда белгіленген экономика саласының (аясының) даму басымдықтарына сәйкестігі мәніне мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның қорытындысы;
10) бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін экономикалық сараптау - техникалық-экономикалық негіздемеде ұсынылған ақпаратты салалық сараптама қорытындысы мен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес талап етілетін басқа да сараптамалардың қорытындылары негізінде жүргізілетін жобаның іске асырылуын және тиімділігін айқындау мәніне кешенді бағалау;
11) бюджеттік инвестициялық жобаның экономикалық қорытындысы - бюджеттік инвестициялық жобаны іске асырудың экономикалық орындылығы, оның ел экономикасына әсері мен стратегиялық және бағдарламалық құжаттамаларға сәйкестігі мәніне бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесінің экономикалық сараптамасы негізінде дайындалған мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның қорытындысы;
12) сметалық құн - құрылысқа арналған жобалық құжаттаманы әзірлеу кезінде сметалық нормативтерге сәйкес айқындалатын объектіні (кешенді) салу құны;
13) бюджеттік инвестициялық жобалардың мониторингі - бюджет қаражатын бөлу сәтінен бастап пайдалануға беру сәтіне дейінгі жаңа объектілерді құру (салу), қолданыстағыларын реконструкциялау барысы туралы ақпаратты жинау және талдау жөніндегі іс-шаралар жиынтығы;
14) бюджеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуын бағалау - пайдалануға беру сәтінен бастап жобаның мақсатына қол жеткізу дәрежесін және нақты алынған нәтижелердің жоспарланғандарға сәйкестігін айқындау жөніндегі іс-шаралар жиынтығы;
15) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның Электрондық порталының бюджеттік инвестициялық жобалар мониторингісінің модулі - жоспарланған және іске асырылып жатқан бюджеттік инвестициялық жобаларды есепке алу мен мониторингті автоматтандыруға арналған ақпараттық жүйе (бұдан әрі - БИЖ электрондық порталы);
16) бюджеттік инвестициялық жобаның паспорты - бюджеттік инвестициялық жоба туралы жалпы ақпарат;
17) диаграмма - жобаның жоспары мен уақыт бойынша жұмыс дәйектілігі мен кестесінің ұзақтылығын графикалық көрсетуді иллюстрациялау үшін БИЖ электрондық порталында қолданылатын диаграмма;
18) бюджеттік инвестициялық жобаның ресурстық және инфрақұрылымдық қамтамасыз етілуі - жобаның ресурстық және инфрақұрылымдық қамтамасыз етілу қажеттілігінің жоспарланған және қол жеткізілген деңгейін сипаттайтын көрсеткіштер;
19) бюджеттік инвестициялар бойынша қаржыландыру көздері - бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған республикалық және/немесе жергілікті бюджеттердің қаражаты, оның ішінде сыртқы нарықтарда қарыз алу, концессиялық жобаларды бірлесіп қаржыландыру және мемлекеттің заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысуы.
2. Бюджеттік инвестициялық, оның ішінде техникалық-экономикалық
негіздеме әзірлеуді талап етпейтін жобалар бойынша инвестициялық ұсыныстарды әзірлеу, қарау және іріктеу
тәртібі
1. Бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша инвестициялық
ұсыныстарды әзірлеу, қарау және іріктеу тәртібі
3. Инвестициялық ұсыныстарды әзірлеу, қарау және іріктеу үдерісі мынадай негізгі кезеңдерді қамтитын іс-шаралар кешенін білдіреді:
1) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің инвестициялық ұсыныстарды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға беруі;
2) бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның тиісті бөлінетін бюджеттік бағдарламасының қаражаты есебінен жүзеге асырылатын бюджеттік инвестициялық жобалардың тізбесін қалыптастыру және бекіту, техникалық-экономикалық негіздемелерін (бұдан әрі - ТЭН) әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізу.
4. Инвестициялық ұсыныстарды әзірлеуді мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының жобаларын әзірлеу кезеңінде бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жүзеге асырады.
