Қазақстан Республикасының
Заңы
Мемлекеттік статистика туралы
(2010.30.06. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2011 жылғы 5 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң мемлекеттік статистикалық қызмет процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді және қоғамның, мемлекет пен халықаралық қоғамдастықтың ресми статистикалық ақпаратқа деген сұранысын қанағаттандыруға бағытталған.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) алғашқы статистикалық деректер - статистикалық нысандарда алынған немесе тіркелген деректер;
2) әкімшілік дереккөздер - статистикалық қызметті қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стратегиялық, реттеуіш, іске асыру немесе бақылау функцияларын іске асыру процесінде есепке алу деректерін немесе өзге де деректерді жинауды жүзеге асыратын орталық және жергілікті атқарушы органдар, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкімдері, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және өзге де мемлекеттік органдар;
3) әкімшілік деректер - алғашқы статистикалық деректерді қоспағанда, әкімшілік дереккөздер қалыптастыратын жеке немесе заңды тұлға жөніндегі жеке-дара сандық және (немесе) сапалық деректер және шаруашылық бойынша есепке алу деректері;
4) ведомстволық статистикалық байқау - мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органды қоспағанда, статистикалық жұмыс жоспарына сәйкес статистикалық жұмыс жүргізуге уәкілеттік берілген мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүргізетін статистикалық байқау;
5) жалпымемлекеттік статистикалық байқау - мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган жүргізетін статистикалық байқау;
6) мемлекеттік статистика - ресми статистикалық ақпаратты түзу;
7) мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - өз құзыреті шегінде мемлекеттік статистика саласындағы басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
8) пайдаланушы - ресми статистикалық ақпаратты алуға өтініш жасайтын және (немесе) оны пайдаланатын тұлға;
9) ресми статистикалық ақпарат - статистикалық жұмыс жоспарына сәйкес мемлекеттік статистика органдары қалыптастыратын статистикалық ақпарат;
10) ресми статистикалық ақпаратты тарату графигі - пайдаланушыларды статистикалық жұмыс жоспарына сәйкес мемлекеттік статистика органдары қалыптастыратын статистикалық көрсеткіштер туралы мәліметтермен қамтамасыз ететін құжат;
11) респондент - статистикалық әдіснамаға сәйкес статистикалық байқау объектісі бойынша деректерді ұсынатын жеке немесе заңды тұлға және оның құрылымдық және оқшауланған бөлімшелері;
12) респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсыну графигі - респонденттердің тобы, статистикалық байқаулардың атаулары, респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсыну кезеңділігі мен мерзімдері және алғашқы статистикалық деректердің жиналуына жауапты мемлекеттік орган туралы мәліметтерді қамтитын құжат;
13) статистикалық ақпарат - алғашқы статистикалық деректерді және (немесе) әкімшілік деректерді өңдеу процесінде алынып, біріктірілген деректер;
14) статистикалық әдіснама - статистикалық қызметте пайдаланылатын, белгіленген тәртіппен бекітілген ғылыми негізделген амалдардың, тәсілдер мен әдістердің жиынтығы;
15) статистикалық байқау - статистикалық байқау объектісі бойынша алғашқы статистикалық деректерді ғылыми-ұйымдастырып жинау;
16) статистикалық байқау объектісі - өздері туралы сандық және (немесе) сапалық сипаттамалар жиналуға тиіс әлеуметтік-экономикалық объект және (немесе) құбылыс не олардың жиынтығы;
17) статистикалық жұмыс жоспары - ұлттық санақтарды қоспағанда, жалпымемлекеттік және ведомстволық статистикалық байқаулар жүргізудің алғашқы статистикалық деректерді жинау мерзімдерін, ресми статистикалық ақпаратты қалыптастыру мерзімдерін айқындайтын жылдық жоспары;
18) статистикалық қызмет - осы қызметті жоспарлауды, статистикалық әдіснаманы әзірлеуді, статистикалық байқау жүргізуді, алғашқы статистикалық және әкімшілік деректерді өндеуді, қорғау мен сақтауды, статистикалық ақпаратты қалыптастыру мен таратуды қамтитын процесс;
19) статистикалық нысан - статистикалық құжаттың алғашқы статистикалық деректерді белгіленген тәртіппен алуға немесе тіркеуге арналған қағаз немесе электрондық жеткізгіштегі формуляры (бланк, есептілік нысаны, сұрақтама, сауал-нама, санақ парағы және басқа да формулярлар);
20) статистикалық сыныптауыш - статистикалық байқау объектісін топтарға, сыныптарға, разрядтарға бөлуге мүмкіндік беретін, жасау және жүйелеу принциптерінің, әдістерінің сипатталуын, сондай-ақ оны сәйкестендіру құралы болып қызмет ететін кодты қамтитын, оның нақты бір белгісі мәндерінің жүйеге түсірілген тізбесі;
21) статистикалық тіркелім - статистикалық байқау объектісі бірліктерінің сандық және (немесе) сапалық сипаттамаларымен қоса жүйеге түсірілген тізбесі;
22) ұлттық санақ - статистикалық жұмыс жоспарынан тыс Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жүргізілетін, арнайы ұйымдастырылған статистикалық байқау;
23) үй шаруашылығы - бірге тұратын, өз табыстары мен мүлкін толықтай немесе ішінара біріктіретін және тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді бірлесіп тұтынатын бір немесе одан да көп жеке тұлғалардан құралған экономикалық субъект;
24) шаруашылық бойынша есепке алу - үй шаруашылықтары бойынша әкімшілік деректерді қалыптастыру процесі.
