Жергілікті бюджеттер жобаларын әзірлеу ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 13 шілдедегі № 1061 Қаулысы
Осы редакция 2012 жылғы 8 мамырда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 64-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Жергілікті бюджеттер жобаларын әзірлеу ережесі бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Жергілікті бюджеттердің жобаларын әзірлеу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 21 маусымдағы № 678 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 25, 321-құжат);
2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 21 маусымдағы № 678 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 8 тамыздағы № 679 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 27, 317-құжат).
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 13 шілдедегі
№ 1061 қаулысымен
бекітілген
Жергілікті бюджеттер жобаларын әзірлеу ережесі
1-бөлім. Жалпы ережелер
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Жергілікті бюджеттер жобаларын әзірлеу ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексіне сәйкес әзірленді және жергілікті бюджет жобаларын әзірлеу тәртібін айқындайды.
2. Жергілікті бюджеттер жобаларын әзірлеу процесі мынадай кезеңдерді қамтиды:
1) өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және бюджеттік параметрлері болжамының жобасын әзірлеу және оны жергілікті атқарушы органның мақұлдауы;
2) атқарушы органдардың стратегиялық жоспарларының, бюджеттік өтінімдерінің жобаларын әзірлеу және оларды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджет комиссиясының қарауы;
3) жергілікті бюджет туралы мәслихат шешімінің жобасын әзірлеу.
2-бөлім. Облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала,
астана бюджетінің жобасын әзірлеу
2-тарау. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың
әлеуметтік-экономикалық дамуы және бюджеттік параметрлері
болжамының жобасын әзірлеу
3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық дамуының және бюджеттік параметрлерінің болжамын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган әзірлейді.
4. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық дамуының және бюджеттік параметрлерінің болжамы стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды ескере отырып әзірленеді және:
облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бес жылдық кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамын, үрдістері мен басымдықтарын;
бюджеттік параметрлердің үш жылға арналған болжамын қамтитын құжатты білдіреді.
Бюджеттік параметрлердің болжамы:
облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың салық-бюджет саясатының негізгі бағыттарын;
тиісті жергілікті бюджеттердің болжамын;
жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бойынша шығыстардың болжанатын көлемін қамтуға тиіс.
Жергілікті атқарушы орган әлеуметтік-экономикалық дамудың және бюджеттік параметрлердің қосымша көрсеткіштерін енгізуі мүмкін.
5. Облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері түсімдерінің болжамды көрсеткіштері мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Бюджет түсімдерін болжамдау әдістемесіне сәйкес айқындалады.
6. Жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бойынша шығыстардың болжамды көлемін айқындау мынадай кезеңдерді қамтиды:
1) облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері шығыстарының болжамды көлемін айқындау;
2) жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бойынша шығыстардың болжамды көлемін айқындау.
7. Облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері шығыстарының болжамды көлемі:
жергілікті атқарушы органның борышына қызмет көрсетуге және өтеуге;
жергілікті атқарушы органның резервін трансферттер мен қарыздарды есептемегенде, облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері түсімдері көлемінің 2 %-ынан аспайтын мөлшерде қалыптастыруға байланысты шығыстарды бөле отырып айқындалады.
8. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттік параметрлері болжамының жобасын ағымдағы қаржы жылының 20 сәуірінен кешіктірмей тиісті жергілікті атқарушы орган мақұлдайды.
9. Тиісті жергілікті атқарушы орган мақұлдаған облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық дамуының және бюджеттік параметрлерінің болжамы бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.
3-тарау. Облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қала,
астана бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдардың
стратегиялық жоспарларының жобалары мен бюджеттік өтінімдерді
әзірлеу
10. Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетінің шығыстарын жоспарлау үшін жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері:
1) стратегиялық жоспарлардың жобаларын;
2) бюджеттік өтінімдерді әзірлейді және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға ұсынады.
Ереженің осы тармағында көрсетілген құжаттарға нәтижелеріне бағалау жүргізілген жағдайда бағалау нәтижелері қоса беріледі.
