1. Тексеру уәкілетті органның немесе оның аумақтық органдарының нұсқамасы негізінде үш ай мерзімді тексерілетін кезеңде бір реттен жиі жүргізілмейді.
2. Тексеру жүргізуге мынадай деректемелер жазылған нұсқама негіздеме болып табылады:
1) уәкілетті органда тіркелген күні мен нөмірі;
2) нұсқаманы берген уәкілетті органның атауы;
3) тексеру жүргізуге уәкілеттік берілген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты және лауазымы;
4) борышкердің - дара кәсіпкердің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда), заңды мекен-жайы немесе борышкердің - заңды тұлғаның атауы, орналасқан жері, сондай-ақ оның салық төлеуші ретіндегі тіркеу нөмірі;
2012.12.01. № 538-ІV ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) борышкердің - дара кәсіпкердің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), заңды мекенжайы немесе борышкердің - заңды тұлғаның атауы, орналасқан жері, сондай-ақ оның салық төлеуші ретіндегі тіркеу нөмірі;
2012.12.01. № 538-ІV ҚР Заңымен 5-1) тармақшамен толықтырылады (2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)
6) тағайындалған тексерудің нысанасы;
7) тексерудің басталған және аяқталған күні;
8) тексеру жүргізудің құқықтық негіздері, оның ішінде міндетті талаптары тексерілуге тиісті нормативтік құқықтық актілер;
9) тексерілетін кезең.
Нұсқамаға уәкілетті органның немесе оның аумақтық органының бірінші басшысы не оны ауыстыратын адамдар қол қоюға және елтаңбалы мөрмен куәландырылуға тиіс.
3. Бір нұсқаманың негізінде бір тексеру ғана жүргізіледі.
4. Сырттай байқау әкімшісі, оңалтушы және конкурстық басқарушылар борышкердің аумағына немесе үй-жайына зерттеу жүргізу үшін тексеруші адамдарды жіберуге, сондай-ақ кез келген сұратылған ақпаратты беруге міндетті.
5. Уәкілетті органның тексерулерге басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлерін тартуға құқығы бар.
6. Тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адам тексеру нәтижелері бойынша екі данада тексеру нәтижелері туралы акт жасайды, оның біреуін анықталған бұзушылықтармен және басқа да іс-әрекеттермен танысып, оларды жою жөнінде шаралар қолдану үшін сырттай байқау әкімшісіне (оңалтушы немесе конкурстық басқарушыға) береді.
7. Тексеру актісінде көрсетілген нәтижелер негізінде Қазақстан Республикасының банкроттық туралы заңнамасын бұзушылықтар анықталған жағдайда, уәкілетті орган мұндай бұзылушылықтарды жою мерзімін көрсете отырып, ұсыну шығарады.
ҚР 01.07.98 ж. № 256-1 Заңымен 2-тараудың тақырыбы өзгертілді
2-тарау. Кредиторлар комитеті
ҚР 11.07.01 № 239-II; 08.04.04 ж. № 542-II Заңдарымен 11-бап өзгертiлдi; 2008.05.07. № 60-IV ҚР Заңымен 11-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2012.17.02. № 564-ІV ҚР Заңымен 11-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
11-бап. Кредиторлар комитетін қалыптастыру
1. Сырттай байқау рәсімінде, жеделдетілген оңалту рәсімінде, оңалту рәсімінде, конкурстық іс жүргізуде кредиторлардың мүдделерін қамтамасыз ету және олардың қатысуымен шешімдер қабылдау мақсатында кредиторлар комитеті құрылады.
Кредиторлар комитетін қалыптастыру:
1) сырттай байқау кезiнде осы Заңның 41-2-бабымен;
2) конкурстық iс жүргiзу кезiнде осы Заңның 70-бабымен;
3) жеделдетілген оңалту рәсімі кезінде осы Заңның 14-3-бабымен;
4) оңалту рәсімі кезінде осы Заңның 46-1-бабымен реттеледі.
