Әскери қызметшiлер мен олардың отбасы мүшелерiнiң мәртебесi және оларды әлеуметтiк қорғау туралы
1993 жылғы 20 қаңтардағы № 1901-XII Қазақстан Республикасының Заңы
(2009.09.02. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2011 жылғы 10 қаңтарда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Әскери қызметшiлердiң мәртебесi және әлеуметтiк қорғалуы Қазақстан Республикасының Контституциясымен, осы Заңмен, басқа да заң актілерімен, соның iшiнде Қазақстан Республикасы қатысатын халықаралық құқылық актiлермен белгiленедi.
Осы заңда қызметшiлердiң құқықтары, бостандықтары, әскери борышын атқару кезіндегі мiндеттерi мен жауапкершiлiгi белгiленiп, оларды әлеуметттiк қорғау жөніндегі мемлекеттік саясаттың алғашқы негiздерi айқындалады.
1 Бөлiм. Жалпы ережелер
ҚР 19.10.93 ж. № 2453 Заңымен 1-бап өзгертілді; ҚР 08.07.03 ж. № 478-II Заңымен 1-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) ; 2007.22.05. № 255-III ҚР Заңымен 1-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
1-бап. Әскери қызметшiлер және әскери қызмет
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет атқаратын Қазақстан Республикасының азаматтары әскери қызметшілер болып табылады.
Оларға шақыру немесе келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер, сондай-ақ әскери жиындарға шақыру кезеңіндегі әскери міндеттілер жатады.
Әскери қызметшiлер әскери қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде мемлекеттiң қорғауында болады. Олар әскери жарғыларға сәйкес өздерiне бастық болып табылатын адамдарға ғана бағынады және олардың қызметтiк iсiне араласуға басқа ешкiмнiң құқығы жоқ.
Әскери қызметшiлер әскери қызметтi iс жүзiнде орындаудың барлық жағдайында: ұрыс қимылдарына қатысу, бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi сақтау жөніндегі халықаралық мiндеттемелердi орындау, әскери кезекшiлiкте (жауынгерлiк қызметте) жүргенде, жаттығуларда, жиындарда, қызмет бабындағы iссапарларда жүру кезiнде, қызметiн атқаратын жерге бара жатқанда және кейiн қайтқан кезде, әскери бөлiмде, кемеде, объектiде, мекемеде, кәсiпорында, әскери (арнаулы) оқу орнында (бұдан әрi - әскери бөлiм) болған кезде, регламентпен белгiленген қызмет уақытының iшiнде немесе егер бұл қызмет қажеттiлiгiнен туындаса, басқа жерде және басқа уақытта, ал мерзiмдi қызмет әскери қызметшілерi әскери қызметтен өтудiң бүкiл уaқытында әскери қызмет мiндеттерiн атқарушы болады.
Әскери қызметшiлерге Қазақстан Республикасының азаматтары үшiн белгiленген, олардың жеке басы мен азаматтығын куәландыратын құжаттар, сондай-ақ әскери қызметшiлердiң жеке басы мен құқықтық жағдайын куәландыратын құжаттар берiледi.
2-бап. Әскери қызметшiлердiң мәртебесi
Әскери қызметшiлердiң мәртебесi әскери қызметшiлердiң Қазақстан Республикасының азаматы ретiнде заңмен белгiленген iшiнара тыйым салу мен шектеулерi бар жалпы құқықтарын, бостандықтары мен мiндеттерi, сондай-ақ олардың қызмет ерекшелiктерiне байланысты құқығын, мiндетi мен жауапкершiлiгiн қамтиды.
Әскери қызметшiлердiң мәртебесi олардың құқықтары мен мiндеттерiн орындауда, сондай-ақ әскери қызметтен өту кезiнде де, әскери қызметтен босатылғаннан кейiн де оларды әлеуметтiк қорғаудың мемлекеттік кепiлдiктерiн көздейдi.
Әскери қызметшiлер мен олардың отбасы мүшелерiнiң Қазақстан Республикасының Конституциясымен және осы Заңмен белгiленген құқықтары мен бостандықтарын шектеуге ешкiмнiң де құқығы жоқ.