11. Атқарушы органдардың жоспарлы кезеңге арналған стратегиялық жоспарларының жобалары облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық дамуының және бюджеттік параметрлерінің болжамы мақұлданған Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттары негізінде жыл сайын әзірленеді.
12. Бюджеттік бағдарламалар облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық дамуының және бюджеттік параметрлерінің болжамында жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшісіне көзделген бюджет қаражатының болжамды көлемі шегінде әзірленеді.
Облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері шығыстарының болжамды көлемі осы Ереженің 7-тармағында айтылған шығыстар шегерімімен базалық шығыстарға және жаңа бастамалар шығыстарына бөлінеді.
Тұрақты сипаттағы шығыстар, күрделі шығыстар, сондай-ақ бюджеттен бірлесіп қаржыландыру жағдайында басталған (жалғасып жатқан) бюджеттік инвестициялық жобаларға және концессиялық жобаларға жұмсалатын шығыстар базалық шығыстар болып табылады.
Мемлекеттік қызметтер тізіліміне сәйкес мемлекеттік функцияларды, өкілеттіктерді орындауға және мемлекеттік қызметтер көрсетуге, сондай-ақ трансферттер төлеуге және жергілікті атқарушы органның басқа да міндеттемелеріне байланысты шығыстар тұрақты сипаттағы шығыстар болып табылады.
Жаңа бастамалар шығыстарына:
кейіннен жаңа бюджеттік бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға сәйкес әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа басым бағыттарын іске асыруға;
макроэкономикалық және әлеуметтік көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты емес және іс жүзіндегі бюджеттік бағдарламалар шеңберінде бюджет қаражатын жұмсаудың қосымша бағыттарын (орындалатын мемлекеттік функциялар, өкілеттіктер және көрсетілетін мемлекеттік қызметтер көлемін кеңейтуді) көздейтін базалық шығыстарды ұлғайтуға бағытталған шығыстар жатады.
13. Облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері шығыстарының көлемі базалық шығыстарға және жаңа бастамаларға облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджет комиссиясы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органның ұсыныстары негізінде жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің арасында бөледі.
Базалық шығыстар шығыстардың бар құрылымы мен болжамды макроэкономикалық көрсеткіштер негізінде есептелген кезекті жоспарлы кезеңнің үшінші жылына арналған болжамды көлемдерді қоса отырып ағымдағы жоспарлы кезеңнің екінші және үшінші жылдары шығыстарының бекітілген көлемі негізінде айқындалады.
Жаңа бастамаларға арналған шығыстар жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің арасында стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда белгіленген облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму басымдықтарын, есепті қаржы жылының бюджеттік мониторинг нәтижелерін, есепті қаржы жылғы стратегиялық жоспарды іске асыру туралы есептерді, нәтижелерді бағалауды ескере отырып бөлінуге тиіс.
14. Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің жаңа бастамаларға арналған шығыстарды жоспарлауы қосымша бюджет қаражатын бөлу есебі сияқты бұған дейінгі жоспарлы кезеңде облыстық бюджет туралы, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттері туралы мәслихат шешімінде бекітілген осы бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің базалық шығыстар қаражатын қайта бөлу есебінен де жүзеге асырылады.
15. Егер жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша бұған дейінгі жоспарлы кезеңнің екінші және үшінші жылдарының шығыстар сомасы облыстық бюджет туралы, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттері туралы мәслихат шешімінде осы бағдарламалар бойынша бекітілген сомамен салыстырғанда өзгермейтін болса, онда осы бағдарламалар (кіші бағдарламалар) шығыстарының түрлері бойынша есептер жасалмайды.
Осы бағдарламалар шығыстарының түрлері бойынша есептер тек қана үшінші жылға жасалады.
