Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығының нормаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 26 шілдедегі № 859 Қаулысы
Осы редакция 2013 жылғы 23 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 13-бабының 9) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығының нормалары бекітілсін.
2. «Азаматтық әуе кемелерінің ұшу жарамдылығы нормаларын белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 6 қыркүйектегі № 779 қаулысының күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К.Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 26 шілдедегі
№ 859 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің ұшу жарамдылығының
нормалары
1-бөлім. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің ұшу жарамдылығының нормалары (бұдан әрі - Нормалар) «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 13-бабының 9) тармақшасына сәйкес азаматтық әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігінің деңгейін арттыру мақсатында әзірленді және азаматтық әуе кемелерінің (бұдан әрі - ӘК) конструкциясына, параметрлеріне және ұшу сапасына қойылатын негізгі талаптарын белгілейді.
2. Осы Нормалар азаматтық әуе кемелеріне, азаматтық әуе кемелерінің қозғалтқыштары мен жабдықтарына қолданылады және мемлекеттік стандарттарды, техникалық тапсырмаларды және азаматтық әуе кемесінің техникалық шарттарын әзірлеу кезінде міндетті болып табылады.
3. Осы Нормалардың талаптары Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерін конструкциялау, өндіру, сынау, сертификаттау, техникалық қызмет көрсету және жөндеу кезінде олардың меншік нысанына қарамастан Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, кәсіпорындарының, ұйымдары мен мекемелерінің орындауы үшін міндетті.
4. Осы Нормалардан ауытқуды, егер жекелеген нормаларды орындамау белгіленген тәртіппен сертификатталған және орындаушы мен тапсырыс беруші қабылдаған ұшу жарамдылығының баламалы деңгейін қамтамасыз ететін басқа шаралармен өтелетін болса, Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган қолайлы деп таниды.
2. Негізгі анықтамалар
5. Осы Нормаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) ұшу жарамдылығы нормалары - ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған азаматтық әуе кемесінің конструкциясына, параметрлеріне және ұшу сапасына, азаматтық әуе кемесінің қозғалтқыштары мен жабдықтарына қойылатын талаптар;
2) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және азаматтық және эксперименталдық авиация қызметі саласында басшылық етуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
3) әуе кемесі - жер (су) бетінен қайтарылған ауамен әрекеттесуді болғызбай, ауамен өзара әрекеттесу есебінен атмосферада қалықтайтын аппарат;
4) тапсырыс беруші - азаматтық ӘК-ге тапсырыс беруші және (немесе) оны пайдаланушы Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдары, азаматтық авиация ұйымдары;
5) орындаушы (дайындаушы) - авиациялық техникалардың тәжірибелі үлгісін жобалауды, жасауды және ӘК сериялық шығаруды, қозғалтқыштар мен жабдықтарды шығаруды жүзеге асыратын ұйым;
6) сертификаттау - әуе кеңістігін пайдалану және авиациялық қызмет саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамаларының талаптарына ӘК-тің сәйкестігін растау;
7) үлгі сертификаты (бұдан әрі - ұшу жарамдылығының үлгі сертификаты) - азаматтық әуе кемесі үлгісінің ұшу жарамдылығы нормаларына сәйкестігін растайтын құжат;
