3. Мемлекеттік тiркелуге тиiс, жасалып жатқан кеме жылжымайтын мүлiкке теңестiрiледi.
Жасалып жатқан кемеге меншiк құқығы киль салынған немесе сарапшының қорытындысымен расталған тең бағалы құрылыс жұмыстары жағдайында жасалып жатқан кемелер тiзілiмiнде тiркелуi мүмкiн. Жасалып жатқан кемеге меншiк құқығын мемлекеттік тiркеген кезде тиiстi куәлiк берiледi.
2007.26.07. № 311-III ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Кемеге немесе жасалып жатқан кемеге тіркелген құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары) туралы мәліметтер жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтардың және онымен жасалатын мәмілелердің бірыңғай мемлекеттік тізіліміне (құқықтық кадастр) енгізілуге тиіс.
2005.02.06. № 55-III ҚР Заңымен 16-баптың 4-тармағы өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Теңiз кемелерінің мемлекеттік кеме тiзiлiмiнде теңіз, жолаушылар, жүк-жолаушылар кемелері, мұнай құйып тасушы, сүйретiп жүзушi кемелер, қалқымалы бұрғылау құрылғылары, құрғақ жүк тасушы кемелер, қалқымалы крандар және техникалық флот кемелерi (жер снарядтары және басқалар), сондай-ақ қуаттылығы елу бес киловаттан кем емес бас двигательдi өздiгiнен жүретiн кемелер және сыйымдылығы сексен тоннадан кем емес өздiгiнен жүрмейтiн кемелер тiркеледi.
5. Кеме кiтаптарында бас двигательдердiң қуаттылығына және сыйымдылығына қарамастан, спорттық, серуендiк кемелер, сондай-ақ осы баптың 4-тармағында аталмаған кемелер тiркеледi.
6. Теңiз кемелерінің мемлекеттік кеме тiзiлiмiнде және кеме кiтаптарында гидроұшақтар, сондай-ақ шлюпкалар мен кеменiң керек-жарақтары болып табылатын өзге де қалқымалы құралдар тiркелмейдi.
2005.02.06. № 55-III ҚР Заңымен 16-баптың 7-тармағы толықтырылды; 2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр. ред.қара)
7. Бербоут-чартер тiзiлiмiнде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтерiп жүзуге уақытша құқық берiлген кемелер Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтерiп жүзуге уақытша құқықтың қолданылу мерзімін әрбiр екi жыл сайын одан әрi ұзарта отырып, екi жыл мерзiмге, бірақ бербоут-чартердiң қолданылу мерзiмiнен аспайтын мерзімге тiркеледi.
Кемелердің тіркелу мерзімін ұзарту Кемелерді және оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидасында белгіленген, оңайлатылған тәртіппен жүзеге асырылады.
2005.02.06. № 55-III ҚР Заңымен 16-баптың 8-тармағы толықтырылды
8. Теңiз кемелерiн мемлекеттік тiркеу, қайта тiркеу және мемлекеттік тiркеудi куәландыратын құжаттың телнұсқасын беру үшiн Қазақстан Республикасының салық заңдарында белгiленген тәртiппен және мөлшерде алым алынады.
17-бап. Кеме тiзіліміне енгiзiлетiн мәлiметтердiң өзгертiлуi
Кемелер тiзiлiмiне енгiзiлуге тиiстi мәлiметтердiң кез келген өзгерiсi туралы кеменің меншiк иесi немесе оны бербоут-чартер бойынша кеменi жалдаушы кеме тiркелген порттың теңiз әкiмшiлiгiне екi апта iшiнде хабарлауға мiндеттi.
22.10.04 ж. № 601-II (бұр. ред. қара); 2005.02.06. № 55-III (бұр. ред. қара); 2010.28.12. № 369-IV (бұр. ред.қара) ҚР Заңдарымен 18-бап өзгертілді
18-бап. Мемлекеттік органдар пайдаланатын кемелердi мемлекеттік тiркеу
Әскери корабльдердi, әскери-қосалқы кемелер мен шекара корабльдерiн қоспағанда, Қазақстан Республикасының меншiгіндегі және мемлекеттік органдар өздерiне жүктелген функцияларды атқару үшiн пайдаланатын кемелердi мемлекеттік тiркеу Теңiз кемелерінің мемлекеттік кеме тiзiлiмiнде немесе кеме кiтабында Кемелердi және оларға құқықтарды мемлекеттік тiркеу қағидасына сәйкес жүзеге асырылады.
