6. Егер жалға алу шартында өзгеше көзделмеген болса, жалға алушының кемеге жасаған ажыратып алуға болатын жақсартулары оның меншiгi болып табылады және жалға алушы оларды алып қоюы мүмкiн.
9-тарау. Порттар
44-бап. Порттың құқықтық мәртебесi, оның аумағы мен акваториясы
1. Порттар:
1) мемлекеттiң;
2) Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттік емес заңды тұлғаларының меншiгiнде болуы мүмкiн.
Iшкi су жолдарындағы порттар ортақ пайдалану объектiлерi болып табылады.
2. Порт аумағын Қазақстан Республикасының жер заңдарына сәйкес портқа бөлiнiп берiлген жер учаскелерi, соның iшiнде оның перспективалық дамуы үшiн қажетті аймақтар құрайды.
3. Порт акваториясын iшкi су жолдары шегіндегі акватория учаскелерi, оның iшiнде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен портқа бөлiнiп берiлген рейдтер мен портқа кiреберiс жолдар құрайды.
Порт акваториясының шекараларын белгiлеудi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
4. Порттардың акваториясы мен жағалау белдеуіндегі жерлер мемлекеттік меншiк болып табылады.
5. Мемлекет меншiгіндегі порттарды салу, қайта жаңарту үшiн жеке меншiктегi жер учаскелерi залалдар толық көлемiнде өтеле отырып немесе соған тең басқа жер учаскесi берiлiп, Қазақстан Республикасының жер заңдарында белгiленген тәртiппен алып қойылуы мүмкiн.
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2010.19.03. № 258-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 45-бап өзгертілді;
45-бап. 2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
46-бап. Порттарды пайдалануға қойылатын негiзгi талаптар
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 1 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Порт айлақтарының иелерi кемелер үшiн қауiпсiз кiреберiстердi, кемелердiң мұндай айлақтардағы қауiпсiз тұрағын қамтамасыз етуге мiндеттi, олардың қоймалары, жүк массасын анықтауға арналған, жүк тиеу-жүк түсiру құралдары, жолаушыларды, оның iшiнде мүгедектердi кемеге отырғызуға, түсiруге және олардың кеменiң келуiн күтуге арналған құрылғылары мен қондырғылары, ал қажет болған жағдайларда портқа вагондарды әкелуге арналған темiржолдың кiрме жолдары болуға тиiс.
Жүк массасын анықтауға арналған құралдар белгiленген тәртiппен мемлекеттік метрологиялық бақылануға тиiс.
2. Порттың гидротехникалық құрылыстары, навигациялық жабдықтардың құралдары, жүктi қайта тиеу кешендерi, айлақтары, қызметтiк ғимараттары мен портта орналасқан және пайдаланылатын өзге де мүлiк порт иесiнiң есебiнен күтiп ұсталады.
3. Порттарда қоршаған ортаны қорғауға, шаруашылық-тұрмыстық және құрамында мұнай бар суларды, басқа да қалдықтарды қабылдауға және өңдеуге арналған құралдар, сондай-ақ порт акваториясы шегiнде кемелердi құтқару және өрт сөндiру жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыруға арналған құралдар болуға тиiс.
47-бап. Кемелердiң портқа кiру және порттан шығу тәртібі
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Кемелердiң портқа кiруi және порттан шығуы, кемелердiң порт акваториясының шегiнде жүзуi және портта тұруы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Шетелдiк кемелердiң Қазақстан Республикасының порттарына кiруi және оларға қызмет көрсету халықаралық шарттардың негiзiнде жүзеге асырылады.
48-бап. Портта көрсетiлетiн қызметтер
1. Порт:
1) кемелерге жүк тиеудi (түсiрудi) және қызмет көрсетудi олардың келу кезегiне қарай;
2) жүктермен көлiк-экспедиторлық және қоймалық операцияларды;
3) көлiктiң басқа түрлерiнен iшкi су көлiгiне және керiсiнше жүктердi ауыстырып тиеудi;
4) кемелер жолаушыларына қызмет көрсетудi;
5) порт кемелерi мен көлiктiң басқа түрлерiнде жолаушыларды, багажды және жүктердi тасымалдауды жүзеге асырады.
2. Порттың мiндеттi қызмет көрсетулерiне бағалар (тарифтер) және олардың шектi деңгейiн белгiлеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргізiледі.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн порттың мiндеттi қызмет көрсетулерiнiң тiзбесiне кiрмейтiн қызмет көрсетулерге ақы төлеудiң мөлшерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жасалған шарттармен белгiленедi.
