Осы редакция 2007 жылғы 29 қазанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 21 сәуірдегi
№ 313 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің
Криминалдық полиция комитеті туралы
ереже
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Криминалдық полиция комитеті (бұдан әрі - Комитет) Ішкі істер министрлігінің құзыреті шегінде қылмысқа қарсы күрес саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыратын ведомство болып табылады.
Комитеттің негізгі міндеттері қылмыстарды анықтау, ашу, тергеу, жолын кесу және болдырмау, тергеуден, анықтаудан және соттан жасырынып жүрген, қылмыстық жазаларын өтеуден жалтарып жүрген, хабар-ошарсыз жоғалған адамдарды және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де жағдайларда адамдарды іздестіруді ұйымдастыру және жүзеге асыру болып табылады.
2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің кесімдеріне, өзге де нормативтік құқықтық кесімдерге және осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Комитет мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өзінің атауы жазылған мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері болады, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық органдарында шот аша алады.
Комитеттің өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түсуге құқылы.
Егер Комитетке заңнамаға сәйкес уәкілеттік берілген болса, ол мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқылы.
4. Комитет өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен бұйрықтар нысанында нормативтік құқықтық кесімдер шығарады.
5. Комитеттің құрылымын және штат санының лимитін Ішкі істер министрінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
6. Комитеттің заңды мекен-жайы:
010010, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Манас көшесі, 4.
7. Комитеттің толық атауы - "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Криминалдық полиция комитеті" мемлекеттік мекемесі.
8. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.
9. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
Комитетке Ішкі істер министрлігінің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
2. Комитеттің функциялары мен құқықтары
10. Комитет заңнамада белгіленген тәртіппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ететін функциялар:
өз құзыреті шегінде қылмысқа қарсы күрес саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі шараларды әзірлейді және жүзеге асырады;
жедел-іздестіру қызметін ұйымдастырады, қылмысқа қарсы күрес саласында жедел-іздестіру іс-шараларын әзірлеуді және жүргізуді жүзеге асырады;
қылмыс жасаған, анықтау, тергеу немесе сот органдарынан жасырынып жүрген, қылмыстық жазаларын өтеуден, әскери қызметке шақырудан жалтарып жүрген, хабар-ошарсыз жоғалған адамдарды және өзге де адамдарды іздестіруді, танылмаған мәйіттерді бірегейлендіруді ұйымдастырады және жүзеге асырады;
өз құзыреті шегінде қылмыстарды анықтауды, жолын кесуді, болдырмауды және ашуды ұйымдастырады және жүзеге асырады;
қылмысқа қарсы күрес саласындағы бағдарламаларды іске асырады;
Комитеттің қарауына жатқызылған мәселелер бойынша халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастырады және жүзеге асырады;
қылмыстық процеске қатысушылар мен өзге де адамдардың өмірін, денсаулығын, ар-намысы мен абыройын және мүлкін қорғауды қамтамасыз етеді;
мамандандырылған есептерді құрады;
қылмыстарды ашу және қылмыскерлер мен олардың байланыстарын анықтау үшін ақпараттық-талдау жүйесін құрады және пайдаланады;
2) мемлекеттік саясаттың іске асырылуын бақылау жөніндегі функциялар:
жедел-іздестіру іс-шараларының және арнайы операциялардың жүргізілуін бақылауды жүзеге асыруды ұйымдастырады;
ішкі істер органдарында есепте тұрған адамдардың мінез-құлқын жедел бақылауды жүзеге асыруды ұйымдастырады.
11. Комитет өз құзыреті шегінде заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) өз құзыретіндегі мәселелер бойынша нормативтік құқықтық кесімдер қабылдауға;
2) криминалдық полиция қызметінің мәселелері бойынша нормативтік құқықтық кесімдерді әзірлеу, жетілдіру және іске асыру жөнінде ұсыныстар енгізуге;
3) мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардан, лауазымды тұлғалар мен азаматтардан қажетті ақпарат сұратуға және алуға;
4) өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар, оның ішінде халықаралық, ұйымдастыруға және өткізуге;
5) Комитеттің жанынан жұмыс топтарын құруға, сондай-ақ жедел-іздестіру қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін ғалымдар мен мамандарды, оның ішінде шетелдіктерді тартуға;
6) өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар өткізетін отырыстар мен кеңестерге қатысуға құқылы.
