3. Егер кәмелетке толмаған адам осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiгiнде көзделген жасқа толса, бiрақ психикасының бұзылуына байланысты емес психикалық дамуы жағынан артта қалуы салдарынан қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезiндегi өзiнiң әрекетiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамдық қауiптiлiгiн толық көлемiнде түсiне алмаса не оған ие бола алмаса, қылмыстық жауапқа тартылуға тиiс емес.
4. Қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған адамдар шығу тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, сенiмiне, қоғамдық бiрлестiктерге қатыстылығына, тұрғылықты жерiне немесе өзге де кез келген мән-жайларға қарамастан заң алдында бiрдей.
17-бап. Есi дұрыс еместiк
1. Осы Кодексте көзделген қоғамдық қауiптi әрекеттi жасаған кезде есi дұрыс емес күйде болған, яғни созылмалы психикалық ауруы, психикасының уақытша бұзылуы, кемақылдығы немесе психикасының өзгеде дертке ұшырауы салдарынан өзiнiң әрекетiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамдық қауiптiлiгiн ұғына алмаған немесе оған ие бола алмаған адам қылмыстық жауапқа тартылуға тиiс емес.
2. Есi дұрыс емес деп танылған адамға сот осы Кодексте көзделген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануы мүмкiн.
18-бап. Есiнiң дұрыстығы жоққа шығарылмайтын психикасы бұзылған адамның қылмыстық жауаптылығы
1. Қылмыс жасаған кезiнде психикасының бұзылуы салдарынан өзiнiң iс-әрекетiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипатымен қоғамдық қауiптiлiгiн толық көлемiнде ұғына алмаған не оған ие бола алмаған есi дұрыс адам қылмыстық жауапқа тартылуға тиiс.
2. Есiнiң дұрыстығы жоққа шығарылмайтын психиканың бұзылуын сот жаза тағайындау кезiнде жеңiлдетушi мән-жай ретiнде ескередi және ол осы Кодексте көзделген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындау үшiн негiз бола алады.
19-бап. Мас күйiнде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның қылмыстық жауаптылығы
Алкогольдi iшiмдiктi, есiрткi, психотроптық заттарды немесе басқа да есеңгiрететiн заттарды пайдалану салдарынан мас күйiнде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам қылмыстық жауаптылықтан босатылмайды.
20-бап. Кiнә
1. Адам соларға қатысты өз кiнәсi, яғни жасалған қылмыстық құқық бұзушылыққа немесе оның қоғамдық қауіпті зардабына адамның қылмыстық заңмен көзделген көзқарасы анықталған қылмыстық құқық бұзушылықтар және пайда болған қоғамдық қауiптi зардаптар үшiн ғана қылмыстық жауапқа тартылуға тиiс.
2. Объективтi айыптауға, яғни кiнәсiз зиян келтiргенi үшiн қылмыстық жауаптылыққа жол берiлмейдi.
3. Қасақана немесе абайсызда әрекет жасаған адам ғана қылмыстық құқық бұзушылыққа кiнәлi деп танылады.
4. Абайсызда жасалған әрекет осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi бабында арнайы көзделген жағдайда ғана қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.
21-бап. Қасақана жасалған қылмыстық құқық бұзушылық
1. Тiкелей немесе жанама ниетпен жасалған әрекет қасақана жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.
2. Егер адам өз іс-әрекетiнiң (әрекетсiздiгiнiң) қоғамға қауiптi екенiн ұғынып, оның қоғамдық қауiптi зардаптары болуының мүмкiн екенiн немесе болмай қоймайтынын алдын ала бiлсе және осы зардаптардың болуын тiлесе, қылмыстық құқық бұзушылық тiкелей ниетпен жасалған деп танылады.
3. Егер адам өз iс-әрекетiнiң (әрекетсiздiгiнiң) қоғамға қауiптi екенiн ұғынып, оның қоғамдық қауiптi зардаптары болуы мүмкiн екенiн алдын ала бiлсе, осы зардаптардың болуын тiлемесе де, бұған саналы түрде жол берсе не бұған немқұрайды қараса, қылмыстық құқық бұзушылық жанама ниетпен жасалған деп танылады.
22-бап. Абайсызда жасалған қылмыстық құқық бұзушылық
1. Менмендiкпен немесе немқұрайдылықпен жасалған әрекет абайсызда жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.
