Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы
Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі № 593-II Заңы
(2009.17.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2010 жылғы 21 қаңтарда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заң жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi және қазiргi және келешек ұрпақтың мүдделерiн ескере отырып, адамның экологиялық, экономикалық, эстетикалық және өзге де қажеттерiн қанағаттандыру мақсатында жануарлар дүниесiн, оның биологиялық сан алуандығын сақтау, жануарлар дүниесi объектiлерiн орнықты пайдалану шарттарын қамтамасыз етуге бағытталған.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) балық ресурстарын және басқа су жануарларын мемлекеттік басқарудың бассейндiк принципi (бұдан әрi - бассейндiк принцип)- әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiсiне қарамастан, балықтар мен басқа да су жануарларының өсiмiн молайтуы мен өрiс аударуының ерекшелiктерi ескерiле отырып, балық шаруашылығы су тоғандарындағы (учаскелеріндегі) балық ресурстары мен басқа да су жануарларын басқарудың бiртұтас жүйесi;
2) биологиялық негiздеме - жануарлар дүниесiнiң объектiлерi мен олардың мекендейтiн ортасына ықпал ететiн жануарлар дүниесiн пайдалануға немесе шаруашылық және өзге қызметке арналған ғылыми негiзделген қорытынды;
3) жануарлар дүниесiнiң биологиялық сан алуандығы - жануарлар дүниесi объектiлерiнiң бiр түр шеңберіндегі, түрлер арасындағы және экологиялық жүйелердегi сан алуандығы;
4) биологиялық-экономикалық тексеру - жануарлар дүниесi объектiлерiн алып қоюға оңтайлы түрде жол берiлуiн айқындау әрi аңшылық және балық шаруашылығын ұтымды жүргiзу мақсатында аумақ пен акваторияны биологиялық және экономикалық бағалау;
5) шаруашылықiшiлiк аңшылық iсiн ұйымдастыру - аңшылық алқаптарын түгендеу, сапасын бағалау, табиғи және экономикалық жағдайларын зерттеу, жануарларды есепке алу, биотехникалық және пайдалану шараларын жобалау жөніндегі iс-шаралар жиынтығы, олардың негiзiнде аңшылық шаруашылығын жүргiзу жоспары әзiрленедi;
6) шаруашылықiшiлiк балық шаруашылығы iсiн ұйымдастыру - балық шаруашылығы су тоғандарын (учаскелерiн) түгендеу, олардың табиғи және экономикалық жағдайларын зерттеу, балық ресурстарын есепке алу, балық-су-мелиоративтiк және пайдалану шараларын жобалау жөніндегі iс-шаралар жиынтығы, олардың негiзiнде балық шаруашылығын жүргiзу жоспары әзiрленедi;
7) қорықшы - бекітілiп берiлген аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су тоғандарында (учаскелерiнде) жануарлар дүниесi объектiлерiн қорғауды жүзеге асыратын қорықшы қызметiнiң қызметкерi;
8) қорықшылық қызмет - бекітілiп берiлген аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су тоғандарында (учаскелерiнде) жануарлар дүниесi объектiлерiн қорғау функцияларын жүзеге асыратын аңшылық шаруашылығы және балық шаруашылығы ұйымдарының құрылымдық бөлiмшесi;
9) жануарлар - құрғақта, суда, атмосферада және топырақта табиғи еркiндiк жағдайда болатын жабайы жануарлар (сүтқоректiлер, құстар, бауырымен жорғалаушылар, қосмекендiлер, балықтар, моллюскалар, жәндiктер және тағы басқалары);
10) жануарлар дүниесi - Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының құрлықтағы қайраңының және айрықша экономикалық аймағының табиғи ресурстарына жатқызылатын аумақтарда тұрақты немесе уақытша мекендейтiн жануарлар жиынтығы;
