2) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша (арнаулы мемлекеттік органдардың көлік құралдарын жүргізетін адамдар жасаған жол жүру қағидаларын бұзу бөлігінде) іс жүргізу болып табылады.»;
2) мынадай мазмұндағы 7-1-баппен толықтырылсын:
«7-1-бап. Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери полициясы органдарының өкілеттігі
Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери полициясы органдарының анықтау ісін жүргізу бөлігіндегі өкілеттігі арнаулы мемлекеттік органдардың әскери қызметшілері мен қызметкерлеріне қолданылады.».
39. «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2005 ж., № 14, 60-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; № 20, 152-құжат; 2008 ж., № 6-7, 27-құжат; 2010 ж., № 10, 48-құжат; № 24, 151-құжат; 2011 ж., № 1, 7-құжат; 2011 жылғы 15 қазанда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2011 жылғы 11 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2011 жылғы 15 және 16 қарашада «Егемен Қазақстан» және 2011 жылғы 15, 16 және 19 қарашада «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін жетілдіру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2011 жылғы 9 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы):
1) 4-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Азаматтардың iшкi iстер, қаржы полициясы органдарының, қылмыстық-атқару жүйесi, арнаулы мемлекеттік органдардың оқу орындарының және мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының өрт-техникалық оқу орындарының күндiзгi оқу бөлiмдерiнде оқыған уақыты мерзiмдi әскери қызметті өткеруге теңестiріледi.»;
2) 7-бап мынадай мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:
«5. Арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткерген азаматқа әскери қызметке кірген кезде қайта аттестаттау тәртібімен қазіргі бар арнайы атағынан төмен емес әскери атақ беріледі.».
40. «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., № 20, 151-құжат; 2008 ж., № 23, 124-құжат; 2009 ж., № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 24, 149-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 2, 21-құжат; № 5, 43-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2011 жылғы 6 тамызда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне халықтың көші-қоны мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы; 2011 жылғы 29 қазанда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2011 жылғы 24 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы):
1) 4-бапта:
4) тармақшадағы «әскери құралымдар» деген сөздер «әскери құралымдар, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдар» деген сөздермен ауыстырылсын;
13) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«13) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, мемлекеттiк басқару органының ұсынысы бойынша бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылатын мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарын құрады, қайта ұйымдастырады және таратады;»;
2) 8-баптың 2-тармағының бірінші бөлігі «сондай-ақ» деген сөзден кейін «, арнаулы мемлекеттік органдардың оқу орындарын қоспағанда,» деген сөздермен толықтырылсын;
3) 21-баптың 5-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Жоғары әскери және арнаулы оқу орындары бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша тиісті мемлекеттiк органның басшысы бекiтетін әскери және өзге де мамандықтар бойынша кәсiптiк бiлiм беретін оқу бағдарламаларын iске асырады.»;
4) 36-баптың 2-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Әскери және өзге де мамандықтар бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсiптiк білім беретін оқу бағдарламаларын iске асыру жоғары әскери және арнаулы оқу орындарының адъюнктурасында жүзеге асырылады.»;
5) 43-баптың 3-тармағының 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) әскери мамандықтар және арнаулы мемлекеттік органдар оқу орындарының мамандықтары бойынша жұмыс оқу бағдарламаларын бекітуден басқа, жұмыс оқу жоспарлары мен жұмыстық оқу бағдарламаларын әзiрлеу және бекiту;»;
6) 65-баптың 2-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Әскери және арнаулы оқу орындарының халықаралық шарттар мен келiсiмшарттарға сәйкес шетелдiк азаматтардың қатарынан мамандар даярлауды жүзеге асыруға құқығы бар.».