2. Егер адам өз iс-әрекетiнiң (әрекетсiздiгiнiң) қоғамға қауiп туғызуы мүмкiн екенiн алдын ала бiлсе, бiрақ бұл зардаптарды жеткiлiктi негiздерсiз жеңiлтектiкпен болғызбау мүмкiндiгiне сенсе, қылмыстық құқық бұзушылық менмендiкпен жасалған деп танылады.
3. Егер адам қажеттi ұқыптылық пен сақтық болғанда ол зардаптарды болжап бiлуге тиiс және болжап бiле алатын бола тұра өз iс-әрекетiнiң (әрекетсiздiгiнiң) қоғамдық қауiптi зардаптарының болуы мүмкiн екенiн болжап бiлмесе, қылмыстық құқық бұзушылық немқұрайдылықпен жасалған деп танылады.
23-бап. Кiнәнiң екi нысанымен жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшiн жауаптылық
Егер қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде адамның ниетiмен қамтылмаған ауыр зардаптар келтiрiлсе, қылмыстық құқық бұзушылық кінәнің екі нысанымен жасалды деп танылады. Мұндай зардаптар үшiн қылмыстық жауаптылық, егер адам олардың пайда болатынын алдын ала бiлсе, бiрақ осыған жеткiлiктi негiздерсiз оларды болдырмауға менмендiкпен сенген жағдайда немесе егер адам бұл зардаптардың пайда болуы мүмкiн екенiн алдын ала бiлмесе, бiрақ болжауға тиiс және болжай алатын болған жағдайда ғана пайда болады. Тұтас алғанда мұндай қылмыстық құқық бұзушылық қасақана жасалған деп танылады..
24-бап. Жазықсыз зиян келтiру
1. Егер әрекет жасаған адамның әрекетi (әрекетсiздiгi) және одан кейiн пайда болған қоғамдық қауiптi зардаптар оның ниетiмен қамтылмаса, ал осы Кодексте абайсызда мұндай әрекет жасағаны және қоғамдық қауiптi зардаптар келтiргенi үшiн қылмыстық жауаптылық көзделмесе, әрекет жазықсыз жасалған деп танылады.
2. Егер әрекет жасаған адам өзiнiң іс-әрекетiнiң (әрекетсiздiгiнiң) қоғамдық қауiптiлiгiн ұғынбаған және iстiң мән-жайы бойынша ұғына алмаған болса, не қоғамдық қауiптi зардаптардың пайда болуы мүмкiн екенiн алдын ала бiлмесе және iстiң мән-жайы бойынша оларды алдын ала бiлуге тиiс болмаса немесе бiлуi мүмкiн болмаса, әрекет жазықсыз жасалған деп танылады. Егер әрекет жасаған кезде қоғамға қауiптi зардаптардың пайда болуын алдын ала бiлген адам оны болғызбауға жеткiлiктi негiзде сенген болса не өзiнiң психика-физиологиялық қасиеттерiнiң қысылтаяң жағдайлар талаптарына сәйкес келмеуiне немесе жүйке-психикалық ауыртпалықтарға байланысты осы зардаптарды болғызбауға шамасы келмесе де, әрекет жазықсыз жасалған деп танылады.
25-бап. Қылмыстық құқық бұзушылыққа дайындалғаны және қылмыстық құқық бұзушылық жасауға оқталғаны үшін қылмыстық жауаптылық
1. Тiкелей ниетпен қылмыстық құқық бұзушылық құралдарын немесе қаруларын iздестiру, әзiрлеу немесе бейiмдеп жасау, қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушыларды iздестiру, қылмыстық құқық бұзушылық жасауға сөз байласу не қылмыстық құқық бұзушылық жасау үшiн өзге де қасақана жағдайлар жасау, егер бұл ретте қылмыстық құқық бұзушылық адамның еркiне байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейiн жеткiзiлмесе, қылмыстық құқық бұзушылыққа дайындалу деп танылады.
2. Ауыр немесе ерекше ауыр қылмысқа дайындалғаны үшiн, сондай-ақ террористік қылмысқа дайындалғаны үшін қылмыстық жауаптылық басталады.
3. Тiкелей қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тура бағытталған ниетпен жасалған іс-әрекет (әрекетсiздiк), егер бұл ретте қылмыстық құқық бұзушылық адамға байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейiн жеткiзiлмесе, қылмыстық құқық бұзушылық жасауға оқталу болып танылады.
