1. Пациент осы Кодекстің 90-бабында көрсетілген міндеттерден басқа:
1) өз денсаулығын сақтауға және нығайтуға шаралар қолдануға;
2) медицина қызметкерлерімен қатынаста сыйластық пен сабырлылық көрсетуге;
3) диагноз қою және ауруды емдеу үшін қажетті бүкіл ақпаратты дәрігерге хабарлауға, медициналық араласуға келісім бергеннен кейін емдеуші дәрігердің барлық нұсқамаларын мүлтіксіз орындауға;
4) медициналық ұйымның ішкі тәртібінің қағидаларын сақтауға және мүлкіне ұқыпты қарауға, медициналық көмек алу кезінде медицина персоналымен ынтамақтастықта болуға;
5) диагностика мен емдеу процесінде, сондай-ақ айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар не оларға күдік пайда болған жағдайларда, өз денсаулығы жай-күйінің өзгерісі туралы медицина қызметкерлерін уақтылы хабардар етуге;
6) басқа пациенттердің құқықтарын бұзатын іс-әрекеттер жасамауға;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
2. Осы баптың 1-тармағының 2) - 4) тармақшаларында көрсетілген пациенттердің міндеттері науқас балаға стационарда күтім жасауды тікелей жүзеге асыратын ата-анасына немесе өзге де адамдарға қолданылады.
93-бап. Медициналық көмектен бас тарту құқығы
1 Осы Кодекстің 94-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, пациенттің немесе оның заңды өкілінің медициналық көмектен бас тартуға құқығы бар.
2. Медициналық көмектен бас тартқан кезде, пациентке немесе оның заңды өкіліне оған түсінікті түрде аурудың ықтимал салдарлары туралы түсіндірілуге тиіс.
3. Медициналық көмектен бас тарту, оның ықтимал салдарлары көрсетіле отырып, медициналық құжаттарға жазбамен ресімделеді және оған пациент не оның заңды өкілі, сондай-ақ медицина қызметкері қол қояды.
Пациент не оның заңды өкілі медициналық көмектен бас тартуға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, медициналық құжаттамаға бұл туралы тиісті жазбаны медицина қызметкері жүзеге асырады және оған қол қояды.
4. Кәмелетке толмаған адамның не әрекетке қабілетсіз адамның заңды өкілдері аталған адамдардың өмірін сақтап қалу үшін қажетті медициналық көмектен бас тартқан кезде, медициналық ұйым олардың мүдделерін қорғау үшін қорғаншы және қамқоршы органға және (немесе) сотқа жүгінуге құқылы.
94-бап. Азаматтардың келісімінсіз медициналық көмек көрсету
1. Азаматтардың келісімінсіз:
1) өз еркін білдіруге мүмкіндік бермейтін есеңгіреген, ес-түссіз жағдайдағы;
2) айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардан зардап шегуші;
3) психикасының ауыр түрде бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші;
4) психикасының бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші және қоғамға қауіпті әрекет жасаған адамдарға қатысты медициналық көмек көрсетуге жол беріледі.
2. Кәмелетке толмаған адамдарға және сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтарға қатысты медициналық көмек көрсетуге келісімді олардың заңды өкілдері береді. Заңды өкілдері болмаған кезде медициналық көмек көрсету туралы шешімді консилиум қабылдайды, ал консилиумды жинау мүмкін болмаған кезде - медициналық ұйымның лауазымды адамдарын және заңды өкілдерді кейіннен хабардар ете отырып, шешімді тікелей медицина қызметкері қабылдайды.
2010.29.12. № 375-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Азаматтардың келісімінсіз медициналық көмек көрсету осы баптың 1-тармағында көзделген негіздер жойылғанға дейін жалғастырылады.
95-бап. Дәрігерлік құпия
1. Медициналық көмекке жүгіну фактісі, азаматтың денсаулығының жай-күйі, оның ауруының диагнозы туралы ақпарат пен оны зерттеп-қарау және (немесе) емдеу кезінде алынған өзге де мәліметтер дәрігерлік құпияны құрайды.
2. Осы баптың 3 және 4-тармақтарында белгіленген жағдайлардан басқа, оқыту, кәсіптік, қызметтік және өзге де міндеттерді орындау кезінде дәрігерлік құпияны құрайтын мәліметтер белгілі болған адамдардың оларды жария етуіне жол берілмейді.