2005.02.06. № 55-III ҚР Заңымен 18-1-баппен толықтырылды; 2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 18-1-бап өзгертілді (бұр. ред.қара)
18-1-бап. Кемелердi қайта тiркеу
Егер кеме оқиғаның немесе кез келген басқа себептiң салдарынан Теңіз кемелерінің мемлекеттік кеме тiзілімiне немесе кеме кiтабына бұрын енгізiлген мәлiметтерге сәйкес келмей қалған жағдайда, куәландырылғаннан және жүзуге жарамдылығы туралы куәлiкті алғаннан кейін Кемелерді және оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидасында белгіленген тәртіппен кеменi мемлекеттік қайта тiркеу жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының меншiгіндегі және мемлекеттік органдар өздерiне жүктелген функцияларды орындау үшін пайдаланатын кеменi коммерциялық мақсатта пайдалану да кемені қайта тіркеу үшін негіз болып табылады.
2005.02.06. № 55-III ҚР Заңымен 18-2-баппен толықтырылды
18-2-бап. Кеменi Теңiз кемелерінің мемлекеттік кеме тізiлiмiнен немесе кеме кiтабынан шығару
Теңіз кемелерінің мемлекеттік кеме тiзiлiмiнен немесе кеме кiтабынан:
1) опат болған немесе хабарсыз жоғалып кеткен;
2) конструкциялық жағынан күйреген;
3) қайта жасау немесе кез келген басқа да өзгерістер салдарынан кеме сапасын жоғалтқан;
4) осы Заңның 11-бабының 3-1-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келмей қалған кеме шығарылуға жатады.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 19-бап өзгертілді (бұр. ред.қара)
19-бап. Кеменi және оған құқықтарды мемлекеттік тiркеуден бас тарту
Кеменi және оған құқықтарды мемлекеттік тiркеуден:
1) мемлекеттік тiркеу туралы өтiнiштi тиiстi емес тұлға жасаған;
2) Кемелердi және оларға құқықтарды мемлекеттік тiркеу қағидасында көзделген талаптар сақталмаған;
3) мемлекеттік тiркеу үшiн ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген талаптарға сай келмеген жағдайларда бас тартылуы мүмкiн.
22.10.04 ж. № 601-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен (бұр. ред.қара) 20-бап өзгертілді
20-бап. Кеменi мемлекеттік тiркеу портының өзгертiлуi
Кеменi мемлекеттік тiркеу порты кеменiң меншiк иесiнің өтiнiшi бойынша өзгертiлуi мүмкiн. Кеменi мемлекеттік тiркеу портының өзгертiлуiн мемлекеттік тiркеу Кемелердi және оларға құқықтарды мемлекеттік тiркеу қағидасына сәйкес жүзеге асырылады.
21-бап. Кемелердi мемлекеттік тiркеу ережелерiн бұзғандық үшiн жауаптылық
Кеменi мiндеттi мемлекеттік тiркеуден жалтарған тұлға, сондай-ақ кеменi кеме тiзiлiмдерiнiң бiрiнде белгіленген тәртiптi бұза отырып тiркеген немесе кеме тiзiлiмдерiне енгiзiлген мәлiметтердiң өзгергенi туралы хабарлау мiндетiн бұзған тұлға Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жауаптылықты мойнына алады.
4-тарау. Кеме экипажы
22-бап. Кеме экипажының құрамы
1. Кеме экипажының құрамына кеме капитаны, кеменiң командалық құрамының басқа да адамдары мен кеме командасы кiредi.
2. Кеменiң командалық құрамына кеме капитанының көмекшiлерi, механиктер, электр механиктерi, радиомамандар мен дәрiгерлер енедi. Уәкiлеттi орган басқа мамандарды да кеменiң командалық құрамына енгізуi мүмкiн.
3. Кеме командасы кеменiң командалық құрамына жатқызылмайтын адамдардан тұрады.