3. Комитеттің мүлкi
12. Комитеттің жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады.
Комитеттің мүлкі оған мемлекет берген мүліктің есебінен құралады және негізгі қорлар мен айналымдағы қаражаттан, сондай-ақ құны Комитеттің теңгерімінде көрсетілген өзге де мүліктен тұрады.
13. Комитетке бекітіліп берілген мүлік республикалық меншікке жатады.
14. Комитеттің өзіне бекітіліп берілген мүлікті өз бетінше иеліктен шығаруға немесе оған өзге де тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
Комитетке заңнамалық кесімдерде белгіленген жағдайда және шекте мүлікке билік ету құқығы берілуі мүмкін.
4. Комитеттің қызметін ұйымдастыру
15. Комитетті Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын төраға басқарады.
Комитет төрағасының заңнамада белгіленген тәртіппен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
Комитет төрағасы орынбасарларының санын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
16. Төраға Комитеттің қызметін ұйымдастырады және басқарады әрі Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін дербес жауапты болады, сондай-ақ аумақтық ішкі істер органдарының құрылымдық бөлімшелерін жедел басқаруды жүзеге асырады.
17. Осы мақсаттарда Комитет төрағасы:
1) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен өзге де ұйымдарында және халықаралық қатынастарда оның мүддесін білдіреді;
2) өзінің орынбасарлары мен Комитеттің құрылымдық бөлімшелері басшыларының өкілеттіктері мен міндеттерін белгілейді;
3) заңнамаға және Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі бекітетін лауазымдар номенклатурасына сәйкес Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, еңбек шарттарын жасасады, өзгертеді және бұзады;
4) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;
5) белгіленген тәртіппен Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлерін көтермелеу, оларға материалдық көмек көрсету мәселелерін шешеді және тәртіптік жазаға тартады;
6) өз құзыреті шегінде Комитеттің құрылымдық бөлімшелері мен аумақтық ішкі істер органдары орындауға міндетті бұйрықтар шығарады;
7) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері қызметкерлерінің арасында тәрбие жұмысын, олардың тәртіпті, заңдылықты және құпиялылық режимін сақтауын ұйымдастырады;
8) азаматтарды қабылдауды жүзеге асырады, шағымдар мен өтініштерді қарайды, олар бойынша шешімдер қабылдайды, тәртіп пен заңдылықты бұзу фактілері бойынша қызметтік тергеулер жүргізеді;
9) Комитеттің қызметкерлерін белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының шегінде қызметтік іссапарларға жібереді;
10) Комитет құзыретіне жатқызылған басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.
5. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату
18. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 21 сәуірдегi
№ 313 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігi
Криминалдық полиция комитетінің
Құрылымы
1. Басшылық
2. Қылмыстық топтар мен қоғамдастықтарды әшкерелеу басқармасы
3. Аса қауіпті қылмыстарды ашу басқармасы
4. Экстремизмге және криминалдық терроризмге қарсы күрес басқармасы
5. Қылмыстық процеске қатысушыларды қорғау бөлімi
6. Оңтүстік өңірлік ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы
7. Батыс өңірлік ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы
8. Ақпараттық-техникалық қамтамасыз ету және талдау жұмысы басқармасы
9. Әкімшілік басқарма
10. Жеке тұлғаға қарсы жасалған қылмыстарды ашуды ұйымдастыру басқармасы
11. Мүліктік қылмыстарды ашуды ұйымдастыру басқармасы
12. Криминалдық іздестіру басқармасы
13. Ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарға қарсы күресті ұйымдастыру басқармасы