2. Егер тараптар бітімгершілік келісімін жасау кезінде сот шығындары мен өкілдің көмегіне ақы төлеу жөніндегі шығындарды бөлу тәртібін көздемесе, сот бұл мәселелерді осы Кодекстің 111, 115-баптарында жазылған ережелерге лайықтап шешеді.
2009.11.12. № 230-IV ҚР Заңымен 114-бап жаңа редакцияда (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
114-бап. Азаматтарға тегін заң көмегін көрсету
1. Істі сотта қарауға дайындау кезінде судья немесе істі қарау кезінде сот азаматтың мүліктік жағдайын негізге ала отырып, оны заң көмегіне ақы төлеуден және өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден толық немесе ішінара босатуға және оларды бюджет қаражатының есебіне жатқызуға құқылы. Судья (сот) адамды оның өтініші бойынша заң көмегіне ақы төлеуден және өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден толық немесе ішінара босатуға және оларды заңда көзделген мынадай жағдайларда:
1) асыраушының өлімімен, мертігуімен немесе өзге де жұмыспен байланысты бүлінген денсаулықтан келтірілген зиянның орнын толтыру туралы дауларды қарау кезінде;
2) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен оларға теңестірілгендер, мерзімді қызметтің әскери қызметшілері, І және ІІ топтағы мүгедектер, жасы бойынша зейнеткерлер болып табылатын талап қоюшылар мен жауапкерлер үшін кәсіпкерлік қызметке байланысты емес дауларды қарау кезінде бюджет қаражатының есебіне жатқызуға міндетті.
2. Адвокат көрсеткен заң көмегіне ақы төлеу және өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мөлшерде жүзеге асырылады.
3. Азаматтың заң көмегіне ақы төлеуден және өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден босату туралы өтінішіне заң көмегін тегін алуға құқығын растайтын құжаттар мен басқа да дәлелдемелер қоса тіркелуге тиіс.
4. Өтінішті қарау нәтижесі бойынша азаматты заң көмегіне ақы төлеуден және өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден толық немесе ішінара босату туралы не өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы судья немесе сот дәлелденген ұйғарым шығарады.
5. Азаматты заң көмегіне ақы төлеуден және өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден толық немесе ішінара босату туралы соттың немесе судьяның ұйғарымы сот белгілеген мерзімде адвокаттың сотқа қатысуын қамтамасыз етуге міндетті адвокаттардың кәсіби ұйымына дереу жіберіледі.
115-бап. Тараптарға сот шығындарын өтеу
1. Осы Кодексте көзделген жағдайларда сотқа басқа тұлғалар мен мемлекеттің құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау туралы өтініштермен жүгінген тұлғаларға талап қоюдан толық немесе ішінара бас тартылған кезде (осы Кодекстің 55 және 56-баптары), жауапкерге республикалық бюджеттің қаражатынан олар жұмсаған сот шығындары толық немесе қойылған тараптардың талап қоюшыға бас тартылған бөлігіне бара-бар өтеледі.
2. Мүлікті тыйым салудан босату туралы талап қою қанағаттандырылған жағдайда талап қоюшыға ол жұмсаған сот шығындары республикалық бюджеттің қаражатынан өтеледі.
116-бап. Сот шығындарын мемлекетке өтеу
1. Төлеуден талап қоюшы босатылған істі қарауға байланысты шығындар мен мемлекеттік баж сот шығындарын төлеуден босатылмаған жауапкерден мемлекет кірісіне толық немесе талаптың қанағаттандырылған бөлігіне бара-бар мөлшерде өндіріліп алынады.
2. Талап қоюдан бас тартылған жағдайда іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар сот шығындарын төлеуден босатылмаған талап қоюшыдан мемлекет кірісіне өндіріліп алынады.
3. Егер талап қою ішінара қанағаттандырылса, ал жауапкер сот шығындарын төлеуден босатылса, іс бойынша іс жүргізілуге байланысты шығындар мемлекеттің кірісіне сот шығыстарын өтеуден босатылмаған талап қоюшыдан талап қою талаптарының қанағаттандырылудан бас тартылған бөлігіне бара-бар өндіріліп алынады.
4. Егер екі тарап та сот шығындарын төлеуден босатылса, іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар республикалық бюджеттің есебіне жатқызылады.
