55-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының елден тыс жерге кетуінің шарттары мен тәртібі
1. Әркімнің Қазақстан Республикасынан тыс жерге кетуге құқығы бар. Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасына кедергісіз қайтып оралуға құқығы бар.
2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кету ішкі істер органдары кетуге арналған құжаттарды ресімдегеннен кейін жүзеге асырылады.
2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтінішті ішкі істер органдарына:
1) әрекетке қабілетті азаматтар - өздері;
2) балалар мен сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтар атынан олардың заңды өкілдері береді.
2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2024.16.05. № 82-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 28 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 4-тармақ өзгертілді
4. Ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтініш берген азаматтардың Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге кетуінен бас тарту үшін негіздердің болмауына тексеру жүргізеді.
Мүдделі мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтініш берген азаматтарға қатысты ішкі істер органдарының сауалдарын күнтізбелік он күн ішінде қарайды.
Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу туралы шешім барлық құжаттар ұсынылған күннен бастап бір ай мерзімнен кешіктірілмей, ішкі істер органдары айқындайтын тәртіппен қабылданады.
5. Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасынан басқа мемлекеттерге тұрақты тұрғылықты жерге кетуімен байланысты шығындарды қаржыландыру кетушілердің өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады, сондай-ақ, егер бұл Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмесе, басқа да көздерден жүзеге асырылуы мүмкін.
6. Қазақстан Республикасынан басқа мемлекетке тұрақты тұрғылықты жерге кететін Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өздеріне және өздерінің отбасы мүшелеріне меншік құқығымен тиесілі мүлікті өз қаражаты есебінен әкетуге құқылы.
7. Азаматтардың мемлекет үшін мәдени, тарихи немесе өзге де құндылығы бар заттарды Қазақстан Республикасының шегінен тыс әкетуі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен реттеледі.
8. Қазақстан Республикасынан басқа мемлекеттерге тұрақты тұрғылықты жеріне кеткен адамдардың Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлікке құқығы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен 55-1-баппен толықтырылды (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
55-1-бап. Жұмыспен қамтудың жекеше агенттігі
1. Жұмыспен қамтудың жекеше агенттігінің:
1) жүгінген адамдарға консультация беруге және ел ішінде де, шетелде де жұмысқа орналасу мүмкіндігі туралы ақпарат беруге, сондай-ақ еңбек делдалдығы бойынша қызметтер көрсетуге;
2) бір елден екінші елге жұмысқа орналасу үшін жұмыскерлерді жинауды жүзеге асыруға;
3) жүгінген адамдарды кейіннен ел ішінде және шетелде жұмысқа орналастыра отырып, кәсіптік даярлауды және қайта даярлауды ұйымдастыруға;
4) адамдарды шетелде жұмысқа орналастырған жағдайда, оларды әкетуге рұқсат беру құжаттарын ресімдеуге құқығы бар.
2. Жұмыспен қамтудың жекеше агенттігі:
1) кемсітушіліктің кез келген нысанына жол бермеуге;
2) жүгінген адамдардан алынатын ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге;
3) жүгінген адамдармен ел ішінде және шетелде жұмыс істеу үшін еңбек делдалдығы бойынша қызметтер көрсету туралы шарттар жасасуға;
4) халықты жұмыспен қамту орталығына тоқсан сайын кәсіптер (мамандықтар) бөлінісінде еңбек делдалдығы үшін жүгінген және ел ішінде және шетелде жұмысқа орналасқан адамдардың саны туралы ақпаратты жазбаша немесе «Электрондық еңбек биржасы» мемлекеттік ақпараттық порталы арқылы бастапқы статистикалық деректерді беруге міндетті.
3. Қазақстан Республикасынан шетелге жұмыс күшін әкетуге байланысты қызметті жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктері жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасынан шет елге жұмыс күшін әкету жұмысқа орналастыратын елдің банктеріне жұмыскердің атына кепілдік жарна енгізу арқылы шарт мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыскердің өз еліне оралуына жұмыспен қамтудың жекеше агенттігі кепілдік берген жағдайда ғана жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасынан шет елге жұмыс күшін әкету кезінде шетелдік жұмыс берушілердің банктерге кепілдік жарнаны енгізу тәртібі мен шарттары жұмысқа орналастыратын елдің заңнамасымен реттеледі.