2. Кредиторлар комитетінің құрамына еңбекақы төлеу, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар бойынша кредиторлардың өкілі, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша кредиторлар, кредитордың - мемлекеттік материалдық резервті басқару жөніндегі уәкілетті органның өкілі, сондай-ақ борышкерге қоятын талаптарының сомасы неғұрлым көп конкурстық кредиторлар мен кепілді кредиторлар кіреді.
Кредиторлар комитетінің қалыптастырылатын құрамына талаптарының сомасы қойылған өсімақылар мен айыппұлдар сомасын есепке алмағанда, тиісті біртекті топ талаптарының жалпы сомасының елу пайызынан асатын біртекті топ кредиторынан (кредиторларынан) ұсынылған тұлға (тұлғалар) енгізілуге тиіс.
3. Кредитор сырттай байқау рәсіміне, оңалту рәсіміне, конкурстық іс жүргізуге кредиторлар комитетінің мүшесі ретінде қатысудан бас тартуға құқылы.
4. Сырттай байқау әкімшісінің, конкурстық басқарушының, конкурстық іс жүргізу кезінде кредиторлар комитетінің, борышкер кредиторларының өтініші бойынша уәкілетті орган кредиторлар комитетінің қалыптастырылған және бекітілген құрамына осы баптың талаптарын ескере отырып, өзгерістер енгізуі мүмкін.
5. Мыналар:
1) кредиторлар комитеті мүшесінің кредиторлар комитетінің отырыстарына екі реттен артық дәлелсіз себептермен келмей қалуы;
2) борышкерге қоятын талаптарының үлкен сомасына ие кредитордың анықталуы;
3) кредиторлар комитеті мүшесінің өзін кредиторлар комитетінің құрамынан шығару туралы өтініші;
4) кредиторлар комитетінің құрамына кіретін кредитордың алдындағы міндеттемелердің орындалуы;
5) кредитордың өзін кредиторлар комитетінің құрамына қосу туралы өтініші;
6) кредиторға кредиторлар комитетінің құрамында болуға кедергі келтіретін өзге де мән-жайлар (заңды күшіне енген сот актілері, кредитордың таратылуы не қайтыс болуы және басқалар) кредиторлар комитетінің қалыптастырылған және бекітілген құрамына өзгерістер енгізудің негіздері бола алады.
ҚР 01.07.98 ж. № 256-1; 11.07.01 ж. № 239-II; 2006.10.01 № 115-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 12-бап өзгертілді
12-бап. Кредиторлар комитетiнiң отырыстары
1. Кредиторлар комитетiнiң бiрiншi отырысы кредиторлар комитетiнiң құрамы бекітілген күннен бастап он бес күннен аспайтын мерзiмде өткiзiлуге тиiс.
2. Кредиторлар комитетi бiрiншi отырысында:
1) дауысқа қою рәсiмiнде дауыстар тең болған жағдайда шешушi дауыс құқығы берiлетiн комитет төрағасын сайлауға;
2) конкурстық басқарушының кредиторлар комитетінің алдында түгендеу жөнінде есеп беру мерзімін белгілеуге;
3) сыйақының сомасын және оны конкурстық басқарушыға төлеудiң тәртібін белгiлеуге мiндеттi.
3. Кредиторлар комитетiнiң бұдан кейiнгi отырыстары комитет белгiлейтiн тәртiппен және мерзiмде шақырылады.
