217-бап. Сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін азық-түлiк шикізатына, тамақ өнімдеріне және өзге де мүлікке құқықтарды тоқтату ерекшеліктері
Сапасы мен қауiпсiздiгiне нормативтiк құжаттарда қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін азық-түлiк шикiзатын, тамақ өнiмдерiн, шыққан елi белгіленбеген, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және санитариялық-эпидемиологиялық қағидалар мен нормаларға және гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтiн, акциздiк таңбаларсыз өткізілетін темекi бұйымдарын және құрамында темекi бар басқа да бұйымдарды, сондай-ақ тасымалдауға, сақтауға, өткізуге, санитариялық-эпидемиологиялық сараптама мен сертификаттауды жүргiзуге байланысты шығындары өздерінің бағалау құнынан асып түсетiн тауарлардың шамалы партияларын және өзге де мүлiктi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес атқарушылық іс жүргізу органдары немесе жергілікті атқарушы органдар құратын комиссия жояды.
Қажет болған жағдайларда комиссияның құрамына санитариялық-эпидемиологиялық қызметтiң қызметкерлерi және жергiлiктi атқарушы органдар мен басқа да мүдделi ұйымдардың өзге де мамандары тартылуы мүмкін.
218-бап. Мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) тұрғын үйлерге құқықтарды жүзеге асыру ерекшеліктері
Осы Заңның 19-бабында көрсетілген жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) тұрғын үйлер мемлекеттік коммуналдық тұрғын үй қорына енгізіледі.
Мемлекет меншігіне жекелеген негіздер бойынша түскен тұрғын үйлерді одан әрі пайдаланудың тәртібі «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
18-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер
219-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін екі жыл өткен соң қолданысқа енгізілетін 15-тарауды қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Мемлекеттік кәсіпорын туралы» 1995 жылғы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 9-10, 66-құжат; № 24, 164-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 12, 183-құжат; № 13-14, 205-құжат; 1998 ж., № 23, 429-құжат; 1999 ж., № 22, 789-құжат; № 23, 916-құжат; 2001 ж., № 10, 126-құжат; 2002 ж., № 10, 102-құжат; 2003 ж., № 11, 71-құжат; 2004 ж., № 11-12, 65-құжат; 2006 ж., № 12, 71-құжат; № 15, 95-құжат; 2007 ж., № 4, 33-құжат; № 9, 67-құжат; № 18, 143-құжат; № 19, 148-құжат; 2008 ж., № 24, 126-құжат; 2009 ж., № 15-16, 76-құжат; № 18, 86-құжат; № 23, 112-құжат);
2) «Жекешелендіру туралы» 1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 24, 163-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 12, 189-құжат; 1999 ж., № 21, 786-құжат; № 23, 916-құжат; 2000 ж., № 21, 396-құжат; 2001 ж., № 8, 52-құжат; 2002 ж., № 10, 102-құжат; 2003 ж., № 1-2, 6-құжат; № 11, 56-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 1, 4-құжат).
3. Тіркеуші органдар осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін мүліктік кешендер ретінде жекешелендірілген мемлекеттік кәсіпорындарға қатысты мемлекеттік кәсіпорын қызметінің тоқтатылуы туралы жазбаны осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде мемлекеттік мүліктің сатушысы табыс еткен, мүлікті сатып алу-сату шарты және беру актісі негізінде енгізеді.
4. Орман шаруашылығын жобалау саласындағы қызметті жүзеге асыратын, өз қызметін 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін жүзеге асыра алатын мемлекеттік кәсіпорындарды қоспағанда, осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған, өздерінің қызмет түрлері осы Заңда көзделмеген мемлекеттік кәсіпорындар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес таратылуға, қайта құрылуға немесе жекешелендірілуге тиіс.
220-бап. Осы Заңды іске асыру жөніндегі шаралар
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік мүлік бойынша қабылданған нормативтік құқықтық актілерді осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай мерзімде осы Заңға сәйкес келтіру жөнінде шаралар қабылдасын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл ішінде мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу тәртібі мен мемлекеттік мүліктің тізілімін жасау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітсін және осы іс-шаралар жоспарының орындалуын қамтамасыз етсін.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2011 жылғы 1 наурыз
№ 413-ІV ҚРЗ