Қазақстан Республикасының
Заңы
Медиация туралы
(2023.01.05. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Медиацияның қолданылу саласы
2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
3-бап. Медиацияның мақсаттары
4-бап. Медиацияны жүргізу қағидаттары
5-бап. Еріктілік
6-бап. Медиация тараптарының тең құқылығы
7-бап. Медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы. Медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік
8-бап. Құпиялық
8-1-бап. Уәкілетті органның құзыреті
2-тарау. Медиаторлардың және медиацияны жүргізуді қамтамасыз ететін ұйымдардың құқықтық жағдайы
9-бап. Медиаторларға қойылатын талаптар
10-бап. Медиатордың құқықтары мен міндеттері
11-бап. Медиация тараптарының құқықтары мен міндеттері
12-бап. Алып тасталды
13-бап. Медиаторлар ұйымдары
14-бап. Медиаторлар ұйымдарының кәсіпқой медиаторлар тізілімін жүргізуі
15-бап. Қоғамдық медиаторлардың медиацияны жүргізуі
16-бап. Облыстық маңызы бар қала, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің қоғамдық медиаторлар тізілімін жүргізуі
3-тарау. Медиацияны жүргізу
17-бап. Медиацияны жүргізу тәртібі мен тәсілдері
18-бап. Медиацияны жүргізу орны және уақыты
19-бап. Медиацияны жүргізу тілі
20-бап. Медиацияны жүргізу шарттары
21-бап. Медиация туралы шарттың нысаны мен мазмұны
22-бап. Медиацияны жүргізуге байланысты шығыстар
23-бап. Медиацияның жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық, әкімшілік құқық тық қатынастар және өзге де қоғамдық қатынастар саласындағы ерекшеліктері
24-бап. Қылмыстық сот ісін жүргізу барысында және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша жүргізілетін медиацияның ерекшеліктері
25-бап. Медиацияның отбасылық қатынастар саласындағы ерекшеліктері
25-1-бап. Медиацияның сот актісін орындау сатысындағы ерекшеліктері
26-бап. Медиацияны тоқтату
27-бап. Дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім
27-1-бап. Әкімшілік сот ісін жүргізу барысында жүргізілетін медиацияның ерекшеліктері
4-тарау. Қорытынды ережелер
28-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Медиацияның қолданылу саласы
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 1-тармақ жаңа редакцияда
1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, жеке және (немесе) заңды тұлғалар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық, әкімшілік құқықтық қатынастардан және өзге де қоғамдық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу барысында, қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 68-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда ауыр қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар (жанжалдар) және атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастар медиацияның қолданылу саласы болып табылады.
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген қатынастардан туындайтын дауларға (жанжалдарға), егер мұндай даулар (жанжалдар) медиация рәсіміне қатыспайтын үшінші тұлғалардың және сот әрекетке қабілетсіз не әрекетке қабілеті шектеулі деп таныған адамдардың мүдделерін қозғаса немесе қозғауы мүмкін болса және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда, медиация рәсімі қолданылмайды.
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3. Тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын кезде жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын дауларға (жанжалдарға) медиация рәсімі Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда қолданылады.
4. Сыбайлас жемқорлық қылмыстар және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша медиация рәсімі қолданылмайды.
2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім - тараптардың медиация нәтижесінде өздері қол жеткізген жазбаша келісімі;
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2) медиатор - осы Заңның талаптарына сәйкес кәсіби немесе қоғамдық негізде медиация жүргізу үшін тараптар тартатын тәуелсіз жеке тұлға;
3) медиаторлар қауымдастығы (одағы) - медиаторлар ұйымдарының қызметін үйлестіру мақсатында, сондай-ақ олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін құрылатын ұйым;
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды
3-1) медиацияға қатысушылар - медиатор және медиация тараптары, медиация тараптарының уағдаластығы бойынша медиация рәсіміне тартылған тұлғалар, оның ішінде өкілдер, аудармашылар, сарапшылар, мамандар және басқа да тұлғалар;
4) медиаторлар ұйымдары - медиаторлардың Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін медиацияны дамыту жөніндегі ортақ мақсаттарға қол жеткізуі үшін олардың ерікті негізде бірігуі үшін құрылатын коммерциялық емес ұйымдар;
5) медиация - тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың (медиаторлардың) жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды (дау-шарды) реттеу рәсімі;
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 5-1) тармақшамен толықтырылды
5-1) медиация рәсіміне шақыру - медиатордың және (немесе) дау (жанжал) тараптарының бірінің медиация туралы шартқа қол қойылғанға дейін екінші тарапты медиация рәсіміне шақыруы жөніндегі қызметі;
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 5-2) тармақшамен толықтырылды
5-2) медиация саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - медиация саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және қызметті мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
6) медиация тараптары - медиация рәсіміне қатысатын жеке және заңды тұлғалар немесе тұлғалар топтары, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар;
7) медиация туралы шарт - тараптардың медиация басталғанға дейін дауды (дау-шарды) шешу мақсатында медиатормен жасасатын жазбаша келісімі;
8) 2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
3-бап. Медиацияның мақсаттары
Медиацияның мақсаттары мыналар болып табылады:
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1) дауды (жанжалды) шешудің медиация тараптарын қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу;
2) тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету.
