қайта құрылымдау шеңберінде жүргізілетін іс-шаралар;
активтер мен міндеттемелерді қайта құрылымдаудан алынатын болжамды қаржылық нәтижелер;
қызметте қолданылатын шектеулер қамтылған қаржы ұйымын қайта құрылымдау жоспарының жобасы қоса тіркеледі.
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 312-3-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
312-3-бап. Өтінішті қарау
Сот қаржы ұйымын қайта құрылымдау туралы өтінішті ол соттың іс жүргізуіне қабылданған күннен бастап бес күн ішінде қарайды.
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 312-4-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
312-4-бап. Соттың өтініш бойынша шешімі
1. Сот қаржы ұйымын қайта құрылымдау туралы өтінішті қарап, қаржы ұйымын қайта құрылымдауды жүргізу туралы шешім шығарады, онда:
1) қаржы ұйымының атауы;
2) қаржы ұйымын қайта құрылымдаудың мерзімі және қайта құрылымдауды жүргізуге, кредиторлар жиналысын шақыруға және өткізуге жауапты лауазымды адамдар белгіленген қаржы ұйымын қайта құрылымдауды жүргізу туралы нұсқау қамтылуға тиіс.
2. Қаржы ұйымын қайта құрылымдауды жүргізу туралы сот шешімі заңды күшіне енген кезден бастап:
1) мыналарды:
қайта құрылымдау көзделетін міндеттемелер бойынша талаптарды қанағаттандыру туралы соттардың, төрелік және аралық соттардың бұрын қабылдаған шешімдерінің;
қайта құрылымдауды жүргізу туралы соттың шешімі күшіне енгенге дейін және қаржы ұйымын қайта құрылымдау кезеңінде мәлімделген кредиторлардың алдындағы міндеттемелерін қайта құрылымдау көзделетін қаржы ұйымы кредиторлары талаптарының орындалуы тоқтатыла тұрады;
2) қаржы ұйымының мүлкін өндіріп алуға жол берілмейді.
3. Қаржы ұйымын қайта құрылымдауды жүргізу туралы заңды күшіне енген сот шешімінің көшірмесін мамандандырылған қаржылық сот қаржы ұйымына, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне және атқарушылық іс жүргізетін аумақтық органдарға жібереді.
312-5-бап. Қайта құрылымдау жоспарын соттың бекітуі
Қаржы ұйымын қайта құрылымдау жоспарын кредиторлар мақұлдағаннан кейін қаржы ұйымы қайта құрылымдау жоспарын соттың бекітуіне ұсынуға міндетті. Қайта құрылымдау жоспарымен бірге қаржы ұйымы сотқа қаржы ұйымы кредиторлары жиналысының қаржы ұйымын қайта құрылымдау жоспарын мақұлдауы туралы хаттамасын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен ұсынады.
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 312-6-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
312-6-бап. Соттың қайта құрылымдауды тоқтату туралы шешімі
1. Соттың қаржы ұйымын қайта құрылымдауды тоқтату туралы шешімі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өтінішімен:
1) қайта құрылымдауды жүргізу туралы сот шешімімен көзделген қаржы ұйымын қайта құрылымдау мерзімінің өтіп кетуі;
2) қайта құрылымдау жоспарында көзделген шаралар кешенінің жүзеге асырылуы;
3) қаржы ұйымын қайта құрылымдау:
қаржы ұйымын қайта құрылымдау қаржы ұйымы қызметінің қаржылық нәтижелерін жақсартуға алып келмейтініне жеткілікті негіздердің болуы;
Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен алынған қаржы ұйымы кредиторлары мақұлдауының болмауы;
қайта құрылымдау жоспарында көзделген іс-шаралардың орындалмауы;
қайта құрылымдау кезеңінде уәкілетті орган қабылдаған нұсқамалардың орындалмауы жағдайында мерзімінен бұрын тоқтатылуы негіздері бойынша қабылданады.
Қайта құрылымдау жоспарында көзделген шаралар кешенін жүзеге асыру, орындалуына орай, қайта құрылымданған міндеттемелер бойынша талаптарды қанағаттандыру туралы соттардың, төрелік және аралық соттардың бұрын қабылданған шешімдері бойынша міндеттемелердің тоқтатылуына әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өтінішін сот оны іс жүргізуіне қабылдаған күннен бастап бес күн ішінде қарайды.