2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленсе, халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында қолданылады және статистикалық ақпаратты түзу мен тарату процесіне байланысты қатынастарға қолданылады.
2. Құқықтық статистика және арнайы есепке алуды жүргізу саласындағы қатынастар «Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Заңмен реттеледі.
2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2010 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
3. Осы Заңның күші кеден одағына мүше мемлекеттер арасындағы өзара сауда статистикасын қоспағанда, кедендік статистиканы қалыптастыруға және жүргізуге байланысты қатынастарға қолданылмайды.
4-бап. Мемлекеттік статистика органдары
Мемлекеттік статистка органдарына:
1) уәкілетті орган;
2) статистикалық жұмыс жоспарына сәйкес ведомстволық статистикалық байқаулар жүргізетін және (немесе) ресми статистикалық ақпаратты қалыптастыратын мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жатады.
5-бап. Мемлекеттік статистиканың принциптері
Мемлекеттік статистиканың негізгі принциптері:
1) мемлекеттік статистиканың жалпы жұрт қабылдаған халықаралық стандарттармен, сыныптамалармен және әдістермен үйлесімді және салыстырмалы болуы;
2) статистикалық қызметті жүзеге асыру кезіндегі кәсіптік тәуелсіздік және дербестік;
3) пайдаланушылардың ресми статистикалық ақпаратқа теңдей қол жеткізуін қамтамасыз ету;
4) алғашқы статистикалық деректердің құпиялылығы және олардың тек қана статистикалық мақсаттар үшін пайдаланылуы;
5) сапасын, уақтылығын, шығындарды және респонденттерге жүктемені ескере отырып, ақпарат дереккөздерінің барлық түрлерін пайдалану;
6) ресми статистикалық ақпараттың дәйектілігі, ғылыми негізділігі, уақтылы берілуі мен жалпыға бірдей қолжетімділігі;
7) статистикалық ақпараттың, алғашқы статистикалық және әкімшілік деректердің сақталуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
6-бап. Мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясат
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясаты мемлекеттік статистиканы жасауға, жұмыс істетуге, дамытуға және жетілдіруге бағытталған.
2. Мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясат мемлекеттік статистиканың принциптеріне негізделеді.
3. Орталық және жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға өздерінің осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде айқындалған құзыреті шегінде қатысады.
4. Орталық және жергілікті атқарушы органдар өздерінің қызметінде ресми статистикалық ақпаратты дереккөзге сілтеме жасай отырып пайдаланады, қандай да бір әлеуметтік-экономикалық объект немесе құбылыс бойынша ресми статистикалық ақпаратты алу мүмкіндігі болмаған кезде ғана ол бойынша өзге ақпаратты жинайды және пайдаланады.
7-бап. Мемлекеттік статистика саласындағы міндеттер
Мемлекеттік статистика саласындағы міндеттер:
1) статистикалық әдіснаманы қалыптастыру;
2) мемлекеттік статистика принциптерін сақтай отырып, статистикалық қызметті жүзеге асыру;
3) қоғамның, мемлекет пен халықаралық қоғамдастықтың ресми статистикалық ақпаратқа деген сұранысын қанағаттандыру болып табылады.
8-бап. Ұсынылатын деректердің құпиялылық және қорғалу кепілдіктерін қамтамасыз ету
1. Алғашқы статистикалық деректер құпия болып табылады және осы баптың 4-тармағында көрсетілген мәліметтерді қоспағанда, оны мемлекеттік статистика органдары тек қана статистикалық ақпаратты түзу мақсатында пайдаланады. Мемлекеттік статистика органдары алғашқы статистикалық деректерді жинау, өңдеу және сақтау кезінде осы деректердің құпиялылығын қамтамасыз етеді.
