8-ші Халықаралық Қаржылық Есептіліктің Стандарты(ІFRS 8)
Операциялық Бөлімдер
Мақсаты
1 Ұйым қаржылық есептіліктерін қолданушыларға өзінің айналысатын іскерлік қызметтерінің сипаты мен қаржылық нәтижелерін және ұйымның қызмет ететін ортасын бағалауға мүмкіндік беру үшін ақпаратты ашып көрсетуі тиіс.
Қолдану аясы
2 Осы ХҚЕС (IFRS) мыналарға қолданылады:
(a) төмендегідей ұйымның бөлек немесе жеке қаржылық есептіліктеріне:
(i) борыштық міндеттемелері немесе үлестік құралдары ашық нарықта (ішкі және шетелдік қор биржаларда немесе жергілікті және аудандық нарықтармен қоса, бағалы қағаздардың қордан тыс нарығында) сатылатын, немесе
(ii) құралдардың кез келген түрлерін ашық нарықта шығару мақсатымен бағалы қағаздар комиссиясымен және басқа қызметті реттеуді ұйымдастыру шараларымен бірге шоғырландырылған қаржылық есептілік ұсынатын немесе ұсынып жатқан.
(b) бас ұйымы бар топтың шоғырланған қаржылық есептіліктеріне:
(i) борыштық міндеттемелері немесе үлестік құралдары ашық нарықта сатуға қойылған (ішкі және шетелдік қор биржаларда немесе жергілікті және аудандық нарықтармен қоса, бағалы қағаздардың қордан тыс нарығында); немесе
(ii) құралдардың кез келген түрлерін ашық нарықта шығару мақсатымен бағалы қағаздар комиссиясымен және басқа қызметті реттеуді ұйымдастыру шараларымен бірге шоғырландырылған қаржылық есептілік ұсынатын немесе ұсынып жатқан.
3 Егер осы ХҚЕС-ты(IFRS) қолдануы талап етілмеген ұйым осы ХҚЕС-қа (IFRS) сәйкес емес бөлімдер туралы ақпаратты ашып көрсетуді қаласа, ақпаратты бөлімдер туралы ақпарат ретінде сипаттамауы тиіс.
4 Егер қаржылық есеп құрамына осы ХҚЕС-тың (IFRS) шегіндегі бас ұйымның шоғырландырылған қаржылық есептілігімен бірге, бас ұйымның жеке қаржылық есептіліктері кіретін болса, бөлімдер туралы ақпарат шоғырландырылған қаржылық есептіліктерде ғана талап етіледі.
Операциялық бөлімдер
5 Операциялық бөлім төмендегідей ұйымның құрамдас бөлігі болып табылады:
(a) өзіне түсімдер түсетін және өзінен шығындар жұмсалатын (сол ұйымның басқа бөліктерімен жасалатын операцияларға қатысты түсімдер мен шығындармен қоса) іскерлік қызметтермен айналысатын;
(b) бөлімге бөлінетін ресурстар жөнінде шешімдер қабылдау және бөлімнің жұмысын бағалау үшін операциялық нәтижелеріне ұйымның бас операциялық шешім қабылдаушы ұдайы шолу жасайтын, және
(c) бөлек қаржылық ақпаратына қол жетзуге болатын.
Операциялық бөлім өзіне түсімдер болашақта түсетін іскерлік қызметтермен айналысуы мүмкін, мысалы, іске қосу операциялары түсімдер алуға дейін операциялық бөлімдер болуы мүмкін.
6 Ұйымның барлық бөліктері міндетті түрде операциялық бөлім немесе операциялық бөлімнің бөлігі болмайды. Мысалы, фирманың штаб-пәтері немесе кейбір қызметтік бөлімдеріне түсімдер түспеуі мүмкін немесе тек ұйымның қызметтеріне тән болатын түсім алуы мүмкін және операциялық бөлім болмайды. Осы ХҚЕС (IFRS) тұрғысынан, ұйымның еңбек мерзімі аяқталғаннан кейінгі зейнетақы жоспарлары операциялық бөлім болмайды.
7 «Бас операциялық шешім қабылдаушы» термині нақты лауазымы бар басшы қызметін білдіре бермейді. Бұл қызмет - ұйымның операциялық бөліміне ресурстар бөлу және оның жұмысын бағалау. Көбіне ұйымның Бас операциялық шешім қабылдаушысы қызметін оның атқарушы бас директоры немесе операциялық бас директоры атқарады, бірақ, мысалы, бұл қызметті атқарушы директорлардың немесе тобы немесе басқалар атқаруы мүмкін.
