Iшкi су көлiгi туралы 2004 жылғы 6 шілдедегі № 574-II
Қазақстан Республикасының Заңы
Осы редакция 2006 ж. 31 қаңтардағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заң кеме қатынасын, жолаушыларды, багажды және жүк тасымалдауды жүзеге асыру кезiнде ішкі су көлiгi саласында мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар арасында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi, сондай-ақ олардың құқықтарын, мiндеттерi мен жауапкершiлiгiн айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) порт акваториясы - кемелер мен составтар жүгiнiң өңделуiн немесе рейске жөнелтудi күтiп тұратын, сондай-ақ қажеттi операциялар орындалатын айлаққа және рейдтер құрылғысына кемелердiң келуi мен онда тұруы үшiн қызмет ететiн су бетiнiң шектеулi учаскесi;
2) жағалау белдеуi - судың жиегiнен бастап өзеннiң, табиғи су қоймасының (көлдiң) түпкi жағалауына қарай, жасанды су қоймалары суының жобалық деңгейiнен бастап енi 20 метр жер белдеуi;
3) Қазақстан Республикасының iшкi су жолдары (бұдан әрi - iшкi су жолдары) - навигациялық белгiлермен немесе өзге де тәсiлдермен белгiленген және кеме қатынасы мақсатында пайдаланылатын табиғи немесе қолдан жасалған қатынас жолдары;
4) Қазақстан Республикасының iшкi су көлiгi (бұдан әрi - iшкi су көлiгi) - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тiркелген және iшкi су жолдарында кеме қатынасы мен кеме қатынасына байланысты өзге де қызметтi жүзеге асыратын көлiк түрi;
5) Мемлекеттік кеме тiзiлiмi - осы Заңның 26-бабының 5-тармағында белгiленген талаптарға сәйкес кемелер мен оларға құқықтар тiркелетiн құжат;
6) дебаркадер - жолаушылар кемелерiн немесе жүк кемелерiн арқандап байлауға және оларға қызмет көрсетуге арналған жүзбелi айлақ;
7) диспаша - тасымалдауға қатысатын тараптар арасында жалпы авария бойынша бөлiнетiн шығындарының есебi;
8) диспашерлер - iшкi су көлiгi саласында білімi мен тәжiрибесi бар, диспашаны айқындау жөніндегі есептi жасайтын адамдар;
9) киль - кеменiң негiзгi ұзына бойы элементi, ол кеменiң түбiн бойлай оның тұмсығынан артқы жағына дейiн тартылып, оны екi симметриялы бөлiкке бөледi;
10) лоцман - кеменi арқандап байлау, зәкiрге қою және оларды портта қайта орналастыру орнына қауiпсiз алып жүру саласындағы белгiлi бiр білімi мен дағдысы бар маман;
11) кемелердi лоцмандық алып өту - кемелердiң iшкi су жолдарының аса күрделi учаскелерi бойынша қауiпсiз өтуiн қамтамасыз ететiн қызмет;
12) навигация - кеме қатынасын жасау мүмкiн болатын уақыт кезеңi;
13) қауiптi жүк - өзiнiң қасиеттерi мен ерекшелiктерiне қарай тасымалдау, тиеу-түcіpу жұмыстарын жүргiзу және сақтау кезiнде жарылыстың болуына, өрттiң шығуына немесе техникалық құралдардың, құрылғылардың, үйлердiң, құрылыстардың және ғимараттардың зақымдануына, сондай-ақ адамдардың, жануарлардың өлiмiне, жарақаттануына немесе ауруға шалдығуына себеп болуы және қоршаған ортаға зиян келтiруi мүмкiн жүк;
14) жолаушы - тасымалдаушымен шарттық қатынаста тұрған және билетте немесе оның жол жүру құқығын растайтын өзге де құжатта көрсетiлген не жүк тасымалдау шарты бойынша, тасымалдаушының келісімiмен автокөлiк құралын, жануарларды және өзге де жүктi алып жүретiн адам;
15) теңiзшi паспорты - шетелдерге жүзетiн қазақстандық кемелерде немесе шетелдiк кемелерде жұмыс iстейтiн Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжат;