10-тарау. Жолаушыларды, багажды және почта жөнелтілімдерін тасымалдау
49-бап. Жолаушыны және багажды тасымалдау шарты
1. Жолаушыларды және олардың багажын тасымалдау жолаушы тасымалдау шартының негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Жолаушы тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы жолаушыны баратын пунктiне, ал жолаушы багаж тапсырған жағдайда багажды да баратын жерiне жеткiзуге және оны жолаушыға немесе багажды алуға уәкiлеттi адамға беруге мiндеттенедi; жолаушы - жол жүргенi үшiн, ал багаж өткiзген жағдайда багажды алып жүргенi үшiн ақы төлеуге мiндеттенедi.
3. Жолаушыны және багажды тасымалдау шарты уәкiлеттi орган бекiткен нысанда тиiсiнше жол жүру билетiмен және багаж түбiртегiмен ресiмделедi.
4. Жолаушыларды экскурсиялық және туристiк бағыттар бойынша тасымалдау шарты жолдама немесе жолаушылар тобын тасымалдау билетi нысанында ресiмделуi мүмкiн.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 50-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
50-бап. Жолаушылар мен багажды тасымалдау тәртібі және түрлерi
1. Iшкi су көлiгi ұсынатын жолаушыларды тасымалдау оның шарттарына, ұзақтығына, қашықтығына және сапасына қарай:
1) көлiктiк;
2) туристiк;
3) экскурсиялық түрлерге;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де түрлерге бөлiнедi.
2. Жолаушыларды тасымалдау қатынас түрлеріне қарай:
1) халықаралық - Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттер арасындағы тасымалдау;
2) республикаішілік - Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан елді мекендер арасындағы тасымалдау болып бөлінеді.
3. Әкімшілік-аумақтық белгісіне қарай жолаушылар мен багажды республикаішілік тасымалдау:
1) облысаралық - әртүрлі облыстардағы жөнелту және межелі пункттер арасында жүзеге асырылатын немесе елді мекендерді республикалық маңызы бар қалалармен, астанамен жалғастыратын тасымалдау;
2) ауданаралық (облысішілік қаларалық) - бір облыс шегіндегі, әртүрлі аудандарда орналасқан елді мекендер арасында жүзеге асырылатын немесе облыстық маңызы бар қалаларды елді мекендермен жалғастыратын тасымалдау;
3) ауданішілік - бір аудан шегіндегі елді мекендердің арасындағы тасымалдау;
4) қала маңындағы - елді мекеннің белгіленген шекарасынан бастап өлшенетін, ұзақтығы елу километрге дейінгі қала маңы аймағындағы елді мекенмен жалғастыратын маршруттар бойынша тасымалдау;
5) қалалық - қаланың белгіленген шекарасының шегіндегі тасымалдау болып бөлінеді.
4. Жолаушылар мен багажды тасымалдау тәртібін және түрлерiн (бұдан әрi - жолаушыларды тасымалдау қағидасы) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
51-бап. Тасымалдаушының құқықтары мен мiндеттерi
1. Тасымалдаушы, реттелетiн тасымалдауды қоспағанда, баға жасау ережелерiне сәйкес тасымалдауға арналған бағаларды еркiн белгiлеуге құқылы.
2. Тасымалдаушы жолаушыға билетте немесе жолдамада көрсетiлген кемедегi орынды беруге мiндеттi.
3. Жолаушыларға қызмет көрсету орындарында, оның iшiнде билеттер сатылатын пункттерде жолаушылар тасымалдауды ұйымдастыру туралы көрнекi және қолжетiмдi нысанда уақтылы әрi анық ақпарат берiлуге тиiс.
4. Тасымалдаушы билет сатуды, оның iшiнде алдын ала сатудыұйымдастыруға, сондай-ақ жолаушыларды тасымалдау ережелерiне сәйкес анықтама орындарының, сақтау камераларының, демалыс бөлмелерiнiң және басқа да орындардың қызметiн көрсетуге мiндеттi.
5. Жолаушы, үй-жайлары бар дебаркадерлерi болмаған елдi мекендерде - павильондар, ал қала маңындағы желiлер мен өткелдерде орындықтары бар шатырлы қалқалар болуға тиiс. Бұл ретте осындай павильондардың иелерi жолаушылардың қауiпсiздiгi мақсатында жолаушыларды отырғызу және түсiру орындарын қажеттi құрылғылармен жабдықтауға мiндеттi.