2. Мемлекеттік органдардың және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің респондентке қатысты алғашқы статистикалық деректерді пайдалануына, оның ішінде өздері бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асырған кезде пайдалануына жол берілмейді.
3. Респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді қалыптастыру жөніндегі қызметіне орталық және жергілікті атқарушы органдардың және өзге де тұлғалардың араласуына жол берілмейді.
4. Дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар, олардың оқшауланған бөлімшелері туралы мынадай мәліметтер:
1) дара кәсіпкердің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) немесе заңды тұлғаның атауы;
2) экономикалық қызмет түрлерінің жалпы сыныптауышы бойынша экономикалық қызмет түрі;
3) кәсіпорындар мен ұйымдардың жалпы сыныптауышы бойынша коды;
4) бизнес-сәйкестендіру нөмірі;
5) әкімшілік-аумақтық объектілердің сыныптауышы бойынша коды;
6) кәсіпорынның жұмыспен қамтылғандар саны жөніндегі мөлшерлілік сыныптауышы бойынша коды құпия болып табылмайды.
5. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген мәліметтерді қоспағанда, респондентті тікелей немесе жанама анықтауға немесе ол туралы алғашқы статистикалық деректерді айқындауға мүмкіндік беретін статистикалық ақпарат және деректер базалары құпия болып табылады және ол респонденттің келісімі болғанда ғана таратылуы мүмкін.
6. Деректер базаларын ғылыми мақсаттарда уәкілетті орган белгілеген тәртіппен, сәйкестендірілмеген түрінде ұсынуға және пайдалануға жол беріледі.
7. Мемлекеттік құпияларды қамтитын статистикалық ақпаратты беру тәртібі Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес айқындалады.
9-бап. Мемлекеттік статистика саласындағы халықаралық ынтымақтастық
1. Қазақстан Республикасы мен басқа мемлекеттер немесе халықаралық ұйымдар арасындағы мемлекеттік статистика саласындағы ынтымақтастық Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік статистика органдарының Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары шеңберінде статистикалық ақпаратты таратуға және пайдаланылатын статистикалық әдіснама бойынша тәжірибе алмасуға құқығы бар.
2-тарау. Мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік реттеу
10-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Президенті мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындайды және Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
11-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік статистика саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік статистика саласында:
1) мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
2) мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру кезінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметін үйлестіреді;
3) ұлттық санақтар жүргізу туралы шешімдер қабылдайды;
4) ұлттық санақтар жүргізудің тәртібі мен мерзімдерін айқындайды;
5) өзіне Конституцияда, осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
12-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлейді және іске асырады;
2) өз құзыреті шегінде мемлекеттік статистика саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
3) халықаралық статистикалық стандарттарға сәйкес статистикалық әдіснаманы қалыптастырады;
4) жалпымемлекеттік статистикалық байқаулар жөніндегі статистикалық әдіснаманы бекітеді;
5) статистикалық жұмыс жоспарына сәйкес жалпымемлекеттік статистикалық байқауларды ұйымдастырады және жүргізеді;
6) ұлттық санақтардың бағдарламаларын әзірлейді және олардың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
7) жалпымемлекеттік және ведомстволық статистикалық байқаулар жүргізу үшін статистикалық нысандарды, оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықты, сондай-ақ олардың бекітілу тәртібін бекітеді;
8) респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсыну тәртібін әзірлейді және бекітеді;
9) респонденттер алғашқы статистикалық деректерді ұсынған кезде оларды статистикалық нысандармен және осы нысандарды толтыру жөніндегі нұсқаулықтармен қамтамасыз етеді;
10) респонденттерден алғашқы статистикалық деректерді өтеусіз негізде алады;
11) үй шаруашылықтарынан олардың табыстары мен шығыстары туралы қажетті алғашқы статистикалық деректерді өтеулі және өтеусіз негізде алады;
12) статистикалық ақпаратты түзу кезінде бұрмалаушылықтар, қателер, ағаттықтар анықталған жағдайда алғашқы статистикалық деректердің дәйектілігін растау үшін респонденттерден қосымша ақпарат талап етеді;
13) респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді бұрмалағаны анықталған кезде респонденттерден алғашқы статистикалық деректер қамтылған статистикалық нысандарға түзетулер енгізуді талап етеді;
14) әкімшілік деректерді тек қана статистикалық ақпаратты түзу және статистикалық тіркелімдерге өзекті сипат беру үшін пайдаланады;
15) статистикалық сыныптауыштарды уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастыру арқылы мемлекеттік статистика органдарын олармен қамтамасыз етеді;
16) республиканың және оның өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы ақпараттық статистикалық деректер базаларының жинақталуын, жүргізілуін және оларға өзекті сипат берілуін қамтамасыз етеді;
17) мемлекеттік статистика саласындағы ғылыми-зерттеу әзірлемелерін ұйымдастырады;
18) статистикалық ақпараттың сапасын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік статистика органдарының статистикалық қызметіне оның уәкілетті орган бекіткен ведомстволық статистикалық байқаулар жөніндегі статистикалық әдіснамаға сәйкестігі тұрғысынан сараптама жүргізеді және сараптама жүргізуге қажетті құжаттарды (ақпаратты) сұратады;
19) уәкілетті органның құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша түсініктер береді;
20) мемлекеттік статистиканы жетілдіру мақсатында консультациялық-кеңесші органдарды құрады, олар туралы ережені уәкілетті органның басшысы бекітеді;
21) тексерулерді қоспағанда, мемлекеттік статистика саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының және Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулыларының талаптарын сақтау тұрғысынан мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
22) өз құзыреті шегінде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады және ынтымақтастық шеңберінде шарттар жасасады;
23) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
13-бап. Мемлекеттік статистика органдарына жататын мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құзыреті
Осы Заңның 4-бабының 2) тармақшасында көрсетілген мемлекеттік статистика органдары:
1) мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) статистикалық әдіснаманы әзірлеу мен қалыптастыруға уәкілетті орган белгілеген тәртіппен қатысады;
3) статистикалық жұмыс жоспарына сәйкес ведомстволық статистикалық байқауларды жүргізеді және ресми статистикалық ақпаратты қалыптастырады;
4) статистикалық ақпаратты түзу кезінде бұрмалаушылықтар, қателер, ағаттықтар анықталған жағдайда алғашқы статистикалық деректердің дәйектілігін растау үшін респонденттерден қосымша ақпарат талап етеді;
5) ведомстволық статистикалық байқауларды жүргізу кезінде респонденттерден алғашқы статистикалық деректерді өтеусіз негізде алады;
6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
14-бап. Уәкілетті орган
1. Уәкілетті органның кәсіптік тәуелсіздігі, оның ішінде статистикалық әдіснаманы әзірлеу мен бекіту бойынша кәсіптік тәуелсіздігі болады.
2. Уәкілетті органның бірыңғай жүйесін орталық атқарушы орган мен оған бағынысты аумақтық органдар құрайды.
3. Аумақтық органдар өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өкілеттіктері және орталық атқарушы орган бекіткен ереже шегінде жүзеге асырады.
15-бап. Уәкілетті органның тәуелсіздігін қамтамасыз ету
Уәкілетті органның тәуелсіздігі:
1) уәкілетті органның қызметіне мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының және өзге де ұйымдардың құқыққа сыйымсыз араласуына жол бермеу арқылы;
2) оның қызметін жүзеге асыру үшін тиісті қаржылық, материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық жағдайлар жасау арқылы қамтамасыз етіледі.
16-бап. Әкімшілік дереккөздердің құқықтары мен міндеттері
1. Әкімшілік дереккөздердің осы Заңның 26-бабына сәйкес ресми статистикалық ақпаратты алуға құқығы бар.
2. Кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкімдері уәкілетті орган бекіткен статистикалық әдіснамаға сәйкес шаруашылық бойынша есепке алуды жүргізуге, уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша тіркеу жазбаларын жүргізуді ұйымдастыруға және шаруашылық бойынша есепке алу деректерінің дәйектілігін қамтамасыз етуге міндетті.
3. Әкімшілік дереккөздер:
1) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті орган әзірлеген мемлекеттік сыныптауыштарды қолдануға;
2) әкімшілік деректерді жинауға арналған нысандарды уәкілетті органмен келісуге;
3) әкімшілік деректерді уәкілетті орган бекіткен тәртіппен өтеусіз негізде уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі уәкілетті органға банктік құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, әкімшілік деректерді ұсынады.
