Электр энергетикасы туралы 1999 жылғы 16 шілдедегі № 438-I
Қазақстан Республикасының Заңы
ҚР 2004 ж. 9 шілдедегі № 588-II Заңымен осы Заңның күші жойылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 2 баптар)
2-тарау. Электр энергетикасындағы мемлекеттік (3 - 9 баптар)
басқару және реттеу
3-тарау. Орталықтандырылған жедел-диспетчерлік (10 - 12 баптар)
басқару
4-тарау. Энергиямен жабдықтауды ұйымдастыру (13 - 17 баптар)
5-тарау. Жүйелік авария кезінде электр (18 - 21 баптар)
энергетикасы объектілерін басқару
Осы заң электр қуатын, электр және жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және пайдалану саласында мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық және ұйымдық негіздерін белгілейді.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Заңда қолданылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) авариялық бронь - электрмен үздіксіз жабдықтау объектісіне берілуі ол үшін маңызы бар құрылғылардың жұмыс істеуін сақтайтын және тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілері жұмысының бұзылуын, сондай-ақ апаттық экологиялық, әлеуметтік немесе экономикалық зардаптарды немесе адамдардың өлімін болғызбайтын ең аз қажеттіліктегі электр қуаты;
2) біртұтас электр энергетикасы жүйесі - орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқару кезінде электр қуатын және электр энергетикасын өндірудің, берудің, таратудың және тұтынудың технологиялық үздіксіз процесінің ортақ режимі арқылы бір-бірімен байланысқан электр станцияларының, электр беру жүйелері мен қосалқы станциялардың жиынтығы;
3) электр қуатының, электр және жылу энергиясының коммерциялық есебі - сатып алу-сату шарттары бойынша тараптар арасында өзара есеп айырысу және электр қуатын, электр және жылу энергиясын беру үшін қажетті электр қуатының, электр және жылу энергиясының коммерциялық есеп аспаптарының көрсетулеріне негізделген есебі;
4) электр қуаты мен электр энергиясының көтерме сауда рыногы - электр қуаты мен электр энергиясын сатып алу-сату және беру қатынастарының жүйесі, энергия өндіру, энергия беру, энергиямен жабдықтау ұйымдары мен рыноктың жүйелік операторының басқаруындағы тұтынушылар арасындағы шарттар негізінде жұмыс істейтін және нормативтік құқықтық актілермен айқындалатын жүйе;
5) электр қуатын, электр және жылу энергиясын беру - энергия беру және энергиямен жабдықтау ұйымдары көрсететін қызмет;
6) тұтынушы - электр қуатын, электр және (немесе) жылу энергиясын шарт негізінде пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға;
7) коммерциялық есеп аспабы - электр қуатын, электр және жылу энергиясын коммерциялық есепке алуға арналған, заңдарда белгіленген тәртіппен қолдануға рұқсат етілген техникалық құрылғы;
8) реттеуші орган - бағаларды (тарифтерді) мемлекеттік реттеуді жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес уәкілеттік берілген мемлекеттік орган;
9) электр энергиясының бөлшек сауда рыногы - электр қуаты мен электр энергиясын сатып алу-сату және беру қатынастарының жүйесі және энергия өндіру, энергия беру, энергиямен жабдықтау ұйымдары мен көтерме сауда рыногынан тыс тұтынушылар арасындағы шарттар негізінде жұмыс істейтін жүйе;
10) жылу энергиясының бөлшек сауда рыногы - жылу энергиясын өндіруге, таратуға және тұтынуға қатысушылар қатынастарының шарттар негізінде жұмыс істейтін жүйесі;
11) жүйелік авария - біртұтас электр энергетикасы жүйесінің тұрақтылығын жоғалтуға және оны бөліктерге бөлуге әкеп соққан электр энергетикасы объектілері жұмыс режимінің бұзылуы;
12) электр қуаты мен электр энергиясы рыногының жүйелік операторы - электр қуаты мен электр энергиясы рыногында басқару міндетін және рынокқа қатысушылар арасындағы қатынастарды реттеуді жүзеге асыратын орган;
13) уәкілетті орган - электр энергиясына байланысты қатынастарды реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
14) энергиямен жабдықтау ұйымы - өндірілген немесе сатып алынған электр қуатын, электр және (немесе) жылу энергиясын тұтынушыларға сатуды жүзеге асыратын ұйым;
15) энергия беру ұйымы - электр қуатын, электр немесе жылу энергиясын беруді және (немесе) таратуды шарттар негізінде жүзеге асыратын ұйым;
16) энергия өндіретін ұйым - электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруді жүзеге асыратын ұйым;
17) электр энергетикасы - электр қуатын, электр және жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және пайдалану саласы.
