2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мүлік осы Заңның 213-бабының қағидалары бойынша иеліктен шығарылады.
5-бөлім. Мемлекеттік мүліктің жекелеген түрлерін басқару ерекшеліктері
11-тарау. Мемлекеттік заңды тұлғалардың мемлекет мүлкіне құқықтарды жүзеге асыруы
1-параграф. Мемлекеттік заңды тұлғалар туралы жалпы ережелер
122-бап. Мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлкіне қатысты мемлекеттік меншік құқығын жүзеге асыру
1. Республикалық заңды тұлғалардың мүлкіне қатысты республикалық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын Қазақстан Республикасының атынан мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша республикалық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік орган атқарады.
2. Республикалық заңды тұлғаларды басқаруды тиісті салалардың уәкілетті органдары жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі тиісті саланың уәкілетті органын айқындамаған республикалық заңды тұлғаларға қатысты, сондай-ақ тиісті саланың уәкілетті органында мемлекеттік заңды тұлғаларды басқаруды жүзеге асыратын құқықтар тоқтатылған кезде тиісті саланың уәкілетті органының функцияларын мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган атқарады.
4. Коммуналдық заңды тұлғаларға қатысты коммуналдық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.
5. Жергілікті атқарушы орган тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің коммуналдық заңды тұлғаларын басқаруды жүзеге асыратын орган ретінде әрекет етеді.
123-бап. Мемлекеттік заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және қайта тіркеу
1. Мемлекеттік заңды тұлға мемлекеттік тіркелген кезден бастап құрылды деп есептеледі және заңды тұлғаның құқықтарына ие болады.
Мемлекеттік заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, сондай-ақ «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда мемлекеттік заңды тұлға қайта тіркелуге жатады.
124-бап. Мемлекеттік заңды тұлғалардың құрылтай құжаттары
1. Мемлекеттік кәсіпорынның құрылтай құжаты - жарғы, ал мемлекеттік мекеменің құрылтай құжаты жарғы немесе ереже болып табылады.
Республикалық мемлекеттік мекеменің жарғысын (ережесін) - тиісті саланың уәкілетті органы, ал коммуналдық мемлекеттік мекеменің жарғысын (ережесін) жергілікті атқарушы орган бекітеді.
Республикалық мемлекеттік кәсіпорынның жарғысын - мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша республикалық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік орган, ал коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның жарғысын жергілікті атқарушы орган бекітеді.
2. Мемлекеттік заңды тұлғаның жарғысында (ережесінде):
1) мемлекеттік заңды тұлғаның түрі туралы нұсқау;
2) атауы (фирмалық атауы);
3) құрылтайшы және тиісті саланың уәкілетті органы туралы мәліметтер;
4) тұрған орны;
5) қызметінің нысанасы мен мақсаттары;
6) басшысының өкілеттігі;
7) байқау кеңесі құрылғанған жағдайларда оның өкілеттігі;
8) жұмыс режимі;
9) мүліктің құралу тәртібі;
10) қайта ұйымдастыру және тарату талаптары болуға тиіс.
Жарғыда (ережеде) заңды тұлға мен мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның), заңды тұлға мен тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның), заңды тұлғаның әкімшілігі мен оның еңбек ұжымының арасындағы өзара қарым-қатынастар да айқындалады. Жарғыда (ережеде) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін басқа да ережелер болуы мүмкін.
3. Мемлекеттік орган болып табылатын мемлекеттік мекеменің құрылтай құжатына, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе оны құру жөніндегі жеке актіде өзгеше көзделмесе, осы баптың қағидалары қолданылады.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен үлгі жарғының (жалпы ереженің) негізінде мемлекеттік мекеме тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) шешімі бойынша, ал мемлекеттік кәсіпорын мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның) шешімі бойынша қызметті жүзеге асырады.
