3. Акционерлердің жалпы жиналысы кворум болған жағдайда хабарланған уақытта ашылады.
Барлық акционерлер (олардың өкілдері) тіркелген, хабарланған және жиналыстың ашылу уақытын өзгертуге қарсылық білдірмеген жағдайларды қоспағанда, акционерлердің жалпы жиналысы хабарланған уақытынан ерте ашылмауы керек.
4. Акционерлердің жалпы жиналысы жалпы жиналыстың төрағасын (төралқасын) және хатшысын сайлайды.
Акционерлердің жалпы жиналысы ашық немесе жасырын (бюллетеньдер бойынша) дауыс беру нысанын белгілейді. Егер қоғамның жарғысында өзгеше көзделмесе, акционерлердің жалпы жиналысының төрағасын (төралқасын) және хатшысын сайлау туралы мәселе бойынша дауыс беру кезінде әрбір акционердің бір дауысы болады, ал шешім қатысушылар санының жай көпшілік даусымен қабылданады.
Жиналысқа қатысушы акционерлердің барлығы атқарушы органға кіретін жағдайларды қоспағанда, атқарушы органның мүшелері акционерлердің жалпы жиналысында төрағалық ете алмайды.
5. Акционерлердің жалпы жиналысын өткізу барысында оның төрағасы қаралып отырған мәселе бойынша жарыссөзді тоқтату туралы, сондай-ақ ол бойынша дауыс берудің әдісін өзгерту туралы ұсынысты дауысқа салуға құқылы.
Төрағаның күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға қатысуға құқығы бар адамдардың сөз сөйлеуіне, мұндай сөздер акционерлердің жалпы жиналысының регламентін бұзуға әкеп соғатын немесе осы мәселе бойынша жарыссөз тоқтатылған жағдайларды қоспағанда, бөгет жасауға құқығы жоқ.
6. Акционерлердің жалпы жиналысы өзінің жұмысында үзіліс жариялау туралы және жұмыс мерзімін ұзарту туралы, оның ішінде акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібіндегі жекелеген мәселелердің қаралуын келесі күнге ауыстыру туралы шешім қабылдауға құқылы.
7. Акционерлердің жалпы жиналысын күн тәртібіндегі барлық мәселелер қаралып, олар бойынша шешімдер қабылданғаннан кейін ғана жабық деп жариялауға болады.
8. Акционерлердің жалпы жиналысының хатшысы акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасында көрсетілген мәліметтердің толық және дұрыс болуы үшін жауап береді.
49-бап. Акционерлердің жалпы жиналысының сырттай дауыс беру арқылы шешімдер қабылдауы
1. Акционерлердің жалпы жиналысының шешімдері сырттай дауыс беруді өткізу арқылы қабылдануы мүмкін. Сырттай дауыс беру акционерлердің жалпы жиналысына қатысып отырған акционерлердің дауыс беруімен (аралас дауыс берумен) бірге не акционерлердің жалпы жиналысының отырысы өткізілмей қолданылуы мүмкін.
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Жария компанияларды қоспағанда, қоғамның жарғысында акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібіндегі барлық немесе жекелеген мәселелер бойынша шешімдерді сырттай дауыс беру арқылы қабылдауға тыйым салу белгіленуі мүмкін.
3. Сырттай дауыс беруді өткізген кезде дауыс беру үшін бірыңғай нысандағы бюллетеньдер акционерлердің тізіміне енгізілген адамдарға жіберіледі (таратылады).
Акционерлердің жалпы жиналысында дауыс беру нәтижелеріне ықпал ету мақсатымен қоғамның дауыс беруге арналған бюллетеньдерді жекелеген акционерлерге таңдап жіберуге құқығы жоқ.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 4 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Дауыс беруге арналған бюллетень акционерлердің тізіміне енгізілген адамдарға акционерлердің жалпы жиналысының отырысы өткізілетін күннен бұрын қырық бес күннен кешіктірмей жіберілуге тиіс. Акционерлерінің саны бес жүз және одан да көп қоғам акционерлердің жалпы жиналысын өткізбей, сырттай дауыс беретін болған жағдайда акционерлердің жалпы жиналысында сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньді акционерлердің жалпы жиналысының өткізілетіні туралы хабармен бірге жарғыда белгіленген бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға міндетті.
5. Сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньде:
1) қоғамның атқарушы органының толық атауы және орналасқан жері;
2) жиналысты шақырудың бастамашысы туралы мәліметтер;
3) сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньдерді берудің нақты күні;
4) акционерлердің жалпы жиналысы отырысының өткізілетін күні не акционерлердің жалпы жиналысының отырысын өткізбей, сырттай дауыс берілетін дауыстар есептелетін күн;
5) акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібі;
6) егер акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібінде директорлар кеңесінің мүшелерін сайлау туралы мәселелер болса, сайлауға ұсынылатын кандидаттардың есімдері;
7) дауыс берілетін мәселелердің тұжырымдалуы;
8) акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша дауыс берудің «жақтайды», «қарсы», «қалыс қалды» деген сөздермен білдірілген нұсқалары;
9) күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша дауыс беру (бюллетеньді толтыру) тәртібінің түсіндірмесі болуға тиіс.
6. Сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньге жеке адам - акционер осы адамның жеке басын куәландыратын құжат туралы мәліметтерді көрсете отырып қол қоюға тиіс.
Заңды тұлға - акционердің сырттай дауыс беруге арналған бюллетеніне оның басшысы қол қойып, заңды тұлғаның мөрімен куәландырылуға тиіс.
Жеке адам - акционердің не заңды тұлға - акционер басшының қолы қойылмаған, сондай-ақ заңды тұлғаның мөрі жоқ бюллетень жарамсыз деп саналады.
Дауыстарды есептеу кезінде акционер бюллетеньде белгіленген дауыс беру тәртібін сақтаған және дауыс берудің тек бір ғана ықтимал нұсқасы қойылған мәселелер бойынша дауыстар есептеледі.
7. Егер акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібінде директорлар кеңесінің мүшелерін сайлау туралы мәселелер болса, сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньде жекелеген кандидаттарға берілген дауыстардың санын көрсететін орын болуға тиіс.
8. Егер сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньді бұрын жіберген акционер акционерлердің аралас дауыс беру пайдаланылатын жалпы жиналысына қатысуға және дауыс беруге келсе, оның бюллетені акционерлердің жалпы жиналысының кворумын анықтау және күн тәртібіндегі мәселелер бойынша дауыстарды есептеу кезінде есепке алынбайды.
50-бап. Акционерлердің жалпы жиналысында дауыс беру
1. Акционерлердің жалпы жиналысында дауыс беру:
1) Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларда бір акционерге берілетін акциялар бойынша дауыстардың ең көп санын шектеуді;
2) директорлар кеңесінің мүшелерін сайлау кезінде кумулятивтік дауыс беруді;
3) акционерлердің жалпы жиналысында дауыс беру құқығы бар әрбір адамға акционерлердің жалпы жиналысын өткізудің рәсімдік мәселелері бойынша бір дауыстан беруді қоспағанда, «бір акция - бір дауыс» принципі бойынша жүзеге асырылады.
2. Акциялар бойынша берілетін кумулятивтік дауыс беру кезінде дауыстарды акционер директорлар кеңесінің мүшелігіне бір кандидат үшін толық беруі немесе ол директорлар кеңесінің мүшелігіне бірнеше кандидат арасында бөліп беруі мүмкін. Дауыстар саны ең көп берілген кандидаттар директорлар кеңесіне сайланған болып танылады.
3. Акционерлердің қатысу тәртібімен өткізілетін жалпы жиналысында дауыс беру жасырын әдіспен жүргізілген жағдайда мұндай дауыс беруге арналған бюллетеньдер (бұдан әрі осы бапта - қатысып жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдер) дауыс беру жасырын тәсілмен жүргізілетін әрбір жекелеген мәселе бойынша жасалуға тиіс. Бұл орайда қатысып жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньде:
1) мәселенің тұжырымдалуы немесе жиналыстың күн тәртібіндегі оның рет нөмірі;
2) мәселелер бойынша «жақтайды», «қарсы», «қалыс қалды» деген сөздермен білдірілген дауыс беру нұсқалары немесе қоғамның органына әрбір кандидат бойынша дауыс беру нұсқалары;
3) акционерге тиесілі дауыстар саны болуға тиіс.
4. Акционер бюллетеньге өзі қол қоюға, оның ішінде өзіне тиесілі акцияларды осы Заңға сәйкес сатып алу туралы қоғамға талап қою мақсатында тілек білдірген жағдайды қоспағанда, акционер қатысып жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньге қол қоймайды.
Қатысып жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдер бойынша дауыстарды есептеу кезінде дауыс берушілердің бюллетеньде белгіленген дауыс беру тәртібі сақталған және дауыс берудің тек бір ғана ықтимал нұсқасы қалдырылған мәселелер бойынша дауыстары есепке алынады.