16) тасымалдаушы - кеменi меншiк құқығымен немесе өзге де заңды негiздермен иеленушi, тасымал құжаттарында көрсетiлген жолаушыларды, багаж бен жүктердi тасымалдау жөнiнде қызметтер көрсететiн тұлға;
17) уәкiлеттi органның кәсiпорны - қызмет көрсететiн шекаралар шегiнде кемелердiң қауiпсiз жүзуiн қамтамасыз ету мақсатында iшкi су жолдарын тиiсiнше күтiп ұстау мен дамыту үшiн өндiрiстiк қызметтi жүзеге асыру негiзгi мiндетi болып табылатын iшкi су көлiгiнiң мемлекеттік кәсiпорны;
18) айлақ - кемелердiң қауiпсiз кіруiне арналған құрылғылары бар және кемелердiң қауiпсiз тоқтап тұруына, оларға жүк тиеуге, жүк түсiруге және қызмет көрсетуге, сондай-ақ жолаушыларды кемеге отырғызуға және кемеден түсіруге арналған гидротехникалық құрылыс;
19) тұру пунктi - кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектiлерiн жөндеу, олардың жылдың жазғы және қысқы мерзiмдерiнде тұруы, оларды техникалық байқаудан өткізу мақсатында жайластырылған және жабдықталған жер учаскесi мен су бетi объектiсiнiң акваториясы;
20) жол жұмыстары - iшкi су жолдарындағы су түбiн тереңдету, түзеп-жөндеу, тральдау, су түбiн тазарту, iздестiру жұмыстары және навигациялық құрал-жабдықтарды орналастыру мен күтiп ұстау жөніндегі басқа да жұмыстар;
21) Кеме қатынасының тiркелiмi - iшкi суларда жүзетiн кемелердi және "өзен-теңiз" суларында жүзетiн кемелердi сыныптайтын және олардың техникалық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн мемлекеттік мекеме;
22) рейдтер - кемелердiң зәкiр салып тұруына, маневр жасауына немесе жүктердi қайта тиеуге арналған кеме жолы шегiнен тыс порт акваториясының бөлiгi;
23) рейс - белгiлi бiр уақыт аралығында географиялық пункттер немесе аудандар арасында жолаушыларды немесе жүктердi тасымалдаудың көлiктiк процесi;
24) порт - жолаушылар мен кемелерге қызмет көрсету, жүктердi тиеу, түсiру, қабылдау, сақтау және беру, көлiктiң басқа да түрлерiмен өзара iс-қимыл жасасу мақсатында жайластырылған және жабдықталған жер учаскесiнде және iшкi су жолдары акваториясында орналасқан құрылыстар кешенi;
25) жүзуге жарамдылығы туралы куәлiк - Кеме қатынасы тiркелiмiнiң ережелерiне сәйкес берiлетiн Кеме қатынасы тiркелiмiнiң негiзгi құжаттарының бiрi;
26) тез бүлiнетiн жүк - жарамдылық мерзiмi шектеулi және тасымалдау мен сақтаудың ерекше шарттарын қажет ететiн жүк;
27) кеменiң меншiк иесi - кеменi және оған құқықтарды мемлекеттік тiркеу ережелерiне сәйкес кеменiң меншiк иесi ретiнде тiркелген тұлға;
28) кеме - кеме қатынасы мақсатында пайдаланылатын өздiгiнен жүзетiн немесе өздiгiнен жүзбейтiн жүзбелi құрылғы, оның iшiнде "өзен-теңiз" суларында жүзетiн кеме, паром, су түбiн тереңдетушi және су түбiн тазартушы снарядтар, жүзбелi кран және басқа да осы сияқты техникалық құрылғылар;
29) "өзен-теңiз" суларында жүзетiн кеме - техникалық сипаттамалары бойынша теңiз және iшкi су жолдарында кеме қатынасы мақсатында жарамды әрi белгiленген тәртiппен пайдалануға жiберiлген кеме;
30) кеме иесi - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кеменi өз атынан иелену және пайдалану құқығымен пайдаланатын тұлға;
31) кеме жүргiзу - iшкi су жолдарымен жүзудi жүзеге асыратын кеменi басқаруға байланысты қызмет;