01.07.98 ж. № 256-1 ҚР Заңымен; 11.07.01 ж. № 239-II ҚР Заңымен; 2006.10.01 № 115-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2008.05.07. № 60-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 13-бап өзгертілді; 2012.17.02. № 564-ІV ҚР Заңымен 13-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
13-бап. Кредиторлар комитетiнiң өкiлеттiктерi
1. Кредиторлар комитетi мынадай өкілеттіктерді жүзеге асырады:
1) келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын конкурстық іс жүргізу рәсімін өткізу бойынша іс-шаралар жоспарын бекітеді;
2) оңалтушы немесе конкурстық басқарушының iс-әрекеттерiн бақылауды жүзеге асыру үшiн кредиторлар комитетi мүшелерiнiң арасынан кредиторлар өкiлiн сайлайды;
3) сырттай байқау әкімшісінен, оңалтушы немесе конкурстық басқарушыдан борышкердің қаржылық жағдайы және сырттай байқау рәсімдерін, оңалту рәсімін және конкурстық іс жүргізуді жүзеге асыру барысы туралы ақпарат беруді талап етеді;
4) оңалтушы немесе конкурстық басқарушының іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) уәкілетті органға және (немесе) сотқа шағымданады, сондай-ақ оларды атқаратын міндеттерінен шеттету туралы уәкілетті органға жүгіну жөнінде шешім қабылдайды;
5) банкроттың өндiрiп алынуы мүмкiн емес дебиторлық берешегінiң сомасын бекiтеді;
6) конкурстық басқарушы ұсынған конкурстық массаны сату жоспарын бекiтеді;
7) аудиторлық тексерудің және түгендеудің нәтижелерін назарға алады;
8) конкурстық іс жүргізуді өткізу үшін шығыстардың баптары мен сметасын бекітеді;
9) егер бұл кредиторлардың мүдделеріне нұқсан келтірмесе, конкурстық басқарушыға банкрот деп танылған кәсіпорынның өндірістік қызметін тоқтатпау жөнінде орынды болған жағдайда ұсыным береді;
10) борышкердің мемлекеттік қолдау шараларына жүгінуі және оңалту рәсімін тоқтата тұру туралы келісім береді;
11) оңалту жоспарында көзделгендерді қоса алғанда, борышкердің мүлкін (активтерін) кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс сату тәртібін айқындайды;
12) осы Заңда көзделген өзге де өкілеттіктер.
2. Кредиторлар комитеті рәсімдерді жүзеге асыру барысы туралы ақпаратты:
1) сырттай байқау, конкурстық іс жүргізу кезінде - айына кемінде бір рет;
2) жеделдетілген оңалту рәсімінде, оңалту рәсімінде - кредиторлар жиналысы белгілеген мерзімдерде кредиторлардың назарына жеткізуге міндетті.
ҚР 01.07.98 ж. № 256-1; 11.07.01 ж. № 239-II Заңдарымен 14-бап өзгертілді; 2012.17.02. № 564-ІV ҚР Заңымен 14-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
14-бап. Кредиторлар комитетінің шешім қабылдауы
1. Кредиторлар комитетінің отырысы комитет мүшелерінің немесе олардың сенімді тұлғаларының кемінде 2/3-сі қатысса, құқықты болады.
2. Кредиторлар комитетінің отырысы оңалту рәсімінде, жеделдетілген оңалту рәсімінде борышкердің мүлкі мен істерін басқару құқығы оларда сақталған жағдайларда, борышкер мүлкінің меншік иесiнің (ол уәкiлеттік берген органның), құрылтайшылардың (қатысушылардың), сырттай байқау әкімшісінің, оңалтушы немесе конкурстық басқарушының, кредиторлар комитеті мүшелерінің бастамасы бойынша шақырылады.
Кредиторлар комитетінің мүшелері кредиторлар комитетінің отырысы өткізілетіні туралы отырыс өткізуге дейін кемінде жеті жұмыс күні бұрын хабардар етілуге тиіс.
Хабарламада отырыстың өткізілетін жері, күні мен уақыты туралы мәліметтер, күн тәртібі қамтылуға тиіс.
3. Кредиторлар комитетінің отырысы хаттамамен ресімделеді.
