Қазақстан Республикасының мемлекеттік қорғаныстық тапсырысын қалыптастыру, орналастыру
және орындау ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 29 желтоқсандағы № 2219 Қаулысы
Осы редакция 2012 жылғы 9 қарашада енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 19 қаңтардағы Заңының 7-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының мемлекеттік қорғаныстық тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау ережесі бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасының қорғанысы және қауіпсіздігінің қажеттері үшін мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, қаржыландыру және орындау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 6 тамыздағы № 881 қаулысы;
2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 6 тамыздағы № 881 және 2002 жылғы 12 қыркүйектегі № 996 қаулыларына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 5 желтоқсандағы № 1235 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 46, 505-құжат).
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 2219 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қорғаныстық тапсырысын
қалыптастыру, орналастыру және орындау ережесі
Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қорғаныстық тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау ережесі (бұдан әрі - Ереже) мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау рәсімдерін реттейді.
Қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру
2. Қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру тиісті жылға арналған республикалық бюджетте көзделген осы мақсаттарға белгіленген шығыстар шегінде жүргізіледі.
3. Қорғаныстық тапсырыс жобасы екі кезеңде қалыптастырылады. Бірінші кезеңде қорғаныстық тапсырыс өнімдеріне тапсырыс берушілер (бұдан әрі - тапсырыс берушілер) ағымдағы жылдың 20 мамырынан кешіктірмей уәкілетті органға 1-қосымшаға (қызмет бабында пайдалану үшін) сәйкес нысан бойынша келесі жылға алдын ала өтінімдер ұсынады.
Өтінімді тапсырыс берушінің бірінші басшысы немесе өтінімдерге қол қоюға уәкілетті тұлға бекітеді.
Уәкілетті орган бір ай мерзімде тапсырыс берушілердің алдын ала өтінімдерін қарайды, қорғаныстық тапсырыстың ұйғарылып отырған орындаушыларын келіседі не тапсырыс берушілердің мекенжайына өтінім бойынша ұсыныстар мен ескертулер жібереді.
Тапсырыс берушілер он күнтізбелік күн ішінде алынған ескертулерді ескере отырып, уәкілетті органға алдын ала өтінімдерін қайта ұсынады.
Тапсырыс берушілер бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен тиісті жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде өздерінің бюджеттік өтінімдері құрамында қорғаныстық тапсырыс өніміне өтінімдер енгізеді.
Тапсырыс берушілер (әрқайсысы жеке) Қазақстан Республикасының республикалық бюджет комиссиясының отырыстарында қорғаныстық тапсырыстың тізбесін (номенклатурасын) қорғайды.
Екінші кезеңде тиісті жылға арналған республикалық бюджет бекітілгеннен кейін он күн мерзімде тапсырыс берушілер 1-қосымшаға (қызмет бабында пайдалану үшін) сәйкес нысан бойынша қорғаныстық тапсырысты қалыптастыруға, орналастыруға және орындауға арналған нақтыланған өтінімдерді уәкілетті органға ұсынады.
Өтінімдер тиісті жылға арналған республикалық бюджетте көзделген Қазақстан Республикасының бюджеті шығыстарының экономикалық сыныптамасының бағдарламалары, кіші бағдарламалары және ерекшеліктері бөлінісінде ұсынылады.
2-қосымшаға (қызмет бабында пайдалану үшін) сәйкес нысан бойынша қалыптастырылған қорғаныстық тапсырыстың жобасына өзгерістерді уәкілетті орган тапсырыс берушілер ұсынған нақтыланған өтінімдер негізінде енгізеді және олар он күнтізбелік күн ішінде мүдделі мемлекеттік органдарға қайта келісуге жіберілуі тиіс.
Мүдделі мемлекеттік органдар қорғаныстық тапсырыстың жобасын бес күнтізбелік күн ішінде келіседі.
Мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген қорғаныстық тапсырыстың жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізгенге дейін Қазақстан Республикасының қорғаныстық-өнеркәсіптік мәселелері жөніндегі комиссиясы қарайды.
Қорғаныстық тапсырысты орналастыру және орындау
4. Уәкілетті орган қорғаныстық тапсырыстың жобасын мемлекеттік тапсырыс берушілердің өтінімдері бойынша елдің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың негізінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен міндеттемелерін ескере отырып, тиісті жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде осы мақсаттарға белгіленген шығыстар шегінде әзірлейді және қалыптастырады.
