3) теңіз, әуе және темір жол көлігі түрлерімен өткізілетін аталған көлік құралдарының қалыпты жұмыс істеуі мен оларға техникалық қызмет көрсетілуін қамтамасыз етуге, олардың экипажы мен жолаушыларының тіршілік қызметін қамтамасыз етуге арналған борттық запастар мен кеме қорлары;
4) кедендік шекара арқылы өткізілетін, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға арналған тауарлар, оның ішінде төтенше оқиғалардың нәтижесінде зардап шеккен адамдарға тегін тарату үшін, не осы мақсаттарда коммерциялық емес қайырымдылық ұйымдарына беруге арналған тауарлар; құтқару, авариялық-қалпына келтіру және басқа да шұғыл жұмыстарды жүргізуге қажетті тауарлар және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі іс-шараларға қатысатын азаматтық қорғаныс күштерінің тауарлары;
5) шикізаттың не өнеркәсіп өнімінің ықтимал сұранысын айқындау мақсатында зерттеулер (сертификаттау) жүргізу үшін Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін сол шикізаттың не өнеркәсіп өнімдерінің үлгілері. Бұл ретте мұндай зерттеулерді жүргізу үшін жеткілікті, коммерциялық құндылығы жоқ, шикізаттың не өнеркәсіп өнімінің ең аз саны үлгі деп ұғынылады.
7-Бөлім. Арнайы кедендік рәсімдер
33-тарау. Көлік құралдарын өткізу
254-бап. Көлік құралдарына қолданылатын кедендік режимдер
Осы Кодекстің 262, 267-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін көлік құралдары (бостарын қоса алғанда) кедендік төлемдерден, салықтардан толық босатыла отырып және тарифтік емес реттеу шараларын қолданбастан уақытша әкелу мен уақытша әкетудің режимдеріне сәйкес осы тарауда көзделген оңайлатылған тәртіппен кедендік ресімдеуге жатады.
255-бап. Көлік құралдарын өткізу тәртібі
1. Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өтетін көлік құралдары өткізу пункттері арқылы ғана өткізіледі және олар осы Кодексте көзделген кедендік рәсімдерді жүзеге асыру үшін аялдауға және тоқтауға тиіс.
2. Кедендік рәсімдердің басталуы мен аяқталуы кеден органдарына қатысы жоқ себептер бойынша жүзеге асырылмайтын жағдайларды қоспағанда, осы баптың 1-тармағында аталған көлік құралдарының тұру ұзақтығы өте қысқа болуы және ұлттық теміржол компаниясымен келісім бойынша уәкілетті орган және шекара бақылау органдары белгілеген темір жол көлігіне арналған уақыттан, автомобиль көлігі үшін бес сағатқа дейінгі, теңіз, ішкі су көлігі үшін бір тәулікке дейінгі уақыттан аспауы тиіс.
3. Көлік құралдарының тұрған орындарынан жөнелтілуі Қазақстан Республикасының кедендік аумағына кіруі кезінде - осы Кодекстің 10-тарауында, ал Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан шығуы кезінде - осы Кодекстің 14-тарауында көзделген кедендік рәсімдер аяқталғаннан кейін жүргізіледі.
256-бап. Көлік құралдарын уақытша әкелу мен уақытша әкетуді оңайлатылған тәртіппен кедендік ресімдеу
1. Тасымалдаушы көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу пунктіне көлік құралдары тікелей келген кезде Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда көзделген тасымалдаушының көлік құжаттарын кеден органына ұсынуы арқылы декларациялайды.
2. Көлік құралдарын уақытша әкелуді немесе уақытша әкетуді кедендік ресімдеу тасымалдаушы берген көлік құжатына кеден органының тиісті белгілерін қою жолымен жүзеге асырылады.
257-бап. Автокөлік құралдарын кедендік ресімдеудің ерекшелігі
1. Бос автокөлік құралын уақытша әкелу кезінде кеден органы шетелдік бос автокөлік құралының әкелу куәлігін ресімдеуді жүргізеді, оны толтырудың нысаны мен тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
2. Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан автокөлік құралын кері әкету кезінде кеден органына автокөлік құралының Қазақстан Республикасының кедендік аумағына уақытша әкелінгендігін растайтын құжаттар берілуі тиіс.
