Тауар шығарылған елді анықтау, тауардың шығу тегі туралы сараптама актісін жасау және беру әрі тауардың шығу тегі туралы сертификатты ресімдеу, куәландыру және беру жөніндегі ережені бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 22 қазандағы № 1647 Қаулысы
Осы редакция 2010 жылғы 30 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 қарашадағы Заңының 6-бабының 11) тармақшасына, «Сауда-өнеркәсіп палаталары туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 3 мамырдағы Заңының 18-1-бабының 6-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Тауар шығарылған елді анықтау, тауардың шығу тегі туралы сараптама актісін жасау және беру әрі тауардың шығу тегі туралы сертификатты ресімдеу, куәландыру және беру жөніндегі ереже бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 22 қазандағы
№ 1647 қаулысымен
бекітілген
Тауар шығарылған елді анықтау, тауардың шығу тегі туралы сараптама актісін жасау және беру әрі тауардың шығу тегі туралы
сертификатты ресімдеу, куәландыру және беру жөніндегі
ЕРЕЖЕ
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Тауар шығарылған елді анықтау, тауардың шығу тегі туралы сараптама актісін жасау және беру әрі тауардың шығу тегі туралы сертификатты ресімдеу, куәландыру және беру жөніндегі ереже (бұдан әрі - Ереже) «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 қарашадағы Заңына және «Сауда-өнеркәсіп палаталары туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 3 мамырдағы Заңына сәйкес әзірленді және тауар шығарылған елді анықтау, тауардың шығу тегі туралы сараптама актісін жасау және беру әрі Қазақстан Республикасының аумағында тауарды жеткілікті дәрежеде қайта өңдеу өлшемдеріне сәйкес өндірілген немесе жеткілікті дәрежеде қайта өңделген тауардың шығу тегі туралы сертификатты ресімдеу, куәландыру және беру тәртібін айқындайды.
2. Осы Ереже:
1) техникалық реттеу және өлшемдер бірлігін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органға;
2) ішкі айналым үшін тауардың шығу тегі туралы сертификат беру жөніндегі уәкілетті органға;
3) аумақтық сауда-өнеркәсіп палаталарына;
4) тауар шығарылған елді анықтау жөніндегі сараптамалық ұйымдарға;
5) тауар шығарылған елді анықтау жөніндегі сарапшы аудиторларға;
6) тауардың шығу тегі туралы сертификат алуға мүдделі жеке немесе заңды тұлғаларға қолданылады.
3. Осы Ережеде мынадай ұғымдар қолданылады:
адвалорлық үлес - пайдаланылатын материалдар құнының пайыздық үлесі немесе жеткізілетін тауардың «франко-зауыт» бағасында тіркелген пайыздық үлеске жететін қосылған құн;
тауардың шығу тегі туралы сертификат беру - тауардың шығу тегі туралы сертификаттарды тіркейтін журналға қол қойғызып, ресімделген және куәландырылған тауардың шығу тегі туралы сертификатты өтініш берушіге беру;
тауардағы қазақстандық қамту үлесі - пайдаланылатын қазақстандық материалдар құны мен тауарларды өндірушінің Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын тауарды қайта өңдеуге жұмсаған шығынының тауардың түпкілікті құнындағы пайыздық құрамы;
өтініш беруші - тауардың шығу тегі туралы сертификат алуға мүдделі жеке немесе заңды тұлға;
экономикалық қызмет түрлері бойынша өнім жіктеуіші - экономикалық қызмет түрлері бойынша өнімдерді жіктеу мен кодтау тәртібін белгілейтін өнім жіктеуіші;
тауарды жеткілікті дәрежеде қайта өңдеу өлшемдері - тауарлар шығарылған елді айқындау қағидаттарының бірі, оған сәйкес егер тауарды өндіруге екі немесе одан да көп ел қатысса, тауарға тән қасиеттерді беру үшін, тауар соңғы рет елеулі қайта өңдеуге қай жерде үшыраса, сол елден шығарылды деп саналады;
кумулятивтік қағидат - тауар шығарылған елді анықтау қағидаттарының бірі, оған сәйкес тауардың шығу тегі тауарды 1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге (бұдан әрі - Келісім) қатысушы мемлекеттерде дәйекті түрде қайта өңдеу нәтижесінде түпкілікті тауарды шығарған ел бойынша анықталады;
