Геодезиялық және картографиялық қызмет саласындағы мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыру ережесін, Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының құжаттарын қалыптастыру, жинау, сақтау және пайдалану ережесін, Геодезиялық пункттерді қорғау туралы ереженi бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 23 маусымдағы № 593 Қаулысы
Осы редакция 2012 жылғы 28 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Геодезия және картография туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 3 шiлдедегi Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкіметі қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған:
1) Геодезиялық және картографиялық қызмет саласындағы мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыру ережесi;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының құжаттарын қалыптастыру, жинау, сақтау және пайдалану ережесi;
3) Геодезиялық пункттердi қорғау туралы ереже бекітілсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
2003 жылғы 23 маусымдағы
№ 593 қаулысымен
бекітілген
Геодезиялық және картографиялық қызмет саласындағы мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыру
ережесi
Осы Ереже «Геодезия және картография туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 3 шiлдедегi Заңына сәйкес әзiрлендi және геодезиялық және картографиялық қызмет саласындағы мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыру тәртібін анықтайды.
1. Жалпы ережелер
1. Геодезиялық және картографиялық қызмет саласындағы мемлекеттік қадағалау (бұдан әрi - мемлекеттік қадағалау) Қазақстан Республикасының геодезия және картография саласындағы заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік қадағалауды геодезия және картография саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік қадағалауды уәкiлеттi органның атынан геодезиялық және картографиялық қызмет саласындағы қадағалау жөніндегі мемлекеттік инспектор болып табылатын олардың лауазымды тұлғалары жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік қадағалаудың негiзгі мiндеттерi
4. Мемлекеттік қадағалаудың негiзгi мiндеттерi:
1) геодезиялық және картографиялық қызмет субъектiлерiнiң мемлекеттік, арнайы және (немесе) салалық мақсаты бар жұмыстарды геодезия және картография саласындағы нормативтiк құқықтық кесiмдер мен техникалық талаптарға сәйкес ұйымдастыру және орындау тәртібін сақтауын;
2) Қазақстан Республикасы мемлекеттік шекарасының және оның аумағының, аумақтық сулар мен континентальды қайраң шекараларының, әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер шекараларының дұрыс көрсетiлуiн;
3) Қазақстан Республикасының экономика және қорғаныс салаларының топографиялық-геодезиялық, картографиялық және аэротүсiрiлiм деректерi мен материалдарына қажеттiлiгiн қамтамасыз етуiн, сондай-ақ осы материалдар мен деректердi есепке алу, сақтау, көбейту, пайдалану және сату ережесін сақтауын;
4) онда әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер арасындағы шекаралардың өзгерiстерi, сондай-ақ жергiлiктi жердiң және географиялық объектiлер атауларының өзгерiстерi көрсетiлген кезекшi анықтама картасын жүргiзуiн;
5) геодезиялық пункттердi есепке алу және олардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі iс-шаралардың орындалуын қадағалауды жүзеге асыру болып табылады.
5. Уәкiлеттi орган мемлекеттік қадағалаудың негiзгi мiндеттерiне сәйкес:
1) геодезиялық және картографиялық жұмыстардың орындалуының белгiленген тәртібінiң сақталуын, соның iшiнде олардың метрологиялық қамтамасыз етілуiн бақылайды;
2) топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстарды орындау кезiнде координаттар мен биiктiктердiң бiрыңғай мемлекеттік жүйесiнiң қолданылуын бақылайды;
3) карталар, жоспарлар, атластар және графикалық, сандық, электрондық, фотосуреттiк және өзге де нысандардағы басқа да өнiмдердi жасаудың және басып шығарудың белгiленген тәртібінiң орындалуын қадағалауды жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасы мемлекеттік шекарасының, аумақтық сулар мен континентальды қайраң шекараларының, әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер шекараларының картографиялық материалдарда дұрыс көрсетілуін қадағалауды қамтамасыз етедi;
5) жергiлiктi жерлердегi өзгерiстердi картографиялық материалдарда көрсету үшiн бұл өзгерiстердi және олардың атауын қадағалауды қамтамасыз етедi;
6) геодезиялық және картографиялық жұмыстарды орындау нәтижесiнде алынған графикалық, сандық, электрондық, фотосуреттiк және өзге де нысандардағы материалдар мен деректердiң есепке алыну, сақталу, пайдаланылу жағдайын бақылайды;
7) Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорға енгiзуге жататын геодезиялық және картографиялық қызмет нәтижесiнде алынған материалдар мен деректердi бақылауды жүзеге асырады;
8) құпиялылық және ақпаратты қорғау режимiн бақылауды жүзеге асырады;
9) заңға қайшы геодезиялық және картографиялық қызметтi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен анықтайды және болдырмайды.
3. Мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыру кезіндегi уәкілеттi органның құқықтары
6. Мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыру кезiнде уәкiлеттi орган:
1) барлық геодезиялық және картографиялық қызмет субъектiлерiнiң геодезия және картография саласындағы нормативтiк құқықтық және нормативтiк-техникалық кесiмдердiң талаптарын сақтау шарттарын тексеруге;
2) геодезиялық және картографиялық жұмыстарды ұйымдастыру мен орындау тәртібінiң анықталған жолсыздықтарын жоюды, сондай-ақ көрсетiлген жұмыстарды немесе аэроғарыштық түсiрiлiмдердi жүргiзу нәтижесiнде алынған геодезиялық және картографиялық материалдар мен деректердi топтастыруды, есепке алуды, сақтауды, пайдалануды және сатуды талап етуге;
3) геодезия және картография саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының және техникалық талаптардың бұзылу фактiлерi анықталған кезде геодезиялық және картографиялық жұмыстарды анықталған жолсыздықтар жойылғанға дейiн тоқтата тұруға;
4) мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыру үшiн қажеттi ақпаратты геодезиялық және картографиялық қызмет субъектiлерiнен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртіппен сұратуға құқылы.
4. Мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыру тәртібі
7. Мемлекеттік қадағалау тексерулер жүргiзу жолымен жүзеге асырылады.
8. Уәкiлеттi орган геодезиялық және картографиялық қызмет субъектiлерiн:
1) мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыру жұмыстарының бекітілген жоспарына;
2) өтiнiмдерге, шағымдарға, хабарлар мен заңнаманы бұзғандығы туралы басқа да деректерге;
3) геодезия және картография саласындағы заңнаманы бұзудың тiкелей анықталуына байланысты тексеру жүргiзедi.
9. Геодезиялық, топографиялық, картографиялық және аэротүсiрiлiм жұмыстарының соңғы нәтижелерiнiң сапасын тексеру, сондай-ақ осы жұмыстардың материалдарын қараудың және пайдаланудың дұрыстығын тексерудi далалық зерттеу және өңдеу жолымен уәкілеттi орган жүзеге асырады.
10. Далалық зерттеу және өңдеу кезiнде топографиялық-геодезиялық, картографиялық және аэротүсiрiлiм жұмыстарының орындалу сапасы мен көлемi, олардың геодезиялық және картографиялық қызмет саласындағы техникалық талаптарға сәйкестiгi тексерiледi.
11. Тексеру нәтижелерi екi данада жасалатын актіде тiркеледi және:
1) орындалған жұмыстардың көлемiн;
2) жұмыстардың сапасы жай-күйiнiң сипаттамасын, геодезиялық және картографиялық жұмыстарды ұйымдастыру тәртібiнiң, орындаудың белгiленген әдiстерi мен технологияларының сақталуын;
3) анықталған кемшiлiктердi жою жөніндегі қажеттi іс-шаралар көрсетілетiн қорытындылар мен ұсыныстарды;
4) жолсыздықтарды жою жөніндегі нақты мерзiмдердi қамтуы тиiс.
12. Геодезиялық және картографиялық қызметтi жүзеге асыратын және белгiленген жолсыздықтар фактiлерiне қатысы бар лауазымды тұлғалар міндетті түрде актiнiң мазмұнымен қолдарын қоя отырып танысады.
13. Егер тексерулер нәтижелерi бойынша Қазақстан Республикасының геодезия және картография саласындағы заңнамасының және техникалық талаптарының бұзылу фактiлерi анықталған жағдайда «Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес уәкiлеттi орган анықталған жолсыздықтарды жойғанға дейiн, жұмыстарды одан әрі жүргiзудi уақытша тоқтата тұрады.
14. Геодезиялық және картографиялық қызметтiң субъектiлерi бір ай мерзiмде анықталған жолсыздықтарды жою жөніндегі шараларды қабылдайды және жою нәтижелерi туралы уәкiлеттi органды хабардар етедi.