51-бап. Дауыс беру қорытындылары туралы хаттама
1. Дауыс беру қорытындылары бойынша есеп комиссиясы дауыс беру қорытындылары туралы хаттама жасап, оған қол қояды.
2. Акционердің дауыс беруге қойылған мәселе бойынша ерекше пікірі болған жағдайда қоғамның есеп комиссиясы хаттамаға тиісті жазба енгізуге міндетті.
3. Дауыс беру қорытындылары туралы хаттама жасалып, оған қол қойылғаннан кейін қатысып жасырын және сырттай дауыс беру үшін толтырылған (оның ішінде жарамсыз деп танылған бюллетеньдер де), соның негізінде хаттама жасалған бюллетеньдер хаттамамен бірге тігіледі және қоғамның мұрағатына сақтауға тапсырылады.
4. Дауыс беру қорытындылары туралы хаттама акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасына қоса тіркелуге тиіс.
5. Дауыс беру қорытындылары акционерлердің дауыс беру өткізілген жалпы жиналысының барысында жария етіледі.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 6 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
6. Акционерлердің жалпы жиналысының дауыс беру қорытындылары немесе сырттай дауыс беру нәтижелері акционерлерге акционерлердің жалпы жиналысы жабылғаннан кейін он күн ішінде оларды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау немесе әрбір акционерге жазбаша хабарлама жіберу арқылы хабарланады.
Акционерлерге дауыс беру қорытындылары туралы хабарлау тәртібі қоғамның жарғысымен белгіленеді.
52-бап. Акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасы
1. Акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасы жиналыс жабылғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде жасалып, қол қойылуға тиіс.
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасында:
1) қоғамның атқарушы органының толық атауы және орналасқан жері;
2) акционерлердің жалпы жиналысының өткізілген күні, уақыты және орны;
3) қоғамның акционерлердің жалпы жиналысындағы ұсынған дауыс беретін акцияларының саны туралы мәліметтер;
4) акционерлердің жалпы жиналысының кворумы;
5) акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібі;
6) акционерлердің жалпы жиналысында дауыс беру тәртібі;
7) акционерлердің жалпы жиналысының төрағасы (төралқасы) және хатшысы;
8) акционерлердің жалпы жиналысына қатысқан адамдардың сөйлеген сөздері;
9) акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібіндегі дауыс беруге қойылған әрбір мәселе бойынша акционерлердің жалпы дауыс саны;
10) дауысқа қойылған мәселелер, олар бойынша дауыс беру қорытындылары;
11) акционерлердің жалпы жиналысында қабылданған шешімдер көрсетіледі.
Жалпы жиналыста қоғамның директорлар кеңесін (директорлар кеңесінің жаңа мүшесін) сайлау туралы мәселе қаралған жағдайда жалпы жиналыстың хаттамасында: директорлар кеңесінің сайланған мүшесі қандай акционердің өкілі болып табылатыны және (немесе) директорлар кеңесінің сайланған мүшелерінің қайсысы тәуелсіз директор болып табылатыны көрсетіледі.
3. Акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасына:
1) акционерлердің жалпы жиналысының төрағасы (төралқа мүшелері) және хатшысы;
2) қоғамның есеп комиссиясының мүшелері;
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 3 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3) қоғамның дауыс беретін акцияларының он және одан да көп процентін иеленетін және акционерлердің жалпы жиналысына қатысқан акционерлер қол қоюға тиіс.
Хаттамаға қол қоюға міндетті адамның қол қоюға мүмкіндігі болмаған жағдайда, өзіне берілген сенімхат негізінде оның өкілі хаттамаға қол қояды.
4. Осы баптың 3-тармағында аталған адамдардың біреуі хаттаманың мазмұнымен келіспеген жағдайда, ол адам бас тарту себебіне жазбаша түсініктеме бере отырып, оған қол қоюдан бас тартуға құқылы, ол хаттамаға қоса тіркелуге тиіс.
5. Акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасы дауыс беру қорытындылары туралы хаттамамен, жалпы жиналысқа қатысу және дауыс беру құқығына берілген сенімхаттармен, сондай-ақ хаттамаға қол қоюмен және хаттамаға қол қоюдан бас тарту себептерінің жазбаша түсініктемелерімен бірге тігіледі. Аталған құжаттар атқарушы органда сақталуға және танысу үшін акционерлерге кез келген уақытта берілуге тиіс. Акционердің талап етуі бойынша оған акционерлердің жалпы жиналысы хаттамасының көшірмесі беріледі.
