Қазақстан Республикасында лотереяларды (мемлекеттік (ұлттық) лотереядан басқа) ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі мен оған қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 30 маусымдағы № 551 Қаулысы
Осы редакция 2011 жылғы 30 қарашада енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Қазақстан Республикасында лотереяларды (мемлекеттік (ұлттық) лотереядан басқа) ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі;
2) Қазақстан Республикасында лотереяларды (мемлекеттік (ұлттық) лотереядан басқа) ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасында лотереяларды (мемлекеттіктен (ұлттықтан) басқа) ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметті лицензиялау мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 8 шілдедегі № 939 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 34, 299-құжат);
2) «Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің аумақтық органдары - мемлекеттік мекемелерін қайта атау, Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 24 маусымдағы № 695 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 6-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 25, 328-құжат).
3. Осы қаулы ресми, жариялануға тиіс және 2007 жылғы 9 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 30 маусымдағы
551 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасында лотереяларды (мемлекеттік
(ұлттық) лотереядан басқа) ұйымдастыру мен өткізу
жөніндегі қызметті лицензиялау
ережесі
1. Осы ереже (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасында лотереяларды (мемлекеттік (ұлттық) лотереядан басқа) ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметті лицензиялау тәртібін айқындайды.
2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) заттай лотереялар - мүлік (ақшадан басқа) түрінде ұтыс шығатын және лотереяны өткізу ережелері мен шарттарына сәйкес ақшалай баламада тіркелген лотереялар;
2) ұтыс - лотерея билетіне немесе SМS-лотереядағы сандар комбинациясына лотереяның барлық жүлделік қорының немесе оның бөлігінің түсу фактісі, сондай-ақ лотерея билеті бойынша ұтып алынған, нақты қатысушының - ұтқан лотерея билеті иесінің меншігіне
өтетін мүлік;
3) ақшалай-заттай лотереялар - лотереяны өткізудің ережелері мен шарттарына сәйкес ақшалай баламада тіркелген ақша, мүлік (ақшадан басқа) түріндегі ұтысы бар лотереялар;
4) ақшалай лотереялар - ақша түріндегі ұтысы бар лотереялар;
5) лотерея жабдығы - лотерея ұйымдастыру мен өткізу үшін қажетті мамандандырылған техника жүйесі, оның ішінде лотерея билеттері туралы әртүрлі ақпараттар тіркеуге арналған электрондық терминалдар мен компьютерлер, лотерея тираждарын өткізуге арналған
компьютерлік техника мен жабдықтар;
6) лотерея билеті - лотереядағы ұтыстың оған түсу немесе түспеу фактісінің дұрыстығын кәміл айқындау үшін қажетті нақты бір лотерея (оның ішінде қорғау шараларының) шарттарының талаптарына сәйкес келетін және лотерея өткізу талаптарына, ережелері мен шарттарына сәйкес келетін ақпарат беруші;
7) лотерея - лотереяны ұйымдастырушы оның барысында лотереяға қатысушылар - лотерея билеттерінің меншік иелері арасында лотереяның жүлделік қорын ойнататын топтық немесе бұқаралық ойын, бұл ретте лотерея билеттерінің кейбіреуіне ұтыстың түсуі лотерея қызметінің барлық субъектілерінің еркі мен әрекетіне байланысты емес, тек қана кездейсоқтық іс болып табылады және ешкім әдейілеп қолдан жасай алмайды.