4. Қылмыстық жауаптылық ауырлығы орташа, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға оқталғаны үшiн, сондай-ақ террористік қылмыс жасауға оқталғаны үшін ғана басталады.
5. Қылмыстық құқық бұзушылық жасауға дайындалғаны және қылмыстық құқық бұзушылық жасауға оқталғаны үшiн қылмыстық жауаптылық осы Кодекстiң аяқталған қылмыстық құқық бұзушылыққа арналған бабы бойынша, осы баптың тиiстi бөлiгiне сiлтеме жасай отырып басталады.
26-бап. Аяқталған қылмыстық құқық бұзушылық
Егер адам жасаған әрекетте осы Кодексте көзделген қылмыс құрамының барлық белгiлерi болса, қылмыстық құқық бұзушылық аяқталған деп танылады.
27-бап. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаудан өз еркiмен бас тарту
1. Адамның дайындау әрекеттерiн немесе қылмыс iстеуге тiкелей бағытталған дайындалу әрекетiн тоқтатуы не әрекеттi (әрекетсiздiктi) тоқтатуы, егер адам қылмысты ақырына дейiн жеткiзу мүмкiндiгiн ұғынған болса, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудан өз еркiмен бас тарту деп танылады. Егер адам осы әрекетті ақырына дейiн жеткiзуден өз еркiмен және бiржола бас тартса, ол осы қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшiн қылмыстық жауапқа тартылмауға тиiс.
2. Қылмыстық құқық бұзушылықты ақырына дейiн жеткiзуден өз еркiмен бас тартқан адам оның нақты жасаған әрекетiнде өзге қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болған жағдайда ғана қылмыстық жауапқа тартылуға тиiс.
3. Қылмыстық құқық бұзушылықты ұйымдастырушы мен қылмыстық құқық бұзушылыққа айдап салушы, егер ол адамдар мемлекеттiк органдарға хабарлаумен немесе өзге де қолданылған шаралармен орындаушының құқық бұзушылықты ақырына дейiн жеткiзуiне жол бермесе, қылмыстық жауапқа тартылмауға тиiс. Егер орындаушы қылмыстық құқық бұзушылықты аяқтағанға дейiн оған күнi бұрын уәде берген жәрдемнен бас тартса немесе көрсетiлiп үлгерген көмектiң салдарын жойса, қылмысқа көмектесушi қылмыстық жауапқа тартылмауға тиiс.
4. Егер ұйымдастырушының немесе айдап салушының осы баптың үшiншi бөлiгiнде аталған әрекет орындаушының қылмыстық құқық бұзушылықты орындауын болдырмауға әкелмесе, олардың қолданған шаралары жаза тағайындау кезiнде жеңiлдететiн мән-жайлар деп танылуы мүмкiн.
28-бап. Қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысу ұғымы
Екi немесе одан да көп адамның қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасауға қасақана бiрлесiп қатысуы қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысу деп танылады.
29-бап. Қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушылардың түрлерi
1. Ұйымдастырушы, айдап салушы немесе көмектесушi орындаушымен бiрге қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушылар деп танылады.
2. Қылмыстық құқық бұзушылықты тiкелей жасаған немесе оны жасауға басқа адамдармен (қоса орындаушылармен) бiрге тiкелей қатысқан адам, сондай-ақ жасына, есiнiң дұрыс еместiгiне немесе осы Кодексте көзделген басқа да мән-жайларға байланысты қылмыстық жауапқа тартуға болмайтын басқа адамдарды пайдалану арқылы, сол сияқты әрекеттi абайсызда жасаған адамдарды пайдалану жолымен қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам орындаушы деп танылады.
3. Қылмыстық құқық бұзушылық жасауды ұйымдастырған немесе оның орындалуына басшылық жасаған адам, сол сияқты ұйымдасқан топты құрған не оны басқарған адам ұйымдастырушы деп танылады.
4. Басқа адамды азғыру, сатып алу, қорқыту жолымен немесе өзге де жолмен қылмыстық құқық бұзушылық жасауға көндiрген адам айдап салушы деп танылады.
