9) кедендік баж - Қазақстан Республикасының кеден органдары тауарды Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелген кезде немесе тауарды аталған аумақтан әкеткен кезде алатын және осындай әкелу немесе әкетудің ажырамас шарты болып табылатын кедендік төлемнің түрі;
10) кедендік бақылау - Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасын сақтау бойынша Қазақстан Республикасының кеден органдары жүзеге асыратын, оның ішінде тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалана отырып жүзеге асыратын, орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының кеден органдарына жүктелген шаралардың жиынтығы;
11) кедендік бақылаудағы тауарлар - осы Кодекске сәйкес кедендік бақылау жүзеге асырылатын тауарлар;
12) кедендік декларация - тауарлар мен көлік құралдары туралы декларант мәлімдеген мәліметтерді жазбаша және (немесе) электрондық түрде растайтын құжат;
13) кедендік инфрақұрылым - Қазақстан Республикасының кеден органдарының жұмыс істеуіне жағдай жасайтын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кеден органдарының лауазымды адамдарына әлеуметтік қызмет көрсетуге арналған ғимараттар мен құрылыстар;
14) кедендік операциялар - кедендік бақылаудағы тауарлар мен көлік құралдарына қатысты Қазақстан Республикасының кеден органдары да, тұлғалар да Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес жасайтын жекелеген іс-әрекеттер;
15) кедендік рәсімдер - Қазақстан Республикасының кеден органдары мен кеден ісі саласындағы тұлғалардың кедендік бақылаудағы тауарлар мен көлік құралдарына қатысты жасайтын іс-әрекеттерінің жиынтығы;
16) кедендік режим - Қазақстан Республикасының кедендік аумағында не одан тыс жерлерде өткізу, пайдалану мақсаттарына қарай тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік аумағы арқылы өткізу кезіндегі олардың кеден ісі саласындағы мәртебесін айқындайтын, осы Кодексте белгіленген нормалардың жиынтығы;
17) кедендік ресімдеу - тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізуге байланысты тұлғалар және Қазақстан Республикасының кеден органдары жасайтын іс-әрекеттер мен рәсімдердің жиынтығы;
18) кедендік тариф - Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларға қолданылатын кедендік баж ставкаларының Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес жүйеленген тізбесі;
19) кеден терминалы - Қазақстан Республикасы кеден органының қызмет аймағындағы Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлармен және көлік құралдарымен кедендік ресімдеу және (немесе) кедендік операциялар жасауға арнап арнайы жайластырылған, техникамен жарақтандырылған және жабдықталған орын;
20) кедендік төлемдердің және салықтардың төленуін қамтамасыз ету - осы Кодексте көзделген кедендік төлемдерді және салықтарды төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындаудың осы Кодексте белгіленген тәсілдері;
21) коммерциялық құжаттар - шот-фактуралар, арнайы тізбелер, тиеу және орау парақтары, сондай-ақ тауарлар туралы мәліметтерді, оның ішінде тауарлардың құнын растайтын және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес пайдаланылатын басқа да құжаттар;
22) көлік құжаттары - халықаралық автомобиль жүк құжаттамасы, темір жол көліктік жүк құжаттамасы, багаж тізімдемесі, багаж түбіртегі, әуе жүк құжаттамасы, коносамент, сондай-ақ тауарларды құбыр тасымалымен және электр беру желілері арқылы өткізу кезінде пайдаланылатын құжаттар мен Қазақстан Республикасының көлік туралы заңнамалық актілерінде және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген тасымалдар кезінде тауарлар мен көлік құралдарына ілесе жүретін өзге де құжаттар;
23) көлік құралы - халықаралық тасымалдарды жүзеге асыру үшін қолданылатын және осы көлік құралдарымен бірге тасымалданатын болса, олар үшін техникалық паспортпен немесе техникалық формулярмен көзделген қосалқы бөлшектерді, керек-жарақтары мен жабдықтарды, олардың конструкциясында көзделген май құю ыдыстарындағы жанар-жағармай материалдары мен салқындату сұйықтарын қоса алғанда, теңіз, ішкі су, әуе кемесі, механикалық көлік құралы;
24) қазақстандық тауар - толығымен Қазақстан Республикасында өндірілген, жеткілікті қайта өңдеу өлшемдеріне сәйкес Қазақстан Республикасында қайта өңделген, Қазақстан Республикасының аумағында еркін айналыс үшін шығарылған, осы Кодекске сәйкес мемлекеттің меншігіне айналдырылған тауар;
25) қазақстандық тұлға - Қазақстан Республикасының азаматы, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын жері бар, азаматтығы жоқ адам, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасында тіркелген дара кәсіпкер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлға;
