05.05.00 ж. № 47-II; 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 33-бап өзгертілді
33-бап. Қылмыстық iзге түсу жеке түрде жүзеге асырылуы мүмкiн қылмыстар
1. Қылмыстық iзге түсу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 105, 111-баптарында, 123, 129, 130, 136, 140, 142-баптарында, 144-бабында (бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде), 145-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), 188-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), 300-бабында (бiрiншi бөлiгiнде) көзделген қылмыстар туралы iстер бойынша жеке түрде жүзеге асырылуы мүмкiн.
2. Егер әрекет дәрменсiз немесе басқаға тәуелдi жағдайдағы не басқа да себептер бойынша өзiне тиесiлi құқықтарды өз бетiнше пайдалануға қабiлетсiз адамдардың мүдделерiн қозғайтын болса, прокурор жеке айыптау iсi бойынша жәбiрленушiнiң шағымы болмаған кезде де iс қозғауға құқылы.
05.05.00 ж. № 47-II ; 2005.22.11 № 90-III ҚР Заңдарымен 34-бап өзгертілді
34-бап. Қылмыстық iзге түсудi жеке-жариялы түрде жүзеге асыру
1. Жеке-жариялы тәртiппен жүзеге асырылатын қылмыстық iзге түсу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 103-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), 104-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), 117-бабында (бiрiншi және екiншi бөлiгiнде), 120-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), 121-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), 135, 139-баптарында, 144-бабында (үшiншi бөлiгiнде), 176-бабында (бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде), 184-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), (184-1-бабында (бірінші бөлігінде), 187-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), 188-бабында (екiншi бөлiгiнде), 189, 200-баптарында, 226-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), 227-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), 228-бабында, 229-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), 296-бабында (бiрiншi бөлiгiнде),327-бабында (бiрiншi бөлiгiнде) көзделген қылмыстар туралы iстер бойынша жәбiрленушiнiң шағымы болмаған кезде басталмайды және қылмыстық iс бойынша iс қозғалмайды.
2. Егер әрекет дәрменсiз немесе басқаға тәуелдi жағдайдағы не басқа да себептер бойынша өзiне тиесiлi құқықтарды өз бетiнше пайдалануға қабiлетсiз адамдардың мүдделерiн қозғайтын не басқа адамдардың, қоғамның немесе мемлекеттiң елеулi мүдделерiн қозғайтын болса, прокурор жеке-жариялы айыптау iсi бойынша жәбiрленушiнiң шағымы болмаған кезде де iс қозғауға құқылы.
35-бап. Коммерциялық немесе өзге де ұйымның арызы бойынша қылмыстық жауапқа тарту
Егер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 8-тарауында көзделген әрекет мемлекеттік кәсiпорын болып табылмайтын тек қана коммерциялық немесе өзге ұйымның мүдделерiне зиян келтiрсе және басқа ұйымдардың мүдделерiне, сондай-ақ азаматтардың, қоғамның немесе мемлекеттiң мүдделерiне зиян келтiрмесе, қылмыстық жауапқа тарту осы ұйым немесе уәкiлеттi орган басшысының арызы немесе олардың келісімi бойынша жүзеге асырылады.
36-бап. Қылмыстық iзге түсудi жүзеге асырудың жалпы шарттары
1. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу мiндеттерiн орындау мақсатында қылмыстық iзге түсу органы өз құзыретi шегiнде қылмыстың белгiлерiн тапқан әрбiр жағдайда қылмыс оқиғасын белгiлеуге, қылмыс жасауға кiнәлi адамдарды анықтауға, оларды жазалауға заңмен көзделген барлық шараларды қолдануға, сонымен бiрдей кiнәсiз адамдарды ақтау шараларын қолдануға мiндеттi.
2. Қылмыстық iзге түсу органы жәбiрленушiге сот әдiлдiгiне қол жеткізуiн қамтамасыз етуге және қылмыспен келтiрiлген зиянды өтеу шараларын қолдануға мiндеттi.
3. Қылмыстық iзге түсу органы қылмыстық процестегi өзiнiң өкiлеттiгiн қандай да болсын органдар мен лауазымды адамдарға тәуелсiз және осы Кодекстiң талаптарына қатаң сәйкес түрде жүзеге асырады.