5. Кеңестерiмен, нұсқауларымен, ақпарат, қылмысты жасайтын қару немесе құралдар берумен не осы әрекетті жасауға кедергiлердi жоюымен қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалуына жәрдемдескен адам, сондай-ақ қылмыскердi, қаруды немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасаудың өзге құралдарын, осы әрекеттің iзiн не қылмыстық жолмен табылған заттарды жасыруға күнi бұрын уәде берген адам, сол сияқты осындай заттарды сатып алуға немесе өткiзуге күнi бұрын уәде берген адам көмектесушi деп танылады.
30-бап. Қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушылардың жауаптылығы
1. Қатысушылардың қылмыстық жауаптылығы олардың әрқайсысының қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалуына қатысуының сипатымен және дәрежесiмен айқындалады.
2. Қоса орындаушылар өздерiнiң бiрлесiп жасаған қылмыстық құқық бұзушылығы үшiн осы Кодекстiң 29-бабына сiлтеме жасамай, осы Кодекстiң нақ бiр бабы бойынша жауап бередi.
3. Ұйымдастырушының, айдап салушының және көмектесушiнiң жауаптылығы, олар бiр мезгiлде қылмысты қоса орындаушылар болып табылатын жағдайларды қоспағанда, жасалған әрекет үшiн жазаны көздейтiн бап бойынша, осы Кодекстiң 29-бабына сiлтеме жасай отырып басталады.
4. Орындаушы өзiне тәуелсiз мән-жайлар бойынша қылмыстық құқық бұзушылықты ақырына дейiн жеткiзбеген жағдайда қалған қатысушылар қылмыстық құқық бұзушылық жасауға дайындалуға немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасауға оқталуға қатысқаны үшiн жауапқа тартылады. Өзiне тәуелсiз мән-жайлар бойынша басқа адамдарды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға көндiре алмаған адам да осы әрекетті жасауға дайындалғаны үшiн қылмыстық жауапқа тартылады.
5. Осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi бабында арнайы аталған, қылмыстың субъектiсi болып табылмайтын, осы бапта көзделген әрекетті жасауға қатысқан адам осы қылмыстық құқық бұзушылық үшiн оны ұйымдастырушы, оған айдап салушы не жәрдемдесушi ретiнде қылмыстық жауапқа тартылады.
31-бап. Қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушының шектен шығушылығы
Қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушының басқа қатысушылардың ойында болмаған қылмысты жасауы оның шектен шығушылығы деп танылады. Шектен шығушылық үшiн басқа қатысушылар қылмыстық жауапқа тартылмайды.
32-бап. Топпен жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін қылмыстық жауаптылық
1. Егер қылмыс жасауға екi немесе одан да көп орындаушы күнi бұрын сөз байласпай бiрлесiп қатысса, ол адамдар тобымен жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.
2. Егер қылмыстық құқық бұзушылықты бiрлесiп жасау туралы күнi бұрын уағдаласқан адамдар қатысса, ол адамдар тобы алдын ала сөз байласып жасаған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.
3. Егер қылмысты ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым, қылмыстық қоғамдастық, трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым, трансұлттық қылмыстық қоғамдастық, террористік топ, экстремистік топ, банда немесе заңсыз әскерилендірілген құралым жасаса, ол қылмыстық топ жасаған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.
4. Қылмыстық топты құрған не оны басқарған адам осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi баптарында көзделген жағдайларда оларды ұйымдастырғаны және басқарғаны үшін, сондай-ақ егер қылмыстар оның қастық ниетiмен қамтылса, қылмыстық топ жасаған барлық қылмыстық құқық бұзушылықтар үшiн қылмыстық жауапқа тартылуға тиiс.
5. Қылмыстық топтың басқа қатысушылары осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi баптарында көзделген жағдайларда, оларға қатысқаны үшiн, сондай-ақ өздерi дайындауға немесе жасауға қатысқан қылмыстық құқық бұзушылықтар үшiн қылмыстық жауаптылықта болады.
33-бап. Қажеттi қорғану
1. Қорғанушының және басқа да адамдардың жеке басы мен құқықтарын, сондай-ақ қоғамның және мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қол сұғушы адамға зиян келтіру жолымен қоғамдық қауіпті қол сұғушылықтан заңды қорғау қажетті қорғану деп танылады
Барлық адамдардың кәсiби немесе өзге де арнаулы даярлығына және қызмет жағдайына қарамастан тең дәрежеде қажеттi қорғануға құқығы бар. Бұл құқық адамға қоғамға қауiптi қол сұғушылықтан құтылу не басқа адамдардың немесе мемлекеттiк органдардың көмегiне жүгiну мүмкiндiгiне қарамастан тиесiлi болып табылады.