32) кеме жолы - белгiлi бiр көлемдегi кемелердiң кедергiсiз жүзуiне жол берiлетiн шектерде жолдың бағыты мен шекараларын көрсететiн навигациялық жағдайдың белгiлерi қойылған iшкi су жолдарындағы су бетi;
33) кеме кiтабы - Мемлекеттік кеме тiзiлiмiне енбеген кемелер мен оларға құқықтар тiркелетiн құжат;
34) кеме қатынасы шлюзi - кеменi судың бiр деңгейiнен екiншi деңгейiне көтеруге немесе түсiруге арналған гидротехникалық құрылыс;
35) кеме қатынасы - iшкi су жолдарында жүктердi, жолаушылар мен олардың багаждарын, почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау, кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектiлерiн тiркеп сүйреуге, пайдалы қазбаларды iздеу, барлау және өндiру, балық аулау және өзге де кәсiпшiлiк, құрылыс, жол, гидротехникалық, су асты-техникалық және басқа осы сияқты жұмыстар, кемелердi лоцмандық алып өту, құтқару операциялары, су объектiлерiн қорғау, оларды ластану мен қоқыстанудан сақтау жөніндегі iс-шараларды жүзеге асыру, суға батқан мүлiктi көтеру, санитарлық және басқа да бақылау, ғылыми зерттеулер жүргiзу, оқу, спорттық, мәдени және өзге де мақсаттар үшiн кемелердi пайдалануға байланысты қызмет;
36) такелаж - жүк көтеру жұмыстарына, тулар мен белгiлердi көтеруге және түсiруге арналған кеме жабдықтарының жиынтығы;
37) көлiктiк жүкқұжат - тiкелей су және аралас қатынастарда жүк тасымалдау кезiнде ресiмделетiн тасымалдау құжаты;
38) уәкiлеттi орган - iшкi су көлiгi саласында мемлекеттік саясатты iске асыруды, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды, iшкi су көлiгi қызметiн үйлестiру мен реттеудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
39) арқандап байлау - кеменiң айлаққа, пирске немесе басқа кемеге жақындап келуi және кеменi осыларға бекіту жөніндегі iс-қимылдар.
2-бап. Қазақстан Республикасының iшкi су көлiгi
туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының iшкi су көлiгi туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленген болса, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заң iшкi су жолдарындағы:
1) iшкi су жолдарында пайдаланылатын кемелердегi;
2) кеме қатынасының гидротехникалық құрылыстарындағы;
3) iшкi су жолдарында орналасқан порттардағы қызметтi жүзеге асыратын барлық жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.
2. Осы Заң Қазақстан Республикасы Әскери-теңiз күштерiнiң және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнiң туын көтерiп жүзушi кемелерге қолданылмайды.
3. Теңiз портына кiрген жағдайларда, құтқару операциясы кезiнде және теңiз кемесiмен iшкi суларда жүзетiн кемелердiң, сондай-ақ "өзен-теңiз" суларында жүзетiн кемелердің соқтығысуы кезінде туындайтын қатынастар Қазақстан Республикасының сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы заңдарымен реттеледi.
4-бап. Iшкi су көлiгi саласындағы қызметтi
жүзеге асырудың негiзгi принциптерi
Iшкi су көлiгi саласындағы қызмет мынадай негiзгi принциптер:
1) кеме қатынасы қауiпсiздiгiнiң басымдығы, адамның өмiрi мен денсаулығын қорғау, табиғатты және экологиялық қауiпсiздiктi қорғау;
2) iшкi су көлiгiнде жұмыстар атқару мен қызметтер көрсету кезiнде жеке және заңды тұлғалар құқықтарының теңдiгі;
3) қызметтер көрсетудi тұтынушының тасымалдаушыны еркiн таңдауын қамтамасыз ету;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жұмыстар атқару мен қызметтер көрсету бағаларының еркiндiгiн қамтамасыз ету негiзiнде жүзеге асырылады.
