258-бап. Меншiк иесi емес адамның заттық құқығының тоқтатылуы
Меншiк иесi емес адамның заттық құқықтары осы Кодекстiң 249-257-баптарында белгiленген ережелер бойынша, сондай-ақ заң құжаттарында, заңды тұлғаның жарғысында немесе меншiк иесiнiң мүлiк иесiмен жасасқан шартында белгiленген тәртiп бойынша меншiк иесiнiң шешiмiмен тоқтатылады.
15-тарау. Меншік құқығы мен өзге де заттық құқықтарды қорғау
259-бап. Меншiк құқығын тану
Меншiк иесi меншiк құқығын тануды талап етуге құқылы.
260-бап. Меншiк иесiнiң мүлiктi өзгенiң заңсыз иеленуiнен талап етуi
Меншiк иесi өзгенiң заңсыз иеленген өз мүлкiн талап етуге құқылы.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 261-бап өзгертiлдi
261-бап. Адал алушыдан мүлiктi талап етiп алдыру
1. Егер мүлiк оны иелiктен айыруға құқығы болмаған адамнан тегiн алынып, алушы мұны бiлмесе, және бiлуге тиiс болмаса (адал алушы), мүлiктi меншiк иесi немесе меншiк иесi мүлiктi иеленуге берген адам жоғалтқан, не мұның екеуiнен де ұрланған, не олардың иеленуiнен бұлардың еркiнен тыс өзге жолмен шығып қалған ретте ғана меншiк иесi бұл мүлiктi алушыдан талап етiп алдыруға құқылы.
2. Егер мүлiк оны иелiктен айыруға құқығы жоқ адамнан тегiн алынса, меншiк иесi барлық ретте мүлiктi талап етiп алдыруға құқылы.
3. Егер мүлiк сот шешiмдерiн атқару үшiн белгiленген тәртiп бойынша сатылған болса, осы баптың 1-тармағында көрсетiлген негiздер бойынша мүлiктi талап етiп алдыруға жол берiлмейдi.
262-бап. Ақша мен бағалы қағаздарды талап етiп алдыруды шектеу
Ұсынушыға берiлетiн ақшаны, сондай-ақ бағалы қағаздарды адал иеленушiден талап етiп алдыруға болмайды.
263-бап. Заттарды заңсыз иеленуден қайтарып алу кезiнде есеп айырысу
1. Меншiк иесi осы Кодекстiң 260, 261-баптары негiзiнде мүлiктi талап ете отырып, арам ниеттi иеленушiден бүкiл иеленген кезiнде өзi алған немесе алуға тиiс болған табыстардың бәрiн қайтаруды немесе өтеудi; адал иеленушiден иеленуiнiң заңсыздығы туралы бiлген немесе бiлуге тиiс болған немесе меншiк иесiнiң мүлiктi қайтару туралы талап қою жөніндегі хабарламасын алған кезден бастап өзi алған немесе алуға тиiс болған табыстардың бәрiн талап етуге де құқылы. Адал иеленушi өз кезегiнде меншiк иесiнен мүлiктен табыс есептелетiн уақыттан бастап ол мүлiкке жұмсаған қажеттi шығындарды меншiк иесiнiң өтеуiн талап етуге құқылы. Арам ниеттi иеленушi мұндай өтемдi иеленушiнiң талабын сот негiздi деп тапқан реттерде толық немесе iшiнара алуға құқылы.
2. Заңсыз иеленушi өзi жасаған жақсартуларды, егер олар затқа зақым келтiрмей бөлуге келсе, өзiнде қалдыруға құқылы. Егер жақсартуларды бұлайша бөлу мүмкiн болмаса, адал иеленушiнiң жақсартуға жұмсаған шығындарын өтетудi талап етуге құқығы бар, бiрақ ол зат құнының ұлғайтылған мөлшерiнен аспауы керек. Арам ниеттi иеленушiнiң мұндай құқығы жоқ.