5. Өзіне тиесілі төлемдерді төлеуден жалтарған адамға іздеу жарияланған жағдайда іздеуді жүргізу жөніндегі шығындар сол адамнан мемлекет кірісіне өндіріліп алынады.
117-бап. Сот шығындарына байланысты мәселелер жөніндегі ұйғарымдарға шағым беру және наразылық келтіру
Сот шығындарына байланысты мәселелер жөніндегі ұйғарымға жекеше шағым берілуі және наразылық келтірілуі мүмкін.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 9-тарау жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9-тарау. Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін мәжбүрлеу және жауаптылық шаралары
118-бап. Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін мәжбүрлеу шаралары
1. Соттың іске қатысушы тұлғаларға, процестің басқа да қатысушыларына мәжбүрлеу шараларын қолдануының мақсаты сот төрелігі міндеттерін іске асыру болып табылады.
2. Сот мәжбүрлеу шаралары ретінде еріксіз келтіруді, сот залынан шығарып жіберуді қолданады.
119-бап. Еріксіз келтіру
1. Еріксіз келтіру - бұл жауапкерді, куәні, сарапшыны, маманды және аудармашыны олар сотқа келуден дәлелді себептерсіз жалтарған жағдайда, сотқа мәжбүрлеп әкелу.
2. Еріксіз келтіруді сот ұйғарымы бойынша сот приставтары немесе ішкі істер органдары жүзеге асырады.
120-бап. Сот залынан шығарып жіберу
Сот отырысында тәртіп бұзушыларға сот осы Кодекстің 179-бабында көзделген жағдайларда және тәртіппен сот залынан шығарып жіберуді қолданады.
121-бап. Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін жауаптылық шаралары
1. Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін жауаптылық шараларын сот барлық адамдардың сот алдында теңдігінің конституциялық принципін және сот төрелігі міндеттерін іске асыру мақсатында қолданады.
2. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 513-бабында көзделген іс-әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасағаны үшін бұған кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 648-бабының 1-1-бөлігінде көзделген тәртіппен әкімшілік жауаптылыққа тартылады.
3. Егер сот отырысында тәртіп бұзушының іс-әрекеттерінде қылмыс белгілері болса, сот тәртіп бұзушыға қатысты қылмыстық іс қозғау мәселесін шешу үшін материалдарды прокурорға жібереді.
122-бап. Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін мәжбүрлеу және жауаптылық шараларын қолдану. Оларға шағымдану және наразылық беру тәртібі
1. Заңға қарсы жасалған іс-әрекет (әрекетсіздік) үшін бір ғана мәжбүрлеу шарасы және (немесе) бір ғана жауаптылық түрі қолданылады.
2. Соттың мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы ұйғарымына (қаулысына) жеке шағым берілуі және наразылық келтірілуі мүмкін.
10-тарау. Іс жүргізу мерзімдері
123-бап. Іс жүргізу әрекеттерін жасау мерзімдері
1. Іс жүргізу әрекеттері заңда белгіленген мерзімдерде жасалады.
2. Егер іс жүргізу әрекеттерін жасауға арналған мерзім заңда белгіленбеген жағдайда, оны сот тағайындайды.
124-бап. Іс жүргізу мерзімдерін есептеу
1. Іс жүргізу әрекеттерін жасауға арналған мерзімдер сөзсіз болуға тиіс оқиға көрсетіле отырып, дәлме-дәл күнтізбелік күнмен немесе жылдармен, айлармен немесе күндермен есептелетін уақыт кезеңімен белгіленеді. Соңғы жағдайда әрекет бүкіл кезеңнің ішінде жасалуы мүмкін.
2. Кезеңмен есептелетін іс жүргізу мерзімінің ағымы оның басталуы белгіленген күнтізбелік күннен немесе оқиға болған күннен кейінгі күні басталады.
125-бап. Іс жүргізу мерзімдерінің аяқталуы
1. Жылдармен есептелетін мерзім сол мерзімінің соңғы жылының тиісті айында және күнінде бітеді. Айлармен есептелетін мерзім сол мерзімінің соңғы айының тиісті ай мен күнінде бітеді. Егер айлармен есептелетін мерзімнің соңы тиісті күні жоқ айға сәйкес келсе, мерзім осы айдың соңғы күнінде бітеді. Күндермен есептелетін мерзім белгіленген кезеңнің соңғы күні бітеді. Мерзімнің соңғы күні демалыс күніне тап келген жағдайда мерзімнің аяқталатын күні одан кейінгі жұмыс күні болып есептеледі.
