қолма-қол ақшаны, шетел банктерінде орналастырылған депозиттерді қоса алғанда, еркін айырбасталатын шетел валютасындағы активтерді және эмитенттері шетелдердің үкіметтері немесе халықаралық қаржы ұйымдары болып табылатын бағалы қағаздарды;
өтімділікке және шектеу талаптарынсыз пайдалану мүмкіндігіне ие, еркін айырбасталатын шетел валюталарында номинирленген басқа да сыртқы активтерді қамтиды.
Қазақстан Ұлттық Банкі алтын-валюта резервтерін ұлттық валютаның тұрақтылығын және айырбасталуын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының міндеттемелері бойынша төлемдерді жүзеге асыру үшін қажетті деңгейде ұстап тұруды қамтамасыз етеді.
Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының шешiмiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, алтын-валюта резервтерін кредиттер (қарыздар, несиелер) беру нысанында пайдалануға және Қазақстан Республикасының резиденттерi мен резидент еместеріне кепiлдiктер немесе басқа да мiндеттемелер ұсынуға жол берiлмейдi.
Қазақстан Ұлттық Банкі алтын-валюта резервтерінің құрылымын ұлғайтуды және өзгертуді:
Қазақстан теңгесi мен шетел валютасына тазартылған алтынды сатып алу;
Қазақстан теңгесiне (естелiк және кәдесый монеталарын қоса алғанда) және шетел валютасына Қазақстан Республикасының резиденттерi мен резидент еместерден, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметінен еркін айырбасталатын шетел валютасындағы активтерді сатып алу;
шетел валютасымен депозиттік, салымдық, дилингтік операциялардан және шетел валютасында номинирленген бағалы қағаздармен операциялардан, сондай-ақ оларға шетел валютасында берілген кредиттерден түсетiн еркін айырбасталатын шетел валютасындағы комиссиялық және басқа да сыйақы түсімдері;
Қазақстан Ұлттық Банкінің тазартылған алтында номинирленген бағалы қағаздарымен операциялардан түсетін түсiмдерді қоса алғанда, Қазақстан Ұлттық Банкінің алтынды сатудан, депозитке салудан және онымен басқа да операциялар жүргізуінен түсетін алтын және еркін айырбасталатын шетел валютасындағы түсімдер;
Қазақстан Ұлттық Банкінің шетел валютасындағы эмиссиялық бағалы қағаздарды шығаруынан түсетін еркін айырбасталатын шетел валютасындағы түсімдер;
Қазақстан Ұлттық Банкi халықаралық қаржы ұйымдарынан, шет мемлекеттердiң орталық банктерiнен және басқа кредиторлардан алған кредиттерден түсетін түсімдер;
осы Заңға және Қазақстан Ұлттық Банкi туралы ережеге сәйкес Қазақстан Ұлттық Банкi көрсететін қызметтерден түсетін еркін айырбасталатын шетел валютасындағы түсімдер жолымен жүргізеді.
Қазақстан Ұлттық Банкi алтын-валюта резервтерінің құрылымын азайтуды және өзгертуді:
айырбастау бағамы саясатын қоса алғанда, ақша-кредит саясатын жүргiзу және iшкi валюта нарығында шетел валютасына сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздікті деңгейлестіру мақсатында еркін айырбасталатын валютаны сату;
бюджет қаражаты және Қазақстан Ұлттық Банкiнің бюджеті (шығыстар сметасы) есебінен, Қазақстан Ұлттық Банкінің халықаралық міндеттемелерін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының сыртқы борышын өтеу және оған қызмет көрсету, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Ұлттық Банкінің міндеттемелерін, Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін орындау;
өнiм (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) импортына ақы төлеу, шет елдегі дипломатиялық және өзге де өкiлдiктердi ұстау, iссапар және өкілдік шығыстарын төлеу;
басқа шетел валютасын сатып алу үшін еркін айырбасталатын шетел валютасындағы активтерді сату;
Қазақстан Ұлттық Банкінің эмиссиялық бағалы қағаздарын өтеу;
Қазақстан Ұлттық Банкі алған кредиттер бойынша негiзгi соманы және сыйақыны қайтару, сондай-ақ комиссиялық және соларға iлеспе басқа да шығыстарды төлеу;
тазартылған алтынды Қазақстан теңгесіне және шетел валютасына өткізу;
шетел валютасындағы және бағалы металдардағы активтерді басқару мен сақтауға байланысты шығыстарды төлеу;
шығынды алтын-валюта резервтерін есептен шығару жолымен жүргізеді.
