6-шы Халықаралық Қаржылық Есептіліктің Стандарты (IFRS 6)
«Минералдық Ресурстарды Барлау Мен Бағалау»
Мақсаты
1 Осы Стандарттың мақсаты минералдық ресурстарды барлау мен бағалауға қолданылатын қаржы есептілігін регламенттеу болып табылады.
2 Атап айтқанда осы Стандарт:
(а) минералдық ресурстарды барлау мен бағалауға жұмсалатын шығындарды есепке алудың қазіргі тәжірибесін біршама жақсартуды;
(b) минералдық ресурстарды барлау мен бағалау жөніндегі активтерді танушы ұйымдардың осы Стандартқа сәйкес құнсыздануы тұрғысында мұндай активтердің тестіленуін және 36 Активтердің құнсыздануы ХҚЕС-ына (IAS) сәйкес кез келген құнсыздануды бағалауын;
(с) ұйымның қаржы есептілігінде минералдық ресурстардың қорларын барлау мен бағалауға байланысты болатын сомаларды сәйкестендіруші және түсіндіруші және осы қаржы есептілігін пайдаланушыларға минералдық ресурстарды барлау мен бағалауға байланыты танылған активтерден туындайтын болашақ ақша тасқындарының шамасын мерзімі мен айқындылығын түсінуге көмектесуші ақпараттың ашылуын талап етеді.
Қолдану аясы
3 Минералдық ресурстарды барлау мен бағалауға байланысты өзі тудыратын шығындарға ұйым осы Стандартты қолдануға міндетті.
4 Минералдық ресурстарды барлаумен және бағалаумен шұғылданатын ұйымдардың есепке алу тәжірибесінің қалған аспектілеріне осы Стандарт қолданылмайды.
5 Ұйымның мынадай жұмсалған шығындарға:
(а) минералдық ресурстарды барлаумен және бағалаумен байланысты жұмыстарды жүргізгенге дейін, мысалы, нақтылы ауданда барлау жұмыстарын жүргізуге заңды құқық алғанға дейін жұмсалған шығындарға;
(b) минералдық ресурстарды өндірудің техникалық жағынан жүзеге асырылатыны мен коммерциялық тиімділігін негізді растаудан кейінгі шығындарға осы Стандартты қолдануға құқығы жоқ.
Минералдық ресурстарды барлау мен бағалау жөніндегі активтерді тану
11 және 12-тармақтарын 8 ХҚЕС-тан (IAS) уақытша шығару
6 Өзінің есепке алу саясатын тұжырымдау кезінде минералдық ресурстарды барлау мен бағалау жөніндегі активтерді танушы ұйым 8 Есеп саясаты, бухгалтерлік есеп бағалауларындағы болатын өзгерістер және қателер ХҚЕС-тың (IAS) 10-тармағын қолдануға міндетті.
7 8 ХҚЕСтың (IAS) 11 және 12-тармақтарында ресми тәлімдемелер мен ұсынылымдардың көздері көрсетіледі. Есеп саясатын тұжырымдау кезінде сол немесе өзге бап, егер ХҚЕС-тың (IFRS) ешбірі осы нақты бапқа қолдануға келмеген жағдайда, бұларды ұйым басшылығы назарда ұстауы тиіс. Төменде келтірілген 9 және 10-тармақтарды ұстанған жағдайда осы Стандарт минералдық ресурстарды барлау мен бағалау бойынша активтерді тану мен бағалау жөніндегі өз есеп саясатына жоғарыда аталған тармақтарды қолданудан ұйымды босатады.
Минералдық ресурстарды барлау мен бағалау жөніндегі активтерді бағалау
Тану кезіндегі бағалау
8 Минералдық ресурстарды барлау мен бағалау жөніндегі активтер өзіндік құны бойынша бағалануы тиіс.