5. Инвестициялық ұсыныстар мынадай құжаттарды қамтуы тиіс:
1) инвестициялық ұсыныстың ақпараттық парағы;
2) бюджеттік инвестициялық жобаның ТЭН-ін әзірлеудің немесе түзетудің, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізудің құнын негіздейтін ақпарат;
3) бекітілген бюджеттік инвестициялық жобаның ТЭН-і бойынша өзгеруі болжамданған техникалық шешімдер көрсетілген салыстырма кестесі, сондай-ақ бюджеттік инвестициялық жобаның ТЭН-і (бюджеттік инвестициялық жобаның бекітілген ТЭН-і түзетілген жағдайда);
4) бюджеттік инвестициялық жобаның ТЭН-ін әзірлеуге немесе түзетуге, сондай-аң оларға қажетті сараптамалар жүргізуге техникалық тапсырма;
5) инвестициялық ұсыныстың салалық сараптамасы.
6. Инвестициялық ұсыныстың ақпараттық парағы бюджеттік инвестициялық жоба (бұдан әрі - БИЖ) мақсаттарының Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарында белгіленген экономика саласын (аясын) дамыту басымдықтарына сәйкестігі туралы, оның ішінде саладағы (аядағы) проблемаларды шешудің ықтимал жолдары туралы ақпаратты, оның негізгі көрсеткіштерін қоса алғанда, БИЖ бойынша жалпы ақпаратты қамтиды.
7. Ақпараттық парақ осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұсынылады.
8. БИЖ ТЭН-ін әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ қажетті сараптамалар жүргізу құнын негіздеу үшін мыналар ұсынылады:
1) құрамдауыштар және оларды әзірлеу мерзімдері бөлінісінде БИЖ ТЭН-ін әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ қажетті сараптамалар жүргізу құнының есептеме-негіздемесі;
2) құнын және тиісті сараптаманы жүргізетін ұйымды көрсете отырып, қажетті сараптамалардың тізбесі.
9. Түзету болжамданған БИЖ ТЭН-ін қарау үшін бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мемлекеттік органның бірінші басшысының қолы қойылған БИЖ ТЭН-і бойынша өзгертуге болжамданған техникалық шешімдер және/немесе қосымша шығыстар және олар бойынша тиісті негіздемелер көрсетілген салыстырма кестені, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіпте бұдан бұрын бекітілген БИЖ ТЭН-ін ұсынады.
10. БИЖ ТЭН-ін әзірлеуге немесе түзетуге техникалық тапсырма мемлекеттік жоспарлау жөніндегі және сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органдар белгілейтін БИЖ ТЭН-ін әзірлеуге немесе түзетуге, сондай-ақ қажетті сараптамалар жүргізуге қойылатын талаптар негізінде жасалады.
Сондай-ақ техникалық тапсырма жобасында мыналар көрсетіледі:
мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес БИЖ ТЭН-ін ықтимал әзірлеушіге қойылатын біліктілік талаптары;
мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес қолдану саласы және әзірлеушінің міндеттерін шектеу;
БИЖ ТЭН-ін әзірлеудің немесе түзетудің, сондай-ақ оған қажетті сараптамалар жүргізудің болжамды мерзімдері;
Инвестициялық ұсыныстың салалық сараптамасының қорытындысы мыналарды қамтуы тиіс:
1) оның одан әрі дамуына әсер ететін саланың ағымдағы жай-күйінің проблемаларын бағалау;
2) БИЖ іске асыру болжанатын қазіргі саяси, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және басқа да жағдайларды бағалау;
3) өнімге/қызметке қазіргі және болжамды (БИЖ-дің тіршілік циклі кезеңіне) сұраныстың немесе осы өңірдегі бәсекелестікті ескере отырып, әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктің көрсеткіштерін бағалау;
4) инженерлік-көліктік инфрақұрылымның (теміржол магистральдары, автомобиль жолдары, құбыр жолдар, электр, жылу желілері, су құбырлары, газ құбырлары және басқа инфрақұрылым) болуын бағалау;
5) негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен БИЖ орналасқан жерін және әсер ету саласын сипаттайтын көрсеткіштерді бағалауды, оның ішінде БИЖ іске асыру үшін қажетті ресурстардың (шикізаттың) болуын және олардың құнын бағалау және бөлуге жоспарланған жер учаскелерін БИЖ талаптарына сәйкестігін бағалау;
6) БИЖ таңдаудың негіздемесімен бірге проблеманы шешу нұсқасын таңдау кезінде оны шешудің оңтайлы жолы ретінде қаралған балама нұсқаларды бағалау;
7) БИЖ іске асырылған және іске асырылмаған жағдайдағы экономика саласындағы (аясындағы) ахуалдың ықтимал нұсқаларын бағалау;
8) БИЖ басқарудың институционалдық схемасын бағалау (негізгі қатысушылар, олардың өзара іс-қимылының схемасы, пайда мен шығындарды бөлу, теңгерім ұстаушылар, инвестициялық және инвестициялаудан кейінгі кезеңдерде БИЖ басқару схемасы);
9) БИЖ бойынша болжамды қатерлерді және оларды азайту жөніндегі іс-шараларды бағалау;
10) БИЖ бойынша есептемелердің негізділігін бағалау.