Алтын-валюта резервтерін ұлғайту немесе азайту алтын-валюта резервтеріне кіретін активтердің нарықтық құнының өзгеруі және Қазақстан Ұлттық Банкінде ашылған еркін айырбасталатын валютадағы банк шоттары иелерінің-резиденттердің операциялары нәтижесінде де жүргізіледі.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 59-бап өзгертiлдi; 2005.08.07. № 69-III ҚР Заңымен 59-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2006.05.07. № 165-III (01.07.2006. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 59-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 59-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
59-бап. Бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығы
Қазақстан Республикасының өндіру және шығару субъектілерімен бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алу жөніндегі мәмілелерді жасасуға басым құқығы бар.
Қазақстан Ұлттық Банкі өндіру және шығару субъектілерінен бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асырушы орган болып табылады.
Өндіру және шығару субъектілері тазартылған алтынды өткізген кезде ол басымдықты түрде Қазақстан Ұлттық Банкіне ұсынылады.
Мемлекеттің басым құқығы көлік шығыстарын, өткізу шығындарын және Лондон бағалы металдар нарығы қауымдастығы қабылдаған және осы қауымдастықтың құжаттарында «Лондон сапалы жеткізілімі» («London good delivery») стандарты ретінде белгіленген халықаралық сапа стандарттарына сай келмейтін тазартылған алтынды сатып алған жағдайда қолданылатын сапа жеңілдігін шегергендегі халықаралық нарықта қалыптасқан бағалар пайдаланылып есептелген бағалар бойынша тазартылған алтынды сатып алу жолымен іске асырылады.
Бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асыру тәртібін Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы айқындайды.
Қазақстан Ұлттық Банкі тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асырудан бас тартқан жағдайда тазартылған алтынды өндіру және шығару субъектілері оны өздерінің қалауынша өткізеді.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 60-бап өзгертiлдi; ҚР 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңымен 60-бап жаңа редакцияда; 2005.08.07. № 69-III ҚР Заңымен 60-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
60-бап. 2009.11.07 № 185-ІV Заңымен алып тасталды (жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 11-тарау жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
11-тарау. ҚАРЖЫ НАРЫҒЫ МЕН ҚАРЖЫ ҰЙЫМДАРЫН ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАРЖЫ ЗАҢНАМАСЫ САЛАСЫНДАҒЫ БАҚЫЛАУ МЕН ҚАДАҒАЛАУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТӘРТІБІ
61-бап. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомствосының бақылау мен қадағалау жөніндегі өкілеттіктері
1. Қазақстан Ұлттық Банкі және оның ведомствосы Қазақстан Республикасының банк қызметі, сақтандыру және сақтандыру қызметi, валюталық реттеу мен валюталық бақылау, ақша төлемдері мен аударымдары, зейнетақымен қамсыздандыру, бағалы қағаздар нарығы, бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік, мемлекеттік статистика, кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру, почта, Қазақстанның Даму Банкі туралы заңнамасында белгіленген талаптарды қаржы нарығының субъектілері мен қатысушыларының сақтауын бақылауды жүзеге асырады, сондай-ақ осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес және өздерінің бақылау функцияларын жүзеге асыру барысында көрсетілген талаптарды бұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік іс қозғайды не Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де шараларды қолданады.
2. Қазақстан Ұлттық Банкі және оның ведомствосы Қазақстан Республикасының банк қызметі, сақтандыру және сақтандыру қызметi, валюталық реттеу мен валюталық бақылау, ақша төлемдері мен аударымдары, зейнетақымен қамсыздандыру, бағалы қағаздар нарығы, бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік, кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру, почта, Қазақстанның Даму Банкі туралы заңнамасында белгіленген талаптарды қаржы нарығының субъектілері мен қатысушыларының сақтауын қадағалауды жүзеге асырады, сондай-ақ осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес және өздерінің қадағалау функцияларын жүзеге асыру барысында қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ұлттық және экономикалық қауіпсіздігіне, оның қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіретін бұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік іс қозғамай, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шараларды қолданады.
3. Қазақстан Ұлттық Банкі және оның ведомствосы бақылау мен қадағалауды осы Заңға сәйкес тексеру жүргізу нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырады.
4. Қазақстан Ұлттық Банкі басқа мемлекеттердің орталық банктерімен және бақылау мен қадағалау органдарымен ынтымақтастық жасайды және құпиялылық жөніндегі талаптарды ескере отырып, бақылау мен қадағалау функцияларын жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат алмасуға құқылы.