Минералдық ресурстарды барлау мен бағалау жөніндегі активтерге жұмсалатын шығындардың элементтері
9 Ұйым танылуға тиіс шығындар түрін нақтылайтын саясатты минералдық ресурстарды барлау мен бағалау жөніндегі активтер ретінде белгілеуге және бұл саясатты іс жүзінде біртіндеп жүзеге асыруға міндетті. Мұндай саясатты анықтау кезінде ұйым сол шығындардың нақтылы минералдық ресурстарды іздестірумен орайластырылуы мүмкін жағдайды назарда ұстайды. Минералдық ресурстарды барлау мен бағалау жөніндегі активтердің бастапқы бағалануына кіруі мүмкін шығындар мысалдары төменде келтіріледі (бұл мысалдардың бәрі қамтылған деген сөз емес):
(а) барлау жұмыстарын жүргізуге құқықтар алу;
(b) топографиялық, геологиялық, геохимиялық және геофизикалық зерттеулерді өткізуге жұмсалған шығындар;
(c) барлау бұрғылауына жұмсалған шығындар;
(d) барлау қорларын бақылауға жұмсалған шығындар;
(e) сынамалар мен үлгілерді іріктеп алуға жұмсалған шығындар; және
(f) минералдық ресурстың техникалық жағынан жүзеге асырылуға және коммерциялық тиімділігін бағалауға байланысты шараларды өткізуге жұмсалған шығындар.
10 Минералдық ресурстарды игерумен байланысты шығындар оларды барлау мен бағалау жөніндегі активтер ретінде танылуы міндетті емес. Қаржы есептілігін әзірлеу мен жасау қағидаттарында[1] және 38 Материалдық емес активтер ХҚЕС-тарында (IAS) әзірлеуге байланысты туындайтын активтерді тану мәселелері жөнінде ұсыныстар бар.
11 37 Міндеттемелер, шартты міндеттемелер мен шартты активтер ХҚЕС-қа (IAS) сәйкес ұйым объектінің алыстауына және табиғи ресурстарды қалпына келтіруге байланысты кез келген міндеттемелерді мойындайды. Мұны ұйым нақтылы кезең бойы минералдық ресурстарын, барлау мен бағалау жөніндегі жұмыстарын жүргізудің нәтижесі ретінде мойындайды.
Танудан кейінгі бағалау
12 Минералдық ресурстарды барлау мен бағалау жөніндегі активтерді танығаннан кейін ұйым не нақты шығындар бойынша есепке алу үлгісін, не қайта бағалау құн үлгісін қолдануға міндетті. Қайта бағалау құн үлгісін (не 16 Жылжымайтын мүлік, ғимараттар мен жабдықтар ХҚЕС-қа (IAS) 38 ХҚЕС-та (IAS) көзделген) қолданған жағдайда ол активтердің сыныптамасына қайшы келмеуі тиіс (15-тармақты қараңыз).
Есеп саясатындағы өзгерістер
13 Ұйым минералдық ресурстарды барлау мен бағалау шығындары жөніндегі өзінің есеп саясатын өзгертуге құқығы бар деп айта алатын кез, егер өзгеріс пайдаланушылардың экономикалық шешімдерді қабылдау тұрғысында олардың қажеттіктеріне қаржы есептілігінің неғұрлым жоғары дәрежесімен және анықтықтың жоғарыдан кем емес дәрежесімен, немесе анықтықтың неғұрлым жоғары дәрежесімен және сәйкестіліктің жоғарыдан кем емес дәрежесімен қамтамасыз етілгенде орын алады. Ұйым осындай маңызды және сенімді дәрежені бағалау үшін 8 ХҚЕС (IAS) белгілеген талаптарды пайдалануға міндетті.
14 Минералдық ресурстарды барлау мен бағалауға жұмсалған шығындармен байланысты есеп саясатының өзгеруі дәлелді болу үшін, ұйым аталған өзгерістің оның қаржы есептілігінде 8 ХҚЕС-та (IAS) көзделген талаптар сәйкестілігінің дәрежесін арттыратынын көрсетуі тиіс. Алайда бұл өзгерістің сол талаптарға толық сәйкес келуін қамтамасыз етуге міндетті емес.
Минералды ресурстарды барлау мен бағалау жөніндегі активтердің жіктемесі
15 Ұйым алынған активтердің сипатына қарай материалды және материалды емес ретінде минералдық ресурстарды барлау мен бағалау жөніндегі активтерді жіктеуге және кейіннен мұндай жіктемені дәйекті түрде қолдануға міндетті.
16 Минералды ресурстарды барлау мен бағалау жөніндегі кейбір активтерді есепке алуда материалды емес (мысалы, бұрғылау жұмыстарын жүргізу құқықтары) ретінде көрсетіледі, оның бер жағында басқа активтер материалдық (мысалы, автокөлік құралдары мен бұрғылау қондырғылары) деп саналады. Соның өзінде, ұйым материалдық активті жасау үшін материалдық активті пайдалану кезінде материалдық активті материалдық емес активке айналдыра алмайды.