11) зоологиялық коллекция - жануарлар дүниесi объектiлерi тұлыптарының, жұмыртқаларының, препараттары мен бөлiктерiнiң, оның iшiнде ғылыми, мәдени-ағартушылық, оқу-тәрбиелiк және эстетикалық құндылығы бар жабайы жануарлар зоопарктерiнiң, зообақтардың, цирктердiң, зоологиялық питомниктердiң, аквариумдардың, океанариумдардың жинағы;
12) жануарлар дүниесi объектiлерiн алып қою - бiржолғы аулау кезiнде бiр балықшыға балық шаруашылығы су тоғандарының (учаскелерiнiң) резервтiк қорында бес килограмға дейiн әуесқойлық (спорттық) балық аулауды қоспағанда, жануарлар дүниесiн пайдалануға рұқсаттың негiзiнде табиғи еркiн жағдайда мекендейтiн жануарларды мекендеу ортасынан айыру (алу, атып алу, аулау);
13) жануарларды жасанды өсiру - жануарлар дүниесi объектiлерiн ерiксiз және (немесе) жартылай ерiктi жағдайларда ұстау және өсiру;
14) интродукция - жануарлардың жеке түрлерiн олар мекендейтiн ортадан тысқары жерлерге әдейi немесе кездейсоқ тасымалдау;
15) аңшылық шаруашылығының санаты - аңшылық шаруашылықтарының шаруашылықаралық аңшылық ұйымдастыру негiзiнде аңшылық шаруашылықтарына аңшылық шаруашылықтарының алқаптары өнiмдiлiгiнiң, күзет және өсiмiн молайту iс-шаралары сипатының белгiлерi бойынша белгiленетiн сыныптамалық бөлу бiрлiгi;
16) шаруашылықаралық аңшылық өсiрудi ұйымдастыру - аңшылық алқаптарын бекітіп беруге дейiн жүргiзiлетiн жануарлар дүниесi мен олар мекендейтiн ортаның шекараларын белгiлеу, алаңын, жай-күйiн есептеу;
17) жануарлар дүниесiнiң объектiсi - жануарлардың жеке түрi немесе популяциясы;
18) жануарлар дүниесiн қорғау - жануарлар дүниесiн, олар мекендейтiн ортаны және биологиялық сан алуандықты сақтауға, жануарлар дүниесi объектiлерiн орнықты пайдалану мен өсiмiн молайтуға бағытталған қызмет, сондай-ақ жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мен оларға қарсы күрес жөніндегі iс-шаралар кешенi;
19) жануарлар дүниесiнiң мекендеу ортасын қорғау - табиғи еркiн жағдайда жануарлар дүниесi объектiлерiнiң орнықты тiршiлiк етуi және өсiмiн молайту шарттарын сақтауға немесе қалпына келтiруге бағытталған қызмет;
20) аңшы - Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен аң аулауға құқық алған жеке тұлға;
21) аңшылық шаруашылығы ұйымы - бекітілiп берiлген аңшылық алқаптарда Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен аңшылық шаруашылығын жүргiзушi шаруашылық субъектiсi;
22) аңшылық минимумы (аңшылыққа қойылатын ең төменгi талап)- жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңдары бойынша арнайы бағдарлама;
23) аңшылық шаруашылығы - аңшылық алқаптарда жануарлар дүниесi объектiлерiн орнықты пайдалану, жануарлар дүниесiнiң мекендеу ортасын сақтау, оларды қорғау және өсiмiн молайту жөніндегі шаруашылық қызметтiң түрi;
24) жануарлар дүниесiн пайдалану - жануарлар дүниесiнiң объектiлерiн, олардың пайдалы қасиеттерiн мекендеу ортасынан айырып немесе айырмай-ақ пайдалану;
25) жануарлар дүниесiн пайдаланушылар - осы Заңға сәйкес жануарлар дүниесiн пайдалану құқығы берiлген жеке және заңды тұлғалар;
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 25-1 тармақшамен толықтырылды
25-1) 2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
26) жолдама - бекітілiп берiлген аңшылық алқаптарға немесе балық шаруашылығы су тоғандарына (учаскелерiне) жануарлар дүниесi объектiлерiн алу мақсатында бару үшiн жеке тұлғаларға берiлетiн құжат;
27) жануарлар дүниесiн пайдалануға арналған рұқсат - жеке және заңды тұлғаларға жануарлар дүниесiн арнайы пайдалану құқығын беретiн белгiленген нысандағы құжат;
28) аңшылық алқаптардың және балық шаруашылығы су тоғандарының (учаскелерiнiң) резервтiк қоры - жануарлар дүниесiн пайдаланушыларға бекітілiп берiлмеген аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су тоғандары (учаскелерi);