тауардың шығу тегі туралы сертификатты ресімдеу - тауардың шығу тегі туралы сертификат бланкісін толтыру;
кері экспорт - шетелден әкелінген тауарларды қайта өңдемей елден әкету;
тауардың шығу тегі туралы сертификат - егер әкетілетін елде сертификат тауар шығарылған елден алынған мәліметтер негізінде берілсе, тауар шығарылған елді куәландыратын және осы мемлекеттің немесе әкететін мемлекеттің заңнамасына сәйкес берілген құжат;
тауар шығарылған ел - тауар толық шығарылған немесе жеткілікті дәрежеде қайта өңделген ел;
аумақтық сауда-өнеркәсіп палатасы - Қазақстан Республикасынан экспортталатын немесе кері экспортталатын тауардың шығу тегі туралы сертификатты ресімдеуді, куәландыруды және беруді жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым;
тауар - Қазақстан Республикасының аумағында өткізілетін немесе Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы тасымалданатын мүлік, оның ішінде электр, энергияның жылу мен өзге де түрлері, сондай-ақ жолаушылар мен тауарларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыру үшін пайдаланылатын көлік құралдарын қоспағанда, көлік құралдары;
сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы - сандық белгі немесе топтық сандық белгілер (кодтар) түрінде өзіне тауарлық топтарды, позицияларды, субпозицияларды, субпозицияларға жататындарды қамтитын тауарлар жіктеуіші. Жіктеуіштің кез келген деңгейінде позицияларға берілетін түсініктер, сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы түсіндірмесінің негізгі ережелері сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының ажырамас бөлігі болып табылады;
тауардың шығу тегі туралы сертификатты куәландыру - тауардың шығу тегі туралы сертификатты куәландыруға уәкілетті тұлғаның қолымен, тауардың шығу тегі туралы сертификатты беруге уәкілетті органның мөрімен растау;
техникалық реттеу және өлшемдер бірлігін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган - техникалық реттеу және өлшемдер бірлігін қамтамасыз ету саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
ішкі айналым үшін тауардың шығу тегі туралы сертификат беру жөніндегі уәкілетті орган - ішкі айналым үшін тауардың шығу тегі туралы сертификат беруге Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген мемлекеттік орган;
«франко-зауыт» шарттарындағы баға - шығарылған тауарды экспорттау кезінде төленген немесе төленуі мүмкін кез келген ішкі салықтарды қоспағанда, кәсіпорнында франко-зауыт шарттарында соңғы рет қайта өңдеу жүргізілген өндірушіге төленетін тауар бағасы;
сараптама ұйымы - штатында тауар шығарылған елді анықтау жөніндегі сарапшы аудиторы бар, тауардың шығу тегіне сараптама жүргізу жөніндегі жұмысты жүзеге асыратын заңды тұлға;
тауар шығарылған елді анықтау жөніндегі сарапшы аудитор - техникалық реттеу және өлшемдер бірлігін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен аттестатталған маман;
экспорт - отандық не бұрын шетелден әкелінген және оларды сыртқы нарықта өткізу үшін қайта өңдеуге ұшыраған тауарларды елден әкету.
2-тарау. Тауар шығарылған елді айқындау және Қазақстан
Республикасынан экспортталатын, кері экспортталатын тауарларға
тауардың шығу тегі туралы сертификатты ресімдеу, куәландыру
және беру
§ 1. Тауар шығарылған елді айқындау
4. Тауар шығарылған елді айқындау үшін, тауардың:
1) толығымен Қазақстанда шығарылғаны;
2) тауарды жеткілікті дәрежеде қайта өңдеу өлшемін ескере отырып, Қазақстанда шығарылғандығы;
3) шетелде шығарылғандығы белгіленуге тиіс.
5. Толығымен Қазақстан Республикасында шығарылды деп есептелетін тауарларды айқындау Қазақстан Республикасы Кеден кодексінің 34-бабына сәйкес жүргізіледі.