3. Дәрігерлік құпияны құрайтын мәліметтерді пациенттің немесе оның заңды өкілінің келісімімен пациентті зерттеп-қарау және емдеу мүддесіне орай, ғылыми-зерттеулер жүргізу, осы мәліметтерді оқыту процесінде және өзге де мақсаттарға пайдалану үшін басқа жеке және (немесе) заңды тұлғаларға беруге жол беріледі.
4. Дәрігерлік құпияны құрайтын мәліметтерді азаматтың немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз беруге мынадай жағдайларда:
1) өзінің жай-күйіне байланысты өз еркін білдіруге қабілетсіз азаматты зерттеп-қарау және емдеу мақсатында;
2) айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардың таралу қатері болған кезде;
3) тергеу немесе сот талқылауын жүргізуге байланысты анықтау және алдын ала тергеу органдарының, прокурордың, адвокаттың және (немесе) соттың сұратуы бойынша;
4) кәмелетке толмаған адамға немесе әрекетке қабілетсіз адамға медициналық көмек көрсету кезінде оның заңды өкілдерін хабардар ету үшін;
5) азаматтың денсаулығына зақым құқыққа қарсы әрекеттер салдарынан келтірілді деп есептеуге негіздер болған кезде жол беріледі.
5. Пациенттің рұқсатынсыз оның жеке өміріне қатысты жеке сипаттағы ақпаратты автоматтандырылған деректер базаларына енгізуге және пайдалануға жол берілмейді.
Жеке сипаттағы автоматтандырылған деректер базаларын пациенттердің жеке өміріне қатысты жеке сипаттағы ақпаратты пайдалану кезінде пациенттердің рұқсатынсыз, оларды басқа деректер базаларымен байланыстыратын желілерге қосуға жол берілмейді.
17-тарау. Адамның ұрпақты болу құқықтарын қорғау
96-бап. Азаматтардың ұрпақты болу құқықтарын қорғау саласындағы құқықтары мен міндеттері
1. Азаматтардың:
1) ұрпақты болуды еркін таңдауға;
2) ұрпақты болу денсаулығын сақтау және отбасын жоспарлау жөнінде көрсетілетін қызметтерді алуға;
3) өзінің ұрпақты болу денсаулығының жай-күйі туралы дәйекті және толық ақпарат алуға;
4) бедеуліктен емделуге, оның ішінде Қазақстан Республикасында рұқсат етілген, ұрпақты болудың қазіргі заманғы қосалқы әдістері мен технологияларын қолдана отырып емделуге;
5) жыныстық жасушалар донорлығына;
6) контрацепция әдістерін пайдалануға және еркін таңдауға;
7) хирургиялық стерилизациялануға;
8) жүктілікті жасанды түрде үзуге;
9) өзінің ұрпақты болу құқықтарын қорғауға;
10) балалардың санына және олардың некеде немесе некесіз тууының уақытына, туу аралығындағы ана мен баланың денсаулығын сақтау үшін қажетті аралық жиілікке қатысты шешімді ерікті түрде қабылдауға;
11) жыныстық жасушаларды сақтауға құқығы бар.
2. Кәмелетке толмаған адамдардың ұрпақты болу денсаулығын сақтауға, сондай-ақ имандылық-жыныстық тәрбие алуға құқығы бар.
3. Азаматтар өздерінің ұрпақты болу құқықтарын жүзеге асыру кезінде басқа азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауға міндетті.
97-бап. Әйелдердің жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі кезеңінде денсаулығын сақтау
1. Әйелдің жүктілік кезеңінде, босану кезінде және босанғаннан кейін, оның ішінде шарананы тірі туудың және өлі туудың халықаралық критерийлерімен айқындалатын мерзімінен бұрын босанғаннан кейін Қазақстан Республикасының аумағында рұқсат етілген әдістерді қолдана отырып, денсаулығын сақтауға және көмек алуға құқығы бар.
2. Жүкті, босанатын және босанған әйелдерге денсаулық сақтау жүйесі ұйымдарында медициналық, консультациялық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шегінде ұсынылады.
3. Жүктілік кезеңінде зерттеп-қарау, емдеу және медициналық араласу әйелдің немесе оның заңды өкілінің келісімімен ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
Зерттеп-қарауды, емдеуді және медициналық араласуды кешеуілдету әйелдің және баланың (шарананың) өміріне қауіп төндіретін жағдайларда зерттеп-қарауды, емдеуді және медициналық араласуды жүзеге асыру туралы шешімді дәрігер немесе дәрігерлік комиссия қабылдайды.