4. Қылмыстық iс бойынша объективтi зерттеу жүргiзуге кедергi келтiру мақсатында қылмыстық iзге түсу органына қандай түрде болса да ықпал ету заңмен белгiленген жауаптылыққа әкеп соқтырады.
5. Қылмыстық iзге түсу органының заңға сәйкес қойылған талаптарын барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, лауазымды адамдар және азаматтар орындауға мiндеттi. Аталған талаптарды орындамау заңда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 21.12.02 ж. № 363-II (бұр. ред. қара); 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 37-бап өзгертілді
37-бап. Қылмыстық iзге түсуді болдырмайтын жағдайлар
1. Қылмыстық iс қозғауға болмайтын, ал қозғалған iс тоқтатылуға тиiс жағдайлар:
1) қылмыс оқиғасы болмауы;
2) әрекетте қылмыс құрамының болмауы;
3) егер ол жасаған әрекет үшiн жаза қолдануды жойса, рақымшылық ету актiсiнiң салдары;
4) мерзiмiнiң ескiруiне байланысты;
5) осы Кодекстiң 33-бабының екiншi бөлiгiнде және 34-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстiң 33-бабының бiрiншi бөлiгiнде және 34-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген қылмыстар туралы iстер бойынша жәбiрленушi шағымының болмауы;
6) жеке айыптаушының - осы Кодекстiң 33-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген қылмыстар туралы iстер бойынша айыптаудан бас тартуы;
7) өзi туралы белгiлi бiр айыптау бойынша соттың заңды күшiне енген үкімі не қылмыстық iзге түсудiң мүмкiн еместiгiн белгiлейтiн соттың күшiн жоймаған қаулысы бар адамға қатысты;
8) белгiлi бiр айыптау бойынша қылмыстық iзге түсу органының қылмыстық iзге түсуден бас тарту туралы күшiн жоймаған қаулысы бар адамға қатысты;
9) қылмыстық iс қозғау оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн қажет жағдайларды қоспағанда, қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттi есi кiресiлi-шығасылы жағдайда жасаған адамға қатысты;
10) әрекет жасаған кезде заңға сәйкес қылмыстық жауаптылық жүктеу мүмкiн болатын жасқа толмаған адамға қатысты;
11) iс бойынша iс жүргiзу қайтыс болған адамды ақтау немесе iстi басқа адамдарға қатысты тергеу үшiн қажет жағдайларды қоспағанда, қайтыс болған адамға қатысты;
12) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң ережелерiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жататын адамға қатысты.
2. Қылмыстық iс қылмысты оқиғаның жоқтығы немесе қылмыс құрамы жоқтығы дәлелденген кезде де, егер қосымша дәлелдер жинау үшiн барлық мүмкiндiктер сарқылса, олардың бар екендiгi дәлелденбеген кезде де осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1 және 2-тармақтарында көзделген негiздер бойынша қысқартылады.
3. Қылмыстық iс айыпталушының (сезiктiнiң) зиян келтiруi заңды болып табылатын не әрекеттi айыпталушы (сезiктi) Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiне сәйкес оның қылмыстылығы мен қылмыстық жауаптылығын жоққа шығаратын жағдаятта жасаған жағдайларда осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 2-тармағында көзделген негiздер бойынша қысқартылуға тиiс.
4. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 3 және 4-тармақтарында көрсетiлген негiздер бойынша iс қысқартуға, егер айыпталушы қарсылық бiлдiрсе, жол берiлмейдi. Бұл жағдайда iс бойынша iс жүргiзу жалғастырылады және оған негiз болған кезде сотталған адамды жазадан босату арқылы айыптау үкімінiң қаулысымен аяқталады.
5. Қылмыстық iзге түсу органы қылмыстық iзге түсудi жоққа шығаратын жағдайды байқағаннан кейiн сотқа дейiнгi iс жүргiзудiң кез келген сатысында қылмыстық iс қозғаудан бас тарту туралы немесе қылмыстық iстi қысқарту туралы қаулы шығарады. Прокурор iстi соттың басты талқылауында қарау басталғанға дейiн оны соттан керi қайтарып алуға және осы бапта көзделген негiздер бойынша қысқартуға да құқылы.