Хаттама дауыс беруге қатысқан кредиторлар комитетінің мүшелері туралы мәліметтерді, күн тәртібін, дауыс беру нәтижелерін және қабылданған шешімдерді қамтуға тиіс. Хаттамаға кредиторлар комитетінің дауыс беруге қатысқан барлық мүшелері, сырттай байқау әкімшісі, оңалтушы немесе конкурстық басқарушы қол қояды.
Сырттай байқау әкімшісі, конкурстық басқарушы хаттамаға кредиторлар комитетінің дауыс беруге қатысқан барлық мүшелері қол қойған сәттен бастап оны үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органға жібереді.
4. Жеделдетілген оңалту рәсімі, оңалту, сырттай байқау рәсімі кезінде, сондай-ақ конкурстық іс жүргізу кредиторлары талаптарының тізілімі бекітілгенге дейін кредиторлар комитетінің шешімі «комитеттің бір мүшесі - бір дауыс» қағидаты бойынша кредиторлар комитеті мүшелері жалпы санының жай көпшілік даусымен қабылданады.
Конкурстық іс жүргізу рәсімі кезінде, кредиторлар талаптарының тізілімі бекітілгеннен кейін кредиторлар комитетіне қатысатын кредиторлар өз талаптарының кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген кредиторлар талаптарының жалпы сомасына қатысты мөлшеріне барабар дауыс санын иеленеді.
Міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін қолданылуға жататын тұрақсыздық төлемі (айыппұлдар, өсімпұлдар), төлемнің мерзімін өткізіп алғаны үшін пайыздар, қолдан шығарылған пайда түріндегі шығындар, сондай-ақ өзге де мүлiктiк және (немесе) қаржылық санкциялар кредиторлар комитетінде дауыстар санын анықтау мақсаты үшін есепке алынбайды.
5. Борышкердiң қалған барлық кредиторларының борышкер кредиторлары комитетінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кредиторлар комитетіне ұсынымдар беру құқығымен кредиторлар комитетiнiң отырысына қатысуға құқығы бар.
6. Борышкер мүлкi меншік иесiнің (ол уәкiлеттік берген органның), құрылтайшылардың (қатысушылардың) кредиторлар комитетінің отырысына қатысуға және кредиторлар комитетінің шешімдеріне сотқа шағымдануға құқығы бар.
2012.17.02. № 564-ІV ҚР Заңымен 2-1-тараумен толықтырылды
2-1 тарау. Жеделдетілген оңалту рәсімі
14-1-бап. Жеделдетілген оңалту рәсімін қолдану
1. Жеделдетілген оңалту рәсімі борышкер мынадай шарттарға сәйкес келген:
1) борышкерге қатысты банкроттық туралы немесе оңалту туралы іс қозғалмаған;
2) борышкер коммерциялық ұйым болып табылған;
3) борышкер төлемге қабілетсіз не таяу он екі ай ішінде ақшалай міндеттемелерді орындау мерзімі басталған кезде оларды орындауға қабілетсіз болған кезде қолданылады.
2. Өміріне немесе денсаулығына зиян келтіргені үшін борышкер жауапты болатын азаматтардың талаптарын қоспағанда, борышкерге қатысты жеделдетілген оңалту рәсімі еңбек шарты бойынша жұмыс істеген тұлғаларға еңбекақы және өтемақылар төлеу, Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдар бойынша берешектерді төлеу бойынша, жалақыдан ұсталған міндетті зейнетақы жарналарын, авторлық шарттар бойынша сыйақыларды төлеу бойынша, сондай-ақ салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша біртекті кредиторлар тобы (топтары) алдындағы міндеттемелер бойынша енгізілуі мүмкін.
3. Мемлекеттік қолдау шараларының қатысушысы болып табылатын борышкерге қатысты жеделдетілген оңалту рәсімі осындай шараларды қолдану талаптарына сәйкес кез келген біртекті кредиторлар тобының (топтарының) міндеттемелері бойынша енгізілуі мүмкін.