2-бап. Электр энергетикасы туралы заңдар
Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделіп, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2-тарау. Электр энергетикасындағы мемлекеттік
басқару және реттеу
3-бап. Электр энергетикасындағы мемлекеттік басқарудың мақсаттары мен міндеттері
1. Электр энергетикасындағы мемлекеттік басқару Қазақстан Республикасындағы электр энергетикасы кешенінің сенімді және тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету жолымен энергия тұтынушылардың сұранысын барынша қанағаттандыру, электр және жылу энергиясы рыногына қатысушылардың құқықтарын қорғау және оны еліміздің шаруашылық-экономикалық және әлеуметтік тыныс-тіршілігі кешенінің айрықша маңызды жүйесі ретінде бәсекелестік негізінде және біртұтас басқару мақсатында жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік басқару:
1) электр энергетикасы кешенінің бәсекелестік және басқарудың біртұтастығы негізінде тиімді жұмыс істеуі мен дамуын;
2) электр және жылу энергиясының реттелетін рыногын құруды және жетілдіруді;
3) электр және жылу энергиясының ұтымды әрі үнемді пайдаланылуын;
4) жаңғыртылатын және дәстүрлі емес энергия көздерінің пайдаланылуын және дамытылуын;
5) инвестицияларды, соның ішінде шетел инвестицияларын электр энергетикасы кешенін дамытуға және қайта жарақтандыруға тартуды;
6) қоршаған ортаны қорғау, электр энергетикасы қондырғыларының сенімді және қауіпсіз пайдаланылуы жөніндегі шаралар кешенін орындау үшін жағдай жасалуын;
7) елдің шалғай аудандарында энергиямен жабдықтауды ұйымдастыру үшін жағдай жасауды қамтамасыз етеді.
3. Электр энергетикасы саласындағы мемлекеттік басқару:
1) лицензиялау;
2) бағаларды (тарифтерді) мемлекеттік реттеу;
3) электр энергетикасы объектілерін монополиясыздандыру және жекешелендіру;
4) энергия өндіру мен оны берудің, таратудың және тұтынудың сенімділігін, қауіпсіздігі мен үнемділігін мемлекеттік қадағалау;
5) электр және жылу энергиясын өндіруге, беруге, таратуға және тұтынуға, сондай-ақ электр энергетикасы қондырғыларын салудың және оларды пайдаланудың сенімділігі мен қауіпсіздігіне байланысты баршаға міндетті ережелерді белгілеу болып табылады.
4-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің электр энергетикасы саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі электр энергетикасында:
1) мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді, орталық және жергілікті атқарушы органдардың оны іске асыру жөніндегі қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;
2) электр энергетикасын дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын әзірлейді және оларды Қазақстан Республикасы Президентінің бекітуіне ұсынады;
3) осы Заңға сәйкес өзге де өкілеттікті жүзеге асырады.