8 Көптеген ұйымдар үшін, 5-тармақта сипатталған операциялық бөлімнің үш сипаттамасы олардың операциялық бөлімін айқын сипаттайды. Дегенмен, ұйым оның іскертік қызметтері әртүрлі жолдармен көрсетілген есептер ұсынуы мүмкін. Егер бас операциялық шешім қабылдаушы бөлімтуралы ақпараттың жиынтығының бірнешеуін қолданса, басқа факторлар, құрамына әрбір құрамдас бөліктің іскерлік қызметтерінің сипаты, оларға жауапты басқарушының болуы және директорлар кеңесіне ұсынылған ақпарат кіретін құрамдас бөліктердің бір жиынтығын ұйымның операциялық бөлімдерін құрайтын ретінде сипаттауы мүмкін.
9 Негізінен, операциялық бөлімнің бас операциялық шешім қабылдаушыға тікелей жауап беретін және операциялық қызметтерді, қаржылық нәтижелерді, жорамалдарды немесе бөлім бойынша жоспарларды талқылау үшін онымен ұдайы байланыс жасайтын бөлім басқарушысы болады. «Бөлім басқарушысы» термині нақты лауазымы бар басшы қызметін білдіре бермейді. Бас операциялық шешім қабылдаушы да кейбір операциялық бөлімдердің бөлім басқарушысы қызметін атқаруы мүмкін. Жалғыз басқарушы бірнеше операциялық бөлімдердің бөлім басқарушысы бола алады. Егер 5 -тармақтағы сипаттамалардың құрамдас бөліктердің жиынтығының бірнешеуіне қатысы болса, бірақ бөлім басқарушылары жауапты саналатын тек жалғыз жиынтық бар болса, құрамдас бөліктердің жиынтығы операциялық бөлімдерді құрайды.
10 5 - тармақтағы сипаттамалардың бөлім басқарушылары жауапты саналатын екі немесе одан көп құрамдас бөліктердің бірлескен жиынтықтарына қатысы болуы мүмкін. Осындай құрылымды кейде ұйымдастырудың матрицалық түре деп атайды. Мысалы, кей ұйымдарда, кейбір басқарушылар бүкіл әлемдік әртүрлі өнімдер мен қызметтер ассортименттеріне жауапты, ал басқалары нақты географиялық аймақтарға жауапты. бас операциялық шешім қабылдаушы құрамдас бөліктердің жиынтықтарының екеуінің де операциялық нәтижелеріне және олар туралы қол жеткізе алатын ақпараттарға жүйелі түрде шолу жүргізеді. Осындай жағдайда, ұйым құрамдас бөліктердің жиынтықтарының қайсысы операциялық бөлімдерді құрайтынын жоғарыда келтірілген негізгі қағидат тұрғысынан анықтауы тиіс.
Есепті операциялық бөлімдер
11 Ұйым төмендегідей әрбір операциялық бөлім туралы ақпаратты бөлек баяндауы тиіс.
(a) 5-10 - тармақтарға сәйкес сипатталған немесе 12-тармаққа сәйкес бөлімдердің екеуін немесе одан көбін жиынтықтау нәтижесінде пайда болатын, және
(b) 13 - тармақтағы сандық шамалардан артық болатын.
14-19 - тармақтар операциялық бөлімдер туралы бөлек ақпарат баяндалатын басқа жағдайларды атап көрсетеді.
Біріктіру талаптары
12 Операциялық бөлімдердің экономикалық сипаттамалары бірдей болса, көп жағдайларда бірдей ұзақ мерзімді қаржылық көрсеткіштер көрсетеді. Мысалы, екі операциялық бөлімнің, экономикалық сипаттамалары бірдей болса, ұзақ мерзімді орташа жалпы табысы бірдей болады деп күтіледі. Егер біріктіру осы ХҚЕС-ының (IFRS) негізгі қағидатына сай болса, бөлімдердің экономикалық сипаттамалары бірдей болса, және төмендегілер бойынша бірдей болса, екі немесе одан көп операциялық бөлімді бір операциялық бөлімге біріктіруге болады:
(a) өнімдер мен қызметтердің сипаты;
(b) өнім шығару процестерінің сипаты;
(c) олардың өнімдері мен қызметтерінің тұтынушыларының түрі немесе санаты;
(d) өнімдерін сатуға және қызметтерін көрсетуге қолданатын әдістері;
(e) орынды болса, банк қызметін, сақтандыруды және коммуналдық қызметтерді реттейтін ережелер сияқты, нормативтік-құқықтық ортасының сипаты.