4. Жеделдетілген оңалту туралы іске қатысушы тұлғалар:
1) борышкер;
2) оңалту жоспарына енгізілген біртекті кредиторлар тобына (топтарына) кіретін кредиторлар болып табылады.
5. Жеделдетілген оңалту рәсімінде сот:
1) жеделдетілген оңалту рәсімін қолданады және тоқтатады;
2) мемлекеттік қолдау шараларының қатысушысы болып табылатын борышкердің жоспарын қоспағанда, оңалту жоспарын бекітеді;
3) мемлекеттік қолдау шараларының қатысушысы болып табылатын борышкердің жоспарын қоспағанда, оңалту жоспарына өзгерістер мен толықтыруларды бекітеді;
4) борышкер жауапкер ретінде әрекет ететін мүлiктiк сипаттағы даулар бойынша iстердi өзiнiң іс жүргiзуiне қабылдайды;
5) жеделдетілген оңалту рәсіміне қатысушылар арасындағы дауларды шешеді;
6) қорытынды есепті бекітеді.
14-2-бап. Борышкердің жеделдетілген оңалту рәсімін қолдану туралы өтініші
1. Төлемге қабілеттілікті қалпына келтіру, төлемге қабілетсіздіктің басталуының алдын алу мүмкіндігі бар болған кезде борышкер жеделдетілген оңалту рәсімін қолдану туралы сот органына жүгінуге құқылы.
2. Борышкердің өтініші сотқа жазбаша нысанда беріледі. Оған борышкер басшысы не құрылтай құжаттарына сәйкес оны алмастыратын тұлға қол қояды.
3. Борышкердің өтініші:
1) өтініш берілетін соттың атауын;
2) кредиторлық берешек сомасы туралы мәліметтерді;
3) кредиторлардың оңалту жоспарын мақұлдағаны туралы ақпаратты;
4) алдағы төлемдерді уақтылы өтеу мүмкін еместігінің себептерін қоса алғанда, кредиторлар талаптарын қанағаттандыру мүмкін еместігінің негіздемесін;
5) борышкерде бар мүлік, оның ішінде кепіл ауыртпалығы салынған, жалдауда және (немесе) лизингте тұрған мүлік, банк шоттарындағы ақшалай қаражат туралы мәліметтерді, шоттардың нөмірлерін және банктердің тұрған жерін, дебиторлық берешек сомасы туралы мәліметтерді;
6) борышкердің орындалу мерзімі басталмаған міндеттемелері туралы мәліметтерді;
7) шешімдерді қабылдау үшін қажетті ақпаратты кредиторлар алдында ашуы туралы борышкердің жазбаша міндеттемесін;
8) оңалту жоспарына енгізілмеген біртекті кредиторлардың топтарына жататын кредиторлардың кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінде тиесілі төлемдерді алатыны және ұсынылған оңалту жоспары олардың құқықтарын өзгертпейтіні және қозғамайтыны туралы борышкердің міндеттемесін;
9) қоса берілетін құжаттардың тізбесін қамтуға тиіс.
Борышкердің өтінішінде, егер борышкер олар сотта істі қарау үшін қажет деп есептесе, өзге де мәліметтер көрсетілуі мүмкін.
Осы тармақтың 4), 5), 6), 8) тармақшаларының талаптары мемлекеттік қолдау шараларының қатысушысы болып табылатын борышкерге қолданылмайды.
4. Жеделдетілген оңалту рәсіміне бастамашылық ету жөніндегі шығыстар борышкердің қаражаты есебінен жабылады.
5. Борышкердің жеделдетілген оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішіне:
1) мемлекеттік баждың белгіленген тәртіппен және мөлшерде төленгенін;
2) берешектің бар-жоғын не оның басталғанын, сондай-ақ борышкердің кредиторлар талаптарын қанағаттандыруға қабілетсіздігін растайтын басқа да құжаттар;
3) борышкердің өтініші негізделген өзге де мән-жайларды растайтын құжаттар қоса беріледі.