5-бап. Уәкілетті органның міндеттері
Уәкілетті органның негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
1) электр энергетикасы саласында мемлекеттік саясатты әзірлеп, іске асыруды ұйымдастыру;
2) электр энергетикасын дамытудың стратегиялық және нысаналы бағдарламаларын әзірлеу және олардың орындалуын бақылау;
3) электр және жылу энергиясы сапасының мемлекеттік стандарттарын әзірлеу;
4) электр қуатының, электр және (немесе) жылу энергиясының көтерме сауда және бөлшек сауда рыноктарындағы бәсекелестікті дамытуға және оның жұмыс істеуіне жәрдемдесу;
5) электр энергетикасындағы қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу;
6) басқа мемлекеттердің электр энергетикасы салаларының ұйымдарымен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға жәрдемдесу;
7) электр энергетикасындағы мемлекет мүдделерін халықаралық ұйымдарда білдіру;
8) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де міндеттер.
6-бап. Электр энергетикасы саласындағы қызметті лицензиялау
Электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруді, беруді, таратуды және сатуды, электр энергиясымен экспорттық-импорттық операцияларды лицензиялау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргізіледі.
7-бап. Мемлекеттік энергетикалық қадағалау
1. Нормативтік құқықтық актілердің техникалық талаптарын және электр энергетикасы саласындағы лицензияланатын қызмет түрлеріне талаптарды ұйымдардың орындауын қадағалауды, сондай-ақ электр және жылу энергиясын пайдалану ережелерінің сақталуын бақылауды мемлекеттік энергетикалық қадағалау жөніндегі мемлекеттік ұйым (бұдан әрі - Мемэнергетикақадағалау) жүзеге асырады.
2. Мемэнергетикақадағалаудың заңдарда белгіленген тәртіпте:
1) электр энергетикасы объектілерін пайдалану қауіпсіздігін регламенттейтін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын, энергиямен жабдықтау және энергетика жабдықтарының сақталуы жөніндегі міндеттемелерді бұзуға жол беретін жеке және заңды тұлғаларды әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тарту туралы мәселе қоюға;
2) электр және энергия қондырғылары мен техникалық және коммерциялық есеп аспаптарына жіберуге;
3) электр және энергия қондырғыларының техникалық жай-күйін және оларды пайдалану қауіпсіздігін бақылауды жүзеге асыру үшін тексеру жүргізуге құқығы бар.
3. Мемэнергетикақадағалау туралы Ережені Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
8-бап. Электр энергетикасындағы тарифтерді мемлекеттік реттеу
1. Монополист-ұйымдардың өнімдеріне және қызмет көрсетулеріне бағаларды (тарифтерді), сондай-ақ бөлшек сауда тұтынушылары үшін беру тарифтерін мемлекеттік реттеуді реттеуші орган жүзеге асырады.
2. Реттеуші орган белгілейтін тарифтер:
1) монополист-ұйымдардың негізделген шығыстармен бірге тауар өндіруге және қызмет көрсетуге жұмсалған шығындарды жабуын қамтамасыз етуге;
2) энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдардың дамуы үшін кірістің негізделген деңгейін қамтамасыз етуге;
3) инвестицияланған капиталдан түсетін негізделген кірісті қамтамасыз етуге;
4) энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдардың сатылатын электр қуатын резервтеуді қамтамасыз ету және оны беру сенімділігін қамтамасыз ету жөніндегі шығыстарын ескеруге тиіс.
3. Реттеуші органның бағалар (тарифтер) белгілеу тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.
9-бап. Өндірістік-технологиялық қызметке араласуға жол бермеушілік
Орталық атқарушы органдардың, сондай-ақ жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, ұйымдардың энергия өндіруге, беруге, таратуға немесе осы процестерді технологиялық басқаруға байланысты технологиялық қызметіне араласуға құқығы жоқ.
3-тарау. Орталықтандырылған жедел-диспетчерлік
басқару
10-бап. Біртұтас электр энергетикасы жүйесін орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқару
1. Біртұтас электр энергетикасы жүйесін орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқаруды Қазақстан біртұтас электр энергетикасы жүйесінің Орталық диспетчерлік басқармасы электр энергетикасындағы уәкілетті орган белгілейтін тәртіппен жүзеге асырады.
2. Орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқару:
1) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері негізінде, жедел-диспетчерлік басқару аймақтарына бөлуге және электр қуаты мен электр энергиясын сатып алу-сату және беру шарттарына сәйкес біртұтас электр энергетикасы жүйесінде электр қуатын өндіру, беру және тұтыну режимдерін басқару;
2) электр қуатының мемлекетаралық ағысы режимдерін басқару болып табылады.
11-бап. Орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқаруды жүзеге асыру кезінде электр қуатын өндіру, беру және тұтыну режимі жөніндегі өкімдерді орындаудың міндеттілігі
1. Біртұтас электр энергетикасы жүйесінде электр қуатын өндіру, беру және тұтыну режимдерін орталықтандырылған диспетчерлік басқару органдарының жедел өкімдері электр қуатын өндіру, беру, тарату және тұтыну қатынастарына қатысушылардың барлығы үшін міндетті.
2. Біртұтас электр энергетикасы жүйесін орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқаруды жүзеге асыру кезінде материалдық зиянға душар еткен жедел өкімдерді орындамау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
3. Орталықтандырылған диспетчерлік басқару органдары электр энергиясын өндіру, беру және тұтыну режимі жөніндегі жедел өкімдерді орындамайтын ұйымды орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқарудағы электр жүйелерінен уәкілетті орган белгілеген тәртіппен ажыратуға құқылы.
12-бап. Электр қуатын, электр және жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және тұтыну қатынастарына қатысушылардың міндеттері мен жауапкершілігі
Электр қуатын, электр және (немесе) жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және тұтыну қатынастарына қатысушылар:
1) біртұтас электр энергетикасы жүйесін орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқаруды жүзеге асыру үшін қажетті техникалық-экономикалық ақпарат беруге;
2) электр энергиясы рыногының жүйелік операторын, энергия өндіру, энергия беру және энергиямен жабдықтау ұйымдарын және Мемэнергетикақадағалауды коммерциялық есеп аспаптарына жіберуге;
3) берілетін энергияның сапасын мемлекеттік стандарттарда және стандарттау жөніндегі өзге де нормативтік құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкес қамтамасыз етуге;
4) рыноктың жүйелік операторымен және орталықтандырылған диспетчерлік басқармамен бірлесе отырып жасасқан шарттардың негізінде, біртұтас электр энергетикасы жүйесіндегі стандартты жиілікті реттеу мен ұстап тұруды жүзеге асыруға міндетті.
Электр қуатын, электр және (немесе) жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және тұтыну қатынастарына қатысушылар өз міндеттерін орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
4-тарау. Энергиямен жабдықтауды ұйымдастыру
13-бап. Электр қуатының, электр және жылу энергиясының рыногы
1. Электр қуатының, электр энергиясының рыногы екі деңгейден: электр қуаты мен электр энергиясының көтерме сауда және бөлшек сауда рыногынан, ал жылу энергиясының рыногы бір деңгейден - бөлшек сауда рыногынан тұрады.
2. Рыноктың жүйелік операторы және энергия беруші ұйымдар Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарға сәйкес рыноктың барлық қатысушыларының электр қуаты және электр энергиясы рыногына еркін кіруін қамтамасыз етуге міндетті.
3. Энергия беруші ұйым энергия өндіруші ұйымдар мен тұтынушылар Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарды орындаған жағдайда, оларды электр және жылу жүйелеріне қосудан, сондай-ақ оларға электр қуатын, электр немесе жылу энергиясын беруден бас тартуға құқығы жоқ.
4. Электр қуаты, электр және жылу энергиясы рыноктағы тауар болып табылады.
5. Электр қуаты, электр және жылу энергиясы рыногында энергия өндіру, беру, тарату, сату және тұтыну кезінде туындайтын қатынастар электр энергетикасында Азаматтық кодекске, осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жасалатын тиісті шарттармен реттеледі.
