3. Бір деңгейдегі уәкілетті органдардың заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерін бірнеше уәкілетті орган әзірлеп, ал қажет болған жағдайда - қабылдауы мүмкін.
Бірнеше уәкілетті органның заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерін осы Заңда көзделген тәртіппен олар бірлесіп әзірлейді, олар уәкілетті органдардың басшылары қол қоятын бірлескен бұйрықтар немесе қаулылар түрінде қабылданады.
Бірлескен нормативтік құқықтық актілердің туынды түрлері (осы Заңның 3-бабының 3-тармағы) туында нормативтік құқықтық актіні қабылдаған уәкілетті органдардың негізгі нормативтік құқықтық актілері арқылы бекітіліп, онда туынды актіні қабылдауға арқау болған негізгі нормативтік актілер көрсетіледі.
Заңнан туындайтын нормативтік құқықтық актілерді ресімдеу мен келісудің тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2008.04.07 № 57- ІV ҚР Заңымен 3-1 тармақпен толықтырылды
3-1. Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен заңнамалық актінің жобасын әзірлеу тапсырылған Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі немесе Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдары заңнамалық актінің жобасын әзірлеуді, егер Қазақстан Республикасының Президенті немесе оның тапсырмасы бойынша Президент Әкімшілігінің Басшысы өзгеше мерзім белгілемесе, бір ай мерзімде жүзеге асырады.
4. Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамашылығы тәртібімен дайындалатын заңдар жобаларының әзірлеушілері Парламент депутаттары болып табылады.
Егер нормативтік құқықтық актілердің жалпыға міндетті маңызы болса, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты болса немесе кәсіпкерлік қызметті реттесе, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі олардың жобалары бойынша заң сараптамасын жүргізеді.
5. Егер заңдарда өзгеше белгіленбесе, уәкілетті орган нормативтік құқықтық акт жобасын дайындауды өзіне бағынысты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тапсыра алады немесе бөлінген бюджеттік қаражат пен гранттарды осы мақсаттарға пайдалана отырып, оны дайындаушы шарттық негізде мамандарға, ғылыми мекемелерге, жекелеген ғалымдарға немесе олардың ұжымдарына, соның ішінде шетелдіктерге тапсырыс бере алады.
6. Уәкілетті орган балама жобалар дайындауды бірнеше мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тапсыруға немесе оларды әзірлеуді шарттық негізде, оның ішінде конкурс бойынша бірнеше ғылыми ұйымдарға немесе ғалымдарға тапсыруға хақылы.
7. Егер Қазақстан Республикасы заң актісінің, Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық Жарлығының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық қаулысының әзірленіп жатқан жобасы нормаларының қолданылуын қамтамасыз ету үшін басқа нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет болса, негізгі актінің жобасымен бір мезгілде актілердің өзгерістері мен толықтырулары көрсетілген жобалары дайындалуға немесе тиісті органдарға осындай актілер дайындау туралы тапсырма берілуге тиіс.
2006.31.01. № 125-III (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 14-1-баппен толықтырылды
14-1-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердi әзірлеудің және қабылдаудың ерекшеліктерi
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Орталық мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасын сараптамалық қорытынды алу үшін, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен келесі әрбір келісу кезінде міндетті түрде түсіндірме жазбаны қоса тіркей отырып, сараптамалық кеңестер арқылы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне жібереді.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасына сараптамалық қорытынды ұсыну үшін мемлекеттік органдар белгілейтін мерзім жоба жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне түскен кезден бастап он жұмыс күнінен аз болмауға тиіс.
Қорытындыны беру мерзімі жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің жазбаша сауал салуы бойынша он жұмыс күнінен аспайтын мерзімге қосымша ұзартылады. Мерзімдерді қайта ұзартуға жол берілмейді.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасына түсіндірме жазбада нормативтік құқықтық актінің қолданысқа енгізілуіне байланысты жеке кәсіпкерлік субъектілері шығындарының азайғанын және (немесе) ұлғайғанын растайтын есеп нәтижелері қамтылуға тиіс.
