38-бап. Аңшылық алқаптар
1. Аңшылық алқаптар - аң аулау және аңшылық шаруашылығын жүргiзу жүзеге асырылатын немесе асырылуы мүмкiн, аң аулау объектiсi болып табылатын жануарлар түрлерiнiң мекендеу ортасы болатын аумақтар мен акваториялар.
2. Аумақтар мен акваторияларды аңшылық алқаптарға жатқызу, олардың шекараларын айқындау және тиiстi сервитуттар белгiлеу шаруашылықаралық аңшылық iсiн ұйымдастыру мен биологиялық-экономикалық зерттеу нәтижелерiнiң негiзiнде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
3. Аңшылық алқаптарда жануарлар дүниесi объектiлерiн пайдалануға байланысты емес шаруашылық қызмет жануарлар дүниесi объектiлерiнiң және олар мекендейтiн ортаның сақталуын қамтамасыз ететiн әдiстермен және тәсiлдермен жүргiзiлуге тиiс.
4. Аңшылық алқаптары бар жерлер мен акваторияларды иелену, пайдалану және оларға билiк ету құқығы аң аулау объектiлерi болып табылатын жануарлар түрлерiн пайдалану құқығын бермейдi.
5. Мына жағдайларда:
1) аңшы куәлiгiнсiз;
2) атыс қаруын сақтау мен пайдалану құқығын беретiн iшкi iстер органдары рұқсатынсыз атыс қаруын қолданып;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тiркеуден өткiзiлмеген иттердi және қыран құстарды қолданып;
4) аң аулау ережелерiнде қолданылуы көзделмеген аулау құралдарын пайдаланып;
5) аңшылық шаруашылығы ұйымдарымен шарт жасаспай кәсiпшiлiк мақсатта;
6) егер уәкiлеттi орган өзгеше белгiлемесе, аңшылық алқаптардың резервтiк қорында;
7) елдi мекендердiң жерлерiнде, сондай-ақ олармен iргелес аумақтарда аң аулау ережелерiне сәйкес аңшылық атыс қаруын қолдану қауiпсiздiгi қамтамасыз етiлмейтiн қашықтықта;
8) уәкiлеттi органның рұқсатынсыз өнеркәсiп, көлiк, байланыс, қорғаныс жерлерiнде;
9) күйзелiстi және дәрменсiз жағдайдағы жануарларды (дауылдан, су тасқынынан, өрттен бас сауғалағандарды, су тоғандарынан өту кезiнде, көктайғақ кезiнде, аштықтан әлсiрегендердi, жусанды паналаған суда жүзетiн құстарды);
10) қозғағышын iске қосып, авиа-, авто-, мотокөлiк құралдарын, қарда жүретiн техниканы (қасқыр аулауды қоспағанда), шағын көлемдi кемелердi, түнде көру құралдарын, лазерлiк нысана көрсеткiштерiн, жарық беру және дыбыс шығару құралдарын қолдана отырып, әуесқойлық (спорттық) мақсатта;
11) алкогольден немесе есiрткiден масаң болу немесе өзге түрде улану жағдайларында аң аулауға тыйым салынады.
39-бап. Балық шаруашылығы су тоғандары (учаскелерi)
1. Балық шаруашылығы су тоғандары (учаскелерi) - балық аулау және басқа су жануарларын аулау үшiн пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкiн не олардың қорларының өсiмiн молайту үшiн маңызы бар су тоғандары (өзендер және оларға теңестiрiлген арналар, көлдер, су қоймалары, тоғандар және басқа iшкi су тоғандары, аумақтық сулар), сондай-ақ теңiз сулары.
2. Балық шаруашылығы су тоғандары (учаскелерi) маңызы жағынан халықаралық, республикалық және жергiлiктi болып бөлiнедi.
3. Халықаралық маңызы бар балық шаруашылығы су тоғандарына (учаскелерiне) Қазақстан Республикасының және онымен шектес мемлекеттердiң аумақтарында орналасқан су тоғандары жатады.
Республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су тоғандарына (учаскелерiне) екi және одан да көп облыстардың аумағында орналасқан балық шаруашылығы су тоғандары (учаскелерi) жатады.
Жергiлiктi маңызы бар балық шаруашылығы су тоғандарына (учаскелерiне) облыстық атқарушы орган бекiткен тiзбеге енгiзiлген қалған барлық балық шаруашылығы су тоғандары (учаскелерi) жатады.