Сандық табалдырықтар
13 Ұйым төмендегі сандық табалдырықтарға сай болатын операциялық бөлім туралы ақпаратты бөлек баяндауы тиіс:
(a) сыртқы тұтынушымен және бөлімішілік сауда немесе аударумен қоса, оның баяндалған түсімі барлық операциялық бөлімдердің, ішкі және сыртқы біріктірілген түсімінің 10 немесе одан көп пайызын құрайды.
(b) оның баяндалған пайда немесе залалдың абсолюттік сомасы (і) барлық операциялық бөлімдердің біріктірілген баяндалған пайдасы мен (іі) залалды баяндаған барлық операциялық бөлімдердің біріктірілген баяндалған шығынының, абсолюттік сомамен, көп шамасының 10 немесе одан көп пайызын құрайды.
(c) оның активтері операциялық бөлімдердің біріктірілген активтерінің 10 немесе одан көп пайызын құрайды.
Осы сандық табалдырықтардың ешқайсысына сай болмайтын операциялық бөлімдер, егер басшылық бөлім туралы ақпарат қаржылық есептіліктерді қолданушыларға пайдалы болады деп ұйғарса, есепті және олар туралы ақпаратты бөлек ашып көрсетуге болады деп саналуы мүмкін.
14 Ұйым тек егер операциялық бөлімдердің экономикалық сипаттамалары бірдей болса және 12 -тармақта тізімі берілген біріктіру талаптарының көпшілігіне ие болса, есепті бөлім құрау үшін сандық табалдырықтарға сай болмайтын операциялық бөлімдер туралы ақпараттарды сандық табалдырықтарға сай болмайтын басқа операциялық бөлімдер туралы ақпараттармен біріктіруіне болады.
15 Егер операциялық бөлімдер баяндаған жалпы сыртқы түсім ұйымның түсімінің 75 пайызынан аз болса, ұйымның түсімінің ең кемінде 75 пайызы есепті бөлімдерге жатқызылмаған болса, қосымша операциялық бөлімдер (тіпті 13- тармақтағы талаптарға сай болмаса да) есепті деп сипатталады.
16 Басқа есепті емес іскерлік қызметтер және операциялық бөлімдер туралы ақпараттар біріктірілуі тиіс және «барлық басқа бөлімдер» санаты бойынша 28-тармақ талап ететін басқа сәйкестендірулерден бөлек ашып көрсетілуі тиіс. «Барлық басқа бөлімдер» санатына жатқызылған түсімнің көздері сипатталуы тиіс.
17 Егер басшылық алдыңғы кезеңде есепті деп табылған операциялық бөлім ұзақ уақыт бойы маңызды болады деп шешсе, тіпті 13- тармақтағы есепті болу талаптарына енді сай болмаса да, сол бөлім туралы ақпаратты ағымдағы кезеңде бөлек баяндауды жалғастыра береді.
18 Егер операциялық бөлім ағымдағы кезеңде сандық табалдырықтарға сәйкес есепті деп сипатталған болса, салыстыру үшін ұсынылған бөлім туралы алдыңғы кезеңдегі ақпарат жаңа есепті бөлімді бөлек бөлім ретінде көрсету үшін, тіпті сол бөлім алдыңғы кезеңде 13 -тармақтағы есепті болу талаптарға сай болмаған болса да, қажет ақпаратқа қол жеткізу мүмкін болса және оларды алу құны шектен тыс көп болмаса, қайта қаралуы тиіс.
19 Ұйым бөлек ашып көрсететін есепті бөлімдердің санына тәжірибе тұрғысынан шек қойылуы мүмкін, осы шектен тысқары болса, бөлім туралы ақпарат тым егжей-тегжейлі болуы мүмкін. Дәл шек қойылмағанмен, 13-18 - тармақтарына сәйкес есепті деп табылған бөлімдердің саны оннан асқанда, ұйым тәжірибе тұрғысынан қойылған шекке жеткен-жетпегендігін қарастыруы тиіс.