Қорғаныстық тапсырысты орындаушыларды таңдау уәкілетті органмен келісім бойынша отандық тауар өндірушілер, жұмыстарды, қызметтерді отандық жеткізушілер және/немесе уәкілетті ұйым ішінен басым тәртіппен, өндірістің қажетті шарттарын, оның ішінде мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтерді қорғауды, тауарларды өндіру және/немесе жеткізу қабілеттілігін, әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) жұмысты жүргізуді және қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мүмкіндіктеріне сүйене отырып, талап етілген техникалық сыныптауына және ұсынылған бағасына сәйкес мемлекеттік тапсырыс берушілер жүргізеді.
5. Егер нарықта екі және одан астам отандық тауар өндірушілер, әскери және қосарланған мақсаттағы жұмыстарды отандық жеткізушілер болса, орындаушыны баға ұсыныстарына сұрау салу тәсілімен мемлекеттік тапсырыс беруші айқындайды.
Бұл үшін тапсырыс беруші тиісті жылға арналған республикалық бюджет бекітілген күннен бастап он күнтізбелік күннен кешіктірмей отандық тауар өндірушілердің, әскери және қосарланған мақсаттағы жұмыстарды, қызметтерді отандық жеткізушілердің, уәкілетті ұйымның атына қорғаныстық тапсырыс өнімін сатып алу ниеті туралы сұрау салу жібереді. Мұндай сұрау салу мынадай мәліметтерді:
1) сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің атауын және тактикалық-техникалық сипаттамаларын;
2) тауарлар санын, орындалатын жұмыстардың, қызметтердің көлемдерін;
3) тауарларды жеткізудің, жұмыстарды, қызметтерді орындаудың орнын және талап етілетін мерзімдерін;
4) жеткізілетін тауарларға, орындалатын жұмыстарға, қызметтерге арналған кепілдеменің мерзімін;
5) құны тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің құнына қосылуы тиіс ілеспелі қызметтердің тізбесін;
6) төлем шартын, оның ішінде аванстық төлем мөлшерін;
7) сұрау салуға әлеуетті орындаушының жауап беруінің мерзімін қамтуы тиіс.
Әлеуетті орындаушылардың жауап беру мерзімі тапсырыс берушінің сұрау салуы түскен сәттен бастап он күнтізбелік күнді құрайды.
6. Отандық тауар өндірушілердің, әскери және қосарланған мақсаттағы жұмыстарды отандық жеткізушілердің қатарынан орындаушыны таңдауды тапсырыс беруші мына өлшемдер бойынша жүзеге асырады:
1) қорғаныстық тапсырыс өнімін әлеуетті орындаушы ұсынатын техникалық сипаттама мемлекеттік тапсырыс берушінің сұрау талаптарына сәйкес;
2) әлеуетті орындаушының баға ұсыныстары тапсырыс беруші сұрауының тиісті талаптары ішіндегі ұсынылғандардың ең төменгісі болып табылады;
3) қорғаныстық тапсырыс мәні болып табылатын тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді өндіру үшін қажетті қызметтің тиісті түрін жүзеге асыруға лицензияның, өндірістік қуаттардың, технологиялық жабдықтардың және еңбек ресурстарының болуы.
Әлеуетті орындаушылар тапсырыс берушінің сұрауында көрсетілгеннен жақсы техникалық сипаттамалары бар қорғаныстық тапсырыс өнімін ұсынуы мүмкін.
Сондай-ақ халықаралық шарттарда көзделген қорғаныстық тапсырыс өнімін сатып алу бойынша әскери және қосарланған мақсаттағы отандық тауар өндірушілер, жұмыстарды, қызметтерді отандық жеткізушілер қорғаныстық тапсырыстың басым түрде орындаушысы болып табылады.
7. Отандық тауар өндірушілердің және жұмыстарды отандық жеткізушілердің қатарынан орындаушыны айқындау мүмкін болмаған жағдайда уәкілетті ұйым орындаушы болып танылады.
Тапсырыс беруші тиісті жылға арналған республикалық бюджет бекітілгеннен кейін он күнтізбелік күннен кешіктірмей уәкілетті ұйымның атына осы Ереженің 5-тармағында көрсетілген мәліметтер қамтылған сұрау салуды жібереді.
Уәкілетті ұйым тиісті жылға арналған республикалық бюджет бекітілгеннен кейін жиырма күнтізбелік күннен кешіктірмей тапсырыс берушіге сұрау салуға сәйкес және баға ұсыныстарын көрсете отырып, жазбаша және/немесе электронды түрде жауап береді.
Егер уәкілетті ұйым көрсетілген мерзімдерде тапсырыс берушіге жауап бермесе, не жауап сұрау салудың талаптарына сәйкес келмейтін болса, уәкілетті ұйымды қорғаныстық тапсырысты орындаушы ретінде белгілеу мүмкін емес деп танылады.
