4) егер заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы) және (немесе) басшысы болып табылатын жеке тұлға iс-әрекет етпейтiн заңды тұлғалардың жалғыз құрылтайшысы (қатысушысы) және (немесе) басшысы болып табылса және (немесе) әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулі деп танылса, және (немесе) хабарсыз кеткен деп танылса, және (немесе) қайтыс болған деп жарияланса, және (немесе) оның Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 192, 216 және 217-баптары бойынша қылмыстары үшін жойылмаған немесе алынбаған соттылығы бар болса;
5) жеке басты куәландыратын жоғалған және (немесе) жарамсыз құжаттарды ұсынуы;
6) сот актілерінің және сот орындаушылары мен құқық қорғау органдары қаулыларының (тыйым салуларының, қамауға алуларының) болуы.
Дiни бiрлестiктi мемлекеттiк тiркеуден және қайта тiркеуден бас тартудың қосымша негiздерi «Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленедi.
Филиалды (өкiлдiктi) есептiк тiркеуден және қайта тiркеуден бас тарту филиалды (өкiлдiктi) құрудың Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгiленген тәртiбi бұзылған, есептiк тiркеуге ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келмеген жағдайларда жүзеге асырылады.
Заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеуден немесе қайта тiркеуден, филиалды (өкiлдiктi) есептiк тiркеуден немесе қайта тiркеуден бас тартылған жағдайда, тiркеушi орган оған ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасы заңнамалық актiсiнiң талаптарына сәйкес келмейтiндiгіне сiлтеме жасалған жазбаша түрдегі дәлелдi бас тартуды осы Заңның 9-бабында көзделген мерзiмдерде бередi.
Заңды тұлғаларды, олардың филиалдарын (өкілдіктерін) мемлекеттік (есептік) тіркегені немесе қайта тіркегені үшін төленген тіркеу алымын қайтару Салық кодексінде көзделген жағдайларда жүргізіледі.
Мемлекеттік тіркеуден (қайта тіркеуден) бас тартудың осы бапта көзделген негіздері шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаларға қолданылмайды.
12-бап. Заңды тұлғаны, филиалды (өкiлдiктi) мемлекеттiк (есептiк) тiркеуді (қайта тіркеуді) растайтын құжат
Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген нысан бойынша тіркеуші орган беретін анықтама заңды тұлғаның мемлекеттiк тiркелгенін (қайта тіркелгенін), филиалдың (өкiлдiктiң) есептiк тiркелгенін (қайта тiркелгенін) растайтын құжат болып табылады.
Заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы анықтамада оның берілген жылы, айы, күні, тiркеушi орган, бизнес-сәйкестендiру нөмiрi, мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) жылы, айы, күні, заңды тұлғаның атауы мен орналасқан жері туралы мәлiметтер қамтылады.
Филиалды (өкілдікті) есептік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтамада оның берілген жылы, айы, күні, тiркеушi орган, бизнес-сәйкестендiру нөмiрi, есептік тiркеу (қайта тiркеу) жылы, айы, күні, филиалдың (өкiлдiктiң) атауы мен орналасқан жері, филиалды (өкiлдiктi) құрған заңды тұлғаның атауы туралы мәлiметтер қамтылады.
Заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тіркеу) туралы немесе филиалды (өкілдікті) есептік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама ұсынылған кезде ғана банкте шот ашылуы мүмкін.
Заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелгенін (қайта тіркелгенін) растайтын құжаттың болуы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лицензия алуды талап ететiн қызметтi бастау үшiн негiз болып табылмайды. Заңды тұлғаның лицензияланатын қызмет саласындағы құқықтық қабiлетi тиiстi лицензияны алған кезден бастап пайда болады және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен лицензияның қолданысы тоқтатылған немесе ол жарамсыз деп танылған кезден бастап тоқтатылады.»;
«14-бап. Заңды тұлғаны мемлекеттік қайта тіркеу, филиалды (өкілдікті) есептік қайта тіркеу
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерiнде көзделген жағдайларда заңды тұлға, филиал (өкілдік) мемлекеттік (есептік) қайта тiркелуге жатады.