20 Ұйым оның қаржылық есептіліктерін қолданушыларға өзінің айналысатын іскерлік қызметтерінің сипаты мен қаржылық нәтижелерін және ұйымның қызмет ететін ортасын бағалауға мүмкіндік беру үшін ақпаратты ашып көрсетуі тиіс.
21 20-тармақтағы қағидатты жүзеге асыру үшін, ұйым толық табыс туралы есептілік ұсынылған әрбір кезең ішінде төмендегілер туралы ақпаратты ашып көрсетуі тиіс:
(a) 22 - тармақта сипатталған жалпы ақпарат;
(b) баяндалған бөлімнің пайда немесе залалына қосылған нақты түсім және шығындармен қоса, 23-27-тармақтарда сипатталған есепті бөлімнің пайда немесе залалы туралы, бөлім активтері, бөлім міндеттемелері және бағалау әдісі туралы ақпарат; және
(c) 28-тармақта сипатталғандай, бөлім түсімдерінің жалпы сомасының, баяндалған пайда немесе залалының, бөлім активтері, бөлім міндеттемелері және басқа маңызды бөлім баптарының сәйкес ұйымның сомаларымен сәйкестендіру.
Есепті бөлімдердің қаржылық жағдайлары туралы есептіліктеріндегі сомалардың ұйымның қаржылық жағдайы туралы есептіліктеріндегі келісуші сомаларымен жазбалары қаржылық жағдай туралы есептілік ұсынылған әрбір күн үшін талап етіледі. Алдыңғы кезеңдер туралы ақпараттар 29 - және 30 - тармақтарда сипатталғандай қайта қаралуы тиіс.
Жалпы ақпарат
22 Ұйым төмендегідей жалпы ақпаратты ашып көрсетуі тиіс:
(a) ұйымдастыру негізімен қоса, ұйымның еспті бөлімдерін анықтауға қолданылған факторлар (мысалы, басшылық ұйымды өнімдер мен қызметтердің, географиялық аймақтардың, нормативтік-құқықтық орталардың айырмашылықтарға немесе аралас факторларға байланысты ұйымдастыруды таңдағаны немесе операциялық бөлімдер біріктіргені), және
(b) әрбір есепті бөлім түсімін алатын өнімдер мен қызметтердің түрлері.
Пайда немесе залал, активтер, міндеттемелер туралы ақпарат
23 Ұйым пайда немесе залал деңгейін әрбір есепті бөлімін баяндап отыруы тиіс. Егер міндеттемелер көлемі жүйелі түде бас қызмет атқаратын шешім қабылдаушыға хабарланып отырған болса, онда бұл туралы ұйым есептілік мерзім бөлімінде есеп беруі тиіс. Сонымен бірге, егер бас қызмет атқаратын шешім қабылдаушының жасаған шолуы бойынша айқындалған көлем пайда мен залал бөлімінің өлшеміне енгізілген болса, немесе сол өлшем пайда немесе залал бөліміне енгізілмегендігі жөнінде бас қызмет атқаратын шешім қабылдаушыға басқадай жолмен хабарланып отырған болса, онда осы туралы ақпаратты да ұйым ашып көрсетуі тиіс:
(a) сыртқы тұтынушылардан түсетін түсімдер;
(b) сол ұйымның басқа операциялық бөлімдерімен операциялардан түсетін түсімдер;
(c) пайыз түсімі;
(d) пайыз шығыны;
(e) құнсыздану және амортизация;
(f) 1 Қаржы есептілігін ұсыну ХҚЕС-ының (IAS) (2007 жылғы редакция) 97-тармағына сәйкес ашып көрсетілген табыс пен шығындардың елеулі операциялары;
(g) үлестік тәсілмен есепке алынған ұйымның бірлескен ұйымдардағы және қауымдасқан ұйымдардағы пайда немесе залалдағы үлесі;
(h) табысқа салынатын салық шығыны немесе пайдасы; және
(i) амортизациядан басқа елеулі ақшалай емес операциялар.
Ұйым бөлімнің түсімдерінің көпшілігі пайыздан келетін болмаса және бас операциялық шешім қабылдаушы бөлім көрсеткіштерін бағалау үшін негізінен таза пайыз түсіміне жүгінбесе және бөлімге ресурстарды бөлуге шешімдер қабылдамаса, әрбір есепті бөлімнің пайыз түсімін пайыз шығынынан бөлек баяндауы тиіс. Осы жағдайда, ұйым бөлімнің пайыз шығыны шегерілген пайыз түсімін баяндай алады және осыны ашып көрсетеді.