4-бап. Медиацияны жүргізу қағидаттары
Медиация мынадай қағидаттар негізінде жүргізіледі:
1) еріктілік;
2) медиация тараптарының тең құқылығы;
3) медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы;
4) медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік;
5) құпиялық.
5-бап. Еріктілік
1. Тараптардың медиация туралы шартта көрсетілген өзара ерікті ниет білдіруі медиация рәсіміне қатысудың шарты болып табылады.
2. Медиация тараптары оның кез келген сатысында медиациядан бас тартуға құқылы.
3. Медиация барысында тараптар өз қалауы бойынша өздерінің материалдық немесе процессуалдық құқықтарын иеленуге, талаптар мөлшерін ұлғайтуға немесе азайтуға немесе даудан (дау-шардан) бас тартуға құқылы.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
4. Тараптар мен үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін бұзбайтын, заңда көзделген де, заңда көзделмеген де өзара қолайлы келісім нұсқаларын талқылау үшін мәселелерді таңдауда тараптар еркін болады.
6-бап. Медиация тараптарының тең құқылығы
Медиация тараптары медиаторды, медиация рәсімін, ондағы өз ұстанымын, оны талап ету тәсілдері мен құралдарын таңдау кезінде, ақпарат алу кезінде, дау-шарды реттеу туралы келісім шарттарының қолайлылығын бағалауда тең құқықтарды пайдаланады және өздеріне тең міндеттер жүктейді.
7-бап. Медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы. Медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Медиацияны жүргізу кезінде медиатор тараптардан, әкімшілік органдардан, өзге де заңды, лауазымды және жеке тұлғалардан тәуелсіз болады. Медиатор осы Заңда жол берушілік айқындалатын медиация құралдары мен әдістерін таңдауда дербес болады.
2. Медиатор бейтарап болуға, медиацияны екі тараптың мүддесі үшін жүргізуге және медиация рәсіміне тараптардың тең қатысуын қамтамасыз етуге тиіс. Медиатордың бейтараптылығына кедергі келтіретін жағдайлар болған кезде ол медиацияны жүргізуден бас тартуға тиіс.
3. Медиацияны жүргізу кезінде медиатордың қызметіне Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгендерден басқа жағдайларда, осы баптың 1-тармағында аталған адамдар тарапынан араласуына жол берілмейді.
8-бап. Құпиялық
1. Медиацияға қатысушылардың өздеріне медиация барысында белгілі болған мәліметтерді осы ақпаратты берген медиация тарапының жазбаша рұқсатынсыз жария етуге құқылы емес.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгендерден басқа жағдайларда, медиатордан медиация барысында белгілі болған мәліметтер туралы куәгер ретінде жауап алуға болмайды.