6. Жолаушыларға мемлекеттік стандарттармен және жолаушылар тасымалдау жөніндегі нормативтермен белгiленген тасымалдау жағдайлары қамтамасыз етiледi.
7. Жолаушыларға жеңiлдiктер әрi қызмет көрсетулер ұсынудың тiзбесi мен тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
8. Тасымалдаушы кеменiң қауiпсiз жүзуiн қамтамасыз етуге, оны экипажбен жасақтауға және оны бүкiл тасымалдау уақыты iшiнде тиiсiнше күтiп ұстау үшiн барлық қажеттi заттармен жарақтауға мiндеттi.
9. Вокзал маңындағы және айлақ маңындағы аумақтарды жайластыру олардың иелерi есебiнен жүзеге асырылады.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 51-1-баппен толықтырылды
51-1-бап. Әлеуметтік маңызы бар тасымалдауды ұйымдастыру
Жолаушылар мен багажды әлеуметтік мәні бар тасымалдауды ұйымдастыруды, олардың маршруттарын бекітуді, оларға қызмет көрсету құқығына конкурстар ұйымдастыру мен өткізуді және маршруттар бойынша қозғалыс кестелерін бекітуді:
1) ауданаралық (облысішілік қаларалық) қатынаста - облыстардың жергілікті атқарушы органдары;
2) қалалық және қала маңындағы қатынаста - өзінің заңдық құзыры шегінде аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары;
3) ауданішілік қатынаста - аудандардың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.
Жолаушыларды әлеуметтік мәні бар тасымалдауларды ішкі су көлігімен жүзеге асыруға байланысты тасымалдаушылардың залалдары бюджет қаражаты есебінен субсидияланады.
52-бап. Жолаушының құқықтары мен мiндеттерi
1. Жолаушы:
1) кемелер қозғалысының кестесiнде көрсетiлген немесе кеме жүзiп өтетiн бағыт бойынша жарияланған кез келген портқа (пунктке) дейiн бару үшiн кез келген санаттағы жолаушы орнына билет алуға;
2) өзiмен бiрге жеке орын алу құқығынсыз - жетi жасқа дейiнгi, ал халықаралық қатынастарда бес жасқа дейiнгi бiр баланы тегiн алып жүруге; Қазақстан Республикасының тасымалдаушысы жүзеге асыратын тасымалдау кезiнде - жетi жастан он бес жасқа дейiнгi балаларға, халықаралық қатынастарда бес жастан он екi жасқа дейiнгi балаларға билеттiң толық құнының елу процентiн төлеп билет алуға;
3) өзiмен бiрге жалпы салмағы отыз алты килограмнан аспайтын, ал жүрдек кемелерде - жиырма килограмнан аспайтын қолжүгiн (алып жүруге жеңiл, басқа жолаушылардың орнын тарылтпайтын ұзындығы 1,8 метрден аспайтын немесе периметрi бойынша жалпы ұзындығы 2,6 метрден аспайтын заттарды) ақысыз алып жүруге құқылы. Қолжүгiн сақтау жауапкершiлiгi оның иесiне жүктеледi;
4) багажды тасымалдау тарифiне сәйкес багажды ақылы тасымалдау үшiн өткiзуге;
5) кемелерде қашықтығы бес жүз километр және одан да асатын жол жүру кезiнде жүру жолында аялдауға және жол жүру құжатының (билетiнiң) жарамдылық мерзiмiн он тәулiктен аспайтын мерзiмге ұзартуға;
6) емдеу мекемесiнiң құжатымен расталған науқастану жағдайында билеттiң қолданылу мерзiмiн ауырған уақытқа ұзартуға немесе билеттi тапсырып, тасымалдау ақысын қайтарып алуға;
7) кеме шыққанға дейiн кез келген уақытта, ал рейс басталғаннан кейiн кеме аялдаған кез келген портта тасымалдау шартынан бас тартуға, жолаушыларды тасымалдау ережелерiнде белгiленген тәртiппен билеттi өткiзiп, кеме жолының жүзiп өтiлмеген бөлiгi үшiн тасымалдау ақысын қайтарып алуға;
8) кеменiң шығуы кешiккен жағдайда тасымалдау шартынан бас тартып, тасымалдау ақысын қайтарып алуға құқылы.
