Отбасы үлгiсіндегі балалар ауылы және жасөспiрiмдер үйлерi туралы
2000 ж. 13 желтоқсандағы № 113-ІІ Қазақстан Республикасының Заңы
(2009.11.07. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2011 жылғы 26 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң жетiм балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың отбасында тұрып, тәрбиелену құқықтарын қанағаттандыру, сондай-ақ оларға имандылық-рухани, еңбек тәрбиесi мен білім берудi жан-жақты қамтамасыз ету мақсатында құрылатын отбасы үлгiсіндегі балалар ауылдарының және Жасөспiрiмдер үйлерiнiң құқықтық жағдайын айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңмен реттелетiн қатынастар
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Осы Заң жетiм балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың отбасы үлгiсіндегі балалар ауылдары мен Жасөспiрiмдер үйлерiнде бағып-күтiлуiне, тәрбиеленуiне, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім берумен қамтамасыз етiлуiне байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi.
2. Осы Заңмен реттелмеген қатынастарға өзге нормативтiк құқықтық актiлердiң нормалары қолданылады.
2-бап. Қазақстан Республикасының отбасы үлгiсіндегі балалар ауылдары және Жасөспiрiмдер үйлерi туралы заңдары
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының отбасы үлгiсіндегі балалар ауылдарында және Жасөспiрiмдер үйлерiнде тәрбиеленушi-балалардың бағып-күтiлуiн, тәрбиеленуiн, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім берумен қамтамасыз етiлуiн реттейтiн заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.
2. Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады және халықаралық шартқа орай оның қолданылуы үшiн Қазақстан Республикасының Заңын шығару талап етiлетiн жағдайлардан басқа реттерде тiкелей қолданылады.
3-бап. Осы Заңның негiзгi принциптерi мен мiндеттерi
1. Осы Заң адамгершiлiк, әдiлеттілік, адамның еркiн дамуы, тәрбиеленушiлердiң құқықтары мен заңды мүдделерiн басымдылықпен қорғау, балалар ауылы және Жасөспiрiмдер үйлерi отбасы мүшелерiнiң өзара көмек және қолдау көрсету принциптерiне негiзделедi.
2. Осы Заң балалар үйлерiн кезең-кезеңiмен балалар ауылдарына айналдыруға және елде отбасы үлгiсіндегі балалар ауылдары мен Жасөспiрiмдер үйлерiн құруға бағытталған, олардың қызметi мынадай мiндеттердiң орындалуын қамтамасыз етуге тиiс:
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) тәрбиеленушiлердiң бағып-күтiлуi, тәрбиеленуi, олардың бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім алуы үшiн, соның iшiнде олардың дене бiтiмi, психикалық, имандылық және рухани дамуына әсер ететiн жағдайлар жасау;
2) тәрбиеленушiлердiң медициналық-психологиялық оңалуын және әлеуметтiк бейiмделуiн қамтамасыз ету;
3) тәрбиеленушiлердiң денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету, олардың психофизикалық жай-күйiн нығайту және профилактикалық шаралар жүргiзу;
4) тәрбиеленушiлерге еңбек ету дағдыларын сiңiру, еңбек рыногында талап етiлетiн кәсiптерге оқытып-үйрету;
5) тәрбиеленушiлерге болашақ кәсiбiн дұрыс таңдауға және жұмысқа орналасуына жәрдемдесу.
2-тарау. Балалар ауылы тәрбиеленушілерінің құқықтары
4-бап. Балалар ауылының тәрбиеленушi-балалары
Балалар ауылының тәрбиеленушi-балалары (тәрбиеленушiлер):
1) жетiм балалар - ата-анасының екеуi де немесе жалғызiлiктi шешесi (әкесi) қайтыс болған 18 жасқа дейiнгi балалар;
2) ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар ата-аналарының ата-ана құқығы шектелуiне немесе ата-ана құқығынан айырылуына, ата-аналары хабар-ошарсыз кеткен деп танылуына, олар қайтыс болған деп жариялануына, iс-әрекетке қабiлетсiз (iс-әрекет қабiлетi шектеулi) деп танылуына, ата-аналарының бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүруiне, ата-аналарының балаларын тәрбиелеуден немесе олардың құқықтары мен мүдделерiн қорғаудан жалтаруына, соның iшiнде ата-аналардың тәрбиелеу немесе емдеу мекемелерiнен өз балаларын алудан бас тартуына байланысты, сондай-ақ ата-ана қамқорлығы болмауының өзге де жағдайларында жалғызiлiктi шешесiнiң (әкесiнiң) немесе ата-анасының екеуiнiң де қамқорлығынсыз қалған 18 жасқа дейiнгi балалар.