125-бап. Мемлекеттік кәсіпорынның фирмалық атауы, мемлекеттік мекеменің атауы
1. Мемлекеттік кәсіпорынның фирмалық атауында мемлекеттік меншік түріне (республикалық немесе коммуналдық) тиесілілігі, ведомстволық бағыныстылығы көрсетілуге тиіс. Жедел басқару құқығындағы кәсіпорынның фирмалық атауында оның қазыналық екендігі де көрсетілуге тиіс.
Мемлекеттік мекеменің атауында мемлекеттік меншік түріне (республикалық немесе коммуналдық) тиесілілігі, ұйымдық-құқықтық нысаны және ведомстволық бағыныстылығы көрсетілуге тиіс. Мемлекеттік органдар болып табылатын мемлекеттік мекемелердің атауы Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе оларды құру жөніндегі жеке актіде айқындалады.
2. Мемлекеттік заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және заңды тұлғаның атауы жазылған мөрі болады.
126-бап. Мемлекеттік заңды тұлға қызметінің нысанасы мен мақсаттары
1. Мемлекеттік мекеме қызметінің нысанасы мен мақсаттарын тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган) айқындайды және мемлекеттік мекеменің жарғысында (ережесінде) бекітіледі.
Республикалық мемлекеттік кәсіпорын қызметінің нысанасы мен мақсаттарын, сондай-ақ осындай қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорын түрінің (шаруашылық жүргізу құқығындағы немесе қазыналық кәсіпорын) анықтамасын - осы Заңның 134-бабының талаптарына сәйкес тиісті саланың уәкілетті органының ұсынуы бойынша мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган, ал коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын түрінің анықтамасын жергілікті атқарушы орган айқындайды.
2. Мемлекеттік заңды тұлғаларға (мемлекеттік органдардан басқа) мемлекеттік бақылау және қадағалау функцияларын беруге жол берілмейді.
3. Егер осы Заңның 135-бабының 3-тармағында және Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, мемлекеттік заңды тұлға басқа заңды тұлғаны құра алмайды, сондай-ақ оның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алмайды.
4. Мемлекеттік заңды тұлғаларға жарғыда (ережеде) бекітілген өз қызметінің нысанасы мен мақсаттарына сай келмейтін қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ мәмілелер жасауға тыйым салынады.
5. Мемлекеттік заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының заңдарында немесе құрылтай құжаттарында белгілі бір шек қойылған қызмет мақсаттарына қайшы не оның басшысының жарғылық құзыретін бұза отырып жасаған мәмілесі тиісті саланың уәкілетті органының немесе мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның) не прокурордың талап-арызы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін.
Мемлекеттік заңды тұлға басшысының заңды тұлғаның жарғыдан тыс қызметті жүзеге асыруға бағытталған іс-әрекеттері еңбек міндеттерін бұзу болып табылады және тәртіптік және материалдық жауаптылық шараларын қолдануға әкеп соғады.
127-бап. Мемлекеттік заңды тұлғаның мүлкі
1. Мемлекеттік заңды тұлғаның мүлкін заңды тұлғаның активтері құрайды, оның құны өзінің балансында көрсетіледі.
2. Мемлекеттік заңды тұлғаның мүлкі бөлінбейтін мүлік болып табылады және салымдар (жарғылық капиталдағы қатысу үлестері, пайлар) бойынша, оның ішінде мемлекеттік заңды тұлғаның қызметкерлері арасында бөлінбейді.
3. Мемлекеттік заңды тұлғаның мүлкі:
1) оған меншік иесі берген мүлік;
2) өз қызметі нәтижесінде ие болған мүлік (ақшалай табыстарды қоса алғанда);
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптасады.
128-бап. Шаруашылық жүргізу құқығына және жедел басқару құқығына ие болу және оны тоқтату
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе немесе осы заттық құқықтың табиғатына қайшы келмесе, шаруашылық жүргізу құқығына және жедел басқару құқығына ие болу және оны тоқтату Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде меншік құқығына және өзге де заттық құқыққа ие болу және оны тоқтату үшін көзделген талаптармен және тәртіппен жүзеге асырылады.