2. Жасалуына мерзім белгіленген іс жүргізу әрекеті мерзімнің соңғы күніне жиырма төрт сағат қалғанға дейін орындалуы мүмкін. Егер шағым, құжаттар не ақша сомалары мерзімнің соңғы күніне жиырма төрт сағат қалғанға дейін почтаға, телеграфқа тапсырса немесе байланыстың өзге де құралдары бойынша берілсе, мерзім өтіп кеткен болып есептелмейді.
3. Егер іс жүргізу әрекеті тікелей сотта немесе басқа ұйымда жасалуы тиіс болса; белгіленген ереже бойынша бұл ұйымдарда жұмыс аяқталатын немесе тиісті операциялар тоқтатылатын сағатта мерзім бітеді.
126-бап. Іс жүргізу мерзімдерін өткізіп алу салдары
1. Іс жүргізу әрекеттерін жасау құқығы заңда белгіленген немесе сот тағайындаған мерзімінің аяқталуымен жойылады. Іс жүргізу мерзімдері аяқталғаннан кейін берілген шағымдар мен құжаттарды, егер өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш берілмесе, сот қараусыз қалдырады және оларды берген адамға қайтарылады.
2. Іс жүргізу мерзімдерінің бітуі іс жүргізу міндеттерін орындаудан босатпайды.
127-бап. Іс жүргізу мерзімдерін тоқтата тұру
1. Барлық аяқталмаған іс жүргізу мерзімдерінің ағымы іс жүргізуді тоқтата тұрумен тоқтатыла тұрады. Мерзімдерді тоқтата тұру іс жүргізуді тоқтата тұру үшін негіз болған мән-жайлар туындаған уақыттан басталады.
2. Іс жүргізу қайта басталған күннен бастап іс жүргізу мерзімдерінің ағымы жалғасады.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 128-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
128-бап. Іс жүргізу мерзімдерін ұзарту және қалпына келтіру
1. Сот тағайындаған мерзімдерді сот ұзарта алады.
2. Егер заңмен белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін. Егер мерзімді қалпына келтіру туралы арыз шешім қабылданған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей берілсе, сот апелляциялық шағым беру мерзімін қалпына келтіруі мүмкін.
3. Өткізіліп алынған мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш іс жүргізу әрекеттерін жасауға тиісті болатын сотқа беріледі. Сот бұл өтінішті мәселенің қаралатын орны мен уақыты хабарланатын іске қатысушы адамдардың қатысуымен қарайды, алайда олардың келмей қалуы соттың алдына қойылған мәселені шешу үшін кедергі болып табылмайды.
4. Мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш берумен қатар ол бойынша мерзімі өткізіліп алынған қажетті іс жүргізу әрекеттері жасалуға (құқық қорғау туралы талап қойылуға, шағым берілуге, құжаттар табыс етілуге және т.б.) тиіс.
5. Соттың өткізіліп алынған іс жүргізу мерзімін ұзартудан және қалпына келтіруден бас тарту туралы ұйғарымына жеке шағым берілуі және наразылық келтірілуі мүмкін.
11-тарау. Сот хабарлаулары мен шақырулары
129-бап. Соттың хабарлаулары мен шақырулары
1. Сотқа қатысушы адамдар, олардың өкілдері, сондай-ақ куәлар, сарапшылар, мамандар және аудармашылар сот отырысының немесе жекелеген іс жүргізу әрекеттерін жасаудың уақыты мен орны туралы хабарландырылады және соттың шақыру қағаздарымен сотқа шақырылады.
2. Қажет болған жағдайда, іске қатысушы адамдар, сондай-ақ куәлар, сарапшылар, мамандар және аудармашылар хабарландырылуы немесе тапсырылғаны туралы хабарлай отырып, тапсырыстық хат, телефонаграмма немесе жеделхат арқылы, сондай-ақ хабарлау мен шақырудың жасалуын қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалану арқылы хабарландырылуы немесе шақырылуы мүмкін.