6. Егер тауарды өндіруге екі және одан да көп ел қатысса, жеткілікті дәрежеде қайта өңдеу өлшемдеріне жауап беретін, тауарды қайта өңдеу жөніндегі соңғы операцияларды жүзеге асырылған ел тауарды шығарған ел болып саналады.
7. Тауарды жеткілікті қайта өңдеу өлшемдері Қазақстан Республикасы Кеден кодексінің 35-бабының 2-тармағында белгіленген.
8. Тауарды жеткілікті қайта өңдеудің негізгі өлшемі үшінші елдер тауарды өндіруде пайдаланған кезде тауарға шығу тегі мәртебесін беру үшін қажетті шарттардың, өндірістік және технологиялық операциялардың тізбесіне енгізілген тауарларды қоспағанда, тауарды қайта өңдеу нәтижесінде пайда болған алғашқы төрт белгінің кез келгенінің деңгейінде тауардың сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша кодын өзгерту болып табылады.
Аталған тізбеге шарттардың бірі ретінде адвалорлық үлес ережесі жеке де, тауарды жеткілікті дәрежеде қайта өңдеудің басқа өлшемдеріне үйлестіріліп те енгізілген.
Тауарды жеткілікті дәрежеде қайта өңдеу өлшемін бағалау үшін кумулятивтік қағидат қолданылуы мүмкін, оған сәйкес Келісімге қатысушы мемлекеттерде тауарды дәйекті түрде қайта өңдеу нәтижесінде тауардың шығу тегі тауарды соңғы дайындаған ел бойынша айқындалады.
Егер Келісімге қатысушы мемлекеттердің бірінде түпкілікті тауарды өндіруде Келісімге басқа қатысушы мемлекеттерден шығарылған, тауардың шығу тегі туралы сертификатпен расталған және Келісімге басқа қатысушы мемлекеттерде кезең-кезеңімен одан әрі өңдеуге ұшырайтын шикізат пен материалдар пайдаланылса, онда тауар соңғы рет өңдеуге ұшыраған ел осындай тауар шығарылған ел болып табылады.
Шикізаттың немесе материалдардың шығу тегі туралы сертификат болмаған жағдайда, түпкілікті тауарды шығарған елді анықтау Қазақстан Республикасы Кеден кодексінің 35-бабының 2-тармағында белгіленген.
Қазақстан Республикасынан шығарылатын және экспортталатын тауарлар шығарылған елді айқындау үшін, шарттардың, өндірістік және технологиялық операциялардың тізбесі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкіметтерінің басшылары кеңесінің 2000 жылғы 30 қарашадағы шешімімен бекітілген Тауарлар шығарылған елді айқындау ережесінде және Еуропалық экономикалық қоғамдастықтың № 2454/93 нұсқаулығында берілген.
9. Тауарды жеткілікті дәрежеде қайта өңдеу өлшемдеріне жауап бермейтін шарттар Қазақстан Республикасы Кеден кодексінің 35-бабының 5-тармағында белгіленген.
10. Егер адвалорлық үлес ережесі қолданған жағдайда, тауарды өндірудегі адвалорлық үлес есебі Қазақстан Республикасы Кеден кодексінің 35-бабының 4-тармағына сәйкес жүргізіледі.
Адвалорлық үлестің тауарды өндірудегі есебі осы Ереженің 1-қосымшасына сәйкес формула бойынша жүргізіледі.
11. Бөлшектенген немесе құралмаған түрінде жеткізілетін тауарлардың шығарылған елін айқындау Қазақстан Республикасы Кеден кодексінің 36-бабына сәйкес жүргізіледі.
12. Тауарлар шығарылған елді айқындау кезіндегі ерекшеліктер Қазақстан Республикасы Кеден кодексінің 37-бабында белгіленген.
13. Тауар шығарылған елді айқындау жөніндегі сараптамаға байланысты жұмыстар өтінім мен өтініш беруші тапсырған құжаттар пакеті негізінде осы Ереженің 16-тармағында көрсетілген тізбеге сәйкес шарттық негізде жүргізіледі.
14. Тауардың шығу тегінің сараптамасын тауар шығарылған елді айқындау жөніндегі сарапшы аудитор тауардың шығу тегін растайтын толық құжаттар пакетімен бірге өтінім ұсынылған және тіркелген сәттен бастап жиырма төрт сағат ішінде жүзеге асырады.