2. Жолаушы:
1) жол жүру құжатын (билет) сатып алған кезде, жол жүргенде және жолда жол құжатын (билеттi) тексерген кезде жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуге;
2) кемеге отырғызу кезiнде және жолда жол жүру аяқталғанға дейiн жол жүру құжатын (билетiн) сақтауға;
3) қоғамдық тәртiптi, кемелердi және жағалауда орналасқан, жолаушы тасымалдарына қызмет көрсетуге арналған объектiлердi пайдалану ережелерiн сақтауға, сондай-ақ тасымалдаушының мүлкiне ұқыпты қарауға мiндеттi.
53-бап. Жолаушы тасымалдау шартының тасымалдаушы бастамасымен тоқтатылуы немесе өзгертiлуi
1. Тасымалдаушы:
1) еңсерiлмейтiн күштiң, соғыс iс-қимылдарының, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың немесе тасымалдаушыға қатыссыз өзге де себептердiң салдарынан жолаушыны баратын портына тасымалдау мүмкiн болмаған;
2) тиiстi мемлекеттік органдардың шешiмi негiзiнде кеменiң шығуы кешiктiрiлген немесе кеме мемлекеттік қажеттiлiктерге тартылған;
3) кеме опат болған немесе оны күшпен басып алған;
4) жолаушы жолаушыларды тасымалдау ережелерiн бұзған немесе жолаушы мұндай ережелердi сақтаудан бас тартқан жағдайда бiржақты тәртiппен жолаушыларды тасымалдау шартын бұза алады.
2. Кеме шыққанға дейiн тасымалдаушының бастамасымен тасымалдау шарты тоқтатылған кезде жолаушыға - жол ақысы және багажды тасымалдау ақысы, ал аталған шарт рейс аяқталғанға дейiн тоқтатылған кезде кеме жүзiп өтпеген қашықтық үшiн жол ақысы мен багажды тасымалдау ақысы қайтарылады.
Егер аталған шарттың тоқтатылуы жолаушының жолаушыларды тасымалдау ережелерiн бұзуынан немесе оның кеме қатынасы, басқа жолаушылардың өмiрi мен денсаулығы қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн iс-әрекеттерiнен туындаған жағдайда жол ақысы мен багажды тасымалдау ақысы жолаушыға қайтарылмайды.
3. Жолаушы тасымалдау шарты, осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, тасымалдаушының бастамасымен кеме рейсi кезiнде тоқтатылған жағдайда, тасымалдаушы жолаушыны оның талабы бойынша жөнелту портына немесе жолаушының баратын портына жету мүмкiндiгiн қамтамасыз ету мақсатында ең жақын елдi мекенге өз есебiнен жеткiзуге, сондай-ақ тасымалдаушының кiнәсiнен жолаушыға келтiрiлген залалдарды өтеуге мiндеттi.
54-бап. Талап етiлмеген багаж
1. Жолаушы багажын тасымалдаушыға қатысы жоқ себептермен алмаған жағдайда тасымалдаушы оны келiп жеткен күнiнен бастап үш ай бойы келген портында сақтауға мiндеттi.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген сақтаудың шектi мерзiмдерi өткен соң талап етiлмеген багаж сатылуы мүмкiн.
3. Багаж түбiртегiн көрсетушi талап-арыз қою мерзiмi iшiнде тасымалдаушыға талап етiлмеген багажды сақтау және оны сату кезiнде келтiрiлген шығындар шегерiле отырып, осы баптың 2-тармағына сәйкес сатудан түскен соманы алуға құқылы.
55-бап. Почта жөнелтiмдерiн тасымалдау
1. Почта операторларына тұрақты рейстер жасайтын кемелерде белгiленген ақыға өз қызметкерлерiнiң iлесiп жүруiмен почта жөнелтiмдерiн тасымалдауға құқық берiледi.
Почта операторлары-қызметкерлерiнiң iлесiп жүруiмен почта жөнелтiмдерiн тасымалдайтын кемелерде почта қызметтерiн көрсету, почта жөнелтiмдерiн сақтауды жүзеге асыру және почта операторлары-қызметкерлерiнiң демалысы үшiн белгiленген тәртiппен ақылы негiзде орын-жайлар ұсынылады.