5-бап. Iшкi су көлiгiнiң жұмылдыру дайындығын
қамтамасыз ету және оны төтенше жағдайларды
жоюға тарту
1. Iшкi су көлiгiнiң жұмылдыру дайындығын, азаматтық қорғаныс және авариялық-құтқару жұмыстары жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде, сондай-ақ төтенше жағдай енгiзiлген кезде мемлекеттік органдар өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен материалдық шығындар мен нұқсанды соған тең құнмен кейiннен өтей отырып, тасымалдаушыларды төтенше жағдайларды жоюға байланысты жұмыстарды орындауға тартуға құқылы.
2-тарау. Iшкi су көлiгi саласындағы мемлекеттік реттеу
және бақылау
6-бап. Iшкi су көлiгi саласындағы мемлекеттік реттеу мен
бақылаудың негiзгi мiндеттерi
Iшкi су көлiгi саласындағы мемлекеттік реттеу мен бақылаудың негiзгi мiндеттерi:
1) республика экономикасының және халықтың тасымалдауларға, iшкi су көлiгіндегі жұмыстардың атқарылуы мен қызметтердiң көрсетiлуiне қажетiн қамтамасыз ету үшiн жағдайлар жасау;
2) жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн, сондай-ақ мемлекеттiң ұлттық мүдделерiн қорғау;
3) iшкi су көлiгіндегі тасымалдаулардың iшкi рыногын қорғау;
4) iшкi су көлiгi мен iшкi су жолдарының инфрақұрылымын одан әрi дамыту;
5) iшкi су көлiгi саласындағы қызметке және кеме қатынасы қауiпсiздiгiне бақылау жасау болып табылады.
7-бап. Iшкi су көлiгi саласындағы мемлекеттік реттеу
және бақылау
1. Iшкi су көлiгi саласындағы мемлекеттік реттеу және бақылау құқықтық қамтамасыз ету, жекелеген қызмет түрлерiн лицензиялау, Қазақстан Республикасының iшкi су көлiгi туралы заңдарының сақталуын бақылау және қадағалау арқылы жүзеге асырылады.
2. Iшкi су көлiгіндегі мемлекеттік басқаруды Қазақстан Республикасының Үкіметі және уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасының iшкi су көлiгi туралы заңдарының сақталуын мемлекеттік бақылауды және қадағалауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
8-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң құзыретi
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң құзыретiне:
1) iшкi су көлiгi саласындағы мемлекеттік саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлеу;
2) iшкi су жолдарын дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын әзiрлеу;
3) iшкi су көлiгi саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;
4) iшкi су жолдарын пайдалану ережелерiн бекіту;
5) кеменi және оған құқықтарды мемлекеттік тiркеу ережелерiн, сондай-ақ кемеге меншiк құқығын және оған құқықтарды куәландыратын құжаттардың нысандарын бекіту;
6) мыналардың:
кеме қатынасы үшiн ашық iшкi су жолдарының;
порттың мiндеттi қызмет көрсетулерiнiң тiзбесiн бекіту;
7) жағалау белдеуiн пайдалану тәртібін белгiлеу;
8) кемелердi лоцмандық алып өтудi жүзеге асырудың тәртібін анықтау;
9) iшкi су көлiгi саласындағы жекелеген қызмет түрлерiн лицензиялау кезiнде біліктiлiк талаптарын бекіту;
10) кемелердiң командалық құрамының адамдарына диплом беру тәртібін анықтау;
11) кемелермен тасымалдауға арналған қауiптi жүктер тiзбесiн бекіту;
12) қауiптi жүктердi тасымалдауды жүзеге асыратын кемелердiң, салдардың және өзге де жүзу объектiлерiнiң iшкi су жолдарымен қатынау тәртібін белгiлеу;
13) Қазақстан Республикасының аумағымен транзиттiк жолаушы қатынастарына тыйым салу туралы шешiмдер қабылдау;
14) Қазақстан Республикасының аумағына (аумағынан) багажды және жүктi әкелуге, әкетуге, транзиттеуге тыйым салу туралы шешiмдер қабылдау;
15) киім нысаны үлгiлерiн (погонсыз) және айырым белгiлерiн, нысанды киім киiп жүру тәртібін, онымен қамтамасыз ету нормаларын және оларды киiп жүруге құқығы бар мемлекеттік бақылау қызметкерлерi лауазымдарының (мамандықтарының) тiзбесiн бекіту;
16) Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде өзiне жүктелген өзге де функцияларды орындау жатады.