53-бап. Директорлар кеңесі
1. Осы Заңда және қоғамның жарғысында акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелерді шешуді қоспағанда, директорлар кеңесі қоғамның қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады.
2. Егер осы Заңда және қоғамның жарғысында өзгеше белгіленбесе, мынадай мәселелер директорлар кеңесінің айрықша құзыретіне жатады:
1) қоғам қызметінің басым бағыттарын белгілеу;
2) акционерлердің жылдық және кезектен тыс жалпы жиналысын шақыру туралы шешім қабылдау;
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3) жарияланған акциялардың саны шегiнде акцияларды орналастыру (өткізу) туралы, оның iшiнде орналастырылатын (өткiзiлетiн) акциялардың саны, оларды орналастыру (өткізу) тәсiлi мен бағасы туралы шешiм қабылдау;
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
4) қоғамның орналастырылған акцияларды немесе басқа да бағалы қағаздарды сатып алуы және оларды сатып алу бағасы туралы шешім қабылдау;
5) қоғамның жылдық қаржы есептілігін алдын ала бекіту;
6) 2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
7) қоғамның облигацияларын және туынды бағалы қағаздарын шығару талаптарын айқындау;
8) атқарушы органның сан құрамын, өкілеттік мерзімін анықтау, оның басшысын және мүшелерін (атқарушы органның функциясын жеке-дара жүзеге асыратын адамды) сайлау, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;
9) атқарушы органның басшысы мен мүшелерінің (атқарушы органның функциясын жеке-дара жүзеге асыратын адамның) лауазымдық айлықақыларының мөлшерін және оларға еңбекақы және сыйлықақы төлеу талаптарын айқындау;
2008.23.10. № 72-IV ҚР Заңымен 10) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
10) ішкі аудит қызметінің сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, оның басшысы мен мүшелерін тағайындау, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату, ішкі аудит қызметінің жұмыс тәртібін, ішкі аудит қызметі қызметкерлеріне еңбекақы және сыйлықақы төлеудің мөлшері мен талаптарын айқындау;
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 10-1) тармақшамен толықтырылды
10-1) корпоративтік хатшыны тағайындау, оның өкілеттік мерзімін айқындау, оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ корпоративтік хатшының лауазымдық жалақысы мөлшерін және сыйақы шарттарын айқындау;
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 11) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
11) аудиторлық ұйымның, сондай-ақ қоғамның акцияларын төлеуге берілген не ірі мәміле нысанасы болып табылатын мүліктің нарықтық құнын бағалау жөніндегі бағалаушының қызметіне ақы төлеу мөлшерін айқындау;
12) 2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 13) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
13) қоғамның ішкі қызметін реттейтін құжаттарды (бұған қоғам қызметін ұйымдастыру мақсатында атқарушы орган қабылдайтын құжаттар қосылмайды), оның ішінде аукциондар өткізу және қоғамның бағалы қағаздарына қол қою шарттары мен тәртібін белгілейтін ішкі құжатты бекіту;
14) қоғамның филиалдары мен өкілдіктерін құру және жабу туралы шешімдер қабылдау және олар туралы ережелерді бекіту;
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 15) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара) ; 2008.23.10. № 72-IV ҚР Заңымен 15) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
15) қоғамның басқа заңды тұлғалардың акцияларының он және одан да көп процентін (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) сатып алу туралы шешімдерін қабылдау;
2008.23.10. № 72-IV ҚР Заңымен 15-1) тармақшамен толықтырылды
15-1) акцияларының (жарғылық капиталдағы қатысу үлесінің) он және одан да көп проценті қоғамға тиесілі заңды тұлға акционерлерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының құзыретіне жатқызылатын қызмет мәселелері бойынша шешімдер қабылдау;
16) қоғамның міндеттемелерін оның өзіндік капиталы мөлшерінің он және одан да көп проценті болатын шамаға көбейту;
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 17) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
17) қоғамның бұрынғы тіркеушісімен шарт бұзылған жағдайда қоғамның тіркеушісін таңдау;
18) қоғам немесе оның қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын қызметі туралы ақпаратты айқындау;
19) ірі мәмілелер және жасалуына қоғам мүдделі мәмілелер жасасу туралы шешімдер қабылдау;
20) осы Заңда және қоғамның жарғысында көзделген, акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне жатпайтын өзге де мәселелер.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 3 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3. Тiзбесi осы баптың 2-тармағында белгiленген мәселелердi атқарушы органның шешуiне беруге болмайды.