41. «Сыртқы барлау туралы» 2010 жылғы 22 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2010 ж., № 10, 46-құжат; 2011 ж., № 1, 3-құжат):
1) 2-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Сыртқы барлау органы арнаулы мемлекеттік орган болып табылады, Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету күштерiне жатады, оның нышаны, туы, ведомстволық наградалары мен төсбелгiлерi, нақты және шартты атаулары болады.»;
2) 7-баптың 7-1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«7-1) арнаулы атақтар берілетін сыртқы барлау органының лауазымдары тізбесін бекітеді;»;
3) 8-баптың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«4) сыртқы барлау субъектiлерiнiң әскери қызметшілерін, қызметкерлері мен жұмыскерлерін шифрлау, оның iшiнде осы мақсаттар үшiн өзге де ведомстволық тиесiлiлiктi пайдалана отырып, олардың қызметiн ұйымдастыру жөнiндегi шараларды iске асыру;»;
4) 9-баптың 16), 20) және 21) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
«16) сыртқы барлау органындағы қызметке немесе жұмысқа қабылдау туралы шешiм қабылдау үшiн Қазақстан Республикасының азаматтарын iрiктеу, арнайы тексеруден өткiзу, кадрға есепке алынған қызметкерлер мен жұмыскерлерге мемлекеттiк құпияны құрайтын ақпаратқа рұқсат беруді ресiмдеу (қайта ресiмдеу), Қазақстан Республикасының оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерiнде, сондай-ақ басқа мемлекеттердiң оқу орындарында, оның iшiнде арнаулы оқу орындарында кадрлар даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру;»;
«20) бөлiмшелердiң, объектiлердiң, үй-жайлардың, көлiк құралдарының, қызметкерлер мен жұмыскерлердің, жасырын жәрдем көрсететiн адамдардың ведомстволық тиесiлiгiн шифрлайтын құжаттарды, өзге де әдiстер мен құралдарды пайдалану;
21) қызметкерлер мен жұмыскерлерді iссапарға, оның iшiнде Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге жiберу;»;
5) 13-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«13-бап. Сыртқы барлау субъектiлерiнiң кадрлары
1. Сыртқы барлау органының кадрларын қызметкерлер мен жұмыскерлер құрайды.
2. Сыртқы барлау органының қызметкерлері мемлекеттiк билiк өкiлдерi болып табылады және мемлекеттiң қорғауында болады.
3. Сыртқы барлау субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде мiндеттерiн атқару кезiнде қамауға немесе кепiлге алынған, сондай-ақ бейтарап елдерге тұруға ерiксiз жiберiлген қызметкерлері мен әскери қызметшiлерi қызметкерлер мен әскери қызметшiлер мәртебесiн сақтайды. Сыртқы барлау субъектiлерiнiң және басқа да уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың басшылары халықаралық құқық нормаларына сәйкес аталған қызметкерлер мен әскери қызметшiлердiң құқықтарын қорғау жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.
4. Сыртқы барлау субъектiлерiнiң қызметкерлері мен әскери қызметшiлерi барлау қызметiнiң мақсаттарына қол жеткiзу үшiн өздерінің ведомстволық тиесiлiлiгiн ашпай әрi әскери қызметте, арнаулы мемлекеттік органдарда қызметте қалдырыла отырып, мемлекеттiк органдарға және меншiк нысанына қарамастан ұйымдарға лауазымдық қызметке тұруы және iссапарға жiберiлуi мүмкiн.
Аталған органдар мен ұйымдардың лауазымды тұлғалары қызметкерлер мен әскери қызметшiлердiң сыртқы барлау субъектiлерiне тиесiлiлiгi туралы өздерiне белгiлi болған мәлiметтердi жария еткенi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
5. Сыртқы барлау органының қызметкерлерi кадрлар есебiнде, қолданыстағы резервте және запаста тұрады. Сыртқы барлау органы қызметкерлерiнiң Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қару мен арнайы құралдарды алып жүруге, сақтауға құқығы бар.