98-бап. Бедеуліктен емделу
1. Адамдардың денсаулық сақтау ұйымдарында, жекеше медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғаларда қауіпсіз және тиімді әдістермен, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға уәкілетті орган Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес рұқсат еткен, ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологияларын пайдалана отырып, олардың тиімділігі, қолданудың оңтайлы мерзімдері туралы, ықтимал асқынулар, медициналық және құқықтық салдарлары туралы толық әрі түбегейлі ақпаратты және олардың организмге әсер етуіне қатысты өзге де мәліметтерді міндетті түрде ала отырып, бедеуліктен емделуге құқығы бар.
2. Тіркелген, некеде тұрған адамдардың ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологияларын өзара келісім бойынша ғана пайдалануға құқығы бар.
Экстракорпоралдық ұрықтандыру жүргізуге арналған нұсқаулықты қараңыз
99-бап. Ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологиялары, клондау
1. Әйелдердің ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологияларына (жасанды инсеминацияға, жасанды ұрықтандыруға және эмбрионды имплантациялауға) құқығы бар.
2. Ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологияларын жүргізудің тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган айқындайды.
3. Жыныспен байланысты аурулардың тұқым қуалау мүмкіндігі жағдайларын қоспағанда, ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологияларын пайдалану кезінде болашақ баланың жынысын таңдауға жол берілмейді.
4. Адамның эмбрионын коммерциялық, әскери және өнеркәсіптік мақсаттар үшін алуға болмайды.
5. Қазақстан Республикасында адамды клондауға - генетикалық жағынан бірдей түрлерді өрбітіп-өсіруге тыйым салынады.
100-бап. Суррогат ана болу кезіндегі медициналық көмек
1. Суррогат ана болу суррогат ана (донорлық эмбрион енгізілгеннен кейін ұрықты көтеріп жеткізетін әйел) мен ықтимал ата-ана арасындағы шарт бойынша бала көтеруді және мерзімінен бұрын босану жағдайларын қоса алғанда, бала тууды білдіреді.
2. Медициналық-генетикалық зерттеп-қарау нәтижелерін қоса алғанда, психикалық, соматикалық және ұрпақты болу денсаулығының қанағаттанарлық жай-күйі туралы медициналық қорытынды алған жиырма жастан отыз бес жасқа дейінгі әйелдер суррогат ана бола алады.
3. Суррогат ананың, ықтимал ата-аналардың құқықтары мен міндеттері, баланың құқықтары және келісім-шарт жасасу тәртібі Қазақстан Республикасының неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы заңнамасымен реттеледі.
101-бап. Жыныстық жасушалар донорлығы және оларды сақтау
1. Он сегіз жастан отыз бес жасқа дейінгі, тәні мен психикасы сау, медициналық-генетикалық зерттеп-қараудан өткен азаматтардың жыныстық жасушалардың донорлары болуға құқығы бар.
2. Донорлардың өздерінің донорлық жыныстық жасушаларының кейінгі тағдыры туралы ақпаратқа құқығы жоқ.
3. Донорлықты жүргізудің және жыныстық жасушаларды сақтаудың тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган бекітеді.
102-бап. Контрацепцияны пайдалану
1. Азаматтардың контрацепция, оның ішінде медициналық контрацепция әдістері мен құралдарын таңдауға, сондай-ақ олардан бас тартуға құқығы бар.
2. Азаматтарға денсаулығының жай-күйін, жасын және өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, контрацепцияның қолайлы әдістері мен құралдарын жеке іріктеу жөніндегі медициналық көмек көрсетіледі.
103-бап. Хирургиялық стерилизациялау
1. Қаламаған жүктіліктің алдын алу әдісі ретінде хирургиялық стерилизациялау отыз бес жастан асқан немесе кемінде екі баласы бар азаматтарға қатысты, ал медициналық айғақтар мен кәмелеттік жастағы азаматтың келісімі болған жағдайда - жасына және балаларының бар-жоғына қарамастан жасалуы мүмкін.
2. Хирургиялық стерилизациялауды денсаулық сақтау ұйымдары, жекеше медициналық практикамен айналысатын, осы қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар жеке тұлғалар осы операцияның біржола жасалатыны туралы міндетті түрде алдын ала хабардар ете отырып, азаматтың жазбаша келісімі бойынша ғана жүргізеді.