26) мамандандырылған кеден мекемелері - кеден ісі саласындағы міндеттерді шешу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі құратын мемлекеттік мекемелер;
27) межелі кеден органы - тауарлар мен көлік құралдарын кедендік бақылаумен тасымалдау аяқталатын Қазақстан Республикасының кеден органы;
28) өткізу пункті - адамдарды, тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының мемлекеттік (кедендік) шекарасы арқылы өткізу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары белгілеген автомобиль, темір жол вокзалдарының, станцияның, әуежайдың, аэродромның, теңіз, өзен порттарының не өзге де жабдықталған орынның шегіндегі аумақ (аумақтың бір бөлігі);
29) салықтар - тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізуге байланысты алынуы Қазақстан Республикасының кеден органдарына жүктелген қосылған құн салығы мен акциз;
30) сыртқы экономикалық қызметке қатысушы - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асырушы тұлға;
31) тарифтік емес реттеу шаралары - тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасына әкелуге және Қазақстан Республикасынан әкетуге тыйым салулар мен шектеулер, квоталау, лицензиялау, тауарлардың қауіпсіздігі бойынша стандарттар мен талаптарға (оның ішінде техникалық, фармакологиялық, санитариялық-эпидемиологиялық, ветеринариялық, фитосанитарлық, радиациялық, экологиялық стандарттар) сәйкестігін растау және Қазақстан Республикасының заң актілерімен және (немесе) Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік қаулыларымен белгіленетін өзге де талаптар;
32) тарифтік реттеу шаралары - тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу кезінде кедендік тарифті пайдалана отырып, сыртқы экономикалық және кеден ісі саласындағы өзге де қызметті мемлекеттік реттеуді қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген шаралар;
33) тасымалдаушы - тауарларды іс жүзінде өткізуші не көлік құралын пайдаланғаны үшін жауапты болып табылатын тұлға;
34) тауар - Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін мүлік, оның ішінде ақпарат жеткізгіштер, валюталық құндылықтар, энергияның электр, жылу және өзге де түрлері, сондай-ақ осы баптың 23) тармақшасында көрсетілген көлік құралдарынан басқа көлік құралдары;
35) тауарларды алушы - кедендік бақылаудағы тауарларды жеткізуге тасымалдаушы міндетті болатын тауардың ілеспе құжаттарында аталған тұлға;
36) тауарлар мен көлік құралдарын жіберу - Қазақстан Республикасы кеден органдарының тұлғаларға белгілі бір кедендік режимнің шарттарына сәйкес тауарлар мен көлік құралдарын пайдалануға және (немесе) оларға билік етуге рұқсат беру жөніндегі іс-әрекеті;
37) тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу - тауарлар мен көлік құралдарын халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберуді, құбыр тасымалы мен электр беру желілерін пайдалануды қоса алғанда, кез келген тәсілмен Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелу немесе Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан әкету жөнінде іс-әрекеттер жасау;
38) тауарларды өткізуші тұлға - өз атынан не басқа тұлғаның тапсырмасы бойынша сыртқы экономикалық мәміле жасаушы тұлға; егер тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу қазақстандық тұлғаның сыртқы экономикалық мәмілелер жасауынсыз жүзеге асырылатын болса, Қазақстан Республикасының аумағында кедендік бақылаудағы тауарларды пайдалану мен оларға иелік ету құқығы бар тұлға;
39) тауарларға ілеспе құжаттар - Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына арналған коммерциялық және көлік құжаттары;
40) топтасып тасымалдау - бір көлік құралымен бір мезгілде бірнеше жөнелтушінің немесе алушының жүктері өткізілетін кездегі тасымал;
41) тұлға - жеке және (немесе) заңды тұлға;
42) уәкілетті орган - кеден ісі саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
43) шартты түрде шығару - тауарлар мен көлік құралдарын шектеп және оларды пайдалану мен оларға билік ету жөніндегі шарттарға орай шығару;
44) шетелдік тауар - осы баптың 24) тармақшасында көрсетілмеген тауар;
45) шетелдік тұлға - осы баптың 25) тармақшасында аталмаған тұлға;
46) ырық бермес күштің әсері - нақты бір жағдайлар кезіндегі Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында көзделген белгілі бір әрекеттерді жасауға кедергі келтіретін төтенше және ырық бермейтін оқиға;
47) электрондық құжат - өзіндегі ақпарат электрондық-цифрлық нысанда берілген және электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат;
48) электрондық цифрлық қолтаңба - электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиыны;
49) электрондық цифрлық қолтаңба құралдары - электрондық цифрлық қолтаңбаны жасау және оның түпнұсқалығын тексеру үшін пайдаланылатын бағдарламалық және техникалық құралдар жиынтығы.
2. Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының басқа да арнаулы ұғымдары осы Кодекстің тиісті баптарында айқындалатын мағынада пайдаланылады.
3. Осы Кодексте пайдаланылатын Қазақстан Республикасы заңнамасының азаматтық және басқа да салаларының ұғымдары, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы заңнамасының бұл салаларында олар қалай пайдаланылса, сондай мағынада қолданылады.
2-тарау. Тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан
Республикасының Кедендік шекарасы арқылы өткізу туралы
негізгі ережелері
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен тақырыбы және 1 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
8-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасына әкелу
Қазақстан Республикасынан әкету және Қазақстан Республикасының
аумағы арқылы транзиттеу құқығы
1. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда көзделген жағдайларды қоспағанда, барлық тұлғалардың тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасына әкелуге Қазақстан Республикасынан әкетуге және оларды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеуге тең негіздерде құқығы бар.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Қазақстан Республикасының заң актілерімен және (немесе) Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік қаулыларымен тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасына әкелуге Қазақстан Республикасынан әкетуге және оларды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеуге тыйым салулар мен шектеулер, Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына қатысты тарифтік және тарифтік емес реттеу шаралары белгіленуі мүмкін.
9-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу тәртібі
1. Тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелу кезінде тауарлар мен көлік құралдарын өткізудің шарты кедендік шекарадан іс жүзінде өту және Қазақстан Республикасының кеден заңдарында белгіленген іс-әрекеттерді жасау болып табылады.
2. Тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан әкету кезінде өткізудің шарты кедендік декларация беру немесе тауарлар мен көлік құралдарын әкетуге бағытталған өзге де іс-әрекеттер болып табылады. Өзге іс-әрекеттерге:
1) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге кететін жеке адамның кедендік бақылау аймағына кіруі (енуі);
2) тауарлар мен көлік құралдарын өткізуші тұлғаның тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан әкету туралы хабарлама беруі;
3) автокөлік құралының Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан шығу мақсатымен Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу пунктіне енуі;
4) Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тыс жерлерге жөнелту үшін тауарларды көлік саласында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырушы тұлғаларға не халықаралық почта жөнелтімдерін халықаралық почта қызметін көрсетуші ұйымдарға тапсыру жатады.
3. Валюталық құндылықтарды Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу Қазақстан Республикасының валюталық заңдарына және осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.
10-бап. Кедендік ресімдеу
Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары Қазақстан Республикасының кеден заңдарында көзделген тәртіпте және шарттарда кедендік ресімделуге тиіс.
11-бап. Кедендік режимді таңдау және өзгерту
1. Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары тұлғаның таңдауы бойынша осы Кодексте көзделген тәртіпте және шарттарда белгілі бір кедендік режимге орналастырылады.
2. Тауарлар мен көлік құралдарының кедендік режимін тұлға осы Кодексте көзделген тәртіпте және шарттарда Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілген тауарлар мен көлік құралдарының арналуы мен пайдалану мақсатына қарай басқа кедендік режимге өзгертуі мүмкін.
12-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу кезінде тарифтік емес реттеу шараларын сақтау
1. Тарифтік емес реттеуге жататын тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу кезінде, Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларда, декларант Қазақстан Республикасының кеден органдарына тарифтік емес реттеу шараларының сақталғандығын растайтын құжаттарды табыс етуге міндетті.
2. Әкелуге және әкетуге тыйым салынған тауарлар мен көлік құралдары, егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде немесе Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда осындай тауарлар мен көлік құралдарын тәркілеу көзделмесе, Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тыс жерлерге дереу әкетілуге не тиісінше аталған аумаққа қайтарылуға жатады.
Тауарлар мен көлік құралдарын әкетуді немесе қайтаруды тауарлар мен көлік құралдарын өткізуші адам не тасымалдаушы жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелуге немесе аталған аумақ шегінен тыс жерлерге әкетуге шектеу қойылған тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының заң актілерінде немесе халықаралық шарттарында белгіленген талаптар сақталған жағдайда Қазақстан Республикасының кеден органдары жібереді.