2. Қажеттi қорғану жағдайында қол сұғушы адамға зиян келтiру, яғни қорғанушының немесе өзге бiр адамның жеке басын, тұрғын үйiн, меншiгiн, жер учаскесiн және басқа да құқықтарын, қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiн қоғамдық қауiптi қол сұғушылықтан қол сұғушыға зиян келтiру жолымен қорғау кезiнде, егер бұл орайда қажеттi қорғану шегiнен асып кетушiлiкке жол берiлмеген болса, ол қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
3. Нәтижесiнде қол сұғушыға қалыптасқан жағдай тудырмайтын көрінеу шектен тыс зиян келтiрiлетiн қорғанудың қол сұғушылықтың сипаты мен қоғамдық қауiптiлiгi дәрежесiне көрiнеу сай келмеуi қажеттi қорғаныс шегiнен шығу деп танылады. Осындай шектен шығу қасақана зиян келтiрiлген жағдайларда ғана қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқтырады.
Адамның өміріне қол сұғатын, не қорғанушының немесе басқа адамдардың өмірі үшін қауіпті қарулы шабуылмен немесе зорлықпен, не осындай зорлықпен тікелей қорқытумен, не тұрғын үйге, үй-жайға басып кірумен ұштасқан өзге де қол сұғуға қарсы тұру кезінде адамға зиян келтіру, сондай-ақ егер қорғанушы қол сұғушылықтың кенеттілігінен шабуыл қаупінің дәрежесі мен сипатын дұрыс бағалай алмаса, қажетті қорғану шегінен асып кету болып табылмайды.
34-бап. Қол сұғушылық жасаған адамды ұстау кезiнде зиян келтiру
1. Қылмыстық жазаланатын әрекет жасаған адамға оны мемлекеттiк органдарға жеткiзу және оның жаңа қол сұғушылық жасау мүмкiндiгiн тыю үшiн ұстау кезiнде зиян келтiру, егер мұндай адамды өзге амалдармен ұстау мүмкiн болмаса және бұл ретте осы үшiн қажеттi шаралар шегiнен шығуға жол берiлмесе, қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Қол сұғушылық жасаған адамды ұстау адамға келтiрiлген зиян жағдай мәжбүр етпейтiн анық шектен тыс зиян қажетсiз келтiрiлген кезде, олардың ұсталатын адам жасаған құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауiптiлiк дәрежесiне және ұстаудың мән-жайына көрiнеу сай келмеуi ұстау шараларын асыра сiлтеу деп танылады. Бұлайша асыра сiлтеу қасақана зиян келтiрiлген жағдайда ғана қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
3. Қол сұғушылық жасаған адамды ұстауға бұған арнаулы уәкiлеттiгi бар адамдармен бiрге жәбiрленушiлер мен басқа азаматтардың да құқығы бар.
35-бап. Аса қажеттiлiк
1. Осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге аса қажет болған жағдайда зиян келтiру, яғни белгiлi бiр адамның немесе өзге де адамдардың өмiрiне, денсаулығына, құқықтары мен заңды мүдделерiне, қоғамның немесе мемлекеттiң мүдделерiне тiкелей қатер төндiретiн қауiптi жою үшiн зиян келтiру, егер бұл қауiптi басқа амалдармен жою мүмкiн болмаса және бұл ретте аса қажеттiлiк шегiнен шығып кетушiлiкке жол берiлмесе, қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Құқық қорғау мүдделерiне алды алынғанға тең немесе одан гөрi елеулi зиян келтiрiлген, төнген қатердiң сипаты мен дәрежесiне және қатер жойылған жағдайға көрiнеу сәйкес келмейтiн зиян келтiру аса қажеттiлiк шегiнен шығу деп танылады. Мұндай шектен шығушылық тек қасақана зиян келтiрiлген жағдайларда ғана жауаптылыққа әкеп соғады.