3. Хирургиялық стерилизациялауды жүргізудің тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган бекітеді.
104-бап. Жүктілікті жасанды түрде үзу
1. Әйелдің жүктілікті жасанды түрде үзуге құқығы бар.
Жүктілікті жасанды түрде үзудің алдын алу мақсатында дәрігерлер моральдық-этикалық, психологиялық және физиологиялық теріс салдарларды, ықтимал асқынуларды түсіндіруге бағытталған әңгімелер өткізуге міндетті.
2. Жүктілікті жасанды түрде үзу әйелдің қалауы бойынша жүктіліктің он екі аптаға дейінгі мерзімінде, әлеуметтік айғақтар бойынша - жүктіліктің жиырма екі аптаға дейінгі мерзімінде, ал жүкті әйелдің және (немесе) шарананың өміріне қатер төндіретін медициналық айғақтар болған кезде (шарананың дамуы мен жай-күйінің өмірмен сыйыспайтын туа біткен кемістігі түзелмейтін монотектік генетикалық аурулар болған кезде) - жүктіліктің мерзіміне қарамастан жасалады.
3. Кәмелетке толмаған адамның жүктілікті жасанды түрде үзуі олардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің келісімімен жүргізіледі.
4. Емдеу-профилактикалық ұйымдарда әйелдің қалауы бойынша жүктілікті жасанды түрде үзуге дейін және одан кейін, контрацепция әдістері мен құралдарын жеке іріктеуді қоса алғанда, медициналық-әлеуметтік консультация өткізіледі.
5. Жүктілікті жасанды түрде үзудің тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган бекітеді.
18-тарау. Туберкулезбен ауыратын науқастарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсету
105-бап. Туберкулезбен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсету
1. Туберкулезбен ауыратын науқастар міндетті түрде медициналық байқауда болуға және емделуге жатады, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қажетті дәрілік заттармен қамтамасыз етіледі.
2. Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқастар міндетті түрде ауруханаға жатқызылып, емделуге және оңалтылуға тиіс.
106-бап. Азаматты туберкулездің жұқпалы түрімен ауырады деп танудың тәртібі
1. Азаматты туберкулездің жұқпалы түрімен ауырады деп тану зертханалық және аспаптық зерттеулердің нәтижелері ескеріле отырып, денсаулық сақтау ұйымының қорытындысы негізінде жүзеге асырылады.
2. Азаматты туберкулездің жұқпалы түрімен ауырады деп тану мақсатында медициналық зерттеп-қарауды жүргізу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
3. Туберкулездің жұқпалы түрімен ауырады деп танылған азамат денсаулық сақтау ұйымының шешіміне жоғары тұрған органға және (немесе) сотқа шағым жасай алады.
107-бап. Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын азаматтарды мәжбүрлеп емдеуге жіберудің негізі мен тәртібі
1. Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын азаматтарды мәжбүрлеп емдеу пациенттерді мамандандырылған туберкулезге қарсы ұйымдарда оқшаулау арқылы туберкулезге қарсы және симптомдық емдеуді қамтиды.
2. Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын азаматтарды мәжбүрлеп емдеуге олардың дәрігер тағайындаған емделуден медициналық құжаттамада тіркелген бас тартуы негіз болып табылады.
3. Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын және емделуден жалтаратын азаматтарды мәжбүрлеп емдеу туралы шешімді денсаулық сақтау органдарының (ұйымдарының) ұсынысы бойынша сот қабылдайды.
4. Әділет органдары қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемелерінен босатылған, туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын, ерікті емделуден жазбаша түрде бас тартқан азаматтарға соттың шешімімен мәжбүрлеп емдеу тағайындалады, бұл үшін түзеу мекемесінің әкімшілігі материалдарды босатылғанға дейін бір ай бұрын сотқа жібереді.
5. Мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы материалдарды олар келіп түскен күннен бастап бес күн мерзімде сот мәжбүрлеп емдеуге жіберілетін азаматтың және мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы ұсыныс енгізген денсаулық сақтау ұйымы немесе әділет органдарының қылмыстық-атқару жүйесі өкілінің қатысуымен қарайды.
6. Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын азаматты мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы сот шешімін орындау атқарушылық іс жүргізу органдарына жүктеледі.