8) сәйкестілік кестесі - ӘК-і үлгілерінің, қозғалтқышының, жабдығының осы Нормалардың талаптарына сәйкестілігі туралы куәландыратын құжат;
9) азаматтық ӘК-тің ұшу жарамдылығы сертификаты - азаматтық ӘК-тің осы Нормаларға сәйкестігін куәландыратын, уәкілетті орган берген құжат;
10) ӘК ұшу жарамдылығының экспорттық сертификаты - ӘК данасының дайындаушы мемлекеттің немесе ӘК тізілімде тұрған тіркеу мемлекетінің ұшу жарамдылығы нормаларының талаптарына сәйкестігін куәландыратын құжат;
11) бұйымдардың жарамдылығы туралы куәлік немесе сертификат - қозғалтқыш немесе жабдық үлгісінің осы Нормаларға сәйкестігін куәландыратын құжат;
12) үлгілік конструкция - осы Нормаларға сәйкестігі зауыттық, мемлекеттік пен пайдалану сынақтарының нәтижелері бойынша белгіленген ӘК конструкциясы;
13) ұшу жарамдылығы - ӘК-тің қауіпсіздігі мен ұшу сапасын қамтамасыз ететін ұшу-техникалық сипаттамаларға сәйкес келетін, оның техникалық жай-күйі;
14) ӘК-тің ұшуы - ӘК-тің ұшу кезіндегі екпіндеуінен бастап (тік ұшу кезінде жер немесе су бетінен көтерілуі) жүрісі аяқталғанға (ұшу-қону жолағын аялдаусыз босату) немесе тік қону кезінде жер (су) бетіне жанасқанға дейінгі жер (су) бетімен және әуе кеңістігіндегі қозғалысы;
15) пайдаланудың күтілетін жағдайлары - осы Нормаларда айқындалған есептік жағдайлар, пайдалану шектеулері мен ӘК-ті сертификаттау кезінде оның осы үлгісі үшін белгіленген ұшудың ұсынылатын режимдері;
16) шекті шектеулер - қандай да болмасын жағдайларда олардан тыс шығуға жол берілмейтін ұшу режимдерінің шектеулері;
17) пайдалану шектеулері - ӘК пайдалану процесінде олардың шектерінен әдейі шығуға жол берілмейтін параметрлердің шарттары, режимдері мен мәндері;
18) ұсынылатын ұшу режимдері - ӘК-ні ұшу пайдалануы жөніндегі басшылықта белгіленген пайдалану шектеулері шегіндегі ұшу режимдері;
19) ӘК функционалдық жүйесі - міндеттелген жалпы функцияларды орындауға арналған өзара байланысты бұйымдар жиынтығы;
20) істен шығу жай-күйі (бұдан әрі - функционалдық істен шығу) - осы жай-күйге әкелген себептерге қарамастан оның функциясының белгілі бір бұзылуымен сипатталатын жалпы жүйенің жұмысқа қабілетсіз жай-күйінің түрі;
21) ресурс - пайдаланудан бастап немесе ӘК-ті пайдалануды тоқтатқанға немесе тоқтата тұрғанға дейінгі жөндеуден кейін жаңғыртылуынан атқарымы;
22) атқарым - ұшу кезіндегі сағаттарда, ұшулар/қонулар санында немесе басқа бірліктерде көрсетілетін ӘК ұшуда және жердегі жағдайларда пайдалану ұзақтығы;
23) шекті жай-күй - қауіпсіздік талаптары бұзылуына немесе берілген параметрлердің белгіленген шектерден шығуына немесе пайдалану тиімділігінің рұқсат етілгеннен төмендетілуіне байланысты конструкцияны одан әpi пайдалану тоқтатылатын кездегі оның жай-күйі;
24) белгіленген ресурс - қол жеткізілген кезде пайдаланылуы оның жай-күйіне қарамастан тоқтатылуы тиіс оның сомалық атқарымы;
25) есептен шығарғанға дейінгі ресурс - шектік жағдаймен байланысы пайдаланудың басынан ӘК-тің есептен шығарылуына дейінгі оның ресурсы;
26) зақымдану - одан соң белгілі бip шамадағы жүктемеге төтеп бере алатындай мүмкіндігі сақталатын жартылай бұзылулар; тоза бастаған зақымданулар - тозудан туындаған зақымдалулар;
27) тозу - қасиеттерінің өзгеруіне, сызаттардың пайда болуы мен дамуына әкелетін ауыспалы жүктемелік жұмыс істеулер әрекетін конструкциясыда (элементінде, материалында) зақымданулардың біртіндеп жиналу процесі;
28) тозу беріктігі (тозуға төтеп бергіштік) - тоза бастауға төтеп беретін конструкцияның (элементінің, материалының) қасиеті;