23-бап. Кеме экипажының ең аз құрамы
1. Әрбiр кеменiң бортында экипаж болуға, оның құрамы кеменiң жүзу қауiпсiздiгi мен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету үшiн кеме экипажының ең аз құрамына қойылатын талаптарға сай болуға тиiс.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред.қара)
2. Кеменiң типi мен арналған мақсатына, сондай-ақ оның жүзу ауданы мен жүрген жерiне қарай экипаждың ең аз құрамын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
3. Кеменiң жүзу қауiпсiздiгi мен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететiн экипаждың ең аз құрамы туралы куәлiктi кеменi мемлекеттік тiркеу жүзеге асырылған теңiз портының капитаны бередi.
24-бап. Кеме экипажының мүшелерiне қойылатын талаптар
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред.қара)
1. Кеме экипажы мүшелерiнiң қызметтерiн атқаруға Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен Кеме экипажының мүшелерiне диплом беру қағидасына сәйкес тиiстi біліктiлiгi бар адамдар жiберiледi.
2. Кемеде жұмыс iстеуге өздерiнiң денсаулық жағдайы бойынша осындай жұмысқа жарамдылығын куәландыратын куәлiктерi бар адамдар жiберiледi.
25-бап. Кеме экипажы мүшелерiнiң азаматтығы
2005.02.06. № 55-III ҚР Заңымен 25-баптың 1-тармағы жаңа редакцияда (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр. ред. қара); 2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтерiп жүзетін кеме экипажының құрамына Қазақстан Республикасының азаматтарынан басқа, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар кiруі мүмкiн.
ҚР 2010.28.12. № 369-IV Заңның 2-бабына сәйкес 25-баптың 1-тармағының екінші бөлігінің қолданылуы 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатылды
Шетелдiктер және азаматтығы жоқ адамдар кеме капитаны, капитанның аға көмекшiсi және аға механик қызметін атқара алмайды.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред.қара)
2. Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар кеме экипажы құрамына кiре алатын жағдайларды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 26-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
26-бап. Кемедегі еңбек қатынастары
Кеме экипажының мүшелерімен еңбек шартын жасасу тәртібі, олардың құқықтары мен міндеттері, еңбек және ақы төлеу шарттары, сондай-ақ олармен еңбек шартын тоқтатудың тәртібі мен негіздері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен және осы Заңмен айқындалады.
27-бап. Кеме экипажы мүшелерiнiң отанына оралуы
1. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде еңбек мiндеттерiн атқарушы кеме экипажы мүшелерiнiң:
1) еңбек шартының қолданылу мерзiмi бiткен;
2) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес кеме иесiнiң немесе кеме экипажы мүшесiнiң бастамасымен еңбек шарты бұзылған;
3) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген тәртiппен кеме капитаны қызметтiк міндеттерiн атқарудан шеттеткен;
4) кеме апатқа ұшыраған;
5) кемеден тыс емдеудi талап ететiн аурумен ауырған;
6) кеме иесiнiң банкроттық, кеменi сату немесе мемлекеттiң кеменi тiркеудi өзгертуi салдарынан өзiнiң кеме экипажының мүшелерiне қатысты Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы мен еңбек шарттарында көзделген мiндеттерiн орындауы мүмкiн болмаған;
7) экипаж мүшелерiнiң келісімiнсiз кеме соғыс қимылдары аймағына немесе эпидемиологиялық қауiптi аймаққа жiберiлген жағдайда отанына оралуға құқығы бар.
2. Кеме экипажы мүшесiнiң тiлегi бойынша:
1) өзi тұратын мемлекетке;
2) өзi кемеге жұмысқа алынған портқа;
3) еңбек шартын жасау кезiнде көрсетiлген басқа пунктке қайтып оралуы жүзеге асырылады.
3. Кеме иесi отанына оралтуды тиiсiнше әрi тез ұйымдастыруға мiндеттi. Отанына оралу әуе көлiгiмен, ал ол болмаған кезде немесе тараптардың келісімi бойынша, көлiктiң өзге де түрлерiмен жүзеге асырылады.