3. Хабарлаулар мен шақырулар хабарландырылған немесе шақырылған адамның сотқа уақтылы келуі және іске даярлануы үшін жеткілікті мерзімі болуы есептеле отырып жолдануға тиіс.
4. Хабарлау немесе шақыру хабарландырылатын немесе шақырылатын адамға тарап немесе іске қатысатын басқа да адам көрсеткен мекен-жай бойынша жолданады. Егер сотқа хабарланған мекен-жайда азамат іс жүзінде тұрмайтын болса, хабарлау немесе шақыру оның жұмыс орнына жолдануы мүмкін. Ұйымға арналған хабарлау немесе шақыру оның орналасқан жеріне жіберіледі.
130-бап. Шақыру қағазының немесе өзге де хабарлаудың, шақырудың мазмұны
1. Шақыру қағазында немесе өзге де хабарлауда, шақыруда мыналар болуға тиіс:
1) сотқа хабарланатын немесе шақырылатын адамды көрсету (тегі, аты, әкесінің аты және олар жолданатын адамның тұрғылықты жері не ұйымның атауы мен орналасқан жері);
2) соттың атауы мен нақты мекен-жайы;
3) келетін жері мен уақыты;
4) адресатқа хабарлау немесе оны шақыру жүргізілетін істің атауы;
5) адресат кім ретінде хабарланып немесе шақырылып отырғандығын көрсету;
6) іске қатысушы тұлғаларға іс бойынша оларда бар барлық дәлелдемелерді табыс етуді ұсыну;
7) адресаттың болмауына байланысты шақыру қағазын немесе өзге де хабарламаны, шақыруды алған адамның оны алғашқы мүмкіндік болған кезде адресатқа тапсыруға міндеттілігін көрсету;
8) хабарланатын немесе шақырылатын адамның сотқа келмей қалу салдарын және оның келмеу себебін сотқа хабарлауға міндетті екенін көрсету;
9) шақыру қағазын немесе өзге де хабарлауды, шақыруды жіберуші адамның қолы. Хабарлау немесе шақыру туралы телефонограмма жіберген адам оны кімге және қай уақытта бергендігін көрсете отырып өзінің қол қоюымен куәландыруы тиіс.
2. Шақыру қағазымен бірге судья жауапкерге талап арыздың көшірмесі мен арызға қоса берілген құжаттардың көшірмесін жібереді. Талап қоюшыға жіберетін шақыру қағазымен бірге судья жауапкердің жазбаша түсініктемелерінің көшірмесін және оған қоса, егер олар сотқа түскен болса, оларға қоса тіркелген құжаттардың көшірмесін жібереді.
131-бап. Шақыру қағазын жеткізу
1. Шақыру қағаздары хабардар етіліп, тапсырысты хатпен почта арқылы жеткізіледі немесе мұны судья тапсырған адамдар жеткізеді. Шақыру қағазын адресатқа тапсыру уақыты шақыру қағазының сотқа қайтарылуға тиісті түбіршегінде белгіленеді.
2. Сот іске қатысушы адамның келісімімен оның қолына хабарланатын немесе іс бойынша шақырылатын адамға тапсыру үшін шақыру қағазын беруі мүмкін.
3. Шақыру қағазын жеткізу тапсырылған адам оны тапсырған күні көрсетілген және адресаттың шақыру қағазын алғандығы жөнінде қолы қойылған шақыру қағазының түбіршегін сотқа қайтаруға міндетті.
132-бап. Шақыру қағазын тапсыру
1. Шақыру қағазы жіберілген азаматқа табыс етіліп, сотқа қайтарылуға тиісті түбіршегіне оның өз қолы қойылады. Ұйымға жіберілген шақыру қағазы оның өкіліне немесе басқару қызметін атқаратын тиісті адамға табыс етіледі, ол шақыру қағазының түбіршегіне оны алғандығы жөнінде өзінің қызметін, тегін және аты-жөнін көрсетіп қол қояды.