62-бап. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомствосының тексеру түрлері
1. Қазақстан Ұлттық Банкі және оның ведомствосы өз бетінше не басқа мемлекеттік органдарды және (немесе) ұйымдарды тарта отырып, тексерілетін субъектілердің қызметіне кешенді түрде не олардың қызметінің жекелеген мәселелері бойынша іріктеп жоспарлы, жоспардан тыс және құжаттамалық тексерулер жүргізеді.
2. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомствосының жоспарлы тексеруі тексерулер жоспарына сәйкес жылына бір реттен жиі емес, тексерілетін субъектіге бара отырып жүзеге асырылады.
Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомствосының тексерулерді жоспарлауы жартыжылдық негізде жүзеге асырылады. Тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарларына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол берілмейді.
Тексерулер жоспарларын Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы не Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының тиісті бұйрығының негізінде өзге де уәкілетті лауазымды адамдар бекітеді.
3. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомствосының жоспардан тыс тексеруі тексерілетін субъектіге бара отырып мынадай жағдайларда:
1) жеке және заңды тұлғалардың өтініштері және мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен берілген сұрау салулары келіп түсуіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар және қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтар туралы өзге де ақпараттың келіп түсуіне байланысты;
2) Қазақстан Ұлттық Банкі және (немесе) оның ведомствосы бақылау мен қадағалау функцияларын орындау шеңберінде Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының бұзылғанын және қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғанын анықтаған жағдайда;
3) Қазақстан Республикасының ұлттық және экономикалық қауіпсіздігіне, оның қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төнген кезде;
4) алдыңғы тексеру анықтаған Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтардың жойылуын бақылау мақсатында жүзеге асырылады.
Жоспардан тыс тексеру бір мезгілде бірнеше субъектінің Қазақстан Республикасы заңнамасының жекелеген талаптарын сақтауы мәселелері жөніндегі қызметін қамтуы мүмкін.
4. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомствосының құжаттамалық тексеруі бастапқы статистикалық және әкімшілік деректерді талдау процесінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзу белгілері анықталған кезде не жеке, заңды тұлғалардың және мемлекеттік органдардың өтініштері және Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомствосының құзыретіне жататын мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын тексеруді талап ететін өзге де ақпараттың келіп түсуіне байланысты тексерілетін субъектіге бармай-ақ, құжаттар мен ақпаратқа сұрау салу нысанында жүзеге асырылады.
62-2-бап. Жоспарлы, жоспардан тыс тексеруді ұйымдастыру мен жүргізудің жалпы тәртібі
1. Қазақстан Ұлттық Банкі және оның ведомствосы жоспарлы, жоспардан тыс тексеруді Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары, Қазақстан Ұлттық Банкі ведомствосының және аумақтық филиалдарының басшылары не тиісті бұйрық негізінде өзге де уәкілетті лауазымды адамдар бекіткен тексеруді белгілеу туралы актінің (бұдан әрі - тексеруді белгілеу туралы акт) негізінде жүргізеді.
Жоспарлы немесе жоспардан тыс тексеру белгіленген жағдайда оны белгілеу туралы акт тексеруді белгілеу туралы актілерді тіркеу журналында тіркеледі. Қазақстан Ұлттық Банкі орталық аппаратының бөлімшелері, аумақтық филиалдары және ведомствосы тексеруді белгілеу туралы актілерді тіркеудің жеке журналдарын жүргізеді.
Қазақстан Ұлттық Банкі немесе оның ведомствосы тексеруді белгілеу туралы актіні тексеру басталғаннан кейін екі жұмыс күнінен кешіктірмей, құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органда тіркейді.
Тексеруді белгілеу туралы актіде:
1) актінің нөмірі мен күні, айы, жылы;
2) тексеруші қызметкерлердің, сондай-ақ тексеруді басқару жүктелген адамдардың тегі, аты-жөні және лауазымы;
3) өзіне қатысты тексеру жүргізу белгіленген тексерілетін субъектінің атауы, оның орналасқан жері;
4) тексерудің түрі;
5) тексеруге жататын мәселелер;
6) тексеруді жүргізу мерзімі;
7) тексерілетін кезең көрсетіледі.