4. Отанына оралу шығындарын кеме иесi көтередi.
Кеме экипажы мүшелерiнiң отанына оралу шығындары:
1) оралу орнына дейiнгi жолақы құнын;
2) экипаж мүшесi кеменi тастап шыққан кезден бастап, экипаж мүшесi отанына оралу орнына жеткен кезге дейiнгi тамағы мен тұрағының құнын;
3) егер қажет болса, экипаж мүшесi денсаулық жағдайы бойынша отанына оралу орнына баруға жарамды болғанға дейiнгi экипаж мүшесiнiң емделу құнын;
4) отанына оралу орнына дейiн отыз килограмм багаж алып жүруді;
5) экипаж мүшесi кеменi тастап шыққан кезден бастап, кеме экипажының мүшесi отанына оралу орнына жеткен кезге дейiнгi еңбек шарты бойынша төлемдi қамтиды.
5. Экипаж мүшесiнiң отанына оралуын туғызған себептер оның еңбек мiндеттерiн орындау кезіндегі өз кiнәсiнен туындаған жағдайда не кеме экипажы мүшесiнiң бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған жағдайда оның отанына оралуына жұмсалған шығындарды кеме иесiнiң өтеткiзiп алуға құқығы бар.
28-бап. Кеме иесiнiң мiндеттерi
1. Кеме иесi экипаж мүшелерi кемеде болған уақытта оларды:
1) қауiпсiз еңбек жағдайларымен;
2) денсаулығын сақтаумен және медициналық көмекпен;
3) құтқару құралдарының болуымен;
4) азық-түлiкпен және сумен iркiлiссiз жабдықтаумен;
5) демалу, тамақтану, емделу, мәдени және тұрмыстық қызмет көрсетілуi үшiн санитариялық-гигиеналық талаптарға сай келетiн орындармен қамтамасыз етуге мiндеттi.
2009.30.12. № 234-IV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (ресми жарияланғаннан кейiн алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2. Кеме иесi кеме экипажының мүшелерi еңбек (қызметтiк) мiндеттерiн орындаған кезде оларды Қазақстан Республикасының мiндеттi сақтандыру туралы заңнамалық актiсiне сәйкес жазатайым оқиғалардан сақтандыруға мiндеттi.
3. Кеме ұшыраған оқиғаның салдарынан экипаж мүшесiнiң мүлкi жойылған немесе зақымданған жағдайда кеме иесi экипаж мүшесiне келтiрiлген залалды өтеуге мiндеттi. Кеме ұшыраған оқиғаға кiнәлi экипаж мүшесiнiң мүлкiне келтiрiлген залал өтелуге жатпайды.
2005.02.06. № 55-III ҚР Заңымен 28-бап 4-тармақпен толықтырылды; 2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред.қара)
4. Кеме иесi өзінің кемелерi ұшыраған авариялық жағдайлар мен көлік оқиғалары туралы теңіз портының капитанына дереу хабарлауға, сондай-ақ өзінің кемелерi ұшыраған авариялық жағдайлар мен көлік оқиғаларын тергеу кезінде жәрдемдесуге міндетті.
5-тарау. Кеме капитаны
29-бап. Кеме капитаны
1. Кеме капитанына кеменi басқару, соның iшiнде кеме жүргiзу, кеменiң жүзу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау, кемедегi тәртiптi сақтау, кемеге, кемедегi адамдар мен жүкке зиян келтiрудi болғызбау жөнiнде шаралар қолдану жүктеледi.
2. Кеме иесi, жүк иесi немесе олардың заңды өкiлдерi болмағанда, кеме, жүк немесе жүзу жөнiнен қажеттi мәмiлелер жасалған кезде, сондай-ақ кемедегi мүлiкке қатысты талап қою жасалған жағдайда кеме капитаны кеме иесi мен жүк иесiнiң өкiлi болып табылады.
3. Кеме капитанының қызметтiк мiндеттерiн орындауына кедергi болатын ерекше жағдайларда (қайтыс болуы, ауыруы және өзге де жағдайларда) кеме капитанының мiндеттерi кеме иесiнiң тиiстi өкімі алынғанға дейiн кеме капитанының аға көмекшiсiне жүктеледi.