258-бап. Уақытша әкелінген және уақытша әкетілген көлік құралдарымен жасалатын операциялар
1. Уақытша әкелінген және уақытша әкетілген көлік құралдарымен олардың шетелдік мемлекеттің аумағында болған не Қазақстан Республикасының аумағында пайдаланылған кезде оларға қажет болған техникалық қызмет көрсету немесе жөндеу жөніндегі әдеттегі операцияларды жасауға жол беріледі.
2. Уақытша әкетілген көлік құралының Қазақстан Республикасының тиісті уәкілетті мемлекеттік органдарында есепке алынуға жататын бөлшектерін ауыстыруға байланысты көлік құралын жөндеген кезде Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес жасалған шарттың талаптарына сәйкес тегін жөндеу жүзеге асырылған не оның Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тыс жерлерде орын алған апаттың немесе ырық бермес күштер әсерінің салдарынан зақымдануынан кейін көлік құралын қалпына келтіру үшін қажетті жөндеу жүзеге асырылған жағдайларды қоспағанда, ауыстырылған бөлшек кедендік ресімдеуге жатады. Әуе кемелерінің техникалық қызмет көрсету немесе жөндеу кезінде ауыстырылған бөлшектерін кедендік ресімдеу ерекшеліктерін тиісті уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша уәкілетті орган айқындайды.
3. Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкетілмеген уақытша әкелінген көлік құралдарының немесе Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелінбеген уақытша әкетілген көлік құралдарының ауыстырылған қосалқы бөлшектері мен жабдықтары осы Кодексте көзделген тәртіппен кедендік ресімдеуге жатады.
4. Уақытша әкелінген көлік құралын пайдалану және (немесе) оларға билік ету не иеліктен шығару құқығы қазақстандық тұлғаға не уақытша әкетілген көлік құралы шетелдік тұлғаға берілген жағдайда, көлік құралын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы іс жүзінде өткізуді жүзеге асырған тұлға тиісті кедендік режимін мәлімдеуге міндетті.
259-бап. Көлік құралдарын уақытша әкелу мен
уақытша әкетудің мерзімдері
1. Уақытша әкелінген көлік құралын қайта әкету, осы Кодекстің 79-бабында көзделген тауарлар мен көлік құралдарын жеткізудің мерзімдері ескеріле отырып, оларды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелінген тасымалдау операциялары аяқталғаннан кейін дереу жүзеге асырылуы тиіс.
Уақытша әкелінген көлік құралын оны әкелуді жүзеге асырған тұлғаға қатысы жоқ себептер бойынша белгіленген мерзімдерде әкету мүмкін болмаған жағдайда, оны пайдалану құқығын берместен, көлік құралын уақытша қайта әкетудің мерзімі көлік құралын Қазақстан Республикасының аумағынан нақты әкету басталғанға дейін кеден органы ұзартуы мүмкін. Көлік құралын уақытша әкелудің жалпы мерзімі ұзарту мерзімі ескеріле отырып, бір жылдан аспауы тиіс.
2. Уақытша әкетілген көлік құралын қайта әкелу оны Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан нақты әкеткен кезден бастап бір жылдан аспайтын мерзімде жүзеге асырылады.
260-бап. Көлік құралдарын қайта әкелу және қайта әкету
1. Осы Кодекстің 259-бабында белгіленген мерзім өткенге дейін уақытша әкетілген көлік құралдары Қазақстан Республикасының кедендік аумағына қайтарылуы тиіс, ал уақытша әкелінген көлік құралдары Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкетілуі не тауарлар үшін көзделген өзге кедендік режимге мәлімделуі тиіс.
Бұл ретте уақытша әкетілген көлік құралын кеден органына нақты ұсынбастан тауарлар экспортының не тауарларды уақытша әкетудің кедендік режиміне мәлімдеуге жол беріледі.
2. Көлік құралдарын қайта әкету және қайта әкелу кедендік төлемдерден, салықтардан толық босатыла отырып және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмай оңайлатылған тәртіппен жүзеге асырылады.