5-бап. Тәрбиеленушiнiң балалар ауылы отбасында тұру және тәрбиелену құқығы
1. Әрбiр тәрбиеленушi өзi он сегiз жасқа толғанға дейiн балалар ауылы отбасында тұруға және тәрбиеленуге құқылы.
2. Тәрбиеленушiнiң:
1) өзiнiң адамдық қадiр-қасиетiнiң құрметтелуiне;
2) тәрбиешi-ана тарапынан қамқорлық көруiне және онымен бiрге тұруға;
3) тәрбиешi-ана және балалар ауылы әкiмшiлiгi тарапынан қиянат жасалуынан қорғалуға құқығы бар.
6-бап. Тәрбиеленушiнiң өз пiкiрiн бiлдiру құқығы
1. Тәрбиеленушi отбасында өзiнiң мүдделерiне қатысты кез келген мәселенi шешу кезiнде өз пiкiрiн бiлдiруге құқылы.
2. Тәрбиеленушi өзiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiне қатысты кез келген сот iсiн немесе әкiмшiлiк iстi қарау барысында сөзiн тыңдатуға құқылы.
Жасы онға толған тәрбиеленушi пiкiрiнiң, бұл оның мүдделерiне қайшы келетiн реттердi қоспағанда, ескерiлуi мiндеттi.
Тәрбиеленушiнiң пiкiрi:
1) тәрбиешi-ана білім беру мекемесiн және оқыту нысанын таңдаған кезде;
2) тәрбиешi-ана отбасылық тәрбие мен білім беруге қатысты мәселелердi шешкен кезде;
3) сот баланы тәрбиешi-анадан өз ата-анасына қайтару туралы олардың талаптарын қараған кезде;
4) сот баланың ата-анасының ата-ана құқықтарын қалпына келтiру туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тартқан жағдайда;
5) сот баланың ата-анасының ата-ана құқықтарын шектеудiң күшiн жою туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тартқан жағдайда ескерiледi.
7-бап. Тәрбиеленушiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауға құқығы
1. Балалар ауылының тәрбиеленушiсiнiң өз құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауға құқығы бар.
Тәрбиеленушiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды балалар ауылының әкiмшiлiгi, қорғаншы және қамқоршы орган, прокурор және сот жүзеге асырады.
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Балалар ауылы тәрбиеленушiсiнiң балалар ауылының әкiмшiлiгi, сондай-ақ тәрбиешi-ана тарапынан қиянат жасалуынан қорғалуға құқығы бар.
Тәрбиеленушiнiң құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған, соның iшiнде балалар ауылының әкiмшiлiгi, сондай-ақ тәрбиешi-ана оны бағып-күту, тәрбиелеу, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім алу жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі мiндеттерiн орындамаған немесе дұрыс орындамаған не олар өз құқықтарын асыра пайдаланған жағдайда, бала өз құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қорғаншы және қамқоршы органға, ал он төрт жасқа толғаннан кейiн - сотқа өз бетiнше өтiнiш жасауға құқылы.
3. Баланың өмiрiне немесе денсаулығына қатер төнгенi туралы, оның құқықтары мен заңды мүдделерiнiң бұзылғандығы туралы мәлiм болған ұйымдардың лауазымды адамдары және өзге де азаматтар бұл жөнiнде баланың нақты орналасқан жеріндегі қорғаншы және қамқоршы органға хабарлауға мiндеттi. Мұндай мәлiметтердi алған жағдайда қорғаншы және қамқоршы орган балалар ауылы тәрбиеленушiсiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөнiнде қажеттi шаралар қолдануға мiндеттi.