2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.13.05. № 327-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 56-бап өзгертілді
56-бап. Қазақстан Республикасының азаматына елден тұрақты тұрғылықты жеріне кетуге рұқсат беруден бас тарту үшін негіздер
Қазақстан Республикасының азаматына мынадай жағдайларда, егер ол:
1) мемлекеттік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді білетін болса және өзінің Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге кету фактісі туралы тиісті уәкілетті органдарды хабардар етпеген болса - осы мән-жайлардың қолданылуы тоқтатылғанға дейін;
2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен ұстап алынған не күдікті, айыпталушы ретінде жауапқа тартылған болса, не оған қатысты күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылса − іс бойынша шешім шығарылғанға немесе сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін;
3) қылмыс жасағаны үшін сотталған болса - жазасын өтегенге дейін немесе жазадан босатылғанға дейін;
4) өзіне сот жүктеген міндеттемелерді орындаудан жалтарған болса - осы мән-жайлар тоқтатылғанға дейін;
2012.16.02. № 562-ІV ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) мерзімді әскери қызметін өткеріп жүрген болса - осы қызметті өткеру аяқталғанға дейін немесе «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес одан босатылғанға дейін;
6) Қазақстан Республикасынан кету үшін құжаттарды ресімдеу кезінде өзі туралы көрінеу жалған деректерді хабарлаған болса - бас тартуға және беруге негіз болған себептер жойылғанға дейін және дәйекті деректерді ұсынғанға дейін;
2020.13.05. № 327-VІ ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) азаматтық сот ісін жүргізуде жауапкер болып табылса - сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін;
2020.13.05. № 327-VІ ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды
8) салықтық берешегі болса - оны толық өтегенге дейін;
2020.13.05. № 327-VІ ҚР Заңымен 9) тармақшамен толықтырылды
9) атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкер болып табылса, Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жеріне кетуден уақытша бас тартылады.
Атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкер:
сот бекіткен, өндіріп алушымен жасалған бітімгершілік келісімді;
өндіріп алушымен дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді;
өндіріп алудың немесе атқарушылық құжаттың өзге де талабының орындалғанын растайтын құжаттарды;
атқарушылық құжат беруге негіз болған, тиісті орган шешімінің күші жойылғанын растайтын құжаттарды ұсынған жағдайда, осы баптың бірінші бөлігі 9) тармақшасының талабы қолданылмайды.
Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кету құқығын шектеудің барлық жағдайларында ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының азаматына хабарлама береді, онда шектеудің негіздемесі мен мерзімі және осы шешімге шағымданудың тәртібі көрсетіледі.
57-бап. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге барған Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен міндеттері
Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге барған Қазақстан Республикасы азаматтарының барлық құқықтары мен бостандықтары бар, сондай-ақ олар Конституцияда, заңдарда және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленген міндеттерді атқарады.
Қазақстан Республикасы өз азаматтарын одан тыс жерде қорғауға және оларға сүйеу болуға кепілдік береді.
58-бап. Заңсыз көшіп келудің алдын алу және құқықтық мәртебесі реттелмеген көшіп келушілерді заңдастыру шаралары
1. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасының аумағына келуі, олар келу, кету, болу және транзиттік жол жүру тәртібін реттейтін Қазақстан Республикасы заңнамасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптарын орындаған жағдайда мүмкін болады.
2024.16.05. № 82-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2024 ж. 28 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Уәкілетті мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алуды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.
2024.16.05. № 82-VIII ҚР Заңымен 11-1-тараумен толықтырылды (2024 ж. 17 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
11-1-тарау. Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау
58-1-бап. Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау
1. Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылауды (бұдан әрі - мемлекеттік бақылау) аумақтық ішкі істер органдары бақылау субъектілерінің Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан жүзеге асырады.
2. Осы Заңда көзделген, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын және (немесе) шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік бақылау субъектілері (бұдан әрі - бақылау субъектілері) болып табылады.
58-2-бап. Мемлекеттік бақылауды жүргізу тәртібі
1. Мемлекеттік бақылау жоспардан тыс тексерулер нысанында жүргізіледі.
2. Аумақтық ішкі істер органының басшысы тағайындайтын жоспардан тыс тексеруге (бұдан әрі - тексеру) мыналар негіз болып табылады:
1) шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың заңсыз болуы туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзатын Қазақстан Республикасының азаматтары туралы куәландыратын нақты фактілер мен мән-жайлар бойынша жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары;
2) прокурордың талаптары;
3) шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың заңсыз болуы туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзатын Қазақстан Республикасының азаматтары туралы куәландыратын нақты фактілер мен мән-жайлар бойынша мемлекеттік органдардың жолданымдары;
4) қылмыстық қудалау органының Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген негіздер бойынша тапсырмалары.