2. Тексерілетін субъектінің басшысына (оның орынбасарына) тексеруді белгілеу туралы актінің көшірмесі тапсырылған күн жоспарлы, жоспардан тыс тексеру жүргізудің басталуы болып есептеледі. Тексерілетін субъектіге тексеру белгілеу туралы актінің көшірмесі тапсырылғаннан кейін оның түпнұсқасына актіні алғаны және онымен танысқаны туралы белгі қойылады.
Тексеруді белгілеу туралы актіні қабылдаудан бас тартқан немесе Қазақстан Ұлттық Банкінің немесе оның ведомствосының тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдарының тексеру жүргізуге қажетті материалдарға қол жеткізуіне кедергі жасалған жағдайда тиісті акт жасалады. Актіге Қазақстан Ұлттық Банкінің немесе оның ведомствосының тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамы қол қояды. Тексерілетін субъектінің қызметкері тексеруді белгілеу туралы актіні қабылдаудан бас тартқан кезде онда тиісті жазба жасалады. Тексеруді белгілеу туралы актіні алудан бас тарту тексеруді жүргізбеуге негіз болып табылмайды. Тексерілетін субъект тексеруші топтың сұрау салуында көрсетілген мерзімде құжаттарды, ақпаратты беруден бас тартқан, тексеруді белгіленген мерзімде жүргізудің мүмкін болмауына әкеп соқтырған, осы баптың шарттары орындалмаған жағдайда, тексеруді белгілеу туралы актіні бекітуге уәкілетті лауазымды адамның келісімімен тексеру басшысының шешімі бойынша тексеру жүргізілмеген болып есептеледі.
Тексерілетін субъектінің басшысы (оның орынбасары) болмаған жағдайда тексеруді белгілеу туралы актінің көшірмесі тексерілетін субъектінің қызметкеріне не оның құрылтайшысына (құрылтайшыларының біріне) актінің түпнұсқасына қол қойғыза отырып тапсырылады.
Тексеруді белгілеу туралы актінің көшірмесі тексерілетін субъектінің қызметкеріне не оның құрылтайшысына (құрылтайшыларының біріне) тапсырылған кезде тексерілетін субъект басшысының (оның орынбасарының) оны алғаны туралы белгісі бар тексеруді белгілеу туралы актінің көшірмесі тексеруді белгілеу туралы акт тапсырылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Ұлттық Банкінің немесе оның ведомствосының лауазымды адамдарына ұсынылуға тиіс.
Тексеруді белгілеу туралы актінің көшірмесін тексерілетін субъектінің қызметкеріне не оның құрылтайшысына (құрылтайшыларының біріне) тапсыру мүмкін болмаған жағдайда ол тексерілетін субъектінің және (немесе) оның басшысының (оның орынбасарының) тіркелген жері бойынша хабарлана отырып, почта арқылы тапсырыс хатпен жіберіледі. Хат кері қайтарылған және тексеруді белгілеу туралы актіні тексеру жүргізу белгіленген мерзімде тапсыру мүмкін болмаған кезде тексеру жүргізілмеген болып есептеледі. Бұл ретте, тексеру басшысы тексеруді белгілеу туралы актіні бекітуге уәкілетті лауазымды адамды бұл жөнінде жазбаша хабардар етеді.
3. Тексерілетін субъект тексеру басталғаннан кейінгі келесі күннен кешіктірмей, тексеру басшысының немесе Қазақстан Ұлттық Банкінің немесе оның ведомствосының тексеруші қызметкерінің атына:
1) тексеру жүргізуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ тексерудің аяқталуы туралы актімен, аралық актімен және (немесе) тексерудің нәтижелері туралы актімен танысуға және оған қол қоюға жауапты басшы және оны алмастыратын адам;
2) тексерілетін субъектінің қажетті құжаттарды (мәліметтерді) дайындауға, оларды тексеруші қызметкерлерге уақтылы беруге және (немесе) тексеруші қызметкерлерден аралық актілерді алуға жауапты мамандары туралы деректері бар хатты ұсынады.
4. Жоспарлы, жоспардан тыс тексеру жүргізу мерзімі отыз жұмыс күнінен аспауға тиіс. Тексеру көлемінің ауқымдылығына байланысты жоспарлы, жоспардан тыс тексеру жүргізу мерзімі Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары, Қазақстан Ұлттық Банкі ведомствосының және аумақтық филиалдарының басшылары не өзге де уәкілетті лауазымды адамдар бекіткен тексеруді ұзарту туралы қосымша актінің негізінде отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімге бір рет қана ұзартылуы мүмкін. Тексеруді ұзарту туралы қосымша актіде тексеруді белгілеу туралы алдыңғы актінің нөмірі және күні көрсетіледі.