3. Медиацияға қатысушының өзіне медиация барысында белгілі болған мәліметтерді осы ақпаратты берген медиация тарапының рұқсатынсыз жария етуі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 8-1-баппен толықтырылды
8-1-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) медиация саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады және іске асырады;
2) медиаторлар ұйымдарының қызметін үйлестіреді;
3) өз құзыреті шегінде медиация мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
4) Қазақстан Республикасының медиация туралы заңнамасына құқықтық мониторинг жүргізеді;
5) медиация саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
6) медиация жүйесінің жұмыс істеуін және дамуын қамтамасыз етеді;
7) халықты медиаторлар ұйымдары, медиацияны қолданудың тетіктері, негіздері мен шарттары туралы хабардар етуді қамтамасыз етеді;
8) медиаторлар ұйымдарының тізілімін жүргізеді;
9) қоғамдық медиаторды сайлау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
10) қоғамдық медиаторлар тізілімін жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
11) медиатор қызметін кәсіби негізде жүзеге асыратын отставкадағы судьялардың тізілімін жүргізеді;
12) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2-тарау. Медиаторлардың және медиацияны жүргізуді қамтамасыз ететін ұйымдардың құқықтық жағдайы
9-бап. Медиаторларға қойылатын талаптар
1. Тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптарының өзара келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіліміне қосылған және медиатордың функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға медиатор бола алады.
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. Медиатордың қызметі кәсіби негізде (кәсіпқой медиатор) де және қоғамдық негізде (қоғамдық медиатор) де жүзеге асырылуы мүмкін.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
3. Мыналар:
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1) қырық жасқа толған және қоғамдық медиаторлар тізілімінде тұрған адамдар;
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2) Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне және Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес сотта татуластыру рәсімдерін жүргізу кезінде судьялар медиатор қызметін қоғамдық негізде жүзеге асыра алады.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
4. Мыналар:
2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) жоғары білімі бар, жиырма бес жасқа толған, медиация саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен бекітілетін медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқудан өткенін растайтын құжаты (сертификаты) бар және кәсіпқой медиаторлар тізілімінде тұрған адамдар;
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2) медиатор қызметін кәсіби негізде жүзеге асыратын отставкадағы судьялар тізілімінде тұрған отставкадағы судьялар медиатор қызметін кәсіби негізде жүзеге асыра алады.
5. Медиатордың қызметі кәсіпкерлік қызмет болып табылмайды.
6. Медиатор қызметін жүзеге асыратын тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған кез келген өзге қызметті де жүзеге асыруға құқылы.
7. Мыналар:
1) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті және оған теңестірілген;
2) заңда белгіленген тәртіппен сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған;
3) оған қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылатын;
4) заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам медиатор бола алмайды.
8. Медиация тараптарының келісімімен медиаторға қойылатын қосымша талаптар белгіленуі мүмкін.
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 10-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
10-бап. Медиатордың құқықтары мен міндеттері
1. Медиатор:
1) медиация барысында бір мезгілде барлық тараптармен де, тараптардың әрқайсысымен жеке-жеке де кездесулер өткізуге және тараптардан медиация жүргізу үшін қажетті және жеткілікті көлемде даудың (жанжалдың) өзі туралы ақпарат алуға;
2) құпиялылық қағидатын сақтай отырып, жұртшылықты өз қызметін жүзеге асыруы (саны, ұзақтығы, нәтижелілігі) туралы хабардар етуге;
3) егер оның пікірінше, медиацияны жүргізу процесіндегі одан арғы күш-жігер тараптар арасындағы дауды (жанжалды) шешуге алып келмесе, оны жүргізуден бас тартуға не тараптардың жазбаша нысанда бекітілген келісуімен медиацияны тоқтатуға құқылы.
2. Медиатор:
1) медиация жүргізу кезінде медиация тараптарының келісуімен ғана әрекет етуге;
2) медиация басталғанға дейін медиация тараптарына оның мақсаттары мен қағидаттарын, оны жүргізу тәртібін, тараптар мен медиатордың құқықтары мен міндеттерін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасасудың тәртібі мен құқықтық салдарын түсіндіруге;
3) тараптарға талқыланатын мәселелер бойынша құжаттармен, мәліметтермен және хабарлармен дәйекті түрде алмасуда жәрдемдесуге;
4) медиация тараптарын өзінің кәсіби тәжірибесі мен құзыреті туралы хабардар етуге;
5) медиатордың жеке мүдделері мен оның медиация жүргізу кезіндегі міндеттері арасында бейтараптығына және тәуелсіздігіне әсер етуі мүмкін қайшылықтар болған жағдайда, сондай-ақ оның қатысуын болғызбайтын немесе оның медиацияға қатысуын тоқтатуды талап ететін басқа да мән-жайлар болған кезде медиацияны тоқтатуға;
6) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын қағидалар бойынша, медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша өзінің кәсіби деңгейін ұдайы арттырып отыруға міндетті.