Сыртқы барлау органының басшысы қызметкерлердің жекелеген санаттарының сыртқы барлау органына қызметке алынғанға дейiнгi еңбек өтiлiн олардың еңбек сiңiрген жылдарына есептейдi.»;
6) 14, 15 және 16-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«14-бап. Сыртқы барлау органы қызметкерлерінің құқықтық жағдайы
Сыртқы барлау органдары қызметкерлерінің заңды талаптары азаматтардың, лауазымды адамдардың және ұйымдардың орындауы үшiн мiндеттi. Сыртқы барлау органы қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамау, оларды қорлау, қарсылық көрсету, күш көрсетумен қорқыту немесе олардың өмiрiне, денсаулығына, ар-намысы мен абыройына, мүлкiне қол сұғу, оларға жүктелген мiндеттердi орындауға кедергi келтiретiн басқа да iс-әрекеттер, сондай-ақ сыртқы барлау органы қызметкерлерінің қызметтiк мiндеттерi мен қызметтiк борышын орындауына байланысты олардың отбасы мүшелерiнiң, жақын туыстарының (ата-аналарының, балаларының, асырап алушыларының, асырап алынған балаларының, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерiның және апа-сiңлiлерiнің, қарындастарының, аталарының, әжелерiнің, немерелерiнің) өмiрiне, денсаулығына, ар-намысына, абыройына және мүлкiне қол сұғу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Сыртқы барлау органы қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындауларына байланысты олардың мүлкіне келтірілген залал, сондай-ақ сыртқы барлау органы қызметкерлерінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарының (ата-аналарының, балаларының, асырап алушыларының, асырап алынған балаларының, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерiнің және апа-сiңлiлерiнің, қарындастарының, аталарының, әжелерiнің, немерелерiнің) денсаулығына және мүлкіне келтірілген залал бюджет қаражаты есебінен толық көлемде өтеледі. Залалды өтеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
15-бап. Сыртқы барлау органы қызметкерлерінің құқығы
Сыртқы барлау органының қызметкерлеріне қару мен арнайы құралдарды алып жүру, сақтау және қолдану құқығы берiледi. Олар дене күшiн, оның iшiнде күрестiң жауынгерлiк тәсiлдерiн қолдануға да құқылы. Қаруды, арнайы құралдарды және дене күшiн қолдану тәртiбi осы Заңда айқындалады.
16-бап. Дене күшін, арнайы құралдарды, қару мен жауынгерлік техниканы қолдану шарттары мен шектері
1. Сыртқы барлау органының қызметкерлері арнайы дайындықтан өтуге, дене күшін, арнайы құралдар мен қаруды қолдануға байланысты жағдайлардағы іс-қимылдарға жарамдылығын кезең-кезеңмен тексеруден өтуге міндетті.
2. Қажеттi қорғаныс және аса қажеттілік жағдайларында немесе қылмыс жасаған адамды ұстау кезінде сыртқы барлау органының қызметкері өзінде арнайы құралдар немесе қару болмаған жағдайда қолына түскен кез келген құралдарды, сондай-ақ осы Заңда белгіленген негіздер бойынша және тәртіппен қарулануға алынбаған басқа қаруды қолдануға құқылы.
3. Егер қорғау күзетілетін адамдарға, басқа азаматтарға, күзетілетін объектілерге немесе сыртқы барлау органы қызметкерінің өзіне қол сұғудың сипаты мен қауіптілігіне сәйкес келетін болса, сыртық барлау органының қызметкері заңдарда көзделген жағдайларда дене күшін, арнайы құралдарды, қару мен жауынгерлік техниканы қолдануға байланысты келтірілген моральдық, материалдық зиян және дене зақымы үшін жауаптылықта болмайды.
4. Сыртқы барлау органы қызметкерлерінің дене күшін, арнайы құралдарды, қару мен жауынгерлік техниканы өкілеттігін асыра қолдануы заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
5. Терроризмге қарсы операциялар жүргізу аймағында терроризмге қарсы операцияға қатысушы сыртқы барлау органы қызметкерлерінің террористерге қатысты дене күшін, жауынгерлік және өзге да техниканы, қару мен арнайы құралдарды, оның ішінде қызметтік жануарларды осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген ескертусіз және шектеусіз қолдануға құқығы бар.».
7) мынадай мазмұндағы 16-1, 16-2, 16-3-баптармен толықтырылсын:
«16-1-бап. Сыртқы барлау органы қызметкерлерінің дене күшін қолдануы
1. Сыртқы барлау органы қызметкерлерінің азаматтардың өміріне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке басының абыройына, оның және мемлекеттің меншігіне және қорғалатын мүдделеріне қол сұғатын қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолын кесу, қоғамға қауіпті әрекет жасаған адамдарды ұстау үшін, егер күш қолданбау тәсілдері сыртқы барлау органына жүктелген міндеттерді орындауды қамтамасыз етпесе, құқық бұзушылықтардың сипаты мен нақты жағдайды, заңды талаптарға қарсы іс-қимылды еңсеруді ескере отырып, дене күшiн, оның iшiнде жауынгерлiк күрес тәсiлдерiн қолдануға құқығы бар.
2. Сыртқы барлау органы қызметкерінің осы Заңда арнайы құралдарды немесе қаруды қолдану рұқсат етілген барлық жағдайларда дене күшiн қолдануға құқығы бар.