2012.17.02. № 564-ІV ҚР Заңымен 35-тарау жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
35-тарау. Дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың банкроттығы, заңды тұлғаларды жеделдетілген
оңалту және оңалту туралы iстердi қарау
313-бап. Дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың банкроттығы, заңды тұлғаларды жеделдетілген оңалту және оңалту туралы iстердi қарау
Сот дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың банкроттығы, заңды тұлғаларды жеделдетілген оңалту және оңалту туралы iстердi банкроттық туралы заңнамада белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, осы Кодексте көзделген жалпы қағидалар бойынша қарайды.
36-тарау. Жылжымалы мүлікті иесіз деп тану және жылжымайтын
мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану
2011.22.07. № 479-ІV ҚР Заңымен 314-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
314-бап. Арыз беру
1. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген жағдайларда жылжымалы мүлікті иесіз деп тану туралы арыз осы мүлікті иеленуге кіріскен жеке тұлға тұратын жердегі немесе ұйым орналасқан жердегі сотқа беріледі.
2. Жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы арызды коммуналдық мүлікті басқаруға уәкілетті орган сол мүлік орналасқан жердегі сотқа береді.
3. Егер коммуналдық мүлікті басқаруға құқық уәкілеттігі берілген орган жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органның осы мүлікті есепке алған күнінен бастап бір жыл өткенге дейін сотқа арызбен жүгінсе, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 242-бабы 3-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген жағдайды қоспағанда, сот жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы арызды кері қайтарады.
315-бап. Арыздың мазмұны
1. Жылжымалы мүлікті иесіз деп тану туралы арызда қандай мүліктің иесіз деп тануға жататындығы көрсетілуге, оның негізгі ерекше белгілері сипатталуға, сондай-ақ мүлікке меншік құқығын сақтау ниетін көздемей, сол мүлікті меншік иесінің тастап кетуін куәландыратын дәлелдер және арыз иесінің мүлікті иеленуге кіріскенін куәландыратын дәлелдер келтірілуге тиіс.
2. Коммуналдық мүлікті басқаруға құқық уәкілеттігі берілген органның жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы арызында қандай мүліктің иесіз деп танылатыны, оның иесіз мүлік ретінде қай уақытта есепке қойылғаны көрсетілуге, сондай-ақ осы мүлікке меншік құқығын сақтау ниетін көздемей, меншік иесінің осы мүлікті тастап кеткенін куәландыратын дәлелдемелер келтірілуге тиіс.
316-бап. Арызды қарау
Жылжымалы мүлікті иесіз деп тану туралы немесе жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы арызды сот арыз берушінің және іс бойынша барлық мүдделі адамдардың қатысуымен қарайды.
317-бап. Арыз бойынша сот шешімі
1. Жылжымалы мүлік иесінің болмауын не иесінің оған меншік құқығын сақтау ниетін көздемей тастап кеткенін тани отырып, сот жылжымалы мүлікті иесіз деп тану туралы және оны иеленуге кіріскен адамның меншігіне беру туралы шешім шығарады.
2. Жылжымайтын мүлік иесінің болмауын не оның меншік құқығын сақтау ниетін көздемей тастап кеткенін және белгіленген тәртіппен есепке алынғандығын таныған соң сот жылжымайтын мүлікті иесіз деп тану және коммуналдық меншік құқығын тану туралы шешім шығарады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 36-1-тараумен толықтырылды
36-1 тарау. Ұл (қыз) асырап алу туралы
өтініштер бойынша іс жүргізу
2008.05.07. № 64-IV ҚР Заңымен 317-1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
317-1-бап. Өтiнiш беру
Жасы кәмелетке толмаған ұл немесе қыз асырап алу (бұдан әрi - бала асырап алу) туралы өтінішті бала асырап алғысы келетін азаматтар баланың тұрғылықты (жүрген) жеріндегі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа бередi.
Ескерту. Егер тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот құрылмаса, оның соттауына жататын істерді баланың тұрғылықты (тұратын) жеріндегі аудандық (қалалық) сот қарауға құқылы.