5. Тексерілетін субъект тексеруші қызметкерлерге өзінің әкімшілік ғимараттарына (оның ішінде мереке және демалыс күндері) кіруге рұқсат беруге, жұмыс істеу үшін ұйымдастыру техникасымен және қалааралық байланыспен жабдықталған жеке үй-жай ұсынуға, тексерілетін субъектінің қызметіне қатысты ақпаратқа, оның ішінде деректерді түзету мүмкіндігінсіз, нақты уақыт режимінде (деректерді қағаз жеткізгішке шығару мүмкіндігімен қарау режимінде) автоматтандырылған жүйелерге және дерекқорларға қол жеткізуін қамтамасыз етуге, тексеруші қызметкерлерге қажетті құжаттардың көшірмелерін, оның ішінде электрондық түрдегі құжаттардың көшірмелерін түсіріп алуға мүмкіндік беруге, сондай-ақ тексеруші қызметкерлердің сұрақтарына түсініктемелер (ауызша және жазбаша) беруді қамтамасыз етуге және тексеруші қызметкерлерге тексеруді уақтылы аяқтауға жәрдемдесуге міндетті.
6. Тексеруші қызметкерлер тексерілетін субъектінің басшысына, тексеру жүргізуді қамтамасыз етуге жауапты басшыға не тексерілетін субъектінің өзге де уәкілетті қызметкеріне көрсетілген мерзімде орындалуға жататын жазбаша сұрау салуды жібереді.
Тексерілетін субъект тексеруші қызметкерлерден сұрау салуды алған күні не сұрау салуда белгіленген мерзімде тексеру материалдарына қоса тіркеу үшін барлық қажетті мәліметтер мен құжаттарды, оның ішінде олардың көшірмелерін ұсынуға міндетті.
7. Тексеруші қызметкер ауыстырылған (тексеруші топтың құрамы өзгертілген) кезде қосымша акт жасалады, онда тексеруді белгілеу туралы бұрын жасалған актінің нөмірі мен күні және тексеруші қызметкерді ауыстыру (тексеруші топтың құрамын өзгерту) негіздері көрсетіледі.
8. Тексерілетін субъектіге тексеруді аяқтау туралы акті тапсырылған күн жоспарлы, жоспардан тыс тексерудің аяқталған күні болып есептеледі. Жоспарлы, жоспардан тыс тексеруді аяқтау туралы актіге тексеру басшысы және оның тікелей басшысы қол қояды және ол тексерілетін субъектіге тексеруді белгілеу туралы актіде көрсетілген тексеру жүргізу мерзімі аяқталғаннан кешіктірмей тапсырылады.
62-3-бап. Құжаттамалық тексеруді жүргізу ерекшеліктері
1. Құжаттамалық тексеру оны белгілеу туралы актіні ресімдеуді талап етпейді.
2. Құжаттамалық тексеру кезінде қосымша мән-жайларды анықтау мақсатында тексерілетін субъектінің атына уәкілетті лауазымды адам қол қойған сұрау салу жіберіледі, онда:
1) тексерілетін субъектінің атауы, оның орналасқан жері;
2) құжаттамалық тексерудің негізі;
3) тексерілетін субъект Қазақстан Ұлттық Банкіне немесе оның ведомствосына ұсынуға міндетті құжаттардың тізбесі;
4) сұратылған материалдарды ұсыну мерзімі;
5) қажет болғанда, тексерілетін субъект тарапынан түсіндіру талап етілетін мәліметтер көрсетіледі.
3. Тексерілетін субъект, егер сұрау салуда өзгеше белгіленбесе, сұрау салуды алған күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірмей, сұратылған құжаттар мен түсініктемелерді береді.
4. Тексерілетін субъект тарапынан қол қою талап етілмейтін құжаттамалық тексерудің нәтижелері туралы қорытындыға уәкілетті лауазымды адам қол қойған күн құжаттамалық тексерудің аяқталуы болып табылады.
62-4-бап. Тексерулердің өзге де мәселелері
1. Қазақстан Ұлттық Банкінің немесе оның ведомствосының тексеруші қызметкерлері қажет болғанда тексерілетін субъектіге танысу үшін ұсынылатын аралық актілерді жасайды.