261-бап. Халықаралық тасымалдар үшін пайдаланылмайтын су және әуе кемелерін кедендік шекара арқылы өткізу
1. Судың биологиялық ресурстарының кәсібі, теңіз түбі мен оның жер қойнауларының минералдық және басқа да жансыз ресурстарын барлау мен өңдеу, лоцмандық өткізу, іздестіру, құтқару және тіркеуге алу операциялары, теңізге батқан мүлікті көтеру, гидротехникалық, су асты-техникалық және басқа да осыған ұқсас жұмыстар, санитарлық, карантиндік және басқа да бақылау, теңіздің аумағын қорғау мен сақтау, теңіз ғылыми зерттеулерін жүргізу, оқу, спорт және мәдени мақсаттарында, сондай-ақ сауда мақсатында теңізде жүзуге байланысты өзге де мақсаттарда оларды пайдалану үшін Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге уақытша әкетілетін теңіз, ішкі су кемелері оларды уақытша әкету мен қайта әкелу кезінде осы тарауда белгіленген тәртіпке және шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізіледі, бұған жеке тұлғалар өткізетін көлік құралдары қосылмайды.
2. Әскери әуе кемелерін қоспағанда, тауарлар мен жолаушыларды халықаралық тасымалдау үшін пайдаланылмайтын әуе кемелері оларды осы тарауда көзделген тәртіппен уақытша әкету мен қайта әкелу кезінде Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізіледі.
262-бап. Көлік құралдарын тауар ретінде өткізу
1. Уақытша немесе тұрақты пайдалануға, иеленуге немесе билік етуге берілуіне байланысты Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелінетін және Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан әкетілетін көлік құралдары кедендік режимдерге сәйкес кедендік ресімдеуге жатады.
2. Бір шетелдік тұлғадан екінші шетелдік тұлғаға уақытша немесе тұрақты пайдалануға, иеленуге немесе билік етуге берілуіне байланысты Қазақстан Республикасының кедендік аумағы арқылы транзитпен өткізілетін көлік құралдары тауарлар транзитінің кедендік режимдеріне сәйкес кедендік ресімдеу мен кедендік бақылауға жатады.
3. Ішкі тасымалдарды (Қазақстан Республикасының кедендік аумағындағы тиеу және түсіру не жолаушыларды отырғызу мен түсіру пункттерінің арасындағы тасымалдарды) жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы қайта өңдеу мақсаттары үшін өткізілетін көлік құралдары тауарларға қолданылатын кедендік режимдерге сәйкес кедендік бақылау мен кедендік ресімдеуге жатады.
34-тарау. Жеке тұлғалардың тауарлар мен көлік
құралдарын өткізуі
263-бап. Осы тарауда қолданылатын ұғымдар
Осы тарауды қолданудың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) өндірістік немесе өзге де кәсіпкерлік қызметке арналмаған тауарлар - жеке тұлға пайда табу мақсатында пайдаланылмайтын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу сипатына, кезеңділігіне, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мөлшеріне және өзге де өлшемдеріне сәйкес келмейтін тауарлар;
2) иесімен бірге жөнелтілетін багаж - Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өтетін жеке тұлға тікелей өткізетін тауарлар;
3) иесімен бірге жөнелтілмейтін багаж - тауар өткізуші жеке тұлғамен жасалған тасымалдау шарты бойынша (багаж түбіртегі, жөнелту құжаты, коносамент және басқа да құжаттар бойынша) тасымалдаушы Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізетін тауарлар;
4) көлік құралы - Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы осы көлік құралын өткізетін жеке тұлғаның меншігіндегі немесе уақытша иелігіндегі қосалқы бөлшектерімен және әдеттегі керек-жарақтарымен, жабдықтарымен бірге, дағдылы бактарында жанар-жағар майы мен отыны бар авто-, мотокөлік құралы, тіркеме, теңіз және ішкі су немесе әуе кемесі;
5) декларациялаудың конклюденттік нысаны - жеке тұлғаның қол жүгінде және иесімен бірге жөнелтілетін багажында міндетті жазбаша декларациялануға жататын тауарлардың жоқ екендігін куәландыратын іс-әрекеттер жасауы.