4. Балық шаруашылығы су тоғандарында:
1) елдi мекендердiң, балық қабылдау пункттерiнiң жанына бакендер орнату үшiн, аялдауды және аса қажет жағдайды қоспағанда, балық аулауға тыйым салынған жерлерде су көлiгiнiң тоқтауына;
2) балық аулайтын түрлi құралдарды бiр балық шаруашылығы су тоғандарынан (учаскелерiнен) басқаларына арнайы өңдеусiз апаруға;
3) уәкiлеттi органның рұқсатынсыз өзендерде жаңа балық аулау кәсiпшiлiгi учаскелерiн, ұйықтар ашуға, салдар мен қалқымалар орнатуға;
4) су тоғандарында немесе оған тiкелей жақын жерде балық аулау ережелерiнде қолдану көзделмеген балық аулау құралдарымен болуға;
5) балықтарды ноқталарында сақтауға, ойылған жерден шыққан өлi және ауру балық пен балық аулау құралдарын суға және жағалау белдеуiне лақтырып тастауға;
6) балық аулау ережелерiнде белгiленген кәсiпшiлiк шаралардан кем балық аулауға, қабылдауға, сатуға және сақтауға;
7) уәкiлеттi мемлекеттік органның рұқсатынсыз балық шаруашылығы су тоғандарында (учаскелерiнде) суда жүзетiн құстар өсiруге және құндыз өсiру немесе басқа кәсiпшiлiк мақсатта мелиорациялық жұмыстар жүргiзуге;
8) мұз қатқан кезеңде халықаралық және республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су тоғандарына (учаскелерiне) уәкiлеттi органның келісімiнсiз, ал жергiлiктi маңызы бар балық шаруашылығы су тоғандарына (учаскелерiне) - облыстық атқарушы органның келісімiнсiз автомобиль көлiгiмен және өзге де механикалық жылжымалы құралдармен баруға тыйым салынады.
5. Мына жағдайларда:
1) бөгеттердiң, шлюздердiң және көпiрлердiң жанында, көлдердi өзара және негiзгi өзенмен жалғастыратын тармақтарда, мелиорациялық жүйелердiң жеткізу арналары мен бұрылыстарында, балық аулау ережелерiнде белгiленген шекаралардан тыс өзендер мен арналардың сағалары алдында;
2) балық аулау ережелерiнде көзделмеген балық аулау құралдарымен;
3) балықтардың қыстайтын шұңқырлары мен уылдырық шашатын жерлерiнде; 4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тiркелмеген және тiркеу нөмiрлерi көрсетiлмеген жүзу құралдарымен;
5) балық аулау құқығын беретiн рұқсатқа сәйкес ұйымның атауы және балық аулау құралдарының параметрлерi көрсетiлген жапсырмалары жоқ балық аулау құралдарымен;
6) теңiзде және өзендерде бекiре балықтарды аулауға арналған құрылған аулау құралдарымен;
7) алкогольден немесе есiрткiден масаң болу немесе өзге түрде улану жағдайларында балық аулауға тыйым салынады.
40-бап. Аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы
су тоғандарын (учаскелерiн) бекітіп беру тәртібі
1. Аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су тоғандары (учаскелерi) облыстық атқарушы органның шешiмiмен конкурстық негiзде бекітілiп берiледi.
Конкурсты уәкiлеттi орган құратын комиссия облыстық атқарушы органмен бiрлесiп, конкурс өткізу ережелерiне сәйкес өткiзедi. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларда конкурсты Қазақстан Республикасының Үкіметі құратын комиссия өткiзедi.
2. Жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың жеке меншiгiнде немесе уақытша жер пайдалануында болатын жер учаскелеріндегі аңшылық алқаптар белгiленген біліктiлiк талаптарына сай болған жағдайда және уәкiлеттi органның ұсынымы болғанда конкурс өткiзiлмей, олардың өтiнiмi бойынша облыстық атқарушы органның шешiмiмен өздерiне бекітілiп берiледi.
3. Жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушы мүдделi жеке және заңды тұлғаларға сервитут беруді қамтамасыз етуге мiндеттi.
41-бап. Аң аулау мен балық аулау объектiлерiне жатпайтын
жануарларды шаруашылық мақсаттарда пайдалану
Аң аулау мен балық аулау объектiлерiне жатпайтын жануарларды, сондай-ақ олардың пайдалы қасиеттерi мен тiршiлiк ету өнiмдерiн шаруашылық мақсаттарда пайдалану уәкiлеттi орган белгілеген тәртiппен жүзеге асырылады.