317-2-бап. Өтініштің мазмұны
1. Баланы асырап алу туралы өтініште:
1) бала асырап алушылардың (бала асырап алушының) фамилиясы, аты, әкесінің аты, олардың тұрғылықты жері;
2) асырап алынатын баланың фамилиясы, аты, әкесінің аты, туған күні, айы, жылы, оның тұрғылықты (жүрген) жері, асырап алынатын баланың ата-аналары, аға-інілері мен апа-қарындастарының бар-жоғы туралы мәліметтер;
3) бала асырап алушылардың (бала асырап алушының) баланы асырап алу жөніндегі негіздейтін мән-жайлар және осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелер;
4) баланы асырап алушылар (бала асырап алушы) баланың тууы туралы акт жазбасына тиісті өзгерістер енгізгісі келген жағдайда, асырап алынатын баланың фамилиясын, атын, әкесінің атын, туған күнін (баланы бір жасқа дейін асырап алған жағдайда), асырап алынатын баланың туған жерін өзгерту туралы, баланың тууы туралы акт жазбасына бала асырап алушыларды (бала асырап алушыны) ата-аналар (ата-ана) ретінде жазу туралы өтініш көрсетілуге тиіс.
317-3-бап. Судьяның өтінішті қабылдап алғаннан кейінгі іс-әрекеті
Судья істі сотта қарауға әзірлеу кезінде асырап алынатын баланың тұрғылықты (жүрген) жеріндегі қамқоршылық және қорғаншылық органдарын асырап алудың негізділігі туралы және асырап алудың баланың мүддесіне сәйкестігі туралы сотқа қорытынды беруге міндеттейді.
317-4-бап. Өтініштерді қарау
Баланы асырап алу туралы істерді сот баланы асырап алушылардың (баланы асырап алушының) өздерінің, қамқоршы және қорғаншы органдар өкілдерінің, сондай-ақ прокурордың міндетті түрде қатысуымен қарайды.
Сот қажет болған жағдайларда, іске қатысуға асырап алынатын баланың ата-аналарын (ата-анасын) немесе өзге заңды өкілдерін, оның туысқандарын және басқа мүдделі адамдарды, сондай-ақ он жасқа толған баланың өзін тарта алады.
Сот баланы асырап алу туралы істерді соттың жабық отырысында қарайды.
317-5-бап. Соттың өтініш бойынша шешімі
Баланы асырап алу туралы өтінішті қарап, сот өтінішті қанағаттандыру не оны қанағаттандырудан толық бас тарту немесе бала асырап алушылардың (бала асырап алушының) өздерін баланың ата-аналары (ата-анасы) ретінде оның тууы туралы акт жазбасына жазу туралы, сондай-ақ баланың туған күні мен жерін өзгерту туралы өтінішін қанағаттандыру бөлігінде бас тарту туралы шешім шығарады.
Баланы асырап алу туралы өтiнiш қанағаттандырылған жағдайда, бала асырап алушылардың (бала асырап алушының) және асырап алынған баланың өзара құқықтары мен мiндеттерi сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап пайда болады.
Соттың заңды күшiне енген шешiмi баланы асырап алуды мемлекеттік тiркеу үшiн сот орналасқан жердегi азаматтық хал актілерін жазу органына, сондай-ақ қорғаншы және қамқоршы органға жiберiледi.
2005.23.02 № 33-III ҚР Заңымен 36-2-тараумен толықтырылды; 2005.08.07 № 67-III (бұр.ред. қара) ҚР Заңымен тақырыбы жаңа редакцияда; 2010.08.04. № 266-IV ҚР Заңымен 36-2-тараудың тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
36-2-тарау. Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттiң аумағында
экстремизмдi немесе террористiк қызметтi жүзеге асыратын шетелдiк немесе халықаралық
ұйымды экстремистiк немесе террористік ұйым деп тану туралы, соның ішінде оның өз атауын өзгерткенін анықтау туралы
өтiнiш бойынша iс жүргiзу
2005.08.07 № 67-III ҚР Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2010.08.04. № 266-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 317-6-бап өзгертілді
317-6-бап. Өтiнiш беру
1. Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттің аумағында экстремизмді жүзеге асыратын шетелдік немесе халықаралық ұйымды экстремистік ұйым деп тану туралы, соның ішінде оның өз атауын өзгерткенін анықтау туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын ақпараттық материалдарды экстремистік деп тану туралы өтінішті прокурор осындай талапты мәлімдеген прокурордың тұрған жеріндегі немесе осындай материалдар табылған жердегі сотқа береді.
Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттiң аумағында террористiк қызметтi жүзеге асыратын халықаралық ұйымды террористiк ұйым деп тану туралы, соның ішінде оның өз атауын өзгерткенін анықтау туралы өтінiштi прокурор осындай талапты мәлімдеген прокурордың тұрған жеріндегі сотқа бередi.