264-бап. Жеке тұлғалардың тауарларды өткізу тәртібі
1. Қазақстан Республикасына әкелуге немесе Қазақстан Республикасынан әкетуге тыйым салынғандарын қоспағанда, өндірістік немесе өзге де кәсіпкерлік қызметке арналмаған тауарларды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген шарттар мен нормалар сақталған жағдайда, жеке тұлғалар осы тарауда көзделген оңайлатылған тәртіпте Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізеді.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген салмақтық және құндық нормалардың шегіндегі, оларға қатысты жеңілдетілген тәртіп көзделмеген тауарларды жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы осы тарауда көзделген оңайлатылған тәртіппен өткізеді.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 3- тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Шетел мемлекеттерінде үздіксіз болу мерзімі алты айдан асатын Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі жеке құрамының Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелеріндегі жұмысының аяқталуына орай, келген елiнен жеке пайдалануға арналған тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерде бүкіл жұмыс істеу кезеңі ішінде алған жалақы сомасының шегінде кедендік баждар төлеместен әкелуге құқығы бар.
4. Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізудің оңайлатылған немесе жеңілдетілген тәртібі көзделмеген тауарларға кедендік ресімдеудің осы Кодекспен белгіленген жалпы тәртібі қолданылады.
265-бап. Жеке тұлғалардың тауарларды міндетті жазбаша декларациялауы
1. Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан өтетін жеке тұлға міндетті жазбаша декларациялауға жататын тауарларды өткізу кезінде олар туралы өтініш, тауарлар осы Кодексте көзделген тәртіппен кедендік ресімдеуге жататын жағдайларды қоспағанда, жолаушылардың кедендік декларациясын толтыру жолымен жүргізіледі.
2. Тауарларды жазбаша нысанда міндетті декларациялауға мынадай тауарлар жатады:
1) қару, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттар;
2) есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар;
3) мемлекет үшін тарихи, көркем, ғылыми немесе мәдени құндылыққа ие, әкетілетін өнер туындылары, коллекциялық және антиквариат бұйымдары;
4) улы және күшті әсер ететін заттар;
5) радиациялық материалдар;
6) Қазақстан Республикасының аумағында пайдаланылуы Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының тарапынан бақылауға жататын жоғары жиілікті құрылғылар мен радио-электрондық байланыс құралдары;
7) флора мен фаунаның сирек кездесетін коллекциялары мен үлгілері, олардың бөлшектері мен олардан алынған өнім;
8) Қазақстан Республикасының валюталық заңдарымен шектеулер немесе оларды Қазақстан Республикасына әкелудің және Қазақстан Республикасынан әкетудің шарттары белгіленген валюталық құндылықтар;
9) Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізудің жеңілдетілген тәртібін белгілеген жеке зергерлік бұйымдарды қоспағанда, бағалы металдар мен асыл тастар;
10) Қазақстан Республикасының аумағына Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нормалардан тыс әкелінетін акцизделетін тауарлар;
11) Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өтетін адамдардың жолда, не емделу үшін жеке өзінің ғана пайдалануына арналған дәрілік құралдарды қоспағанда, фармацевтік өнімдер;
12) Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша тауарлық позицияларда 9018-9022 болып жіктелетін тауарлар;
13) өндірістік немесе өзге де кәсіпкерлік қызметке арналған тауарлар;
14) өндірістік немесе өзге де кәсіпкерлік қызметке арналмаған, саны немесе құны Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нормалардан асатын тауарлар;
15) иесімен бірге жөнелтілмейтін багажбен өткізілетін тауарлар;
16) әкелу және әкету кезінде тауарларды жеңілдікпен өткізу көзделмеген уақытша әкелінетін (әкетілетін) тауарлар;
17) көлік құралдары;
18) жеке тұлғаның шетел мемлекетінен Қазақстан Республикасына не Қазақстан Республикасынан шетел мемлекетіне тұрақты тұруға қоныс аударуына байланысты Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар.
3. Жолаушылардың кедендік декларациясының нысанын уәкілетті орган айқындайды.
4. Он алты жасқа толмаған адам өткізетін тауарларды жазбаша декларациялауды оны алып жүрген адам жүзеге асырады.
5. Иесімен бірге жөнелтілмейтін багажбен өткізілетін тауарларға қатысты жолаушылардың кедендік декларациясы тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелу кезінде және сонымен бір мезгілде тауарларды кеден органына көрсете отырып, оларды әкету кезінде тауарларды кеден органына көрсеткен күннен бастап күнтізбелік он бес күннің ішінде берілуі тиіс.
6. Иесімен бірге жөнелтілмейтін багаждағы тауарларды тауар өткізуші адам немесе тауар өткізуші адамның сенімхаты бойынша әрекет ететін басқа адам декларациялай алады. Кеден органына мәлімделетін мәліметтердің дұрыстығына тауарларды декларациялаушы адам жауапты болады.