2. Егер шақыру қағазын жеткізуші адам іс бойынша хабарланатын немесе шақырылатын азаматты тұрғылықты жерінен немесе жұмысынан таба алмаса, онда шақыру қағазы олардың келісімімен - онымен бірге тұратын отбасының ересек мүшелерінің біріне, ал олар болмаған жағдайда тұрғын үй-пайдалану ұйымына, жергілікті өзін-өзі басқару органына немесе адресаттың тұрғылықты жері бойынша тиісті атқарушы органға немесе оның жұмыс орнындағы әкімшілікке тапсырылады. Бұл жағдайларда шақыру қағазын қабылдап алған адам шақыру қағазының түбіршегіне өзінің тегін, атын, әкесінің атын, сондай-ақ адресатқа қатыстылығын немесе атқаратын қызметін көрсетуге міндетті. Шақыру қағазын қабылдап алған адам мүмкіндігінше кідіртпей шақыру қағазын адресатқа тапсыруға міндетті.
3. Адресат уақытша болмаған жағдайда, шақыру қағазын жеткізуші адам шақыру қағазының түбіршегіне адресаттың қайда кеткендігін және оның қашан қайтып келуі мүмкін екендігін белгілейді. Бұл мәліметтерді - тұрғын үй-пайдалану ұйымы, жергілікті өзін-өзі басқару органы немесе адресаттың тұрғылықты жері бойынша тиісті атқарушы орган немесе оның жұмыс орны бойынша әкімшілік, ал оларда бұл мәліметтер болмаған жағдайда онымен бірге тұратын отбасының ересек мүшелерінің бірі растауға және куәландыруға тиіс.
133-бап. Шақыру қағазын немесе өзге хабарлауды, шақыруды қабылдаудан бас тартудың салдары
1. Адресат шақыру қағазын немесе өзге хабарлауды, шақыруды қабылдаудан бас тартқан жағдайда оны жеткізуші немесе табыс етуші адам сотқа қайтарылатын шақыру қағазына немесе хабарлауға, шақыруға тиісті белгі соғады. Адресаттың шақыру қағазын немесе хабарлауды, шақыруды қабылдаудан бас тартуы туралы белгіні тұрғын үй-пайдалану ұйымы, жергілікті өзін-өзі басқару органы немесе шақырылған адамның тұрғылықты жері бойынша тиісті атқарушы орган немесе оның жұмыс орны бойынша әкімшілік куәландырады.
2. Шақырылған адамның шақыру қағазынан немесе өзге де хабарлаудан, шақырудан бас тартуы істі қарауға немесе жасалған жекелеген іс жүргізу әрекеттерін жасауға кедергі болмайды.
134-бап. Іс бойынша іс жүргізу кезінде мекен-жайдың ауысуы
Іске қатысатын адамдар мен олардың өкілдері іс бойынша іс жүргізген уақытта сотқа өз мекен-жайының ауысқаны туралы хабарлауға міндетті. Мұндай хабарлау болмаған жағдайда шақыру қағазы немесе өзге де хабарлау, шақыру сотқа белгілі соңғы мекен-жай бойынша жіберіледі және адресат бұл мекен-жай бойынша ендігі жерде тұрмаса да жеткізілді деп есептеледі.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 135-бап өзгертілді
135-бап. Жауапкер болған жердің белгісіздігі және оны іздестіру
1. Жауапкердің іс жүзінде болған жері белгісіз болған жағдайда тұрғын үй-пайдалану ұйымының, жергілікті өзін-өзі басқару органының, немесе жауапкердің соңғы белгілі тұрғылықты жері бойынша тиісті атқарушы органның немесе оның соңғы белгілі жұмыс орны бойынша әкімшіліктің шақыру қағазын немесе өзге де хабарлауды, шақыруды алғанын куәландыратын жазбамен олар сотқа келіп түскеннен кейін сот істі қарауға кіріседі.
2. Мемлекет мүдделеріне орай, сондай-ақ алименттерді өндіріп алу, асыраушысының жарақат алуымен немесе денсаулықтың өзгедей зақымдануымен немесе қайтыс болуымен келтірілген зиянды өтеу туралы талап қою бойынша жауапкердің болған жері белгісіз болған жағдайда сот жауапкерді ішкі істер органдары немесе қаржы полициясы арқылы іздестіру жариялауға міндетті. Соттың жауапкерді іздестіруді жариялауы істі қарауға кедергі болмайды.
Iздестiру шаралары барысында жауапкердiң жүрген жерi анықталған кезде оған сотқа шақыру туралы соттың шақыру қағазы табыс етiледi.