Әскери қызметшiлердiң осы Заңмен белгiленген құқықтары мен бостандықтарына iшiнара тыйым салу және шектеу, олардың ерекше мiндетi мен жауапкершiлiгi қосымша құқықтар мен жеңiлдiктер арқылы өтiледi.
Әскери қызметшiлердiң соғыс кезіндегі және төтенше жағдай уақытындағы мәртебесiнiң ерекшелiктерi соғыс уақытының заңдарымен және төтенше жағдай режимi туралы заңмен белгiленедi.
ҚР 19.10.93 ж. № 2453; 08.07.03 ж. № 478-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 3-бап өзгертілді
3-бап. Әскери қызметшi мәртебесi бар адамдар
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, басқа да әскерлер мен әскери құрамаларда әскери қызметтен өтушi адамдар мен әскери жиында жүрген әскери мiндеттiлер әскери қызметшi мәртебесiне ие болады.
Азамат әскери қызметке белгiленген (шақырылған, кiрiскен) күннен бастап әскери қызметшi мәртебесiне ие болады және одан әскери қызметтен босатылуына байланысты әскери бөлiмнiң тiзiмiнен шығарылған күннен бастап айырылады.
Әскери қызметшi мәртебесi туралы заңдардың жекелеген ережелерi мен нормалары олардың отбасы мүшелерiне, әскери қызметтен босатылған адамдарға, сондай-ақ әскери қызметтен өту кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен немесе мүгедек болған әскери қызметшiлерiнiң отбасы мүшелерiне де қолданылады.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріндегі әскери қызметтен босатылған Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа да Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы (бұдан әрi - ТМД) елдерiне тұрақты тұруға қоныс аударған адамдардың мәртебесi мемлекетаралық келісімдермен белгiленедi. Бас мемлекеттердiң армиясында әскери қызметтен өтушi Қазақстан Республикасының азаматтарына бұл Заң қолданылмайды, бұған әскери қызметтен босатылған және Қазақстан Республикасының аумағына тұрақты тұруға келген адамдар қосылмайды.
Тұтқынға түскен, сондай-ақ бейтарап елдерде еркiнен айырылған әскери қызметшiлердiң әскери қызметшi мәртебесi сақталады. Әскери командование мен уәкiлдiк берiлген басқа да мемлекеттік органдар аталған әскери қызметшiлердiң құқықтарын қорғау жөнiнде халықаралық құқық нормаларына сәйкес шаралар қолдануға мiндеттi.
Әскери қызметшiлер бас бостандығынан айыруға сотталған жағдайда олардың, сондай-ақ отбасы мүшелерiнiң әскери қызметшiлер мәртебесiнде көзделген құқықтарын жүзеге асыру уақытша тоқтатыла тұрады (тоқтатылады) немесе заңда көзделген тәртiп бойынша шектеледi.
ҚР 19.10.93 ж. № 2453; ҚР Президентінің 07.11.95 ж. 2606 Жарлығымен; ҚР 08.07.03 ж. № 478-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 4-бап өзгертілді
4-бап. Әскери қызметшiлердi әлеуметтiк және құқылық жағынан қорғау кепiлдiктерi
Мемлекет әскери қызметшiлердi әлеуметтiк және құқылық жағынан қорғауға кепiлдiк бередi, оларды қажеттi тұрмыс жағдайымен қамтамасыз етiп, қызметiнiң мемлекеттік қызметтiң басқа түрлерiнен ерекше сипатын ескере отырып, тиiстi қызмет жағдайын жасайды.
Барлық әскери қызметшiлер атқаратын қызметi мен әскери атағына қарамастан заң алдында тең. Әскери қызметшiлердiң құқықтары мен мiндеттеріндегі, әскери қызметтен өту шарттарындағы, материалдық жағынан қамтамасыз етiлуіндегі айырмашылықтар Қазақстан Республикасының заң актілерімен белгiленедi.
Әскери қызметшiлер мен олардың отбасы мүшелерi үшiн белгiленген құқықтар мен бостандықтарды iске асыру, олардың заңды мүдделерiн қамтамасыз ету Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың басшылығына және өзге де мемлекеттік органдарға жүктеледi.
Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың әскери қызметшiлер мен олардың отбасы мүшелерiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн iске асыру жөніндегі мiндеттерiн сақтамағаны үшiн кiнәлi басшылары, командирлер мен бастықтар, басқа лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауап бередi.
Әскери қызметшiлер құқығына және ар-намысы мен қадір-қасиетiне нұқсан келтiретiн заңсыз iс-әрекет жасаған бастықтардың үстiнен тiкелей сотқа шағым беруге құқылы.
2 Бөлiм. Әскери қызметшiлердiң құқықтары және оларды әскери асыру кепiлдiктерi
ҚР Президентінің 07.11.95 ж. 2606 Жарлығымен 5-бап өзгертілді;
5-бап. Мемлекеттік және қоғамдық өмiрге қатысу
Қазақстан Республикасының әскери қызметшi-азаматтары мемлекеттік және қоғамдық өмiрге қатысуға, мемлекеттік өкiмет органдарына сайлауға және сайлануға құқылы.
Әскери қызметшiлердiң құқықтары мен мүдделерiн қоғамдық (ұжымдық) қорғау мiндетi олардың қоғамдық бiрлестiктерiне (әртүрлi категориялы әскери қызметшiлердiң жиналыстары мен кеңестерiне) жүктеледi.
Әскери қызметшiлер партиялардың, кәсiптiк одақтардың қатарында тұрмауға, қандай да бiр саяси партияны жақтамауға тиiс.
6-бап. Ереуiлдерге, тосқауылдарға және өзге де наразылық әрекеттерiне қатысу
Әскери қызметшiлердiң ереуiлдер, тосқауылдар және әскери бөлiмнiң, мекеменiң жауынгерлiк әзiрлiгiне терiс ықпал ететiн өзге де рұқсат берiлмеген наразылық әрекеттерiн ұйымдастыруына және оларға қатысуына тыйым салынады.
7-бап. Жүрiп-тұру бостандығы
Әскери қызметшiлердiң жүрiп-тұру бостандығы әскери бөлiмдер мен бөлiмшелердi жауынгерлiк әзiрлiкте ұстаумен, олардың қажет болған жағдайда қызмет атқаратын орнына дер кезiнде жетуiмен ұштастырылуға тиiс.
ҚР Президентінің 07.11.95 ж. 2606 Жарлығымен; ҚР 08.07.03 ж. № 478-II Заңымен (бұр. ред. қара) ; 2007.22.05. № 255-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 8-бап өзгертілді
8-бап. Еңбек ету құқығын iске асыру
Қазақстан Республикасы азаматтарының әскери қызметке кiруде құқықтары тең. Мемлекет әскери қызметшiлерге: қызмет атқаруға, қызметi бойынша ауысуға, кәсiптiк біліктiлiгi мен iскерлiк сапасына сай кезектi әскери атақ құқығына кепiлдiк бередi.
Әскери қызметтiң ауыр климаттық, экологиялық, физикалық немесе кәсiптiк жағынан қолайсыз жағдайда атқарылуы ақшалай үстеме қосу және қызмет еткен жылына жеңiлдiк беру арқылы өтеледi.
Климаттық және экологиялық жағдайлары ауыр жерлердегi қызмет мерзiмi шектеледi және одан өту тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
Әскери қызметшілердің (мерзімді қызметтің әскери қызметшілері мен әскери оқу орындарының курсанттарынан басқа) әйелдерiне (күйеулерiне) мамандығы бойынша еңбекке орналасу мүмкiндiгi болмаған жерлерде күйеулерiмен (әйелдерiмен) бiрге тұрған бүкiл кезеңi жасына байланысты зейнетақы тағайындау үшiн қажеттi жалпы жұмыс стажына қосылады және осы кезеңде оларға Қазақстан Республикасында жұмысшылар мен қызметшiлер үшiн белгiленген ең аз жалақы мөлшерiнде ай сайынға жәрдемақы төленедi. Аталған жерлердiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi.