7. Он алты жасқа толмаған адамның иесімен бірге жөнелтілмейтін багаждағы тауарлар оның ата-аналары немесе қамқоршылары, не ата-аналарының немесе қамқоршыларының сенімхаттары бойынша әрекет ететін адамдардың декларациялауына жатады.
266-бап. Жеке тұлғалардың тауарларды уақытша әкелуі және уақытша әкетуі
1. Тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тауарларды Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын жеке тұлғалар өздерінің шетелдік мемлекетте уақытша болуы мерзіміне кедендік төлемдерден, салықтардан толық босатыла отырып және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмастан уақытша әкете алады.
2. Тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде тұрақты тұратын жеке тұлғалар өздерінің Қазақстан Республикасында уақытша болуы мерзіміне кедендік төлемдерден, салықтардан толық босатыла отырып және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмастан уақытша әкеле алады.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының кедендік аумағына жеке тұлғалар уақытша әкелетін тауарлардың жекелеген санаттарына қатысты жеңілдетілген тәртіппен уақытша әкелудің шектелген мерзімдерін белгілеуі мүмкін.
4. Жеңілдетілген тәртіппен уақытша әкелінетін және уақытша әкетілетін тауарлар, осы тауарлардың өткізілуіне қатысты ауызша декларациялау көзделген жағдайларды қоспағанда, жолаушылардың кедендік декларациясын толтыру жолымен жазбаша нысанда декларацияланады.
5. Уақытша әкелінетін және уақытша әкетілетін тауарлар табиғи тозудың немесе табиғи кемудің салдарынан болатын өзгерістерден басқа, өзгеріссіз күйінде қайта әкетуге және қайта әкелуге жатады.
6. Тауарлар кез келген кеден органы арқылы қайта әкетілуі және қайта әкелінуі мүмкін.
7. Қайта әкетілетін және қайта әкелінетін тауарлар әкету және әкелу кезінде тиісінше ресімделген жолаушылардың кедендік декларациясында бұл тауарлар туралы мәліметтер болған жағдайда кедендік төлемдерден, салықтардан және тарифтік емес реттеу шараларын қолданудан босатылады.
267-бап. Жеке тұлғалардың көлік құралдарын уақытша әкелуі және уақытша әкетуі
1. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын жеке тұлғалар өздеріне тиесілі не өздеріне уақытша пайдалануға, билік етуге берілген, Қазақстан Республикасында тіркелген көлік құралдарын кедендік төлемдерден, салықтардан толық босатыла отырып және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмастан уақытша әкетуге және қайта әкелуге құқылы.
2. Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде тұрақты тұратын жеке тұлғалар өздеріне тиесілі не өздеріне уақытша пайдалануға, билік етуге берілген, шетел мемлекеттерінде тіркелген көлік құралдарын кедендік төлемдерден, салықтардан толық босатыла отырып және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмастан уақытша әкелуге және қайта әкетуге құқылы.
3. Көлік құралдарын жеңілдетілген тәртіппен уақытша әкетудің мерзімі көлік құралын әкетуді шетел мемлекетінде жүзеге асырған адамның уақытша болу мерзімінен аспауы тиіс.
Көлік құралдарын жеңілдетілген тәртіппен уақытша әкелудің мерзімі кез келген жүйелі он екі айлық кезеңде жиынтықты алты айдан аспауы тиіс.
Көлік құралын әкелуді жүзеге асырған тұлғаға қатысы жоқ себептер бойынша белгіленген мерзімдерде әкету мүмкін болмаған жағдайда, көлік құралын уақытша әкелудің мерзімін кеден органы көлік құралын Қазақстан Республикасының аумағынан нақты әкету басталғанға дейін оны пайдалану құқығын бермей бір айға ұзартуы мүмкін.
4. Белгіленген мерзімдер өткенге дейін уақытша әкелінген көлік құралдары Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тыс жерлерге әкетілуі не тауарлар үшін көзделген кедендік режимдердің біріне мәлімделуі тиіс.
5. Көлік құралдары кез келген кеден органы арқылы қайта әкетілуі және қайта әкелінуі мүмкін.
6. Бұрын уақытша әкелінген көлік құралын әкету кезінде көлік құралын қайта әкету туралы міндеттеме көлік құралын әкету жүзеге асырылатын кеден органында қалады.