2009.13.02. № 135-IV ҚР Заңымен мазмұн 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарының ережелері «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленетін ұлттық басқарушы холдинг директорлар кеңесінің құзыретін айқындау кезінде қолданылмайды.
Осы тармақтың ережелері агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ұлттық басқарушы холдингке қолданылмайды.
4. Қоғамның жарғысына сәйкес оның атқарушы органының құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша директорлар кеңесінің шешім қабылдауға, сондай-ақ акционерлердің жалпы жиналысының шешімдеріне қайшы келетін шешімдер қабылдауға құқығы жоқ.
5. Директорлар кеңесі қабылдаған шешімдер вето құқығы белгіленген мәселелер бойынша «алтын акция» иесімен келісілуге тиіс.
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 53-1-баппен толықтырылды
53-1-бап. Директорлар кеңесінің комитеттері
1. Директорлар кеңесінің неғұрлым маңызды мәселелерін қарау және ұсынымдарын дайындау үшін жария компанияларда:
1) стратегиялық жоспарлау;
2) кадрлар және сыйақылар;
3) ішкі аудит;
4) әлеуметтік мәселелер;
5) қоғамның ішкі құжатында көзделген өзге мәселелер бойынша директорлар кеңесінің комитеттері құрылады, ал өзге қоғамдарда құрылуы мүмкін.
2. Директорлар кеңесінің комитеттері директорлар кеңесінің мүшелерінен және нақты комитетте жұмыс істеу үшін қажетті кәсіби білімі бар сарапшылардан тұрады.
Атқарушы органның басшысы директорлар кеңесі комитетінің төрағасы бола алмайды.
3. Директорлар кеңесі комитеттерін қалыптастыру және олардың жұмыс істеу тәртібі, сондай-ақ олардың сандық құрамы директорлар кеңесі бекітетін қоғамның ішкі құжатымен белгіленеді.
54-бап. Директорлар кеңесінің құрамы
1. Жеке адам ғана директорлар кеңесінің мүшесі бола алады.
2. Директорлар кеңесінің мүшелері:
1) акционер - жеке адамдар;
2) директорлар кеңесіне акционерлердің мүдделерін білдіруші өкілдер ретінде сайлауға ұсынылған (ұсыныс берілген) адамдар;
3) басқа адамдар (осы баптың 3-тармағында белгіленген шектеулерді ескере отырып) арасынан сайланады.
Директорлар кеңесінің мүшелерін сайлау кумулятивтік дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Акционер өзіне тиесілі акциялар бойынша бір кандидатты жақтап толық дауыс беруге немесе оларды директорлар кеңесінің мүшелігіне бірнеше кандидат арасында бөліп беруге құқылы. Ең көп дауыс санын алған кандидаттар директорлар кеңесіне сайланған болып есептеледі. Егер директорлар кеңесінің мүшелігіне екі немесе одан да көп кандидат тең дауыс санын алса, бұл кандидаттарға қатысты қосымша дауыс беру өткізіледі.
3. Қоғамның акционері емес және акционердің мүдделерін білдіруші өкіл ретінде директорлар кеңесіне сайлауға ұсынылмаған (ұсыныс берілмеген) жеке адам директорлар кеңесінің мүшесі болып сайлана алады. Мұндай адамдар саны директорлар кеңесі құрамының елу процентінен аспауы керек.
4. Атқарушы органның басшысынан басқа мүшелері директорлар кеңесіне сайлана алмайды. Атқарушы органның басшысы директорлар кеңесінің төрағасы болып сайлана алмайды.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 5 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
5. Директорлар кеңесi мүшелерiнiң саны кемiнде үш адам болуға тиiс. Қоғамның директорлар кеңесi мүшелерi санының кемiнде үштен бiрi тәуелсiз директорлар болуға тиiс.
6. Директорлар кеңесінің құрамына сайланатын адамдарға қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының заң актілерінде және қоғамның жарғысында белгіленеді.
55-бап. Директорлар кеңесі мүшелерінің өкілеттік мерзімі
1. Директорлар кеңесінің құрамына сайланған адамдардың, егер Қазақстан Республикасының заңдарында және қоғамның жарғысында өзгеше көзделмесе, қайта сайлануына шек қойылмауы мүмкін.
2. Директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімін акционерлердің жалпы жиналысы белгілейді.
Директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімі акционерлердің жаңа директорлар кеңесін сайлау өткізілетін жалпы жиналысын өткізу кезінде аяқталады.