9-бап. Уәкiлеттi органның және оның аумақтық
бөлiмшелерiнiң құзыретi
1. Уәкiлеттi органның құзыретiне:
1) iшкi су жолдарын және iшкi су көлiгiн дамыту жөніндегі тұжырымдама мен бағдарламаларды әзiрлеу;
2) кеме қатынасы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi, жеке және заңды тұлғалардың iшкi су көлiгiнiң жұмыс iстеу тәртібін айқындайтын Қазақстан Республикасының заң актілері мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi сақтауын бақылауды ұйымдастыру;
3) iшкi су жолдарының кеме қатынай алатын жағдайда болуын қамтамасыз ету және шлюздердi күтiп ұстау;
4) кемелердi тiркеу мен сыныптау;
5) Мемлекеттік кеме тiзiлiмi мен кеме кiтабының нысандарын бекіту;
6) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтерiп жүзу құқығын беру және кеменi шет мемлекеттiң туын көтерiп жүзуге уақытша ауыстыру туралы шешiм қабылдау;
7) лоцмандық қызметтiң және iшкi су көлiгіндегі өзге де қызметтердiң iшкi су жолдарында жүзу ережелерiн сақтауына бақылау жасау;
8) лоцмандық қызмет туралы ереженi бекіту;
9) мiндеттi түрде лоцмандық алып өтуге жататын iшкi су жолдары учаскелерiнiң, кемелер түрлерi мен көлемдерiнiң тiзбесiн бекіту;
10) кемелерге техникалық қадағалауды жүзеге асыру;
11) кемелердiң, порттардың, жағалау объектiлерiнiң, кеме қатынасы гидротехникалық құрылыстарының техникалық куәландырылуын жүргiзудi қамтамасыз ету;
12) кемелер экипаждарының ең аз құрамы туралы талаптарды белгiлеу;
13) кеме капитанына қойылатын біліктiлiк талаптарын және оны аттестациялау тәртібін айқындау;
14) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тiзiлiмiнде немесе кеме кiтабында мемлекеттік тiркелуге тиiстi кемелердiң командалық құрамы адамдарына диплом беру, сондай-ақ теңiзшi паспорттарын беру;
15) кеме қатынасы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге жауапты қызметкерлердi аттестациялауды жүргiзу;
16) киім нысаны үлгiлерiн (погонсыз) және айырым белгiлерiн, нысанды киім киiп жүру тәртібін, онымен қамтамасыз ету нормаларын және оларды киiп жүру құқығы бар мемлекеттік бақылау қызметкерлерi лауазымдарының (мамандықтарының) тiзбесiн бекіту;
17) порт капитаны туралы ереженi бекіту;
18) кеме қатынасы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, порттағы қызметтi ұйымдастыру мен реттеу мақсатында порт капитанының кемелердi қадағалауды жүзеге асыру тәртібін айқындау;
19) кемелердiң портқа кіруiн және олардың порттан шығуын жүзеге асырудың, кемелердiң порт акваториясы шегiнде жүзуi мен портта тоқтап тұруының тәртібін белгiлеу, сондай-ақ тасымалдаушылардың технологиялық байланысты пайдалануы;
20) жолаушыларды, багажды және жүктердi тасымалдау тәртібін айқындау;
21) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заң актiсiне сәйкес iшкi су, көлiгi саласындағы жекелеген қызмет түрлерiн лицензиялау;
22) кемелер қозғалысын диспетчерлiк реттеу;
23) iшкi су жолдарында кемелер пайдаланатын байланыс саласындағы ережелердiң, нормалар мен стандарттардың орындалуын бақылау;
24) кемелердiң, салдардың және өзге де жүзу объектiлерiнiң айлаққа келуi, арқандап байлануы және тоқтап тұруына арналған уақытша құрылғылар мен жүзбелi құрылғыларды орналастыру, жолаушыларды кемелерге отырғызу және кемелерден түсiру, жүктердi тиеу, түсiру және сақтау тәртібін айқындау;
25) суға кеткен мүлiктi көтерудiң тәртібі мен мерзiмдерiн айқындау;
26) iшкi су көлiгi саласында туындайтын қатынастарды реттейтiн заң актілері мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеу;
27) өз құзыретi шегiнде iшкi су көлiгi саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға қатысу және халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының мүдделерiн бiлдiру;
28) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де функциялар жатады.
2. Уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнiң (бұдан әрi аумақтық бөлiмше) функцияларына:
1) кемелердiң, салдардың және iшкi су жолдарында орналасқан өзге де жүзбелi объектiлер мен құрылғылардың уәкiлеттi орган белгiлеген кеме қатынасы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету талаптарына сай болуын тексерудi жүргiзу;
2) кеме қатынасы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету талаптарына сай келмейтiн кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектiлерiн ұстау;
3) кеме қатынасы қауiпсiздiгiне, адамдардың өмiрi мен денсаулығына, жүктердiң сақталуына қатер төнген кезде кемелердiң, салдардың және өзге де жүзу объектiлерiнiң қозғалысын тоқтата тұру және оған тыйым салу;
4) өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттар талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыру;
5) iшкi су жолдарының жай-күйiн қадағалау;
6) кемелерде техникалық пайдалану ережелерiнiң, қызмет жарғыларының сақталуын қадағалауды жүзеге асыру;
7) iшкi су жолдарында кеме қатынасы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған өзге де шараларды жүзеге асыру;
8) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де функциялар жатады.
Аумақтық бөлiмшелердiң лауазымды адамдарының және Кеме қатынасы тiркелiмiнiң ұйғарымдарын орындау iшкi су жолдарындағы қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар үшiн мiндеттi болып табылады.
10-бап. Лицензиялау
Iшкi су көлiгіндегі жекелеген қызмет түрлерi Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарына сәйкес берiлген лицензия негiзiнде жүзеге асырылады.
3-тарау. Iшкі су жолдары
11-бап. Жалпы ережелер
1. Iшкi су жолдары және оларда орналасқан кеме қатынасы үшiн пайдаланылатын кеме қатынасының гидротехникалық құрылыстары мемлекет меншiгiнде болады.
2. Қазақстан Республикасының шекаралық аймақ учаскелерiн қоспағанда, кемелердiң iшкi су жолдарымен жүзу жағдайын навигациялық-гидрографиялық қамтамасыз етудi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
3. Кемелердiң Қазақстан Республикасының шекаралық аймағы учаскелеріндегі iшкi су жолдарымен жүзу жағдайын навигациялық-гидрографиялық қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен реттеледi.
12-бап. Iшкi су жолдарын күтiп ұстау
1. Жол жұмыстарын, оның iшiнде мемлекет меншiгіндегі порттарда рейдтер және осы порттардың айлақтарына кiреберiстердi жасау мен күтiп ұстау жөніндегі жұмыстарды жүргiзудi, сондай-ақ кеме қатынасының гидротехникалық құрылыстарын күтiп ұстау мен тасымалдаушының технологиялық байланысты ұйымдастыруын уәкiлеттi органның кәсiпорындары жүзеге асырады.
2. Порттарға (осы баптың 1-тармағында көрсетiлмегендерiне) кiреберiстердегi, сондай-ақ тоқтау пункттеріндегі жол жұмыстарын жүргiзудi олардың иелерi уәкiлетті органмен келiсе отырып жүзеге асыруға мiндеттi.
3. Iшкi су жолдарын және олардағы кеме қатынасы гидротехникалық құрылыстарын күтiп ұстау жөніндегі жұмыстар жол жұмыстарын жүргiзуге арнайы рұқсатсыз жүзеге асырылады.
13-бап. Iшкi су жолдарындағы акваторияларды, жағалау
белдеулерiн және жер учаскелерiн пайдалану
1. Қалалық елдi мекендер аумағынан тысқары орналасқан iшкi су жолдары шегiнде iшкi су жолдарының кеме қатынасына жарамды болуын қамтамасыз етумен байланысты жұмыстар үшiн тұрақты жер пайдалануға өтеусiз негiзде жағалау белдеуi берiледi.