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Сараптамалық қорытынды жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері мүшелерінің ортақ пікірін білдіреді, ұсыныс сипатында болады және нормативтік құқықтық актінің жобасына оны мемлекеттік орган қабылдағанға дейін міндетті қосымша болып табылады.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері сараптамалық қорытындыны мемлекеттік тілде және орыс тілінде ұсынады.
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Мемлекеттік орган сараптамалық қорытындымен келіскен ретте нормативтік құқықтық актінің жобасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.
Мемлекеттік орган сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестігіне сараптамалық қорытындымен келіспеу себептерін негіздеп, жауап жібереді.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ескертпелері бар бір сараптамалық қорытынды ұсынған және осы бірлестік сараптамалық кеңестің отырысын өткізуді табанды түрде талап еткен жағдайда, осындай отырыстың өткізілуі міндетті болып табылады.
Бұл ретте сараптамалық кеңестің отырысы сараптамалық кеңес мүшелерін тікелей шақыру арқылы не нақты уақыт режимінде интернет-конференция өткізу арқылы өткізілуі мүмкін.
5. Жеке кәсіпкердің мүддесін қозғайтын нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізудің мерзімдері жеке кәсіпкерлік субъектісіне қызметін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптарға байланысты жүзеге асыруға дайындалуы үшін қажетті мерзімдерді негізге ала отырып белгіленуге тиіс.
Нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізудің тәртібі мен мерзімдері жеке кәсіпкерлік субъектілеріне залал келтірмеуге тиіс.
6. Осы бапта көзделген рәсімдер жеке кәсіпкердің мүддесін қозғайтын нормативтік құқықтық актіні қабылдаудың міндетті шарты болып табылады.
2009.10.07. № 178-ІV ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Жеке кәсіпкердің мүддесіне қатысты нормативтік құқықтық актінің жобалары оларды тиісті органда немесе Сараптама кеңесінің отырысында қарағанға дейін, интернет-ресурстарды қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялануға (таратылуға) тиіс.
2007.29.06. № 271-III Заңымен (бұр. ред. қара) ; 2008.04.07 № 57- ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 15-бап өзгертілді
15-бап. Нормативтік құқықтық актінің жобасын мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісу
1. Нормативтік құқықтық актінің дайындалған жобасы, ал қажет болған жағдайда - оны дамыту үшін қабылданатын басқа да нормативтік құқықтық актінің жобасы мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға келісуге жіберіледі. Мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қаржы-экономикалық есептеулер қоса беріледі.
2. Нормативтік құқықтық актілердің жобалары міндетті түрде келісілуге тиісті мемлекеттік органдардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді, бұған Қазақстан Республикасы Президенті актілерінің жобалары және Қазақстан Республикасының Президенті немесе Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары заң шығару бастамашылығы тәртібімен енгізетін заң актілерінің жобалары қосылмайды.
2-1. Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен әзірленген заңнамалық актілердің жобалары, қажет болған жағдайларда, Қазақстан Республикасының Президенті немесе оның тапсырмасы бойынша Президент Әкімшілігінің Басшысы айқындайтын Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен келісіледі.
Нормативтік құқықтық актінің жобасы келісуге жіберілген мемлекеттік органдар мен ұйымдар, егер уәкілетті орган өзгеше, неғұрлым қысқа мерзім белгілемесе, - оны алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде, ал Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілердің жобалары келісілген жағдайда, егер Қазақстан Республикасының Президенті немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы өзгеше, неғұрлым қысқа мерзім белгілемесе, он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жоба бойынша өз ескертпелері мен ұсыныстарын дайындауға немесе олардың жоқтығы туралы жобаны әзірлеген органға хабарлауға тиіс.
Мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ескертпелері кемшіліктерді жою жөніндегі ұсыныстарды қамтуға, сондай-ақ оның құзыретіндегі мәселелерге тікелей қатысты болуға, негізделген және толық болуға, жазбаша нысанда ұсынылуға тиіс.
4. Алынған ескертпелер бойынша жобаны қажет болған жағдайда оны әзірлеген орган пысықтайды, ал жұмыс тобы қабылданған және қабылданбаған ескертпелер, ескертпелердің қабылданбау себептері туралы анықтама жазады. Бұл анықтама нормативтік құқықтық акт жобасымен бірге жұмыс тобын құрған мемлекеттік органға беріледі.
5. Жұмыс тобын құрған мемлекеттік орган жобаға жұмыс тобымен бірлесіп талқылануға тиіс өзгерістер мен толықтырулар енгізуі немесе жобаны жұмыс тобына пысықтау үшін қайтарып беруі мүмкін.
ҚР 16.06.04 ж. № 566-II (бұр. ред. қара); 2005.21.10. № 81-III (бұр. ред. қара); 2007.27.07. № 315-III (бұр.ред.қара) Заңдарымен 16-бап өзгертілді
16-бап. Нормативтік құқықтық актінің реквизиттері
Нормативтік құқықтық актілердің мынадай реквизиттері болуға тиіс:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік Елтаңбасы;
2) актінің нысанына нұсқау; Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы; Қазақстан Республикасы Президентінің Конституциялық заң күші бар Жарлығы; Кодекс; Қазақстан Республикасының Заңы; Қазақстан Республикасы Президентінің Заң күші бар Жарлығы; Қазақстан Республикасы Парламентінің қаулысы; Сенаттың қаулысы; Мәжілістің қаулысы; Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы; Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы; Министрдің бұйрығы; орталық мемлекеттік орган басшысының бұйрығы; орталық мемлекеттік органның қаулысы; мәслихаттың шешімі; әкімдіктің қаулысы; әкімнің шешімі; осы Заңда көзделген нормативтік құқықтық актінің өзге де нысаны;
3) осы нормативтік құқықтық акт реттейтін істі білдіретін тақырып;
4) нормативтік құқықтық актінің қабылданған жері мен күні;
5) нормативтік құқықтық актінің тіркеу нөмірі;
6) тиісті нормативтік құқықтық актіге қол қоюға уәкілдік берілген адамның қолы;
7) нормативтік құқықтық актінің Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өткен күнi мен нөмiрiн осылай тіркелуге тиісті нормативтік құқықтық актілерде көрсету;
8) елтаңбалы мөр.
ҚР 06.03.02 ж. № 298-II Заңымен ; 2005.21.10. № 81-III Заңымен (бұр. ред. қара); 2007.29.06. № 271-III Заңымен (бұр. ред. қара) 17-бап өзгертілді
17-бап. Нормативтік құқықтық актінің құрылымы
1. Нормативтік құқықтық актінің негізгі құрылымдық элементі құқық нормаларын қамтитын бап немесе тармақ болып табылады. Құқық нормалары баптар түрінде «бап» атауымен заң актілеріне енгізіледі. Қайсыбір нормативтік құқықтық актілер тармақтардан тұрады, олардың атауы «тармақ» деген сөзбен жазылмайды.
2. Көлемі едәуір нормативтік құқықтық актілердің мазмұны жағынан жақын баптары (тармақтары) тарауларға біріктірілуі мүмкін. Мазмұны жағынан жақын бірнеше тарау бөлімдерге, ал бөлімдер өз кезегінде нормативтік құқықтық актінің бөліктеріне біріктірілуі мүмкін.
3. Көлемі үлкен тарауларда нормативтік құқықтық актінің параграфтары және параграфтарының бөліктері бөліп көрсетілуі мүмкін, ал үлкен бөлімдерде осылайша бөлімшелер бөлінуі мүмкін.