29) төзімділік - конструкцияның (элементінің, материалының) тоза бастаудан зақымданулар пайда болуы мен дамуына төтеп беретін қасиеті (тоза бастаудан зақымданулар пайда болғанға дейінгі кезеңдегі төзімділік, тоза бастаудан зақымданулар дамыған кезеңдегі төзімділік);
30) өміршеңдік - конструкцияның (элементінің, материалының) зақымданулар бар болған кезде (оның ішінде тоза бастаудан) беріктігін сақтап қалу қасиеті;
31) қалдық беріктік - зақымданулар бар болған кезде конструкцияның (элементінің, материалының) беріктігі;
32) қауіпсіз зақымданулар - қалдық беріктігін рұқсат етілген деңгейден төмендетпейтін конструкцияның зақымдануы;
33) төзімділікке сынақтар - конструкцияға ауыспалы жүктемелерді көп мәрте түсіру арқылы төзімділіктің сандық сипаттамаларын эксперименттік анықтау;
34) өміршеңдіккe сынақтар - жартылай зақымдалған конструкцияның қалдық беріктігін эксперименттік анықтау;
35) төзімділік шарттары бойынша пайдалануға рұқсат етілген атқарым - конструкцияны арнайы қараусыз шектерінде қауіпсіздіктің (қалдық беріктікті рұқсат етілген деңгейден төмендететін тозу зақымданулардың болуымен сипатталатын жай-күйді болдырмау) қажетті деңгейі қамтамасыз етілетін атқарым;
36) өміршеңдікті есепке ала отырып, пайдаланудағы рұқсат етілген атқарым - шегінде қауіпсіздіктің қажетті деңгейін қамтамасыз ету зақымданулардың болуымен, қалдық беріктігі рұқсат етілген деңгейден төмендететін сипатталатын жай-күйді болдырмауға бағытталған конструкцияны арнайы қарауды талап ететін атқарым;
37) тоза бастаудан зақымдану - есептеу тәсілмен (мысалы, тоза бастаудан зақымдану қосудың желілік гипотезасын пайдалана отырып) анықталатын тоза бастаудың шартты шамасы;
38) тәжірибелік қозғалтқыш - мемлекеттік сынақтан өтпеген қозғалтқыш. Бұл ретте қозғалтқышты мемлекеттік сынақтан өткізу - қозғалтқыштың нормативтік-техникалық құжаттаманың талаптарына және жарамдылық туралы куәлікті ресімдеу үшін қозғалтқышты ӘК орнатқанға дейін сертификаттауды анықтайтын осы Нормаларға сәйкестігін растау мақсатында ресми комиссия орындайтын тәжірибелік қозғалтқышты сынау;
39) топтамалық қозғалтқыш - топтамалық өндіріспен жасалатын және негізгі деректері, параметрі және конструкциясы мен қолданылатын материалдары бойынша мемлекеттік сынақтан өткен және Жарамдылығы туралы куәлік алған қозғалтқышқа сәйкес келетін қозғалтқыш;
40) түрлендірілген қозғалтқыш - топтамалық қозғалтқышты, оның сипаттамасы мен ұшу жарамдылығына елеулі әсер ететіндей конструкциясын өзгертулермен топтамалы қозғалтқыштарды дамыту болып табылатын қозғалтқыш;
41) жөнделетін қозғалтқыш - жөндеуаралық ресурс шегінде оның одан әрі пайдаланылуын қамтамасыз ететін жағдайға дейін жөнделген топтамалық қозғалтқыш;
42) максимальді режим - жерде немесе шектелген уақыт ішінде ұшу кезінде максималды тартыммен (қуатпен) сипатталатын қозғалтқыш жұмысының белгіленген режимі;
43) ұшып көтерілу режимі - ӘК ұшу кезіндегі жердегі (Н=0, М =0) қозғалтқыш жұмысының максималды режимі;
44) максимальді ұзақ режим - ротордың (роторлардың) айналу жиілігінің және қозғалтқыш жалпы атқарым уақыты бойынша шектеумен жұмыс істей алатын турбина алдындағы газ температурасының максимальді режиммен салыстырғандағы төмендетілген мәндермен сипатталатын қозғалтқыш жұмысының белгіленген режимі. Бұл ретте:
максимальді ұшу және максимальді ұзақтық режимдерін қолдану жағдайлары, сондай-ақ осы режимдерде ресурс үшін атқарымның рұқсат етілетін жиынтығы Техникалық пайдалану жөніндегі басшылықта көрсетіледі.
