9) жеке және заңды тұлғалар заңды талаптарды немесе уәкілетті органның лауазымды адамдары берген нұсқамаларды, қаулыларды орындамаған немесе тиісінше орындамаған кезде сотқа жүгінуге;
10) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның қызметін немесе қызметінің жекелеген түрлерін тоқтата тұру жөнінде шаралар қабылдауға құқылы.
8. Медициналық қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар шығарған шешімдер денсаулық сақтау субъектілерінің орындауы үшін міндетті және оған жоғары тұрған органға және (немесе) сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
21-бап. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау
1. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алуға, оларды анықтауға, жолын кесуге, сондай-ақ халықтың денсаулығын сақтау және мекендеу ортасын қорғау мақсатында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілер мен гигиеналық нормативтердің сақталуын бақылауға бағытталады.
2. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау объектілері жеке және заңды тұлғалар, жайлар, ғимараттар, өнеркәсіп орындары, өнім, жабдық, көлік құралдары, су, ауа, тамақ өнімдері және қызметі, пайдаланылуы, тұтынылуы, қолданылуы мен іске қосылуы адамның денсаулық жағдайы мен қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін өзге де объектілер болып табылады.
Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға жататын объектілер мен өнімдер тізбесін уәкілетті орган айқындайды.
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.
4. Осы Кодекске сәйкес мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің лауазымды адамдары:
1) Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері және оның орынбасарлары;
2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органның басшылары мен мамандары;
3) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органының тиісті аумақтардағы және көліктегі аумақтық бөлімшелерінің басшылары - тиісті аумақтардағы және көліктегі бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлер, олардың орынбасарлары және мамандар;
4) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдар бөлімшелерінің басшылары мен мамандары болып табылады.
5. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдар бөлімшелерінің басшылары Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерімен келісім бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
6. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары мен ұйымдарының басшылары лауазымына Қазақстан Республикасының санитариялық-эпидемиологиялық бейіндегі жоғары медициналық білімі бар азаматтары тағайындалады.
7. Уәкілетті органның лауазымды адамдарының мыналарға:
1) халықтың пайдалануы мен қолдануына, сондай-ақ кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметте пайдалану мен қолдануға арналған өнімді Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, өндіруге, қолдануға және өткізуге Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тәртіппен тыйым салуға;
2) адам денсаулығына зиянды әсер ететін балалар тамағы өнімдерін, тағамға тағамдық және биологиялық активті қоспаларды, генетикалық түрлендірілген объектілерді, сумен және тамақ өнімдерімен жанасатын материалдар мен бұйымдарды, химиялық заттарды, өнімдер мен заттардың жекелеген түрлерін қолдануға тыйым салуға немесе қолдануды тоқтата тұруға;
3) Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасын бұзу фактілерін қарау үшін жеке тұлғаларды, заңды тұлғалардың лаузымды адамдарын санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдарына шақыртуға;
4) халықтың декреттелген топтарына жататын, инфекциялық және паразиттік аурулардың көздері болып табылатын, сондай-ақ міндетті медициналық тексеріп-қараудан уақтылы өтпеген адамдарды жұмыстан уақытша шеттету туралы қаулылар шығаруға;
5) жекелеген объектілерде Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тәртіппен шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді белгілеуге;
6) инфекциялық және паразиттік аурулардың ықтимал таратушы көздері болып табылатын, сондай-ақ инфекциялық науқастармен араласып жүрген адамдарды зертханалық зерттеп-қарау нәтижелері алынғанға дейін жұмыстан шеттете отырып, медициналық зерттеп-қарауға жіберуге;
7) инфекциялық және паразиттік аурулардың көздері болып табылатын адамдарды айғақтар бойынша ауруханаға жатқызуға жіберуге;
8) халыққа міндетті түрде вакцина егуді, үй-жайларда және көлік құралдарында, аумақтарда, инфекциялық және паразиттік аурулар ошақтарында профилактикалық және ошақтық дезинфекция, дезинсекция мен дератизация жүргізуді талап етуге;
9) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің және гигиеналық нормативтердің бұзылуы жойылғанға дейін жекелеген жұмыс түрлерін, жұмыс істеп тұрған, салынып жатқан немесе реконструкцияланып жатқан объектілерді пайдалануды Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес тоқтата тұруға;
10) адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіпті деп танылған жағдайда шикізаттың, өнімнің, химиялық заттардың, технологиялық жабдықтардың, тетіктердің, процестердің, құрал-саймандардың жаңа түрлерін өндіруге, қолдануға және өткізуге тыйым салуға;
11) халықтың декреттелген тобына халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді және гигиеналық нормативтерді білуі тұрғысынан уәкілетті орган белгілеген тәртіппен аттестаттау жүргізуге;
12) санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу үшін сараптама объектісінің қоршаған орта мен халық денсаулығына әсерін бағалауды зерделеуге қажетті материалдарды сұратуға, сондай-ақ осы өнімнің құнын өтеместен, сараптама жүргізуге жеткілікті және оған қажетті көлемнен аспайтын мөлшерде өнімнің сынамасын алуға және үлгілерін іріктеуді жүргізуге;
13) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы мәселелерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасына сәйкес келтіру туралы талап қоюға;