13-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын пайдалану және оларға билік ету
1. Тауарлар мен көлік құралдары жіберілгенге дейін оларды пайдалану мен оларға билік ету осы Кодексте көзделген тәртіпте және жағдайларда жүзеге асырылады.
2. Тауарлар мен көлік құралдары жіберілгеннен кейін оларды пайдалану және оларға билік ету мәлімделген кедендік режимнің шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 14 бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
14-бап. 2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2010.06.01. № 238-IV ҚР Заңымен 15-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
15-бап. Кедендік бақылау
Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары кедендік бақылауға жатады.
Кедендік бақылауды Қазақстан Республикасының кеден органдары осы Кодексте белгіленген тәртіп пен нысандарда жүзеге асырады.
Бірлескен бақылауды шектес мемлекеттердің кеден және бақылаушы органдары Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырады.
2-Бөлім. Қазақстан Республикасының Кеден органдары
3-тарау. Қазақстан Республикасы Кеден органдарының
құрылымы мен қызметі
09.07.04 ж. № 592-ІІ ҚР Заңымен 16-бап толықтырылды
16-бап. Қазақстан Республикасының кеден органдары
Қазақстан Республикасының кеден органдары - өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасында кеден саясатын іске асыруға қатысатын және кеден ісін, Қазақстан Республикасының жедел-iздестiру қызметi туралы заңдарына сәйкес жедел iздестiру қызметiн тікелей жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді атқаратын мемлекеттік органдар.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен тақырыбы өзгертілді (бұр. ред. қара)
17-бап. Қазақстан Республикасы кеден органдарының жүйесі
1. Қазақстан Республикасы кеден органдарының бірыңғай жүйесін (бұдан әрі - кеден органдары):
1) уәкілетті орган;
2) уәкілетті органның облыстар (республикалық маңызы бар қалалар, астана) бойынша аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі - уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері);
3) кедендер;
4) кеден бекеттері;
5) Қазақстан Республикасының кедендік шекарасындағы бақылау-өткізу пункттері;
6) мамандандырылған кеден мекемелері құрайды.
2. Кеден ісі саласындағы міндеттерді шешу үшін уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен кеден зертханаларын, кинология, оқу, есептеу орталықтарын және басқа да мамандандырылған кеден мекемелерін құрады.
3. Уәкілетті орган заңды тұлға болып табылады және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін ережелер негізінде іс-әрекет жасайды.
4. Уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері және кедендер заңды тұлғалар болып табылады және уәкілетті орган бекітетін ережелер негізінде іс-әрекет жасайды.
5. Кеден бекеттері мен бақылау-өткізу пункттері заңды тұлғалар болып табылмайды және уәкілетті орган бекітетін ережелер негізінде іс-әрекет жасайды.
6. Уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерін құру, қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
7. Кеден органдарының құрылымы мен штат санын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен штат саны лимитінің шегінде уәкілетті орган бекітеді.
8. Кеден органдары мен олардың қарауындағы теңіз және ішкі су кемелерінде кеден органдарының танылу жалауы мен танылу белгісі болады. Кеден органдарының қарауындағы автокөлік құралдары мен әуе кемелеріне кеден органдарының танылу белгісі қойылады. Кеден органдарының танылу жалауының және танылу белгісінің сипаттамасы мен қолданылу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
9. Кеден органдарының тиісті кедендік инфрақұрылымы болады.
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 17-1-баппен толықтырылды; 2010.19.03. № 258-IV ҚР Заңымен 17-1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
17-1-бап. Уәкілетті органның функциялары
Уәкілетті орган:
1) Қазақстан Республикасындағы кеден саясатын жүргізеді;
2) осы Кодексте көзделген нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
3) кеден органдарына басшылықты жүзеге асырады;
4) оның құрамына кіретін ведомствоның өкілеттігін айқындайды;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақпараттық жүйелерді, байланыс жүйелерін және деректер беру жүйелерін, кедендік бақылаудың техникалық құралдарын, сондай-ақ ақпаратты қорғау құралдарын әзірлейді және жасайды;
6) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде лицензиаттардың лицензиялық талаптарды қамтамасыз ету жөніндегі қызметін лицензиялау мен бақылауды жүзеге асырады;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыруға шешімдер, рұқсаттар беру туралы шешім қабылдайды;
8) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес кедендік әкімшілік жүргізуді жүзеге асырады;
9) Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы тауарлар мен көлік құралдарының өткізілуіне кедендік бақылауды жүзеге асырады;
10) осы Кодексте белгіленген тәртіппен сыртқы экономикалық және өзге де қызметтің қатысушыларын кеден ісі саласындағы, оның ішінде Қазақстан Республикасының кеден заңнамасындағы өзгерістер мен толықтырулар туралы тұрақты негізде уақтылы хабардар етуді қамтамасыз етеді.