Сондай ақ, егер уәкілетті ұйымның бағалық ұсынысы сатып алу үшін бөлінген сомадан асып кететін болса, уәкілетті ұйымды қорғаныстық тапсырысты орындаушы деп белгілеу мүмкін емес деп танылады.
Уәкілетті ұйым қорғаныстық тапсырысты орындауға шарт жасасқанға дейін ұсынылатын әскери және қосарланған мақсаттағы тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің бағасына негіздеме жасайды.
Уәкілетті ұйымды қорғаныстық тапсырысты орындаушы деп белгілеу мүмкін болмаған жағдайда орындаушыны тапсырыс беруші қорғаныс қажеттілігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында белгіленген мемлекеттік сатып алудың ерекше тәртібіне сәйкес шетелдік заңды тұлғалар арасынан айқындайды.
8. Қазақстан Республикасының Үкіметі тиісті жылға қорғаныстық тапсырысты бекіткеннен кейін уәкілетті орган оның тапсырмасын тиісті тапсырыс берушілер мен орындаушыларға хабарлайды.
9. Қорғаныстық тапсырысты орындау тапсырыс беруші мен орындаушы арасындағы шарт негізінде жүзеге асырылады. Шарт ғылыми-зерттеу және тәжірибе-конструкторлық жұмыстардың, қару-жарақ пен әскери техниканы және басқа да материалдық құралдарды өндірудің, жеткізудің, пайдаланудың, жөндеудің, жаңғыртудың, кәдеге жаратудың және жоюдың барлық кешенін орындауға да, бұл жұмыстардың жекелеген түрлеріне де жасалады.
10. Тапсырыс беруші қорғаныстық тапсырыс өнімін кезең-кезеңімен және тұтастай қабылдап алуды, олардың белгіленген талаптар мен шарттардың ережелеріне сәйкес келуіне қорытынды беруді жүзеге асырады.
Тапсырыс беруші мен қорғаныстық тапсырысты орындаушы арасындағы шарт бұзылған жағдайда, тапсырыс беруші уәкілетті органға он күнтізбелік күн ішінде негіздеме ұсына отырып, қабылданған шешім туралы хабарлауға міндетті.
11. Қорғаныстық тапсырысты орындаушылар қорғаныстық тапсырыс құрамына кіретін әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді жеткізуді шартта белгіленген мерзімдерде және бағалар бойынша жүзеге асырады.
Отандық тауар өндірушілердің, жұмыстарды, қызметтерді отандық жеткізушілердің қатарынан орындаушы тапсырыс берушіге қорғаныстық тапсырыс өніміне жұмсалған шығындардың негіздемесін ұсынады.
Қорғаныстық тапсырысты орындау шарты бойынша жеткізілетін тауарлардың, әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) жұмыстардың, қызметтердің сапасы нормативтік және техникалық құжаттардың талаптарына және шарттың талаптарына сәйкес болуы тиіс.
12. Қорғаныстық тапсырысты нақтылау республикалық бюджетті нақтылаған жағдайда жүргізіледі.
Тапсырыс берушілер тиісті кезеңге арналған Республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының заңнамалық актісіне қол қойылғаннан кейін он жұмыс күні ішінде уәкілетті органға 1-қосымшаға (қызмет бабында пайдалану үшін) сәйкес нысан бойынша өтінімдер ұсынады.
Қорытынды ережелер
13. Қорғаныстық тапсырысты қалыптастыруды, орналастыруды және орындауды, қорғаныстық тапсырыстың орындалуын, салааралық үйлестіру мен бақылауды қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру жөніндегі уәкілетті орган «Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырады.
Тапсырыс берушілер жыл сайын, 25 наурыздан кешіктірмей, уәкілетті органға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қорғаныстық тапсырмалардың орындалуы туралы жылдық есептер ұсынады.
Уәкілетті орган жыл сайын, 15 сәуірден кешіктірмей, Қазақстан Республикасының Үкіметіне қорғаныстық тапсырыстың тұтастай іске асырылуы туралы жылдық есеп ұсынады.
3-қосымша
Бекітілген
___________________
лауазымы, аты-жөні
Мемлекеттік тапсырыс берушілердің мемлекеттік қорғаныстық
тапсырыстың орындалуы жөнінде есеп беруінің нысаны
Р/с № | Қорғаныстық тапсырыс өнімі | Өлшем бірлігі | Саны | Жұмсалған қаражат, мың теңге | Орындау мерзімі | Орындаушы | Ескертпелер |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
1 | | | | | | | |
2 | | | | | | | |
3 | | | | | | | |
| Жиыны: | | | | | | |
Орындалмаған іс-шаралар: |
1 | | | | | | | |
2 | | | | | | | |
3 | | | | | | | |
| Жиыны: | | | | | | |