30-бап. Кеме капитанының құқықтары
Капитан өз өкiлеттiктерi шегiнде:
1) кемедегi барлық адамдар орындауға тиiстi өкiм беруге;
2) кеменiң опат болу қатерi төнген жағдайда, кеме экипажы жолаушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiнде барлық шараларды қолданғаннан кейiн, экипаж мүшелерiнiң кемеден кетуiне рұқсат етуге;
3) экипаж мүшелерiне Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес көтермелеудi қолдануға және жаза қолдануға;
4) экипаж мүшелерiн қызметтiк мiндеттерiн атқарудан шеттетуге;
5) кеменiң және (немесе) ондағы адамдар мен мүлiктiң қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн адамды, соның iшiнде жұқпалы аурулар жұқтырады деп сезiк келтiрiлген адамды мiндеттi түрде оқшаулауға;
6) Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдарында көзделген қылмыс жасады деп сезiк келтiрiлген адамды ұстауға және оны Қазақстан Республикасының кеме кiретiн бiрiншi портындағы құзыреттi органдарға беру үшiн арнайы бейiмделген орында ұстауға;
7) егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта көзделсе, Қазақстан Республикасының азаматын, сондай-ақ тұрақты тұрғылықты жерi Қазақстан Республикасы болып табылатын азаматтығы жоқ адамдарды қоспағанда, кеменiң теңiзде жүзу қауiпсiздiгiне қарсы бағытталған қылмыс жасады деп сезiк келтiрiлген адамды шет мемлекеттiң құзыреттi органдарына беруге;
8) қажет болған жағдайда азаматтың өсиетiн куәландыруға құқылы, ол Қазақстан Республикасының нотариат туралы заңдарына сәйкес нотариаттың куәландыруына теңестiрiледi. Өсиеттi куәландырған кеме капитаны өсиет куәландырылған күннен бастап он күн iшінде, ал егер бұл дәлелдi себептермен мүмкiн болмаса, осындай мүмкiндiк тууына қарай куәландырылған өсиеттiң бiр данасын өсиет қалдырушының тұрақты тұрғылықты жерi бойынша нотариустың сақтауына беруге мiндеттi;
9) Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңдарына сәйкес куәлар қойған қолдың шын өз қолдары екенiн куәландыруға құқылы.
31-бап. Кеме капитанының міндеттері
1. Кеме капитаны:
1) осы Заңның 129-бабына сәйкес кеме иесi мен кеменi жалдаушының өкiмдерiн орындауға;
2) егер көмек көрсету өз кемесіне, оның экипажы мен жолаушыларына елеулi қауiп төндiрiлмей жасалатын болса, теңiзде апатқа ұшыраған адамға көмек көрсетуге;
3) кемелер соқтығысқан жағдайда, егер қолданылатын шараларды өз кемесiне, оның экипажы мен жолаушыларына елеулi қауiп төндiрмей жасау мүмкiн болса, екiншi кеменi құтқару үшiн тиiстi шаралар қолданып, мүмкiн болған жағдайда өз кемелерiнiң атауларын, олар тiркелген порттарды, сондай-ақ шыққан және баратын порттарын хабарлауға;
4) кеме бортындағы адамға шұғыл медициналық көмек қажет болған жағдайда, ол көмектi кеме теңiзде жүрген кезде көрсету мүмкiн болмаса, мұндай жағдайды кеме иесiне хабарлап, ең жақын портқа кiруге немесе ондай адамды ең жақын портқа жеткізу жөнiнде шаралар қолдануға; кеме шетелдiк портқа кiрген немесе әлгiндей адам шетелдiк портқа жеткiзiлген жағдайда Қазақстан Республикасының консулдық мекемесiне де хабарлауға;
5) шығатын порт немесе баратын порт ауданында не кеме жүрiп өтуге тиiстi ауданда соғыс қимылдары жүрiп жатқан жағдайларда, сондай-ақ соғыс қаупi бар өзге де жағдайларда кемедегi адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, кеменiң опат болуы мен басып алынуын болғызбау, кеме құжаттарының, жүктiң және өзге де мүлiктiң сақталуы жөнiнде барлық шараларды қолдануға;
6) кеменiң опат болу қаупi төнген жағдайда кемедегi жолаушылардың қауiпсiздiгiн және кеме құжаттары мен өзге де құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолдануға;