2. Тексерілетін субъект аралық актіні алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде тексерілетін субъектінің басшысы (оның орынбасары) не тексерудің жүргізілуін қамтамасыз етуге жауапты басшысы қол қойған аралық актінің бір данасын қайтарады және аралық актінің мазмұнына қатысты ескертулер болған жағдайда өзінің жазбаша қарсылықтарын тексеру басшысына ұсынады.
Аралық актілерде жазылған қорытындылар алдын ала жасалған қорытындылар болып табылады және тексерілетін субъектіден, оның ішінде үшінші тұлғалардан алынған қарсылықтар мен қосымша ақпарат ескеріле отырып, тексеру нәтижелері туралы актіде қайта қаралуы мүмкін.
3. Жоспарлы, жоспардан тыс тексеру аяқталған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде тексерілетін субъекті басшысының атына Қазақстан Ұлттық Банкінің немесе оның ведомствосының тексеруші қызметкерлері, тексеру басшысы және оның тікелей басшысы қол қойған тексеру нәтижелері туралы актінің екі данасы жіберіледі.
Тексеру нәтижелері туралы актіде мынадай мәліметтер көрсетіледі:
1) актінің жасалған күні және орны;
2) тексеруді жүргізген органның атауы;
3) тексеру жүргізуге негіз болған тексеруді белгілеу туралы актінің күні және нөмірі;
4) тексеруді жүргізген адамның (адамдардың) тегі, аты-жөні және лауазымы;
5) тексерілетін субъектінің атауы, оның орналасқан жері, бизнес-сәйкестендіру нөмірі (бар болса), тексерілетін субъекті басшысының не оның өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);
6) тексеруді жүргізу орны және кезеңі;
7) тексеру нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар туралы мәліметтер;
8) тексерілетін субъекті басшысының (оның орынбасарының) не тексерудің жүргізілуін қамтамасыз етуге жауапты басшысының не осы баптың 7-тармағында көрсетілген өзге де адамның тексеру нәтижелері туралы актімен танысқаны туралы мәліметтер;
9) тексеруді жүргізген лауазымды адамның (адамдардың) қолы.
Тексеру нәтижелері туралы актіге тексеру нәтижелерімен байланысты қажетті құжаттар (мәліметтер) немесе олардың көшірмелері қоса берілуі мүмкін.
4. Тексерілетін субъектінің басшысы (оның орынбасары) не тексерудің жүргізілуін қамтамасыз етуге жауапты басшысы тексеру нәтижелері туралы актінің бірінші данасын қабылдайды, актінің екінші данасының әрбір парағына қол қояды, оның соңғы парағына лауазымын, тегін, атын, әкесінің атын (бар болса) көрсете отырып, алған күні туралы белгі қояды және тексеру нәтижелері туралы актіні алған күннен кейінгі келесі күннен кешіктірмей, оны Қазақстан Ұлттық Банкіне немесе оның ведомствосына жібереді. Тексерілетін субъект тексеру нәтижелері туралы актіде жазылған тексеру нәтижелерін тексерілетін субъектінің атқарушы және басқа да басқару органдарының назарына жеткізеді.
5. Тексеру нәтижелері бойынша қарсылықтар болған кезде тексерілетін субъект тексеру нәтижелері туралы актіні алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде оларды Қазақстан Ұлттық Банкіне немесе оның ведомствосына жазбаша нысанда ұсынады.
6. Жоспарлы, жоспардан тыс тексеру нәтижелері туралы актіде жазылған тексерілетін субъектіні тексеру нәтижелері, қажет болғанда, тексерілетін субъектінің басшылары шақырыла отырып, Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының (оның орынбасарларының), оның ведомствосы басшысының (оның орынбасарларының), Қазақстан Ұлттық Банкінің немесе оның ведомствосының бөлімшелері басшыларының (олардың орынбасарларының), тексеруге басшылық ету жүктелген адамдардың төрағалық етуімен өтетін кеңесте қаралады.
Кеңес нәтижелері кеңес төрағасы қол қойған хаттамамен ресімделеді және қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде тексерілетін субъектінің басшысына танысуға жіберіледі. Қарсылықтары болған жағдайда тексерілетін субъект кеңес хаттамасын алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оларды Қазақстан Ұлттық Банкіне немесе оның ведомствосына жазбаша нысанда ұсынады.
Қазақстан Ұлттық Банкі немесе оның ведомствосы тексерілетін субъектінің кеңес хаттамасына қарсылықтарымен келіспеген кезде түпкілікті шешімді Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы немесе оның ведомствосының басшысы не олардың орынбасары қабылдайды және ол тексерілетін субъект басшысының назарына жеткізіледі.