2005.08.07 № 67-III (бұр.ред. қара) ҚР Заңымен; 2010.08.04. № 266-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 317-7-бап өзгертілді
317-7-бап. Өтiнiштiң мазмұны
Өтiнiште Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес экстремистік немесе террористік деп танылуы мүмкiн қызметті шетелдiк немесе халықаралық ұйымның Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттiң аумағында жүзеге асыру фактiсiн не оның өз атауын өзгерту фактісін растайтын мән-жайлар жазылуға тиiс.
Прокурордың шетелдiк немесе халықаралық ұйымды экстремистiк немесе террористiк ұйым деп тану туралы, соның ішінде оның өз атауын өзгерткенін анықтау туралы өтiнiшіндегі материалдар шет мемлекеттердiң құзыреттi органдарынан алынған нақты деректердi де, соның iшiнде халықаралық соттардың және шет мемлекеттер соттарының сот шешiмдерiн де қамтуы мүмкiн.
2005.08.07 № 67-III (бұр.ред. қара) ҚР Заңымен; 2010.08.04. № 266-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 317-8-бап өзгертілді
317-8-бап. Соттың өтiнiш бойынша шешiмi
Соттың шешiмi Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттiң аумағында экстремизмдi немесе террористiк қызметтi жүзеге асыратын шетелдiк немесе халықаралық ұйым туралы мәлiметтердi құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында өз құзыретi шегiнде статистикалық қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттік органның арнайы есепке алу жүйесiне қосу үшiн негiз болады.
Прокуратура органдары Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттiң аумағында экстремизмдi немесе террористiк қызметтi жүзеге асыратын шетелдiк немесе халықаралық ұйымды экстремистiк немесе террористік ұйым деп тану туралы, соның ішінде оның өз атауын өзгерткенін анықтау туралы iстi қарауға байланысты сот шығындарын төлеуден босатылады.
2009.10.07. № 178-IV ҚР Заңымен кодекс 36-3-тараумен толықтырылды
36-3-тарау. Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын, Қазақстан Республикасының заңнамалық
актілеріне қайшы келетін ақпараты бар шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өнімін заңсыз деп тану
туралы өтініштер бойынша іс жүргізу
317-9-бап. Өтініш беру
Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне қайшы келетін ақпараты бар шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өнімін заңсыз деп тану туралы өтінішті прокурор немесе уәкілетті орган өтініш берушінің орналасқан жері бойынша береді.
317-10-бап. Өтініштің мазмұны
Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне қайшы келетін ақпараты бар шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өнімін заңсыз деп тану туралы өтініште қандай ақпараттың осылай деп танылуға жататыны көрсетілуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне ақпараттық өнімнің сәйкес еместігі туралы куәландыратын дәлелдемелер келтірілуге тиіс. Өтініште мазмұндалған ақпараттың таратылғанын растайтын фактілер өтініште мазмұндалуға тиіс.
317-11-бап. Соттың өтініш бойынша шешімі
Сот Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне қайшы келетін ақпараты бар шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өнімін заңсыз деп танып, шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өнімін Қазақстан Республикасының аумағында таратуды тоқтата тұру не тоқтату туралы шешім шығарады.
Соттың шешімі тиісті мемлекеттік органға жіберіледі.
2011.22.07. № 478-ІV ҚР Заңымен 36-4-тараумен толықтырылды
36-4-тарау. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы өтініш бойынша іс жүргізу
317-12-бап. Өтініш беру
Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы өтінішті халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның келу орны және (немесе) тіркелген жері бойынша сотқа береді.
317-13-бап. Өтініштің мазмұны
1. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы өтініште Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылғанын куәландыратын мән-жайлар жазылуға тиіс.
2. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы өтінішке шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғанын растайтын құжаттар қоса беріледі.
317-14-бап. Өтінішті қарау
1. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы өтінішті сот іс қозғалған кезден бастап он күн ішінде қарайды.
2. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы өтініш шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның, сондай-ақ прокурордың міндетті түрде қатысуымен қаралады.
3. Сот шығындарын, сондай-ақ шығарып жіберу бойынша шығындарды шығарып жіберілетін шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар не Қазақстан Республикасына шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды шақырған ұйымдар немесе жеке тұлғалар көтереді. Аталған адамдардың шығарып жіберу бойынша шығыстарды өтеуге қаражаты болмаған не жеткіліксіз болған жағдайларда, тиісті іс-шараларды қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
317-15-бап. Өтініш бойынша сот шешімі
1. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы сот шешімі қабылданған күнінен бастап заңды күшіне енеді және шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу үшін негіз болып табылады.