4. Нормативтік құқықтық актінің баптары жекелеген құқық нормаларын қамтитын тармақтарға, ал тармақтар - тармақшаларға бөлінуі мүмкін. Баптардың, тармақтар мен тармақшалардың ішінде бөліктер-құқықтың қисынды аяқталған, абзацтармен бөлінген жекелеген нормалары болуы мүмкін.
Мәтіннің мағыналық жағынан тұтастығы бар, бірінші жолда азат жолмен бөлініп көрсетілетін және кіші әріппен басталатын бөлігі, бөліктің бас әріппен басталатын бірінші абзацын қоспағанда, абзац деп саналады. Абзацтар (бөліктің бірінші және соңғы абзацтарынан басқасы) нүктелі үтірмен аяқталады.
Нормативтік құқықтық актінің баптары - жекелеген құқық нормалары бар тармақтарға, ал тармақтар тармақшаларға бөлінуі мүмкін. Баптардың, тармақтардың және тармақшалардың ішінде абзацтар арқылы бөлінетін бөліктер болуы мүмкін.
Кодекстерде ішкі құрылымның басқа белгілері пайдаланылуы мүмкін.
4-1. Нормативтік құқықтық актілердің мәтінінде абзацтарды дефистермен немесе өзге де белгілермен белгілеуге, жекелеген сөздер мен сөз тіркестерін бөліп көрсетуге және олардың астын сызуға жол берілмейді.
5. Нормативтік құқықтық актінің әрбір бабы (тармағы), сондай-ақ тараулары, бөлімдері мен бөліктері араб цифрларымен нөмірленеді. Баптардың (тармақтардың) нөмірленуі бүкіл нормативтік құқықтық актінің басынан аяғына дейін реттеліп жасалады. Нормативтік құқықтық актінің бөлімдері мен бөліктерінің нөмірленуі де дербес және басынан аяғына дейін реттеліп жасалады.
6. Баптың тармақтары мен тармақшаларының нөмірлері әрбір бап үшін дербес болады, ал негізгі құрылымдық элементі бап емес, тармақ болып табылатын нормативтік құқықтық актілерде әрбір тармақтың тармақшалары дербес нөмірленеді. Нормативтік құқықтық актінің әрбір тарауындағы параграфтардың нөмірлері мен әрбір бөліміндегі бөлімшелердің нөмірлері де аяғына дейін емес, дербес нөмірленеді.
7. Тармақтарда тармақшалардың нөмірлері жақшамен жабылған араб цифрларымен көрсетіледі.
8. Нормативтік құқықтық актіні қабылдаудың мақсаты мен себептерін, оның алдында тұрған негізгі міндеттерді түсіндіру қажет болған жағдайларда құқық нормаларын баяндаудың алдынан кіріспе бөлім (преамбула) беріледі.
9. Нормативтiк құқықтық актiде пайдаланылатын терминдер мен анықтамаларды нақтылау қажет болған жағдайда оған олардың мәнi түсiндiрiлетiн бап берiледi. Мемлекеттік тiлдегi нормативтiк құқықтық актiде терминдер мен анықтамалар әлiпбилiк ретпен орналастырылады.
Нормативтiк құқықтық актiде пайдаланылатын терминдер мен анықтамалар біртектес қоғамдық қатынастарды реттейтін жоғары деңгейде тұрған нормативтік құқықтық актіде қолданылатын терминдер мен анықтамаларға сәйкес келуге тиiс.
10. Пайдалануға ыңғайлы ету мақсатында нормативтік құқықтық актінің әрбір тарауының, оның бөлімінің, бөлігінің, сондай-ақ тараулардың параграфтары мен бөлімдері бөлімшелерінің тақырыптары болуға тиіс. Заң актілері баптарының да тақырыптары болуға тиіс.
Тараулары жоқ шағын заң актілері баптарының тақырыптары болмауы мүмкін.