8-бап. Тәрбиеленушiнiң тұрғын үйге құқығы
1. Тәрбиеленушi балалар ауылында болған бүкiл кезеңде мемлекеттік тұрғын үй қоры үйлеріндегі тұрғын үйдi жекешелендiрген жалдаушының отбасындағы басқа мүшелерiмен бiрге ортақ бiрлескен меншiкке құқығын сақтайды. Ортақ бiрлескен меншiктегi, соның iшiнде балалар ауылы тәрбиеленушiсiнiң ортақ бiрлескен меншiгіндегі жекешелендiрiлген тұрғын үйдi иелiктен айыруға тек барлық меншiк иелерiнiң келісімiмен ғана жол берiледi. Тәрбиеленушiнiң атынан мұндай тұрғын үй-жайды иелiктен айыру жөніндегі мәмiленi жасауға келісімдi қорғаншы және қамқоршы орган бередi.
2. Ата-аналарынан, туыстарынан немесе басқа адамдардан өзiне мұрагерлiк немесе сыйға тарту тәртібімен және басқа да заңды негiзде ауысқан жекешелендiрiлген тұрғын үйге меншiк құқығы бар тәрбиеленушi балалар ауылында болған барлық кезеңде оған құқығын сақтайды.
3. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан алынған тұрғын үй тәрбиеленушiге ол балалар ауылында болған барлық уақыт iшiнде сақталады.
4. Тұрғын үйi жоқ тәрбиеленушi балалар ауылында болуы аяқталғаннан кейiн, Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңдарына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға құқылы.
9-бап. Тәрбиеленушiнiң мүлiкке құқығы
Тәрбиеленушiнiң:
1) өзi сыйға тарту, мұрагерлiк тәртібімен және басқа заңды негiзде алған мүлiкке;
2) банк салымынан проценттер түрiнде алынған табыстарға;
3) өзiне тиесiлi тұрғын үйдi жалға беруден алынған табыстарға;
4) шығармашылық, кәсiптiк, еңбек және өзге де қызметтен түскен табыстарға меншiк құқығы сақталады.
2009.11.07. № 185-IV ҚР Заңымен 10-бап өзгертілді (жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
10-бап. Тәрбиеленушiнiң әлеуметтiк төлемдерге құқығы
1. Тәрбиеленушiнiң ата-аналарынан алынатын өзiне тиесiлi алиментке, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жәрдемақылар мен басқа да төлемдерге құқығы бар.
2. Балалар ауылында тұратын тәрбиеленушiнi бағып-күтуге ата-аналарынан өндiрiп алынатын қаражат, оған тағайындалған жәрдемақылар мен басқа да төлемдер банктердегi банк шоттарына тәрбиеленушiнiң атына аударылуға тиiс.
3-тарау. Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы (балалар ауылы)
11-бап. Балалар ауылындағы отбасы
1. Балалар ауылындағы отбасы - балаларды тәрбиелеудiң жаңа нысанынан туындайтын, отбасылық қатынастарды нығайтуға және еңбек дағдыларын сiңiруге, оқыту мен тәрбиелеуге жәрдемдесуге бағытталған жеке мүлiктiк емес құқықтармен және мiндеттермен байланысты адамдар тобы.
2. Балалар ауылында балаларды бағып-күтудi және тәрбиелеудi білім беру мәселелерi жөніндегі уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен конкурстық iрiктеуден өткен тәрбиешi-ана отбасында жүзеге асырады.
3. Балалар ауылындағы отбасы туралы ереженi Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi.
12-бап. Балалар ауылының құқықтық мәртебесi
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
1. Балалар ауылы - тәрбиеленушi балалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету және осы Заңмен белгiленген функцияларды орындау үшiн коммерциялық емес ұйым ұйымдастырушылық-құқықтық нысанында құрылатын заңды тұлға.
Мемлекет Қазақстан Республикасының Yкіметі мен жергiлiктi атқарушы органдар арқылы балалар ауылының құрылтайшысы бола алады.