14) Қазақстан Республикасының аумағында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы радиациялық бақылауды жүзеге асыруға;
15) санитариялық-қорғаныш аймақтарын белгілеуге және олардың көлемдерін өзгертуге;
16) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен санитариялық паспорт беруге;
17) дезинфекция, дезинсекция, дератизация құралдарының және тағамға биологиялық активті қоспалардың енгізілуі мен практикада қолданылуын бақылауға;
18) жеке және заңды тұлғалар заңды талаптарды немесе санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің лауазымды адамдары берген нұсқамаларды, қаулыларды орындамаған немесе тиісінше орындамаған кезде сотқа жүгінуге;
19) санитариялық-гигиеналық және эпидемияға қарсы медициналық қызметке, сондай-ақ санитариялық-гигиеналық және зертханалық зерттеулерге берілген лицензияның қолданылуын Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес тоқтата тұруға;
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 20) тармақша өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
20) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін жағдайларды қоспағанда, йодталмаған тұзды өткізуге тыйым салуға құқығы бар.
8. Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің лауазымды адамдары мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау нәтижелері бойынша шешім қабылдау үшін Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасы талаптарының анықталған бұзушылықтарына қарай, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көрсетілген актілерден бөлек, мынадай актілер шығарады:
1) санитариялық-эпидемиологиялық зерттеп-қарау актісі - мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адам объектінің Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігін тексеру нәтижелері бойынша беретін құжат;
2) Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою жөніндегі нұсқама;
3) Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары мен ұйымдарының басшыларына тәртіптік жаза қолдану туралы қаулысы;
4) бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлердің:
санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды жүргізу;
жеке тұлғаларды жұмыстан уақытша шеттету;
халықтың пайдалануы мен қолдануына, кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметте пайдалану мен қолдануға арналған өнімді әкелуге, өндіруге, қолдануға және өткізуге тыйым салу;
адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіпті деп танылған жағдайда шикізаттың, өнімнің, химиялық заттардың, технологиялық жабдықтардың, тетіктердің, процестердің, құрал-саймандардың жаңа түрлерін өндіруге, қолдануға және өткізуге тыйым салу;
Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның қызметін немесе қызметінің жекелеген түрлерін тоқтата тұру туралы қаулылары.
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 22-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
22-бап. Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау
1. Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау Қазақстан Республикасының дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналысы саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алуға, оларды анықтауға, жолын кесуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасында дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысын регламенттейтін нормативтік құқықтық актілердің, стандарттардың, қағидалар мен нормалардың сақталуын бақылауға және қадағалауға бағытталған.
2. Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау объектілері болып табылады.
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандары осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.
4. Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:
1) Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік фармацевтика инспекторы және оның орынбасарлары;
2) мемлекеттік фармацевтика инспекторлары;
3) облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың бас мемлекеттік фармацевтика инспекторлары және олардың орынбасарлары;
4) облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың мемлекеттік фармацевтика инспекторлары болып табылады.
5. Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының жоғары фармацевтикалық білімі бар азаматтары болуға тиіс.
6. Уәкілетті органның лауазымды адамдарының мыналарға:
1) уәкілетті орган белгілейтін тәртіппен сараптама жүргізу үшін оны жүргізуге жеткілікті және оған қажетті көлемнен аспайтын мөлшерде дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың үлгілерін, осы өнімнің құнын өтемей алуға;
2) Қазақстан Республикасының аумағына жарамсыз күйге түскен, жалған, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін басқа да дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы әкелуге, өндіруге, дайындауға, сақтауға, қолдануға және өткізуге тыйым салуға;
3) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар беруге;
4) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес фармацевтикалық қызметке лицензияның қолданылуын алты айға дейінгі мерзімге тоқтата тұруға;
5) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес фармацевтикалық қызметке лицензиядан айыруға бастамашылық жасауға;
6) жеке және заңды тұлғалар заңды талаптарды немесе уәкілетті органның лауазымды адамдары берген нұсқамаларды, қаулыларды орындамаған немесе тиісінше орындамаған кезде сотқа жүгінуге;
7) фармацевтикалық қызмет жүзеге асырылатын объектілерге дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының және Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының талаптарын орындау тұрғысынан баруға;
8) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы субъектілерден дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы мәселелері бойынша ақпарат, есептеме алуға құқығы бар.
