Телевизиялық және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялау ережесін және оған қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 18 шілдедегі № 607 Қаулысы
Осы редакция 2010 жылғы 18 мамырда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Телевизиялық және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі;
2) телевизиялық және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Теледидар және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 5 желтоқсандағы № 1196 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 46, 598-құжат);
2) «Теледидар және (немесе) радио хабарларды таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 20 қазандағы № 1012 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 39, 432-құжат).
3. Осы қаулы ресми жариялануға тиіс және 2007 жылғы 9 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 18 шілдедегі
№ 607 қаулысымен
бекітілген
Телевизиялық және (немесе) радио хабарларын таратуды
ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Телевизиялық және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» 1999 жылғы 23 шілдедегі, «Байланыс туралы» 2004 жылғы 5 шілдедегі, «Лицензиялау туралы» 2007 жылғы 11 қаңтардағы заңдарына сәйкес әзірленді әрі телевизиялық және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметпен айналысуға лицензия беру тәртібін айқындайды.
2. Қазақстан Республикасының аумағында телевизиялық және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметпен айналысу құқығына лицензияны бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті орган - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті (бұдан әрі - лицензиар) береді.
Телевизиялық және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметпен айналысу құқығына лицензия бас лицензия болып табылады.
3. Лицензия иеліктен алынбайды, яғни лицензиат басқа жеке немесе заңды тұлғаларға бере алмайды.
4. Лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келетін жеке немесе заңды тұлғалар лицензиялау субъектілері болып табылады.
2. Лицензия беру тәртібі
5. Лицензия алу үшін лицензиарға мынадай құжаттар ұсынылады:
1) өтініш;
2) заңды тұлға үшін - жарғының және өтініш берушінің заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелгендігі туралы куәліктің нотариалды
куәландырылған көшірмелері;
3) жеке тұлға үшін - жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
4) дара кәсіпкер үшін - өтініш берушінің дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелгендігі туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
5) өтініш берушінің салық органында есепке тұрғаны туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
6) жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін бюджетке лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжат;
7) біліктілік талаптарына сәйкес мәліметтер мен құжаттар.
6. Лицензия тиісті құжаттармен қоса өтініш берілген күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін он жұмыс күнінен кешіктірмей беріледі.
Лицензиар осы тармақта белгіленген мерзім ішінде лицензияны беруді жүзеге асырады не лицензияны беруден бас тартудың себептері туралы жазбаша түрде дәлелді жауап қайтарады.
Егер лицензиар осы Ережеде белгіленген мерзімде өтініш берушіге лицензияны бермеген не өтініш берушіні лицензияны беруден бас тарту себебі туралы хабардар етпеген жағдайда, осы Ережеде лицензияны беру үшін белгіленген мерзімдер өткен күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң өтініш беруші тиісті лицензиарды қызметтің өзі өтініш берген түрін жүзеге асыра бастағаны туралы жазбаша хабардар етеді.
Лицензиар өтініш берушінің жазбаша хабарламасын алған сәттен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш беруші жазбаша хабарламада көрсеткен күннен бастап лицензия беруге міндетті.
7. Егер:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында субъектілердің осы санаты үшін қызмет түрімен айналысуға тыйым салынған;
2) осы Ереженің 5-тармағына сәйкес талап етілетін барлық құжаттар табыс етілмеген. Өтініш беруші көрсетілген кедергілерді жойған кезде өтініш жалпы негіздерде қаралады;
3) қызмет түріне лицензия беруге өтініш берілген жағдайда жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым енгізілмеген;
4) өтініш беруші біліктілік талаптарына сай келмеген;
5) өтініш берушіге қатысты оған жекелеген қызмет түрімен айналысуға тыйым салатын заңды күшіне енген сот үкімі болған жағдайларда лицензия беруден бас тартылуы мүмкін.
8. Лицензияның қолданылуы мынадай жағдайларда:
1) лицензияның берілген мерзімі аяқталғанда;
2) жүзеге асырылуына лицензия берілген іс-әрекеттер (операциялар) толық көлемде жасалғанда;
3) лицензия алып қойылғанда;
4) жеке тұлғаның қызметі тоқтатылғанда, заңды тұлға таратылғанда, бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құрылу нысанындағы қайта ұйымдастырылуды қоспағанда, заңды тұлға қайта ұйымдастырылғанда;
5) лицензия лицензиарға ерікті түрде қайтарылғанда;
6) лицензияланатындардың тізбесінен жекелеген қызмет түрі алып тасталғанда тоқтатылады.
Лицензияның қолданылуы тоқтатылған кезде лицензиат он жұмыс күні ішінде лицензияны лицензиарға кері қайтарады.
9. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, одан айыру Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
10. Лицензиар лицензиаттың Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған лицензиялық бақылауды жүзеге асырады.
3. Лицензияның телнұсқаларын қайта ресімдеу және беру
11. Лицензиясы жоғалған, бүлінген жағдайда лицензиат лицензияның телнұсқаларын алуға құқылы.
Лицензияның жоғалған, бүлінген бланкілері лицензиат лицензиарға жазбаша өтініш (лицензияның жоғалған, бүлінген фактісін растайтын құжаттармен қоса) берген күннен бастап жарамсыз деп саналады.
Лицензиар өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жаңа нөмір бере отырып және жоғары оң жақ бұрышында «Телнұсқа» деген жазуы бар лицензияның телнұсқаларын береді.
12. Жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты өзгерген жағдайда, бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құрылу нысанында заңды тұлға қайта ұйымдастырылған, атауы өзгерген, сондай-ақ қызмет түрінің атауы өзгерген кезде, егер мұндай өзгеріс қызмет түрі шеңберінде орындалатын операциялардың мәнінің өзгеруіне әкеп соқпаса, ол отыз күнтізбелік күн ішінде көрсетілген мәліметтерді растайтын тиісті құжаттармен қоса, лицензияны қайта ресімдеу туралы өтініш беруге міндетті.
Лицензиат тиісті жазбаша өтініш берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде лицензиар лицензияны қайта ресімдейді.
4. Лицензиялардың тізілімі
13. Лицензиар лицензиялар тізілімін жүргізуді жүзеге асырады, мұнда мынадай мәліметтер көрсетілуге тиіс:
лицензиардың атауы;
лицензияның берілген күні және нөмірі;
дара кәсіпкер үшін жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты, тұрғылықты жері, жеке басын куәландыратын құжатының деректері, сондай-ақ жеке тұлға дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелген жағдайда куәліктің нөмірі және оның берілген күні;
заңды тұлға үшін - атауы және ұйымдық-құқықтық нысаны, орналасқан жері;
қызмет түрі;
лицензияның қолданылу мерзімі;
салық төлеушінің тіркеу нөмірі;
төлем тапсырмасының нөмірі және лицензиялық алым төленген күн;
лицензияны қайта ресімдеу негіздері және күні;
лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, қайта жаңарту негіздері және күні;
лицензияның қолданылуын тоқтату негіздері және күні.
14. Осы Ереженің негізінде берілген лицензиялардың бірыңғай есебін жүргізу үшін лицензиар заңнамада белгіленген тәртіппен лицензиялардың бланкілеріне тапсырыс береді.
Лицензиялардың бланкілері қатаң есептегі құжаттар болып табылады.
Лицензиялардың бүлінген бланкілерін, сондай-ақ қолданылуы тоқтатылған лицензияларды лицензиар комиссиялық жоюға тиіс.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 18 шілдедегі
№ 607 қаулысымен
бекітілген
Телевизиялық (немесе) радио хабарларын таратуды
ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялау
кезінде қойылатын біліктілік талаптары
Телевизиялық және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметке лицензия алуға үміткер жеке және заңды тұлғаларға қойылатын біліктілік талаптары мыналардың болуын қамтиды:
1) Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бөлінісіне байланыстырылған даму кезеңдері бойынша қызметті жүзеге асыру аумағының карталарының;
2) бұқаралық ақпарат құралдарының есепке алынғандығы туралы куәліктің;
3) телевизиялық және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі бейіндік жоғары немесе орта арнаулы білімі және осы салада кемінде бір жыл тиісті жұмыс өтілі бар шығармашылық және инженерлік-техникалық қызметкерлер штатының;
4) телевизиялық және радио хабарларын тарату саласындағы қолданыстағы стандарттарға сәйкес телевизиялық және (немесе) радио бағдарламаларының техникалық сапасын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттеменің;
5) телевизия немесе радио хабарларын тарату желісін ұйымдастыру схемасының;
6) төтенше жағдайлар кезінде халықты хабардар етуді ұйымдастыру схемасының және оларды сақтау жөніндегі міндеттеменің;
7) объектіге немесе оны жалға алуға меншік иесінің мүліктік құқықтарын растаған құқық белгілейтін құжаттармен, өз алдына жеке кіретін есігі бар үй-жайлар мен орындардың, оның ішінде:
телевизиялық және радио хабарларды таратудың жұмыс істеуі үшін қажетті техникалық құралдарды орналастыратын және пайдаланатын арнайы үй-жайлардың (студиялық, беруші, антенналық-фидерлік, қосымша);
әкімшілік-басқару персоналына арналған үй-жайлардың;
халыққа қызмет көрсетуге арналған үй-жайлардың (көпбағдарламалы және спутниктік телевизиялық хабарларды таратушы операторлар үшін);
8) хабар таратудың орташа тәуліктік көлемі көрсетілген телевизиялық және (немесе) радио бағдарламаларының тұжырымдамасы және хабар тарату кестесінің;
9) телевизиялық және (немесе) радиобағдарламаларды тиісінше қабылдау мен таратуды қамтамасыз ететін меншік құқындағы сертификатталған бағдарламалық-аппараттық кешеннің;
10) шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының есепке алынғандығы туралы белгіленген нысандағы анықтамасының (көпбағдарламалы және спутниктік телевизиялық және (немесе) радио хабарларын таратушы операторлар үшін);
11) ретрансляция жасалатын бұқаралық ақпарат құралдарының меншік иесімен ретрансляция жасауға арналған алдын ала шарттарының, шарттарының немесе өзге де азаматтық-құқықтық мәмілелері көшірмесінің, (көпбағдарламалы және спутниктік телевизиялық және (немесе) радио хабарларын таратушы операторлар үшін);
12) біліктілік талаптарының 11) тармақшасында көзделген шарттардың орындалуын алты айға дейінгі мерзімге қамтамасыз ететін қысқа мерзімді активтердің;
13) Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңнамасының сақталуын техникалық қамтамасыз ету схемасының, (көпбағдарламалы телевизиялық және (немесе) радио хабарларын тарататын операторлар үшін).