264-бап. Меншiк иесi құқықтарын иеленуден айыруға байланысы жоқ бұзылудан қорғау
Меншiк иесi, өз құқықтарының бұзылуы иелiктен айыруға байланысты болмағанымен, оларды бұзудың қандайын болса да жоюды талап етуге құқылы.
265-бап. Меншiк иесi емес адамның заттық құқықтарын қорғау
Меншiк иесi болмағанымен, шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару, тұрақты жер пайдалану құқығымен не заң құжаттарында немесе шартта көзделген өзге де негiзбен мүлiктi иеленушiнiң де осы Кодекстiң 259-264-баптарында көзделген құқықтары болады. Бұл адамның өз иелiгiн меншiк иесiнен де қорғауға құқығы бар.
266-бап. Заңда көзделген негiздер бойынша меншiк иесiнiң құқықтары тоқтатылған кезде оның мүдделерiн қорғау
Қазақстан Республикасы меншiк құқығын тоқтататын заң құжаттарын қабылдаған ретте, осы құжаттарды қабылдау нәтижесiнде меншiк иесiне келтiрiлген залалдарды меншiк иесiне Қазақстан Республикасы толық көлемiнде өтейдi.
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 267-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
267-бап. Меншiк иесiнiң құқықтарын және басқа заттық құқықтарды бұзатын мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар құжаттарының жарамсыздығы
1. Егер мемлекеттік органның не лауазымды адамның заңдарға сәйкес келмейтiн қалыпты немесе жеке қуат шығаруы салдарынан меншiк иесiнiң және басқа адамдардың өзiне тиесiлi мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету жөніндегі құқықтары бұзылса, мұндай құжат меншiк иесiнiң немесе құқығы бұзылған адамның талап қоюы бойынша сот тәртібімен жарамсыз деп танылады.
2. Нақты iс бойынша сот шешiм шығарған жағдайда мемлекеттік органдардың заң құжаттарына қайшы келетiн құжаттары қолданылмайды.
Аталған құжаттарды шығару салдарынан меншiк иесiне келтiрiлген залал тиiстi мемлекеттік органның тиiстi бюджет қаражатынан толық көлемiнде өтелуге тиiс.
3 бөлiм. Міндеттемелік құқық
1-бөлiмше. Міндеттеме туралы жалпы ережелер
16-тарау. Міндеттемелер ұғымы және олардың пайда болу негіздері
268-бап. Мiндеттеме ұғымы
Мiндеттемеге сәйкес бiр адам (борышқор) басқа адамның (несие берушiнiң) пайдасына мүлiк беру, жұмыс орындау, ақша төлеу және т.б. сияқты белгiлi бiр әрекеттер жасауға, не белгiлi бiр әрекет жасаудан тартынуға мiндеттi, ал несие берушi борышқордан өз мiндеттерiн орындауын талап етуге құқылы. Несие берушi борышқордан атқарылғанды қабылдауға мiндеттi.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 269-бап өзгертiлдi
269-бап. Мiндеттеме тараптары
1. алынып тасталды
2. Мiндеттемеде оның әр тарабы - несие берушi немесе борышқор ретiнде бiр мезгiлде бiрнеше адам қатыса алады. Мұндай реттерде осы Кодексте белгiленген ережелерге сәйкес үлестi, ынтымақты немесе жәрдем берушiлiк мiндеттеме пайда болады (осы Кодекстiң 286-288-баптары).
Борышқор жағынан мiндеттемеге қатысушы адамдардың бiрiне несие берушi қойған талаптардың жарамсыз болуы, сол сияқты мұндай адамға қойылатын талап бойынша талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуi несие берушiнiң өзге да осындай адамдарға қоятын талаптарына өздiгiнен әсер етпейдi.
3. Егер мiндеттемеге сәйкес тараптардың әрқайсысы басқа тараптың пайдасына мiндет алса, бұл оның пайдасына жасауға мiндеттi басқа тараптың борышқоры және сонымен бiрге оған талап қоюға құқығы бар оның несие берушiсi болып есептеледi.
270-бап. Мiндеттемеге қатысушылар
1. Тараптар (борышқор мен несие берушi) және үшiншi жақ мiндеттемеге қатысушылар болып табылады.