36-бап. Жедел-іздестіру шараларын немесе жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыру
1. Уәкілетті мемлекеттік орган қызметкерінің не осындай органның тапсырмасы бойынша осы органмен ынтымақтасып жұмыс істейтін өзге адамның заңға сәйкес жедел-іздестіру іс-шараларын немесе жасырын тергеу әрекеттерін орындау кезінде жасаған, осы Кодексте қорғалатын мүдделерге зиян келтірген әрекеті, егер бұл әрекетті адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы құрылған адамдар тобы, қылмыстық топ жасаған қылмыстық құқық бұзушылықты болғызбау, анықтау, ашу немесе тергеу мақсатымен жасалса, сондай-ақ егер құқық қорғау мүдделеріне келтірілген зиян аталған қылмыстық құқық бұзушылықтармен келтірілетін зиянға қарағанда аздау болса, және егер оларды болғызбауды, ашуды немесе тергеуді, сол сияқты қылмыс жасауға кінәлі адамдарды әшкерелеуді өзге тәсілмен жүзеге асыру мүмкін болмаса, ол қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Осы баптың бірінші бөлігінің ережелері адамның өміріне немесе денсаулығына қатер, экологиялық апат, қоғамдық қасірет немесе өзге де ауыр зардаптар қатерін төндіретін әрекет жасаған адамдарға қолданылмайды.
37-бап. Орынды тәуекел ету
1. Қоғамдық пайдалы мақсатқа қол жеткiзу үшiн орынды тәуекел еткен ретте осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiру қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Егер аталған мақсатқа тәуекелмен байланыссыз әрекетпен (әрекетсiздiкпен) қол жеткiзiлмейтiн болса және тәуекелге жол берген адам осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiрiлуiн болғызбау үшiн жеткiлiктi шаралар қолданса, тәуекел орынды деп танылады.
3. Егер тәуекел ету адамдардың өмiрiне немесе денсаулығына көрiнеу қатер төндiруге, экологиялық апатқа, қоғамдық күйзелiске немесе өзге де ауыр зардаптарға ұштасатын болса, тәуекел ету орынды деп танылмайды.
38-бап. Күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу
1. Егер күштеп мәжбүрлеудiң салдарынан адам өзiнiң әрекетiне (әрекетсiздiгiне) ие бола алмаса, күштеп немесе психикалық мәжбүрлеудiң нәтижесiнде осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiру қылмыс болып табылмайды.
2. Күштеп немесе психикалық мәжбүрлеудiң нәтижесiнде осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiргенi үшiн соның салдарынан адам өзiнiң iс-әрекетiне басшылық жасау мүмкiндiгiн сақтаған қылмыстық жауаптылық туралы мәселе осы Кодекстiң 35-бабының ережелерi ескерiле отырып шешiледi.
39-бап. Бұйрықты немесе өкiмдi орындау
1. Өзi үшiн мiндеттi бұйрықты немесе өкiмдi орындау жөнiнде әрекет жасаған адамның осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiруi қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды. Мұндай зиян келтiрiлгенi үшiн заңсыз бұйрық немесе өкiм берген адам қылмыстық жауапқа тартылады.
2. Көрiнеу заңсыз бұйрықты немесе өкiмдi орындағаны үшiн қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам жалпы негiздерде қылмыстық жауапқа тартылады. Көрiнеу заңсыз бұйрықты немесе өкiмдi орындамау қылмыстық жауаптылыққа ұшыратпайды.
3-бөлім. Жаза
40-бап. Жаза ұғымы мен оның мақсаттары
1. Жаза дегенiмiз соттың үкiмi бойынша тағайындалатын мемлекеттiк мәжбүрлеу шарасы. Жаза қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кiнәлi деп танылған адамға қолданылады және ол адамды құқықтары мен бостандықтарынан осы Кодекспен көзделген айыру немесе оларды шектеу болып табылады.
2. Жаза әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру, сондай-ақ сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауынан сақтандыру мақсатында қолданылады. Жаза тән азабын шектiрудi немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлауды мақсат етпейдi.
41-бап. Жазаның түрлерi
1. Теріс қылық жасады деп танылған адамға мынадай негiзгi жазалар:
а) айыппұл салу;
б) түзеу жұмыстары;
в) қоғамдық жұмыстарға тарту;
г) қамауға алу қолданылуы мүмкiн.
2. Қылмыс жасады деп танылған адамға мынадай негізгі жазалар:
а) айыппұл салу;
б) түзеу жұмыстары;
в) бас бостандығын шектеу;
г) бас бостандығынан айыру;