16-2-бап. Сыртқы барлау органы қызметкерлерінің арнайы құралдарды қолдануы
1. Сыртқы барлау органының қызметкерлері қарулануға алынған арнайы құралдарды мынадай жағдайларда:
1) азаматтарға және күзетілетін адамдарға жасалған шабуылды тойтару үшін;
2) сыртқы барлау органы күзететін ғимараттарға, құрылыстарға, үй-жайларға, басқа да объектілер мен көлiк құралдарына жасалған шабуылды тойтару үшін, сол сияқты оларды басып алған жағдайда осы объектілер мен құралдарды босату үшін;
3) қылмыстарды анықтау және олардың жолын кесу үшін;
4) қару, оқ-дәрі, жарылғыш, улы және радиоактивті заттарды заңсыз ұстаушы адамдарды қарусыздандыру үшін;
5) сыртқы барлау органының қызметкерлеріне, олардың отбасы мүшелерiне не күзет іс-шараларын қамтамасыз етуге тартылған басқа адамдарға жасалған шабуылды тойтару үшін;
6) құқық бұзушыларды, сыртқы барлау органының немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне өздерiне жүктелген қызметтік мiндеттердi атқаруға қарсылық көрсететін немесе қасақана кедергі келтіретін адамдарды ұстау үшін;
7) егер ұсталған, қамауға алынған адамдар, сондай-ақ сотталған, күдiктi және айыпталушы адамдардың қашып кетуi немесе айналасындағыларға немесе өзiнің денсаулығына зиян келтіруі мүмкін деп пайымдауға жеткілікті негіздер болса, оларды күзетпен апару және күзету кезінде, сондай-ақ сыртқы барлау органы қызметкерлерінiң өздерiне заңмен жүктелген мiндеттердi жүзеге асыруына кедергі келтіретін адамдарға қатысты;
8) кепілге алынған адамдарды босату, азаматтардың, күзетілетін адамдар мен объектілердің өміріне, денсаулығына, құқықтарына, бостандығына, жеке басының абыройы мен меншігіне қол сұғатын жаппай тәртіпсіздіктің, топтық іс-әрекеттердің жолын кесу үшін;
9) егер басқа тәсілдермен күзетілетін адамдар үшін нақты қауіпті тойтару мүмкін болмаса, жүргізушісі сыртқы барлау органы қызметкерінің тоқтау туралы талабын орындамаған көлік құралын тоқтату үшін;
10) қажеттi қорғаныс және аса қажеттілік жағдайларында қолдануға құқылы.
2. Сыртқы барлау органы қызметкерлерінің, азаматтар мен күзетілетін адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiретiн шабуыл, топтық шабуыл жасаған не қарулы қарсылық көрсеткен жағдайларды қоспағанда, күзетілетін адамға бағыттап, сондай-ақ жүктілік белгілері анық білінетін әйелдерге, мүгедектiк белгiлерi анық бiлiнетін адамдарға және жас балаларға қатысты арнайы құралдар мен жауынгерлiк күрес тәсiлдерiн қолдануға тыйым салынады.