6. Сотта қылмыстық iзге түсудi жоққа шығаратын мән-жайды байқаған мемлекеттік айыптаушы айыптаудан бас тарту туралы мәлiмдеуге мiндеттi. Мемлекеттік айыптаушының айыптаудан бас тарту туралы мәлiмдемесi, егер жеке айыптаушы айыптауды қолдауын жалғастырса, қылмыстық iстi қараудың жалғастырылуына кедергi келтiрмейдi.
7. Қылмыстық iзге түсуді жоққа шығаратын мән-жайларды байқаған сот қылмыстық iстi қысқарту туралы мәселенi шешуге мiндеттi.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен ; 2009.11.12. № 230-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 38-бап өзгертілді
38-бап. Қылмыстық iзге түсудi жүзеге асырмауға мүмкiндiк беретiн мән-жайлар
1. Сот, прокурор, сондай-ақ прокурордың келісімiмен тергеушi немесе анықтау органы тиiстi жағдаяттар болған кезде жәбiрленушiнiң сезiктiмен немесе айыпталушымен ымыраласуына байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 67-бабында көзделген жағдайларда, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексiнде көзделген ақтамайтын өзге де жағдаяттар бойынша адамды қылмыстық жауаптылықтан босата отырып, қылмыстық iстi қысқартуға құқылы. Мұндай жағдайларда сот қылмыстық жауаптылықтан босата отырып, айыптау үкімін шығаруға да құқылы.
2. Сотта қылмыстық iзге түсудi жүзеге асырмауға мүмкiндiк беретiн жағдайларды байқаған мемлекеттік айыптаушы айыпталушының қылмыстық iзiне түсуден бас тартуды мәлiмдеуге құқылы. Мемлекеттік айыптаушы мәлiмдеген қылмыстық iзге түсуден бас тарту жеке айыптаушыға қылмыстық iстiң материалдарын пайдалана отырып, айыпталушының қылмыстық iзiне түсудi жалғастыруына кедергi келтiрмейдi.
3. Қылмыстық iс қысқартылғанға дейiн айыпталушыға (сезiктiге) iстi қысқартудың негiзi мен осы негiз бойынша оны қысқартуға қарсылық бiлдiру құқығы түсiндiрiлуге тиiс.
4. Қылмыстық iстiң қысқартылғандығы туралы жәбірленушіге және оның өкіліне хабарланады, олар қылмыстық процестi жүргiзушi органның қаулысына жоғары тұрған сотқа немесе жоғары тұрған прокурорға шағымдануға құқылы.
5. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген негiздер бойынша қылмыстық iстi қысқартуға, егер сезiктi, айыпталушы немесе жәбiрленушi оған қарсылық бiлдiрсе, жол берiлмейдi. Мұндай жағдайда iс бойынша iс жүргiзу әдеттегi тәртiппен жалғастырылады.
4-тарау. Ақтау, қылмыстық процесті жүргізуші
органның заңсыз іс-әрекетімен
келтірілген зиянды өтеу
39-бап. Айыпталушы (сезiктi) ретiнде тартылған адамды кiнәсiздiгiн тану жолымен ақтау
1. Сот бойынша ақталған адам, сонымен бiрге оған қатысты осы Кодекстiң 37-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 1, 2, 5, 7, 8-тармақтарында көзделген негiздер бойынша қылмыстық iстi қысқарту туралы қылмыстық iзге түсу органының қаулысы шығарылған айыпталушы (сезiктi) кiнәсiз деп саналады және оның Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепiлдiк берiлген құқықтары мен бостандықтарын қандай да бiр шектеуге болмайды.
2. Сот, қылмыстық iзге түсу органы осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамды ақтау және оған қылмыстық процестi жүргiзушi органның заңсыз iс-әрекетiнiң салдарынан келтiрiлген зияндарды өтеу жөнiнде заңда көзделген барлық шараларды қолдануға тиiс.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 40-бап өзгертілді
40-бап. Қылмыстық процестi жүргiзушi органның заңсыз iс-әрекетiнiң салдарынан келтiрiлген зиянның өтелуiне құқығы бар адамдар
1. Адамға заңсыз ұстаудың, қамауға алудың, үйде қамауда ұстаудың, қызметiнен уақытша шеттетудiң, арнаулы медициналық мекемеге орналастырудың, соттаудың, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданудың нәтижесiнде келтiрiлген зиян қылмыстық процестi жүргiзушi органның кiнәсiне қарамастан толық көлемде республикалық бюджеттен өтеледi.