42-бап. Жануарларды ғылыми, мәдени-ағартушылық,
тәрбиелiк және эстетикалық мақсаттарда,
оның iшiнде зоологиялық коллекциялар жинау үшін
пайдалану
Сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнгеннен басқа жануарларды ғылыми, мәдени-ағартушылық, тәрбиелiк және эстетикалық мақсаттарда, оның iшiнде зоологиялық коллекциялар жинау үшiн пайдалану уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
43-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау және өсiмiн молайту
саласындағы мемлекеттік мекемелер мен
кәсiпорындар
Қазақстан Республикасының Үкіметі жануарлар дүниесiнiң саны азаюға ұшыраған жекелеген түрлерiнің популяциясын қорғауды жүзеге асыру үшiн мемлекеттік мекемелердi және тектiк қорды сақтау мақсатында жануарлар дүниесi объектiлерiн жасанды түрде өсiру үшiн республикалық мемлекеттік кәсiпорындарды құрады.
8-тарау. Жануарлар санын реттеу
44-бап. Жануарлар санын реттеудiң мақсаттары
Жануарлардың санын реттеу:
1) халықтың денсаулығын сақтау;
2) ауыл шаруашылығы мен үй жануарлары ауруларын болдырмау;
3) экономикаға зиян келтiрудi болдырмау;
4) биологиялық тепе-теңдiктi сақтау мақсатында жүзеге асырылады.
45-бап. Жануарлар дүниесi объектiлерiнiң санын
реттеудiң негiздерi
Жануарлар дүниесi объектiлерiнiң санын реттеудiң негiздерi:
1) халықтың, ауыл шаруашылығы мен үй жануарларының жұқтырушылары жануарлар дүниесiнiң объектiлерi болып табылатын ауруларды жұқтыру немесе онымен ауыру қатерiнiң туындауы;
2) экономикаға елеулi зиян келтiру қатерiнiң туындауы;
3) жануарлардың жекелеген түрлерi санының азаюына және басқа жағымсыз салдарларға әкеп соққан жануарлар дүниесi мекендейтiн ортада қалыптасқан табиғи баланстың бұзылуы болуы мүмкiн.
46-бап. Жануарлардың санын реттеудiң тәртібі
Жануарлардың санын реттеудiң тәртібін уәкiлеттi орган қоршаған ортаны қорғау және денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органдардың келісімi бойынша айқындайды.
9-тарау. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және тұрақты
пайдалану жөніндегі iс-шараларды қаржыландыру және экономикалық
ынталандыру
47-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту
және тұрақты пайдалану жөніндегі iс-шараларды
қаржыландыру
1. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану iс-шараларын мемлекеттік бюджеттiң қаражаты есебiнен қаржыландыру Қазақстан Республикасының бюджет заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Бекiтiлiп берiлген аңшылық алқаптары мен балық шаруашылығы су тоғандарында (учаскелерiнде) жануарлар дүниесiн қорғау және өсiмiн молайту жөніндегі iс-шараларды қаржыландыру аңшылық шаруашылығы мен балық шаруашылығы ұйымдарының қаражаты есебiнен жүргiзiледi.
3. Жануарлар дүниесiн қорғау және өсiмiн молайту жөніндегі iс-шараларды қаржыландыру үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қоғамдық қорлар құрылуы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздер тартылуы мүмкiн.
48-бап. Жануарлар дүниесiн қорғауды, өсiмiн молайтуды
және орнықты пайдалануды экономикалық
ынталандыру
Жануарлар дүниесiн қорғауды, өсiмiн молайтуды және орнықты пайдалануды экономикалық ынталандыру (жеңiлдiктер, преференциялар беру және мемлекеттік қолдау) Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
10-тарау. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану
саласындағы бақылау
49-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 1 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара); 2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
Тексеру «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 2 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган және оның аумақтық органдары:
1) тексерулердің жылдық жоспары бойынша жылына бір реттен көп емес;
2) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасын бұзу фактілері туралы жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша, олардың түсуіне қарай;
3) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы келеңсіз салдарларды растайтын ғылыми зерттеулер мен жануарлар дүниесінің мониторингі нәтижелері бойынша, олардың айқындалуына қарай, оларды жою жөніндегі ұсынымдарды ескере отырып;
4) жоспарлы іс-шаралар нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың нұсқамада көрсетілген мерзімде орындалуын бақылау мақсатында жүзеге асырады.
50-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау
объектiлерi
Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау объектiлерi:
1) жануарлар дүниесi және олар мекендейтiн орта;
2) жануарлар дүниесi объектiлерiн ерiксiз және жартылай ерiктi жағдайларда ұстаудың шарттары;
3) жануарлар дүниесiн аулау құралдары;
4) жануарлар дүниесiнiң ауланған өнiмi;
5) жануарлар дүниесiн пайдалану құқығын растайтын құжаттама (аңшы куәлiгi, жануарлар дүниесiн пайдалануға арналған шарт және рұқсат, жолдама, кәсiпшiлiк журналы);
6) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөнiндегі қызмет;
7) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы нормативтiк құжаттама;
8) жануарлар дүниесiне және олар мекендейтiн ортаға әсер ететiн қызмет болып табылады.