2. Балалар ауылының оқшауланған аумағы болады, оның ең аз көлемiн, онда орналасқан пәтер үлгiсіндегі тұрғын үй-жайларды, әкiмшiлiк үйлер мен отбасыларының тұруына арналған ғимараттарды, сондай-ақ үй іргесіндегі және қосалқы (үй) шаруашылықты қоса, Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлейдi.
3. Балалар ауылы, әрқайсысында жасы он сегiзге дейiнгi жетiден он тәрбиеленушi балаға дейiн тұратын және тәрбиеленетiн бiрнеше отбасынан, сондай-ақ белгiлi бiр кезеңде жасы 23-ке дейiнгi балалар үйлерiнiң түлектерi мен балалар ауылының тәрбиеленушiлерi тұруға арналған Жасөспiрiмдер үйлерiнен тұрады.
4. Балалар ауылы, әдетте, шағын және орташа қалаларда, селолық елдi мекендер мен iрi қалалар маңындағы аймақтарда орналасады.
13-бап. Балалар ауылының қызметiн басқару
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
1. Балалар ауылының қызметiн басқаруды балалар ауылының құрылтайшысы оның Жарғысына сәйкес тағайындайтын әкiмшiлiк жүзеге асырады.
2. Балалар ауылы әкiмшiлiгiнiң негiзгi қызметiне:
1) балалар ауылының жұмыс iстеуiне қалыпты жағдай жасау және Жасөспiрiмдер үйлерiнiң материалдық-техникалық базасын қамтамасыз ету;
2) оқу-тәрбие процесiне басшылық жасау;
3) балалар ауылының инфрақұрылымын жетiлдiру;
4) балалар ауылына келiп түскен қаражатты материалдық қамтамасыз ету нормаларына сәйкес тәрбиешi-аналардың арасында бөлу;
5) тәрбиешi-аналардың, Жасөспiрiмдер үйлерi директорларының ай сайынғы қаржы есептерiн қабылдау және талдау жатады.
3. Балалар ауылының әкiмшiлiгi туралы ереженi білім беру мәселелерi жөніндегі уәкiлеттi орган бекiтедi.
14-бап. Тәрбиешi-анаға қойылатын талаптар
1. 30 жасқа толған, тиiстi білімi бар, некеге тұрмаған және өзiнiң туған не асырап алған балалары (қыздары) жоқ Қазақстан Республикасының азаматшасы:
1) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп таныған адамдарды;
2) сот ата-ана құқығынан айырған немесе сот арқылы ата-ана құқығы шектелген адамдарды;
3) өзiне заңмен жүктелген мiндеттердi дұрыс орындамағаны үшiн қорғаншы (қамқоршы) мiндеттерiнен шеттетiлгендердi;
4) бұрынғы бала асырап алушыларды, егер өздерiнiң кiнәсiнен олардың бала асырап алушылығы жағдайын сот жойған болса;
5) соттылығы бар адамдарды;
6) денсаулық жағдайына қарай бала тәрбиелеу жөніндегі мiндеттердi жүзеге асыра алмайтын адамдарды қоспағанда, тәрбиешi-ана бола алады. Адамның тәрбиелеуге бала қабылдап алуға болмайтын аурулары тiзбесiн Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлейдi.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2. Бiлiм беру мәселелерi жөніндегі уәкiлеттi орган тәрбиешi-аналардың біліктілік санаттарын әзiрлейдi және белгiлейдi.
3. Тәрбиеленушi-балалардың мүдделерiн неғұрлым толығырақ қамтамасыз ету үшiн қорғаншы және қамқоршы органдарда балалар ауылының тәрбиешi-аналарына кандидаттар арасынан резервтегi тәрбиешi-аналар болуы мүмкiн.
15-бап. Балаларды балалар ауылы отбасына iрiктеу
1. Балаларды балалар ауылы отбасына iрiктеудi балалар ауылы әкiмшiлiгi өкiлiнiң қатысуымен, қорғаншы және қамқоршы органдардың жолдамасы негiзiнде тәрбиешi-ана жүзеге асырады.