2. Қылмыстық процестi жүргiзушi органның заңсыз iс-әрекеттерiнiң салдарынан келтiрiлген зиянды өтеуге мыналар құқылы:
1) осы Кодекстiң 39-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдар;
2) егер осы Кодекстiң 33-бабының екiншi бөлiгiнде және 34-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайлардың болмауына қарамастан қылмыстық iс қозғалған болса немесе қылмыстық iзге түсудi жоққа шығаратын жағдайлар анықталған кезден бастап қысқартылмаса, өздерiне қатысты қылмыстық iс қозғалмауға тиiстi, ал қозғалған iс осы Кодекстiң 37-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 6-тармағында көзделген негiздер бойынша қысқартылуға тиiстi адамдар;
3) өздерiне қатысты қылмыстық iс осы Кодекстiң 37-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 3 және 4-тармақтарында көзделген негiздер бойынша қысқартылуы тиiс, бiрақ қылмыстық iзге түсудi жоққа шығаратын мән-жайлар анықталған кезден бастап қысқартылмаған және мұндай адамдардың қылмыстық iстi қысқартуға келiскенiне қарамастан қылмыстық iзге түсу заңсыз жалғастырылған адамдар;
4) жасаған әрекетiнiң саралануы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң оны жасағаны үшiн сезiк келтiрiлу немесе айыптау кезiнде осы Кодекспен ұстауға немесе күзетпен ұстауға жол берiлмейтiн одан жеңiлiрек қылмыс үшiн жауаптылықты көздейтiн бабына өзгерген не осы бап бойынша неғұрлым жеңiл жаңа жаза тағайындалған немесе үкiмнен айыптаудың бөлiгi алып тасталған және осыған байланысты жазасы төмендетiлген жағдайда, сол сияқты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын немесе тәрбиелiк ықпал ету мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы соттың заңсыз шешiмi бұзылған жағдайда қамауға алуға, бас бостандығынан айыруға сотталған, ұсталған немесе күзетпен ұсталған адам. Қамауға алудың немесе бас бостандығынан айырудың iс жүзiнде өтелген мерзiмi Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң кiнәлi адам жасаған әрекет жаңадан сараланған бабында көзделген қамауға алу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның ең жоғары мөлшерiнен асатын бөлiгiнде заңсыз өтелген болып саналады;
5) заңды негiзсiз тиiстi мерзiмiнен артық қамауда ұсталған, сонымен бiрге қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу барысында iс жүргiзуге мәжбүр етудiң кез келген өзге де шараларына заңсыз ұшыраған адамдар.
3. Азамат қайтыс болған жағдайда зиянды өтеттiру құқығы белгiленген тәртiппен оның мұрагерлерiне, ал төленуi тоқтатыла тұрған зейнетақылар мен жәрдемақыларды алу бөлiгiнде - отбасының асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақымен қамтамасыз етiлетiн адамдар тобына жататын мүшелерiне ауысады.
4. Егер анықтау, алдын ала тергеу және сот талқылауы процесiнде ерiктi түрде өзiне өзi жала жабу жолымен ақиқатты ашуға кедергi келтiргендiгi және сол арқылы осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген зардаптардың пайда болуына жағдай жасағандығы дәлелденген адамға зиянның өтелуi тиiс емес.
5. Осы баптың ережелерi оның екiншi бөлiгiнiң 3-тармағында көзделген мән-жайлар болмаған кезде адамға қатысты қолданылған iс жүргiзудiң мәжбүрлеу шаралары немесе қаулымен шығарылған айыптау үкімі рақымшылық ету немесе кешiрiм жасау актілерінiң шығуына, мерзiмiнiң ескiруiне немесе қылмыстық жауаптылықты жоятын немесе жазаны жеңiлдететiн заңның қабылдануына байланысты бұзылған немесе өзгертiлген жағдайларға қолданылмайды.