3. Медиатор қандай да бір тарапқа заңдық, консультациялық немесе өзге де көмек көрсетуге құқылы емес.
4. Медиатордың Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да құқықтары мен міндеттері де бар, сондай-ақ жауапты болады.
11-бап. Медиация тараптарының құқықтары мен міндеттері
1. Медиация тараптары:
1) медиаторды (медиаторларды) ерікті түрде таңдауға;
2) медиатордан бас тартуға;
3) медиацияның кез келген сәтінде оған қатысудан бас тартуға;
4) медиацияны жүргізуге жеке өзі немесе өкілеттіктері заңда белгіленген тәртіппен ресімделген сенімхатқа негізделген өкілдері арқылы қатысуға;
5) дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісімді орындамаған немесе тиісті дәрежеде орындамаған кезде сотқа немесе оған байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен медиация жүзеге асырылған, іс жүргізуінде жатқан қылмыстық процесті жүргізетін органға жүгінуге құқылы.
2. Медиация тараптары дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісімді осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімде орындауға міндетті.
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Дауды (жанжалды) дұрыс шешу қажет болған жағдайда медиация тараптарының сарапшыларды, мамандарды, сондай-ақ аудармашыларды шақыруға құқығы бар.
3. Медиация тараптарының Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да құқықтары мен басқа да міндеттері бар.
12-бап. 2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
13-бап. Медиаторлар ұйымдары
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Медиаторлардың медиацияны жүргізу жөнінде қызметтер көрсетуінің материалдық, ұйымдық-құқықтық және өзге де шарттарын қамтамасыз ету мақсатында медиаторлар ерікті негізде құрған өзін-өзі реттейтін ұйым медиаторлар ұйымы деп танылады.
2. 2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3. Медиаторлар ұйымы мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) кәсіпқой медиаторлардың - медиаторлар ұйымы мүшелерінің тізілімін жүргізеді;
2) қызметін кәсіби негізде жүзеге асыратын медиаторлар мүшелігінің шарттарын әзірлейді және бекітеді;
3) медиаторлар қызметін жүзеге асыру саласында медиаторлар ұйымы мүшелерін ақпараттық және әдістемелік қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
4) мемлекеттік органдармен, сондай-ақ халықаралық медиаторлар ұйымдарымен қарым-қатынастарында медиаторлар ұйымы мүшелерінің мүдделерін білдіреді;
5) медиаторлар ұйымы мүшелерінің осы Заңның және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын сақтауын қамтамасыз етеді;
6) медиаторлар ұйымының мүшелеріне қатысты ықпал ету шараларын белгілейді және қолданады;
7) медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенін растайтын құжат (сертификат) бере отырып, медиаторларды кәсіптік даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады.
4. Медиаторлар ұйымдары өз қызметін үйлестіру, медиаторлардың кәсіби қызметінің стандарттарын (қағидаларын), медиацияны жүргізу тәртібін (регламентін), медиация тараптарының медиаторларға сыйақы төлеу тәртібін әзірлеу және біріздендіру мақсатында қауымдастыққа (одаққа) бірігуге құқылы.
5. Медиаторлар ұйымына немесе медиаторлар қауымдастығына (одағына) кіру ерікті негізде жүзеге асырылады. Бұл ретте медиаторлар ұйымының немесе медиаторлар қауымдастығының (одақтың) кіру жарнасын алуына жол берілмейді.
6. Медиаторлар қауымдастығы (одағы) Медиаторлардың кәсіптік этикасы кодексін әзірлеуге және оны бекітуге құқылы.
14-бап. Медиаторлар ұйымдарының кәсіпқой медиаторлар тізілімін жүргізуі
1. 2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2. Медиаторлар кәсіпқой медиаторлар тізіліміне қосылу үшін медиаторлар ұйымына жеке куәлігінің көшірмесін (салыстырып тексеру үшін жеке куәлігінің түпнұсқасын ұсынбаған жағдайда нотариат куәландырған көшірмесін); үміткерге тұрғылықты жері бойынша наркологиялық көмек көрсететін медициналық ұйымдардан және психоневрологиялық ұйымнан берілген медициналық анықтамаларды; соттылығының жоқтығы туралы анықтаманы, жоғары білімі туралы дипломының және медиация бойынша арнайы даярлықтан өткендігін растайтын құжаттың (сертификаттың) көшірмелерін ұсынуы қажет.