29) балық аулаушы - Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен балық аулауға құқық алған жеке тұлға;
30) балық шаруашылығы ұйымы - бекітілiп берiлген балық шаруашылығы су тоғандарында (учаскелерiнде) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен балық шаруашылығын жүргiзушi шаруашылық субъектiсi;
31) балық шаруашылығын ұйымдастыру - балық шаруашылығы су тоғандарын (учаскелерiн) бекітіп беруге дейiн жүргiзiлетiн ихтиофаунаның шекараларын, алаңын және жай-күйiн айқындау;
32) балық шаруашылығы - балық шаруашылығы су тоғандарында (учаскелерiнде) балық ресурстары мен басқа да су жануарларын орнықты пайдалану, олардың мекендеу ортасын сақтау, оларды қорғау және өсiмiн молайту жөніндегі шаруашылық қызметтiң түрi;
33) сервитут - аңшылық шаруашылығының және (немесе) балық шаруашылығының қажеттерi үшiн бөгде бiреудiң жер учаскесi мен су объектiсiн шектеулi түрде мақсатты пайдалану құқығы;
34) жануарлар дүниесiнiң мекендеу ортасы - жануарлар дүниесiнiң объектiлерi табиғи еркiн жағдайда мекендейтiн табиғи орта;
35) аңшы куәлiгi - жеке тұлғаның аң аулау құқығын куәландыратын белгiленген нысандағы құжат;
36) уәкiлеттi орган - жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы басқару мен бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
37) жануарлар дүниесi объектiлерiн орнықты пайдалану - жануарлар дүниесi объектiлерiн олардың түрлiк сан алуандығының таусылуына әкеп соқпайтын және оның өсiмiн молайту мен қазiргi және келешек ұрпақтың қажеттiлiктерiн қанағаттандыру қабiлетi сақталатын тәсiлдер арқылы пайдалану.
2-бап. Қазақстан Республикасының жануарлар
дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
пайдалану саласындағы заңдары
1. Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3-бап. Жануарлар дүниесiнiң санаттары
1. Жануарлар дүниесi мақсатты пайдалану жағынан мынадай санаттарға бөлiнедi:
1) жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерi;
2) жануарлардың аң аулау объектiлерi болып табылатын түрлерi;
3) жануарлардың балық аулау объектiлерi болып табылатын түрлерi;
4) жануарлардың уәкiлеттi орган айқындайтын өзге де шаруашылық мақсаттарда (аң аулау мен балық аулаудан басқа) пайдаланылатын түрлерi;
5) жануарлардың шаруашылық мақсаттарда пайдаланылмайтын, бiрақ экологиялық, мәдени және өзге де құндылығы бар түрлерi;
6) жануарлардың халықтың денсаулығын сақтау, ауыл шаруашылығы және басқа да үй жануарларын аурудан алдын ала қорғау, қоршаған ортаға зиян келтiрiлуiн болдырмау, ауыл шаруашылығы қызметiне айтарлықтай зиян келтiру қаупiнiң алдын алу мақсатында саны реттелуге тиiс түрлерi.
2. Жануарлардың түрлерiн санаттарға бөлу және оларды бiр санаттан басқасына ауыстыру жануарлар дүниесiнiң түрлiк сан алуандығын сақтау, оларды қорғау, өсiмiн молайту және орнықты пайдалану мақсатында жүргiзiледi.
4-бап. Жануарлар дүниесiне және жануарлар дүниесi
объектiлерiне меншiк
1. Жануарлар дүниесi мемлекеттік меншiкте болады.
2. Мекендейтiн ортадан осы Заңда белгiленген тәртiппен алынған, сондай-ақ ерiксiз және (немесе) жартылай ерiктi жағдайларда өсiрiлiп, ұсталатын жануарлар дүниесiнiң объектiлерi оларды аулаған, өсiретiн және ұстайтын жеке және заңды тұлғалардың меншiгi болып табылады.
5-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
пайдалану саласындағы қатынастар субъектiлерi
Жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекеттік органдар жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы қатынастар субъектiлерi болып табылады.