2 Егер Қазақстан Республикасының заңнамасымен немесе меншік иесінің шешімімен өзгеше көзделмесе, меншік иесі бұрын құрылып қойған мемлекеттік заңды тұлғаға бекітіп беру туралы шешім қабылдаған мүлікке шаруашылық жүргізу құқығы немесе оны жедел басқару құқығы осы мемлекеттік заңды тұлғада мүлік оның балансына бекітіп берілген кезде пайда болады.
3. Шаруашылық жүргiзудегi (жедел басқарудағы) мүлiктi пайдаланудан алынған жемiстер, өнiм мен табыстар, сондай-ақ шарттар немесе өзге де негiздер бойынша мемлекеттік заңды тұлға сатып алған мүлiк Қазақстан Республикасының заңнамасында меншiк құқығына ие болу үшін белгiленген тәртiппен мемлекеттік заңды тұлғаның шаруашылық жүргiзуiне (жедел басқаруына) түседi.
4. Мүлiкке шаруашылық жүргiзу (жедел басқару) құқығы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 249-бабында меншiк құқығын тоқтату үшін көзделген негiздер бойынша және тәртiппен, сондай-ақ осы Заңның 144, 154, 162-баптарында көзделген жағдайларда тоқтатылады.
129-бап. Мемлекеттік меншік не ведомстволық бағыныстылық түрінің өзгеруі кезінде мемлекеттік заңды тұлғаның мүлікке құқықтарды сақтауы
Мемлекеттік заңды тұлғаның мүлкін республикалық меншіктен коммуналдық меншікке немесе керісінше, не тиісті саланың бір уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) бағынысынан екіншісінің бағынысына берген кезде мұндай мемлекеттік заңды тұлға өзіне тиесілі мүлікке құқықтарды сақтайды.
130-бап. Мемлекеттік заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру және тарату
1. Республикалық заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру және тарату - Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша, ал коммуналдық заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру және тарату жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша жүргізіледі.
Мемлекеттік заңды тұлға Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген басқа негіздер бойынша да таратылады.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, республикалық заңды тұлғаны қайта ұйымдастыруды және таратуды мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның келісімімен тиісті саланың уәкілетті органы жүзеге асырады.
Коммуналдық заңды тұлғаны қайта ұйымдастыруды және таратуды жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады.
2. Таратылған мемлекеттік заңды тұлғаның кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлкін мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган (жергілікті атқарушы орган) қайта бөледі.
Таратылған мемлекеттік заңды тұлғаның мүлкін өткізу нәтижесінде алынған қаражатты қоса алғанда, осы заңды тұлғаның кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған ақшасы тиісті бюджет кірісінің есебіне жатқызылады.
131-бап. Мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) мемлекеттік заңды тұлғаның шағымдануы
Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның және тиісті саланың уәкілетті органының, жергілікті атқарушы органның мүлікті қайта бөлуге байланысты әрекеттерін (әрекетсіздігін) қоса алғанда, мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ мемлекеттік заңды тұлғаның құқықтарын бұзатын басқа да әрекеттерге (әрекетсіздікке) мемлекеттік заңды тұлға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа шағымдануға құқылы.
2-параграф. Мемлекеттік кәсіпорын туралы жалпы ережелер
132-бап. Мемлекеттік кәсіпорындар түрлері
Мемлекеттік кәсіпорындарға:
1) шаруашылық жүргізу;
2) жедел басқару (қазыналық кәсіпорындар) құқықтарына негізделген мемлекеттік кәсіпорындар жатады.
133-бап. Мемлекеттік кәсіпорынды құру, қайта ұйымдастыру және тарату
1. Республикалық мемлекеттік кәсіпорынды -Қазақстан Республикасының Үкіметі, коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынды жергілікті атқарушы орган құрады.