8) бір сәттік лотереялар - ұтыстың нәтижесі билет сатып алынғаннан кейін оны дереу тексеру жолымен айқындалатын лотереялар;
9) лотереяны ұйымдастырушы - лотереяларды (мемлекеттік (ұлттық) лотереядан басқа) ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар заңды тұлға;
10) лотереяның жүлделік қоры - лотереяға қатысушылар қалыптастыратын және лотереяның шарттары бойынша ұтыс ойынын өткізу арқылы лотереяға қатысушылар арасында бөлінетін мүліктің жиынтығы. Лотерея шарттарында жарияланатын және лотереяға қатысушылардың қаражатының таратылмаған бөлігін білдіретін лотереяның жүлделік қоры
лотерея ұйымдастырушының активі болып табылмайды және ол лотереяға қатысушыларға ұтыстарды төлеуден немесе беруден басқа мақсаттарға пайдаланыла алмайды. Жүлделік қор лотерея құрылтайшысының немесе ұйымдастырушысының меншігі болып табылмайды және оған олардың міндеттемелері бойынша өндіріп алу қолданылмайды;
11) ұтыс ойыны - оның барысында қатысушысының билетіне ұтыстың түсу немесе түспеу фактісі белгіленетін лотерея рәсімі. Бұл рәсім лотерея жабдығын пайдаланып өткізіледі, ұтысты кездейсоқ айқындау қағидатына негізделген және оның көмегімен ұтқан лотереяға
қатысушылар мен осы қатысушыларға төлеуге, беруге немесе ұсынуға тиісті ұтқан қатысушылар айқындалады;
12) тираждық лотереялар - өткізу үдерісі билеттерді сатуға шығарудан бастап осы билеттер бойынша жалпы ұтыс ойынын өткізуге және ұтыстарды беруге дейін циклы бар тиражға бөлінетін лотереялар;
13) лотереяға қатысушылар - жүлделік қордың ұтыс ойынында қатысуға құқық беретін лотерея билеті бар жеке тұлғалар немесе SМS-лотереяға қатысу үшін сандар комбинациясын сатып алған жеке тұлға;
14) электрондық лотереялар - лотерея билеттерін шығару мен сату «он лайн» режимінде электрондық желі бойынша жүргізілетін лотереялар. Электрондық лотереялар өткізген кезде мамандандырылған электрондық терминалдар мен компьютерлер жүйесі пайдаланылады, оның
көмегімен қатысушы нәтижелері лотерея билетінде көрсетілетін әртүрлі ставкалар, болжамдар жасайды. Лотерея тиражын өткізгеннен кейін айқындалады ойын комбинациясының ұтысты немесе ұтысты емес болып табылғандығы анықталады;
15) SМS-лотереялар - лотереяға қатысушы тиісті ұялы байланыстың операторының желісіне қосылған қалта телефонынан сандар комбинациясынан тұратын қысқаша хабар (SМS) жіберу жолымен лотереяға қатысу үшін әртүрлі ставканы жүзеге асыратын лотереялар.
Лотерея тиражын өткізгеннен кейін ойын комбинациясының ұтысты немесе ұтысты емес болып табылғандығы анықталады.
3. Ұтыс түрлеріне байланысты лотереялар заттай, ақшалай және ақшалай-заттай болып бөлінеді. Өткізу үдерісі мен нысанына қарай лотереялар бір сәттік, тираждық, электрондық және SМS-лотереялар болып бөлінеді.
4. Қазақстан Республикасының аумағында лотереяларды (мемлекеттік (ұлттық) лотереядан басқа) ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметті лицензиялауды (бұдан әрі - лицензиялау) Қазақстан Республикасында лотереяларды (мемлекеттік (ұлттық)
лотереядан басқа) ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына лицензия алған заңды тұлғалардың тізілімін жүргізетін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті жүзеге асырады.
Лицензиялардың тізілімінде мынадай мәліметтер көрсетілуге тиіс:
лицензиардың атауы;
лицензияның берілген күні және нөмірі;
заңды тұлғаның атауы және ұйымдық-құқықтық нысаны, орналасқан жері;
қызмет түрі;
лицензияның қолданылу мерзімі;
салық төлеушінің тіркеу нөмірі;
төлем тапсырмасының нөмірі және лицензиялық алымның төленген күні;
лицензияны қайта ресімдеудің негіздемесі және күні;
лицензияның қолданылуын тоқтата тұрудың, жаңартудың негіздемелері және күндері;
лицензияның қолданысын тоқтатудың негіздемесі және күні.
5. Лицензия алу үшін мынадай құжаттар қажет:
1) өтініш;
2) жарғының және өтініш берушінің мен заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмелері;
3) өтініш берушінің салық органында есепке тұрғаны туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
4) қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжат;
5) өтініш берушінің осы Ережеде белгіленген біліктілік талаптарына сай келетіндігін растайтын құжаттар:
өтініш беруші куәландырған лотереяларды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі нұсқаулықтың және әдістемелік материалдың бар екендігін растайтын құжаттар;
лотереяларды ұйымдастыру және өткізу үшін қажет өзінің немесе жалға алынған материалдық-техникалық базаның бар екендігін растайтын құжаттар;
лотерея жабдықтарының бар екендігін растайтын құжаттар;
лотерея билеттерінің жасалуын, олардың сапасы мен қолдан жасаудан қорғаныш дәрежесін растайтын құжаттар, лотерея билеттерінің үлгілері.