Минералды ресурстарды барлау мен бағалау жөніндегі активтерді қайта жіктеу
17 Егер минералды ресурсты өндірудің техникалық жағынан жүзеге асырылатындығына және коммерциялық тиімділігіне негізделген растама алынса, онда минералдық ресурстарды барлау мен бағалау жөніндегі актив дәл сол түрде одан әрі жіктеліне алмайды. Минералды ресурстарды барлау мен бағалау жөніндегі активтер құнсыздану тұрғысында сынақтан өтуге тиіс, ал құнсызданудан болған кез келген шығын қайта жіктеуге дейін-ақ танылуға тиіс болатын.
Құнсыздану
Тану және бағалау
18 Сондай активтің қаржылық жағдай есебі құны оны өтеу сомасынан асуы мүмкін екенін көрсететін фактілер мен жағдайлар болғанда минералдық ресурстарды барлау мен бағалауға жататын активтер құнсыздануға сынақталуы тиіс. Ұйым фактілер мен жағдайлар мұндай активтің қаржылық жағдай есебі құны оның өтелу сомасынан асатынын көрсеткенде, 21-тармақта көзделген жағдайды қоспағанда, 36 ХҚЕС-қа (IAS) сәйкес кез келген шығынды бағалауға, көрсетуге және ашуға тиіс.
19 Минералдық ресурстарды барлау мен бағалау жөніндегі активтің мүмкін болатын құнсыздануын анықтау үшін 36 ХҚЕС-тың (IAS) 8-17-тармақтарын емес, осы Стандарттың 20-тармағы қолданылуы тиіс. 20-тармақта «активтер» деген термин пайдаланылады. Алайда ол минералдық ресурстарды барлау мен бағалау жөніндегі активтерге де, сондай-ақ таралымды бірлікке де тең дәрежеде қолданылады.
20 Бір немесе бірнеше фактілер мен жағдайлардың болуы ұйымның құнсыздану тұрғысында минералдық ресурстарды барлау мен бағалау жөніндегі активтерді сынақталуының тиімділігін көрсетеді (келтірілген мысалдар бәрін қамту сипатында емес):
(а) ұйым сол мерзімде нақтылы ауданда барлау жұмысын жүргізуге құқығы бар мерзімі есепті кезең ішінде өтіп кетті немесе таяу арада өтіп кетеді. Бұл ретте осы құқықты жаңа кезеңде қалпына келтіру күтіліп отырған жоқ;
(b) минералдық ресурстарды барлау мен бағалау жөніндегі жұмыстарды одан әрі жүргізуге жұмсалатын едәуір шығындар сметада көзделмеген және жоспарланбаған;
(c) нақтылы ауданда минералдық ресурстарды барлау мен бағалау минералдық ресурстардың коммерциялық жағынан рентабельді көлемдерін ашуға әкелмеді, соған байланысты ұйым осы ауданда мұндай жұмыстарды тоқтатуды ұйғарды;
(d) нақтылы ауданда минералдық ресурстарды игеруге көшудің ықтималдық жағдайының өзінде мұндай ресурстарды барлау мен бағалау жөніндегі активтің қаржылық жағдай есебі құны оны ойдағыдай игеру немесе сату нәтижесінде толық өтелетіндігі екіталай екенін көрсететін деректер жеткілікті түрде бар.
Мұндай кез келген жағдайда немесе ұқсас жағдайларда ұйым 36 ХҚЕС-қа (IAS) сәйкес құнсыздану тұрғысында сынақтау жүргізуге міндетті. Құнсызданудан анықталған кез келген зиян 36 ХҚЕС-қа (IAS) сәйкес шығыстар құрамында тануға жатады.