15. Тауардың шығу тегінің сараптамасы мыналарды қамтиды:
1) техникалық реттеу және өлшемдер бірлігін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган бекітетін тізбе бойынша тауардың шығу тегін растайтын құжаттардың сараптамасы;
2) тауарды сыртқы белгілері бойынша, таңбалауы бойынша (атауы, үлгісі, түрі, қаптамасы, сыныбы, дайындаушы кәсіпорын), қажет болған кезде тауар тұрған жерге барып сәйкестендіру;
3) тауарды жеткілікті дәрежеде қайта өңдеу өлшемін белгілеу және тауардың қосылған құнын айқындау мақсатында тауарды өндірудің технологиялық үдерісінің сараптамасы.
16. Тауардың шығу тегіне сараптама жүргізуге, сондай-ақ тауарды кері экспорттау кезінде осы Ереженің 2-қосымшасына сәйкес өтініммен бірге мынадай құжаттар ұсынылады:
1) өтініш берушінің құқықтық мәртебесін растайтын құжаттар (заңды тұлға құрмай, кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке тұлғалар үшін - паспорт, жеке куәлік, дара кәсіпкердің патенті немесе куәлігі);
2) сыртқы сауда келісім-шартының (шарттың) түпнұсқасы мен көшірмесі;
3) тауарға берілетін шот-фактураның немесе инвойстың түпнұсқасы мен көшірмесі;
4) техникалық реттеу және өлшемдер бірлігін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган бекітетін тізбе бойынша тауардың шығу тегін растайтын құжаттардың түпнұсқасы мен көшірмесі;
5) қызмет түріне берілетін лицензияның түпнұсқасы мен көшірмесі;
6) тауарды жеткілікті дәрежеде қайта өңдеу өлшемдерін айқындауға арналған құжаттардың түпнұсқасы мен көшірмесі (тауарды өндіруде пайдаланылатын шикізат пен құрауыштардың құны, шикізатты жеткізуге арналған шарттар, шоттар, төлем тапсырмалары, көліктік және басқа жүкқұжаттар, оларға сәйкес тауар өндірілген нормативтік және технологиялық құжаттар, шетелде шығарылған пайдаланылатын шикізат немесе құрауыш бағасын ескере отырып, тауардың өзіндік құн есебі, шығын калькуляциясы, қосылған құн);
7) егер тауар жануарлардан алынған, өзен және теңіз кәсіпшілігінен шыққан болса, ветеринариялық куәліктің түпнұсқасы мен көшірмесі;
8) қоймадағы тауардың бар екендігі және мөлшері туралы қойманың мекен-жайы көрсетілген қоймалық анықтаманың түпнұсқасы мен көшірмесі;
9) өтініш берушінің мүддесін білдіруге берілген сенімхаттың түпнұсқасы мен көшірмесі;
10) жеміс-көкөніс өнімдері үшін: тауар өндірушімен жасалған шарттың түпнұсқасын немесе нотариалды куәландырылған көшірмесін міндетті түрде ұсынумен, өтініш берілген өнім легінің көрсетілген аумақта өсірілгені туралы Қазақстан Республикасының тиісті аумақтық бірлігінің жергілікті атқарушы органының растау анықтамасының түпнұсқасы мен көшірмесі және өнімді өндірушімен жасалған шарт, тауарды сатып алу шарты.
Құжаттардың түпнұсқалары оларды көшірмелерімен сәйкестендіргеннен кейін бір жұмыс күні ішінде өтініш берушіге қайтарылады.
17. Қосымша зерттеулер жүргізу қажет болған жағдайда, сараптама ұйымы мыналарды:
1) шикізаттың, материалдардың, құрауыштардың шығу тегін растайтын рұқсаттардың, лицензиялардың, құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелерін;
2) егер зертханалық сынақтар мен зерттеулерсіз тауарды сәйкестендіру мүмкін болмаса, аккредиттелген сынақ зертханалары (орталықтары) берген сынақтар хаттамасын сұрайды.