3. Жауапкерді іздестіру жөніндегі шығындарды өндіріп алу ішкі істер органының немесе қаржы полициясының мәлімдеуі бойынша сот бұйрығын беру жолымен жүргізіледі.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 12-тарау алып тасталды
12-тарау. Заңды тұлғалар, заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті
жүзеге асыратын азаматтар болып табылатын тараптардың
мүліктік дауларды сотқа дейінгі реттеуі
2-бөлім. Бірінші сатыдағы сотта іс жүргізу
1-бөлімше. Бұйрық арқылы іс жүргізу
13-тарау. Бұйрық арқылы іс жүргізу
ҚР 05.07.00 ж. № 75-II Заңымен 139-бап өзгертілді
139-бап. Сот бұйрығының негізінде берешекті өндіріп алу
1. Сот бұйрығы өндіріп алушының ақшалай сомаларды өндіріп алу немесе мүлікті борышкерді немесе өндіріп алушыны олардың түсіндірмелерін тыңдау үшін шақырмай-ақ және сотта іс қарамай-ақ, даусыз талаптар бойынша борышкерден талап ету туралы арызы бойынша шығарылған судьяның актісі болып табылады.
2. Сот бұйрығының мазмұны осы Кодекстің 146-бабымен белгіленеді.
3. Сот бұйрығының атқарушылық құжат күші болады. Ол бойынша өндіріп алу бұйрық берілгеннен кейін және сот шешімдерін атқару үшін белгіленген тәртіпте жүргізіледі.
ҚР 05.07.00 ж. № 75-II; 02.03.01 ж. № 162-II; 11.07.01 ж. № 238-II; 10.03.04 ж. № 532-II Заңдарымен 140-бап өзгертілді және толықтырылды
140-бап. Сот бұйрығы шығарылатын талаптар
Сот бұйрығы:
1) егер талап нотариатта куәландырылған мәмілеге негізделсе;
2) егер талап жазбаша мәмілеге негізделсе және оны жауапкер таныса;
3) егер талап төленбеген вексельге, акцептің болмауына және нотариус жасаған акцептің күні белгіленбеуіне білдірілген наразылыққа негізделсе;
4) егер әкеліктің белгіленуіне немесе үшінші тұлғаларды тарту қажеттігіне қатысы жоқ, кәмелетке толмаған балалар үшін алименттерді өндіріп алу туралы талап мәлімделген болса;
5) егер азаматтардан және заңды тұлғалардан салықтар мен басқа да міндетті төлемдер бойынша бересіні өндіріп алу туралы талап мәлімделген болса;
6) егер қызметкерге аударылған, бірақ төленбеген жалақы мен өзге де төлемдерді өндіріп алу туралы талап мәлімделген болса;
7) егер жауапкерді немесе борышкерді іздестіру жөніндегі шығындарды өндіріп алу туралы талаптарды ішкі істер органдары немесе қаржы полициясы мәлімдеген болса;
7-1) егер Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес лизинг нысанасын даусыз талап ету туралы талап мәлiмделген болса;
10) егер кепіл беруші-борышкерге кепілге салынған затынан өндіріп алу туралы ломбардтың талабы мәлімдеген болса, шығарылады.
ҚР 05.07.00 ж. № 75-II Заңымен 141-бап өзгертілді
141-бап. Сот бұйрығын шығару туралы арыздың нысаны мен мазмұны
1. Сот бұйрығын шығару туралы арыз осы Кодекстің 3-тарауында белгіленген соттылықтың жалпы ережелері бойынша сотқа беріледі.
2. Арыз жазбаша нысанда беріледі. Арызда:
1) арыз берілетін соттың атауы;
2) өндіріп алушының аты, оның тұрғылықты жері немесе тұрған жері, заңды тұлғаның реквизиттері;
3) борышкердің аты, оның тұрғылықты жері немесе тұрған жері, заңды тұлғаның реквизиттері;
4) өндіріп алушының талаптары және ол негізделген мән-жайлар;
5) мәлім етілген талаптарды растайын қоса тіркелетін құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс.
3. Мүлік талап етілген жағдайда арызда осы мүліктің құны көрсетілуге тиіс.
4. Арызға өндіріп алушы немесе оның өкілі қол қояды. Өкіл беретін арызға оның өкілеттігін куәландыратын құжат қоса тіркелуге тиіс.