2. Үшiншi жақ ретiнде мiндеттеме тараптарының бiреуiне мiндеттемелер немесе өзге де құқық қатынастары арқылы байланысты жақтар қатысады.
3. Мiндеттеме үшiншi жақ үшiн мiндеттер туғызбайды. Заңдарда немесе тараптардың келісімiнде көзделген реттерде мiндеттеме үшiншi жақтар үшiн мiндеттеменiң бiр немесе екi тарапына да қатысты құқықтар туғызуы мүмкiн.
271-бап. Мiндеттеменiң пайда болу негiздерi
Мiндеттемелер осы Кодекстiң 7-бабында көрсетiлген шарттан, зиян келтiруден немесе өзге де негiздерден пайда болады.
17-тарау. Міндеттемені орындау
272-бап. Мiндеттеменi тиiсiнше орындау
Мiндеттеме - мiндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиiсiнше орындалуға тиiс, ал мұндай шарттар мен талаптар болмаған жағдайда - iскерлiк қызмет өрiсіндегі әдеттегi құқықтарға немесе әдетте қойылатын өзге де талаптарға сәйкес орындалуға тиiс.
273-бап. Мiндеттеменi орындаудан бiржақты бас тартуға жол берiлмеуi
Заңдарда немесе шартта көзделгеннен басқа реттерде мiндеттеменi орындаудан бiржақты бас тартуға және оның шарттарын бiржақты өзгертуге жол берiлмейдi.
274-бап. Мiндеттеменi бөлшектеп орындау
Егер мiндеттеме шарттарында, заңдарда өзгеше белгiленбесе немесе iскерлiк қызмет өрiсіндегі әдеттегi құқықтардан немесе мiндеттеме мәнiнен өзгеше туындамаса, несие берушi мiндеттеменi бөлшектеп орындауды қабылдамауға құқылы.
275-бап. Мiндеттеменi тиiстi адамның орындауы
Егер тараптардың келісімiнде өзгеше көзделмесе және iскерлiк қызмет өрiсіндегі әдеттегi құқықтардан немесе мiндеттеме мәнiнен өзгеше туындамаса, борышқор мiндеттеменi орындау кезiнде несие берушiнiң өзi немесе бұған ол уәкiлдiк берген адам орындауға қабылдайтын нәрсенi талап етуге құқылы және мұндай талап жасалмауының зардабын тартуға тәуекел етедi.
276-бап. Мiндеттеменi үшiншi жақтың орындауы
1. Егер заңдарда немесе шартта көзделсе, сол сияқты үшiншi жақ тиiстi шарт арқылы тараптардың бiрiмен байланысты болса, мiндеттеменi орындау түгелдей немесе бөлшектеп үшiншi жаққа жүктелуi мүмкiн.
2. Егер заңдардан, мiндеттеме шарттарынан немесе оның мәнiнен борышқордың мiндеттеменi жеке өзi орындау мiндетi туындамаса, несие берушi борышқор үшiн үшiншi жақ ұсынған орындау iсiн қабылдауға мiндеттi.
3. Несие берушiнiң борышқор мүлкiнен ақы өндiрiп алуы салдарынан өзiнiң бұл мүлiкке құқығынан (иелену, пайдалану, кепiлге салу құқығы және басқа құқықтары) айрылу қаупi төнген үшiншi жақ несие берушiнiң талабын борышқордың келісімiнсiз өз есебiнен қанағаттандыра алады. Бұл ретте мiндеттеме бойынша несие берушiнiң құқығы үшiншi жаққа көшедi және осы Кодекстiң талапқа көну туралы ережелерi (осы Кодекстiң 339-347-баптары) қолданылады.
277-бап. Мiндеттеменi орындау мерзiмi
1. Егер мiндеттемеде ол орындалатын күн немесе ол орындалуға тиiстi уақыт кезеңi көзделсе немесе анықтауға мүмкiндiк берсе, мiндеттеме сол күнi немесе тиiсiнше сол кезең iшiнде кез келген уақытта орындалуға тиiс.