11. Егер БИЖ-ді республикалық бюджеттің қаражаты есебінен іске асыру ұсынылған жағдайда, инвестициялық ұсыныстың салалық сараптамасын салалық орталық мемлекеттік орган жүргізеді.
12. Егер БИЖ жергілікті бюджет немесе жоғары тұрған бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттері мен кредиттер есебінен іске асыру ұсынылған жағдайда, инвестициялық ұсыныстың салалық сараптамасын жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын салалық жергілікті атқарушы орган жүргізеді.
13. Ақпараттандыру және байланыс саласындағы БИЖ бойынша ақпараттандыру және байланыс саласындағы уәкілетті органның инвестициялық ұсынысының салалық сараптамасының қорытындысы талап етіледі.
14. Инвестициялық ұсыныстың салалық сараптамасына тиісті саланың мемлекеттік органының бірінші басшысы не оны алмастыратын тұлға қол қояды.
15. БИЖ-дің ТЭН-ін әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізу жоспарланатын жылдың 25 сәуірінен кешіктірмей бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері осы Ереженің 5-тармағында көрсетілген құжаттар қоса берілген инвестициялық ұсыныстарды қалыптастырады және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға ұсынады.
16. Болуы инвестициялық ұсынысқа экономикалық қорытынды жүргізу үшін қажетті құжаттар болмаған жағдайда, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган құжаттар пакеті түскен сәттен бастап жеті жұмыс күні ішінде оларды бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне қайтарады.
17. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің инвестициялық ұсыныстарын инвестициялық ұсыныстарды қараудың және іріктеудің тиісті әдістемелері бойынша, оның ішінде шығындар мен пайданы талдау негізінде (бұл әдістемені қолдану мүмкін болғанда) жиырма жұмыс күні ішінде қарайды және олар бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне экономикалық қорытындыны жібереді.
18. БИЖ бойынша инвестициялық ұсыныстар бойынша экономикалық қорытындыны мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұсынады және мынадай негізгі мәліметтерді қамтиды:
1) жоба бойынша жалпы ақпарат;
2) стратегиялық жоспарда айқындалған міндеттерді орындаудан күтілетін нәтиже;
3) қаржыландыру көздері мен көлемі;
4) жобаны басқарудың институционалдық схемасының пысықталуы (іске асыру барысында да, инвестициялаудан кейінгі кезеңде де барлық жобаға қатысушылар туралы ақпарат, олардың өзара іс-қимылы);
5) тікелей нәтиженің өлшенетін (сандық) көрсеткіштерінің болуы;
6) БИЖ-дің ТЭН-ін әзірлеудің немесе түзетудің, сондай-ақ қажетті сараптамалар жүргізу құны есептемелерінің-негіздемесі;
7) қорытындылар.
19. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға 15 мамырдан кешіктірмей бюджеттік өтінімдер құрамында инвестициялық ұсыныстар мен олар бойынша оң экономикалық қорытындыны ұсынады.
20. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган инвестициялық ұсыныстар бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның қорытындысы бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің инвестициялық ұсыныстарын олардың қаржы қаражатымен қамтамасыз етілуі, бюджет заңнамасында көзделген растайтын құжаттарының болуы тұрғысынан қарайды және кейіннен тиісті бюджет комиссиясының қарауына енгізу үшін олар бойынша қорытынды дайындайды.