2. Балаларды балалар ауылы отбасына iрiктеген кезде қорғаншы және қамқоршы органдар оған мұрагерлiк, сыйға тарту тәртібімен немесе басқа да заңды негiздер бойынша берiлген мүлiктiң бар екендiгiн анықтауға және балалардың мүлiкке құқығын қорғаудың және осы мүліктi сақтаудың тиiстi шараларын қолдануға мiндеттi (заң бойынша балаларға мұрагерлiкке өтуге тиiс мүлiктi анықтау, сақтау және басқару; мүлiктi заңсыз иеленген адамнан оны талап ету; борышқорлардан ақшаны өндiрiп алу және басқалары).
3. Егер балалар ауылына берiлген балалардың басқа жерде тұрған мүлкi болса, онда бұл мүлiктi қорғауды мүлiк тұрған жердегi Қорғаншы және Қамқоршы орган жүзеге асырады және қажет болған жағдайда олар мүлiкке қорғаншы тағайындауы мүмкiн.
4. Балалардың мүлiктi басқаруға қажеттi ақшаларынан басқа, ақшалай сомалары мен бағалы қағаздары (егер осылай ету талап етiлсе) банкке салынады және есепшоттың бар екендiгi туралы құжаттар тәрбиешi-анаға берiлiп, балалар ауылының әкiмшiлiгiнде сақталады.
16-бап. Балаларды балалар ауылы отбасына берудiң тәртібі
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Балаларды отбасында бағып-күту, тәрбиелеу, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім берумен қамтамасыз ету тәрбиешi-ана мен қорғаншы және қамқоршы орган арасында жасалған балаларды беру туралы шарт негiзiнде жүзеге асырылады. Балаларды балалар ауылы отбасына беру туралы үлгi шартты білім беру мәселелерi жөніндегі уәкiлеттi орган бекiтедi.
2. Балаларды отбасына берген кезде қорғаншы және қамқоршы орган олардың мүдделерiн басшылыққа алады.
Балаларды отбасына беру олардың пiкiрi және тәрбиешi-аналардың тiлегi ескерiле отырып жүзеге асырылады. Он жасқа толған балалар, балалар ауылы отбасына, олардың келісімiмен берiлуi мүмкiн.
Балалар ауылы отбасына берген кезде балалардың мүддесiне орай олардың этникалық шығу тегi, белгiлi бiр дiндi және мәдениеттi ұстанатындығы, ана тілі, тәрбие мен білім беруде сабақтастықты қамтамасыз етудiң мүмкiндiктерi ескерiлуге тиiс.
3. Бiрге туған ұл-қыздар, медициналық не басқа да себептермен бiрге тәрбиеленуге болмайтын жағдайларды қоспағанда, бiр отбасына берiлуге тиiс.
4. Балалар ауылына берiлетiн әрбiр балаға арнап қорғаншы және қамқоршы органдар тәрбиешi-аналарға мынадай құжаттар тапсырады:
1) тууы туралы куәлiк;
2) денсаулығы туралы анықтама және баланың сырқаты тарихынан үзiндi көшiрме;
3) анасының денсаулығы және оның босану жағдайы туралы анықтама (бала перзентханадан, босану бөлiмшесiнен берiлген жағдайда);
4) білімi туралы құжат (мектеп жасындағы балалар үшін);
5) ата-аналары туралы құжаттар (қайтыс болғандығы туралы куәлiктiң көшiрмесi, соттың үкімі немесе шешiмi, ата-аналарының сырқаты, оларға iздестiру туралы анықтама және ата-аналарының жоқтығын немесе олардың өз балаларын тәрбиелеуi мүмкiн еместiгiн растайтын басқа да құжаттар);
6) ағасы, iнiсi, апасы, сiңлiсi, қарындасы бар екендiгi және олардың тұрғылықты жерi туралы анықтама;
7) балаға тиесiлi мүлiктiң тiзiмдемесi және оның сақталуы үшiн жауапты адамдар туралы мәлiметтер;
8) бұрыннан тұрып келген тұрғын үй алаңын кәмелетке толмағандарға бекітіп беру туралы құжаттар;
9) алимент өндiрiп алу туралы сот шешiмiнiң көшiрмесi, сондай-ақ жәрдемақыға, зейнетақыға және басқа да әлеуметтiк төлемдерге құқығын растайтын құжаттар;
10) банк мекемесiнде баланың атына ашылған шоттың бар екендiгi туралы құжат;
11) өзге де құжаттар.