2. Мемлекет қоғам мен мемлекеттiң қажеттерiне қарай айқындалатын әлеуметтiк-экономикалық мiндеттердi шешу мақсатында мынадай жағдайларда:
1) мемлекеттiң ұлттық қауіпсіздігін, қорғаныс қабiлетiн және қоғам мүддесiн қорғауды қамтамасыз етудің өзге мүмкіндігі жоқ болса;
2) мемлекетке тиесілі стратегиялық объектілерді пайдаланғанда және оны күтіп ұстағанда;
3) мемлекеттік монополияға жатқызылған салалардағы қызметтi жүзеге асыру үшін;
4) бәсекелестік жоқ не бәсекелестік жете дамымаған қоғамдық өндіріс салаларындағы тауарларды өндіруге қоғамдық қажеттілік болғанда мемлекеттік кәсiпорындар құрады.
3. Осы баптың 2-тармағының 1) және 3) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда мемлекеттік кәсіпорындарды Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі құрады.
Қалған жағдайларда мемлекеттік кәсіпорындарды Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (республикалық кәсіпорындарды) немесе жергілікті атқарушы органдар (коммуналдық кәсіпорындарды) құрады.
Мемлекеттік кәсіпорындарды құру осы Заңның 134-бабында белгіленген шектеулер ескеріле отырып, «Бәсекелестік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттік кәсіпорынды қайта ұйымдастыру және тарату осы бапта белгіленген ерекшеліктерімен қоса, осы Заңның 130-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынды қазыналық кәсіпорын етіп қайта құру - мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен келісілген тиісті саланың уәкілетті органының ұсынуымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша, шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынды қазыналық кәсіпорын етіп қайта құру жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша жүргізіледі.
6. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынды қазыналық кәсіпорын етіп қайта құру бойынша барлық шығыстар, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорынның өзінде жеткілікті қаражат болмаған кезде қайта құрылатын мемлекеттік кәсіпорынның өз кредиторларымен есеп айырысулары тиісті бюджет есебінен жүзеге асырылады.
7. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның негізінде құрылатын қазыналық кәсіпорын оған бұрын бөлінген мемлекеттік мүлік және ақша бойынша, сондай-ақ жер пайдалану, табиғат пайдалану, жер қойнауын пайдалану, квоталар, лицензиялар беру және бұрын жасалған шарттар бөлігінде, егер осылар жаңадан құрылған қазыналық кәсіпорын қызметінің нысанасы мен мақсаттарына сәйкес келетін болса, қайта құрылатын мемлекеттік кәсіпорынның құқықтық мирасқоры болып табылады.
8. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынды қазыналық кәсіпорын етіп қайта құру кезінде оған бекітіліп берілген мүліктің құқықтық режимі мемлекеттік кәсіпорынды қайта құру туралы шешім қабылданған кезден бастап шаруашылық жүргізу құқығынан жедел басқару құқығына ауысады.
134-бап. Мемлекеттік кәсіпорындар қызметінің мақсаты
1. Осы Заңның 133-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайларда мемлекеттік кәсіпорындар құрылуы мүмкін, ал бұрын құрылғандары осы бапта көзделген қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін ғана жұмыс істеуі мүмкін.
2. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар өз қызметін:
1) елді мекендердің тыныс-тіршілігін (энергиямен, газбен, сумен, жылумен жабдықтау және коммуналдық қалдықтарды көму) қамтамасыз ету;
2) табиғат пайдаланудың және орман өсірудің шектеулі режимі бар орман саябақтары, жасыл және қорғаныш аймақтарын құру;
3) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы мен оның ведомстволарының және Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет органдарының өздеріне жүктелген функцияларын жүзеге асыруына ықпал ету;
4) мемлекеттік автомобиль жолдарын күтіп ұстау;
5) денсаулық сақтау; жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру;
6) спорттық-сауықтыру объектілерін, мәдениет және демалыс саябақтарын пайдалану;
2012.09.01. № 535-IV ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) ғылыми зерттеулер;
8) мемлекеттік жер кадастрын, жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы ақпараттық деректер базасын, экологиялық ақпараттың мемлекеттік қорын және Қазақстан Республикасы табиғи ресурстарының мемлекеттік кадастрларын, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін жүргізу;
9) мемлекет меншігіндегі су шаруашылығы жүйелерін және құрылыстарды күтіп ұстау, пайдалану, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
10) өсімдіктерді қорғау және өсімдіктер карантині, фумигация (зарарсыздандыру) және фитосанитариялық сараптама;
11) тарих және мәдениет ескерткіштерін ғылыми зерттеу, консервациялау, реставрациялау, қайта жасау, жөндеу және бейімдеу жөніндегі жұмыстарды орындау;
12) теңіз портының қызметі;
13) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдаланушыларға аэронавигациялық қызметтер ұсыну;
14) мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және сақтау;
15) техникалық реттеу және метрология саласында өндірістік- шаруашылық қызметті жүзеге асыру;
16) қылмыстық-атқару жүйесі саласында өндірістік қызметті жүзеге асыру және сотталғандардың жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру;
17) Қазақстан Республикасының жеке басты куәландыратын құжаттарын дайындау;
2012.12.01. № 540-ІV ҚР Заңымен 18) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
18) мынадай функцияларды:
жануарлар ауруларының диагностикасы жөніндегі референттік функцияны;
Қазақстан Республикасындағы жабайы жануарлар ауруларының эпизоотиялық мониторингін;
сақтаулы микроорганизмдер штаммдарының Ұлттық коллекциясын жүргізуді;
ветеринариялық препараттарды, жемшөп қоспаларын тіркеу сынақтарын, байқаудан өткізуді, сондай-ақ препараттарға шағым түскен кезде олардың серияларын (партияларын) бақылауды;
тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік мониторингті, референцияны;
ветеринариялық препараттардың, жемшөп пен жемшөп қоспаларының қауіпсіздік мониторингін;
жануарлардың аса қауіпті және энзоотиялық ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шаралар жүргізуді;
ауыл шаруашылық жануарларын бірдейлендіру жүргізуді;
жануарларды қолдан ұрықтандыру бойынша қызметтер көрсетуді;
жануарлардың аса қауіпті және энзоотиялық ауруларына қарсы ветеринариялық препараттарды тасымалдау (жеткізу), сақтау, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жүргізу үшін ветеринариялық мақсаттағы бұйымдар (құралдар) мен атрибуттарды тасымалдау (жеткізу) бойынша қызметтер көрсетуді;
тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары салған мал көмінділерін (биотермиялық шұңқырды), мал соятын алаңдарды күтіп-ұстауды;
қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жоюды жүзеге асыру;
19) ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің функцияларын жүзеге асыру;
20) радиожиілік спектрінің және радиоэлектрондық құралдардың мониторингі бойынша жұмыстарды техникалық қамтамасыз ету, радиоэлектрондық құралдардың және радиожиілікті берулердің тізілімін (деректер базасын) жүргізу, сондай-ақ радиоэлектрондық құралдардың электромагниттік үйлесімділігінің есебін жүргізу бойынша қызмет көрсету;
2011.21.07. № 468-ІV ҚР Заңымен 21) тармақша өзертілді (бұр.ред.қара)
21) мемлекеттік авариялық жұмыс істемей тұрған кеніштерді және көмір кәсіпорындарын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тізбе бойынша жою және консервациялау, сондай-ақ олардың жұмысының зардаптарын жою;
2011.21.07. № 468-ІV ҚР Заңымен 22) тармақшамен толықтырылды
22) жеке және (немесе) заңды тұлғаларға «жалғыз терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету және оларды автоматтандыру саласында жүзеге асырады.