14-бап. Көтерме сауда рыногында электр қуатын, электр энергиясын сатып алу-сату және беру шарттары
1. Көтерме сауда рыногында электр қуаты мен электр энергиясын сатып алу-сату және беру Азаматтық кодекске, осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жасалатын шарттар негізінде жүзеге асырылады.
2. Электр қуаты мен электр энергиясын беру шарттарын жасасқан кезде тараптар электр қуаты мен электр энергиясын беруге тарифтер белгілеу бөлігінде реттеуші органның шешімдерін басшылыққа алуға міндетті.
3. Электр қуаты мен электр энергиясын көтерме сауда рыногындағы сатып алу-сату және беру шарттарында:
1) электр қуаты мен электр энергиясын берудің тәуліктік және маусымдық өзгеруін реттеу тәртібі;
2) технологиялық жабдықтың авариялық бұзылуы туындайтын жағдайға электр қуатын резервтеу тәртібі;
3) шарттардың орындалуына ақы уақтылы төленбеген жағдайда электр қуаты мен электр энергиясын шығаруды, беруді және таратуды тоқтату тәртібі;
4) энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдардың электр қуаты мен электр энергиясының шартта көзделмеген үзілісі, тоқтатылуы немесе шектелуі үшін тұтынушылар алдындағы жауаптылығы болуға тиіс.
15-бап. Электр және жылу энергиясының бөлшек сауда рыногында энергиямен жабдықтау шарты
1. Бөлшек сауда рыногында электр және жылу энергиясын сатып алу-сату Азаматтық кодекске, осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес тұтынушымен жасалатын энергиямен жабдықтау шарты негізінде жүзеге асырылады.
2. Бөлшек сауда рыногында энергия беретін ұйымдар энергиямен жабдықтаушы ұйым ретінде болуы мүмкін.
3. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар:
1) электр және жылу энергиясының бөлшек сауда рыногының барлық қатысушылары үшін тең жағдайлар жасауға міндетті;
2) қатысушылар (тараптар) энергиямен жабдықтау шарттарын жасасқан кезде тарифтер белгілеу бөлігінде реттеуші органның шешімдерін басшылыққа алуға міндетті;
3) шарт жағдайлары бұзылған ретте Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес электр және жылу энергиясы жеткізілімін тоқтатуға құқылы;
4) энергия берудегі шартта белгіленбеген үзіліске, тоқтатуға немесе шектеуге жол бермейді.
16-бап. Электр қуатын, электр және жылу энергиясын тұтынушылардың құқықтары
Электр қуатын, электр және жылу энергиясын тұтынушылардың:
1) жасалған шарттарға сәйкес электр қуатын, электр және жылу энергиясын алуға;
2) жасалған шарттардың жағдайларына сәйкес энергия өндіруші, энергия беруші және энергиямен жабдықтаушы ұйымнан электр және жылу энергиясын жеткіліксіз беруден немесе сапасыз беруден туындаған залалдардың орнын толтыруды талап етуге;
3) шарттардың жасалуына және орындалуына байланысты даулы мәселелерді шешу үшін сот органдарына жүгінуге құқығы бар.
17-бап. Электр қуатын, электр және жылу энергиясын тұтынушылардың міндеттері
1. Электр қуатын, электр және жылу энергиясын тұтынушылар:
1) ток қабылдағыштар мен коммерциялық есеп аспаптарын тиісті техникалық жай-күйде ұстап тұруға, нормативтік құқықтық актілерде белгіленетін техникалық жай-күйлерге қойылатын талаптарды орындауға;
2) электр қуатын, электр және жылу энергиясын сатып алу-сату шартымен айқындалатын энергия тұтынудың режимдерін сақтауға;
3) біртұтас электр энергетикасы жүйесінде электр энергиясының стандартты жиілігін ұстап тұруға бағытталған нормативтік талаптарды орындауға;
4) шығарылған, берілген және тұтынылған электр қуатына, электр және (немесе) жылу энергиясына жасалған шарттарға сәйкес уақтылы ақы төлеуге;
5) энергиямен жабдықтаушы және энергия беруші ұйымдардың қызметкерлерін, сондай-ақ Мемэнергетикақадағалау қызметкерлерін электр және энергия қондырғыларының техникалық жай-күйін бақылауды және оларды пайдалану қауіпсіздігін бақылауды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес коммерциялық есеп аспаптарына жіберуге міндетті.