24 Ұйым, егер аталған сомалар бас операциялық шешім қабылдаушы шолу жасаған бөлімнің активтерінің деңгейіне жатқызылса, немесе бас операциялық шешім қабылдаушыға басқаша хабарланған болса тіпті сол бөлімнің активтерінің деңгейіне жатқызылмаса да, әрбір есепті бөлім туралы төмендегілерді ашып көрсетуі тиіс:
(a) Үлестік тәсілмен есепке алынған ұйымның бірлескен ұйымдардағы және қауымдасқан ұйымдардағы инвестиция мөлшері;
(b) Қаржылық құралдардан, кейінге қалдырылған салық активтерінен, еңбек мерзімі аяқталғаннан кейінгі зейнетақы активтерінен басқа, ұзақ мерзімді активтерге[1] қосымшалардың сомалары (19 Қызметкерлерге берілетін сыйақылар ХҚЕС-ының (IAS) 54-58 - тармақтарын қараңыз) және сақтандыру келісімшарттары бойынша туындайтын құқықтар.
25 Әрбір бөлім бойынша баптың сомасы бас операциялық шешім қабылдаушыға операциялық бөліміне ресурстар бөлу және оның жұмысын бағалау туралы шешім қабылдау үшін баяндалған бағалау шамасы болуы тиіс. Ұйымның қаржылық есептіліктерін дайындау барысында енгізілген түзетулер мен жойылған шамалар және түсімдердің, шығындардың үлестірілуі және кіріс пен шығыс есепті бөлімнің пайда немесе залалын анықтау кезінде, тек олар бас операциялық шешім қабылдаушы қолданған бөлімнің пайда немесе залалын бағалау шамасына қосылған болса ғана, қосылуы тиіс. Осылайша, тек бөлімнің бас операциялық шешім қабылдаушы қолданған активтері мен міндеттемелерін бағалау шамаларына қосылған активтер және міндеттемелер ғана сол бөлім бойынша баяндалады. Егер сомалар есепті бөлімнің пайда немесе залалына, активтері мен міндеттемелеріне бөлінген болса, сол сомалар жеткілікті түрде бөлінуі тиіс.
26 Егер бас операциялық шешім қабылдаушы бөлімінің жұмысын бағалағанда және ресурстарды қалай бөлу туралы шешім қабылдағанда операциялық бөлімнің пайда немесе залалдың, бөлімнің активтерінің немесе бөлімнің міндеттемелерінің тек бір бағалау шамасын қолданса, бөлімнің пайда немесе залалы, активтері мен міндеттемелері сол бағалау шамасы бойынша баяндалады. Егер бас операциялық шешім қабылдаушы операциялық бөлімнің пайда немесе залалының, бөлімнің активтерінің немесе бөлімнің міндеттемелерінің тек бірнеше бағалау шамасын қолданса, баяндалатын бағалау шамалары басшылық ұйымның қаржылық есептіліктерінде тиісті сомаларды бағалауда қолданылған қағидаттарға сәйкес бағалау қағидаттарына сәйкес анықталған деп санайтын бағалау шамалары болады.
27 Ұйым әрбір есепті бөлім бойынша бөлімнің пайда немесе залалын, бөлімнің активтерін немесе бөлімнің міндеттемелерін бағалауға түсініктеме беруі тиіс. Ұйым, ең кемінде, төмендегі ақпараттарды ашып көрсетуі тиіс:
(a) есепті бөлімдер арасындағы кез келген операцияларды есепке алу негізі.
(b) есепті бөлімнің активтерін бағалау мен ұйымның активтерін бағалау арасындағы кез келген айырмашылықтардың сипаты (егер 28-тармақта сипатталған сәйкестендіруден айқын көрінбесе). Сол айырмашылықтарға есепті бөлім ақпараттарын түсіну үшін қажетті есеп саясаттары және бірлесіп қолданылған активтерді үлестіру бойынша саясаттар жатуы мүмкін.