2. Почта жөнелтiмдерiн iшкi су көлiгiмен тасымалдау тәртібін байланыс саласындағы мемлекеттік уәкiлеттi орган белгiлейдi.
3. Тасымалдаушының кiнәсiнен почта жөнелтiмдерiнiң жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн тасымалдаушының почта операторлары алдындағы жауапкершiлiгi почта операторларының жөнелтушi немесе адресат алдында көтеретiн жауапкершiлiгi мөлшерiнен аспауға тиiс.
11-тарау. Жүктерді тасымалдау
56-бап. Жалпы ережелер
1. Iшкi су көлiктерiнде жүктердi тасымалдау Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне, осы Заңға, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге және жүк тасымалдау шартына сәйкес жүзеге асырылады.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Iшкi су көлiктерiнде жүк тасымалдауды жүзеге асыру тәртібін (бұдан әрi - жүк тасымалдау ережелерi) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi.
Жүк тасымалдау ережелерiнде:
1) жүктердi тасымалдауға ұсынудың және қабылдаудың;
2) жүкқұжаты мен тасымалдау құжаттарын ресiмдеудiң;
3) жүктердi тиеу мен түсiрудiң;
4) жүктердi үйiп және ақтара тиеп тасымалдаудың;
5) тез бүлiнетiн жүктердi тасымалдаудың;
6) жүк массасын айқындаудың;
7) кемелер мен контейнерлерге қойылатын талаптардың;
8) кемелер мен контейнерлердi пломбалаудың;
9) жүктердi кемеде орналастыру мен бекітудiң;
10) кеменi немесе контейнердi жүктi тиеу мен түсiру үшiн берудiң;
11) тасымалдаулар бойынша есеп айырысулардың;
12) жүктердi жеткiзу мерзiмдерiнiң және жеткiзу мерзiмдерiн есептеудiң;
13) жүктерге билiк етудiң, оларды басқа мекен-жайға жiберудiң және қайтарудың;
14) жүктердi сақтаудың, ұстап қалу мен берудiң;
15) жүктердi сатудың;
16) қауiптi жүктердi тасымалдаудың;
17) жүктердi басқа мекен-жайға жiберудiң;
18) кеменi тазалаудың шарттары мен тәртібі айқындалады.
57-бап. Жүк тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарт
Тасымалдаушылар, жүк жөнелтушiлер жүк тасымалдауды жүйелi түрде жүзеге асыру қажет болғанда жүк тасымалдауды ұйымдастыру туралы ұзақ мерзiмдi шарттар жасасуға құқылы.
Жүк тасымалдауды ұйымдастыру туралы шартқа сәйкес тасымалдаушы жүктi белгiленген мерзiмде қабылдауға, ал жүк жөнелтушi - оны тасымалдау үшiн уағдаласқан көлемде ұсынуға мiндеттенедi. Шартта көлiк құралдарын беру мен жүктердi тасымалдауға ұсынудың көлемi, мерзiмi және басқа да шарттары, есеп айырысу тәртібі, сондай-ақ жүк тасымалдауды ұйымдастырудың Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделмеген өзге де шарттары белгiленедi.
58-бап. Жүк тасымалдау шарты
1. Жүк тасымалдау шарты тасымалдау құжаттарын - көлiктiк жүкқұжатты, жол ведомосын (көлiктiк жүкқұжат негiзiнде ресiмделген) және жүктi тасымалдауға қабылдау туралы түбiртектi толтыру арқылы ресiмделедi.
2. Тасымалдау құжаттарының нысандары мен оларды толтыру тәртібі жүк тасымалдау ережелерiмен белгiленедi және iшкi су көлiгiнде жүк тасымалдаумен байланысты жеке және заңды тұлғалар үшiн мiндеттi болып табылады.
59-бап. Қауiптi жүктердi тасымалдау
1. Қауiптi жүктердi тасымалдайтын кемелердiң, салдардың және өзге де жүзу объектiлерiнiң iшкi су жолдарындағы кеме қатынасы тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттар айқындайды.
2. Қауiптi жүктердi өндiру, тиеу, түсiру, сақтау және тасымалдау жүзеге асырылатын объектiлер елдi мекендерден, үйлерден, құрылыстардан, ғимараттардан, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден мемлекеттік құрылыс нормалары мен ережелерiне сәйкес қажеттi қашықтықта болуға тиiс.