Құжаттардың түпнұсқалары оларды көшірмелерімен сәйкестендіргеннен кейін бір жұмыс күні ішінде өтініш берушіге қайтарылады.
18. Сараптама нәтижелері бойынша сараптама ұйымы осы Ереженің 3-қосымшасына сәйкес тауардың:
1) тауарды жеткілікті дәрежеде қайта өңдеу өлшемін ескере отырып, Қазақстанда шығарылғандығы;
2) шетелде шығарылғандығы туралы тауар шығарылған елді айқындау жөніндегі сарапшы аудитор жасаған тауардың шығу тегі туралы сараптама актісін береді.
19. Біліктілік аттестатын алған және тауар шығарылған елді айқындау жөніндегі сарапшы аудиторлардың тізіліміне енгізілген тауар шығарылған елді айқындау жөніндегі сарапшы аудитор сараптама жүргізеді және сараптама қорытындысына қол қояды.
20. Сараптама ұйымын таңдауды өтініш беруші өзі жүзеге асырады. Тауар шығарылған елді айқындау жөніндегі сарапшы аудиторлардың тізілімі мен сараптама ұйымдарының тізімі техникалық реттеу және өлшемдер бірлігін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның сайтына орналастырылады.
21. Тауарды кері экспорттау кезінде аумақтық сауда-өнеркәсіп палатасына тауардың Қазақстан Республикасына әкелінгенін растайтын қосымша құжаттар ұсынылады (тауардың шығу тегі туралы сертификаттың, жүк кеден декларациясының және тауарға ілеспе құжаттардың көшірмелері).
§ 2. Тауардың шығу тегі туралы сертификатты ресімдеу,
куәландыру және беру
22. Тауардың шығу тегі туралы сертификатты ресімдеу алдында аумақтық сауда-өнеркәсіп палатасының уәкілетті тұлғасы тауардың шығу тегі туралы сертификатты ресімдеу туралы қорытынды жасайды. Бұл үшін өтініш беруші ұсынған тауардың шығу тегін растайтын құжаттарға талдау және оны тиісті түрде ресімдеу мәніне тауардың шығу тегі туралы сараптама актісін талдау жүргізіледі.
23. Тауардың шығу тегі туралы сертификатты ресімдеу, куәландыру және беру мынадай нысандар бойынша жүзеге асырылады:
1) «СТ-1» нысанындағы сертификат - Қазақстан Республикасынан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріне шығарылатын тауарларға;
2) «А» нысанындағы сертификат - Еуропалық қоғамдастық елдеріне экспортталатын тауарларға;
3) «Оригинал» нысанындағы сертификат - осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілмеген елдерге шығарылатын тауарларға ағылшын немесе орыс тілдерінде (өтінім беруші айқындайды).
Сауда-өнеркәсіп палатасы техникалық реттеу және өлшемдер бірлігін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган бекіткен бланкілердің нысандарына сәйкес тауардың шығу тегі туралы сертификат бланкілерін дайындауды жүзеге асырады.
24. Тауардың шығу тегі туралы сертификат осы Ережеге 4-қосымшаға сәйкес өтініш және «Сауда-өнеркәсіп палаталары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 18-1-бабының 2-тармағында көрсетілген құжаттар негізінде бір жұмыс күні ішінде ресімделеді, куәландырылады және беріледі.
Қазақстан Республикасы Кеден кодексінің 34-бабында көзделген толықтай Қазақстан Республикасында өндірілген тауарларға арналған тауардың шығу тегі туралы сертификат «Сауда-өнеркәсіп палаталары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 18-1-бабының 2-тармағының 1) және 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттар негізінде беріледі.
25. Тауарды Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан шығарған кезде тауардың шығу тегі туралы сертификат тауардың бір жүк жөнелтушіден екінші жүк жөнелтушіге бір немесе бірнеше көлік құралымен жүзеге асырылатын әрбір жөнелтілетін легіне ресімделеді.
26. Тауардың шығу тегі туралы сертификат үш данада ресімделеді. Сертификаттың түпнұсқасы мен бір көшірмесі өтініш берушіге беріледі, ал екінші көшірмесі тауардың шығу тегі туралы сертификат берген аумақтық сауда-өнеркәсіп палатасында сақталады.