2-тарау. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану
саласын мемлекеттік басқару
6-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
пайдалану саласын мемлекеттік басқарудың
негiзгi принциптерi
Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласын мемлекеттік басқарудың негiзгi принциптерi:
1) жануарлар дүниесiнiң қорғалуын, өсiмiн молайтуды және орнықты пайдаланылуын қамтамасыз ету;
2) жануарлар дүниесiн iзгiлiк принциптерiне сәйкес жануарларға қатал қарауға жол бермейтiн тәсiлдермен пайдалану;
3) жануарлар дүниесiнiң пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру жөніндегі қызметтiң жануарлар дүниесi объектiлерiн пайдалану жөніндегі қызметпен қоса атқарылуына жол бермеу;
4) жануарлар дүниесiн пайдалану құқығын жердi, суларды, өсiмдiк дүниесiн және басқа табиғи ресурстарды пайдалану құқығынан бөлу;
5) жануарлар дүниесiн арнайы пайдаланудың ақылы болуы;
6) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңдарын бұзғаны үшiн жауапкершiлiктен бұлтартпау;
7) азаматтар мен қоғамдық бiрлестiктердiң жануарлар дүниесi объектiлерiн қорғау, өсiмiн молайту және орнықты пайдалану саласындағы мiндеттердi шешуге қатысуы болып табылады.
7-бап. Балық ресурстарын және басқа да су жануарларын
қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану
саласындағы мемлекеттік басқарудың
ерекшелiктерi
Балық ресурстарының және басқа су жануарларының пайдаланылуын мемлекеттік есепке алу, кадастры, мониторингi және бақылау, сондай-ақ олардың зерттелуi, қорғалуы мен өсiмiн молайту мемлекеттік басқарудың бiртұтас жүйесiн құрайды және балық шаруашылығы су тоғандарында (учаскелерiнде) бассейндiк принцип бойынша жүзеге асырылады.
8-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң жануарлар
дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану
саласындағы құзыретi
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және iске асырылуын қамтамасыз етедi;
2) жануарлар дүниесiн иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығын жүзеге асырады;
3) уәкiлеттi органның және жергiлiктi атқарушы органдардың жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану мәселелерi жөніндегі қызметiне басшылық жасауды жүзеге асырады;
4) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды әзiрлейдi;
5) уәкiлеттi органды белгiлейдi;
6) Құрып кету қаупi төнген жабайы фауна мен флора түрлерiмен халықаралық сауда туралы конвенция бойынша мiндеттемелердiң орындалуын ұйымдастыру үшiн әкiмшiлiк органды (бұдан әрi - әкiмшiлiк орган) белгiлейдi;
7) жануарлар дүниесi объектiлерiн алып қоюға арналған лимиттердi бекiтедi;
8) халықаралық және республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су тоғандарының (учаскелерiнiң) тiзбесiн бекiтедi;
9) аң аулау, балық аулау ережелерiн бекiтедi;
10) аңшылық шаруашылығын жүргiзу ережелерiн және балық шаруашылығын жүргiзу ережелерiн бекiтедi;
11) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңдарын бұзудан келтiрiлген зиянды өтеу мөлшерiн бекiтедi;
12) Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабы туралы ереженi бекiтедi;
13) сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген жануарлар түрлерiнiң тiзбесiн бекiтедi;
14) 2008.10.12. № 101-IV ҚР Заңымен алып тасталды (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
15) жануарлар дүниесiн пайдалануға рұқсат беру ережелерiн бекiтедi;
16) жануарлар дүниесi объектiлерiн пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды белгiлеу ережелерiн бекiтедi;
17) жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң санаттарын белгiлейдi және оларды басқа санаттарға ауыстырады;
2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен 17-1) тармақшамен толықтырылды
17-1) еріксіз немесе жартылай ерікті жағдайларда өсетін жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін халықаралық саудалауға шектеулер енгізеді;
18) жануарлар дүниесiн мемлекеттік есепке алуды, оның мемлекеттік кадастры мен мониторингiн жүргiзудiң тәртібін белгiлейдi;
19) зоологиялық коллекциялар жинау мен мемлекеттік есепке алу ережелерiн бекiтедi;
20) аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су тоғандарын (учаскелерiн) бекітіп беру жөніндегі конкурс өткізу ережелерiн және конкурсқа қатысушыларға қойылатын біліктiлiк талаптарын бекiтедi;
21) аң аулау және балық аулау объектiлерi болып табылатын жануарлардың құнды түрлерiнiң тiзбесiн бекiтедi;
22) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы нормативтердi бекiтедi;
23) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкiлеттi және аумақтық органдардың лауазымды адамдарының, сондай-ақ жануарлар дүниесiн қорғауды тiкелей жүзеге асыратын мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың нысанды киiм (погонсыз) киюге құқығы бар қызметкерлерiнiң тiзбесiн бекiтедi;
24) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады.