Бұл ретте, тіркеуші органға:
1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша өтініш;
2) заңды тұлғаның құрылтай құжаттарына, филиал (өкілдік) туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделетін, мемлекеттік (есептік) қайта тіркеу туралы заңды тұлғаның уәкілетті органының заңды тұлға мөрімен бекемделген шешімі не шешімінен үзінді көшірме;
3) жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлға, сондай-ақ акционерлік қоғам, олардың филиалдары (өкілдіктері) үшін енгізілген өзгерістерімен және толықтыруларымен құрылтай құжаттарының (ережелерінің) үш данасы;
4) жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлғаның, сондай-ақ акционерлік қоғамның бұрынғы құрылтай құжаттарының, олардың филиалдары (өкілдіктері) туралы ережелердің түпнұсқалары;
5) заңды тұлғаны мемлекеттік қайта тіркегені немесе филиалды (өкілдікті) есептік қайта тіркегені үшін бюджетке тіркеу алымы төленгенін растайтын түбіртек немесе өзге де құжат ұсынылады.
Шаруашылық серiктестiгіне қатысушылардың тiзiлiмiн жүргiзудi бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалы қағаздар нарығына кәсiби қатысушы жүзеге асыратын шаруашылық серiктестiктерін қоспағанда, қатысушылар құрамының өзгеруі негізі бойынша шаруашылық серiктестiктерiн мемлекеттік қайта тiркеу үшiн Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерiне және құрылтай құжаттарына сәйкес шаруашылық серiктестiгінің шығатын қатысушысының серіктестік мүлкіндегі (жарғылық капиталындағы) үлесіне немесе оның бір бөлігіне құқығының иелiктен шығарылғанын (бiреуге берiлгенiн) растайтын құжат ұсынылады.
Егер шаруашылық серiктестiгінің шығатын қатысушысының серіктестік мүлкіндегі (жарғылық капиталындағы) үлесіне немесе оның бір бөлігіне құқығын иеліктен шығару (біреуге беру) шартының тарапы жеке тұлға болып табылатын жағдайда, жеке тұлға қолының түпнұсқалығын нотариат куәландыруға тиіс.
Табиғи монополия субъектiлерiн мемлекеттік қайта тiркеу үшiн табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органның келiсiмi талап етiледi; тиiстi тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектiлерiн, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындарды, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларды және өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын, олармен үлестес тұлғаларды, мұндай құру Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, қайта тiркеу үшiн монополияға қарсы органның келiсiмi талап етіледi.
Банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарының, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорларының құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тиісінше Қазақстан Республикасының банк заңнамасында, Қазақстан Республикасының сақтандыру ісі және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында және Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады.»;
8) мынадай мазмұндағы 14-1-баппен толықтырылсын:
«14-1-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлғаның, сондай-ақ акционерлік қоғамның құрылтай құжаттарына, олардың филиалдары (өкілдіктері) туралы ережелерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды мемлекеттік тіркеу
Жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлғаның, сондай-ақ акционерлік қоғамның құрылтай құжаттарына, олардың филиалдары (өкілдіктері) туралы ережелерге мемлекеттік (есептік) қайта тіркеуге әкеп соқпайтын өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда заңды тұлға, филиал (өкілдік) тіркеуші органға бұл жөнінде жарғыға (ережеге) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде хабарлайды.
Хабарламаға заңды тұлға мөрімен бекемделген, құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды тұлғаның уәкiлеттi органының шешімі не шешімінен үзінді көшірме, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлғаның, сондай-ақ акционерлік қоғамның құрылтай құжаттарына, олардың филиалдары (өкілдіктері) туралы ережелерге енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың мәтіні қоса беріледі.
Жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлғаның, сондай-ақ акционерлік қоғамның құрылтай құжаттарына, олардың филиалдары (өкілдіктері) туралы ережелерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды мемлекеттік тіркеу орналасқан жері өзгерген, жарғы (ереже) жаңа редакцияда қабылданған жағдайларда жүргізіледі.
Жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлғаның, сондай-ақ акционерлік қоғамның құрылтай құжаттарына, олардың филиалдары (өкілдіктері) туралы ережелерге енгізілген, мемлекеттік (есептік) қайта тіркеуге әкеп соқпайтын өзгерістер мен толықтыруларды мемлекеттік тіркеу үшін тіркеуші органға:
1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша өтініш;
2) заңды тұлғаның құрылтай құжаттарына, филиал (өкілдік) туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды тұлғаның уәкiлеттi органының заңды тұлға мөрімен бекемделген шешімі не шешімінен үзінді көшірме;
3) заңды тұлға мөрімен бекемделген, заңды тұлғаның құрылтай құжаттарына, филиал (өкілдік) туралы ережеге енгізілген өзгерістер мен толықтырулар мәтінінің үш данасы немесе жаңа редакцияда ресімделген, заңды тұлға құрылтай құжаттарының, филиал (өкілдік) туралы ереженің үш данасы;
4) заңды тұлғаның бұрынғы құрылтай құжаттарының, филиал (өкілдік) туралы ереженің түпнұсқалары;
5) нақты орналасқан жерін (орналасқан жерін өзгерткен жағдайда) растайтын құжат ұсынылады.
Жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлғаның, сондай-ақ акционерлік қоғамның құрылтай құжаттарына, олардың филиалдары (өкiлдiктерi) туралы ережелерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды мемлекеттік тіркеуден бас тарту:
1) заңды тұлғаның құрылтай құжаттарына, филиал (өкiлдiк) туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі бұзылған, құрылтай құжаттары (ереже) Қазақстан Республикасының заңына сәйкес келмеген;
2) сот актілері және сот орындаушылары мен құқық қорғау органдарының қаулылары (тыйым салулары, қамауға алулары) болған жағдайларда жүзеге асырылады.
Жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлғаның, сондай-ақ акционерлік қоғамның құрылтай құжаттарына, олардың филиалдары (өкiлдiктері) туралы ережелерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды мемлекеттiк тiркеуден бас тартылған жағдайда, тiркеушi орган оған ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасы заңнамалық актiсiнiң талаптарына сәйкес келмейтiндiгіне сiлтеме жасалған жазбаша түрдегі дәлелдi бас тартуды осы Заңның 9-бабында көзделген мерзiмдерде бередi.
Акционерлік қоғамды қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаның, олардың филиалдарының (өкілдіктерінің) орналасқан жері ауысқан кезде заңды тұлға, филиал (өкілдік) нақты мекенжайы бойынша тіркеуші органға бұл жөнінде орналасқан жерін ауыстыру туралы шешім қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде хабарлайды.»;
9) 15, 16, 16-1 және 17-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«15-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне жатпайтын заңды тұлға, сондай-ақ акционерлiк қоғам, олардың филиалдары мен өкiлдiктерi жарғысының (ережесiнiң) телнұсқасын беру
Тiркеушi орган заңды тұлғаның өтiнiшi бойынша үш жұмыс күнi iшiнде жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне жатпайтын заңды тұлға, сондай-ақ акционерлiк қоғам, олардың филиалдары мен өкiлдiктерi жарғысының (ережесiнiң) телнұсқасын бередi.
Жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне жатпайтын заңды тұлға, сондай-ақ акционерлiк қоғам, олардың филиалдары мен өкiлдiктерi жарғысының (ережесiнiң) телнұсқасын беру үшiн:
1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша өтiнiш;
2) жарғының (ереженiң) телнұсқасын алу туралы заңды тұлғаның уәкiлеттi органының заңды тұлға мөрiмен бекемделген шешiмi не шешімінен үзiндi көшірме;
3) жарғы (ереже) түпнұсқасының жоғалғаны туралы ақпараттың мерзiмдi баспасөз басылымында жарияланғанын растайтын құжат ұсынылады.