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен мазмұн 11) тармақшамен толықтырылды
11) «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, жыл сайынғы тексерулер жоспарларын әзірлейді және бекітеді.
18-бап. Кеден органдары қызметінің принциптері
Кеден органдарының қызметі:
1) заңдылық;
2) заң алдындағы қорғалу мен теңдік құқығын қамтамасыз ету, сыртқы экономикалық және кеден ісі саласындағы өзге де қызметке қатысушылардың құқықтарын құрметтеу мен сақтау;
3) жариялылық принциптерінде құрылады.
19-бап. Кеден органдарының міндеттері
Кеден органдарының міндеттері:
1) Қазақстан Республикасының кеден саясатын әзірлеуге және іске асыруға қатысу;
2) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының егемендігі мен экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
3) орындалуын бақылау кеден органдарына жүктелген Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңдарының сақталуын қамтамасыз ету;
4) Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тарифтік және тарифтік емес реттеу шараларының сақталуын қамтамасыз ету;
5) сыртқы экономикалық және кеден ісі саласындағы өзге де қызметке қатысушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау;
6) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кеден ісі саласындағы құқық бұзушылыққа қарсы күресу;
7) кедендік ресімдеу мен кедендік бақылауды жүзеге асыру және жетілдіру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы тауар айналымын жеделдетуге жәрдемдесетін жағдайлар жасау;
8) өз құзыреті шегінде валюталық бақылауды жүзеге асыру;
9) Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының кеден ісі саласындағы халықаралық шарттарын әзірлеуге қатысу; шет мемлекеттердің кеден және өзге де құзыретті органдарымен, халықаралық ұйымдармен кеден ісі мәселелері бойынша ынтымақтастықты жүзеге асыру;
2009.08.12. № 224-IV ҚР Заңымен 9-1) тармақшамен толықтырылды
9-1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыретінің шегінде зияткерлік меншік құқықтарын қорғау;
10) бірыңғай бюджет саясатын іске асыруға, кеден органдарының материалдық-техникалық және әлеуметтік базасын дамытуға қатысу;
11) өз құзыреті шегінде ұлттық қауіпсіздікті қорғау, адамның өмірі мен денсаулығын қорғау, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шараларды қамтамасыз ету;
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 12 тармақша жаңа редакция (бұр. ред. қара)
12) Қазақстан Республикасының мемлекеттік (кедендік) шекарасы арқылы тауарлар мен көлік құралдарын өткізу пункттерiнде радиациялық бақылау жүргізу;
19-баптың 12-1) тармақшасы 2011 жылғы 1 шілдеден бастап ҚР 2010 жылғы 30 маусымдағы № 298-IV Заңымен күшін жойды
2010.06.01. № 238-IV ҚР Заңымен мазмұн 12-1) тармақшамен толықтырылды
12-1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік (кедендік) шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде тиісті уәкілетті мемлекеттік органдардың кеден органдарына іс-сапарларға жіберілген өкілдерімен бірлесіп (көліктік және санитариялық-карантиндік бақылауды қоспағанда) көліктік, санитариялық-карантиндік, ветеринариялық-санитариялық бақылау және өсімдіктер карантині бойынша бақылауды жүргізу;
13) Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген өзге де міндеттерді орындау болып табылады.
20-бап. Кеден органдарының орналасатын жерлері
1. Кеден органдарының орналасатын жерлерін жолаушылар және тауарлар ағынының көлемін, жекелеген аймақтардың және (немесе) сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушылардың сыртқы экономикалық байланыстарының даму қарқынын негізге ала отырып уәкілетті орган белгілейді.
2. Осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, кеден органдары тікелей кеден органдарына тиесілі үй-жайларда орналасады.
3. Кеден органдары осы Кодексте көзделген жағдайларда кедендік брокер, кедендік тасымалдаушы ретіндегі қызметті жүзеге асырушы тұлғаларға, уақытша сақтау қоймаларының иелеріне тиесілі кеден қоймасы және (немесе) еркін қоймалардың аумағында және (немесе) үй-жайларында, сондай-ақ кеден терминалдарының, әуежайлардың, порттардың, темір жол және автомобиль станцияларының, вокзалдарының және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың аумағында және (немесе) үй-жайларында орналасуы мүмкін.