7) кеменiң опат болу қаупi төнген жағдайда, кеме экипажы жолаушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөніндегі барлық шараларды қолданғаннан кейiн кемеден ең соңынан кетуге;
8) қажет болған жағдайда 30-баптың 6) тармақшасында аталған адамды анықтау материалдарын берiп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтерiп жүзіп жүрген басқа кемемен Қазақстан Республикасына жiберуге;
9) iс жүзiне асыруға болатын жағдайда кеме шет мемлекеттiң аумақтық суларына кiргенге дейiн оның құзыреттi органдарына 30-баптың 7) тармақшасында аталған адамды өзiнiң оларға беру ниетi және оны берудiң себептерi туралы хабар жiберуге, сондай-ақ аталған органдарға қолда бар дәлелдемелердi беруге;
10) кеме Қазақстан Республикасының портында болған кезде Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдарында көзделген қылмыс белгiлерi байқалған жағдайда, ол туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға;
11) алыста жүзiп жүрген кемеде Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдарында көзделген қылмыс белгілерi байқалған жағдайда Қазақстан Республикасының қылмыстық iс жүргiзу заңдарына сәйкес анықтау органының функцияларын атқаруға;
12) кеме журналына азаматтың туу немесе қайтыс болу фактілері туралы жазба жасауға;
13) азамат қайтыс болған жағдайда жұбайына (зайыбына) не жақын туыстарының бiрiне хабарлауға, сондай-ақ өлген адамның кемедегi мәйiтi мен мүлкiнiң сақталуын қамтамасыз етiп, оларды Қазақстан Республикасының кеме кiретiн алғашқы портының капитанына тiзбеге сәйкес беруге;
14) карантиндiк немесе ерекше қауiптi жұқпалы ауру деген сезiк болған жағдайда өлген адамның немесе жануардың мәйiтiн зарарсыздандыру жөнiнде шаралар қолдануға;
15) өлген адамның мәйiтiн сақтау және отанына жiберу жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi. Мұндай мүмкiндiк болмаған жағдайда өлген адамның мәйiтiн жерге көмуге немесе оны кремациялап, күл салынған сауытты оның отанына жiберуге мiндеттi.
Кеме ұзақ уақыт бойы ашық теңiзде жүзуге тиiс болып және өлген адамның мәйiтiн сақтау мүмкiн болмаған ерекше жағдайда, өлген адамның мәйiтi тиiстi акт жасалып, теңiз ғұрыптарына сәйкес теңiзге тасталуы керек.
2005.02.06. № 55-III ҚР Заңымен 1-тармақ 16) тармақшамен толықтырылды; 2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 16) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред.қара)
16) кеме иесiне авариялық жағдай туралы хабарлауға және Кемелер ұшыраған авариялық жағдайларды тергеу қағидасына сәйкес кеме не оның экипажы бiрiншi қазақстандық портқа келгеннен кейiн:
бір тәулiк iшiнде порт капитанына авариялық жағдай туралы мәлімдеме мен техникалық акт;
үш тәулік ішінде порт капитанына авариялық жағдай туралы егжей-тегжейлi хабарламаны, кеме құжаттарынан үзiндi-көшiрмелердi, қатысы бар адамдар мен куәлердiң түсiнiктемелерiн беруге мiндеттi.
2. Кеме капитаны осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында белгiленген мiндеттердi бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес жауапты болады.
6-тарау. Теңіз порты
32-бап. Теңiз порттарының құқықтық мәртебесi мен түрлерi
1. Теңiз портының құқықтық мәртебесi осы Заңмен, өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен айқындалады.
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Теңiз порттары мемлекеттік меншiкте, сондай-ақ азаматтардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың меншiгiнде болуы мүмкiн.
Халықаралық маңызды мәртебесi бар теңiз порттары тек мемлекеттік меншiкте ғана бола алады және иеліктен шығаруға жатпайды.