осы режимдерді регламенттеу (оларды қолданудың жағдайлары мен ұзақтығы бойынша шектеулер) ұшқышты қауіпті жағдайда осы шектеулер шегінен шығу құқығынан айырмайды;
45) тартымның кері қимылдау режимі - қосылған кері қимылдайтын құрылғы жағдайында қозғалтқыш жұмысының орныққан режимі;
46) жердегі кіші газ режимі - жердегі ротор мен тартымның (қуаттың) минималды айналу жиілігі кезінде, оның тұрақты жұмысын және талап етілетін қабылдауыштығын қамтамасыз ететін қозғалтқыш жұмысының белгіленген режимі;
47) ұшудағы кіші газ режимі - ротордың минималды қол жетімді айналу жиілігі кезінде, қонуға кірген кездегі тартымның талап етілетін қабылдауыштығы мен шамасын қамтамасыз ететін қозғалтқыш жұмысының белгіленген режимі;
48) қабылдауыштықты тексеру режимі - ұшып көтерілу тартымының (қуаттың) 5 секунттан аспайтын, 95% жеткенге дейінгі регламенттелген қабылдағыштықтың уақытын тексертетін ұшып көтерілу режиміндегі оның мәнінен 15% аспайтын тартымы (қуаты) бар текшедегі қозғалтқыш жұмысының режимі. Бұл ретте регламенттелген қабылдағыштықтың уақытын ұшдың кіші газ режимінен, егер осы режим қозғалтқышқа белгіленсе, анықтау мүмкін болады;
49) әуе винтінің қуаты (Nв) - әуе винтінің айналуына жұмсалатын қуат;
50) эквивалентті қуат (Nэкв) - әуе винті қуатының сомасы және турбовинттік қозғалтқыштың реактивтік ағысының қуаты;
51) қалыпты іске қосу - қозғалтқыштың роторын (роторларын) жылжымайтын жай-күйден (немесе авторотация режимінен) іске қосу уақытын және техникалық құжаттамада белгіленген шектегі басқа параметрлерді сақтай отырып, кіші газ режиміне жеткенге дейін айналдырудың ауыспалы процесі;
52) жалған іске қосу - ажыратылған от алдыру жүйесі кезінде жану камерасына отын беру арқылы іске қосу құрылғысымен қозғалтқыштың роторын айналдыру;
53) салқын түрде іске қосу - қозғалтқыш ажыратылғаннан кейін екі сағаттан ерте емес немесе техникалық құжаттамада белгіленген басқа уақыт аралығында жүзеге асырылатын қалыпты іске қосу;
54) ыстық түрде іске қосу - жұмыс істеп тұрған қозғалтқышты ажыратқаннан кейін 15 минуттан кешіктірмей жүзеге асырылатын қалыпты іске қосу;
55) максимальді рұқсат етілетін айналдыру сәті (еркін турбиналы қозғалтқыштарға ғана қолданылады) - максимальді қол жетімді айналдыру сәті, оны қолдану 20 секундқа дейін уақыт кезеңі ішінде оны қолдану қозғалтқыш үшін қауіпті салдарларға әкелмейді;
56) максимальді айналдыру жиілігі - пайдаланудың күтілетін жағдайларында максимальді (ұшу) режимдегі ротордың ең жоғары айналу жиілігі;
57) газдың (қозғалтқыштың газды әуе трактісі қималарының бірінде) температурасы - газдың (осы қимадағы) тежелген ағысының орташа массалық температурасы;
58) қауіпті зардаптармен қозғалтқыштың істен шығуы - апатты жағдайларға алып келуі мүмкін істен шығулар. Қауіпті зардаптары бар істен шығуға:
сынықтары ішкі корпустарда (локализациясыз бұзылу) ұстамайтын роторлар элементтерінің бұзылуы;
локолизациясыз өрт;
тартылатын ауада (конденционерлік жүйеге) рұқсат етілетіннен астам концентрациялардан жоғары қозғалтқыш шығаратын зиянды қоспалардың ұсталуын арттыруды туындататын істен шығу;
ӘК қозғалысына қарама-қарсы бағытта рұқсат етілмейтін тартымның туындауына алып келетін істен шығу;
қозғалтқышты ажырату мүмкіндігін болдырмайтын істен шығу жатады;
59) атқарым - ұшудағы сағаттарда, ұшу циклдарының сандарда, қосу санында және т.б. көрсетілген және жердегі жағдайларда қозғалтқышты пайдалану ұзақтығы;
60) қозғалтқыштың (бөлшектерінің) белгіленген ресурсы - қозғалтқыштың (бөлшектерінің) жиынтықты атқарымы оған қол жеткен кезде пайдалану оның (олардың) жай-күйіне қарамастан тоқтатылуға тиісті;
61) негізгі бөлшектер - бұзылу немесе бұзылу салдары ӘК үшін қауіпті салдарларға алып келуі мүмкін бөлшектер.