Минералдық ресурстарды барлау мен бағалау жөніндегі активтер құнсыздануға орай тексерілетін деңгейді нақтылау
21 Ұйым құнсыздану тұрғысында минералдық ресурстарды барлау мен бағалау жөніндегі активтерді тексеру үшін мұндай активтерді таралу бірліктеріне немесе таралу бірліктері топтарына бөлумен байланысты есеп саясатын белгілеуге міндетті. Оларға минералдық ресурстарды барлау мен бағалау жөніндегі актив бөлінетін таралу бірліктерінің немесе таралу бірліктері топтарының бір де бірі 8 Операциялық бөлімдер ХҚЕС-ына (IFRS) сәйкес белгіленген есептіліктің не бірінші, не екінші нысанына негізделген сегмент шеңберінен шығып кетпеуі тиіс.
22 Ұйым құнсыздану тұрғысында минералдық ресурстарды барлау мен бағалау жөніндегі активтерді сынақтау мақсатында сәйкестендіретін деңгейі бір немесе бірнеше таралу бірліктерінен тұруы мүмкін.
Ақпаратты ашып көрсету
23 Ұйым минералдық ресурстарды барлау мен бағалауды жүргізуінің нәтижесінде пайда болған қаржы есептілігінде танылған сомаларының сәйкестендірілген және түсіндірілген ақпаратын ашуы керек.
24 23-тармақтың талаптарына сәйкес ұйым мыналарды:
(а) минералдық ресурстарды барлау мен бағалау жөніндегі активтердің танылуымен қоса алғанда, минералдық ресурстарды барлау мен бағалауға жұмсалатын шығындар жөнінде өзі қабылдаған есеп саясатын;
(b) минералдық ресурстарды барлау мен бағалауға байланысты туындайтын активтер, кірістер мен шығыстар, ақша қаражатының операциялық және инвестициялық ағындарының сомаларын ашуға міндетті.
25 Ұйым минералдық ресурстарды барлау мен бағалау жөніндегі активтерді олардың бөлек сыныбы ретінде ескеруге және бұларды сол активтердің қалай сыныпталғанына сәйкес 16 ХҚЕС (IAS) немесе 38 ХҚЕС(IAS) талаптары бойынша ашуға міндетті.
Күшіне ену күні
26 Ұйым 2006 жылдың 1 қаңтарынан немесе сол күннен кейін басталатын жылдық кезеңдер ішінде осы Стандартты қолдануы тиісті. Стандартты мерзімінен бұрын қолдану құпталады. Егер ұйым 2006 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезеңдер жөнінде осы Стандартты қолданса, ол осы фактіні ашуы тиіс.
Өтпелі кезең шарттары
27 Егер 18-тармақтың сол бір немесе өзге талабын 2006 жылдың 1 қаңтарына дейін басталатын жылдық кезеңдерге қатысты салыстырмалы ақпаратқа қолдану іс жүзінде мүмкін емес болса, ұйым бұл фактіні ашуға міндетті. 8 ХҚЕС-ында (IAS) «жүзеге асырылмайтын» деген терминнің түсінігі бар.
А Қосымшасы
Терминдердің анықтамасы
Осы Қосымша - Стандарттың ажырамас бөлігі болып табылады.
барлау мен бағалау активтері | Ұйымның есеп саясатына сәйкес активтер ретінде танылатын минералдық ресурстарды барлау мен бағалауға жұмсалатын шығындар. |
барлау мен бағалауға қатысты шығындар | Минералдық ресурсты өндірудің техникалық жағынан жүзеге асырылатындығы мен коммерциялық тиімділігінің негізделген растамасын алғанға дейін минералдық ресурстарды барлау мен бағалауға байланысты ұйым жұмсайтын шығындар. |
минералдық ресурстарды барлау мен бағалау | Ұйым нақтылы ауданда барлау жұмыстарын жүргізуге заңды құқық алғаннан кейін, минералдарды, мұнайды, табиғи газ бен соларға ұқсас қалпына келтірілмейтін ресурстарды қоса алғанда, минералдық ресурстарды іздестіру, сондай-ақ минералдық ресурстарды өндірудің техникалық жағынан жүзеге асырылатындығы мен коммерциялық тиімділігін айқындау. |
[1] ҚЕХ (IFRS) Комитетінің Жалпы ережелері деген сілтее қажы есептілігін даярлаудың жалпы ережелері (ХҚЕС (IFRS) Кеңесі 2001 жылы қабылдаған)дегенді білдіреді. 2010 жылы қыркүйекте ХҚЕС (IFRS) Кеңесі бұл сөзді қаржы емептілігін даярлаудың концептуалды негізі деген сөзбен алмастырды.