9-бап. Уәкiлеттi орган мен оның аумақтық
органдарының құзыретi
1. Уәкiлеттi орган:
1) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты iске асырады;
2) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөніндегі салалық (секторлық) бағдарламаларды әзiрлейдi;
3) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
4) бекітілген лимиттер негізiнде жануарлар дүниесi объектiлерiн алып қоюға арналған квоталарды бөледi;
5) аңшы куәлiгiн берудiң тәртібін белгiлейдi;
6) аңшылық шаруашылықтарының санаттарын белгiлейдi;
7) жануарлар дүниесiн пайдалануға рұқсаттар бередi;
8) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы нормативтердi әзiрлейдi;
9) жануарлар дүниесiн мемлекеттік есепке алуды, оның мемлекеттік кадастры мен мониторингiн жүргiзедi;
10) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер мен жобалау-iздену жұмыстарын жүргiзудi ұйымдастырады;
11) Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабын жүргiзедi және басып шығаруды қамтамасыз етедi;
12) сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген санаттарға жатқызуды қоспағанда, жануарлар түрлерiнiң санаттарын белгiлейдi және оларды бiр санаттан екiншiсiне ауыстырады;
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 13 тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
13) жануарлар дүниесiнiң объектiлерiн, олардың бөлiктерi мен туынды түрлерiн, оның iшiнде сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген санаттарға жатқызылған жануарлар түрлерiн әкелу және әкету тәртібін айқындайды және оған Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен рұқсаттар бередi;
14) жануарлар дүниесiн пайдаланғаны үшiн биологиялық негiздеме дайындаудың тәртібін белгiлейдi;
15) жануарлар дүниесiн пайдаланғаны үшiн төлемақы ставкаларын және Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңдарын бұзудан келтiрiлген зиянды өтеу мөлшерiн белгiлеудiң әдiстемесiн әзiрлейдi және бекiтедi;
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 15-1 тармақшамен толықтырылды
15-1) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуын анықтау мақсатында жануарлар дүниесін пайдаланушылардың қызметін тексереді;
16) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарайды;
17) жануарлар дүниесi объектiлерiн пайдалануға шектеулер мен тыйым салулар енгiзедi;
18) сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген жануарлар түрлерiн жасанды түрде өсiру жөніндегі қызметтi ұйымдастырады;
19) аңшылық алқаптары мен балық шаруашылығы су тоғандарының (учаскелерiнiң) резервтiк қорында жануарлар дүниесiн қорғауды, өсiмiн молайтуды және мемлекеттік есепке алуды ұйымдастырады және қамтамасыз етедi;
20) жануарлар дүниесiн қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектор актілерінiң нысандарын, оларды толтыру мен берудiң тәртібін бекiтедi;
21) аңшылық шаруашылығы және балық шаруашылығы ұйымдарының қорықшылық қызмет туралы үлгi ережесін бекiтедi;
22) жолдаманың үлгi нысанын бекiтедi;
23) жануарлар дүниесiн қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың арнайы құралдарды қолдану ережелерiн бекiтедi;
24) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкiлеттi және аумақтық органдардың лауазымды адамдарының, сондай-ақ жануарлар дүниесiн қорғауды тiкелей жүзеге асыратын мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар қызметкерлерiнiң нысанды киiмiнiң (погонсыз) үлгiлерiн, кию тәртібін және онымен қамтамасыз ету нормаларын бекiтедi;
25) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады.
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 26-1 тармақшамен толықтырылды
26) «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ведомстволық статистикалық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, жыл сайынғы тексерулер жоспарларын әзірлейді және бекітеді.
2. Аумақтық органдар өз қызметiн уәкiлеттi орган белгiлеген құзыретi шегiнде жүзеге асырады.