17-бап. Балалар ауылының отбасына балаларды беру туралы шарт
1. Балаларды беру туралы шартта олардың бағып-күтiлу, тәрбиелену және білім алу жағдайлары, тәрбиешi-ананың құқықтары мен мiндеттерi, қорғаншы және қамқоршы органның тәрбиешi-аналарға қатысты мiндеттерi, сондай-ақ мұндай шарттың күшiн жоюдың негiздемесi мен салдарлары көзделуге тиiс.
Балалар тәрбиешi-аналардың тәрбиесiне он сегiз жасқа толғанға дейiнгi мерзiмге берiледi.
2. Балалар ауылының отбасына балаларды беру туралы шартты мерзiмiнен бұрын бұзу:
1) дәлелдi себептер болған жағдайда (сырқаттануына, отбасы жағдайының өзгеруiне байланысты және өз мiндеттерiн орындауға мүмкiндiгi болмайтын басқа да жағдайларда), тәрбиешi-аналардың бастамашылығы бойынша;
2) тәрбиешi-ана өзiне жүктелген мiндеттердi орындаудан жалтарса, өз құқықтарын асыра пайдаланса, балаларға қатыгездiкпен қараса, оның iшiнде оларға күш көрсетсе немесе психикалық қысым жасаса және балаларды бағып-күту, тәрбиелеу және оларға білім беру үшiн басқа да қолайсыз жағдайлар туындаған кездерде, қорғаншы және қамқоршы органдардың бастамашылығы бойынша;
3) балаларды ата-аналарына қайтарғанда немесе ұл баланы (қыз баланы) асырап алған жағдайда;
4) балаларды отбасына беру туралы шарттың талаптары бұзылған жағдайда жүзеге асырылуы мүмкiн.
3. Тәрбиешi-аналардың бастамашылығы бойынша балаларды балалар ауылының отбасына беру туралы шарт мерзiмiнен бұрын бұзылған жағдайда осындай шартты қорғаншы және қамқоршы орган резервтегi тәрбиешi-аналардың бiрiмен немесе білім беру мәселелерi жөніндегі уәкiлеттi орган белгiлейтiн тәртiппен конкурстық iрiктеуден өткен адаммен жасайды.
18-бап. Тәрбиешi-ананың балаларды тәрбиелеу және оларға білім беру жөніндегі құқықтары мен мiндеттерi
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Тәрбиешi-ана балалардың пiкiрi мен қорғаншы және қамқоршы органның ұсыныстарын ескере отырып, балаларды тәрбиелеу әдiстерiн өз бетiнше айқындауға құқылы.
Тәрбиешi-ана балалардың пiкiрiн ескере отырып, білім беру ұйымы мен оқыту нысандарын таңдауға құқылы және балалардың бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алуына жағдай жасауға мiндеттi.
2. Тәрбиешi-ана өзiнiң өкiлеттiктерiн жүзеге асырған кезде балалардың дене бiтiмiне және психикалық саулығына, олардың имандылық рухында дамуына залал келтiрмеуге тиiс. Тәрбиелеу әдiстерi балаларға енжар қараушылықты, қатыгездiктi, дөрекiлiктi, олардың адамдық абыройын кемсiтудi, ар-ұжданы мен намысын қорлауды болдырмауға тиiс.
3. Тәрбиешi-ана балаларды тәрбиелеуге, олардың денсаулығы, дене бiтiмiнiң, психикасының, имандылық және рухани жағынан дамуы жөнiнде қамқорлық жасауға мiндеттi.
Тәрбиешi-ана отбасында имандылық-рухани және үйiшiлiк ахуал жасау жөніндегі өзiне жүктелген мiндеттердi адал атқаруға тиiс.