51-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды
жүзеге асыратын уәкiлеттi және аумақтық
органдардың лауазымды адамдары
1. Уәкiлеттi органның басшысы лауазымы бойынша бiр мезгiлде Қазақстан Республикасының Жануарлар дүниесiн қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы болып табылады.
2. Уәкiлеттi орган басшысының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы реттеу мен бақылау мәселелерiн қадағалайтын орынбасарлары лауазымы бойынша бiр мезгiлде Қазақстан Республикасының Жануарлар дүниесiн қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторының орынбасарлары болып табылады.
3. Аумақтық органның басшысы лауазымы бойынша бiр мезгiлде тиiстi облыстың жануарлар дүниесiн қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы болып табылады.
4. Аумақтық орган басшысының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы реттеу мен бақылау мәселелерiн қадағалайтын орынбасарлары лауазымы бойынша бiр мезгiлде тиiстi облыстың жануарлар дүниесiн қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторының орынбасарлары болып табылады.
5. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында реттеу мен бақылау мәселелерiн қадағалайтын уәкiлеттi және аумақтық органдар құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшылары лауазымы бойынша бiр мезгiлде тиiстi облыстағы Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау жөніндегі аға мемлекеттік инспекторлары, ал жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында реттеу мен бақылау мәселелерiн қадағалайтын мамандар - тиiстi облыстағы Қазақстан Республикасының Жануарлар дүниесiн қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлары болып табылады.
52-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды
жүзеге асыратын уәкiлеттi және аумақтың
органдар лауазымды адамдарының құқықтары мен
мiндеттерi
1. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкiлеттi және аумақтық органдар лауазымды адамдарының:
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) объектілерге жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңдары және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары талаптарының сақталуы тұрғысынан бақылау мақсатында баруға, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жануарлар дүниесін пайдаланушылардың қызметі туралы ақпарат алуға;
2) осы Заңда берiлген өкiлеттiктер шегiнде актiлер шығаруға;
3) тексеру материалдарын құқық қорғау органдарына iс жүргiзу шешiмiн қабылдау үшiн беруге;
4) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуы анықталған кезде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жануарлар дүниесiн пайдаланушылардың қызметiн тоқтата тұруға немесе қызметiне тыйым салу туралы ұсыныс енгізуге;
5) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуы салдарынан келтiрiлген зиянның көлемiн анықтауға және осының негiзiнде кiнәлi тұлғаларға осы зиянды ерiктi түрде өтеу туралы талап қоюға не сотқа талап-арыз беруге;
6) Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiне сәйкес жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға;
7) аңшылық алқаптардың, балық шаруашылығы су тоғандарының (учаскелерiнiң) аумақтарында және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда және олардан шыққан кезде көлiк және жүзу құралдарын тоқтатуға, оларды жете тексеруге;
8) жануарлар дүниесi объектiлерiн аулау құралдарының тыйым салынған түрлерiн сот шешiм қабылдағанға дейiн сақтау үшiн алып қоюға;
9) заңсыз ауланған жануарлар дүниесi объектiлерiн және олардың тiршiлiк ету өнiмдерiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен алып қоюға;
10) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңдарын бұза отырып пайдаланылған атыс қаруын сот шешiм шығарғанға дейiн уақытша сақтау үшiн алып қоюға;
11) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен арнаулы құралдар мен қызметтік атыс қаруын сақтауға, алып жүруге және қолдануға құқығы бар.
2. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкiлеттi және аумақтық органдардың лауазымды адамдары:
1) аңшылық және балық шаруашылықтарын жүргiзу ережелерiнiң сақталуына;
2) аң аулау және балық аулау ережелерiнiң сақталуына;
3) жеке және заңды тұлғалардың аңшылық және балық шаруашылықтарын жүргізуге арналған шарт талаптарының орындалуына;
4) жануарларды ерiксiз немесе жартылай ерiктi жағдайларда ұстау тәртібінiң, сондай-ақ зоологиялық коллекциялардың сақталуына;
5) жануарлар дүниесiн пайдалану үшiн белгiленген шектеулер мен тыйым салулардың сақталуына;
6) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөніндегі iс-шаралардың орындалуына;
7) жануарларды интродукциялау мен будандастыруды жүзеге асыру тәртібінiң сақталуына;
8) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы нормативтердiң сақталуына;
9) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңдарының өзге де талаптарының орындалуына бақылау жасауға мiндеттi.
3. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкiлеттi және аумақтық органдардың лауазымды адамдары нысанды киiммен (погонсыз) қамтамасыз етiледi.
53-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды
жүзеге асыратын уәкiлеттi және аумақтық органдар
лауазымды адамдарының актілері
1. Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңдары талаптарының бұзылуының белгiлi болуына байланысты мемлекеттік бақылау нәтижелерi бойынша ықпал етудiң құқықтық шараларын қолдану мақсатында жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкiлеттi және аумақтық органдардың лауазымды адамдары мынадай актiлер:
1) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама;
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) тексеру актісі;
2) мынадай:
жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын бұзуды жою туралы;
жеке және заңды тұлғалардың шаруашылық қызметiне сот шешiмiнсiз үш күннен аспайтын мерзiмге тыйым салу немесе көрсетiлген мерзiмде сотқа мiндеттi түрде талап-арыз бере отырып, оны тоқтата тұру туралы ұйғарым шығарады. Бұл ретте қызметке тыйым салу немесе оны тоқтата тұру туралы акт анықталған бұзушылықтар жойылғанға немесе сот шешiмi шығарылғанға дейiн қолданыста болады;
3) мынадай:
жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңдарын бұзған жағдайда кiнәлi тұлғаларды әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тарту туралы;
Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңдарын бұза отырып пайдаланылған атыс қаруын, тыйым салынған аулау құралдарын және заңсыз ауланған жануарлар дүниесi объектiлерi мен олардың өнiмдерiн сот шешiмi шығарылғанға дейiн уақытша сақтау үшiн алу туралы қаулы шығарады.
2. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкiлеттi және аумақтық органдар лауазымды адамдарының актілері жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшiн мiндеттi.
54-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды
жүзеге асыратын уәкілетті және аумақтық
органдардың лауазымды адамдарын құқықтық және
әлеуметтiк қорғау
Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкiлеттi және аумақтық органдардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құқықтық және әлеуметтiк қорғалуға тиiс.
55-бап. Жануарлар дүниесiн мемлекеттік қорғау
1. Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн мемлекеттік қорғау (бұдан әрi - жануарлар дүниесiн мемлекеттік қорғау) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану мәселелерiн қадағалайтын жануарлар дүниесiн қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерiнен құралады.
2. Жануарлар дүниесiн мемлекеттік қорғауға өзiне жүктелген мiндеттердi орындау үшiн:
1) жеке және заңды тұлғалардың аң және (немесе) балық аулау құқығын беретiн құжаттарын тексеру;
2) Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiне сәйкес жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыру;
3) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында құқық бұзушылықтар жасаған адамдарды ұстап, құқық қорғау органдарына жеткізу;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес көлiк құралдарын, өзге де объектiлер мен орындарды, ал қажет болған кезде ұсталған адамдардың жеке заттарын жете тексеру;
5) жеке және заңды тұлғалардан Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңдарын бұза отырып пайдаланылған атыс қаруын, заңсыз аң аулау мен балық аулаудан алынған өнiмдi, аулау құралдарының тыйым салынған түрлерiн алып қою және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен олардың бұдан әрi тиесiлi болуы туралы мәселенi шешу;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен нысанды киiм кию және атыс қаруын алып жүру құқығы берiледi.
3. Жануарлар дүниесiн мемлекеттік қорғау:
1) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы құқық бұзушылықтарды болдырмауға және олардың жолын кесуге;
2) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңдарын бұзу фактілері бойынша ақпаратты, талап қою мен өзге де материалдарды уәкiлеттi және құқық қорғау органдарына, сотқа жiберуге мiндеттi.
4. Жануарлар дүниесiн мемлекеттік қорғаудың лауазымды адамдарына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен арнаулы құралдар мен қызметтiк қаруды сақтауға, алып жүруге және қолдануға рұқсат берiледi.
5. Жануарлар дүниесiн мемлекеттік қорғаудың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртiппен нысанды киiммен (погонсыз) және қызметтiк қарумен қамтамасыз етiледi.
6. Жануарлар дүниесiн мемлекеттік қорғау қызметi Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен Жануарлар дүниесiн мемлекеттік қорғау туралы ережемен айқындалады.
56-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
пайдалану жөніндегі өндiрiстiк бақылау
1. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөніндегі өндiрiстiк бақылау - бекітілiп берiлген аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су тоғандарында (учаскелерiнде) жануарлар дүниесiн күзету функциясын жүзеге асыратын аңшылық шаруашылығы мен балық шаруашылығы ұйымдарының қорықшылық қызметi.