16-бап. Заңды тұлға қызметiнiң тоқтатылуын мемлекеттік тiркеу
Тарату негiздемесi бойынша заңды тұлға қызметiнің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу үшін:
1) Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi белгiлеген нысан бойынша заңды тұлғаның таратылуын мемлекеттік тiркеу туралы өтiнiш;
2) заңды тұлға мүлкi меншiк иесiнiң немесе меншiк иесi уәкiлеттiк берген органның не құрылтай құжаттарымен уәкiлеттiк берiлген заңды тұлға органының заңды тұлға мөрiмен бекемделген шешiмi;
3) заңды тұлғаның таратылуы, кредиторлардың талаптарды мәлiмдеу тәртiбi мен мерзiмдерi туралы ақпараттың Әділет министрлігінің ресми баспасөз басылымдарында жарияланғанын растайтын құжат;
4) кедендік баждар, салықтар және кедендік алымдар бойынша берешегінің жоқ екендігі туралы анықтама;
5) акция шығарылымдарының күшін жою туралы куәлік (акционерлiк қоғамдар үшiн);
6) заңды тұлғаның мөрiн жою туралы құжат;
7) заңды тұлға қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркегені үшін бюджетке тіркеу алымы төленгенін растайтын түбіртек немесе өзге де құжат;
8) құрылтай құжаттары ұсынылады.
Заңды тұлғаның таратылуын мемлекеттік тiркеу туралы өтiнiш тiркеушi органға заңды тұлғаның таратылғаны туралы ақпарат жарияланған күннен бастап кемінде екі ай өткен соң ұсынылады.
Сот шешімімен таратылған заңды тұлға қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу сот шешімі және тарату ісін жүргізудің аяқталғаны туралы сот ұйғарымы негізінде жүзеге асырылады.
Мүліктік кешен ретінде жекешелендірілген мемлекеттік кәсіпорын қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу үшін сатып алушы:
1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша мемлекеттік тіркеу туралы өтінішті;
2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің (жергілікті атқарушы органның) мемлекеттік кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде жекешелендіру туралы шешімін;
3) мемлекеттік кәсіпорынның мүліктік кешенін сатып алу-сату шартының көшірмесін;
4) мемлекеттік кәсіпорынның тапсыру актiсiнің көшірмесін;
5) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркегені немесе филиалды (өкілдікті) есептік тіркегені үшін бюджетке тіркеу алымы төленгенін растайтын түбіртекті немесе өзге де құжатты ұсынады.
Тіркеуші орган заңды тұлғаны тарату туралы шешімді алғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тарату тәртібінің сақталуын тексереді, заңды тұлғаның таратылғаны туралы мәліметтерді Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгізеді.
Салық қызметі органдары Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерi ұлттық тiзiлiмінің мәліметтері негізінде қызметін тоқтататын заңды тұлға жөнінде салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешегінің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер береді не мұндай заңды тұлға Салық кодексінде белгіленген тәртіппен салық міндеттемесін орындамаған жағдайда берешегі туралы аталған мәліметтерді беруден бас тартады.
Егер тексеру процесінде тарату тәртібінің бұзылуы анықталмаса, тіркеуші орган қажетті құжаттарымен қоса заңды тұлғаның таратылуын мемлекеттік тіркеу туралы өтініш берілген күннен кейінгі бес жұмыс күні ішінде заңды тұлға қызметінің тоқтатылуын тіркейді. Табиғи монополия субъектiсi қызметiнiң тоқтатылуын мемлекеттік тiркеудi тiркеушi орган табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органның алдын ала келiсiмiмен жүзеге асырады.
Заңды тұлғаны тарату тәртібінің бұзылуы анықталған кезде, сондай-ақ таратылатын заңды тұлғаның есептік тіркеуден шығарылмаған филиалдары (өкілдіктері) болған, салық берешегі, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі болған не мұндай заңды тұлға Салық кодексінде белгіленген тәртіппен салық міндеттемесін орындамаған жағдайда салық қызметі органдары берешегі туралы аталған мәліметтерді беруден бас тартқан жағдайларда, тіркеуші орган заңды тұлға қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеуден бас тарту туралы шешім шығарады.
Заңды тұлға өз қызметiн тоқтатты деп бұл жөнінде мәліметтер Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгiзiлгеннен кейiн есептеледi.
16-1-бап. Заңды тұлғаның филиалын (өкiлдiгiн) есептiк тiркеуден шығару
Филиал (өкiлдiк):
1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша филиалдың (өкiлдiктiң) қызметiн тоқтату туралы заңды тұлғаның өтiнiшi;
2) филиал (өкiлдiк) туралы ереже;
3) филиалды (өкiлдiктi) есептiк тiркеуден шығарғаны үшiн бюджетке тіркеу алымы төленгенiн растайтын түбiртек немесе өзге де құжат негiзiнде есептік тіркеуден шығарылуға тиiс.