2. Шешімде шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының аумағынан кетуге тиіс мерзім көрсетіледі.
3. Сот шешімі орындау үшін халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жіберіледі.
37-тарау. Азаматтық хал актілері жазбаларының жаңсақтықтарын анықтау
318-бап. Арыз беру
Егер құқық туралы дау болмаған кезде азаматтық хал актілерін жазу органдары жасалған жазбаға түзетулер енгізуден бас тартса, сот азаматтық хал актілерін жазу кітаптарындағы жазулардың жаңсақтықтарын анықтау туралы істі қарайды. Азаматтық хал актілерін жазу кітаптарындағы жазбаның жаңсақтығын анықтау туралы арыз оны берушінің тұратын жеріндегі не азаматтық хал актілерін жазу органы орналасқан жердегі сотқа беріледі.
319-бап. Арыздың мазмұны
Арызда азаматтық хал актілерін жазу кітабындағы жазудың жаңсақтығы неде екендігі, қашан болғаны және азаматтық хал актілерін жазудың қандай органы жасалған жазбаны түзетуден немесе өзгертуден бас тартқандығы көрсетілуге тиіс.
320-бап. Арыз бойынша сот шешімі
Азаматтық хал актілерін жазу кітабындағы жазбаның жаңсақтығын анықтаған сот шешімі азаматтық хал актілерін жазу органдарының мұндай жазбаны түзетуіне немесе өзгертуіне негіз болып табылады.
38-тарау. Нотариаттық іс-әрекеттерге немесе оларды
жасаудан бас тартуға жасалатын шағымдар
321-бап. Шағым беру
1. Жасалған нотариаттық іс-әрекетті немесе нотариаттық іс-әрекет жасаудан бас тартуды дұрыс емес деп есептейтін мүдделі адам бұл жөнінде нотариус немесе нотариаттық іс-әрекет жасайтын орган орналасқан жердегі аудандық сотқа шағым беруге құқылы.
2. Заңдарда аталған лауазымды адамдардың өсиеттер мен сенімхаттарды дұрыс куәландырмауына немесе оларды куәландырудан бас тартуына шағымдар тиісті аурухана, басқа да стационарлық емдеу-профилактикалық мекеме, халықты әлеуметті қорғау мекемесі, тиісті халықты әлеуметтік қорғау органы, экспедиция, госпиталь, әскери-оқу мекемесі, әскери бөлім, құрама, мекеме, ұйым, бас бостандығынан айыру орны орналасқан жердегі сотқа беріледі.
3. Қазақстан Республикасының жалауымен жүзіп жүрген теңіз кемесі немесе ішкі сулардағы жүзу кемесі капитанының өсиетті дұрыс куәландырмауына немесе оны куәландырудан бас тартуына шағымдар кеме тоқтайтын порт жеріндегі сотқа беріледі.
4. Шағым сотқа арыз жасалған нотариаттық іс-әрекет туралы немесе нотариаттық іс-әрекет жасаудан бас тарту туралы арыз берушіге белгілі болған күннен бастап есептелетін он күн мерзімде беріледі.
322-бап. Шағымды қарау
Шағымды сот арыз берушінің, нотариустың немесе шағым беріліп отырған нотариаттық іс-әрекетті жасаған немесе нотариаттық іс-әрекет жасаудан бас тартқан басқа бір лауазымды адамның қатысуымен қарайды, алайда олардың келмеуі істі шешуге кедергі болмайды.
323-бап. Шағым бойынша сот шешімі
Арыз берушінің шағымын қанағаттандырған сот шешімі жасалған нотариаттық іс-әрекеттің күшін жояды немесе мұндай іс-әрекетті жасауға міндеттейді.
39-тарау. Көрсетушіге берілетін жоғалған бағалы
қағаздар және ордерлік бағалы қағаздар бойынша құқықтарды қалпына келтіру (шақыртылып іс жүргізу)
324-бап. Арыз беру
1. Бағалы қағаздарды көрсетушіге берілетін бағалы қағазды немесе ордерлік бағалы қағазды (бұдан әрі - құжат) жоғалтқан адам заңда көрсетілген жағдайларда соттан жоғалған құжатты жарамсыз деп тану туралы және ол жөніндегі құқықтарды қалпына келтіру туралы өтініш жасай алады. Тиісінше сақтамау салдарынан немесе басқа да себептермен құжаттың төлем төлеу белгілері жоғалтылған жағдайда да құжат жөніндегі құқықтардың қалпына келтірілуі мүмкін.