Мерзiмдi қызмет атқаратын әскери қызметшiлердiң отбасы мүшелерiне жұмысқа қабылдау кезiнде және қызметкерлердiң санын немесе штатын қысқарту кезiнде жұмыста қалуға, сондай-ақ өндiрiсте қол үзiп кәсiптiк жағынан даярлауға, біліктiлiгiн арттыруға және қайта даярлауға бiрiншi кезекте жiберу мен оқу кезеңiнде орташа жалақысын сақтауға артықшылық құқық берiледi.
Әскери қызметшiлердiң, соның iшiнде қызметтен өту кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметшiлердiң балаларына атқарушы органдар тұрғылықты жерi бойынша мектеп жасына дейiнгi балалар мекемелерiнде кезектен тыс орын бередi, оның ақысы мемлекеттік мектеп жасына дейiнгi мекемелер үшiн белгiленген мөлшерде алынады.
Әскери қызметшiлердiң (мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiлер мен әскери (арнаулы) оқу орындарының курсанттарынан басқа), педагогикалық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтерден басқа, кәсiпкерлiк не басқа да ақылы қызметпен айналысуға құқығы жоқ.
Мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiлер мен әскери (арнаулы) оқу орындары курсанттарының кез келген ақылы қызметпен айналысуға құқығы жоқ.
Әскери қызметшiлердi әскери қызметiмен байланысты емес жұмыстарды атқаруға қатыстыруға Қазақстан Республикасының заңдары белгiлейтiн тәртiппен жол берiледi. Бұл орайда осы жұмыстарды атқаратын басқа адамар үшiн көзделген жеңiлдiктер әскери қызметшiлерге де қолданылады.
ҚР Президентінің 07.11.95 ж. 2606 Жарлығымен; ҚР 08.07.03 ж. № 478-II (бұр. ред. қара) Заңымен 9-бап өзгертілді
9-бап. Қызмет уақыты және демалыс. Еңбек демалысы
Әскери қызметшiлердiң (мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiлер мен әскери (арнаулы) оқу орындарының курсанттарынан басқа) апта сайынғы қызмет уақытының жалпы ұзақтығы жұмысшылар мен қызметшiлер үшiн заңмен белгiленген жұмыс уақытының ұзақтығынан аспауға тиiс, ал мерзiмдi қызмет атқаратын әскери қызметшiлер үшiн ол әскери жарғылардың талаптарына сәйкес белгiленедi.
Әскери қызметшiлерге (мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiлер мен әскери (арнаулы) оқу орындарының курсанттарынан басқа) аптасына кемiнде бiр тәулiк, бiрақ айына кемiнде алты тәулiк демалыс берiледi.
Тiзбесiн құрылымында әскери қызметшiлер әскери қызметте тұратын Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың басшылығы белгiлейтiн жауынгерлiк кезекшiлiк (жауынгерлiк қызмет), жаттығулар мен басқа шаралар қызмет уақытының жалпы ұзақтығы шектеусiз өткiзiледi.
Әскери қызметшiлер апта сайынғы қызмет уақытының белгiленген ұзақтығынан тыс, сондай-ақ демалыс, мереке және жұмыс iстемейтiн күндерi әскери қызмет мiндетiн атқаруға қатыстырылған жағдайда оларға командир (бастық) аптаның басқа күндерiнде демалыс бередi.
Әскери қызметшiлерге (мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiлер мен әскери (арнаулы) оқу орындарының курсанттарынан басқа) жыл сайынғы негiзгi еңбек демалысы берiледi, оның ұзақтығы жалпы қызмет еткен жылына, әскери қызметтiң ерекшелiктерi мен жағдайларына байланысты болады және төмендегiдей болып белгiленедi:
Әскери қызметте 10 күнтiзбе жыл еңбек сiңiрсе - 30 тәулiк;
10 жылдан 15 жылға дейiн - 35 тәулiк;
15 жылдан 20 жылға дейiн - 40 тәулiк;
20 жыл және одан көп болса - 45 тәулiк;
жауынгерлiк кезекшiлiк атқарушы ұшу жұмысындағы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметі белгiлеген тiзбедегi орындарда әскери қызмет атқарушы адамдарға - 45 тәулiк.