41-бап. Өтелуге жататын зиян
Осы Кодекстiң 40-бабының екiншi және үшiншi бөлiктерiнде көрсетiлген адамдардың мүлiктiк зиянның толық көлемiнде өтелуiне, моральдық зиянның зардаптарының жойылуына және еңбек, зейнетақы, тұрғын үй және өзге де құқықтарының қалпына келтiрiлуiне құқығы бар. Соттың үкімі бойынша құрметтi, әскери, арнаулы немесе өзге де атағынан, сыныптық шенiнен, дипломаттық дәрежесiнен, біліктілік сыныбынан, сондай-ақ мемлекеттік наградаларынан айырылған адамдардың атағы, сыныптық шенi, дипломаттық дәрежесi, біліктілік сыныбы қалпына келтiрiледi, мемлекеттік наградалары қайтарылады.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 42-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
42-бап. Зиянды өтеттiру құқығын тану
Қылмыстық процестi жүргiзушi орган адамды толық немесе iшiнара ақтау туралы шешiм қабылдай отырып, оның келтiрiлген зиянның өтелуiне құқығын да тануы тиiс. Ақтау үкімінiң немесе қылмыстық iстi қысқарту туралы, өзге де заңсыз шешiмдердiң күшiн жою немесе өзгерту туралы қаулының көшiрмесi мүдделi адамға тапсырылады не почта арқылы жiберiледi. Сонымен бір мезгілде оған зиянның өтелу тәртібі түсiндiрiлген хабарлама да жолданады. Залалдың өтелуiне құқығы бар қайтыс болған адамның мұрагерлерiнiң, туыстарының немесе асырауындағылардың тұратын жерлерi туралы мәлiмет болмаған жағдайда хабарлама олар қылмыстық процестi жүргiзушi органға өтiнiш жасаған күннен бастап бес тәуліктен кешiктiрiлмей жолданады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 43-бап өзгертілді
43-бап. Мүлiктiк зиянды өтеу
1. Осы Кодекстiң 40-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдарға келтiрiлген мүлiктiк зиян:
1) жалақыны, зейнетақыны, жәрдемақыны, олар айырылған өзге де қаражаттар мен кiрiстердi;
2) соттың үкімінiң немесе өзге де шешiмiнiң негiзiнде заңсыз тәркiленген немесе мемлекеттiң кiрiсiне айналдырылған мүлiктi;
3) соттың заңсыз үкімін орындау үшiн өндiрiлiп алынған айыппұлдарды, сот шығындарын және адам заңсыз әрекеттерге байланысты төлеген өзге де сомаларды;
4) көрсетiлген заңгерлiк көмек үшiн адам төлеген сомаларды;
5) қылмыстық iзге түсудiң салдарынан келтiрiлген өзге де шығыстарды өтеудi қамтиды.
2. Осы Кодекстiң 40-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдарды күзетпен ұстауға, қамауды немесе бас бостандығынан айыруды өтейтiн жерлерде ұстауға жұмсалған сомалар, бұл адамдардың қылмыстық iзiне түсуге байланысты сот шығындары, сонымен бiрдей олардың күзетпен ұсталуын, қамауға алынуын немесе бас бостандығынан айырылуын өтеуi уақытында қандай да бiр жұмыстарды орындағаны үшiн жалақысы қылмыстық процестi жүргiзушi органның заңсыз iс-әрекетiнiң салдарының келтiрiлген зиянды өтеу төлемiне жататын сомадан шегерiле алмайды.
3. Зиянды өтеудiң тәртібі туралы хабарламамен бiрге осы Кодекстiң 42-бабында көрсетiлген құжаттардың көшiрмесiн алған кезде осы Кодекстiң 40-бабының екiншi және үшiншi бөлiктерiнде көрсетiлген адам iстi қысқарту, өзге де заңсыз шешiмдердiң күшiн жою және өзгерту туралы үкiм, қаулы шығарған органға мүлiктiк зиянды өтеу туралы талап қоюға құқылы. Егер iстi жоғары тұрған сот қысқартса немесе үкiмдi өзгертсе, зиянды өтеу туралы талап үкiмдi шығарған сотқа жолданады. Кәмелетке толмаған адам ақталған жағдайда зиянды өтеу туралы талапты оның заңды өкiлi қоя алады.