27. Тауардың шығу тегі туралы сертификатты аумақтық сауда-өнеркәсіп палатасының тұлғасы ресімдейді, куәландырады және береді.
28. Тауардың шығу тегі туралы сертификаттың қолданылу мерзімі ол берілген күнінен бастап он екі айды құрайды.
29. Егер онда тазартып өшірулер, түзетілген жерлері, расталмаған түзетулер болса, қажетті қолдар және (немесе) мөрлер болмаса, тауардың шығу тегі туралы сертификат жарамсыз болып саналады.
Тауардың шығу тегі туралы сертификатта қамтылған мәліметтер өзгерген жағдайда, жаңа сертификат тек өтініш беруші бұрын берілген және тауардың шығу тегі туралы сертификатты берген кезде негіздеме ретінде тігілетін сертификатты қайтарғаннан кейін ғана, сондай-ақ осы өзгерістерді растайтын қажетті құжаттар болған кезде беріледі.
30. Ресімделген сертификаттар берілген тауардың шығу тегі туралы сертификаттарды тіркеу журналына өтініш беруші қол қойғаннан кейін беріледі.
31. Тауардың шығу тегі туралы сертификаттардың өзге тұлғаларға беруге рұқсат етілмейді.
32. Тауардың шығу тегі туралы сертификаттардың көшірмелері мен беруге негіз болған құжаттар аумақтық сауда-өнеркәсіп палатасында тауардың шығу тегі туралы сертификат берілген күнінен бастап кемінде үш жыл сақталады.
33. Тауар шығарылған елде «СТ-1» нысанындағы сертификаттың көшірмесі болса, Келісімге қатысушы мемлекеттер шеңберінде тауарларды кері экспорттау кезінде алмастырушы сертификат берілуі мүмкін.
Тауарларды Келісімге қатысушы мемлекеттер шеңберінде, олардың аумақтарында дайындалған және Келісімге қатысушы мемлекеттердің кедендік аумақтарына, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Үкімет басшылары кеңесінің 1993 жылғы 24 қыркүйектегі шешімімен бекітілген тауардың шығу тегін айқындау ережесі күшіне енгенге дейін кері экспорттау кезінде, «СТ-1» нысанындағы тауардың шығу тегі туралы сертификат берілуі мүмкін. Сертификатты тауарды шығарушы туралы (атауы, Кеңестер Социалистік Республикалар Одағының Республикасы мен почталық мекен-жайын көрсете отырып) және тауардың дайындалған жылын растаушы құжаттар ұсынылған жағдайда берілуі мүмкін.
3-тарау. Ішкі айналым үшін тауар шығарылған елді айқындау және
тауардың шығу тегі туралы сертификатты ресімдеу, куәландыру
және беру
§ 1. Ішкі айналым үшін тауар шығарылған елді айқындау
34. Тауар шығарылған елді анықтау үшін, тауардың:
1) толықтай Қазақстанда шығарылғандығы;
2) жеткілікті дәрежеде қайта өңдеу өлшемдерін ескере отырып, Қазақстанда шығарылғандығы белгіленуі тиіс.
35. Толықтай Қазақстан Республикасында шығарылды деп саналатын тауарларды айқындау Қазақстан Республикасы Кеден кодексінің 34-бабына сәйкес жүргізіледі.
36. Тауарды жеткілікті дәрежеде қайта өңдеу өлшемдері Қазақстан Республикасы Кеден кодексінің 35-бабының 2-тармағында белгіленген.
37. Үшінші елдердің тауарларын өндірісте пайдаланған кезде тауарға шығу тегі мәртебесін беру үшін қажетті шарттардың, өндірістік және технологиялық операциялардың тізбесіне енгізілген тауарларды қоспағанда, сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша тауар кодын қайта өңдеу нәтижесінде алғашқы төрт белгінің кез келгенінің деңгейінде өзгерту тауарды жеткілікті дәрежеде қайта өңдеудің негізгі өлшемі болып табылады.
Осы тізбеге шарттардың бірі ретінде адвалорлық үлес ережесі дербес те, тауарды жеткілікті дәрежеде қайта өңдеудің басқа өлшемдерімен үйлестіріліп те енгізілген.