Мемлекеттік қолдау шараларының қатысушысы болып табылатын борышкер осындай шаралар қатысушысының мәртебесін растайтын құжатты қосымша түрде табыс етеді.
Осы тармақтың 2) тармақшасының талаптары мемлекеттік қолдау шараларының қатысушысы болып табылатын борышкерге қолданылмайды.
6. Борышкердің өтінішіне:
1) оңалту жоспары;
2) берешектің сомасы, оның түзілген күні көрсетілген және біртекті кредиторлардың топтары бойынша бөлінген кредиторлар тізбесі;
3) отырыстың хаттамасы және (немесе) талаптарының сомасы оңалту жоспарына енгізілген біртекті кредиторлардың әрбір тобы (топтары) талаптарының жалпы сомасының елу пайызынан астамын құрайтын кредиторлардың оңалту жоспарын мақұлдағаны туралы жазбаша растауы;
4) борышкерге қойылған талап арыздарды соттардың іс жүргізуге қабылдағаны туралы, сондай-ақ даусыз (акцептісіз) есептен шығарылуға қойылған талаптар туралы мәліметтер;
5) егер кредиторлар оңалту жоспарын қарау және келісу кезеңінде кредиторлар органын құрған болса, осындай орган мүшелерінің тізімі;
6) құрылтай құжаттарының көшірмелері де қоса беріледі.
Осы тармақтың 2), 3), 4) тармақшаларының талаптары мемлекеттік қолдау шараларының қатысушысы болып табылатын борышкерге қолданылмайды.
7. Борышкердің өтінішіне қоса берілетін барлық құжаттарға өтініш берген тұлға қол қояды және олар мөрмен куәландырылады.
8. Борышкердің жеделдетілген оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішпен сотқа жүгінуін, егер:
1) борышкер осы Заңның 14-1-бабында белгіленген шарттарға сәйкес келмеген;
2) өтініш осы бапта белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайларда, сот қарамай қайтарады.
14-3-бап. Кредиторлардың жеделдетілген оңалту рәсіміне қатысуы
1. Біртекті кредиторлардың бүкіл тобының (топтарының) мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында жеделдетілген оңалту рәсіміне қатысатын кредиторлардың жиналысы шақырылады.
2. Кредиторлардың алғашқы жиналысы соттың жеделдетілген оңалту рәсімін қолдану туралы шешімі шығарылған сәттен бастап бір айдан кешіктірілмейтін мерзімде өткізілуге тиіс.
3. Мемлекеттік қолдау шараларының қатысушысы болып табылатын борышкерге жеделдетілген оңалту рәсімі қолданылған жағдайда, борышкердің жоғарыда аталған шаралар шеңберінде қалыптастырылған кредиторлар органына кредиторлар жиналысының және комитетінің осы Заңда белгіленген өкілеттіктері қолданылады.
4. Кредиторлардың жиналыстарын, кредиторлар комитетінің отырыстарын өткізу, кредиторларды хабардар ету жөніндегі шығыстар борышкердің қаражаты есебінен жабылады.
5. Кредиторлардың жиналысына қатысу құқығы кредиторларға, борышкерге, борышкер мүлкінің меншік иесіне (ол уәкілеттік берген органға), құрылтайшыларға (қатысушыларға) немесе олардың өкілдеріне тиесілі.
6. Кредиторлар жиналысын ұйымдастыруды және өткізуді борышкердің немесе оны басқару органдарының тұрған жері бойынша борышкер жүзеге асырады.