3. Аумақтық ішкі істер органдарының лауазымды адамының (лауазымды адамдарының) тексеру жүргізу кезінде:
1) осы баптың 7-тармағында аталған құжаттарды көрсеткен кезде тексеру нысанасына сәйкес бақылау субъектісінің (объектісінің) аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруге;
2) тексеру нәтижелері туралы актіге қосу үшін қағаз және электрондық жеткізгіштердегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін, сондай-ақ тексеру нысанасына сәйкес және мемлекеттік құпиялар және Қазақстан Республикасының заңымен қорғалатын өзге де құпия туралы талаптарды сақтай отырып, автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділік алуға;
3) аудио-, фото- және бейнетүсірілімді жүзеге асыруға;
4) мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты және өзге де ұйымдардың мамандарын, консультанттары мен сарапшыларын тартуға құқығы бар.
4. Аумақтық ішкі істер органдарының лауазымды адамы (лауазымды адамдары) тексеру жүргізу кезінде:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, тексерілетін субъектінің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;
2) тексеру жүргізу кезеңінде тексерілетін субъектінің белгіленген жұмыс режиміне кедергі келтірмеуге;
3) тексерілетін субъектінің не оның уәкілетті өкілінің тексеру жүргізу кезінде қатысуына кедергі келтірмеуге, тексеру нысанасына қатысты мәселелер бойынша түсініктемелер беруге;
4) тексерілетін субъектіге не оның уәкілетті өкіліне тексеру нысанасына қатысты қажетті ақпаратты беруге міндетті.
5. Бақылау субъектілері не олардың уәкілетті өкілдері тексеру жүргізілген кезде:
1) тексеру жүргізу үшін келген аумақтық полиция органдарының лауазымды адамын (лауазымды адамдарын) мынадай:
осы Заңда белгіленген мерзімдерге сәйкес келмейтін, тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген мерзімдер асып кеткен не өтіп кеткен;
осы баптың 7-тармағында көзделген құжаттар болмаған;
тексеруді жүргізу тиісті өкілеттіктері жоқ адамдарға тапсырылған;
тексеруді тағайындау туралы бір актіде тексеруге тартылатын бірнеше бақылау субъектісі көрсетілген;
тексеру мерзімдері осы Заңда белгіленген мерзімнен асырып ұзартылған;
сол бір кезеңде сол бір мәселе бойынша бұрын тексеру жүргізілген бақылау субъектісіне тексеру тағайындалған;
өтініште (хабарламада) көрсетілген уақыт кезеңінен асатын кезеңге тексеру тағайындалған жағдайларда, тексеруге жібермеуге;
2) егер құжаттар мен мәліметтер жүргізілетін тексеру нысанасына жатпаса, оларды ұсынбауға;
3) құқықтары мен заңды мүдделерін білдіру, сондай-ақ үшінші тұлғалардың тексеруді жүзеге асыру процесін, сондай-ақ аумақтық ішкі істер органдарының лауазымды адамының (лауазымды адамдарының) тексеру шеңберінде жасайтын жекелеген әрекеттерін лауазымды адамның (лауазымды адамдардың) қызметіне кедергі келтірмей, аудио- және бейнетехника құралдарының көмегімен тіркеуді жүзеге асыруы мақсатында тексеруге қатысуға үшінші тұлғаларды тартуға;
4) тексеру нәтижелері туралы актіге Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы.
6. Бақылау субъектілерінің өкілдері тексеру жүргізілген кезде:
1) аумақтық полиция органдары лауазымды адамының (лауазымды адамдарының) бақылау субъектісінің аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген талаптарды сақтай отырып және тексеру нысанасына сәйкес аумақтық полиция органдарының лауазымды адамына (лауазымды адамдарына) тексеру нәтижелері туралы актіге қосу үшін қағаз және электрондық жеткізгіштердегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін ұсынуға;
3) тексеру аяқталған күні тексеру нәтижелері туралы актінің екінші данасына алғаны туралы белгі қоюға;
4) тексеру жүргізу кезеңінде бақылау субъектілерінің тексерілетін құжаттарына (мәліметтеріне) өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуіне жол бермеуге;
5) зиянды және қауіпті өндірістік әсер ету факторларынан тексеру жүргізу үшін келген адамдардың осы объект үшін белгіленген нормативтерге сәйкес қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.
7. Тексеру тексеруді тағайындау туралы актінің негізінде жүргізіледі.
Тексеруді тағайындау туралы акт екі данада жасалады.
Тексеруді тағайындау туралы актінің бір данасы - тексерілетін субъектіге, екіншісі тексеру басталғаннан кейін құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органға беріледі.