Еңбек демалысы ұзақтығына демалысын өткізу орнына беру мен қайтуға қажеттi уақыт кiрмейдi.
Әскери қызметшiлердiң (мерзiмдi қызмет атқаратын әскери қызметшiлерден басқа) демалысы әскери қызмет мүддесiн және әскери қызметшiнiң тiлегiн ескере отырып екi бөлiп берiлуi мүмкiн.
Әскери қызметшiлердiң мына категорияларына:
өз мiндетiн денсаулыққа зиянды (ауыр) жағдайда атқарғаны үшiн, қызметiнiң ерекше сипаты (ұзақ мерзiмдi iссапар, вахталық әдiспен жауынгерлiк кезекшiлiк атқару және олардың тұрақты орналасқан орнынан тыс жерлерге ұзақ уақытқа жiберiлген реттерi) үшiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген мөлшерде;
экологиялық апат аймақтарында қызмет атқарғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қосымша еңбек демалысы (демалыс) берiледi.
Мерзiмдi қызмет атқаратын әскери қызметшiлерге көтермелеу түрiнде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң жалпыәскери жарғыларында белгiленген тәртiппен қысқа мерзiмдi демалыс берiледi.
Әскери қызметшiлерге қажет болған жағдайда сырқаттануына байланысты, отбасы жағдайына байланысты қысқа мерзiмдi демалыс, ал әскери (арнаулы) оқу орындарында оқитындарға каникул берiледi.
Әскери қызметшiлерге (мерзiмдi қызмет атқаратын әскери қызметшiлерден басқасына) адъюнктураға, әскери докторантураға дайындалу және түсу емтихандарын тапсыру үшiн, сондай-ақ жоғары оқу орындарына түсу емтихандарын тапсыру үшiн оқу демалыстары берiледi, ал ғылым кандидаты немесе докторы ғылыми дәрежесiне талаптанушыларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiп бойынша шығармашылық демалыстар берiледi.
Әскери қызметшiлердiң жұмыс iстейтiн зайыптарына (жұбайларына) жыл сайынғы демалыс олардың жұбайларының (зайыптарының) кезектi демалысымен бiр мезгiлде берiлуге тиiс. Бұл орайда демалыстың ұзақтығы жалақысын сақтамай қосымша демалыс беру есебiнен жұбайы (зайыбы) демалысының ұзақтығына тең болуы мүмкiн.
ҚР 16.11.99 ж. № 476-1; 10.10.01 ж. № 247-II; ҚР 08.07.03 ж. № 478-II (бұр. ред. қара); 2009.09.02. № 125-IV (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) Заңдарымен 10-бап өзгертілді
10-бап. Ақшамен және материалдық жағынан қамтамасыз ету
Мемлекет әскери қызметшiлердi азаматтардың әскери қызметке ынта-ықыласын арттыратын мөлшерде ақша қаражатымен қамтамасыз етедi.
Әскери қызметшiлерге ақшалай үлес Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджет есебiнен қамтылған органдары қызметкерлерiне еңбекақы төлеудiң бiрыңғай жүйесi негiзiнде белгiленедi және ол қызметтен өтудiң Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген ерекше жағдайлары үшiн төленетін ақшалай қаражат пен үстеме ақыны қамтиды.
Әскери қызметшiлердiң ақшалай қаражаты лауазымдық айлықақыдан және әскери атағы бойынша айлықақыдан тұрады.
Әскери қызметшiлердiң ақша қаражаты тiршiлiк құнының өзгеруiне байланысты Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн тәртiпке сәйкес қайта қаралуға тиiс.
Солдаттар (матростар), сержанттар (старшиналар) лауазымдарына келісімшарт бойынша әскери қызметке алғаш түскен азаматтарға жасалатын келісімшарт мерзіміне байланысты мынадай мөлшерде біржолғы ақшалай сыйақы төленеді:
3 жылға - 1 лауазымдық айлықақы мөлшерінде;
5 жылға -10 лауазымдық айлықақы мөлшерінде;
10 жылға - 20 лауазымдық айлықақы мөлшерінде.