Егер жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша бұған дейінгі жоспарлы кезеңнің екінші және (немесе) үшінші жылдарының шығыстар сомасы облыстық бюджет туралы, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттері туралы мәслихат шешімінде осы бағдарламалар бойынша бекітілген сомамен салыстырғанда өзгеретін болса, онда шығыстар түрлері бойынша есептер осы бағдарламаларға (кіші бағдарламаларға) жоспарланатын жоспарлы кезең жылдары бөлінісінде жасалады және ұсынылады.
16. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің стратегиялық жоспарларының жобалары мен бюджеттік өтінімдері түскен күннен бастап он бес жұмыс күнінің ішінде оларды қарайды және олар бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджет комиссиясының қарауына енгізу үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша қорытындылар дайындайды.
17. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган стратегиялық жоспарлардың жобалары мен бюджеттік өтінімдерді олардың стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық дамуының және бюджеттік параметрлерінің болжамына, Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасына, мемлекеттік қызметтің қолданылып жүрген заттай нормалары мен стандарттарына сәйкестігі мәніне қарайды, сәйкес келмеген жағдайда, жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне стратегиялық жоспарлардың жобалары мен бюджеттік өтінімдерді тиісті ескертулермен пысықтауға қайтарады.
Бюджеттік өтінім жасалуы мен ұсынылуы бойынша Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган оны қарамастан жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшісіне қайтарады.
18. Жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері қайтарылған кезде стратегиялық жоспарлардың жобалары мен бюджеттік өтінімдерді пысықтайды және оларды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға қайтарған күннен бастап бес жұмыс күнінің ішінде ұсынады.
Жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган арасындағы келіспеушіліктерді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджет комиссиясы қарайды.
19. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органның стратегиялық жоспарларының жобалары мен қорытындылары облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджет комиссиясының қарауына енгізіледі.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджет комиссиясы жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органның стратегиялық жоспарларының жобаларымен, қорытындыларымен өзара байланыста қарайды және олар бойынша ұсыныстар әзірлейді.
20. Жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері стратегиялық жоспарларды бюджет комиссиясының ұсыныстарына сәйкес келтіреді және ағымдағы қаржы жылының 1 қыркүйегіне дейінгі мерзімде стратегиялық жоспарлардың жобалары мен бюджеттік өтінімдерді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға ұсынады.
4-тарау. Маслихаттың облыстық бюджет, республикалық маңызы бар
қала, астана бюджеті туралы шешімінің жобасын әзірлеу
21. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган жергілікті атқарушы орган мақұлдаған облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық дамуының және бюджеттік параметрлерінің болжамы және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджет комиссиясының ұсыныстарын ескере отырып, жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері пысықтаған стратегиялық жоспарлардың жобалары негізінде облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің жобасын жасайды және оны облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
Облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің жобасын қарау және айқындау ағымдағы қаржы жылының 15 қыркүйегінен кешіктірмей аяқталады.
22. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган облыстың, республикалық маңызы бар қала, астана бюджет комиссиясының облыс, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетінің жобасы бойынша ұсыныстары негізінде облыс, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетінің жобасын әзірлейді және оны ағымдағы қаржы жылының 1 қазанынан кешіктірмей облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының қарауына ұсынады.
23. Облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттері туралы мәслихат шешімінің жобасы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 13-бабында көзделген бюджет құрылымы бойынша және Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 72-бабында көзделген талаптарды ескере отырып әзірленеді.
24. Облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетінің жобасын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 75-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен ағымдағы қаржы жылының 15 қазанынан кешіктірмей тиісті мәслихатқа енгізеді.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің жобасымен бір мезгілде мынадай құжаттар мен материалдарды:
1) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық дамуының және бюджеттік параметрлерінің болжамын;
2) мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының жобаларын;
3) облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің жобасына енгізілген шешімдерді ашып көрсететін түсіндірме жазбаны ұсынады.
3-бөлім. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың)
бюджет жобасын әзірлеу
5-тарау. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың)
әлеуметтік-экономикалық дамуы және бюджеттік параметрлері
болжамының жобасын әзірлеу
25. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әлеуметтік-экономикалық дамуының және бюджеттік параметрлерінің болжамын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган әзірлейді.
26. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әлеуметтік-экономикалық дамуының және бюджеттік параметрлерінің болжамы стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды ескере отырып әзірленеді және:
ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бес жылдық кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамын, үрдістері мен басымдықтарын;
үш жылға арналған бюджеттік параметрлердің болжамын қамтитын құжатты білдіреді.
Бюджеттік параметрлердің болжамы:
ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) салық-бюджет саясатының негізгі бағыттарын;
тиісті жергілікті бюджеттердің болжамын;
жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бойынша шығыстардың болжанатын көлемін қамтуға тиіс.
Жергілікті атқарушы орган әлеуметтік-экономикалық дамудың және бюджеттік параметрлердің қосымша көрсеткіштерін енгізуі мүмкін.
27. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджет түсімдерінің болжамды көрсеткіштері мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Бюджет түсімдерін болжамдау әдістемесіне сәйкес айқындалады.
28. Жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бойынша шығыстардың болжамды көлемін айқындау мынадай кезеңдерді қамтиды:
1) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджет шығыстарының болжамды көлемін айқындауды;
2) жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бойынша шығыстардың болжамды көлемін айқындауды.
29. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджет шығыстарының болжамды көлемі:
жергілікті атқарушы органның борышына қызмет көрсетуге және өтеуге;
жергілікті атқарушы органның резервін трансферттер мен қарыздарды есептемегенде, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджет түсімдері көлемінің 2 %-ынан аспайтын мөлшерде қалыптастыруға байланысты шығыстарды бөле отырып айқындалады.
30. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттік параметрлері болжамының жобасын ағымдағы қаржы жылының 25 сәуірінен кешіктірмей тиісті жергілікті атқарушы орган мақұлдайды.
31. Тиісті жергілікті атқарушы орган мақұлдаған ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әлеуметтік-экономикалық дамуының және бюджеттік параметрлерінің болжамы бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.
6-тарау. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеттінен
қаржыландырылатын атқарушы органдардың стратегиялық
жоспарларының жобалары мен бюджеттік өтінімдерді әзірлеу
32. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджет шығыстарын жоспарлау үшін жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері:
1) стратегиялық жоспарлардың жобаларын;
2) бюджеттік өтінімдерді әзірлейді және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға ұсынады.
Ереженің осы тармағында көрсетілген құжаттарға бағалау нәтижелері жүргізілген жағдайда бағалау нәтижелері қоса беріледі.
33. Атқарушы органдардың жоспарлы кезеңге арналған стратегиялық жоспарларының жобалары жыл сайын ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әлеуметтік-экономикалық дамуының және бюджеттік параметрлерінің мақұлданған болжамы Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттары негізінде әзірленеді.
34. Бюджеттік бағдарламалар ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әлеуметтік-экономикалық дамуының және бюджеттік параметрлерінің болжамында жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшісіне көзделген бюджет қаражатының болжамды көлемі шегінде әзірленеді.
Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджет шығыстарының болжамды көлемі осы Ереженің 29-тармағында айтылған шығыстарды шегергенде базалық шығыстарға және жаңа бастамалар шығыстарына бөлінеді.
Тұрақты сипаттағы шығыстар, күрделі шығыстар, сондай-ақ бюджеттен бірлесіп қаржыландыру жағдайында басталған (жалғасып жатқан) бюджеттік иннестициялық жобаларға және концессиялық жобаларға жұмсалатын шығыстар базалық шығыстар болып табылады.
Мемлекеттік қызмет көрсетулер тізіліміне сәйкес мемлекеттік функцияларды, өкілеттіктерді орындауға және мемлекеттік қызметтер көрсетуге және жергілікті атқарушы органның басқа да міндеттемелеріне байланысты шығыстар тұрақты сипаттағы шығыстар болып табылады.