6-тарау.
Денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру
23-бап. Денсаулық сақтау жүйесін қаржылық қамтамасыз ету көздері
1. Денсаулық сақтау жүйесін қаржылық қамтамасыз ету көздері:
1) бюджет қаражаты;
2) ерікті сақтандыру қаражаты;
3) ақылы қызметтер көрсетуден алынған қаражат;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де көздер болып табылады.
2. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерге арналған тарифтерді қалыптастыру мен шығындарды жоспарлау әдістемесін уәкілетті орган айқындайды.
3. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсетуге арналған шығындарды қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
24-бап. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарын қаржыландыру нысандары
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарын қаржыландыру:
1) мемлекеттік медициналық мекемелер үшін - жеке-дара қаржыландыру жоспары бойынша;
2) мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, денсаулық сақтау ұйымдары үшін - бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерімен шарт негізінде жүзеге асырылады.
25-бап. Денсаулық сақтау жүйесін қаржылық қамтамасыз ету көздерін пайдалану
1. Денсаулық сақтау жүйесінің қаржы қаражаттары:
1) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету жөніндегі шығындарды өтеуге;
2) денсаулық сақтау саласындағы бағдарламаларды іске асыруға;
3) денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жағынан жарақтандыруға;
4) дәрілік заттарды, орфандық препараттарды, қан мен оның компоненттерін, вакциналарды және басқа да медициналық иммундық-биологиялық препараттарды, сондай-ақ медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы сатып алуға;
5) инфекциялық аурулардың көріністері мен эпидемияларын жоюға;
6) медицина және фармацевтика кадрларын даярлауға, олардың біліктілігін арттыру мен қайта даярлауға;
7) медицина ғылымының жетістіктерін дамытуға және енгізуге;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де шығыстарға бағытталады.
2. Денсаулық сақтау ұйымдарының шығындарын бюджет қаражаты есебінен өтеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3. Шығындарды өтеу көрсетілген медициналық көмектің сапасы мен көлеміне уәкілетті орган жүзеге асыратын бақылау нәтижелері ескеріле отырып жүргізіледі.
7-тарау.
Денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандыру
26-бап. Денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандырудың объектілері мен субъектілері
1. Денсаулық сақтаудың электрондық ақпараттық ресурстары, ақпараттық жүйелері мен электрондық қызметтер көрсетуі денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандырудың объектілері болып табылады.
2. Денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандыру саласындағы қызметті жүзеге асыратын немесе құқықтық қатынастарға түсетін мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандырудың субъектілері болып табылады.
3. Денсаулық сақтау саласының ақпараттандыру саласындағы қызмет «электрондық үкімет» шеңберінде денсаулық сақтау саласының ақпараттық және коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуды, жеке және заңды тұлғаларды медициналық-статистикалық ақпаратпен қамтамасыз етуді, сондай-ақ өзге де электрондық қызметтер ұсынуды қамтиды.
27-бап. Денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандырудың принциптері
Денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандыру мынадай:
1) басқарудың барлық деңгейлеріндегі әкімшілік процестерді стандарттау мен ресмилендіру, денсаулық сақтауды басқарудың бірыңғай саясатын әзірлеу мен іске асыру;
2) денсаулық сақтау және ақпараттандыру саласындағы халықаралық стандарттарды кеңінен пайдалану;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолжетімділігі шектелген электрондық ақпараттық ресурстарды қоспағанда, денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарының қызметі туралы ақпаратты қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарға еркін қолжетімділікті қамтамасыз ету;
4) жариялы таратылуының міндетті сипаты белгіленген электрондық ақпараттық ресурстарды берудің уақтылығы, оның объективтілігі, толықтығы және дәйектілігі;
5) денсаулық сақтаудың ақпараттық ресурстары деректерінің сақталуы мен құпиялылығын қамтамасыз ету;
6) әрбір пациент туралы ақпараттық ресурстарды персоналдауды және пациенттің персоналдық ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету;
7) медициналық ақпараттың пациентпен ілесе жүруін қамтамасыз ету принциптеріне негізделеді.