Көрсетілген ақшалай сыйақыларды төлеу келісімшарт жасалған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей жүргізіледі.
Алынған біржолғы ақшалай сыйақы:
1) «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 37-бабы 1-тармағының 4), 5), 7) тармақшаларында және 2-тармағының 3), 4), 5), 6) тармақшаларында көзделген жағдайларда келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін әскери қызметтен босатылған кезде;
2) егер бұдан әрі әскери қызметті атқара алмайтындай жаралану, контузия, жарақат алу, мертігу немесе ауру әскери қызметшінің заңға қайшы іс-әрекет жасауынан немесе алкогольден, есірткіден, уытқұмарлықтан мас болу немесе өзіне қандай да бір дене жарақатын түсіру (денесіне зиян келтіру) себебінен болғаны немесе әскери қызметтен жалтару мақсатында өз денсаулығына өзге де зиян келтіргені Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен дәлелденсе, қайтаруға жатады.
Төленген біржолғы ақшалай сыйақыны қайтару әскери қызметші әскери қызметін өткерген мемлекеттік органға ол әскери қызметтен босатылған күнінен бастап бір ай мерзімде жүргізіледі.
Әскери қызметші әскери қызметін өткеру кезеңінде қаза тапқан (қайтыс болған), бұдан әрі әскери қызметті атқара алмайтындай жараланған, контузия, жарақат алған, мертіккен немесе ауырған жағдайда біржолғы ақшалай сыйақыны қайтару жүргізілмейді.
Әскери қызметшiлер (мерзiмдi қызмет атқаратын әскери қызметшiлерден басқасы) бiр жерден екiншiсiне көшуiне байланысты (соның iшiнде әскери бөлiм немесе бөлiмше құрамында) қызметiн ауыстырған жағдайда оларға әскери қызметшiнiң өзiне екi айлық ақшалай үлес және онымен бiрге көшкен әрбiр отбасы мүшелерiне айлық ақшалай үлесiнiң жартысы көтерме жәрдемақы төленедi.
Әскери қызметшiлер мемлекет есебiнен заттай мүлiкпен қамтамасыз етiледi.
Казармалық жағдайдағы мерзiмдi қызмет атқаратын әскери қызметшiлердiң, әскери (арнаулы) оқу орындарының курсанттарының, сондай-ақ ұшқыштар, ұшуларды дайындау жөніндегі инженерлiк құрамның әскери қызметшiлерiнiң қызметтен өту жағдайы ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген нормалар бойынша азық-түлiкпен қамтамасыз етiледi.
Мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiлерге, әскери (арнаулы) оқу орындарының курсанттарына демалысқа кеткен кезде Қазақстан Республикасының Yкіметі белгілеген нормалар бойынша азық-түлiк сыбағасының орнына ақшалай өтемақы төленедi.
Парашютпен секiрудi жүзеге асыратын әскери қызметшiлер, әскери кемелерде (катерлерде), әскери-қосымша кемелерде теңiзде қызмет атқаратын, олардың база орындарында дауылға қарсы дайындық барысы кезiнде iс-шараларды жүзеге асыратын, маяктарда вахтада тұратын әскери қызметшiлер, сондай-ақ әскери қызметшiлер әскери кезекшiлiктi атқарған, әскери эшелондарға iлесiп жүрген, дала iс-қимылдары шараларына қатысқан және стационарда емделуде болған кезде осы кезеңге Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген норма бойынша азық-түлiкпен қамтамасыз етiледi.
Шалғайдағы аудандарда орналасқан жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставаларында және комендатураларда қызметтен өтiп жүрген әскери қызметшiлер (мерзiмдi қызмет атқаратын әскери қызметшiлерден басқа), олардың отбасы мүшелерi ақылы азық-түлiкпен қамтамасыз етiледi. Азық-түлiкпен қамтамасыз етудiң тәртібі мен нормаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
Әскери қызметшiлердiң қалауы бойынша (мерзiмдi қызмет атқаратын әскери қызметшiлерден басқасы) оларға киiм-кешек орнына ақшалай өтем төленуi мүмкiн.