2. Мiндеттемеде ол орындалатын мерзiм көзделмесе және бұл мерзiмдi анықтауға мүмкiндiк беретiн шарттар болмаса, ол мiндеттеме пайда болғаннан кейiн ақылға қонымды мерзiмде орындалуға тиiс.
Ақылға қонымды мерзiмде орындалмаған, сол сияқты орындалу мерзiмi талап етiлетiн кезбен белгiленген мiндеттеменi, егер заңдардан, мiндеттеме шарттарынан, iскерлiк қызмет өрiсіндегі әдеттегi құқықтардан немесе мiндеттеме мәнiнен басқа мерзiмде орындау мiндетi туындамаса, борышқор несие берушi оның орындалуын талап еткен күннен бастап жетi күн мерзiмде орындауға мiндеттi.
278-бап. Мiндеттеменi бiрқалыпты орындау жөніндегі талаптар
Ұзақ мерзiмде орындалатын болып есептелген мiндеттемелер, егер заңдарда немесе мiндеттеме шарттарында өзгеше көзделмесе, не мiндеттеме мәнiнен немесе iскерлiк қызмет өрiсіндегі әдеттегi құқықтардан туындамаса, бiрқалыпты, мiндеттеменiң осы түрi үшiн ақылға қонымды кезеңдерде (күн, онкүндiк, ай, тоқсан және т.б.) орындалуға тиiс.
279-бап. Мiндеттеменi мерзiмiнен бұрын орындау
1. Егер заңдарда немесе мiндеттеме шарттарында өзгеше көзделмесе, және оның мәнiнен туындамаса, борышқор мiндеттеменi мерзiмiне дейiн орындауға құқылы.
2. Кәсiпкерлiк қызметке байланысты мiндеттемелердi мерзiмiнен бұрын орындауға мiндеттеменi мерзiмiне дейiн орындау мүмкiндiгi заңдарда немесе мiндеттеме шарттарында көзделген, не iскерлiк қызмет өрiсіндегі әдеттегi құқықтардан немесе мiндеттеменiң мәнiн туындаған реттерде ғана жол берiледi.
280-бап. Мiндеттеменiң орындалу барысы туралы ақпарат
Заңдарда немесе мiндеттеме шарттарында борышқордың несие берушiге мiндеттеменiң орындалу барысы туралы хабарлап отыру мiндетi көзделуi мүмкiн.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 281-бап өзгертiлдi
281-бап. Мiндеттеме орындалатын жер
Егер мiндеттеме орындалатын жер заңдарда немесе оның шарттарында белгiленбесе немесе мiндеттеме мәнiнен немесе iскерлiк қызмет өрiсіндегі әдеттегi құқықтардан көрiнбесе, ол:
1) мiндеттеме бойынша қозғалмайтын мүлiктi беру - мүлiк орналасқан жерде;
2) мiндеттеме бойынша тауарды немесе өзге де мүлiктi тасымалдауды пайдалана отырып беру - мүлiктi несие берушiге жеткізу үшiн оны бiрiншi тасымалдаушыға тапсыратын жерде;
3) егер бұл жер мiндеттеме пайда болған кезде несие берушiге белгiлi болса, кәсiпкердiң басқа мiндеттемелерi бойынша тауар немесе өзге де мүлiктi беру - мүлiк дайындалған немесе сақталатын жерде;
4) ақшалай мiндеттеме бойынша - несие берушiнiң мiндеттеме пайда болған кездегi тұрғылықты жерiнде, ал егер несие берушi заңды тұлға болса - мiндеттеме пайда болған кезде оның болған жерiнде; егер несие берушi мiндеттеменiң орындалу кезiнде тұрғылықты жерiн немесе тұрған жерiн өзгертiп, бұл туралы борышқорға хабарласа орындалатын жердiң өзгертiлуiне байланысты барлық шығындарды соның есебiне жатқыза отырып, оның жаңа тұрғылықты жерiнде немесе тұрған жерiнде;
5) басқа да барлық мiндеттемелер бойынша - борышқордың тұрғылықты жерiнде, ал егер борышқор заңды тұлға болса - оның орналасқан жерiнде орындалуға тиiс.