Арнайы экономикалық аймақтар мен Қазақстанда одан әрі айналымға арналған Қазақстан Республикасының бос қоймаларының аумағында шығарылатын, тауарлар шығарылған елді анықтау үшін нақты тауарларға қатысты тауарға шығу тегі мәртебесін беру үшін қажетті өндірістік және технологиялық операциялардың тізбесі «Тауарларды жеткілікті өңдеу өлшемдерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 15 қазандағы № 1054 қаулысымен белгіленген.
38. Тауарды жеткілікті дәрежеде қайта өңдеу өлшемдеріне сай келмейтін шарттар Қазақстан Республикасы Кеден кодексінің 35-бабының 5-тармағында белгіленген.
39. Егер адвалорлық үлес ережесі қолданылған жағдайда, тауарды өндірудегі адвалорлық үлес есептемесі Қазақстан Республикасы Кеден кодексінің 35-бабының 4-тармағына сәйкес жүргізіледі.
Тауарды өндірудегі адвалорлық үлес есептемесі осы Ереженің 1-қосымшасындағы формулаға сәйкес жүргізіледі.
40. Бөлшектенген немесе құрастырылмаған түрде жеткізілетін тауарлар шығарылған елді айқындау Қазақстан Республикасы Кеден кодексінің 36-бабына сәйкес жүргізіледі.
41. Тауар шығарылған елді айқындау кезіндегі ерекшеліктер Қазақстан Республикасы Кеден кодексінің 37-бабында белгіленген.
42. Тауар шығарылған елді айқындау жөніндегі сараптамаға байланысты жұмыстар шарттық негізде және өтінім мен осы Ереженің 64-тармағында көрсетілген тізбеге сәйкес өтініш беруші ұсынған құжаттар негізінде жүргізіледі.
43. Тауардың шығу тегінің сараптамасын тауар шығарылған елді айқындау жөніндегі сарапшы аудитор тауардың шығу тегін растайтын құжаттардың толық пакеті бар өтінім ұсынылған және тіркелген сәттен бастап жиырма төрт сағат ішінде жүзеге асырады.
44. Тауардың шығу тегінің сараптамасы:
1) осы Ереженің 45-тармағына сәйкес тауардың шығу тегін растайтын құжаттардың сараптамасын;
2) қажет болған кезде тауар орналастырылған жерге барып тауарды сыртқы белгілері бойынша, таңбалануы бойынша сәйкестендіруді (атауы, үлгісі, қаптамасы, сыныбы, шығарушы кәсіпорны);
3) тауарды жеткілікті дәрежеде қайта өңдеу өлшемін белгілеу және тауардың қосымша құнын айқындау мақсатында тауарды өндіру кезіндегі үрдістің сараптамасын қамтиды.
45. Тауардың шығу тегіне сараптама жүргізуге осы Ереженің 5-қосымшасына сәйкес өтініммен бірге мынадай құжаттар тапсырылады:
1) өтінім берушінің заңды мәртебесін растайтын құжаттар (заңды тұлға құрмай, кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке тұлғалар үшін - паспорт, жеке куәлік, дара кәсіпкердің патенті немесе куәлігі);
2) тауардың шығу тегін растайтын құжаттардың түпнұсқасы мен көшірмесі (тауарды өндірушімен немесе тауарды алуға жасалған шарт, жүкқұжаттар, шот-фактуралар, тауарды тасымалдау туралы құжаттар);
3) қызмет түріне берілген лицензияның түпнұсқасы және көшірмесі;
4) тауарды жеткілікті дәрежеде қайта өңдеу өлшемін айқындауға арналған құжаттардың түпнұсқасы мен көшірмелері (тауар өндірісінде пайдаланылатын шикізат пен құрамдауыштардың құны, шикізатты жеткізуге арналған шарттар, шоттар, төлем тапсырмалары, көліктік және басқа жүкқұжаттар, тауар соларға сәйкес өндірілетін нормативтік және технологиялық құжаттар, шетелде шығарылған шикізат немесе құрамдауыш құнын ескере отырып, тауардың өзіндік құнының есептемесі, шығындар калькуляциясы, қосылған құны);