Тексеруді тағайындау туралы актіде мыналар көрсетіледі:
1) тексерулерді тағайындау туралы актілерді есепке алу журналында тіркеу күні мен нөмірі;
2) аумақтық ішкі істер органының атауы;
3) тексеру жүргізуге уәкілеттік берілген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
4) мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты және өзге де ұйымдардың тексеру жүргізу үшін тартылатын мамандары, консультанттары мен сарапшылары туралы мәліметтер;
5) бақылау субъектісінің атауы, оның тұрған жері, сәйкестендіру нөмірі, бақылау объектілерінің тізбесі.
Заңды тұлғаның филиалы және (немесе) өкілдігі тексерілген жағдайда, тексеруді тағайындау туралы актіде оның атауы мен тұрған жері көрсетіледі.
6) тексеру нысанасы;
7) тексеру жүргізу мерзімі;
8) тексерілетін кезең;
9) тексеру жүргізудің негіздемесі;
10) бақылау субъектісінің осы баптың 4-тармағында көзделген құқықтары мен міндеттері;
11) заңды тұлға басшысының не оның уәкілетті адамының, жеке тұлғаның тексеруді тағайындау туралы актіні алғаны немесе алудан бас тартқаны туралы қолтаңбасы;
12) актілерге қол қоюға уәкілеттік берілген адамның қолтаңбасы және аумақтық ішкі істер органының мөрі.
Тексеруді тағайындау туралы акт құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті орган айқындаған нысан бойынша тексерулерді тағайындау туралы актілерді есепке алу журналында тіркеледі.
Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде тексеруді тағайындау туралы акт тексеру басталғаннан кейінгі келесі жұмыс күні ішінде құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тіркелуге жатады, бұл ретте бақылау субъектісін тексеру жүргізудің басталғаны туралы хабардар ету талап етілмейді.
8. Тексеру кезінде аумақтық ішкі істер органының лауазымды адамы (лауазымды адамдары) бақылау субъектісіне:
1) тексеруді тағайындау туралы актіні;
2) қызметтік куәлігін не сәйкестендіру картасын көрсетуге міндетті.
9. Тексеру жүргізу мерзімі тексеру нысанасы, сондай-ақ алдағы жұмыстардың көлемі ескеріле отырып белгіленеді және жеті жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Тексеру жүргізу мерзімі:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарынан ақпарат алу;
2) өзіне қатысты тексеру жүргізілетін тұлғаның тұрған жерін анықтау қажет болған жағдайларда ғана он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімге бір рет қана ұзартылуы мүмкін.
Тексеру мерзімін ұзарту аумақтық полиция органы басшысының шешімімен жүзеге асырылады.
Тексеру жүргізу мерзімдерін ұзарту бақылау субъектісі хабардар етіле отырып, тексеру мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актімен ресімделеді, онда тексеруді тағайындау туралы алдыңғы актінің тіркелген күні мен нөмірі және ұзарту себептері көрсетіледі.
Тексеру мерзімдерін ұзарту туралы қосымша акт тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген тексеру жүргізу мерзімі аяқталардан бір жұмыс күні бұрын құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органға ұсыныла отырып, тексерулерді тағайындау туралы актілерді есепке алу журналында тіркеледі.
Тексеру мерзімдерін ұзарту туралы хабарламаны аумақтық полиция органы табыс ету туралы хабарламамен бірге, ұзартуға дейін бір жұмыс күні бұрын бақылау субъектісіне табыс етеді.
Тексеруді тоқтата тұруға жол берілмейді.
10. Тексеру нәтижелері бойынша аумақтық полиция органының лауазымды адамы (лауазымды адамдары) тексеру нәтижелері туралы акт жасайды.
Тексеру нәтижелері туралы актіде мыналар көрсетіледі:
1) актінің жасалған күні, уақыты және орны;
2) аумақтық полиция органының атауы;
3) тексеру жүргізуге негіз болған тексеруді тағайындау туралы актінің күні мен нөмірі;
4) тексеру жүргізген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
5) мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты және өзге де ұйымдардың тексеру жүргізу үшін тартылған мамандары, консультанттары мен сарапшылары туралы мәліметтер;
6) бақылау субъектісінің атауы, оның тұрған жері, сәйкестендіру нөмірі, бақылау объектілерінің тізбесі;
7) тексеру жүргізілген мерзім;
8) тексеру нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар мен олардың сипаты туралы мәліметтер;
9) бақылау субъектісінің, сондай-ақ тексеру жүргізу кезінде қатысқан адамдардың тексеру нәтижелері туралы актімен танысқаны туралы немесе танысудан бас тартқаны туралы мәліметтер, олардың қолтаңбалары немесе қол қоюдан бас тартқаны туралы жазба;
10) тексеруді жүргізген лауазымды адамның (лауазымды адамдардың) қолтаңбасы.