11.07.97 ж. № 154; 16.07.99 ж. № 436; 24.12.01 № 276-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 282-бап өзгертiлдi; 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен 282-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
282-бап. Ақшалай мiндеттеме
1. Ақшалай міндеттемеге байланысты бір адам (борышкер) екінші адамға (кредиторға) ақша төлеуге міндетті, ал кредитордың борышкерден ақша төлеу жөніндегі міндеттерін (ақша қарызы және басқа да міндеттемелер) орындауын талап етуге құқығы бар. Өтеу туралы шарт, залалды өтеу және тұрақсыздық айыппұлын төлеу туралы міндеттемелер, сондай-ақ зиян келтіру не негізсіз баю салдарынан туындаған міндеттемелер бойынша ақша төлеу жөніндегі міндеттерге, егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгіленбесе немесе міндеттеме мәнінен туындамаса, ақшалай міндеттемелер туралы ереже қолданылады.
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында ақшалай міндеттемелер теңгемен (осы Кодекстің 127-бабы) көрсетіледі.
Қазақстан Республикасының аумағында міндеттемелер бойынша есеп айырысуды жүзеге асыру кезінде шетел валютасын, сондай-ақ шетел валютасындағы төлем құжаттарын пайдалануға Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалған жағдайларда және шарттарда немесе оларда белгіленген тәртіппен жол беріледі.
Төлемдер мен аударымдарды жүзеге асыру тәртібі мен тәсілдері Қазақстан Республикасының ақша төлемдері мен аударымдары туралы заңнамасында белгіленеді және оларды тараптар тиісті шартта айқындайды.
2. Ақшалай мiндеттеменi орындау үшiн жеткiлiксiз төленген төлемнiң сомасы тараптардың өзге келісімi болмаған жағдайда ең алдымен несие берушiнiң орындау жөніндегі шығындарын, сонан соң айыпақы мен сыйақыны (мүдденi), ал қалған бөлiгiнде - борыштың негiзгi сомасын өтейдi.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, ұзақ мерзiмдi мiндеттемелерде тараптар келіскен шарттарда төлемдi индекстеу көзделуi мүмкiн.
283-бап. Азаматты асырау үшiн төленетiн соманың арттырылуы
Ақшалай мiндеттеме бойынша азаматты асырауға тiкелей төленетiн сома (өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянның орнын толтыру үшiн, өмiр бойы асырау шарты бойынша және басқалары) ең төменгi жалақының ресми түрде өсуiне қарай арттырылып отырады.
284-бап. Өзара мiндеттердiң орындалуы
1. Егер заңдардан, iскерлiк қызмет өрiсіндегі әдеттегi құқықтардан, мiндеттеме шарттарынан немесе оның мәнiнен өзгеше туындамайтын болса, тараптар өзара мiндеттердi бiр мезгiлде орындауға тиiс.
2. Тараптардың бiрiнiң мiндеттеменi орындамауы немесе тиiсiнше орындамауы өзара мiндеттердi орындау және қарсы талаптарды қанағаттандыру кезiнде, егер заң құжаттарында немесе мiндеттеме шарттарында өзгеше белгiленбесе, екiншi тарапты өз мiндеттерiн орындаудан босатады.
285-бап. Балама мiндеттеменiң орындалуы
Екi немесе бiрнеше әрекеттiң бiрiн жасауға мiндеттi борышқорға, егер заңдардан немесе мiндеттеменiң шарттарынан өзгеше туындамаса, таңдау құқығы берiледi.
286-бап. Бiрнеше несие берушi немесе бiрнеше борышқор қатысатын мiндеттеменiң орындалуы
Егер мiндеттемеге бiрнеше несие берушi немесе бiрнеше борышқор қатысса (адамдар көп болған мiндеттеме), несие берушiлердiң әрқайсысы мiндеттеменi орындауды талап етуге құқылы, ал борышқорлардың әрқайсысы заңдардан немесе мiндеттеме шарттарынан өзгеше туындамайтындықтан, басқалармен тең үлестi орындауға мiндеттi (үлестi мiндеттеме).