2. Қосымша қуаттарды қосу тәртібін және электр энергетикасы объектілерін кеңейту мен қайта құруға арналған шығындарды өтеу шарттары Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
5-тарау. Жүйелік авария кезінде электр
энергетикасы объектілерін басқару
18-бап. Жүйелік авариялардың өлшемдері
Жүйелік авариялардың өлшемі еліміздің Біртұтас электр энергиясы жүйесін жекелеген жергілікті бөліктерге бөлу, айтарлықтай экономикалық зиян келтіре отырып тұтынушылардың көпшілік бөлігін энергиямен жабдықтауды бұзу арқылы оның тұтастығын бұзу болып табылады.
19-бап. Жүйелік аварияларды жою кезіндегі Қазақстан Орталық диспетчерлік басқармасының іс-қимылы
1. Жүйелік аварияларды жою үшін Орталық диспетчерлік басқарма жүйелік оператормен бірлесе отырып және меншік нысанына қарамастан кез келген энергия өндіруші ұйымдардың резервтік қуаттарын және тұтынушылардың дербес қуат беру көздерін тартады.
2. Жүйелік аварияларды жою үшін қуат жетіспеген жағдайда Орталық диспетчерлік басқарманың жүйелік оператормен бірлесе отырып су электр станцияларының авариялық резервтерін пайдалану үшін су тораптары арқылы су шығындарының бекітілген кестелеріне белгіленген нормалар шегінде жедел өзгерістер енгізуге құқығы бар.
20-бап. Авариялық бронь бойынша энергиямен жабдықтау
1. Жүйелік авария туындаған жағдайда тұтынушыларды энергиямен жабдықтау технологиялық себептермен үздіксіз энергиямен жабдықтауды қажет ететін, қызметінің тоқтауы адамдар өміріне қауіп тудыратын, сондай-ақ апатты экологиялық, әлеуметтік немесе экономикалық зардаптарға әкеп соғатын шаруашылық инфрақұрылымының ұйымдары үшін электр қуатын авариялық бронь мөлшерінде беріп отыруды қамтамасыз ететін энергия беруші ұйымдар әзірлеген сызбалар бойынша жүзеге асырылады.
2. Авариялық броньдары бар тұтынушыларды энергиямен жабдықтау туралы ережені Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
21-бап. Электр энергетикасы объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету
1. Электр энергетикасының неғұрлым маңызды объектілерін қорғауды әскерилендірілген күзеттің арнаулы қызметтері немесе Ішкі істер министрлігінің бөлімшелері жүзеге асырады. Мұндай объектілердің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі электр және жылу жүйелерінің ерекше қауіптілігі мен осалдығын ескере отырып, электр энергетикасын басқару жөніндегі уәкілетті органның ұсынысы бойынша заңды және жеке тұлғалар үшін міндетті Электр және жылу жүйелерін күзету ережесін бекітеді.
3. Электр энергетикасы құрал-жабдықтары мен құрылғыларының зақымданғанына немесе ұрланғанына, электр мен жылу жүйелеріне өз бетімен қосылғанына және электр энергетикасы өнімінің ұрланғанына, сондай-ақ электр энергетикасында шығынға, электр энергетикасы объектілері қауіпсіздігінің және тұтынушыларды энергиямен қамту сенімділігінің төмендеуіне әкеп соғатын басқа да іс-әрекеттерге кінәлі заңды және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес материалдық, әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа тартылады.
Қазақстан Республикасының