17-бап. Респонденттердің құқықтары мен міндеттері
1. Респонденттердің:
1) ресми статистикалық ақпаратты алуға;
2) мемлекеттік статистика органдарынан алғашқы статистикалық деректердің құпиялылығын сақтауды талап етуге;
3) уәкілетті органнан статистикалық нысандарды толтыру тәртібі жөнінде түсініктер алуға;
4) алғашқы статистикалық деректерді электрондық түрде ұсыну үшін қажетті статистикалық нысанды және (немесе) бағдарламалық қамтамасыз етілімді қағаз немесе электрондық жеткізгіштерде өтеусіз негізде алуға;
5) уәкілетті орган көрсететін мемлекеттік қызметтерді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен пайдалануға;
6) Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңнамасында көзделген өзге де құқықтарға құқығы бар.
2. Респонденттер:
1) статистикалық байқаулар жүргізу кезінде респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсыну графигіне және статистикалық әдіснамаға сәйкес дәйекті алғашқы статистикалық деректерді ұсынуға;
2) мемлекеттік статистика органдарының осы Заңда көзделген талаптарын орындауға міндетті.
18-бап. Пайдаланушылардың құқықтары
Пайдаланушылардың:
1) ресми статистикалық ақпаратты тарату графигіне сәйкес ресми статистикалық ақпаратқа бір мезгілде және теңдей қол жеткізуге;
2) ресми статистикалық ақпаратты дереккөзге сілтеме жасай отырып жеке мақсатта пайдалануға құқығы бар.
3-тарау. Статистикалық қызмет
19-бап. Статистикалық қызметті жоспарлау
1. Статистикалық қызмет Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен статистикалық жұмыс жоспары негізінде жүзеге асырылады.
2. Уәкілетті орган статистикалық жұмыс жоспарын орындау үшін респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсыну графигін және ресми статистикалық ақпаратты тарату графигін бекітеді.
3. Уәкілетті орган статистикалық жұмыс жоспарын, респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсыну графигін және ресми статистикалық ақпаратты тарату графигін мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ұсыныстарын ескере отырып, алдағы күнтізбелік жылға арнап қалыптастырады.
Мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өз ұсыныстарын жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 1 сәуіріне дейінгі мерзімде уәкілетті органға ұсынады.
4. Уәкілетті орган жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 1 шілдесіне дейінгі мерзімде статистикалық жұмыс жоспарын, респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсыну графигін және ресми статистикалық ақпаратты тарату графигін қалыптастыруды қамтамасыз етеді.
20-бап. Статистикалық байқау
1. Мемлекеттік статистика органдары статистикалық байқауларды статистикалық әдіснамаға сәйкес статистикалық нысандар бойынша жүргізеді.
2. Статистикалық байқауларды жүргізу кезінде оған орталық және жергілікті атқарушы органдар мен олардың лауазымды адамдарының және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, олардың бірлестіктерінің араласуына жол берілмейді.
21-бап. Ұлттық санақтар
1. Ұлттық санақтарды жүргізу қажеттігін уәкілетті органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2. Уәкілетті орган ұлттық санақтарды статистикалық жұмыс жоспарынан тыс жүргізеді.
3. Ұлттық санақтар жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметі орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіруді уәкілетті органға да, арнайы құрылған комиссияға да жүктеуі мүмкін.
4. Ұлттық санақтар барысында алынған мәліметтер алғашқы статистикалық деректерге жатады және олар жеке немесе заңды тұлғаға мүліктік және моральдық зиян келтіру, олардың құқықтары мен бостандықтарының іске асырылуын қиындату мақсатында пайдаланылмауға тиіс.
5. Ұлттық санақтар жүргізу кезінде респонденттер алғашқы статистикалық деректерді міндетті түрде өтеусіз негізде ұсынады.
22-бап. Статистикалық әдіснама
1. Статистикалық ақпаратты қалыптастыру статистикалық әдіснамаға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Ведомстволық статистикалық байқаулар және статистикалық ақпаратты қалыптастыру жөніндегі статистикалық әдіснаманы мемлекеттік статистика органдарына жататын мемлекеттік органдар әзірлейді және оны осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, уәкілетті орган бекітеді.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүргізетін ведомстволық статистикалық байқаулар жөніндегі және олардың статистикалық ақпаратты қалыптастыруы жөніндегі статистикалық әдіснаманы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі әзірлейді және оны уәкілетті органмен келісе отырып бекітеді.
4. Статистикалық әдіснама ғылыми әдістер мен көзқарастар негізінде әзірленеді, оны мемлекеттік статистика органдары таратады және ол қолжетімді болуға тиіс.
5. Мемлекеттік органдардың, олардың лауазымды адамдарының, сондай-ақ өзге де тұлғалардың статистикалық әдіснаманы қалыптастыруға араласуына жол берілмейді.