Салық қызметі органдары Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерi ұлттық тiзiлiмінің мәліметтері негізінде шетелдік заңды тұлғаның қызметін тоқтататын филиалы (өкілдігі) жөнінде салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешегінің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер береді не шетелдік заңды тұлғаның мұндай филиалы (өкілдігі) Салық кодексінде белгіленген тәртіппен салық міндеттемесін орындамаған жағдайда берешегі туралы аталған мәліметтерді беруден бас тартады.
Мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі шығарылған заңды тұлғаның филиалын (өкілдігін) есептік тіркеуден шығару:
1) филиал (өкілдік) туралы ереже;
2) филиалды (өкілдікті) есептік тіркеуден шығарғаны үшін бюджетке тіркеу алымы төленгенiн растайтын түбiртек немесе өзге де құжат қоса беріле отырып, осындай шешім негізінде жүзеге асырылады.
Заңды тұлға филиалының (өкілдігінің) қызметін тоқтатудың Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерінде белгіленген тәртібінің бұзылуы анықталған кезде, сондай-ақ шетелдік заңды тұлға филиалының (өкілдігінің) салық берешегі, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі болған не шетелдік заңды тұлғаның мұндай филиалы (өкілдігі) Салық кодексінде белгіленген тәртіппен салық міндеттемесін орындамаған жағдайда салық қызметі органдары берешегі туралы аталған мәліметтерді беруден бас тартқан жағдайларда, тіркеуші орган филиалды (өкілдікті) есептік тіркеуден шығарудан бас тарту туралы шешім шығарады.
Заңды тұлғаның филиалын (өкілдігін) есептік тіркеуден шығару қажетті құжаттарымен қоса филиалдың (өкілдіктің) қызметін тоқтату туралы заңды тұлғаның өтініші берілген күннен кейінгі бес жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
17-бап. Дауларды қарау
Заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеуден және филиалдарды (өкiлдiктердi) есептiк тiркеуден бас тарту, сондай-ақ мұндай тiркеуден жалтару, сол сияқты заңды тұлға құрылтайшылары мен тiркеуші органдар арасындағы өзге де даулар бойынша сотқа шағым жасауға болады.»;
10) 18-баптың екінші және үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
«Заңда белгiленген тәртiппен мемлекеттік қайта тiркелуге әкеп соғатын заңды тұлға деректерiнiң өзгергенi туралы мәлiметтер бiр ай мерзiмде берілмегенi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылық туындайды.
Тiркеушi орган заңды тұлғаларды, филиалдарды (өкілдіктерді) мемлекеттік (есептік) тіркеуден (қайта тіркеуден), заңды тұлғалардың құрылтай құжаттарына, олардың филиалдары (өкілдіктері) туралы ережелерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды тіркеуден заңсыз бас тартқан жағдайда, өтініш берушi өзi шеккен залалдардың орнын толтыруды сот тәртiбiмен талап етуге құқылы.».