Негізгі бөлшектердің нақты тізбесі қозғалтқышты бабына жеткізу және оның түпкі үлгілерін пайдалану тәжірибесін ескере отырып, қауіпті салдары болуы мүмкін істен шығуларды талдау негізінде анықталады.
62) қозғалтқыштың алғашқы күрделі жөндеуге дейінгі ресурсы - пайдаланудан бастап алғашқы күрделі жөндеуге дейін белгіленген атқарым.
Ескертпе. Ресурстардың сериялық өндірісі мен алғашқы күрделі жөндеуге дейін пайдалану процесінде оның бастапқы мәнінен қозғалтқышқа берілген техникалық талаптарға дейін көбейту жатады. Алғашқы күрделі жөндеуге дейінгі ресурстар мен жөндеуаралық ресурстардың шегінде техникалық регламентте көзделген жергілікті жөндеулер мен жекелеген бөлшектерді айырбастау арқылы қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге рұқсат етіледі;
63) орташаланған ұшу циклы (ұшу циклы) - қозғалтқышқа кірерде ауаның қысымы мен температурасының уақыт бойынша өзгеруі және ӘК қозғалтқыш жұмысының режимін сипаттайтын қозғалтқыш роторлары мен басқа параметрлердің айналу жиілігінің өзгеруі. Ұшу циклы пайдаланудағы қозғалтқыш жұмысының іс жүзіндегі жағдайлары туралы деректер пайдалана отырып үлгілік ұшу циклдарын талдау топтастыру мен орташаландыру жолымен іске асады;
64) сынақ циклы - роторлардың уақыт бойынша айналым жиілігінің, реттеуші органдарды ұстау жағдайының ережелерінің және ұшу циклдарында жинақталған зақымдылықты, осы циклдарды іске қосуда пайдаланудың салыстырмалы жиілігін ескеріп, барынша толық және жеделдете қайта өндіру мүмкіндігін қамтамасыз ететін текшелік сынақтардың кезінде қозғалтқышқа кірудегі шарттардың өзгеруі;
65) белгіленген режим - қозғалтқыштың өлшемдері уақыт бойынша өзгермейтін (техникалық құжаттамада көрсетілген кіруге рұқсат шегінде өлшемдердің өзгеруіне жол беріледі) оның жұмысының режимі;
66) ауыспалы процесс - белгіленген екі режим арасындағы (іске қосу, толық және ішінара қабылдағыштығы, дросселдеу, газдың түсуі, қалдықтар мен басқалар) параметлердің уақыт ішінде өзгеру процесі;
67) жабдық түрі - мақсатының, іс-қимыл қағидасының немесе жұмыс процесінің ортақ белгілері бар жабдық;
68) кешен - жалпы функционалдық мақсаттағы міндеттер тобын бірлесіп орындауға арналған ақпараттық жүйелердің, есептеу-бағдарлама құралдарының, индикация, сигнал беру және басқару жүйелерінің жиынтығы;
69) жүйе - берілген функцияларды орындауға арналған бір-бірімен байланысты авиациялық техника бұйымдарының жиынтығы;
70) өлшеу (басқару) тракты - қабылдау, өлшеу және параметрді индикациялау (басқару) міндеттерін шешетін бір немесе бірнеше жүйелерде немесе кешендерде жүйелі байланысқан элементтердің тізбегі;
71) аспап - дербес пайдалану мәні бар және параметрді (параметрлерді) өлшеу мен индикациялауды қамтамасыз ететін құрылғы;
72) индикатор - өлшемдер шамасының саны немесе сапасы туралы ақпаратты бейнелеу құралы;
73) сигнализатор - параметрдің, жүйенің немесе объектінің талап етілетін мәнге немесе жай-күйіне сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы ақпараттың көрсетілуін көзбен шолып қарау, дыбыстық және тактильді сигналдар түріндегі қамтамасыз ететін аспап;
74) датчик - өлшенетін жатқан параметрдің ағымдағы мәні туралы сигналды шығаруға арналған өлшеу құрылғысы;