ҚР 24.12.01 № 276-II Заңымен 142-бап өзгертілді
142-бап. Мемлекеттік баж
1. алынып тасталды
2. Арызды қабылдаудан бас тартылған жағдайда өндіріп алушы енгізген мемлекеттік баж қайтарылады.
3. Сот бұйрығының күші жойылған жағдайда өндіріп алушы енгізген мемлекеттік баж қайтарылмайды.
4. Өндіріп алушы борышкерге талап қою бойынша іс жүргізу тәртібімен талап қойған жағдайда ол баждың төленуге тиісті шотына есептеледі.
143-бап. Сот бұйрығын шығару туралы арызды қабылдаудан бас тарту және қайтару негіздері
1. Судья сот бұйрығын шығару туралы арызды осу Кодекстің 153, 154-баптарында көзделген негіздер бойынша қабылдаудан бас тартады немесе қайтарады. Сонымен бірге, судья арызды, егер:
1) мәлім етілген талап осы Кодекстің 140-бабымен көзделмесе;
2) борышкер Қазақстан Республикасы соттарының юрисдикциясы шегінен тыс болса;
3) мәлім етілген талапты растайын құжаттар табыс етілмесе;
4) табыс етілген құжаттар негізінде шешу мүмкін емес құқық туралы даулардың болуы көзделсе;
5) арыздың нысаны мен мазмұны осы Кодекстің 141-бабының талаптарына сай келмесе;
6) арызға мемлекеттік баж төленбесе, қайтарады.
2. Судья сотқа арыз түскен күннен бастап үш күн мерзім ішінде өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
3. Арыз берушінің талап қою бойынша іс жүргізу тәртібімен осы талап бойынша талап арызды қою мүмкіндігіне өтінішті қабылдаудан бас тарту кедергі келтірмейді.
144-бап. Арыздағы кемшіліктерді жою
1. Судья сот бұйрығын шығару туралы арызды қабылдауға және, егер арыз осы Кодекстің 141-бабының талаптарына сай келмесе немесе мемлекеттік баж төленбесе, өз ұйғарымымен өндіріп алушыға, кемшіліктерді жою немесе мемлекеттік бажды төлеу үшін үш күннен аспайтын мерзім белгілеуге құқылы.
2. Егер өндіріп алушы судьяның нұсқауларына сәйкес ол белгілеген мерзімде кемшіліктерді жойса, мемлекеттік бажды төлесе, арыз оны сотқа алғаш тапсырған күні берілген деп есептеледі. Олай болмаған жағдайда судья осы Кодекстің 143-бабының екінші бөлігіне сәйкес арызды қабылдаудан бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
145-бап. Сот бұйрығын шығарудың тәртібі мен мерзімі
Мәлім етілген талаптың мәні бойынша сотқа арыз түскен күннен бастап үш күн ішінде судья сот бұйрығын шығарады.
ҚР 05.07.00 ж. № 75-II Заңымен 146-бап өзгертілді
146-бап. Сот бұйрығының мазмұны
1. Сот бұйрығында:
1) жүргізілетін істің нөмірі және бұйрықтың шығарылған күні;
2) соттың атауы, бұйрық шығарған судьяның тегі және аты-жөні;
2006.22.06. № 147-III ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3) өндіріп алушының тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), оның тұрғылықты жері немесе тұрған жері, оның тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы мәліметтер мен салық төлеушінің тіркеу нөмірі немесе, егер өндіріп алушы заңды тұлға болып табылса, оның атауы, нақты тұрған жері не бірыңғай Мемлекеттік тіркелімнен мәліметтер, банк реквизиттері мен салық төлеушінің тіркеу нөмірі;
2006.22.06. № 147-III ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
4) борышкердің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), оның тұрғылықты жері немесе тұрған жері, оның тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы мәліметтер, оның жұмыс орны туралы мәліметтер мен жұмыс орнының банк реквизиттері (егер сот бұйрығын шығару туралы арызда көрсетілген болса), оның банк реквизиттері мен салық төлеушінің тіркеу нөмірі (егер сот бұйрығын шығару туралы арызда көрсетілген болса) немесе, егер борышкер заңды тұлға болып табылса, оның атауы, нақты тұрған жері не бірыңғай Мемлекеттік тіркелімнен мәліметтер (егер сот бұйрығын шығару туралы арызда көрсетілген болса), банк реквизиттері мен салық төлеушінің тіркеу нөмірі;