7. Осы Заңның мақсаттары үшін кредиторларға, сондай-ақ кредиторлардың жиналысына қатысу құқығына ие өзге де тұлғаларға кредиторлар жиналысы өткізілетіні туралы хабардың кредиторлар жиналысы өткізілетін күнге дейін жеті жұмыс күні бұрын пошта арқылы тапсырыс хатпен жіберілуі тиісінше хабардар ету болып танылады. Егер кредиторлар саны елуден астам болған жағдайда, кредиторлар жиналысы өткізілетіні туралы хабардың Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында және борышкер тұрған жері бойынша тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте таратылатын, белгіленген тәртіппен нормативтiк құқықтық актілерді ресми түрде жариялау құқығын алған мерзiмдi баспасөз басылымдарында кредиторлар жиналысы өткізілетін күнге дейін жеті жұмыс күні бұрын қазақ және орыс тiлдерiнде жариялануы тиісінше хабардар ету болып танылады.
Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс жерде орналасқан кредитор үшін кредиторға хабардың кредиторлар жиналысы өткізілетін күнге дейін жеті жұмыс күні бұрын пошта арқылы тапсырыс хатпен жіберілуі тиісінше хабардар ету болып танылады.
Тұрақты немесе көбінесе тұратын жері немесе тұрған жері бойынша жеке хабардар ету үшін қажет мәліметтерді анықтау мүмкін болмаған кезде не мұндай хабардар етуді мүмкін емес ететін өзге мән-жайлар болған кезде кредиторлар жиналысының өткізілетіні туралы мәліметтерді осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген тәртіппен жариялау осындай тұлғаларды тиісінше хабардар ету болып танылады.
Борышкерде интернет-ресурс бар болған кезде, кредиторлар жиналысының өткізілетіні туралы хабарламаны кредиторлар жиналысы өткізуге дейін жеті жұмыс күні бұрын аталған интернет-ресурста жариялау міндетті болып табылады.
Кредиторлар жиналысының өткізілетіні туралы хабарламада мынадай мәліметтер:
1) борышкердің атауы, тұрған жері және оның мекенжайы;
2) кредиторлар жиналысының өткізілетін күні, уақыты және орны;
3) кредиторлар жиналысының күн тәртібі;
4) кредиторлар жиналысының қарауына жататын материалдармен танысу тәртібі қамтылуға тиіс.
8. Кредиторлар жиналысының қатысушысы немесе оның сенімді адамы жиналысқа тікелей қатысуы мүмкін болмаған жағдайда, осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, сырттай дауыс беруге құқылы.
Кредиторлар жиналысының қатысушысы сырттай дауыс беру тәсілін таңдаған жағдайда, ол жиналыс өткізуге дейін бес жұмыс күні бұрын бұл туралы борышкерге хабарлауға тиіс.
Борышкер жиналыс өткізуге дейін үш жұмыс күні бұрын күн тәртібіне қатысты материалдарды кредиторлар жиналысының осындай қатысушысына танысу үшін жіберуге немесе табыс етуге міндетті.
9. Кредиторлар жиналысына қатысатын кредиторлар өз талаптарының жиналысқа қатысушы кредиторлар талаптарының жалпы сомасына қатысты барабар мөлшерінде дауысқа ие болады.
Міндеттемелерді орындамағаны не тиісінше орындамағаны үшін қолданылуға жататын тұрақсыздық төлемі (айыппұлдар, өсімпұлдар), төлемнің мерзімін өткізіп алғаны үшін пайыздар, қолдан шығарылған пайда түріндегі шығындар, сондай-ақ өзге де мүлiктiк және (немесе) қаржылық санкциялар кредиторлардың жиналысында дауыстар санын анықтау мақсаты үшін есепке алынбайды.
10. Кредиторлар жиналысы оған оңалту жоспарына енгізілген біртекті кредиторлардың әрбір тобының жалпы дауыс санының кемiнде жетпiс бес пайызын құрайтын дауыс санына ие кредиторлар қатысқан жағдайда құқықты. Кредиторлардың қайтадан шақырылған жиналысы, кредиторлар жиналысының өткізілу уақыты мен орны туралы кредиторлар тиісінше хабардар етілген жағдайда, оған оңалту жоспарына енгізілген біртекті кредиторлардың әрбір тобының жалпы дауыс санының жартысынан астамына ие кредиторлар қатысқан жағдайда құқықты.