12. «Шаруашылық серiктестiктерi туралы» 1995 жылғы 2 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 7, 49-құжат; № 15-16, 109-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 14, 274-құжат; № 19, 370-құжат; 1997 ж., № 12, 183,184-құжаттар; № 13-14, 205, 210-құжаттар; 1998 ж., № 5-6, 50-құжат; № 17-18, 224-құжат; 2003 ж., № 11, 56-құжат; № 24, 178-құжат; 2007 ж., № 4, 28-құжат; 2008 ж., № 12, 52-құжат; № 13-14, 56-құжат; 2010 ж., № 1-2, 2-құжат; № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 5, 43-құжат; № 6, 50-құжат; № 24, 196-құжат):
1) 4-бапта:
6-тармақ алып тасталсын;
13-тармақта:
бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«13. Шаруашылық серiктестiктерiн мемлекеттiк тiркеу Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.»;
екінші бөліктегі «қатысқан шаруашылық серiктестiктерiн мемлекеттiк тiркеудiң ерекшелiктерi заңдарда белгiленедi» деген сөздер «қатысатын шаруашылық серiктестiктерiн мемлекеттiк тiркеудiң ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 7-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Егер Қазақстан Республикасының арнайы заңнамалық актiлерінде немесе құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, шаруашылық серiктестiгiне қатысушының серiктестiк мүлкіндегі (жарғылық капиталындағы) өз үлесін немесе оның бір бөлігін кепiлге салуға және (немесе) сатуға құқығы бар. Егер шаруашылық серiктестiгiнің шығатын қатысушысының серіктестік мүлкіндегі (жарғылық капиталындағы) үлесіне немесе оның бір бөлігіне құқығын иелiктен шығару (біреуге беру) шартының тарапы жеке тұлға болып табылатын жағдайда, жеке тұлға қолының түпнұсқалығын нотариат куәландыруға тиіс.»;
3) 8-2-баптың 2-тармағының 4) тармақшасы алып тасталсын;
4) 9-бапта:
2-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Шаруашылық серiктестiгi қайта ұйымдастырылған кезде серiктестiктiң құрылтай құжаттарына және Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне қажеттi өзгерiстер, ал таратылған кезде - Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне тиiстi мәліметтер енгізіледі.»;
8-тармақтағы «мемлекеттiк регистрге» деген сөздер «Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне» деген сөздермен ауыстырылсын;
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«9. Тарату аяқталды, ал шаруашылық серіктестігі өз қызметін тоқтатты деп бұл жөнінде мәліметтер Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізілген кезден бастап есептеледі.».
13. «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметi туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 15-16, 106-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 2, 184-құжат; № 15, 281-құжат; № 19, 370-құжат; 1997 ж., № 5, 58-құжат; № 13-14, 205-құжат; № 22, 333-құжат; 1998 ж., № 11-12, 176-құжат; № 17-18, 224-құжат; 1999 ж., № 20, 727-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; № 22, 408-құжат; 2001 ж., № 8, 52-құжат; № 9, 86-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 5, 31-құжат; № 10, 51-құжат; № 11, 56, 67-құжаттар; № 15, 138, 139-құжаттар; 2004 ж., № 11-12, 66-құжат; № 15, 86-құжат; № 16, 91-құжат; № 23, 140-құжат; 2005 ж., № 7-8, 24-құжат; № 14, 55, 58-құжаттар; № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 4, 24-құжат; № 8, 45-құжат; № 11, 55-құжат; № 16, 99-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 4, 28, 33-құжаттар; 2008 ж., № 17-18, 72-құжат; № 20, 88-құжат; № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 2-3, 16, 18, 21-құжаттар; № 17, 81-құжат; № 19, 88-құжат; № 24, 134-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 28-құжат; № 17-18, 111-құжат; 2011 ж., № 3, 32-құжат; № 5, 43-құжат; № 6, 50-құжат; № 12, 111-құжат; № 13, 116-құжат; № 14, 117-құжат; № 24, 196-құжат; 2012 ж., № 2, 15-құжат; № 8, 64-құжат; № 10, 77-құжат; № 13, 91-құжат):
1) 11-1-баптың 4-тармағының 9) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«9) иеленетін еншілес ұйымды - заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;»;
2) 26-баптың 2-тармағының 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«3) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы анықтаманы және өтініш беруші жарғысының нотариат куәландырған көшірмесін;»;
3) 29-бапта:
2-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) филиалды (өкілдікті) есептік тіркеу туралы анықтаманы;»;
8-тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) филиалды (өкілдікті) есептік қайта тіркеу туралы анықтаманы ұсынуға мiндеттi.»;
11-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) Қазақстан Республикасының резидентi емес банк өкiлдiгiн есептік тіркеу туралы анықтаманы;».
14. «Қоғамдық бірлестіктер туралы» 1996 жылғы 31 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 8-9, 234-құжат; 2000 ж., № 3-4, 63-құжат; 2001 ж., № 24, 338-құжат; 2005 ж., № 5, 5-құжат; № 13, 53-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; 2009 ж., № 2-3, 9-құжат; № 8, 44-құжат; 2010 ж., № 8, 41-құжат; 2012 ж., № 2, 13-құжат):