3. Сыртқы барлау органы қолданатын арнайы құралдардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
16-3-бап. Сыртқы барлау органы қызметкерлерінің қару қолдануы және жауынгерлік техниканы пайдалануы
1. Сыртқы барлау органы қызметкерлерінің қару мен жауынгерлiк техниканы соңғы шара ретiнде мынадай:
1) азаматтарға, күзетiлетiн адамдарға, сондай-ақ күзету сыртқы барлау органының қызметкерлеріне тапсырылған басқа да адамдарға жасалған шабуылды тойтару үшiн;
2) сыртқы барлау органы күзететiн ғимараттарға, құрылыстарға, үй-жайлар мен басқа да объектiлерге және көлiк құралдарына жасалған шабуылды тойтару үшін;
3) сыртқы барлау органының қызметкерлеріне, олардың отбасы мүшелерiне, осы орган күзет іс-шараларын қамтамасыз етуге тартқан басқа да адамдарға жасалған шабуылды тойтару үшiн, сондай-ақ сыртқы барлау органының қаруын, көлік құралын, арнайы және жауынгерлік техникасын тартып алу әрекеттерінің жолын кесу үшін;
4) азаматтарды қылмыстық қол сұғудан қорғау, сондай-ақ кепiлге алынған адамдарды, басып алынған күзетiлетiн объектiлердi, ғимараттарды және арнаулы жүктердi босату үшiн;
5) қылмыс жасау кезiнде не тiкелей қылмыс жасағаннан кейiн үстiнен түскен, қарулы қарсылық көрсеткен адамдарды, сондай-ақ өзіндегі қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш, улы және радиоактивті заттарды тапсыру туралы заңды талапты орындаудан бас тартқан қарулы адамды ұстау үшiн;
6) сыртқы белгілері мен іс-әрекеттерінің жиынтығы басқа азаматтардың, күзетілетін адамдардың және сыртқы барлау органы қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына төндіретін нақты қауіптің болуын куәландыратын адамдарды оқшаулау және ұстау үшін;
7) қылмыс жасады деп күдік туғызатын және айыпталатын адамдардың қамауда отырған жерден қашуының немесе қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған адамдардың, оларға қатысты қамауға алу түріндегі жаза қолданылған, бас бостандығынан айыруға сотталған адамдардың күзетуден қашуының, сондай-ақ аталған адамдарды күшпен босатуға ұмтылудың жолын кесу үшін;
8) егер жүргiзушiсi күзетiлетiн адамдардың өмiрi мен денсаулығына нақты қауіп тудырса және сыртқы барлау органы қызметкерінің тоқтау бойынша тоқтаудан бас тартса, көлiк құралын тоқтату үшiн;
9) жануарлардың шабуылынан қорғану үшiн;
10) дабыл белгісін беру немесе көмекке шақыру үшін;
11) қажетті қорғаныс және аса қажеттілік жағдайларында қолдануға құқығы бар.
2. Азаматтардың, сыртқы барлау органы қызметкерлері мен күзетілетін адамдардың өмiрi мен денсаулығына нақты қауiп төндiретiн, сондай-ақ олар қарулы шабуыл жасаған, қарулы қарсылық көрсеткен, топтық шабуыл жасаған, кепілге адамдарды, объектілерді, көлік құралдарын, оның ішінде әуе кемелерін алған жағдайларды қоспағанда, күзетілетін адамға бағыттап, сондай-ақ әйелдерге, мүгедектiк белгiлерi анық бiлiнетін адамдарға және кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты қару қолдануға тыйым салынады.
3. Сыртқы барлау органының қызметкерлері қару қолданған барлық жағдайларда айналадағы азаматтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және зардап шеккендерге кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсету үшiн қажеттi шараларды қолдануға, қару қолданғаны туралы тікелей бастығына баяндауға мiндеттi.
4. Адамдардың өліміне немесе өзге де ауыр салдарларға әкеп соққан қару, арнайы құралдар, дене күшін қолданудың әрбір жағдайы туралы жиырма төрт сағат ішінде прокурорға хабарланады.
5. Сыртқы барлау органының қарулануында тұрған қарудың, жауынгерлік техниканың түрлері мен ұрыс оқ-дәрiлері жиынтығының тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.».
8) 17-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«17-бап. Сыртқы барлау органы қызметкерлерiнiң жауаптылығы
Сыртқы барлау органының қызметкерлерi өз қызметтiк мiндеттерiн орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн және заңсыз iс-әрекеттерi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.».
42. «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2011 ж., № 5, 42-құжат; № 15, 118-құжат; 2011 жылғы 6 тамызда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы; 2011 жылғы 15 қазанда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2011 жылғы 11 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы):
1) 1-баптың 22) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«22) мемлекеттік мүлік тізілімі - арнаулы мемлекеттік органдардың жедел басқаруындағы мүлікті қоспағанда, мемлекеттік мүлікті есепке алудың бірыңғай ақпараттық автоматтандырылған жүйесі;»;
2) 161-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
«3. Арнаулы мемлекеттік органдардың жылжымайтын мүлкін беру, өткізу, кәдеге жарату және есептен шығару, сондай-ақ мүліктік жалға беру (жалдау) тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.».
43. «2012 - 2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» 2011 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (2011 жылғы 26 қарашада «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған):
11-баптағы «құқық қорғау органдары» деген сөздер «арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары» деген сөздермен ауыстырылсын.
2-бап. Осы Заң, 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 18-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2012 жылғы ақпанның 13-і.
№ 553-IV