287-бап. Ортақтасқан мiндеттеменiң орындалуы
1. Несие берушiлердiң әрқайсысы мiндеттеменi толық атқаруды талап етуге құқылы, ал борышқорлардың әрқайсысы орындауға мiндеттi болуына сәйкес көп жақтар қатысатын мiндеттеме ортақтасқан мiндеттеме деп танылады.
Егер бұл шартта көзделмесе немесе заң құжаттарында белгiленбесе, соның iшiнде мiндеттеменiң мәнi бөлiнбейтiн кезде ортақтасқан мiндеттеме немесе ортақтасқан талап пайда болады.
2. Кәсiпкерлiк қызметпен байланысты мiндеттеме бойынша бiрнеше борышқордың мiндеттерi, сол сияқты мұндай мiндеттемелердегi бiрнеше несие берушiнiң талаптары егер заңдарда немесе мiндеттеме шарттарында өзгеше көзделмесе, ортақтасқан мiндет болып табылады.
3. Борышқорлар ортақтасып мiндеттi болған жағдайда несие берушi барлық борышқорлардан да, жеке-жеке алғанда олардың кез келгенiн де оның үстiне борышты түгелдей де, бөлшектеп те орындауды талап етуге құқылы. Ортақтас борышқорлардың бiрiнен толық қанағаттанбаған несие берушi алынбағанды ортақтас борышқорлардың қалғандарынан талап етуге құқылы.
Ортақтас борышқорлар мiндеттеме толық орындалғанға дейiн мiндеттi болып қала бередi.
Борышқорлардың бiрiншi ортақтастық мiндеттi толық орындауы қалған борышқорларды несие берушi үшiн орындаудан босатады.
4. Талаптар ортақ болған жағдайда ортақтас несие берушiлердiң кез келгенi борышқорға толық көлемiнде талап қоюға құқылы.
Ортақтас несие берушiлердiң бiреуiне мiндеттеменi толық орындау борышқорды өзге несие берушiлерге оны орындаудан босатады.
5. Ортақтасқан мiндет болған ретте борышқордың несие берушiнiң талаптарына қарсы басқа борышқорлардың осы борышқор қатыспайтын несие берушiге осындай қатынастарына негiзделген қарсылық бiлдiруге құқығы жоқ. Талаптар ортақ болған жағдайда борышқордың ортақтас несие берушiлердiң бiреуiнiң талабына қарсы осы несие берушi қатыспайтын борышқордың басқа ортақтас несие берушiмен осындай қатынастарына негiзделген қарсылық бiлдiруiне құқығы жоқ.
288-бап. Субсидиялық мiндеттеменi орындау
Негiзгi борышқор несие берушiнiң мiндеттеменi орындау туралы талабын қанағаттандырмаған жағдайда бұл талап орындалмаған бөлiгiнде басқа борышқорға (субсидиялық борышқорға) мәлiмдеуi мүмкiн екендiгi заң құжаттарында немесе несие берушi мен борышқордың арасындағы мiндеттеме ережелерiнде көзделуi мүмкiн.
289-бап. Регрестiк талаптар
1. Басқа адамның мiндеттемесiн орындаған борышқор орындалған мiндеттеме мөлшерiнде сол адамға керi талап (регресс) қоюға құқылы.
Үшiншi адамның әрекеттерi салдарынан мiндеттеменi орындамаған борышқор осы адамнан залалдарын талап етуге құқылы.
2. Ортақтасқан мiндеттеменi орындаған борышқор қалған борышқорлардың әрқайсысына оның өзiне тиесiлi үлесiн шегерiп, тең үлеспен керi талап қоюға құқылы.
Борышқорлардың бiреуi ортақтасқан мiндеттi орындаған борышқорға төлемегенi осы борышқорға және қалған борышқорларға тең үлесте түседi.