ҚР 19.10.93 ж. № 2453 Заңымен; ҚР Президентінің 05.10.95 ж. № 2488; 11.07.95 ж. № 2606 Жарлықтарымен ҚР 08.07.03 ж. № 478-II (бұр. ред. қара) Заңымен 11-бап өзгертілді
11-бап. Меншiк құқығы
Әскери қызметшi Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес меншiк иесi болуға, өз мүлкi мен басқа да меншiк объектiлерiн иеленуге, пайдалануға және оларға билiк етуге құқылы.
Әскери қызметшiлердiң меншiгi олардың ақшалай және заттай үлес алуы (мерзiмдi қызмет атқаратын әскери қызметшiлерден басқасы), жеке үй жанындағы шаруашылығын жүргiзу, әскери қызметке шақырылғанға (кiргенге, белгiлегенге) дейiн алынған кiрiсi, мұрагерлiк, сый ретiнде көшкен мүлiк, сондай-ақ осы Заңмен тыйым салынбаған басқа да қызмет есебiнен құрылады және көбейтiледi.
Мемлекет әскери қызметшiлерге Қазақстан Республикасының азаматтары ретiнде меншiктi жекешелендiру процесiнде одан басқа азаматтармен тең үлес алуға кепiлдiк бередi.
ҚР 19.10.93 ж. № 2453 Заңымен; ҚР Президентінің 07.11.95 ж. № 2606 Жарлығымен; ҚР 02.04.97 ж. № 88-1; 07.04.99 ж. № 374-1; 16.11.99 ж. № 476-1; 10.10.01 ж. № 247-II Заңдарымен 12-бап өзгертілді; ҚР 08.07.03 ж. № 478-II (бұр. ред. қара) Заңымен 12-бап жаңа редакцияда; 2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 12-бап өзгертілді (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
12-бап. Тұрғын үй алу құқығы
Әскери қызметшiлер (мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiлер мен әскери (арнаулы) оқу орындарының курсанттарынан басқа) мен олардың отбасы мүшелерi мемлекет есебiнен тұрғын жайлармен (пәтерлермен) қамтамасыз етiледi.
Әскери қызметшiлер (мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiлер мен әскери (арнаулы) оқу орындарының курсанттарынан басқа) мен олардың отбасы мүшелерiне тұрғын жаймен (пәтермен) қамтамасыз етiлгенге дейiн уақытша тұру үшiн қызметтiк тұрғын үйлерге теңестiрiлген тұрғын үйлер, қызметтiк тұрғын үйлер немесе жатақханаларда тұрғын жайлар мiндеттi түрде берiледi.
Әскери қызметшiлердi (мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiлер мен әскери (арнаулы) оқу орындарының курсанттарынан басқа) жасы бойынша әскери қызметтен босатылғанға дейiн үш жыл бұрын не денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттың қысқаруына байланысты әскери қызметтен босатылатын жылы әскери қолбасшылықтың ұсынысы бойынша облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары олардың таңдаған тұрғылықты жерi бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй бөлу кезектiлiгiнiң тiзiмiне енгiзедi.
Шетелге және климат жағдайы ауыр жерлерге әскери қызметтен өту үшiн жiберiлген әскери қызметшiлердiң (мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiлер мен әскери (арнаулы) оқу орындарының курсанттарынан басқа) өздерi тұратын тұрғын жайлары олардың шетелде және аталған жерлерде болған бүкiл уақытына сақталады.
Қызмет бойынша ауысқан кезде тұратын тұрғын жайы сақталатын әскери қызметшiлерге жаңа қызмет орны бойынша қызметтiк тұрғын үйлер берiледi.
Әскери қызметшiлерге (мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiлер мен әскери (арнаулы) оқу орындарының курсанттарынан басқа) жабық және оқшауланған әскери қалашықтардағы, шекара заставаларындағы және комендатуралардағы орталықтандырылған жылуды қоспағанда, коммуналдық қызмет көрсету шығындарын төлеу үшiн тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгiленген мөлшерде Қазақстан Республикасының Yкіметі айқындайтын тәртiппен ақшалай өтемақы төленедi.