3. Қауiптi жүктердi жөнелтушi және алушы - жүк жөнелтушi, жүк алушы, сондай-ақ қауiптi жүктердi тасымалдауды орындайтын тасымалдаушы олардың тасымалдау қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, авариялық жағдайлардың туындауын болдырмау және (немесе) олардың зардаптарын жою үшiн қажеттi құралдар мен икемдi бөлiмшелердiң болуын қамтамасыз етуге (оның iшiнде тасымалдау шарты бойынша) мiндеттi. Қауiптi жүктердi тасымалдау кезiнде авариялық жағдай туындаған кезде тасымалдаушылар, жүк жөнелтушiлер, жүк алушылар аталған бөлiмшелердiң оқиға болған жерге дереу жiберiлуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
60-бап. Жүктi жеткiзу мүмкiндiгi болмауының салдары
1. Тасымалдауға қабылданған жүктi жеткiзу портына апару немесе оны көлiктiк жүкқұжатта көрсетiлген тұлғаға беру еңсерiлмейтiн күш, соғыс iс-қимылдары, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарды қоса алғанда, мемлекеттік органдардың акт шығаруы (жария акт), дүлей сипаттағы құбылыстар, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар немесе тасымалдаушыға қатыссыз өзге де себептер салдарынан мүмкiн болмаған кезде тасымалдаушы жүктi жеткiзуге кедергi келтiретiн себептердi көрсете отырып, ол туралы жүк жөнелтушiнi, жүк алушыны, жөнелту және жеткiзу порттарында тиеу-түсiру жұмыстарын жүзеге асыратын ұйымдарды хабардар етедi және жүктi не iстеу керектiгi туралы жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының өкімін сұратады.
Егер тасымалдаушы төрт тәулiк өткенше (тез бүлiнетiн жүктерге қатысты - екi тәулiк) жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының жүктi не iстеу керектiгi туралы өкімін алмаса немесе орындалуы көрiнеу мүмкiн емес өкiм алса, онда тасымалдаушы ол туралы жүк жөнелтушiнi, жүк алушыны хабардар ете отырып, жүктi өзiнiң пiкiрi бойынша жүк жөнелтушi, жүк алушы үшiн неғұрлым тиiмдi деп есептеген таяудағы порттардың бiрiне түсiруге, не жүктi жөнелтiлген портқа қайтаруға құқылы.
2. Егер жүк ерекше жағдайларда сақтауды қажет ететiн болса (тез бүлiнетiн жүктер) және оны сақтау мүмкiн болмай, оның бүлiнуiне әкеп соғуы мүмкiн жағдайда тасымалдаушы жүктi сатуға құқылы.
Жүктi сатудан алынған сома тасымалдаушыға тиесiлi сома шегерiле отырып, депозит шарттарымен нотариустың атына енгiзiледi.
3. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес айналымнан алынған және айналымы шектелген, сондай-ақ арнайы жүктер, оның iшiнде мемлекеттік және қорғаныс қажеттерiн қанағаттандыруға арналған әскери мақсаттағы жүктер сатылуға жатпайды.
4. Егер жүк оны тасымалдау үшiн мiндеттi түрде қабылдауды тоқтату мерзiмi басталғанға дейiн тасымалдау үшiн қабылданса және осы баптың 1-тармағында көрсетiлген себептердi қоспағанда, кеме рейстi жалғастыруға ұзақ уақытқа созылған кедергiнiң болуына байланысты жолда кiдiртiлсе, тасымалдаушы жүк жөнелтушiмен, жүк алушымен келiсе отырып, жүктi межелi портқа немесе басқа пунктке көлiктiң басқа түрiмен жөнелту жөнiнде шаралар қабылдауға немесе оны осы Заңның 61-бабында көзделген тәртiппен сатуға мiндеттi.
Жүрiп өтпеген қашықтық үшiн тасымалдау ақысы жүк тасымалдауға ақы төлеген жүк жөнелтушiге немесе жүк алушыға қайтарылады. Портта жүктi түсiру мен сақтау тасымалдаушының есебiнен жүзеге асырылады.