Осы тармақтың ережелерi борышқорлардың бiреуiнiң қарсы талабы есептеле отырып, тиiсiнше ортақтасқан мiндеттемелердi тоқтату кезiнде қолданылады.
3. Борышқордың орындағанын қабылдаған ортақтас несие берушi басқа несие берушiлерге, егер олардың арасындағы қатынастардан өзгеше туындамаса, оларға тиесiлi үлестерiн өтеуге мiндеттi.
290-бап. Мiндеттеменiң орындалғанын куәландыру
1. Мiндеттеменiң орындалғанын қабылдай отырып, несие берушi борышқордың талап етуi бойынша оның толық немесе бiр бөлiгi орындалғаны жөнiнде оған қолхат беруге мiндеттi.
Егер борышқор мiндеттеменi куәландыру үшiн несие берушiге борыш құжатын берсе, несие берушi оның орындалғанын қабылдай отырып, құжатты борышқорға қайтаруға тиiс. Қайтарып беру мүмкiн болмаған жағдайда ол мұны өзi беретiн қолхатта көрсетуге мiндеттi.
Қолхат борышқорға қайтарылған борыш құжатындағы жазумен алмастырылуы мүмкiн.
2. Борышқорда борыш құжатының болуы, өзгеше дәлелденгенге дейiн мiндеттеменiң тоқтатылғанын куәландырады.
3. Несие берушi мiндеттеменiң орындалғаны туралы қолхат беруден, борыш құжатын қайтарудан немесе оны қайтарудың мүмкiн еместiгiн қолхатта атап көрсетуден бас тартқан жағдайда борышқор оны орындауды кiдiрте тұруға құқылы. Бұл ретте несие берушi мерзiмiн өткiзiп алушы деп есептеледi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211 Заңдарымен 291-бап өзгертiлдi
291-бап. Борышты депозитке төлеу арқылы мiндеттеменi орындау
1. Егер борышқор:
1) несие берушiнiң немесе орындалған iстi қабылдауға өзi уәкiлдiк берген адамның мiндеттеме орындалуға тиiстi жерде болмауы;
2) несие берушiнiң әрекет қабiлетсiздiгi және оның өкiлiнiң болмауы;
3) мiндеттеме бойынша атап айтқанда, бұл мәселе жөнiнде несие берушi мен басқа адамдар арасындағы дауға байланысты несие берушiнiң кiм екенi жайында анық айқындық болмауы;
4) несие берушiнiң орындалған iстi қабылдаудан жалтаруы немесе оның тарапынан өзге мерзiмiн өткiзiп алушылық салдарынан борышқор мiндеттеменi орындай алмаса, борышқор мiндеттемелерiн орындау үшiн өзiнен алынатын ақшаны депозит шарттарында, ал бағалы қағаздарды нотариустың атына сақтау шарттарында, ал заң құжаттарымен белгiленген жағдайларда соттың атына орналастыруға құқылы.
2. Ақша сомасын немесе бағалы қағаздарды депозит шарттарында салу немесе нотариустың немесе соттың атына сақтау мiндеттеменiң орындалғаны болып есептеледi.
Ақша немесе бағалы қағаздар атына салынған нотариус немесе сот бұл туралы несие берушiлерге хабарлайды.
18-тарау. Міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету
1. Жалпы ережелер
ҚР 2005.08.07. № 72-III Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 292-бап өзгертiлдi
292-бап. Мiндеттеменiң орындалуын қамтамасыз ету әдiстерi
1. Мiндеттеменi орындау, заңдарда немесе шартта көзделген айып төлету, кепiл, борышқордың мүлкiн алып қалу, аманат, кепiлдiк, кепiлпұл, кепiлдiк жарна және басқа да әдiстер арқылы қамтамасыз етiлуi мүмкiн.
Бағалы қағаздар бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету тәсiлдерi Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi реттейтiн заң актілерінде белгiленедi.
2. Мiндеттеменi қамтамасыз ету туралы келісімнiң жарамсыздығы бұл мiндеттеменiң (негiзгi мiндеттеменiң) жарамсыздығына әкелiп соқтырмайды.