28-бап. Жеке тұлғалар (пациенттер) туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету
1. Денсаулық сақтаудың жеке тұлғалар (пациенттер) туралы персоналдық деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстары алынуы, өңделуі мен пайдаланылуы оларды жинау мақсатымен шектелетін құпия электрондық ақпараттық ресурстар санатына жатады.
2. Электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру үшін жеке тұлғалардың (пациенттердің) денсаулық жағдайы туралы мәлімет беру жеке тұлғаның (пациенттің) келісімімен жүзеге асырылады.
3. Персоналдық медициналық деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды алған ақпараттық жүйелердің меншік иелері немесе иеленушілері оларды жария етуден қорғау (құпиялылықты сақтау) жөнінде шаралар қабылдауға міндетті. Мұндай міндет персоналдық медициналық деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстар алынған кезден бастап оларды жойып жібергенге не дерексіздендіргенге дейін немесе осы деректер өзіне тиесілі адамнан оларды жария етуге келісім алынғанға дейін сақталады.
4. Жеке тұлғалар (пациенттер) туралы персоналдық медициналық деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды мүліктік және (немесе) моральдық зиян келтіру, Қазақстан Республикасының заңдарында кепілдік берілген құқықтар мен бостандықтарды іске асыруды шектеу мақсатында пайдалануға жол берілмейді.
5. Жеке тұлғалар (пациенттер) туралы персоналдық медициналық деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарға медициналық персоналдың қолжетімділігі жеке тұлғаға (пациентке) медициналық көмек көрсету мақсатымен ғана шектелуге тиіс.
8-тарау.
Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастық
29-бап. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың басымдықтары мен бағыттары
1. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың басымдықтары:
1) Қазақстан Республикасының және оның азаматтарының денсаулық сақтау саласындағы мүдделерін қорғау;
2) Қазақстан Республикасының эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
3) денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді мемлекетаралық деңгейде шешу үшін халықаралық құқықтың нормалары мен принциптерін қолдану;
4) салауатты өмір салтын және дұрыс тамақтануды қалыптастыру болып табылады.
2. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың бағыттары:
1) денсаулық сақтау саласындағы халықаралық бастамаларға қатысу;
2) денсаулық сақтау саласындағы техникалық көмекті мемлекетаралық деңгейде тарту және көрсету;
3) Қазақстан Республикасының азаматтарын шетелге емделуге жіберу және шетелдік азаматтарға медициналық көмек көрсету;
4) халықаралық инновациялық технологияларды енгізу және денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту;
5) әлемдік медицина ғылымына интеграциялану;
6) медицина және фармацевтика қызметкерлерінің ақпараттық және зияткерлік ресурстарға қол жеткізуін қамтамасыз ету;
7) медицина және фармацевтика кадрларын даярлау, олардың біліктілігін арттыру мен қайта даярлау саласындағы мемлекетаралық өзара іс-қимыл;
8) төтенше жағдайлар туындаған кезде денсаулық сақтау саласында халықаралық көмек көрсету;
9) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласында ақпарат, технология алмасу және фармацевтикалық және медициналық өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына қойылатын талаптарды үйлестіру;
10) шекараларды санитариялық қорғау, әкелінетін өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
30-бап. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың экономикалық және құқықтық негіздері
1. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың экономикалық негізін:
1) халықаралық ұйымдарға берілетін міндетті және ерікті жарналар;
2) халықаралық жобалар мен іс-шараларды қаржыландыруға қатысу;
3) гранттарды тарту мен пайдалану;
4) жасалған халықаралық шарттарға сәйкес қаржыландыру құрайды.
2. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың құқықтық негізі халықаралық шарттар мен келісімдер болып табылады.
Ерекше бөлім
2-Бөлім. Денсаулық сақтау жүйесі және медициналық көмекті ұйымдастыру
9-тарау. Денсаулық сақтау жүйесі және медициналық көмекті ұйымдастыру
31-бап. Денсаулық сақтау жүйесінің құрылымы
1. Денсаулық сақтау жүйесі мемлекеттік және мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторларынан тұрады.
2. Мемлекеттік денсаулық сақтау секторы денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік органдардан, мемлекеттік меншік құқығына негізделген денсаулық сақтау ұйымдарынан тұрады.
3. Мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторы жеке меншік құқығына негізделген денсаулық сақтау ұйымдарынан, сондай-ақ жекеше медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалардан тұрады.