6. Лицензия беруі үшін лицензиарға ұсынылған барлық құжаттар көшірмесі лицензиардың құжаттарды қабылдаған күні туралы белгі мен өтініш берушіге жіберілетін (табысталатын) тізімдеме бойынша қабылданады.
7. Лицензияны лицензиар осы Ережеде белгіленген тиісті құжаттармен қоса өтініш берілген күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
8. Қазақстан Республикасында лотереяларды (мемлекеттік (ұлттық) лотереядан басқа) ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметпен айналысуға арналған лицензия бас лицензия болып табылады.
9. Егер лицензиар белгіленген мерзімде өтініш берушіге лицензия бермеген не өтініш берушіні лицензия беруден бас тарту себебі туралы жазбаша хабардар етпеген жағдайда, онда осы Ережеде лицензия беру үшін белгіленген мерзімдер өткен күннен бастап бес
жұмыс күні өткен соң өтініш беруші тиісті лицензиарды өтініш берген қызмет түрін жүзеге асыра бастағаны туралы жазбаша хабардар етеді.
Лицензиар өтініш берушінің жазбаша хабарламасын алған сәттен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш беруші жазбаша хабарламада көрсеткен күннен бастап лицензия беруге міндетті.
10. Жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығына лицензиялық алым «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес лицензияларды (лицензиялардың телнұсқасын) берген кезде алынады.
11. Егер:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында субъектілердің осы санаты үшін қызмет түрімен айналысуға тыйым салынған;
2) осы Ережеге сәйкес талап етілетін барлық құжат табыс етілмеген жағдайда лицензия беруден бас тартылуы мүмкін. Өтініш беруші көрсетілген кедергілерді жойған кезде өтініш жалпы негіздерде қаралады;
3) қызмет түріне лицензия беруге өтініш берілген жағдайда жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығына лицензиялық алым енгізілмеген;
4) өтініш беруші біліктілік талаптарына сай келмеген;
5) өтініш берушіге қатысты оған жекелеген қызмет түрімен айналысуға тыйым салатын заңды күшіне енген сот үкімі болған жағдайларда лицензия беруден бас тартылуы мүмкін.
12. Лицензиар осы Ереженің 7-тармағында белгіленген мерзім ішінде лицензия беруге не лицензияны беруден бас тарту себептері туралы жазбаша түрде дәлелді жауап беруге міндетті.
13. Егер лицензия осы Ережеде белгіленген мерзімде берілмесе немесе лицензия беруден бас тарту өтініш берушіге негізсіз болып көрінсе, ол осы іс-әрекетке Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.
14. Лицензияның қолданылуы мынадай жағдайларда:
1) лицензияның берілген мерзімі аяқталғанда;
2) жүзеге асырылуына лицензия берілген қызметті іс-әрекеттер (операциялар) толық көлемде жасалғанда;
3) лицензия алып қойылғанда;
4) заңды тұлға таратылғанда бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құрылу нысанындағы қайта ұйымдастырылуды қоспағанда, заңды тұлға қайта ұйымдастырылғанда;
5) лицензия ерікті түрде қайтарылғанда;
6) лицензияланатындардың тізбесінен жекелеген қызмет түрін алып тастағанда жағдайларда тоқтатылады;
Лицензия қолданылуын тоқтатылған кезде лицензиат он жұмыс күні ішінде лицензиарға лицензияны қайтаруы міндетті.
15. Лицензиясы жоғалған, бүлінген жағдайда лицензиат лицензияның телнұсқаларын алуға құқылы.
Лицензияның жоғалған, бүлінген бланкілері лицензиат лицензиарға жазбаша өтініш (лицензияның жоғалған, бүлінген фактісін растайтын құжаттармен қоса) берген күннен бастап жарамсыз деп саналады.
Лицензиар өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жаңа нөмір бере отырып және жоғары оң жақ бұрышында «Телнұсқа» деген жазуы бар лицензияның телнұсқаларын береді.
16. Заңды тұлға бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құрылу нысанында қайта ұйымдастырылған, атауы, сондай-ақ қызмет түрінің атауы өзгерген кезде, егер мұндай өзгеріс қызмет түрі шеңберінде орындалатын операциялардың мәнінің өзгеруіне әкеп соқпаса, ол отыз күнтізбелік күн ішінде көрсетілген мәліметтерді растайтын тиісті
құжаттармен қоса, лицензияны қайта ресімдеу туралы өтініш беруге міндетті.