3. Қазыналық кәсіпорындар өз қызметін:
1) төтенше және авариялық жағдайлар кезінде тауда құтқару және өзге де арнайы жұмыстарды орындау, өрттен, су тасқынынан және басқа да дүлей зілзалалардан қорғау;
2) денсаулық сақтау;
3) мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, қосымша білім беру, техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім беру;
4) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт;
2012.09.01. № 535-IV ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) ғылыми зерттеулер;
6) биологиялық әртүрлілікті және тектік қорды сақтау мақсатында жануарлар, өсімдіктер дүниесі объектілерін қорғауды, тұрақты пайдалануды, молайтуды және жасанды түрде өсіруді, сондай-ақ табиғатты (зоологиялық саябақтарды, ботаникалық бақтарды, дендрологиялық саябақтарды) қорғауды, орман қорын күзету және қорғау жөніндегі авиациялық жұмыстардың орындалуын қамтамасыз ету;
7) топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстарды жүргізу;
8) өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдар (отбасылар) үшін арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету;
9) жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық зерттеу саласында жүзеге асырады.
4. Мемлекеттік кәсіпорындарға - табиғи және мемлекеттік монополия субъектілеріне осы Заңда және «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделмеген қызмет түрлерін жүзеге асыруға тыйым салынады.
135-бап. Мемлекеттік кәсiпорынның мүлкiне билік ету
1. Мемлекеттік кәсіпорын өзі өндірген өнімді дербес өткізеді.
2. Мемлекеттік кәсіпорынның негізгі құралдарға жататын мүлікті сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту шарттары негізінде иеліктен шығаруға құқығы жоқ.
3. Республикалық мемлекеттік кәсіпорын Қазақстан Республикасы Үкіметінің келісімімен басқа заңды тұлға құра алады, сондай-ақ оның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алады.
Коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын жергілікті атқарушы органның келісімімен басқа заңды тұлға құра алады, сондай-ақ оның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алады.
Мемлекеттік кәсіпорын - табиғи монополия субъектісі Қазақстан Республикасы Үкіметінің (жергілікті атқарушы органның) және табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органның келісімімен басқа заңды тұлға құра алады, сондай-ақ оның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алады.
136-бап. Мүлiктiк кешен ретіндегі мемлекеттік кәсiпорын
1. Мүлiктiк меншiк ретiнде мемлекеттік кәсiпорынның құрамына оның қызмет етуіне арналған мүліктің барлық түрлері, оның ішінде ғимараттар, құрылыстар, жабдық, құрал-сайман, шикiзат, өнiм, жер учаскесiне құқық, талап ету құқықтары, борыштар, сондай-ақ оның қызметiн дараландыратын белгiлеулерге (фирмалық атауы, тауар таңбалары) құқықтар және басқа да ерекше құқықтар кіреді.
2. Республикалық мемлекеттік кәсiпорынға қатысты, онда осы кәсіпорын бірыңғай мүлiктiк кешен ретiнде қатысатын мәмiлелер (кепiлге беру, жалға алу және басқалары) жасау - Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмi бойынша, ал коммуналдық мемлекеттік кәсiпорынға қатысты - жергiлiктi атқарушы органның шешiмi бойынша жүргізіледі.
137-бап. Мемлекеттік кәсiпорынның заңсыз алған табыстарын алып қою
Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған, мемлекеттік кәсіпорынның жарғысында көзделмеген, қызметтi жүзеге асырудан осы кәсіпорын алған табыстар, сондай-ақ бюджеттен қаржыландыру есебінен құралған, сатылатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) белгіленген бағаларын көтеру нәтижесiнде алынған табыстар Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртiппен бюджетке алып қоюға жатады. Мүлікті бухгалтерлік есеп қағидалары бойынша тиісті түрде көрсетпей пайдалану фактілері анықталған жағдайда, ол да алып қоюға жатады.