10-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
пайдалану саласындағы жергiлiктi мемлекеттік
басқару органдарының құзыретi
1. Қазақстан Республикасының жергiлiктi өкiлдi органдары:
1) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөніндегі өңiрлiк бағдарламаларды бекiтедi;
2) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану мәселелерi бойынша жергiлiктi атқарушы органдар басшыларының есептерiн қарайды.
2. Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдары:
1) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөніндегі өңiрлiк бағдарламаларды әзiрлейдi және олардың iске асырылуын қамтамасыз етедi;
2) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөніндегі ведомстволық бағыныстағы органдар мен ұйымдардың қызметiн үйлестiру мен бақылауды жүзеге асырады;
3) жергiлiктi маңызы бар балық шаруашылығы су тоғандарының тiзбесiн бекiтедi;
4) жануарлар дүниесiн пайдаланушыларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су тоғандарын (учаскелерiн) бекітіп беру жөнiнде шешiмдер қабылдайды.
11-бап. Жануарлар дүниесiн мемлекеттік есепке алу,
оның мемлекеттік кадастры мен мониторингi
Жануарлар дүниесiн қорғауды, өсiмiн молайтуды және пайдалануды қамтамасыз ету үшiн жануарлар дүниесi түрлерiнiң жай-күйі мен географиялық таралуы туралы, олардың саны, жүйелi байқау нәтижелерi, оларды шаруашылықтағы пайдалану көлемдерi туралы мәлiметтер жиынтығын және басқа да қажеттi деректердi құрайтын жануарлар дүниесiн мемлекеттік есепке алу, оның мемлекеттік кадастры мен мониторингi жүргiзiледi.
3-тарау. Жануарлар дүниесiн қорғау
12-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау жөніндегі
негiзгi талаптар
2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен 1 тармақ өзгертілді
1. Жануарлар дүниесiнiң жай-күйiне, мекендейтiн ортасына, көбею жағдайларына және жануарлардың өрiс аудару жолдарына әсер ететiн қызмет жануарлар дүниесінiң, олар мекендейтін ортаның сақталуы мен өсiмiн молайтуды және келтiрiлген зиянды өтеудi қамтамасыз етудiң талаптары , оның ішінде экологиялық талаптар сақтала отырып жүзеге асырылуға тиiс.
2. Жануарлар дүниесiнiң жай-күйiне және олар мекендейтiн ортаға әсер ететiн немесе әсер етуi мүмкiн қызметтi жүзеге асыру кезiнде мынадай негiзгi талаптардың сақталуы қамтамасыз етiлуге тиiс:
1) жануарлар дүниесiнiң табиғи еркiндiк жағдайындағы биологиялық сан алуандығы мен үйiрлiк тұтастығын сақтау;
2) жануарлар дүниесiнiң объектiлерi мекендейтiн ортаны, олардың көбею жағдайларын, өрiс аудару жолдарын және шоғырлану орындарын сақтау;
3) жануарлар дүниесi объектiлерiн ғылыми негізделген тұрғыдан ұтымды пайдалану және олардың өсiмiн молайту;
4) табиғаттағы биологиялық тепе-теңдiктi сақтау мақсатында жануарлар дүниесi объектiлерiнiң санын реттеу;
5) жануарларды, оның iшiнде сирек кездесетiндерi мен құрып кету қаупi төнгендерiн жасанды өсiрудi қоса алғанда, кейiннен оларды мекендеу ортасына шығара отырып, жануарлар дүниесiнiң өсiмiн молайту.
3. Жануарлар дүниесiн қорғаудың, өсiмiн молайтудың және пайдаланудың мемлекеттік, салалық (секторлық) және өңiрлiк бағдарламаларын, нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу кезiнде осы баптың 2-тармағында көрсетiлген негiзгi талаптар мiндеттi түрде ескерiлуге тиiс.
13-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау
Жануарлар дүниесiн қорғау:
1) жануарлар дүниесi объектiлерiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөніндегі ережелер мен нормаларды белгiлеу және сақтау;
2) жануарлар дүниесiн пайдалануға шектеулер мен тыйым салулар белгiлеу;
3) жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн қорғау;
4) жануарлар дүниесiн пайдаланудың белгiленген ережелерiн бұзуды болдырмау;
5) жануарлар мекендейтiн ортаны қорғауды, олардың көбею жағдайларын, өрiс аудару жолдары мен шоғырлану орындарын ұйымдастыру;