4. Осы баптың үшiншi бөлiгiнде аталған орган өтiнiш түскен күннен бастап бiр айдан кешiктiрмей, қажет болған жағдайларда қаржы және әлеуметтiк қорғау органдарынан есеп сұрату арқылы зиянның мөлшерiн айқындайды, одан кейiн инфляцияны ескере отырып бұл зияндарды өтеуге өтем төлеудi жүргiзу туралы қаулы шығарады. Егер сот iстi апелляциялық қадағалау тәртібімен қарау кезiнде қысқартса, көрсетiлген әрекеттердi бiрiншi саты бойынша қараған сот жүргiзедi.
5. Мүлiктiк зиянды өтеу туралы талапты осы Кодекстiң 371-бабының екiншi бөлiгiнде белгiленген үкiмдi атқаруға байланысты мәселелердi шешуге арналған тәртiппен судья шешедi.
6. Гербілі мөрмен расталған қаулының көшiрмесi төлем төлеудi жүргiзуге мiндеттi органдарға көрсету үшiн адамға тапсырылады немесе жолданады. Төлем төлеу тәртібі заңдармен айқындалады.
44-бап. Моральдық зиянның зардаптарын жою
1. Қылмыстық процестi жүргiзушi, адамды ақтау туралы шешiм қабылдаған орган келтiрiлген зиян үшiн одан ресми түрде кешiрiм сұрауға мiндеттi.
2. Келтiрiлген моральдық зиян үшiн ақшалай өтемақы туралы талап қою азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртібімен ұсынылады.
3. Егер адам заңсыз қылмыстық iзге түсуге ұшыратылып, ал қылмыстық iс қозғау, ұстау, күзетпен ұстау, қызметiнен уақытша шеттету, медициналық мекемеге мәжбүрлеп орналастыру, соттау туралы мәлiметтер және оған қатысты қолданылып, кейiннен заңсыз деп танылған басқа да iс-әрекеттер баспасөзде жарияланса, радио, теледидар немесе өзге де бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылса, осы адамның талап етуi бойынша, ал ол қайтыс болған жағдайда - оның туыстарының немесе қылмыстық процестi жүргiзушi органның талап етуi бойынша тиiстi бұқаралық ақпарат құралы бiр айдың iшiнде ол туралы қажеттi хабарлама жасауға мiндеттi.
4. Осы Кодекстiң 40-бабының екiншi және үшiншi бөлiктерiнде көрсетiлген адамдардың талап етуi бойынша қылмыстық процестi жүргiзушi орган екi апта мерзiм iшiнде өзiнiң заңсыз шешiмдерiнiң күшiн жойғаны туралы оның жұмыс iстейтiн, оқитын, тұратын жерi бойынша жазбаша хабарлама жолдауға мiндеттi.
45-бап. Талап қою мерзiмдерi
1. Мүлiктiк зиянды өтеуге ақшалай төлем жасау туралы талап осы Кодекстiң 40-бабының екiншi және үшiншi бөлiктерiнде көрсетiлген адамдар мұндай төлемдердi жасау туралы қаулыны алған сәттен бастап үш жылдың iшiнде ұсыныла алады.
2. Өзге де құқықтарды қалпына келтiру туралы талап құқықтарды қалпына келтiрудiң тәртібі түсiндiрiлген хабарлама алынған күннен бастап алты айдың iшiнде ұсыныла алады.
3. Бұл мерзiмдердi дәлелдi себептермен өткiзiп алған жағдайда оларды мүдделi адамдардың өтiнiшi бойынша қылмыстық процестi жүргiзушi орган қалпына келтiредi.
46-бап. Заңды тұлғаларға зиянды өтеу
Қылмыстық процестi жүргiзушi органның заңсыз iс-әрекеттерiнен заңды тұлғаларға келтiрiлген зиянды толық көлемде және осы тарауда белгiленген мерзiмдерде мемлекет өтейдi.
47-бап. Құқықтарды талап қою тәртібімен қалпына келтiру
Егер ақтау немесе зиянды өтеу туралы талап қанағаттандырылмаса не адам қабылданған шешiмге келiспесе, ол азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртібімен сотқа шағымдануға құқылы.
5-тарау. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізу
48-бап. Қылмыстық iстердi бiрiктiру
1. Бiр iс жүргiзуде бiр немесе бiрнеше қылмыстарды жасағандығына, қатысқандығына бiрнеше адамдарды айыптау жөніндегі iстер, адамның бiрнеше қылмыс жасағандығын айыптау жөніндегі iстер, сондай-ақ бұл қылмыстарды күнi бұрын уәде берiлмей жасырғандығын немесе олар туралы айтпағандығын айыптау жөніндегі iстер бiрiктiруi мүмкiн.