11. Кодекстердің, ал уәкілетті орган мұны қажет деп тапқан жағдайларда басқа да нормативтік құқықтық актілердің қажетті құрылымдық элементі мазмұны болып табылады.
12. Нормативтік құқықтық актінің құрылымына қосымшалар енгізілуі мүмкін.
ҚР 12.03.04 ж. № 536-II Заңымен 18-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) ; 2007.29.06. № 271-III Заңымен (бұр. ред. қара) 18-бап өзгертілді
18-бап. Нормативтік құқықтық акті мәтінінің мазмұны мен жазылу стиліне қойылатын талаптар
1. Мемлекеттік органдардың қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеу саласындағы міндеттері, функциялары мен құзыреті заңдарда мемлекеттік басқару деңгейлері бойынша айқын ажыратылып белгіленуге тиіс.
2. Нормативтік құқықтық актінің мәтіні әдеби тіл нормалары мен заң терминологиясы сақтала отырып жазылады. Көнерген және көп мағыналы сөздер мен сөз орамдарын, эпитеттерді, метафораларды қолдануға, сөздерді қысқартуға жол берілмейді. Нормативтік құқықтық актінің мәтінінде мағыналық және құқықтық жүктемесі жоқ ережелер болмауға тиіс.Баптың (тармақтың) мәтіні басқа баптарда (тармақтарда) қайталап жазылмайды.
19-бап. Нормативтік құқықтық актілерде басқа актілердің баптарына сілтеме жасау және актілерде басқа актілердің баптарын келтіру
Қажет болған жағдайда нормативтік құқықтық актіде өзге актілердің баптарына (тармақтарына) сілтемелер жасауға жол беріледі, сондай-ақ жоғары тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актілерден сол актілерге сілтеме жасала отырып, олардың жекелеген ережелері келтіріледі.
20-бап. Нормативтік құқықтық актілердің баптарында басқа баптарға сілтеме жасау
Нормативтік құқықтық актінің баптарында (тармақтары мен тармақшаларында) оның басқа баптарына (тармақтарына, тармақшаларына) сілтеме жасау құқықтық нормалардың өзара байланысын көрсету не қайталауға жол бермеу қажет болған жағдайларда қолданылады.
ҚР 16.06.04 ж. № 566-II Заңымен (бұр. ред. қара); 2005.21.10. № 81-III Заңымен (бұр. ред. қара) ; 2007.29.06. № 271-III Заңымен (бұр. ред. қара); 2008.04.07 № 57- ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2010.19.03. № 258-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 21-бап өзгертілді
21-бап. Нормативтік құқықтық актінің жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізу және оны Қазақстан Республикасының Парламентінен кері қайтарып алу
1. Қазақстан Республикасының Конституциясы 61-бабының 1-тармағына сәйкес заң шығару бастамашылығы құқығы Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарына, Қазақстан Республикасының Үкіметіне тиесілі және ол Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде ғана іске асырылады. Нормативтік құқықтық актінің жобасы Мәжіліске мемлекеттік тілде және орыс тілінде, қағазға түсiрiлiп және электронды жеткiзушiлер арқылы енгізіледі.
2. Жоба бойынша табыс етілетін материалдарда мынадай қосымшалар болуға тиіс:
1) жобаны дайындаған мемлекеттік органның немесе ұйымның атауы;
2) жобаны қабылдаудың қажеттігі негізделіп, мақсаттары, міндеттері, негізгі ережелері кеңінен сипатталған түсіндірме жазба, ал Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілердің жобалары үшін - арнайы жолдау;
3) жұмыс тобы құрылатын жағдайда оның құрамы;
4) мүдделі мемлекеттік органдармен келісу парағы, бұған Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын, Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен енгізілетін заңнамалық актілердің жобалары келісу рәсімінен өтпеген реттегі жағдайлар қосылмайды;
5) ғылыми сараптама жүргізілген жағдайда оның қорытындысы және болған жағдайда, өзге де сараптамалық қорытындылар;
6) жобаның қабылдануына байланысты өзгертілуге немесе күші жойылды деп танылуға тиіс заң актілерінің тізбесі және жобаны іске асыру үшін қажетті нормативтік құқықтық актілер әзірлеу туралы ұсыныстар;
7) егер жоба мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін болса, жобаға қаржы-экономикалық есептеулер, сондай-ақ әдетте, статистикалық ақпарат қабылданатын нормативтік құқықтық актіні қолданудың ықтимал экономикалық, әлеуметтік, заңдық, экологиялық салдарларының болжамдары қоса тіркеледі, бұған Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілердің жобалары қосылмайды.