75) ұшу-навигациялық жабдық - жалпы ұшудан бастап қонғанға дейін ұшудың, навигацияның және ұшақ жүргізудің міндеттерін шешуге және тұтынушыларға ақпарат беруге арналған ӘК бортындағы өлшеу, есептеу және басқару жүйелері мен құрылғыларының және ақпаратты бейнелеп көрсету жүйесінің жиынтығы;
76) навигацияның, қонудың және әуе қозғалысын басқарудың радиотехникалық жабдығы - ӘК ұшудағы, маршрутта болудағы, ұшып көтерілудегі және қону кезіндегі орнын анықтауды, сондай-ақ радиотехникалық әдістермен жердегі әуе қозғалысын басқару қызметтеріне автоматты түрде деректер беруді қамтамасыз ететін жабдық;
77) радиобайланыс жабдығы - радиоарналар бойынша хабарларды қабылдауды және жіберуді, экипаж мүшелері арасында байланыс жүргізуді, сондай-ақ жолаушыларды хабардар етіп отыруды қамтамасыз ететін жабдық;
78) антенна-фидер құрылғысы - навигацияның борттық қонудың радиотехникалық жабдығының және/немесе радиобайланыс жабдығының электромагниттік энергияны қабылдауын және/немесе оның сәуле шығаруын қамтамасыз ететін, құрамында антеннасы, байланыс элементтері мен фидерлері бар құрылғылар жиынтығы;
79) электро-техникалық жабдық - электр энергиясын қабылдайтындар арасында электр энергиясының генерациялануын, түрленуін, таралуын қамтамасыз ететін жабдық, сондай-ақ дербес мақсаты бар және басқа жүйелердің элементтері болып табылмайтын әр түрлі электротехникалық құрылғылар;
80) электрмен жабдықтау жүйесі - электр энергиясын өндіруді және оны тарату жүйелерінің жиынтығы;
81) өндіру жүйесі - электр энергиясының (генераторлардың, токтың және кернеу шамасының түрлендіргіш қондырғыларының, аккумуляторлардың) бір орталықтан өндірілуін және оның сипаттамаларының берілген шекте болуын қамтамасыз ететін электр энергиясы көздерінің немесе түрлендіргіштерінің, олардың кернеулері мен жиіліктерін тұрақтандыру құрылғыларының, қатар жұмыстар жүргізу, қорғау, басқару мен бақылау құрылғыларының жиынтығы;
82) бастапқы электрмен жабдықтау жүйесі - генераторлары ӘК қадамдық қозғалтқыштары немесе көмекші күш-қуат қондырғысы арқылы қозғалысқа келетін электрмен жабдықтау жүйесі;
83) қайталама электрмен жабдықтау жүйесі - қуат көздері бастапқы жүйеден қуат ала отырып, түрлендіргіш қондырғылар болып табылатын электрмен жабдықтау жүйесі;
84) электр энергиясының авариялық қуат көзі - қадамдық қозғалтқыштар мен көмекші күш-қуат қондырғысында орнатылған бастапқы қуат көздері жұмысынан тәуелсіз электр-энергия көзі. Авариялық қуат көзі электр энергиясын қабылдағыштардың шектеулі құрамына (І санатына) қуат беру үшін бастапқы қуат көздері істемей қалған немесе/және өшірілген кездегі ұшуда қолданылады. Авариялық қуат көздеріне аккумулятор және одан қоректенетін түрлендіргіш мысал бола алады;
85) электр энергиясын тарату жүйесі - электр энергиясын туындату жүйесінен, жердегі қуат көзінің қосылу элементінен тарату құрылғыларына және тарату құрылғыларынан соң қажетті коммутациялар өндіруді, қабылдағыштардың электрмен қуаттануын резервтеуді және тарату жүйесін бұзылудан қорғауды қамтамасыз ететін электр энергия қабылдағыштарына жеткізіп отыратын құрылғылар жиынтығы;
86) бастапқы тарату жүйесі - электр энергиясын өндіру жүйесінен тарату құрылғыларына жеткізетін тарату жүйесінің бір бөлігі;