Тиісті бюджет комиссиясының қарауына шығарылатын инвестициялық ұсыныстар бойынша қорытынды мынадай негізгі мәліметтерді қамтуы тиіс:
1) БИЖ-дің (-дердің) атауы;
2) бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің қаржыландыруына ұсынылатын БИЖ-дің (-дердің) ТЭН-ін әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізу құны;
3) бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның қаржыландыруына ұсынылатын БИЖ-дің (-дердің) ТЭН-ін әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізу құны;
4) БИЖ-дің (-дердің) Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарына сәйкестігі;
5) БИЖ-дің (-дердің) ТЭН-ін әзірлеуге немесе түзетуге, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізуге техникалық тапсырманы бағалау;
6) нәтиже көрсеткіштерін бағалау.
21. Инвестициялық ұсыныстарда қамтылған бюджет комиссиялары мақұлдаған БИЖ бойынша бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган БИЖ-ді әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізу бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның тиісті бөлінетін бюджеттік бағдарламасының қаражаты есебінен жүзеге асырылатын ТЭН тізбесін қалыптастырады.
22. БИЖ тізбесі, әрбір жоба бойынша атауы мен қаржыландыру сомасы қамтылған, БИЖ-дің ТЭН-ін әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізуді дайындалуын бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен және жергілікті атқарушы органның нормативтік құқықтық актісімен бекітіледі.
2. Техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуді талап етпейтін
бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша инвестициялық
ұсыныстарды әзірлеу, ұсыну және іріктеу тәртібі
23. ТЭН әзірлеуді талап етпейтін жобалар бойынша инвестициялық ұсыныстарды әзірлеуді мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының жобасын әзірлеу кезеңінде бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жүзеге асырады.
24. ТЭН әзірлеуді талап етпейтін әрбір БИЖ бойынша инвестициялық ұсыныс мынадай құжаттардан тұрады:
1) БИЖ-дің ақпараттық парағы;
2) БИЖ-дің ТЭН-ін әзірлеуді талап етпейтін жобалар бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы (бұдан әрі - ЖСҚ) әзірлеу (байланыстыру) және оған сараптама жүргізу бойынша есептемелер мен негіздемелер;
3) жобалауға тапсырма;
4) инвестициялық ұсыныстың салалық сараптамасы.
25. Ақпараттық парақ жоба мақсаттарының Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарында белгіленген экономика саласын (аясын) дамыту басымдықтарына сәйкестігі туралы, оның ішінде саладағы (аядағы) проблемаларды шешудің ықтимал жолдары туралы ақпаратты, оның негізгі қаржылық өлшемдерін қоса алғанда, БИЖ бойынша жалпы ақпаратты қамтиды.
26. Ақпараттық парақ осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұсынылады.
27. БИЖ-дің ТЭН-ін әзірлеуді талап етпейтін жобалар бойынша ЖСҚ әзірлеу (байланыстыру) бойынша негіздеуші есептемелер тиісті негіздеуші құжаттама қоса берілген есептемелерді қамтуға тиіс.
28. ТЭН әзірлеуді талап етпейтін жобалар бойынша инвестициялық ұсыныстың салалық сараптамасының қорытындысы мыналарды қамтуы тиіс:
1) оның одан әрі дамуына әсер ететін саланың ағымдағы жай-күйінің проблемаларын бағалау;
2) БИЖ-ді іске асыру көзделетін қазіргі саяси, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және басқа да жағдайларды бағалау;
3) өнімге/қызметтерге қазіргі және болжамды (БИЖ-н-дің тіршілік циклі кезеңіне) сұраныстың немесе осы өңірдегі бәсекелестікті ескере отырып, әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктің көрсеткіштерін бағалау;
4) инженерлік-көліктік инфрақұрылымның (теміржол магистральдары, автомобиль жолдары, құбыржолдар, электр, жылу желілері, су құбырлары, газ құбырлары және басқа инфрақұрылым) болуын бағалау;
5) негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді және БИЖ-нің орналасқан жерін және әсер ету саласын сипаттайтын көрсеткіштерді бағалауды, оның ішінде БИЖ-ді іске асыру үшін қажетті ресурстардың (шикізаттың) болуын және олардың құнын бағалау және бөлуге жоспарланған жер учаскелерінің БИЖ-дің талаптарына сәйкестігін бағалау;
6) БИЖ-ді іске асырудың экономиканың сабақтас салаларына (аясына) болжамды әсерін бағалау;
7) БИЖ-ді таңдаудың негіздемесімен бірге проблеманы шешу нұсқасын таңдау кезінде оны шешудің оңтайлы жолы ретінде қаралған балама нұсқаларды бағалау;
8) БИЖ іске асырылған және іске асырылмаған жағдайдағы экономика саласындағы (аясындағы) ахуалдың ықтимал нұсқаларын бағалау;
9) БИЖ басқарудың институционалдық схемасын бағалау (негізгі қатысушылар, олардың өзара іс-қимылының схемасы, пайда мен шығындарды бөлу теңгерім ұстаушылар, инвестициялық және инвестициялаудан кейінгі кезеңдерде БИЖ-ні басқару схемасы);
10) БИЖ бойынша болжамды қатерлерді және оларды азайту жөніндегі іс-шараларды бағалау;
11) БИЖ бойынша есептемелердің негізділігін бағалау.
