Қазақстан Республикасының
Заңы
«Нормативтік құқықтық актілер туралы»
Қазақстан Республикасының Заңына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми
сараптама жүргізу мәселелері бойынша өзгеріс енгізу туралы
1-бап. «Нормативтік құқықтық актілер туралы» 1998 жылғы 24 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 2-3, 25-құжат; 2001 ж., № 20, 258-құжат; № 5, 2004 ж., № 5, 29-құжат; № 13, 74-құжат; 2005 ж., № 17-18, 73-құжат; 2006 ж., №3, 22-құжат; №24, 148-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 12, 86-құжат; № 13, 100-құжат; № 19, 147-құжат; 2008 ж., № 13-14, 55-құжат; № 21, 97-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; 2009 жылғы 28 шілдеде «Егемен Қазақстан» және 2009 жылғы 23 шілдеде «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2009 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы) мынадай өзгеріс енгізілсін:
22-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«22-бап. Ғылыми сараптаманың міндеттері
1. Нормативтік құқықтық актілердің реттейтін құқық қатынастарына қарай осы актілердің жобалары бойынша ғылыми (құқықтық, экологиялық, қаржылық және басқа да) сараптама жүргізілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізілетін нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша олармен реттелетін құқықтық қатынастарға қарай ғылыми сараптама, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізілуге міндетті, бұған заңнамалық актілердің жобалары Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен енгізіліп, онда ғылыми сараптама жүргзілмеуі мүмкін болатын жағдайлар қосылмайды.
2. Сондай-ақ мына нормативтік құқықтық актілердің:
1-баптың жетінші абзацы 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық қаулыларының;
1-баптың сегізінші және тоғызыншы абзацтары 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
2) Қазақстан Республикасы министрлерінің және орталық мемлекеттік органдардың өзге де басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтарының, орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық қаулыларының және Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының нормативтік қаулыларының;
3) мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдерінің, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулыларының, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдерінің жобалары бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама міндетті түрде жүргізілуге тиіс.
Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарының, Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің және Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларының жобалары бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізілмейді.
3. Қабылдау салдары экологиялық, оның ішінде радиациялық қауіпсіздікке, қоршаған ортаны қорғауға қатер төндіретін заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілердің жобаларына міндетті экологиялық сараптама жүргізілуге тиіс.
4. сараптама:
1) жобаның сапасын, негізділігін, уақтылығын, құқыққа сыйымдылығын, Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген адам және азамат құқықтарының жобада сақталуын бағалау;
2) нормативтік құқықтық актінің ықтимал тиімділігін айқындау;
3) жобаның нормативтік құқықтық акт ретінде қабылдануының ықтимал теріс салдарын анықтау үшін жүргізіледі.
5. Нормативтік құқықтық актілер жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың негізгі міндеттері:
1) құқықтық реттеудің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін нормалары мен олқылықтарын анықтау;
2) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың ықтимал жасалуы бөлігінде нормативтік құқықтық актінің жобасын қабылдаудың салдарын бағалау;
3) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға тосқауыл қоятын нормативтік құқықтық актілер жобаларының нормаларын ұсынымдар түрінде әзірлеу болып табылады.».
2-бап. Осы Заң, мыналарды:
1) 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың жетінші абзацын;
2) 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың сегізінші және тоғызыншы абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті | Н. Назарбаев |
Астана, Ақорда, 2009 жылғы қазанның 14-і.
№ 194-ІV ҚРЗ