2. Уәкiлеттi органның кәсiпорны:
1) кеме қатынасын қамтамасыз ету және осы мақсаттарда құрылыстар мен ғимараттар тұрғызу жөніндегі жұмыстарды жүргiзу үшiн жағалау белдеуiн пайдалануға;
2) iшкi су жолдарының жағалау белдеуiне навигациялық жабдықтар құралдарын орнатуға;
3) кеме қатынасының қауiпсiздiгiн, оның iшiнде навигациялық жабдықтар құралдарының көрiнiп тұруын қамтамасыз ету үшiн, сондай-ақ өзен арналары учаскелерiн суретке түсiру кезiнде геодезиялық негiздеме үшiн жағалау белдеуiнде өскен ағаштар мен бұталарды кесiп тастауға құқылы. Навигациялық жабдықтардың жағалау құралдарын орнату және олардың көрiнiп тұруын қамтамасыз ету үшiн ағаштарды кесу жұмыстарын жүргiзу Қазақстан Республикасының орман және су заңдарында белгiленген тәртiппен жағалау белдеуi шегiнен тысқары жерлерде де жүргiзiлуi мүмкiн;
4) осы тармақта көрсетiлген жұмыстарды жүргiзу үшiн жағалау белдеуiнiң шегіндегі топырақты, тасты, қиыршық тастарды, ағаштар мен бұталарды пайдалануға құқылы.
3. Уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi:
1) кемелердiң, салдардың және өзге де жүзу объектiлерiнiң айлаққа келуiне, арқандап байлануына және тоқтап тұруына, жолаушыларды кемеге отырғызуға және кемеден түсiруге, жүктердi тиеуге, түсiруге және сақтауға арналған уақытша құрылғылар мен жүзбелi құрылыстар салуға;
2) кемелердiң алдын ала болжанбаған қыстап қалуы немесе олардың көлiк оқиғаларына ұшырауы жағдайларында уақытша құрылғылар мен құрылыстар салуға және басқа да қажеттi жұмыстар жүргiзуге рұқсат беруге құқылы.
4. Iшкi су жолдарының жағалау белдеуiн уақытша жұмыстар жүргiзу үшiн пайдаланушы тұлғалар олар аяқталғаннан кейiн жағалау белдеуiн тазалауға және оны жайластыруға мiндеттi.
5. Iшкi су жолдарының жағалау белдеуiне, навигациялық шырақтарды қоспағанда, кеме жолына қарай бағытталған қандай да бiр тұрақты шырақтар орнатуға тыйым салынады.
Уақытша шырақтарды орнату тек қана уәкiлеттi органның келісімi бойынша мұндай шырақтар кеме жүретiн жол жағынан қоршалған жағдайда жүзеге асырылады.
6. Егер шаруашылық және өзге де қызметтiң кеме қатынасы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысы болмаса, мұндай қызметтi жүзеге асыру үшiн жағалау белдеуiн пайдалануға жол берiлмейдi.
7. Жағалау белдеуiнде орналастырылатын объектiлер құрылысының немесе оларды қайта жаңарту жобалары мiндеттi түрде уәкiлеттi органмен келісілуi тиiс.
8. Су учаскелерi кеме қатынасы мақсаттарында пайдаланылатын болса, мұндай учаскелердi балық аулау қажеттiлiгi үшiн пайдалануға уәкiлеттi органның келісімi бойынша жол берiледi.
9. Жағалау белдеуi шегiнде орналасқан жер учаскелерiн бөлу және iшкi су жолдары акваториясынан учаскелер бөлiп беру, оларда құрылғылар мен құрылыстар салу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен уәкiлеттi органның келісімi бойынша жүзеге асырылады.
10. Кемелердiң, салдардың және басқа да жүзу объектiлерiнiң тоқтап тұруына, оларды жөндеуге, жасауға арналған жағалау белдеуi мен су акваториясына iргелес учаске уәкiлеттi орган кәсiпорнының пайдалануында болады.
11. Қазақстан Республикасы шекаралық аймақтары учаскелеріндегі iшкi су жолдарының жағалау белдеуiн пайдалану Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнiң келісімi бойынша жүзеге асырылады.