Тексеру нәтижелері туралы актіге тексеру нәтижелеріне байланысты құжаттар болған кезде сол құжаттар немесе олардың көшірмелері қоса беріледі.
11. Тексеру нәтижелері туралы акт үш данада жасалады.
Аумақтық полиция органы тексеру нәтижелері туралы актінің бірінші данасын құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органға электрондық нысанда тапсырады, екінші данасы бақылау субъектісіне (заңды тұлғаның басшысына не оның уәкілетті адамына, жеке тұлғаға) танысу және анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдау және басқа да әрекеттер үшін қолын қойғызып қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда табыс етіледі, үшіншісі аумақтық полиция органында қалады.
Тексеру нәтижелері бойынша ескертулер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда, бақылау субъектісі (заңды тұлғаның басшысы не оның уәкілетті адамы, жеке тұлға) оларды жазбаша түрде баяндайды. Ескертулер және (немесе) қарсылықтар тексеру нәтижелері туралы актіге қоса беріледі, ол туралы тиісті белгі жасалады.
Аумақтық полиция органы бақылау субъектісінің (заңды тұлға басшысының не оның уәкілетті адамының, жеке тұлғаның) тексеру нәтижелері туралы актіге ескертулерін және (немесе) қарсылықтарын қарауға және қабылданған шаралар туралы уәжді жауапты он жұмыс күні ішінде беруге тиіс.
Мұндай өтінішті қараудың белгіленген мерзімін бұзу бақылау субъектісінің пайдасына шешіледі.
Тексеру нәтижелері туралы актіні қабылдаудан бас тартылған жағдайда хаттама жасалады, оған тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адам (лауазымды адамдар) және бақылау субъектісі (заңды тұлғаның басшысы не оның уәкілетті адамы, жеке тұлға) қол қояды.
Бақылау субъектісі бас тартудың себебі туралы жазбаша түсініктеме бере отырып, хаттамаға қол қоюдан бас тартуға құқылы.
12. Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарды бұзушылықтар тексеру жүргізу кезінде болмаған жағдайда, тексеру нәтижелері туралы актіде тиісті жазба жасалады.
13. Тексеруді тағайындау туралы актіде немесе тексеру мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актіде көрсетілген тексерудің аяқталу мерзімінен кешіктірмей, бақылау субъектісіне тексеру нәтижелері туралы акт табыс етілген күн тексеру мерзімінің аяқталуы болып есептеледі.
14. Тексеру қорытындылары бойынша әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық анықталған жағдайда, бақылау субъектісіне қатысты Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында не Қазақстан Республикасының қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнамасында көзделген шаралар қолданылады.
12-тарау. Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны
үшін жауаптылық. Дауларды шешу
59-бап. Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
60-бап. Заңсыз көшіп келушілерді шығарып жіберу
2020.19.12. № 385-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Заңсыз көшіп келушілер Қазақстан Республикасының шегінен тыс өздерінің шыққан мемлекетіне (шетелдік азаматтығын алған немесе азаматтығы жоқ адам тұрақты тұратын елге) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шығарып жіберілуге жатады.
Шығарып жіберу туралы шешімді сот қабылдайды.
Заңсыз көшіп келушілерді ұстап алуға және Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен мұндай адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу үшін қажетті, бірақ отыз тәуліктен аспайтын мерзімге оларды ішкі істер органдарының арнаулы мекемелерінде ұстауға жол беріледі.
2015.24.11. № 421-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.13.05. № 327-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған реадмиссия туралы халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шығарып жіберу немесе реадмиссия бойынша шығыстарды шығарып жіберілетін немесе реадмиссияланатын заңсыз көшіп келушілер, заңсыз көшіп келушіні Қазақстан Республикасына шақырған не көшіп келушінің Қазақстан Республикасында заңсыз болу фактісі анықталған кезде оның еңбегін пайдаланған жеке немесе заңды тұлғалар көтереді. Аталған тұлғалардың шығарып жіберу немесе реадмиссия бойынша шығыстарды жабуға қаражаты болмаған не жеткіліксіз болған жағдайда тиісті іс-шараларды қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі, бұл ретте шығарып жіберуге немесе реадмиссияға жұмсалған қаражат мүдделі мемлекеттік органдардың жоғарыда аталған тұлғаларға талап қоюлары бойынша сот тәртібімен өтелуге жатады.
Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес келу құқығынсыз келген адамдарды Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге осы адамдарды алып келген көлік ұйымы жауапты болып табылады.