87) қайталама тарату жүйесі - электр энергиясын тарату құрылғыларынан электр энергия қабылдағыштарына жеткізетін тарату жүйесінің бір бөлігі;
88) электр энергиясын қабылдағыштар - жұмыс істеу үшін электр энергиясын қажет ететін жүйелер, құрылғылар, жекелеген блоктар. Электрмен жабдықтаудың сенімділік талаптары сипаты бойынша электр энергиясының қабылдағыштары үш санатқа бөлінеді:
осы Норманың 32-тармағына сәйкес жұмысы ұшу мен қонудың қауіпсіз аяқталуын қамтамасыз ету үшін қажетті бірінші санатты электр энергиясын қабылдағыштар;
ұшу тапсырмасы бойынша жоспарланған жұмысы ұшу мен қонудың қауіпсіз жалғасуы үшін қажетті екінші санатты электр энергиясын қабылдағыштар;
электр қуатының тоқтатылуы ұшу қауіпсіздігіне және ұшу тапсырмасын орындауға әсер етпейтін үшінші санатты электр энергиясын қабылдағыштар;
89) жарық-техникалық жабдық - жолаушылар салонын, экипаж кабинасын, техникалық және жүк бөліктерін, басқару аспаптары мен пульттерін жалпы және жергілікті жарықтандыруды, белгілеуді және сыртқы жарықтандыруды авариялық шығатын жерлерді, ӘК орналасқан жерді белгілеуді, сондай-ақ жүргізгенде, ұшып көтерілгенде, қонғанда сыртқы кеңістікті жарықпен және ӘК конструкциясы элементтерін жарықтандыруды қамтамасыз ететін жабдық;
90) күш қондырғысы жұмысын бақылау құралдары (осы Норманың 156-193-тарауларында қаралып отырған) - экипажға қозғалтқыштардың, отын және май жүру жүйелерінің жұмыстары параметрлерін өлшеуді және индикациялауды қамтамасыз ететін аспаптар;
91) негізгі жабдық - күтіліп отырған пайдалану жағдайларында берілген негізгі функцияларды қамтамасыз ету үшін қажет болатын міндетті жабдық;
92) резервтік жабдық - негізгі жабдықтың жекелеген түрлері істен шыққанда немесе оларды пайдалану мүмкін болмағанда қолайлы дәл сипаттамалары бар функциялардың шектелген санының қалыпты орындалуын қамтамасыз ету үшін қажет болатын міндетті жабдық;
93) орталық сигнал шамы - ӘК авариялық немесе ескерту сигналдарының кез келгенінің қосылғаны туралы ӘК экипажы мүшелерінің назарын аударуға және ақпарат үшін арналған жарық-сигнал құрылғысы;
94) RBS (А, АС) режимі (Radar Beacon System) - Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенциясының 10-қосымшасына сәйкес радиолокациялық жауап жиілік диапазонында және сауал-жауап кодтары бойынша ӘКБ-ның жұмыс режимі;
95) әуе қозғалысын басқару режимі - радиолокациялық жауапкердің қайталама жүйесінде қабылданған жиілік диапазонында және «сауал-жауап» кодтары бойынша жұмыс режимі;
96) күш қондырғысы - тартымды жасауға қажетті ӘК элементтерінің жиынтығы. Күш қондырғысы әуе винттерін (турбовинттік қондырғы үшін) қозғалтқышын, отын және май жүйесін, қозғалтқыштарды басқару жүйесін, бақылау және суыту, ауа жинағыш, өрттен қорғау жүйелерін және т.б. жабдықтарды қамтиды;
97) қосалқы күш қондырғысы - сығымдалған ауаның, электр энергиясының, білік қуатының көздері болып табылатын және жерде және ұшуда ӘК жүйелерінің жұмысын қамтамасыз ету үшін, оның ішінде күш қондырғысы қозғалтқыштарды іске қосу үшін тағайындалған қосалқы газтурбиналық қозғалтқышы бар элементтердің және қуатты қондырғы қозғалтқышына орнатылған алғашқы көздер істен шыққан жағдайда ұшуда ӘК электрмен жабдықтау жүйелерінің жиынтығы;