3. Негiзгi мiндеттеменiң жарамсыздығы оны қамтамасыз ететiн мiндеттеменi жарамсыз етедi.
§ 2. Айып төлеу
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 293-бап өзгертiлдi
293-бап. Айып төлеу ұғымы
Борышқор мiндеттемесiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте, атап айтқанда, орындау мерзiмiн өткiзiп алған ретте несие берушiге төлеуге мiндеттi, заңдармен немесе шартпен белгiленген ақша сомасы айып төлеу (айыппұл, өсiм) деп танылады. Айып төлеу туралы талап бойынша несие берушi оған келтiрiлген залалдарды дәлелдеуге мiндеттi емес.
294-бап. Айып төлеу туралы келісімнiң нысаны
Айып төлеу туралы келісім, негiзгi мiндеттеменiң нысанына қарамастан, жазбаша түрде жасалуға тиiс.
Жазбаша нысанның сақталмауы айып төлеу туралы келісімнiң жарамсыздығына әкелiп соқтырады.
295-бап. Заңды айып төлеу
1. Несие берушi тараптардың келісімiнде айып төлеу мiндетi көзделген-көзделмегенiне қарамастан, заңдарда белгiленген айып төлеудi (заңды айып төлеудi) талап етуге құқылы.
2. Егер заңдарда тыйым салынбаса, тараптардың келісімiмен заңды айып төлеу мөлшерi көбейтiлуi мүмкiн.
296-бап. Айып төлеу мөлшерi
Айып төлеу мөлшерi нақты ақша сомасында немесе орындалмаған не тиiсiнше орындалмаған мiндеттеме сомасына шаққандағы процентпен белгiленедi.
297-бап. Айып төлеу мөлшерiн азайту
Егер төленуге тиiстi айып (айыппұл, өсiм) несие берушiнiң шеккен залалдарымен салыстырғанда тым көп болса, сот борышқордың мiндеттеменi орындау дәрежесiн және борышқор мен несие берушiнiң назар аударуға лайықты мүдделерiн ескере отырып, айып төлеу мөлшерiн (айыппұлды, өсiмдi) азайтуға құқылы.
298-бап. Айып төлеудi өндiрiп алу негiздерi
Мiндеттеменi бұзғаны үшiн борышқор жауапқа тартылатын жағдай болған кезде мiндеттеменiң орындалмағаны немесе тиiсiнше орындалмағаны үшiн айып өндiрiп алынады (осы Кодекстiң 359-бабы).
§ 3. Кепіл
ҚР 02.03.98 ж. № 211; 17.01.02 ж. № 285-II Заңдарымен 299-бап өзгертiлдi
299-бап. Кепiл ұғымы
1. Мiндеттемеге сәйкес несие берушiнiң (кепiл ұстаушының) борышқор кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған ретте кепiлге салынған мүлiк құнынан осы Кодексте белгiленген алып тасталатындарды қоспай, осы мүлiк тиесiлi адамның (кепiл берушiнiң) басқа несие берушiлердiң алдында артықшылықпен қанағаттандырылуға құқығы бар мiндеттеменi атқаруының осындай әдiсi кепiл деп танылады.
Кепiл ұстаушының кепiлге салынған мүлiк, кiмнiң пайдасына сақтандырылғанына қарамастан, оның жоғалғаны немесе бүлiнгенi үшiн, егер жоғалу немесе бүлiну кепiл ұстаушы жауап беретiн себептер бойынша болмаса, сақтандыру өтемiнен сол бұрынғы негiзде қанағаттандырылуға құқығы бар.
2. Кәсiпорындар, үйлер, ғимараттар, пәтерлер, жер учаскелерiне және басқа қозғалмайтын мүлiкке құқықтар (ипотека) кепiлi қозғалмайтын мүлiк ипотекасы туралы Қазақстан Республикасы Заңымен реттеледi. Ипотека туралы Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше ережелер белгiленбеген реттерде ипотекаға осы Кодекстегi кепiл туралы жалпы ережелер қолданылады.