7. Осы баптың 4-тармағының шарттары орындалған жағдайда, көлік құралын тауарлар үшін көзделген кедендік режимде ресімдеуді жүзеге асыратын кеден органы немесе оның әкетілуі өзі арқылы жүзеге асырылатын кеден органы көлік құралын қайта әкету туралы міндеттемені ресімдеген кеден органын көлік құралын кедендік ресімдеу не Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан әкету фактісі туралы хабардар етеді.
268-бап. Жеке тұлғалар жеңілдетілген тәртіппен уақытша әкелетін және уақытша әкететін көлік құралдарын декларациялау
1. Жеңілдетілген тәртіппен уақытша әкелінетін және уақытша әкетілетін көлік құралдарын декларациялау жолаушылардың кедендік декларациясын толтыру және кеден органына көлік құралын бірдейлендіретін, осы көлік құралын меншіктену немесе иелену құқығын растайтын құжаттарды, сондай-ақ оны өткізетін адам тұрақты тұратын елді растайтын құжаттарды беру жолымен жүзеге асырылады.
2. Көлік құралын уақытша әкелуді декларациялау кезінде кеден органдары нысанын уәкілетті орган белгілейтін көлік құралын қайта әкету туралы міндеттемені ресімдеуді жүргізеді.
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Жеңілдетілген тәртіппен уақытша әкелінген және уақытша әкетілген көлік құралдарын белгілі бір кедендік режимге орналастырусыз иеліктен шығаруға, басқа тұлғаларға пайдалануға немесе билік етуге беруге болмайды.
269-бап. Жеке тұлғалардың тауарларды жеңілдетілген тәртіппен өткізуі
1. Тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізудің жеңілдетілген тәртібі, осы бапта көзделген шараларды қоспағанда, кедендік төлемдерден, салықтардан толық босатуды және тарифтік емес реттеу шараларын қолданбауды көздейді.
2. Жеңілдетілген тәртіппен өткізілетін тауарларды декларациялауды жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы олардың жүруі кезінде, осы Кодекстің 265-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарларды бір мезгілде ауызша немесе конклюденттік нысанда кеден органына табыс ете отырып жүзеге асырады.
Он алты жасқа толмаған адамның өткізетін тауарларын декларациялаудың нысанын таңдауды оны ертіп жүрген тұлға жүргізеді.
3. Иесімен бірге жөнелтілмейтін багажды Қазақстан Республикасының кедендік шекарасына әкелу кезінде өткізудің жеңілдетілген тәртібін қолданудың міндетті шарты жеке тұлғаның өту фактісін растайтын жолаушылардың кедендік декларациясын кеден органына табыс ету болып табылады.
4. Ауызша декларациялау кезінде жеке тұлға қол жүгінде немесе иесімен бірге жөнелтілетін багажды жазбаша декларациялауға жататын тауарлардың жоқтығы туралы мәлімдейді.
5. Жеке тұлға өзінің қалауы бойынша Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізетін, міндетті жазбаша декларациялауға жатпайтын тауарларды жазбаша декларациялауға құқылы.
6. Тауарларды конклюденттік нысанда декларациялау мүмкіндігі мақсатында Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде жеке тұлғалардың өтуі үшін арнайы белгіленген орындар жайластырылады. Осындай орындарды жайластыру талаптарын кеден ісі жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
7. Жеке тұлғаны қол жүгінде немесе иесімен бірге жөнелтілетін багажында жазбаша декларациялауға жататын тауарлары жоқ тұлғалардың өтуіне арналған арнайы белгіленген орын арқылы өткізу, көрсетілген тұлғада жазбаша декларациялауға жататын тауарлардың жоқ екендігі туралы кеден органына берілген өтініш ретінде қаралады.
8. Ерекше жағдайларда уәкілетті орган декларациялаудың конклюденттік нысанын қолдануға шектеулер белгілеуге құқылы. Мұндай шешім өткізу пунктінде қалыптасқан шұғыл жағдайды, Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өтетін қандай да бір тұлғалар санатының ерекшеліктері, Қазақстан Республикасына әкелуге не Қазақстан Республикасынан әкетуге Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тыйым салынған тауарлардың әкелінуі немесе әкетілуі мүмкін мемлекеттердің ерекшеліктері ескеріле отырып қабылданады.