Қолданылып жүрген заңдарға өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы нормативтік құқықтық актінің жобасы енгізілген жағдайда, енгiзiлетiн өзгерістер мен толықтырулардың тиiстi негiздемесiмен баптардың бұрынғы және жаңа редакцияларының салыстырма кестесі табыс етіледі.
2008.04.07 № 57- ІV ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары және Қазақстан Республикасының Үкіметі өздері заң шығару бастамасы тәртібімен әзірлеген заңнамалық актінің жобасын Қазақстан Республикасының Парламентінен оны қараудың кез келген сатысында кері қайтарып алуға құқылы
4-тарау. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларына ғылыми сараптама
06.03.02 ж. № 298-II ҚР Заңымен; 16.06.04 ж. № 566-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2008.04.07 № 57- ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 22-бап өзгертілді; 2009.14.10. № 194-IV ҚР Заңымен 22-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
22-бап. Ғылыми сараптаманың міндеттері
1. Нормативтік құқықтық актілердің реттейтін құқық қатынастарына қарай осы актілердің жобалары бойынша ғылыми (құқықтық, экологиялық, қаржылық және басқа да) сараптама жүргізілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізілетін нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша олармен реттелетін құқықтық қатынастарға қарай ғылыми сараптама, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізілуге міндетті, бұған заңнамалық актілердің жобалары Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен енгізіліп, онда ғылыми сараптама жүргзілмеуі мүмкін болатын жағдайлар қосылмайды.
2. Сондай-ақ мына нормативтік құқықтық актілердің:
2-тармақтың 1)-тармақшасы 2010 жылғы 1 қаңтарда қолданыска енгізілді
1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық қаулыларының;
2-тармақтың 2) және 3)-тармақшасы 2011 жылғы 1 қаңтарда қолданыска енгізілді
2) Қазақстан Республикасы министрлерінің және орталық мемлекеттік органдардың өзге де басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтарының, орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық қаулыларының және Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының нормативтік қаулыларының;
3) мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдерінің, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулыларының, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдерінің жобалары бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама міндетті түрде жүргізілуге тиіс.
Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарының, Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің және Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларының жобалары бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізілмейді.
3. Қабылдау салдары экологиялық, оның ішінде радиациялық қауіпсіздікке, қоршаған ортаны қорғауға қатер төндіретін заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілердің жобаларына міндетті экологиялық сараптама жүргізілуге тиіс.
4. сараптама:
1) жобаның сапасын, негізділігін, уақтылығын, құқыққа сыйымдылығын, Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген адам және азамат құқықтарының жобада сақталуын бағалау;
2) нормативтік құқықтық актінің ықтимал тиімділігін айқындау;
3) жобаның нормативтік құқықтық акт ретінде қабылдануының ықтимал теріс салдарын анықтау үшін жүргізіледі.
5. Нормативтік құқықтық актілер жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың негізгі міндеттері:
1) құқықтық реттеудің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін нормалары мен олқылықтарын анықтау;
2) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың ықтимал жасалуы бөлігінде нормативтік құқықтық актінің жобасын қабылдаудың салдарын бағалау;
3) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға тосқауыл қоятын нормативтік құқықтық актілер жобаларының нормаларын ұсынымдар түрінде әзірлеу болып табылады.