11. Кредиторлар жиналысының шешімдері кредиторлар жиналысына қатысатын кредиторлардың жалпы дауыс санының көпшілік даусымен қабылданады.
12. Кредиторлар жиналысының хаттамасы екі данада жасалады, оның біреуі сотқа, екіншісі кредиторлар комитетіне беріледі.
Кредиторлар жиналысының хаттамасына:
жиналысқа қатысушылар өкілдерінің өкілеттіктерін растайтын құжаттардың;
жиналысқа қатысушыларға танысу және (немесе) бекіту үшін ұсынылған материалдардың;
кредиторлар жиналысының өткізілу күні мен орны туралы кредиторлардың тиісінше хабардар етілгенін айғақтайтын дәлелдемелер болып табылатын құжаттардың;
борышкердің қалауы бойынша өзге құжаттардың көшірмелері қоса тіркелуге тиіс.
13. Кредиторлар жиналысының ерекше құзыретіне:
1) кредиторлар комитетінің санын айқындау, құрамын қалыптастыру және бекіту;
2) кредиторлар комитетінің құрамына өзгерістер енгізу;
3) оңалту жоспарына өзгерістер мен толықтыруларды келісу;
4) кредиторлар комитеті мүшелерінің жеделдетілген оңалту рәсімін жүзеге асыру барысы туралы ақпаратты кредиторлардың назарына жеткізу тәртібін айқындау;
5) оңалту жоспарында көзделмеген, кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс мәмілелерді келісу;
6) жеделдетілген оңалту рәсімін ұзартуды келісу;
7) қорытынды есепті келісу;
8) осы Заңда көзделген өзге де өкілеттіктер жатады.
14. Кредиторлар жиналысының құзыретіне кіретін, осы баптың 13-тармағының 3) және 6) тармақшаларында көзделген мәселелер бойынша шешімдер қабылдау кезінде сырттай дауыс беруге жол берілмейді.
15. Кредиторлар комитетінің отырысы, оны өткізу және шешімдерді қабылдау осы Заңның 14-бабында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
14-4-бап. Оңалту жоспары
1. Оңалту жоспары борышкердiң төлемге қабiлеттілігін қалпына келтiру (оңалту шаралары), орындау мерзімі басталмаған міндеттемелерді өтеу мүмкін еместігіне байланысты төлемге қабілетсіздіктің туындауын болғызбау бойынша нақты iс-шараларды және жеделдетілген оңалту рәсіміне қатысатын біртекті кредиторлар топтары алдындағы берешекті өтеу және (немесе) алдағы төлемдер кестесін қамтуға тиіс.
Оңалту жоспарына өзгерістер мен толықтырулар кредиторлар жиналысының келісімімен енгізіледі және оларды сот бекітеді.
2. Оңалту шаралары санацияны, сауда-саттық жүргiзу арқылы мүлiк (активтер) сатуды, борышкердiң талап ету құқықтарын басқаға беруді, негізгі борыш сомасының бір бөлігін есептен шығаруды, өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығаруды, борыштарды акцияларға айырбастауды, бiтiмгершiлiк келiсiмін жасасуды және басқаларды қоса алғанда, борышкердің төлемге қабілеттілігін қалпына келтіруге бағытталған кез келген ұйымдастырушылық-шаруашылық, техникалық, қаржылық-экономикалық, құқықтық және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де іс-шараларды қамтуы мүмкiн.
3. Егер оңалту жоспары ақшалай қаражат көзі ретінде кредиттер (микрокредиттер) алуды қамтыған, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын көздеген жағдайда, оңалту жоспарына кредит (микрокредит) алуға арналған шарт не қаржылық ұйымның оң шешімі не мемлекеттік қолдау шараларының қатысушысы мәртебесін алғандығын растайтын құжат қоса тіркеледі.