Жаңа бастамалар шығыстарына:
кейіннен жаңа бюджеттік бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға сәйкес әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа басым бағыттарын іске асыруға;
макроэкономикалық және әлеуметтік көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты емес және іс жүзіндегі бюджеттік бағдарламалар шеңберінде бюджет қаражатын жұмсаудың қосымша бағыттарын (орындалатын мемлекеттік функциялар, өкілеттіктер және көрсетілетін мемлекеттік қызметтер көлемін кеңейтуді) көздейтін базалық шығыстарды ұлғайтуға бағытталған шығыстар жатады.
35. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджет шығыстарының көлемі базалық шығыстарға және жаңа бастамаларға ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджет комиссиясы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органның ұсыныстары негізінде жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің арасында бөледі.
Базалық шығыстар шығыстардың бар құрылымы мен болжамды макроэкономикалық көрсеткіштер негізінде есептелген кезекті жоспарлы кезеңнің үшінші жылына арналған болжамды көлемдерді қоса отырып ағымдағы жоспарлы кезеңнің екінші және үшінші жылдары шығыстарының бекітілген көлемі негізінде айқындалады.
Жаңа бастамаларға арналған шығыстар жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің арасында стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда белгіленген өңірдің даму басымдықтарын, есепті қаржы жылының бюджеттік мониторинг нәтижелерін, есепті қаржы жылғы стратегиялық жоспарды іске асыру туралы есептерді, нәтижелерді бағалауды ескере отырып бөлінуге тиіс.
36. Жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің жаңа бастамаларға арналған шығыстарды жоспарлауы қосымша бюджет қаражатын бөлу есебі сияқты бұған дейінгі жоспарлы кезеңде ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджет туралы мәслихат шешімінде бекітілген осы бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің базалық шығыстар қаражатын қайта бөлу есебінен де жүзеге асырылады.
37. Егер жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша бұған дейінгі жоспарлы кезеңнің екінші және үшінші жылдарының шығыстар сомасы ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеті туралы мәслихат шешімінде осы бағдарламалар бойынша бекітілген сомамен салыстырғанда өзгермейтін болса, онда осы бағдарламалар (кіші бағдарламалар) шығыстарының түрлері бойынша есептер жасалмайды.
Осы бағдарламалар шығыстарының түрлері бойынша есептер тек қана үшінші жылға жасалады.
Егер жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша бұған дейінгі жоспарлы кезеңнің екінші және үшінші жылдарының шығыстар сомасы ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеті туралы мәслихат шешімінде осы бағдарламалар бойынша бекітілген сомамен салыстырғанда өзгеретін болса, онда шығыстар түрлері бойынша есептер осы бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша жасалмайды.
38. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің стратегиялық жоспарларының жобалары мен бюджеттік өтінімдері түскен күннен бастап он бес жұмыс күнінің ішінде оларды қарайды және олар бойынша ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджет комиссиясының қарауына енгізу үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша қорытындылар дайындайды.
39. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган стратегиялық жоспарлардың жобалары мен бюджеттік өтінімдерді олардың стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әлеуметтік-экономикалық дамуының және бюджеттік параметрлерінің болжамына, Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасына, мемлекеттік қызметтің қолданылып жүрген заттай нормалары мен стандарттарына сәйкестігі мәніне қарайды, сәйкес келмеген жағдайда, жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне стратегиялық жоспарлардың жобалары мен бюджеттік өтінімдерді тиісті ескертулермен пысықтауға қайтарады.
Бюджеттік өтінім жасалуы мен ұсынылуы бойынша Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган оны қарамастан жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшісіне қайтарады.
40. Жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері қайтарылған кезде стратегиялық жоспарлардың жобалары мен бюджеттік өтінімдерді пысықтайды және оларды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға қайтарған күннен бастап бес жұмыс күнінің ішінде ұсынады.
Жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган арасындағы келіспеушіліктерді ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджет комиссиясы қарайды.
41. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органның стратегиялық жоспарларының жобалары мен қорытындылары ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджет комиссиясының қарауына енгізіледі.
Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджет комиссиясы жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органның стратегиялық жоспарларының жобаларымен, қорытындыларымен өзара байланыста қарайды және олар бойынша ұсыныстар әзірлейді.