3. Кәсіпқой медиаторлар тізілімі мыналарды қамтиды:
1) медиатордың тегі, аты және әкесінің аты (ол бар болған кезде);
2) медиатордың заңдық мекен-жайы;
3) медиатордың байланыс деректері (пошта мекен-жайы немесе электрондық поштаның мекен-жайы не телефон немесе телефакс нөмірі);
4) медиатордың маманданып жүрген медиация саласы туралы мәліметтер;
5) медиатордың медиацияны жүзеге асыра алатын тілі туралы мәліметтер;
6) медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенін растайтын құжаттың (сертификаттың) бар екендігі туралы мәліметтер;
7) медиатордың қызметін тоқтата тұру туралы мәліметтер.
4. Медиаторлар ұйымы медиаторларды осы Заңның осы бабының 3-тармағының және 9-бабының талаптарына сәйкес болған жағдайда тиісті өтінішті алған күннен бастап он күн ішінде хабарлау тәртібімен кәсіпқой медиаторлар тізіліміне қосады.
Медиаторды кәсіпқой медиаторлар тізіліміне қоспаған жағдайда медиаторлар ұйымы тиісті өтінішті алған күннен бастап он күн ішінде бас тарту себептері туралы жазбаша түрде дәлелді жауап беруге міндетті.
5. 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
6. Кәсіпқой медиаторлар тізілімі медиаторлар ұйымының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде орналастырылуға және оған медиаторларды енгізу шамасына қарай жаңартылуға тиіс. Медиаторлар ұйымдары мерзімді баспасөз басылымдарында кәсіпқой медиаторлар тізілімін жариялауға құқылы.
Тұтынушыны жұмыс істеп тұрған, тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілерінің бар екендігі туралы хабардар ету мақсатында кәсіби медиаторлар ұйымы тізілімнің жаңартылуына қарай Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесіне медиаторлар туралы ақпарат (медиатордың тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), медиатордың заңды мекенжайын, байланыс деректерін (пошта мекенжайы немесе электрондық пошта мекенжайы не телефон немесе телефакс нөмірі), медиатор маманданып жүрген медиация саласы туралы мәліметтер, медиатор медиацияны жүзеге асыра алатын тіл туралы мәліметтер) жібереді.
7. Медиатор осы Заңның талаптарын бұзған жағдайда медиация рәсіміне қатысушы тараптар тиісті өтінішпен медиаторлар ұйымына жүгінуге құқылы. Бұзушылық расталған кезде медиаторлар ұйымы бұл туралы кәсіпқой медиаторлар тізілімінде көрсете отырып, медиатордың қызметін алты ай мерзімге тоқтата тұрады.
8. Медиаторлар ұйымының медиаторды кәсіпқой медиаторлар тізіміне енгізуден бас тарту, одан шығару, оның қызметін тоқтата тұру туралы шешіміне сотқа шағымдануына болады.
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 15-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
15-бап. Қоғамдық медиаторлардың медиацияны жүргізуі
1. Медиацияны уәкілетті орган айқындайтын тәртіпке сәйкес жергілікті қоғамдастықтың жиналысы (жиыны) сайлайтын, өмірлік тәжірибесі мол, абыройлы және мінсіз беделі бар қоғамдық медиаторлар жүргізе алады.
2. Жергілікті қоғамдастық жиналысының (жиынының) қоғамдық негіздегі медиаторлар ретінде жергілікті қоғамдастық мүшелерін сайлау туралы хаттамасы он жұмыс күні ішінде осы Заңның 16-бабының 3-тармағына сәйкес мәліметтерді ұсына отырып, қоғамдық медиаторлар тізіліміне қосу үшін облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкіміне жіберіледі.
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 16-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 16-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
16-бап. Облыстық маңызы бар қала, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің қоғамдық медиаторлар тізілімін жүргізуі
1. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте медиацияны қоғамдық негізде жүзеге асыратын қоғамдық медиаторлардың тізілімін облыстық маңызы бар қала, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімі жүргізеді.
2. Медиацияны қоғамдық негізде жүзеге асыратын медиаторлар уәкілетті орган айқындайтын қағидаларға сәйкес қоғамдық медиаторлар тізіліміне енгізу үшін облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкіміне жүгінуге міндетті.
3. Қоғамдық медиаторлар тізілімі мыналарды қамтиды:
1) медиатордың тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);