Халықаралық маңызы бар теңiз портының мәртебесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
3. Теңiз порттары жалпыға ортақ пайдалану объектiлерi болып табылады және мақсатына қарай - сауда порттары және мамандандырылған порттар (балық, мұнай және басқалар) болып бөлiнедi.
4. Теңiз порты үшiн жер учаскелерiн беру, сондай-ақ бұл учаскелердi алып қою Қазақстан Республикасының жер заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
5. Мемлекеттік маңызы бар, Қазақстан Республикасының Yкіметі анықтайтын теңiз порттарын салу, реконструкциялау үшiн жер учаскелерi Қазақстан Республикасының жер заңдарында белгiленген тәртiппен меншiк иесiнен немесе жер пайдаланушыдан алып қойылуы мүмкін.
33-бап. Теңiз порты режимiнiң сақталуы
Теңiз портында болған уақытта кеменiң экипажы Қазақстан Республикасының портта жүзу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөніндегі заңдарын, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың талаптарын сақтауға мiндеттi.
34-бап. Теңiз порты аумағын пайдалану
Теңiз портындағы ғимараттардың, құрылыстардың және (немесе) үй-жайлардың иелерi өздерiне жүктелген функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шарт талаптарымен қажеттi ғимараттар, құрылыстар және (немесе) үй-жайлар бередi және қызмет көрсетедi.
35-бап. Теңiз портында көрсетiлетiн қызметтер
1. Теңiз порты жүк тиеудi (түсiрудi) және кемелерге олардың келу кезектiлiгi тәртібімен қызмет көрсетудi, жүкпен көлiктiк-экспедиторлық және қойма операцияларын, көлiктің басқа түрлерiнен жүктi теңiз көлiгiне ауыстырып тиеудi және керiсiнше iстеудi, теңiз кемелерi жолаушыларына қызмет көрсетудi, сондай-ақ порт кемелерiнде және көлiктiң басқа түрлерiнде жолаушылар, багаж бен жүк тасымалдауды жүзеге асырады.
2005.02.06. № 55-III ҚР Заңымен 35-баптың 2-тармағы толықтырылды
2. Тиеу-түсiру жұмыстарын және өзге де техникалық операцияларды теңiз терминалының операторы жүзеге асыра алады.
Мемлекеттік меншiктегі теңiз порттарында теңіз терминалдарының кемiнде екi операторы болуы міндетті.
3. Теңiз портының мiндеттi қызмет көрсету тiзбесiн Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлейдi. Теңiз портының мiндеттi қызмет көрсетуiне баға (тарифтер) мен оның шектi деңгейiн белгілеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
4. Тiзбеге енбейтiн мiндеттi қызмет көрсетулер үшiн төлем мөлшерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жасалған шарттармен айқындалады.
36-бап. Теңiз портының (теңiз терминалы операторының) жауапкершiлiгi
1. Теңiз порты (теңiз терминалының операторы) жүктiң жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi), сондай-ақ оны өз қарамағына қабылдап алған кезiнен бастап, берген кезiне дейiн берiлу мерзiмi өтiп кеткен уақыт үшiн мүлiктiк жауапкершiлiкте болады.
2. Теңiз портына (теңiз терминалының операторына) техникалық операциялар салдарынан келтiрілген залал, оларға:
1) жүк жоғалтылған немесе кем шыққан жағдайда - жоғалтылған немесе кем шыққан жүк құнының мөлшерiнде;
2) жүк зақымданған (бүлiнген) жағдайда - оның құны төмендеген сома мөлшерiнде, ал зақымданған мүлiктi қалпына келтiру мүмкiн болмаған кезде оның құны мөлшерiнде өтеледi.
3. Теңiз портының (теңiз терминалы операторының) жүк берiлу мерзiмi өтiп кеткен уақыт үшiн жауапкершiлiгi шартта белгіленедi.
37-бап. Мiндеттемелердi қамтамасыз ету
1. Теңiз порты (теңiз терминалының операторы) тиеу-түсiру жұмыстары мен өзге де техникалық операцияларды жүзеге асырғаны үшiн өзiне тиесiлi төлемдердi қамтамасыз ету мақсатында жүктердi ұстап қалып, оны Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында көзделген тәртiппен сатуға құқылы.