108-бап. Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын, мәжбүрлеп емделуде жүрген науқастардың құқықтары
1. Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын, мәжбүрлеп емделуде жүрген науқастар Қазақстан Республикасы азаматтарының барлық құқықтарын туберкулезге қарсы мамандандырылған ұйымда болу режимін сақтау қажеттігіне байланысты шектеулермен пайдаланады.
2. Туберкулезге қарсы мамандандырылған ұйымға мәжбүрлеп емдеуге жіберу соттылыққа әкеп соқпайды.
3. Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын, мәжбүрлеп емдеуге жіберілген науқастың жұмыс орны сақталады.
4. Мәжбүрлеп емдеуде болу уақытында еңбек стажы үзілмейді және ол жалпы еңбек стажына есептеледі.
5. Мемлекеттік тұрғын үй қорының тұрғын үйінде тұратын, туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын, мәжбүрлеп емдеуге жіберілген науқастардың емдеуде болуының бүкіл уақыты ішінде тұрғын үйі сақталады.
109-бап. Туберкулезге қарсы мамандандырылған ұйымдарда туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқастарды емдеу және ұстау
1. Мәжбүрлеп емдеуге арналған туберкулезге қарсы мамандандырылған ұйымда туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқастарды емдеу және ұстау бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
2. Туберкулезге қарсы мамандандырылған ұйымдарда мәжбүрлеп емдеуді ұйымдастыру, сондай-ақ онда науқастардың болу режимі уәкілетті орган бекіткен тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқастарды мәжбүрлеп емдеу олардан туберкулездің микробактериялары бөлініп шығуы тоқтатылғанға дейін жалғастырылады, содан соң олар тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық жағдайда емдеуді жалғастыру үшін шығарылуға жатады.
Емдеуге қойылған талаптар сақталған жағдайда, туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқас консилиумның қорытындысы бойынша туберкулезге қарсы ұйымға ауыстырылады және онда қарапайым стационарлық жағдайда емделуді жалғастырады.
110-бап. Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқастарды мәжбүрлеп емдеу аяқталғаннан кейінгі медициналық байқау және емдеу
Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын, мәжбүрлеп емдеуде болған науқастар туберкулезге қарсы мамандандырылған ұйымнан шығарылғаннан кейін тұрғылықты жері бойынша туберкулезге қарсы ұйымда есепке тұруға және уәкілетті орган белгілеген тәртіппен туберкулездің жұқпалы түрімен аурудың қайталануын болғызбайтын ем алып тұруға міндетті.
111-бап. Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын адамдарға әлеуметтік көмек
Мәжбүрлеп емдеу аяқталғаннан кейін туберкулезге қарсы мамандандырылған медициналық ұйымнан шығарылған, туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқастарға жергілікті атқарушы органдар олардың еңбекке орналасуына және тұрмыстық жайласуына көмек көрсетеді.
19-тарау. Аитв инфекциясын жұқтырғандарға және житс-пен ауыратын
науқастарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсету
112-бап. АИТВ инфекциясының және ЖИТС-тың профилактикасы, диагностикасы және оны емдеу мәселелеріндегі мемлекет кепілдіктері
Мемлекет АИТВ инфекциясын жұқтырғандарға және ЖИТС-пен ауыратын науқастарға:
1) тегін негізде ерікті түрде жасырын және (немесе) құпия медициналық зерттеп-қараудың қолжетімділігі мен сапасына, динамикалық байқауды қамтамасыз етуге, психологиялық-әлеуметтік, заңдық және медициналық консультациялар беруге;
2) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шегінде медициналық көмекке және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге;
3) әлеуметтік және құқықтық қорғауға;
4) ауруының сипатына байланысты қандай да бір кемсітушілік нысандарына жол бермеуіне;
5) АИТВ инфекциясының анадан ұрыққа берілу қаупін азайту жөніндегі профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыруға кепілдік береді.
113-бап. АИТВ жұқтырған немесе ЖИТС-пен ауыратын адамдарды әлеуметтік қорғау
1. АИТВ жұқтырған немесе ЖИТС-пен ауыратын балалардың мектепте және басқа оқу орындарында оқуы қамтамасыз етіледі.