2. Бiр iс жүргiзуде:
1) әртүрлi адамдарға қатысты бiрдей айыптау;
2) жеке айыптау iсi қаралатын жағдайларды қоспағанда, бiр-бiрiне қатысты қылмыс жасағандығы танылатын адамдарға қатысты айыптау;
3) бiреуi бойынша қылмыстық iзге түсу жеке түрде, ал екiншiсi бойынша - жария түрде жүзеге асырылатын iстер;
4) бiрiктiрiп қарау iстi объективтi қарауға бөгет жасайтын барлық басқа да айыптаулар бiрiктiрiлмеуi тиiс.
3. Iстердi бiрiктiру қылмыстық процестi жүргiзушi органның қаулысы негiзiнде жүзеге асырылады. Қылмыстық iзге түсу органы шығарған қаулының көшiрмесi жиырма төрт сағаттың iшiнде прокурорға жолданады.
4. Бiрнеше iс бiрiктiрiлген iс бойынша iс жүргiзу мерзiмi уақыты бойынша соңғы iс қозғалған күннен бастап есептеледi. Егер бiрiктiрiлген iстердiң бiреуi бойынша жолын кесу шарасы ретiнде қамауға алу не үйiнде қамауда ұстау қолданылса, тергеу мерзiмi аталған жолын кесу шаралары қолданылған iс қозғалған күннен бастап есептеледi.
Бiрнеше қылмыстық iс бiр iске бiрiктiрiлген жағдайда олар бойынша алдын ала тыңдауды өткізу мерзiмi сотқа соңғы iс түскен күннен бастап есептеледi.
5. Адамдарға процеске қатысушылар құқығы оларға қатысты бiрiктiрiлген iстер бойынша ғана тиесiлi болады.
49-бап. Қылмыстық iстi бөлектеу
1. Сот, қылмыстық iзге түсу органы қылмыстық iстен:
1) қылмыстық iс осы Кодекстiң 50-бабында көзделген негiздер бойынша тоқтатылуға тиiс болғанда жекелеген айыпталушыларға;
2) мемлекеттік құпияларды қорғауға байланысты жабық сот талқылауы үшiн негiз оған қатысты болатын, бiрақ басқа айыпталушыларға қатысты болмайтын жекелеген айыпталушыларға;
3) ересектермен бiрге қылмыстық жауаптылыққа тартылған кәмелетке толмаған айыпталушыға;
4) қылмыстық жауаптылыққа тартуға жататын жекелеген анықталмаған тұлғаларға қатысты басқа қылмыстық iстi жеке жүргiзуге бөлектеуге құқылы.
2. Тергеу немесе қамауға алу мерзiмдерi аяқталып қалған көп эпизодты қылмыстық iстердi тергеу жағдайында тергеушi айыптау бөлiгiнде тергеу толық, жан-жақты жүргiзiлгендiгiн мойындап, егер ол iстiң қалған бөлiктерiн тергеуге және қарауға кедергi жасамаса, iстiң бiр бөлiгiн оны сотқа жолдау үшiн жеке iс жүргiзуге бөлектеуге құқылы.
3. Егер қылмыстық iс бойынша бұл iске байланысты емес қылмыстың белгiлерi бар iс-әрекеттер туралы мәлiмет алынса, ол туралы барлық материалдар осы Кодексте көзделген тәртiппен жаңа қылмыстық iс қозғау туралы мәселенi шешу үшiн дереу бөлектенiлуi тиiс.
4. Егер ол iстi тергеу мен шешудiң жан-жақтылығына, тұтастығына әсер етпесе, қылмыстық iстердi бөлектеуге рұқсат етiледi.
5. Iстi бөлектеу қылмыстық процестi жүргiзушi органның қаулысы негiзiнде жүзеге асырылады. Қылмыстық iзге түсу органы шығарған қаулының көшiрмесi жиырма төрт сағаттың iшiнде прокурорға жолданады. Қаулыға түпнұсқада немесе көшiрмесiнде бөлектенетiн материалдардың тiзбесi қоса берiлуi тиiс.