22-бап. Электр энергетикасы объектiлерiнiң сақталуын және тұтастығын қамтамасыз ету
1. Электр энергетикасының неғұрлым маңызды объектiлерiн күзетудi арнаулы әскерилендiрiлген күзет қызметтерi немесе Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігінiң бөлiмшелерi жүзеге асырады. Мұндай объектiлердiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
2006.11.04. № 136-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Электр және жылу желiлерiн күзету, электр және жылу желілерінің күзет аймақтарында жұмыс жүргізу ережелерiн Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi.
3. Энергия өндiрушi, энергия берушi ұйымдардың электр және (немесе) жылу энергиясын өндiру мен берудiң бiртұтас технологиялық процесiне қатысатын мүлкi бөлiнбейтiн мүлiк болып табылады.
2008.29.12. № 116-IV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Электр энергетикасының объектiлерiн және (немесе) оның жекелеген бөлiктерiн меншiк нысанына қарамастан сатып алу-сату, жалға немесе сенiмдi басқаруға беру уәкiлеттi орган мен табиғи монополия салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органды алдын ала хабардар етiп және олармен келiсе отырып жүзеге асырылады.
23-бап. Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiлеген тәртiппен жауапты болады.
6-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер
24-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң:
1) 2004 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 13-бабының 2-тармағы мен 14-бабының 4-тармағын;
2006.11.04. № 136-III ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2) 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 13-бабының 6-тармағын қоспағанда, ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
2006.11.04. № 136-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. 10-баптың 1-тармағының 4) тармақшасында және 2-тармағының 2) тармақшасында белгiленген нормалар 2007 жылдың 31 желтоқсанына дейiн қолданылады.
3. «Электр энергетикасы туралы» 1999 жылғы 16 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., № 20, 729-құжат) күшi жойылды деп танылсын.
25-бап. Қорытынды және өтпелi ережелер
1. Энергия берушi ұйымдар электр және (немесе) жылу энергиясын беру жөніндегі қызметтi энергиямен жабдықтау жөніндегі қызметтен бөлудi 2004 жылғы 1 қазанға дейiн жүзеге асырсын.
2. Өңірлік электр желісі компаниялары электр энергиясын беру жөніндегі қызметті энергиямен жабдықтау жөніндегі қызметтен бөлуді энергиямен жабдықтаушы ұйымдар құру жолымен 2004 жылғы 1 қазанға дейін жүзеге асырсын.
2008.29.12. № 116-IV ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Энергия өндіруші ұйымдар 2009 жылғы 1 мамырдан бастап осы Заңда белгіленген тәртіппен келісімдер жасассын.
2008.29.12. № 116-IV ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Осы Заңның 13-бабының 3-3-тармағында көзделген тыйым салу электр энергиясын оны орташа тәуліктік (базалық) қуаты 1 мегаваттан аспайтын көлемде беретін энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға сатқан жағдайларға 2009 жылғы 1 шілдеге дейін қолданылмайды.
2012.04.07. № 25-V ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды (2016 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болады)
5. Осы Заңның 12-1-бабының 3-1-тармағында көзделген тәртіппен келісім жасасу бойынша шаралар қабылдамаған және уәкілетті органмен келісім жасаспаған энергия өндіруші ұйымдар электр энергиясын амортизация мен пайдаға кеткен шығындарды есепке алмай, электр энергиясын өндіруге кеткен шығыннан аспайтын бағамен өткізеді.
Қазақстан Республикасының
Президенті | | | | | | | | Н.Ә. Назарбаев |