4. Тәрбиешi-ана өзiне берiлген баланың құжаттарының сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
5. Өз мiндетiн тәрбиеленушiлердiң құқықтары мен мүдделерiне залал келтiре отырып атқарған тәрбиешi-ана Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген жауапкершiлiктi ата-аналармен бiрдей көтередi.
19-бап. Тәрбиеленушiлердiң құқықтары мен мүдделерiн қорғау жөніндегі әкiмшiлiктiң құқықтары мен мiндеттерi
1. Балалар ауылының әкiмшiлiгi, тәрбиеленушi-балалардың кез келген жеке және заңды тұлғалармен қарым-қатынастарында, оның iшiнде соттарда, бұған арнайы өкiлеттiктерi болмаса да, олардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауға әрекет ететiн заңды өкiлi болып табылады.
2. Егер қорғаншы және қамқоршы орган әкiмшiлiк пен балалардың мүдделерi арасында қайшылықтар бар екенiн анықтаса, әкiмшiлiк балалардың мүдделерiн қорғауға құқылы емес. Олардың арасында келiспеушiлiктер болған жағдайда қорғаншы және қамқоршы орган басқа өкiл тағайындауға тиiс.
3. Балалар ауылының әкiмшiлiгi тәрбиеленушiлердiң денсаулық жағдайы туралы, оны тәрбиелеу жөніндегі, сондай-ақ тәрбиеленушiнiң мүлкiн басқару жөніндегі жұмысы туралы қорғаншы және қамқоршы органға кем дегенде жылына бiр рет есеп берiп отыруға тиiс.
2009.11.07. № 185-IV ҚР Заңымен 20-бап өзгертілді (жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
20-бап. Әкiмшiлiктiң тәрбиеленушiнiң мүлкiн басқару жөніндегі құқықтары мен мiндеттерi
1. Әкiмшiлiктiң тәрбиеленушiнiң мүлкiн иелiктен айыру жөнiнде мәмiле жасауына (тәрбиеленушiнiң мүлкiн сатып алу-сату, айырбастау немесе сыйға тарту, оны кепiлге беру, заң бойынша және өсиет бойынша тәрбиеленушiге тиiстi мұрагерлiк құқықтан бас тартуға әкеп соғатын мәмiле, оның мүлкiн бөлу немесе одан үлес бөлiп беру), сондай-ақ мүлiктiң кемуiне әкеп соғатын кез келген басқа да мәмiлелерге, қорғаншы және қамқоршы органның келісімiмен тәрбиеленушiнiң мүлкiн жалдауға (жалға) беру жөніндегі әкiмшiлiк жасаған мәмiлелердi қоспағанда, жол берiлмейдi.
2. Мүлiктi жалдауға (жалға) беруден түскен кiрiстi әкiмшiлiк тәрбиеленушiнiң банктегi банк шотына аударып отырады.
Мәмiлелерден түскен кiрiстi әкiмшiлiк тек тәрбиеленушiнiң мүддесiне ғана, қорғаншы және қамқоршы органның келісімiмен, жұмсай алады.
3. Тәрбиеленушiнi ата-анасына қайтарған жағдайда немесе оны балалар ауылынан шығарғаннан кейiн тәрбиеленушiнiң мүлкi мен құжаттары нотариус куәландырған тiзiмдеме бойынша ата-аналарына немесе тәрбиеленушiнiң өзiне берiледi.
21-бап. Тәрбиеленушi-балалардың ата-аналарымен және басқа да жақын туыстарымен байланыстары
1. Әкiмшiлiк тәрбиеленушiлердiң ата-аналарының құқықтары қалпына келтiрiлген, бас бостандығынан айыру орындарынан босаған және баланың мүдделерiне қайшы келмейтiн басқа да жағдайларда олардың ата-аналарымен байланыс жасауына және табысуына кедергi жасамауға тиiс.
2. Әкiмшiлiк, сондай-ақ тәрбиеленушiнiң басқа да жақын туыстарымен (ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерiмен және апа-сiңлiлерiмен, аталарымен, әжелерiмен) байланыс жасап тұруына, мұндай араласу баланың мүдделерiне сай келмейтiн жағдайларды қоспағанда, кедергi жасамауға тиiс.