3. Акционерлердің жалпы жиналысы директорлар кеңесінің барлық немесе жекелеген мүшелерінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
4. Директорлар кеңесі мүшесінің өкілеттігін өз бастамасы бойынша мерзімінен бұрын тоқтату директорлар кеңесіне берілген жазбаша хабарлама негізінде жүзеге асырылады.
Директорлар кеңесінің мұндай мүшесінің өкілеттігі директорлар кеңесі аталған хабарламаны алған кезден бастап тоқтатылады.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 5 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Директорлар кеңесі мүшесінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, директорлар кеңесінің жаңа мүшесін сайлау акционерлердің жалпы жиналысында ұсынылған кумулятивтiк дауыс берумен жүзеге асырылады, бұл орайда директорлар кеңесінің жаңадан сайланған мүшесiнiң өкілеттігі тұтас алғанда директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімінің өтуімен бір мезгілде аяқталады.
56-бап. Директорлар кеңесінің төрағасы
1. Егер қоғам жарғысында өзгеше көзделмесе, директорлар кеңесінің төрағасы директорлар кеңесі мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы оның мүшелері арасынан сайланады.
Егер қоғам жарғысында өзгеше көзделмесе, директорлар кеңесі төрағаны кез келген уақытта қайта сайлауға құқылы.
2. Директорлар кеңесінің төрағасы директорлар кеңесінің жұмысын ұйымдастырады, оның отырыстарын жүргізеді, сондай-ақ қоғам жарғысында белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
3. Директорлар кеңесінің төрағасы болмаған жағдайда, оның функцияларын директорлар кеңесінің шешімі бойынша директорлар кеңесі мүшелерінің бірі жүзеге асырады.
57-бап. Директорлар кеңесінің отырысын шақыру
1. Директорлар кеңесінің отырысы оның төрағасының немесе атқарушы органның бастамасы бойынша, не:
1) директорлар кеңесінің кез келген мүшесінің;
2) қоғамның ішкі аудит қызметінің;
3) қоғамға аудитті жүзеге асыратын аудиторлық ұйымның;
4) ірі акционердің талап етуі бойынша шақырылуы мүмкін.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Директорлар кеңесінің отырысын шақыру туралы талап директорлар кеңесінің төрағасына директорлар кеңесі отырысының ұсынылатын күн тәртібі бар тиісті жазбаша хабар жіберу арқылы қойылады.
Директорлар кеңесінің төрағасы отырысты шақырудан бас тартқан жағдайда бастамашы аталған талаппен, атқарушы органға жүгінуге құқылы, ол директорлар кеңесінің отырысын шақыруға міндетті.
Директорлар кеңесінің отырысын директорлар кеңесінің төрағасы немесе атқарушы орган, егер қоғам жарғысында өзге мерзім белгіленбесе, шақыру туралы талап келіп түскен күннен бастап он күннен кешіктірмей шақыруға тиіс.
Директорлар кеңесiнiң отырысы көрсетiлген талапты қойған тұлғаны мiндеттi түрде шақыра отырып өткiзiледi.
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Директорлар кеңесінің отырысын өткізу туралы директорлар кеңесінің мүшелеріне хабарлама жіберу тәртібін - директорлар кеңесі, ал «алтын акция» иесіне хабарлама жіберу тәртібін қоғамның жарғысы айқындайды.
4. Директорлар кеңесінің мүшесі өзінің директорлар кеңесінің отырысына қатыса алмайтыны туралы атқарушы органға алдын ала хабарлауға міндетті.
2008.05.07. № 58-IV ҚР Заңымен 58-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
58-бап. Директорлар кеңесінің отырысы
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Директорлар кеңесінің отырысын өткізу үшін кворум қоғамның жарғысында белгіленеді, бірақ ол директорлар кеңесі мүшелері санының жартысынан кем болмауға тиіс. Жария компанияның директорлар кеңесінің отырысына міндетті түрде тәуелсіз директорлардың жалпы санының жартысынан кем емес мөлшерде тәуелсіз директорлар ұсынылуға тиіс.
Директорлар кеңесі мүшелерінің жалпы саны жарғыда белгіленген кворумға қол жеткізу үшін жеткіліксіз болған жағдайда, директорлар кеңесінің жаңа мүшелерін сайлау үшін директорлар кеңесі акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын шақыруға міндетті. Директорлар кеңесінің қалған мүшелері акционерлердің мұндай кезектен тыс жалпы жиналысын шақыру туралы ғана шешім қабылдауға құқылы.