29. Егер БИЖ-ді республикалық бюджет қаражаты есебінен іске асыру ұсынылған жағдайда, инвестициялық ұсыныстың салалық сараптамасын салалық орталық мемлекеттік орган жүргізеді.
30. Егер БИЖ-ді жергілікті бюджет қаражаты есебінен немесе жоғары тұрған бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттері мен кредиттер есебінен іске асыру ұсынылған жағдайда, инвестициялық ұсыныстың салалық сараптамасын жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын салалық жергілікті атқарушы орган жүргізеді.
31. Инвестициялық ұсыныстың салалық сараптамасына тиісті саланың мемлекеттік органының бірінші басшысы не оны алмастыратын тұлға қол қояды.
32. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері ЖСҚ әзірлеу (байланыстыру) және сараптама жүргізу жоспарланатын жылдың 25 сәуіріне дейін кешіктірмей осы Ереженің 24-тармағында көрсетілген құжаттармен бірге ТЭН әзірлеуді талап етпейтін жобалар бойынша инвестициялық ұсыныстардың тізбесін қалыптастырады және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға ұсынады.
33. Болуы ТЭН-ді әзірлеуді талап етпейтін инвестициялық ұсынысқа экономикалық қорытынды жүргізуге қажетті құжаттар болмаған жағдайда, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган құжаттар пакеті түскен сәттен бастап жеті жұмыс күні ішінде оларды бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне қайтарады.
Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің ТЭН әзірлеуді талап етпейтін БИЖ бойынша инвестициялық ұсыныстарды қараудың және іріктеудің тиісті әдістемелері бойынша, оның ішінде шығындар мен пайданы талдау негізінде (бұл әдістемені қолдану мүмкін болғанда) жиырма жұмыс күні ішінде қарайды және олар бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне экономикалық қорытындыны жібереді.
ТЭН әзірлеуді талап етпейтін жобалар бойынша инвестициялық ұсыныстар бойынша экономикалық қорытындыны мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұсынылады.
34. Тиісті бюджет комиссиясының қарауына шығарылатын инвестициялық ұсыныстар бойынша қорытынды мынадай негізгі мәліметтерді қамтуы тиіс:
1) қажетті құжаттаманың болуы;
2) бюджеттік инвестициялардың басымдықтарына сәйкестігі;
3) БИЖ-ді басқарудың институционалдық схемасының пысықталуы (іске асыру барысында да, инвестициялаудан кейінгі кезеңде де барлық жобаға қатысушылар туралы ақпарат, олардың өзара іс-қимылы);
4) тікелей нәтиженің (белгілі бір көлемде өнім шығару, қызметтер көрсету) және түпкілікті нәтиженің (оларды алушылар үшін өндірілген өнімнің, көрсетілген қызметтердің әсері) өлшенетін (сандық) көрсеткіштердің болуы;
5) қатерлерді бағалау тұрғысынан БИЖ-ді іске асыру мүмкіндігі.
35. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган инвестициялық ұсыныстарды олардың қаржы қаражатымен қамтамасыз етілуі, бюджет заңнамасында көзделген растайтын құжаттарының болуы тұрғысынан қарайды және кейіннен тиісті бюджет комиссиясының қарауына енгізу үшін олар бойынша қорытынды дайындайды.
3. Бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау және іріктеу тәртібі
1. Бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау тәртібі
36. БИЖ-ді қарауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган және сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп айқындайтын БИЖ-дің ТЭН-ін әзірлеуге немесе түзетуге, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізуге қойылатын талаптарға сәйкес әзірленген ТЭН және БИЖ-дің ТЭН-ге экономикалық сараптама қорытындысы негізінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.