(c) есепті бөлімнің міндеттемелерін бағалау мен ұйымның міндеттемелерін бағалау арасындағы кез келген айырмашылықтардың сипаты (егер 28 -тармақта сипатталған сәйкестендіруден айқын көрінбесе). Сол айырмашылықтарға есепті бөлім ақпараттарын түсіну үшін қажетті есеп саясаттары және бірлесіп қолданылған міндеттемелерді үлестіру бойынша саясаттар жатуы мүмкін.
(d) есепті бөлімнің пайда немесе залалын анықтауға қолданылған алдыңғы кезеңдердегі бағалау әдістерінің кез келген өзгерістерінің сипаты және, егер болса, сол өзгерістердің бөлімнің пайда немесе залалын бағалауға тигізген әсері.
(e) есепті бөлімдерге жасалған асиметриялық үлестірулердің сипаты және әсері. Мысалы, ұйым бөлімге, қатысты амортизацияланатын активті үлестірмей, амортизациялық шығындарды үлестіруі мүмкін.
(f) есепті келісімдерге кез-келген асиметрикалық тиістілердің пайда болуы және әсері. Мысалы, ұйым құнсыздану шығынын қатысты құнсыздалатын активтерін сол бөлімге жүктемей бөлімге жүктеуі мүмкін.
Сәйкестендіру
28 Ұйым төмендегілердің барлығының сәйкестендіруін беруі тиіс:
(a) есепті бөлімнің түсімдерінің жалпы санын ұйымның түсімімен сәйкестендіру.
(b) есепті бөлімнің пайда немесе залалының бағалау шамасының жалпы санын ұйымның салық төлеуге дейінгі шығын немесе табыс және қызметі тоқтатылған операцияларға дейінгі пайда немесе залалымен сәйкестендіру. Дегенмен, егер ұйым есепті бөлімге салықтық шығын (салықтық табыс) сияқты баптарды үлестіретін болса, ұйым бөлімнің пайда немесе залалының бағалау шамасының жалпы санын ұйымның сол баптардан кейінгі пайда немесе залалымен сәйкестендіруіне болады.
(c) есепті бөлімнің активтерінің жалпы санын ұйымның активтерімен сәйкестендіру.
(d) есепті бөлімнің міндеттемелерінің жалпы санын, егер бөлімнің міндеттемелері 23-тармаққа сәйкес баяндалған болса, ұйымның міндеттемелерімен сәйкестендіру.
(e) есепті бөлімнің ашып көрсетілген кез келген басқа маңызды ақпарат бойынша сомаларын ұйымның қатысты сомаларымен сәйкестендіру.
Барлық маңызды сәйкестендіру жазбалары бөлек анықталуы және сипатталуы тиіс. Мысалы, әртүрлі есеп саясаттарынан туындайтын бөлімнің пайда немесе залалын ұйымның пайда немесе залалымен сәйкестендіруге қажетті әрбір маңызды түзетудің сомасы бөлек анықталуы және сипатталуы тиіс.
Алдыңғы баяндалған ақпараттарды қайта қарау
29 Егер ұйым өзінің ішкі ұйымдастыру құрылымын оның есепті бөлімдерінің құрылымының өзгеруіне әкелетіндей етіп өзгертсе, аралық кезеңдермен қоса, алдыңғы кезеңдермен сәйкес ақпарат, оған қол жеткізу мүмкін болса, оны табу құны шектен тыс болмаса, қайта қаралуы тиіс. Ақпаратқа қол жеткізу мүмкіншілігін және оны табу құны шектен тыс болу-болмауын анықтау шаралары ашып көрсетілген әрбір ақпарат бөлігі бойынша жасалады. Ұйым өзінің есепті бөлімдерінің құрылымын өзгерткеннен кейін, алдыңғы кезең ішіндегі бөлім бойынша ақпараттың сәйкес бөлігін қайта қаралуын ашып көрсетуі тиіс.
30 Егер ұйым өзінің ішкі ұйымдастыру құрылымын оның есепті бөлімдері құрылымының өзгеруіне әкелетіндей етіп өзгертсе, аралық кезеңдермен қоса, алдыңғы кезеңдер бойынша бөлімнің ақпараты, сол өзгерістерді көрсетпейтіндей етіп қайта қаралған болса, қажетті ақпаратқа қол жеткізу мүмкін болса, оны табу құны шектен тыс болмаса, ұйым өзгерістер орын алған жылы ағымдағы кезеңнің бөлім ақпаратын бөлімдерге бөлудің бұрынғы және жаңа жолдары бойынша ашып көрсетуі тиіс.