Лицензиат тиісті жазбаша өтініш берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде лицензиар лицензияны қайта ресімдейді.
17. Лотерея ұйымдастырушы лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру, одан айыру Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
18. Лицензиар лицензиялық бақылауды лицензиат қызметіне тексерулер мен әрбір лотерея түрі бойынша мынадай ақпаратты қамтитын жыл сайынғы есеп негізінде жүзеге асырады:
лотерея атауы және түрі, лотерея билетінің құны (теңге), жүлде қорының шамасы (%), есепті кезеңнің басындағы сатылатын лотерея билеттерінің саны, есепті кезең ішінде сатуға шығарылған лотерея билеттерінің саны, есепті кезеңнің аяғындағы сатылатын лотерея билеттерінің қалдығы, есепті кезеңде өткізілген лотерея билеттері бойынша төленген жүлделік қордың барлығы (теңге).
Лицензиат лицензиарға лицензияланатын қызмет бойынша есепті есептіден кейінгі жылдың 1 ақпанына тапсырады.
19. Лицензиаттардың қызметін тексеруді ұйымдастыру және жүргізу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 30 маусымдағы
№ 551 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасында лотереяларды (мемлекеттік (ұлттық)
лотереядан басқа) ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметке
қойылатын біліктілік талаптары
1. Өтініш берушіге қойылатын біліктілік талаптары:
1) лотереяларды ұйымдастыру және өткізу жөнінде нұсқаулық және әдістемелік материалдың болуы;
2) лотереяларды ұйымдастыруға мен өткізуге қажетті меншікті немесе жалға алған материалдық-техникалық базасының:
лотерея билеттерін, заттай ұтыстарды (SМS - лотереяларды қоспағанда) сақтауға арналған үй-жайдың;
лотерея билеттерін (SМS - лотереяларды қоспағанда) сатудан алынған ақшалай қаражатты сақтауға арналған үй-жайдың;
лотереяларды өткізуге қажетті лотереялық жабдықтардың болуы;
3) лотерея билеттерінің сапасын және қолдан жасаудан қорғаныш дәрежесін растайтын лотерея билеттерінің үлгілерінің болуы.
2. Нұсқаулық және әдістемелік материалдар мынадай мәліметтерді қамтуға тиіс:
лотерея түрінің сипаттамасы;
лотереяны ұйымдастыру технологиясының сипаттамасы;
лотереяның жүлделік қорын қалыптастыру мен бөлудің тәртібі;
шығарылған лотерея билеттерінің жалпы сомасы;
лотерея билеттерінің саны, олардың нөмірленуі;
ойын аяғына дейінгі тұрақты сома бойынша әрбір түрдегі бір лотерея билетінің теңгедегі құны;
заттай ұтыстардың атауы, олардың саны мен құны;
ұтыстардың саны мен сомасы;
егер сатылған билеттердің саны немесе басқа жағдайлар оның өткізілуіне мүмкіндік бермесе, лотерея билеттерінің иелеріне (бір сәттік лотерея билеттерінің иелерінен басқа) сомаларды қайтару тәртібі;
лотереяға қатысушыларды ұтыс ойындарына қатысудың мерзімдерін көрсете отырып ұтыстарды алудың негізгі ережелері мен нәтижелері туралы хабар дар ету тәртібі;
ұтыстарды алу тәртібі мен мерзімі;
заттай ұтыстардың иелеріне ұтысты олардың қалауы бойынша ақшалай баламада алу құқығын беру;
сатуға шығарылатын билеттердің, сатылғандары мен сатылмағандарының есебін жүргізу, сондай-ақ ұтыс ойынын ұрланған билеттердің қатысуын болдырмау тәртібі;
лотерея билеттерін тиісті сақтау және тасымалдау тәртібі;
сатылмаған билеттерді кәдеге жарату (жою, басқа тираждарда пайдалану) тәртібі;
алынбаған ұтыстарды сақтау және ұтыстарды алу мерзімі аяқталғаннан кейін оларды талап ету тәртібі;
лотереяның өткізілетін мерзімі мен орнын оның ұйымдастырушысы лицензиялайтын органмен келісім бойынша айқындайды.