2. Жоғалған құжатты жарамсыз деп тану туралы арыз құжатты берген мекеме (адам) орналасқан жердегі сотқа беріледі.
325-бап. Арыздың мазмұны
Арызда жоғалған құжаттың ерекше белгілері, оны берген мекеменің (адамның) атауы көрсетілуге, сондай-ақ құжат жоғалған кездегі мән-жайлар жазылуға тиіс.
326-бап. Судьяның арыз қабылданғаннан кейінгі іс-әрекеттері
1. Судья арыз қабылданғаннан кейін құжат берген мекемеге (адамға) ол бойынша төлем жүргізуге немесе ақша беруге тыйым салу туралы ұйғарым шығарады және ұйғарымның көшірмесін құжатты берген мекемеге (адамға), тізілімді ұстаушы мен тіркеушіге жібереді.
2. Судья арыз беруші есебінен жергілікті газетке жарияланым беру туралы да ұйғарым шығарады.
3. Жарияланымда:
1) құжаттың жоғалуы туралы арыз келіп түскен соттың атауы;
2) арыз берген адамды көрсету және оның мекен-жайы;
3) құжаттың атауы мен ерекше белгілері;
4) жоғалғаны туралы мәлімделген құжатты ұстаушыға жарияланым шыққан күннен бастап үш ай мерзімде сотқа осы құжатқа өз құқықтары туралы арыз беруге жасалған ұсыныс болуға тиіс.
4. Ұйғарым шығарудан бас тартуға, сол сияқты ұйғарымның өзіне де жеке шағым, наразылық беруге болады.
327-бап. Құжатты ұстаушының арызы
Жоғалғаны туралы мәлімделген құжатты ұстаушы жарияланым шыққан күннен бастап үш ай мерзім өткенге дейін ұйғарым шығарған сотқа құжатқа деген өз құқықтары туралы арыз беруге және бұл орайда құжаттың түпнұсқасын табыс етуге міндетті.
328-бап. Құжатты ұстаушыдан арыз келіп түскеннен кейінгі судьяның іс-әрекеттері
1. Жарияланым шыққан күннен бастап үш ай мерзім өткенге дейін құжатты ұстаушыдан арыз келіп түскен жағдайда сот құжатты жоғалтқан адамның арызын қарамай қалдырады және құжатты берген мекемеге (адамға) ол бойынша төлем төлеу мен ақша беруге тыйым салынатын мерзім белгілейді. Бұл мерзім екі айдан аспауға тиіс.
2. Сонымен бірге сот арыз берушіге оның сол құжатты талап ету туралы құжатты ұстаушыға жалпы тәртіппен талап қою құқығын, ал құжатты ұстаушыға оның қолданылған тыйым салу шаралары арқылы келтірілген залалдарды арыз берушіден өндіріп алу құқығын түсіндіреді.
3. Соттың ұйғарымына жеке шағым, наразылық берілуі мүмкін.
329-бап. Жоғалған құжатты жарамсыз деп тану туралы арызды қарау
Егер құжатты ұстаушыдан осы Кодекстің 328-бабында көрсетілген арыз келіп түспесе, жоғалған құжатты жарамсыз деп тану туралы істі судья жарияланым шыққан күннен бастап үш ай мерзім өткеннен кейін қарайды.
330-бап. Арыз бойынша сот шешімі
1. Арыз берушінің өтініші қанағаттандырылған жағдайда сот жоғалған құжатты жарамсыз деп танитын шешім шығарады. Бұл шешім арыз берушіге жарамсыз деп танылған құжаттың орнына қосымша немесе жаңа құжат беруге негіз болып табылады.
2. Төлемдік белгілерін жоғалтқан құжаттар жөніндегі құқықты қалпына келтіру туралы арыз қанағаттандырылған жағдайда сот жаңа құжат беру туралы шешім шығарады.
331-бап. Мүліктің негізсіз сатып алынғандығы туралы құжат ұстаушының талап қою құқығы
Әлдебір себептермен осы құжатқа өз құқығы туралы уақытында мәлімдемеген құжат ұстаушы құжатты жарамсыз деп тану туралы соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін жоғалған құжаттың орнына жаңа құжат алу құқығы берілген адамға мүліктің негізсіз сатып алынғандығы немесе сақталғандығы туралы талап қоя алады.