2. АИТВ жұқтырған немесе ЖИТС-пен ауыратын адамдарды жұмыстан шығаруға, жұмысқа, мектеп жасына дейінгі балалар мекемелеріне және оқу орындарына қабылдаудан бас тартуға, сондай-ақ олардың өзге де құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіруге, сол сияқты олардың туыстары мен жақындарының тұрғын үй және өзге де құқықтарына нұқсан келтіруге жол берілмейді.
3. АИТВ жұқтыру немесе ЖИТС ауруы медицина қызметкерлерінің және тұрмыстық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің өз міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан болған адамдардың өз өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтетуге құқығы бар.
114-бап. АИТВ инфекциясының профилактикасы
АИТВ инфекциясының профилактикасы жөніндегі іс-шаралар:
1) халықтың түрлі топтарына арналған нысаналы профилактикалық және білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру;
2) халықты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы АИТВ инфекциясы бойынша эпидемия жағдайы туралы және профилактика шаралары туралы хабардар ету;
3) халықтың түрлі топтары үшін ақпараттық материалдар әзірлеу және тарату;
4) АИТВ инфекциясының жыныстық қатынас және қан арқылы жұғуынан қорғау жөніндегі бағдарламаларды іске асыру;
5) сенім, жасырын тестілеу, психологиялық, заңдық және медициналық консультациялар беру пункттерін құру;
6) тері қабаттары бүтіндігінің бұзылуына байланысты халыққа қызметтер көрсету кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолымен жүзеге асырылады.
115-бап. АИТВ-ға зерттеліп-қаралу
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының және оралмандардың тегін негізде ерікті түрде жасырын және (немесе) құпия медициналық зерттеліп-қаралуға және АИТВ инфекциясы мәселелері бойынша консультациялар алуға құқығы бар.
2. АИТВ инфекциясының болуына міндетті құпия медициналық зерттеліп-қаралуға:
1) қанның, оның компоненттерінің, тіндердің және (немесе) ағзалардың (ағзалар бөліктерінің), жыныстық жасушалардың донорлары мен реципиенттері;
2) өздеріне қатысты денсаулық сақтау, прокуратура, тергеу және сот органдарының сұрау салуы негізінде АИТВ жұқтырғаны ықтимал деуге жеткілікті негіздер бар адамдар;
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен қағидаларға сәйкес клиникалық және эпидемиологиялық айғақтар бойынша адамдар жатады.
3. Қазақстан Республикасының аумағында тұрып жатқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар АИТВ-ның болуына зерттеліп-қаралудан жалтарған жағдайда Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге шығарып жіберіледі.
Қазақстан Республикасының аумағында дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитетті пайдаланатын шет мемлекеттердің дипломатиялық, өкілді және консулдық мекемелерінің қызметкерлері мен өзге де адамдары АИТВ-ның болуына зерттеліп-қаралудан тек өздерінің келісімдерімен ғана өтеді. Оларды зерттеп-қарау қажеттігі туралы ұсынысты уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен алдын ала келіседі.
4. Кәмелетке толмаған адамдар мен әрекетке қабілетсіз адамдарды куәландыру олардың заңды өкілдерінің келісімімен немесе олардың қалауы бойынша жүргізіледі.
5. Медициналық зерттеп-қарау кезінде АИТВ инфекциясын жұқтыру фактісін анықтаған денсаулық сақтау ұйымдары зерттеліп-қаралатын адамға алынған нәтиже туралы жазбаша түрде хабар беріп, өз денсаулығын және айналасындағылардың денсаулығын сақтауға бағытталған сақтық шараларын сақтау қажеттігі туралы ұғындырады, сондай-ақ емделуден жалтарғаны және басқа адамдарға жұқтырғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауаптылығы туралы ескертеді.
20-тарау. Психикасының бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші
адамдарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсету
116-бап. Психиатриялық көмек алуға жүгінудің еріктілігі
1. Психиатриялық көмек психиканың бұзылуының (ауруының) профилактикасын, азаматтардың психикалық денсаулығын зерттеп-қарауды, психикасының бұзылуының диагностикасын, психикасының бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші адамдарды емдеуді, оларға күтім жасауды және медициналық-әлеуметтік оңалтуды қамтиды.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, психиатриялық көмек адам ерікті түрде өтініш жасаған кезде оның жазбаша келісімімен көрсетіледі.
3. Кәмелетке толмаған адамға, сондай-ақ сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамға психиатриялық көмек осы Кодексте көзделген тәртіппен олардың заңды өкілдерінің келісімімен көрсетіледі.