5. Егер жүк оны тасымалдау үшiн мiндеттi түрде қабылдауды тоқтату мерзiмi басталғаннан кейiн тасымалдау үшiн қабылданса және кеме осы баптың 1-тармағында көрсетiлген себептердi қоспағанда, рейстi жалғастыруға ұзақ уақытқа созылған кедергiнiң болуына байланысты жолда кiдiртiлсе және төрт тәулiк iшiнде жүк жөнелтушiден, жүк алушыдан жүктi не iстеу керектiгi туралы өкiм келiп түспесе, тасымалдаушы оны өз қалауы бойынша жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының есебiнен рейстi жалғастыру мүмкiндiгi туындағанға дейiн сақтауға қалдыруға, оның iшiнде навигацияаралық кезеңге кемеде қалдыруға немесе жүктi осы Заңның 61-бабында көзделген тәртiппен сатуға құқылы.
61-бап. Жүктердi сату тәртібі
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Осы баптың 3-тармағында көрсетiлген жүктердi қоспағанда, осы Заңда көзделген жағдайларда жүктердi сату:
1) олардың құнын төлеу туралы құжаттармен расталған жүктердiң бағасын негiзге ала отырып сатып алу-сату шартына сәйкес;
2) салыстырмалы жағдайларда, әдетте, осы сияқты тауарлар үшiн алынатын бағаны негiзге ала отырып, тараптардың келісімi бойынша жүзеге асырылады.
Сатылатын тауарларды есепке алу және олар үшiн есеп айырысу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2. Жүктердi сатудан түскен сома, тасымалдаушыға тиесiлi төлемдер мен оларды сатуға жұмсалған шығындар шегерiле отырып, жүктердiң құнын ол төлеген жағдайда - жүк алушыға немесе басқа жағдайларда жүк жөнелтушiге аударылуға тиiс.
Егер жүктердi сатудан түскен сома тасымалдаушыға тиесiлi төлемдердi және жүктердi сақтау мен сатуға жұмсалған шығыстарды жабу үшiн жеткiлiксiз болған жағдайда, тасымалдаушы алынбаған қалған соманы жүк жөнелтушiден өндiрiп алуға құқылы.
3. Егер жүктер тез бүлiнетiн болса немесе көрсетiлген мерзiмде жүктердi сақтауға жұмсалатын шығыстар жүктердiң құнынан асып кететiн болса, тасымалдаушы жүктердi осы Заңда көзделген мерзiмдерден бұрын сатуға құқылы.
62-бап. Көлiк экспедициясы шарты
1. Көлiк экспедициясы шарты бойынша бiр тарап (экспедитор) сыйақы үшiн және екiншi тараптың (клиенттiң, жөнелтушiнiң немесе жүк алушының) есебiнен жүк тасымалдауға байланысты шартта айқындалған қызмет көрсетулердi орындауға немесе орындауды ұйымдастыруға, оның iшiнде клиенттiң атынан немесе өз атынан жүк тасымалдау шартын жасасуға мiндеттенедi.
2. Көлiк экспедициясы шарты Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес жасалады.
12-тарау. Кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектiлерiн тiркеп сүйреу
63-бап. Кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектiлерiн тiркеп сүйреу шарты
1. Кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектiлерiн тiркеп сүйреу шартына сәйкес бiр тарап (тiркеп сүйреушi) тiркеп сүйреу шарттарын сақтай отырып, кеменi, салды немесе өзге де жүзу объектiсiн межелi пунктiне уақтылы әрi сол күйiнде тiркеп сүйреп жеткiзуге және оны көлiктiк жүкқұжатта көрсетiлген тұлғаға тапсыруға, ал екiншi тарап (жөнелтушi) тiркеп сүйретiлетiн объектiнi тiркеп сүйреуге ұсынуға және ол үшiн ақы төлеуге мiндеттенедi.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Тiркеп сүйретiлетiн объектiлердi тiркеп сүйреу (бұдан әрi тiркеп сүйреу) тiркеп сүйреу шартына және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн Кемелерді, салдарды және өзге де жүзу объектiлерiн тiркеп сүйреу қағидасына сәйкес жүзеге асырылады. Кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектiлерiн тiркеп сүйреу ережелерi:
1) жүкқұжатты, тасымалдау және өзге де құжаттарды ресiмдеудiң;
2) тiркеп сүйреудi ұйымдастырудың;
3) тiркеп сүйреу жөніндегі қызмет көрсетулер үшiн ақы төлеудiң;
4) тiркеп сүйретiлетiн объектiнi тiркеп сүйреуге ұсынудың;
5) кеменiң, салдардың және өзге де жүзу объектiлерiнiң экипаж құрамына және тiркеп сүйреудi жүзеге асыратын тұлғаларға қойылатын талаптардың;